Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Арнайы жобалар
Аударма
Тарихымыздағы хақандар

20.02.2019 1181

Тарихымыздағы хақандар

Негізгі тіл: Батыс өлке - Тарихымыздағы хақандар

Бастапқы авторы: Нұрулла Мумин Юлғұн

Аударма авторы: Айдар Әбішев

Дата: 20.02.2019

Нұрулла Мумин Юлғұн

 

 

 

БАТЫС ӨҢІР – ТАРИХЫМЫЗДАҒЫ ХАҚАНДАР

 

 

І. Ғұн қағандығының хақандары

 

Ғұндар – Моңғолия үстіртін орталық еткен халде солтүстік-шығыста Ляохэ өзенінен батыста Каспий теңізіне дейін, солтүстікте Байкал көлінен оңтүстікте Ұлы Қытай қорғанына дейін созылған кең аумақта өмір сүрген ежелгі халық. Олар біздің заманға дейінгі (б.з.д.) ІІІ ғ. бастап біздің заманның V ғ. дейін болған 600 жылдық тарихтың барысында Моңғолия үстіртінің солтүстік пен оңтүстік жерінде, Орталық жазық өңірінде, бүкіл Орталық Азияның жайылымдарында һәм Шығыс Еуропа, Батыс Еуропа және Еуропаның оңтүстік-батыс бөлігінде әрекет етіп, Қытайдың және әлемнің тарихына орасан зор ықпал көрсеткен. Ғұндар ресми қағандық құрған уақыттан (б.з.д. 209 ж.) бастап тарихтың сахнасынан түскен ең соңғы дәуірге (V ғ.) дейінгі аралықта мейлі саяси жағынан немесе экономика, мәдениет салаларында болсын, Қытайдың және жаһанның ежелгі заман тарихының сахнасында белгілі бір ықпалға душар болған. 

І. Қағандықтың бөлінуінен бұрынғы хақандар

1. Түмен-тәңірқұт.

Түмен-тәңірқұт – Ғұн қағандығының негізін қалаушы. Ол б.з.д. ІІІ ғ. ортасынан бастап қазіргі Ішкі Моңғолия автономиялы райондағы (ІМАР) Чоғай тауын және Ордос аумағын негіз етіп, барлық ғұн тайпаларын бір байрақтың астына топтастырған һәм биліктің орталығын қазіргі ІМАР У’юән ауданы аумағындағы Түмен бекінісінде жайғастырған. Түмен-тәңірқұт қағандықты құрғаннан кейін Орталық жазықтағы барша иеліктердің аласапыран соғысын пайдаланып, өзін зор дәрежеде күшейткен және қыруар атты әскерлерін Орталық Қытайдың солтүстік тарапына үнемі аттандырып отырған. Бұл уақытта Орталық жазықтағы билікке таласу соғысында соққы жеген ақсүйектер мен әскери қолбасшылардың бір бөлігі және соғыстардан титықтаған көптеген бұқара халық ғұндардың жағына өткеткендіктен, Түмен-тәңірқұттың айбыны одан әрі өскен. Сонымен ол Орталық жазыққа бағытталған шапқыншылығын біртіндеп күшейткен. Алайда, Цин патшасы Шихуаң б.з.д. 221 ж. Орталық жазықтағы Ян, Чжао, Хән, Вэй, Ци, Чу секілді алты иелікті біріктіріп, Цин патшалығын құрғаннан кейін барлық күшін жиып, ғұндарға қарсы жорықтарға әзірлене бастаған.

Б.з.д. 215 ж. Цин патшасы Шихуаң санғұн Мэң Тянді 300 мың адамдық қосындармен аттандырып, ғұндарға қарсы соғысты ресми бастаған. Соғыста ауыр сәтсіздікке ұшыраған Түмен-тәңірқұт халқын солтүстіктегі шөлге (Гоби шөліне) бастап шегінуге мәжбүр болған. Нәтижеде, Цин патшасы Шихуаң ғұндардың оңтүстік жағындағы көптеген жерлерді иемденіп, ілгері-кейінді 44 ауданды құрған және әуелдегі Цин, Чжао, Ян иеліктерінің бекіністерін тұтастырып, батыста Линтао ауданынан шығыста Ляодуң аймағына дейін жеткізген. Кейін Цин патшасы Шихуаң санғұн Мэң Тянді осы жерлерді қорғауға қойған. Алайда, б.з.д. ІІІ ғ. аяғында Цин патшалығының әлсіреуі, барлық жерлерде диқандар көтерілістерінің туылуы, кейіннен көтерілісшілердің басшылары Сяң Юй мен Лю Баңның өзара қақтығысы себепті, Орталық жазықта аласапыран ахуал қалыптасқан. Бұл ахуал ғұндардың бас көтеруі үшін қажетті шарт-жағдайды әзірлеп берген. Орасан зор қосындарға басшылық еткен Түмен-тәңірқұт Цин патшалығының солтүстік шекаралық аудандарына сан рет шапқыншылық жасап, бұрын уысынан жіберіп қойған ұлыстарды түгелдей дерлік қайтарып алған. Осылайша ғұндардың салтанаты қайтадан орнаған. Дәл осы мезгілде, яғни б.з.д. 209 ж. Түмен-тәңірқұт баласы Батыр-тәңірқұт тарапынан қастандықпен өлтірілген.

2. Батыр-тәңірқұт.

Батыр-тәңірқұт – Түмен-тәңірқұттың баласы, б.з.д. 209-174 жж. билік еткен. Ол кейбір дереккөздерде «Модун», «Моду-чанию», «Мәтә-тәңірқұт», «Модун-тәңірқұт» деген есімдермен аталған. «Тарихи естеліктер» («Шицзи») жылнамасының «Ғұндар жөніндегі қисса» бөлімінде Түмен-тәңірқұт кейін алған әйелінен туылған кіші баласын жақсы көргендіктен, үлкен баласы Батырды Хэси дәлізіндегі аңшыларға барымташылыққа жіберген. Ұзақ өтпей-ақ өзі шабуыл жасап, олардың қолымен Батырды өлтірмекші болған. Алайда, ержүрек, ақылды және батыл кісі болған Батыр жаушылардың бір тұлпарын ұрлап, Ғұн еліне сау-саламат қашып келген. Түмен-тәңірқұт баласы Батырдың қайсарлығына қайран қалып, оны бір түмен атты әскерге қолбасшы етіп тағайындаған. Батыр «дауысты жебе» жасап, қосындарын өршелене жаттықтырған. Бір жолы Батыр әкесімен бірге аңға шыққанда, кенеттен «дауысты жебесін» әкесіне қарай атқан. Оның жауынгерлері де дереу оған ілесіп атып, Түмен-тәңірқұтты өлтірген. Сол жолы Батыр өгей шешесін және өзіне бағынбаған көптеген уәзірлерді де атып тастап, Түмен бекінісінде Ғұн қағандығын құрғанын ресми жариялаған. Сонымен ғұндар жаңа бір тарихи дәуірге қадам басқан. Батыр-тәңірқұт таққа отырғаннан кейін мемлекетті күшейту және өз билігін нығайту үшін төмендегі шараларды қолданған:

1. Ол айналасына кең көлемді кеңею соғыстарын жүргізіп, алдымен қазіргі Қытайдың солтүстік-шығыс бөлігін және қазіргі Ішкі Моңғолия автономиялы районының шығыс бөлігінде мекендеген тоңғус («дуңху», Шығыс ху) тайпаларын біріктірген. Содан соң орасан зор қосындарын бастаған ол Дунхуаң қаласы мен Циляншән тауы (Қырантағ) арасында орналасқан яочи (юэчжи) тайпасын бағындырған. Одан кейін ол тағы солтүстікке жорық жасап, Хангай мен Сібір тауларын кесіп өтіп, Байқал көлінің төңірегіндегі диңлиндер, Енесей өзенінің алабындағы қырғыз, һүнгир, чушур және шинли тайпаларын өз билігінің астына қосып алып, астанасын Орхон дариясының бойындағы Әждарбалық (Айдаһар шаһары) қаласына көшірген. Осы аралықта б.з.д 177-175 жж. Батыр-тәңірқұт оң қол Білігханды Батыс өңірге аттандырып, жаппай шабуылды бастаған. Осылайша Батыс өңірдегі бытыраңқылық жойылып, Тәңіртаудың солтүстік және оңтүстік бөлігіндегі барлық бектіктер Ғұн қағандығына тәуелді болған. Бұл жөнінде Батыр-тәңірқұт Хән патшалығының билеушісі Хән Вэндиге жазған хатында: «Барша садақ пен жебе тұтқан халық бір отбасы болып бірікті. Тәңірдің мейірімімен сипаһ (қолбасшы) бектердің, таңдаулы тұлпарлардың қауқары арқасында яочилер талқандалды, қырып тасталды. Қалғандары тұтқынға алынды. Журжан, үйсін, оғыз бен олардың төңірегіндегі 26 ел тыныштандырылды. Бәрі де ғұндарға тәуелді болды» деген.

2. Ол Орталық жазықта жаңадан құрылған Хән патшалығына (б.з.д. 206 ж. бастап 25 ж. дейінгі кезең) қарсы тұрып, Хән әулетінің солтүстік шекаралық аумағына үнемі шапқыншылықтар жасап тұрған. Мысалы, Батыр-тәңірқұт Хэси дәлізіндегі яочилерді күйретумен бір уақытта Хән патшалығының солтүстік бөлігіндегі Янцзюн (қазіргі Хэбэй өлкесінің солтүстік бөлігі), Дайцзюн (қазіргі Шәнси өлкесінің солтүстік-шығыс бөлігі) аудандарын басып алып, Хән патшалығының солтүстік аймақтарын ауыр дәрежеде талан-таражға салған.

Б.з.д 200 ж. Хән әулетінің тұңғыш патшасы Хән Гаоди (Лю Баң) өте зор қосындарын бастап Байдиңшән тауында (қазіргі Шәнси өлкесіндегі Датуң қаласының солтүстік-шығыс тарапы) Батыр-тәңірқұтпен шешуші соғыс жүргізсе де, қабат-қабат қоршауға түсіп, ауыр шығынға ұшыраған. Кейін Хән патшасы Гаоди Чэн Пиңнің айласымен Батыр-тәңірқұтқа құпия сый-таралғы беру арқылы қоршаудан әрең дегенде құтылып шыққан. Содан кейін Хән патшалығы Ғұн тәңірқұттарына ханшаларды ұзату, алтын-күміс пен басқа қымбат бұйымдарды және көптеген құлдарды сыйға берудің есесіне ғұндардың шабуылынан уақытша құтылған. Осы ахуал Хән патшасы Удидің алғашқы жылдарына дейін жалпы 81 жыл жалғасқан.

3. Батыр-тәңірқұт бірқатар әскери жорықтардан кейін кемелді де жүйелі мемлекеттік аппаратты құрған. Мемлекеттің ең жоғарғы билеушісі «тәңірқұт» (Тәңір жаратқан ең жоғарғы бақыттың иесі) деп аталып, оның орны әкеден балаға мұраға қалатын. Ғұн қағандығында тәңірқұттар негізінен солэнди тайпасынан шыққан. Тәңірқұттан кейін оң және сол байрақ хандары, оң және сол күлүгбегі, оң мен сол бас қолбасшы, оң мен сол тұтұқбегі, оң мен сол бас түменбегі, оң мен сол мыңбегі, жүзбегі, онбегі қатарлы мансаптар құрылып, бұл мансаптарға негізінен тәңірқұттың отбасы мүшелері, әртүрлі рулардың басшылары һәм жорықтарда қызмет көрсеткен кісілер тағайындалған.

4. Батыр-тәңірқұт ұлыстарға союрғал жүйесін күштеп енгізіп, бүкіл мемлекеттің жерін үш бөлікке бөліп басқарған. Шығыс бөлігін сол байрақ ханы, Батыс бөлігін оң байрақ ханы басқарған. Дәреже жағынан сол байрақ ханның орны біршама жоғары болып, бұл мансапқа негізінен шаһзадалар тағайындалған. Сол себепті, ғұн тәңірқұттары оң байрақ ханның аймағымен салыстырғанда сол байрақ ханның аумағына айрықша көңіл бөлген.

5. Батыр-тәңірқұт әскери істерді зор дәрежеде тәртіпке салып, әр ру мен тайпаның негізінде құрылған тұрақты атты қосындарды құрған. Әр тайпаның қосындары әдетте өз тайпасының белгісіне қарап ат мінген, өз тайпасының атауымен немесе сол тайпадан шыққан бірер қаһарманның есімін ұрандатып соғысқан. Ғұн қағандығында кәмелетке жеткен әрбір ер өз әскери қаруы және тұлпар-ұлағымен жорыққа шығуға міндетті болған. Бір отбасыдағы әрбір бес адамның біреуі әскерге алынған. Соғыс уақытында кімде-кім жорыққа шығудан бас тартса немесе шайқасқа кешігіп келсе, арбаның дөңгелегіне таңылып, сүйектері сындырылатын. Тиісті материалдарға негізделсек, Батыр-тәңірқұттың заманында ғұн қосындары 300 мың адамнан асқан. Батыр-тәңірқұт дәл сол ірі қарулы күшке сүйеніп, ғұндардың сән-салтанатын орнатқан.

Демек, Батыр-тәңірқұт жоғарыда баяндалған бірнеше шаралар һәм әрекеттер арқылы ғұндар қоғамының дамуы, ғұн тайпаларының күшеюі және қағандықтың нығаюы үшін зор үлестер қосқан.

Б.з.д. 174 ж. Батыр-тәңірқұт сырқаттан қайтыс болған.

3. Қаюқ-тәңірқұт.

Қаюқ-тәңірқұт кейбір дереккөздерде «Киок-тәңірқұт», «Аға тәңірқұт» деген атаулармен аталып, әкесі Батыр-тәңірқұттың өлімінен кейін таққа отырып, б.з.д. 174-161 жж. билік еткен. Қаюқ-тәңірқұт таққа отырған кезде, Хән патшалығы бұрынғы әдеті бойынша патшаның туысқаны болған бір ханшаны және есеп-қисапсыз тауар, торқа мата мен сый-тартуларды ғұндардың ордасына жолдап, тәңірқұтты құттықтаған.

Қаюқ-тәңірқұт Хән әулетінің осы ұстанымына айрықша қанағаттанған. Алайда, кейінгі кезеңде Қаюқ-тәңірқұт Хән патшалығының ханшасына қызмет еткен, оған ілесіп келген Ян бектігінің тумасы әтек Чжуң Хай'юэнің кеңесімен Хән патшалығының солтүстік шекаралық өңіріне кең көлемді шапқыншылық жасаған.

Б.з.д. 166 ж. Қаюқ-тәңірқұт 140 мың адамдық атты әскермен Цзюна, Сяогуән және басқа да жерлерге басып кіріп, қыруар адамдар мен мал-мүлікті тонап әкеткен. Бұл жолы ғұн қосындары Пиң’яң (қазіргі Гәнсу өлкесінің Цзиң'юән ауданының оңтүстік-шығыс жағында), Хойчжуң (қазіргі Шәнси өлкесіндегі Луңси ауданының солтүстік-батысы) және басқа да жерлерге дейін басып кірген. Бұндай жағдайда, Хән патшасы Вэнди ірі қосындарын жіберіп, шекаралық бекіністерді қатты қорғаған. Ол б.з.д. 162 ж. Ғұн еліне елші жіберіп, Қаюқ-тәңірқұтпен бейбіт келісімге келуді өтінген. Қаюқ-тәңірқұт Хән патшасы Вэндидің елші арқылы жіберген хатын алғаннан кейін Хән әулетімен бітімдесуге келісіп, Хән патшалығының солтүстік шекаралық өңіріне шапқыншылығын тоқтататынын білдірген. Нәтижеде, екі тараптың арасында жарасу серті жасалып, біраз мезгілге дейін тыныштық пен ынтымақтастық орнаған.

Б.з.д. 161 ж. Қаюқ-тәңірқұт өз ажалымен қайтыс болған.

4. Күн-тәңірқұт.

Күн-тәңірқұт – Қаюқ-тәңірқұттың баласы, б.з.д. 161-126 жж. билік еткен. Күн-тәңірқұт таққа отырған алғашқы мезгілде Хән патшалығымен тату-тәтті тұрған. Алайда, бұл ахуал ұзақ жалғаспастан, Күн-тәңірқұт көптеген қосындарын Хән патшалығының солтүстік шекаралық өңіріне қайтадан аттандырған һәм Шаңцзюн, Юнчжуң аймақтарында кең көлемді қырғыншылық пен талан-тараж жасаған. Жаңадан таққа шыққан Хән патшасы Цзиңди солтүстік шекаралық бекіністерді қорғауды күшейтумен бір уақытта Ғұн еліне елші жіберіп, өзара бітімдесуді ұсынған. Күн-тәңірқұтқа тарту-таралғы жолдаған ол өз ханшасын беріп, бұрынғы бітімді қалпына келтіруге әрекеттенген. Нәтижеде, екі тараптың арасында бейбітшілік орнап, Хән патшасы Удидің заманына дейін ірі қақтығыстар болмаған.

Хән патшасы Уди таққа отырғаннан (б.з.д. 140 ж.) кейін бұрынғы ғұндармен құдаласу және ымыраласу саясатын өзгертіп, ғұндардың қарсыластарын өзіне тарту арқылы ғұндарға қарсы бірқатар әскери қимылдарды жүргізген.

Б.з.д. 134 ж. Хән патшасы Уди Не И деген кісіні әдейі шекарадан шығарып, ғұндармен сауда-саттық жүргізуге жіберген. Не И Ма’и қаласын Күн-тәңірқұтқа сыйлап, оны қақпанға түсірмекші болған. Оның жалған тізе бүгу қулығына сеніп қалған тәңірқұт 100 мың атты әскермен Ма’и қаласына жорық жасаған. Осы уақытта Хән патшалығы бұл қаланың төңірегіне алдын ала 300 мыңнан астам адамдық армияны торуылға қойған-ды. Алайда, бұны сезіп қалған Күн-тәңірқұт өз қосындарын дереу шегіндіріп әкеткен.

Ма’и оқиғасынан кейінгі бесінші жылы, яғни б.з.д. 129 ж. Хән патшасы Уди Ли Гуаң, Гуң Сунхэ, Ли Си, Вэй Циң және басқа да санғұндар бастаған көптеген жасақтарды ғұндарға шабуыл жасауға жіберген. Алайда, соғыста ешқандай нәтижеге жете алмаған Хән патшалығының қосындары құр қол қайтқан. Күн-тәңірқұт Хән патшалығының солтүстік шекарасына шапқыншылығын одан әрі күшейтіп, көптеген адамдар мен сансыз байлықтарды тонап әкеткен.

Б.з.д. 128-127 жж. Хән патшасы Уди Вэй Циң мен Ли Си басшылығындағы үлкен армияны жіберіп, Ордос өңіріндегі ғұн қосындарына тағы бір рет шабуыл жасаған. Бұл реткі соғыста Күн-тәңірқұт жеңіліп, Ордос өңірін Хән патшалығына беріп қойған. Келесі жылы (б.з.д. 126 ж.) қыста Күн-тәңірқұт өз ажалымен қайтыс болған.

5. Ичіғсә-тәңірқұт.

Ичіғсә-тәңірқұт – Күн-тәңірқұттың інісі, б.з.д. 126-114 жж. тақта отырған. Ол ағасы қайтыс болғаннан кейін өзін «тәңірқұт» деп жариялап, ағасының баласы Иүтанды жеңіліске ұшыратып, тақты тартып алған. Ол таққа шыққаннан кейін зор қосындарға басшылық етіп, Хән патшалығының солтүстік шекарасындағы Дайцзюн, Янмэн, Диңсяң, Шаңцзюн аймақтарына, сондай-ақ Күн-тәңірқұт беріп қойған Ордос аймағына кең көлемді шапқыншылық жасап, көптеген мансаптылар мен бұқара халықты қырғындап, есеп-қисапсыз дүние-мүлікті уысына түсіріп, еліне әкеткен. Бұндай ахуалда Хән патшасы Уди кескінді шара қолданып, Вэй Циң, Хо Чубиң бастаған даңқты санғұндарды өте көп қосындармен ғұндарды шабуылдауға жіберген. Екі тараптың арасындағы соғыс б.з.д. 126 ж. бастап Ичіғсә-тәңірқұт қаза тапқан б.з.д. 114 ж. дейін жалғасқан. Соғыста ғұндар қатты жеңіліп, бұрын басып алған көптеген жерлерді, сондай-ақ Хэси дәлізі мен Ордос өңірінен айрылып қалған. Сонымен Хән патшалығы өз аумағын солтүстікте Ғұн елімен тұтастырған. Ғұндар да біраз уақытқа дейін оңтүстікке тиісе алмаған.

6. Уви-тәңірқұт. 

Уви-тәңірқұт - Ичіғсә-тәңірқұттың баласы, б.з.д. 114-105 жж. билік еткен. Ол билікке келген алғашқы мезгілде Хән патшалығы оңтүстіктегі Юэ патшалығына жорық жүргізгендіктен, ғұндарға шабуыл жасамаған. Осы орайды пайдаланған ғұндар өз жағдайын біршама дұрыстап алған. Алайда, Юэ патшалығы б.з.д. 112 ж. жойылғаннан кейін Хән әулеті қыруар қосындарды аттанысқа келтіріп, Ғұн еліне тағы бір рет шабуыл жасаған. Осы уақытта Хән патшасы Уди өзі 180 мың адамдық қосындармен солтүстік шекараға барып, ғұндарға Хән әулетінің күш-құдыретін көрсетпекші болған. Ол елші Го Цзиді Уви-тәңірқұтпен кездесуге жіберіп, ғұндардың Хән патшалығына бағынуын талап еткен. Бұған ашуланған Уви-тәңірқұт Хән патшалығының елшісі Го Цзиді тұтқындап, Байқал көліне жер аудартқан. Осы істен кейін Хән әулеті тағы да Ваң У, Яң Син, Лу Чуңго және басқа да елшілерді Ғұн еліне жіберіп, Уви-тәңірқұтты бітімдесуге үндеген. Алайда, Уви-тәңірқұт бұдан үзілді-кесілді бас тартқан және көп рет жасақтарын Хән патшалығының солтүстік шекарасындағы бекіністерге жіберіп, басып кірген. Нәтижеде, Хән патшасы Уди ғұндармен елдесу ниетінен қайтып, Го Чаң, Чжао Поно секілді санғұндарды ғұндардан қорғану үшін жіберген. Уви-тәңірқұт 10 жыл билік етіп, б.з.д. 105 ж. қайтыс болған.

7. Ушылу-тәңірқұт.  

 Ушылу-тәңірқұт - Уви-тәңірқұттың баласы, б.з.д. 105-102 жж. билік еткен. Ол билікке келгенде әлі кішкентай болғандықтан «Бала-тәңірқұт» деп те аталды. Ушылу-тәңірқұт таққа отырғанда Хән патшасы Уди «Уви-тәңірқұт пен оң қол білігханға көңіл айту» желеуімен екі елшіні жіберіп, ғұндарды астыртын түрде бөліп бүлдірмекші болған. Алайда, бұны сезген Ушылу-тәңірқұт Хән әулетінің екі елшісін дереу тұтқындап, Хән патшалығына қайтармаған.

Б.з.д. 104 ж. Хән патшасы Уди санғұн Ли Гуаңлиді ғұндардың батысындағы Ферғана аймағына жорыққа аттандырып, ғұндарды батыстан қыспаққа алмақшы болған. Сондай-ақ ол санғұн Гуң Сүн’аоға «тізе бүккендерді қабылдайтын қаланы» салуды бұйырған. Бұл кезде Ушылу-тәңірқұттың уақытша қиыншылыққа ұшырағанын пайдаланған сол қол бас қолбасшы тәңірқұтты өлтіріп, Хән әулетіне тізе бүкпекші болған һәм Хән патшалығынан әскери жәрдем сұраған.

Б.з.д. 103 ж. көктемде Хән патшалығы Чжао Поно қолбасшылығындағы 20 мың адамдық қосындарды Жүнжі тауында ғұндардың сол қол бас қолбасшысына көмектесуге аттандырған. Алайда, бұны алдын-ала сезіп қойған Ушылу-тәңірқұт дереу сол қол бас қолбасшысын өлтіріп, Хән патшалығының жасақтарын шабуылдап, Чжао Пононы тірідей қолға түсірген. Содан соң Ушылу-тәңірқұт «тізе бүккендерді қабылдау қаласына» қосындарын жіберіп, Хән патшалығының шекаралық бекіністерін ауыр дәрежеде ойрандаған. Келесі жылы (б.з.д. 102 ж.) Ушылу-тәңірқұт өзінің қосындарымен сол қаланы ойрандамақшы болған, бірақ жол үстінде кенеттен сырқаттан өлген.

8. Гүйліқұ-тәңірқұт.

Гүйліқұ-тәңірқұт - Уви-тәңірқұттың інісі, Ушылу-тәңірқұттың тағасы. Ол б.з.д. 102-101 жж. тақта отырған. Гүйліқұ билікке келген кезде Хән әулеті жіберген кеңесші-бегі Шу Зывэй ғұндармен шекаралас жерлерде көптеген қорғандар мен қарауылханаларды салып, олардан қорғанған. Дегенмен, Гүйліқұ-тәңірқұт аттандырған қыруар қосындар Юнчжуң, Диңсяң, У’юән, Шофаң және басқа бекіністерге басып кіріп, бұл жерлерді күзеткен Хән патшалығының жасақтарын оңдырмай талқандаған, сондай-ақ бірнеше мың адамды өлтірген және талан-тараж еткен. Ғұн қосындары жол бойы Шу Зывэй салған қорғандар мен қарауылханаларды да түгелдей ойрандаған. Ғұн қосындарының тағы бір тармағы Цзюцюән, Чжаң’е бекіністеріне дейін баса-көктеп кіріп, талан-тараж қылған. Бұндай ахуалда Хән патшасы Уди шұғыл шараларды қолданып, санғұн Жэн Вэн басшылығындағы ірі жасақтарды ғұндарға қарсы жіберген. Ұзақ өтпей, Гүйліқұ-тәңірқұт аурудан қайтыс болған.

9. Чәтқұ-тәңірқұт.

Чәтқұ-тәңірқұт – Гүйліқұ-тәңірқұттың інісі, б.з.д. 101-96 жж. тақта отырған. Чәтқұ-тәңірқұт билікке келгеннен кейін Хән патшалығының тұтқиылдан жасалатын әскери соққысының алдын алу үшін ғұндарға тізе бүккен Лу Чуңго секілді Хән әулетінің елшілерін толық қайтарған. Алайда, Ферғанада қол жеткізген жеңіске даңдайсыған Хән патшасы Уди осы орайды пайдаланып ғұндарды жоймақшы болған. Осылайша Хән әулеті Ли Гуаңли, Гуң Сун’ао, Лу Боди, Ли Диң, Хән Юэ және басқа да атақты санғұндарды жүз мыңдаған адамдық ірі жасақтармен ғұндарды жан-жақтан шабуылдау үшін жіберген. Алайда, Хән патшалығының жасақтары ғұндарға қарсы жүргізген осы жолғы зор шайқаста ешнәрсеге жете алмай құр қол қайтқан. Чәтқұ-тәңірқұт 100 мың адамдық атты әскермен соғысқа кірісіп, Хән патшалығының Ферғананы бағындырған әйгілі санғұны Ли Гуаңлиді ойсырата жеңген. Гуң Сун’ао ғұндардың сол қол білігханынан қатты күйреген.

Б.з.д. 96 ж. Чәтқұ-тәңірқұт қайтыс болған.

10. Құлұқұ-тәңірқұт.  

Құлұқұ-тәңірқұт – Чәтқұ-тәңірқұттың баласы, б.з.д. 96-86 жж. билік еткен. Ол таққа отырған алғашқы мезгілде Хән әулетімен тату-тәтті болған. Алайда, б.з.д. 91 ж. ғұн қосындары Шаңгу, У’юән, Цзюцюән және басқа да аймақтарға баса-көктеп кіріп, мансаптылар мен бұқара халықты, сондай-ақ У’юән мен Цзюцюән аймақтарының әскери қолбасшыларын өлтірген. Нәтижеде, Хән патшасы Уди Ли Гуаңли, Шаң Цюциң, Ма Туң секілді атақты санғұндарды айрықша зор қосындармен аттандырып, ғұндарға қарсы қайтарма шабуылға өткен. Осы зор армия ғұндарды қуып отырып, Жүнжі мен Хаңгай тауына дейін басып кірген. Ғұн қосындары соғыстың ең жақсы орайын қолға келтіру үшін бірде шегініп, бірде соғысып, Хән патшалығының қосындарын ауыр дәрежеде әбден титықтатқан. Хән әулеті армиясының тозып шаршағанын білген Құлұқұ-тәңірқұт жеке өзі айқасқа шығып, 50 мың атты әскермен дұшпанның жасақтарына соққы берген. Хән әулетінің армиясы жеңіліп, санғұн Ли Гуаңли Құлұқұ-тәңірқұтқа берілген. Сонымен осы реткі соғыс ақыры ғұндардың жеңісімен аяқталған. Соғыстан кейін Құлұқұ-тәңірқұт елші арқылы Хән патшасы Удиге хат жіберген. Хән әулеті де жауап ретінде елші жіберіп, ғұн елшісін өз еліне қайтарған. Осымен екі тараптың арасында бір мезгіл өзара бейбіт қатынастар қалыптасқан.

Б.з.д. 86 ж. Құлұқұ-тәңірқұт қайтыс болған.

11. Қоянды-тәңірқұт.

Қоянды-тәңірқұт – Құлұқұ-тәңірқұттың баласы, б.з.д. 86-68 жж. тақта отырған. Ол билікке келгеннен кейін Хән әулетіне достасу ниетін білдірген. Бұдан басқа, ғұн санғұндарының бір бөлігі және бұқара халықтың да көбісі соғысты тоқтатып, Хән патшалығымен тату-тәтті болуды ұсынған-ды. Алайда, көп өтпей-ақ Қоянды-тәңірқұт көптеген қосындарын жіберіп, Хән патшалығының солтүстік шекарасындағы бекіністерге баса-көктеп кірген және осы жерлерді ауыр дәрежеде талан-тараж еткен. Нәтижеде, екі елдің арасындағы бейбітшілік бұзылып, жаңадан таққа шыққан Хән патшасы Чжаоди даңқты санғұндарын жіберіп, ғұндарға қарсы жаппай шабуылға өткен. Осымен бір уақытта Хән әулеті ғұндарға ренжіген батыстағы үйсіндермен одақтасып, ғұндарға қарсы бірге соғысқан. Бұл ахуал Қоянды-тәңірқұтты әбден шаршатқан. Оның үстіне, дәл сол уақытта Ғұн елінде қатты жұт болып, қалың жауған қарда көптеген адам мен жылқы үсіп өлген. Бұған қоса, ғұндарға наразы болған туралар, оғандар, үйсіндер өзара бірлесіп, ғұндарға қарсы бүлік көтерген. Ауыр шығынға ұшыраған ғұн қосындары солтүстіктегі шөлге (Гоби шөліне) шегінуге мәжбүр болып, біраз уақытқа дейін Хән патшалығының солтүстік шекарасына тиісе алмаған.

Б.з.д. 68 ж. Қоянды-тәңірқұт қайтыс болған.

12. Шұрұчанчұ-тәңірқұт.

Шұрұчанчұ-тәңірқұт – Қоянды-тәңірқұттың інісі, б.з.д. 68-60 жж. билік құрған. Оның билігінің алғашқы кезеңінде Хән патшалығы шекаралық бекіністерге ғұндардың басып кіретіндей күші қалмады деп ойлап, шекараның сыртындағы қалалардың қорғанысын алып тастап, бұқара халыққа бір мезгіл демалуға мүмкіндік берген. Алайда, бұл орайды пайдаланған Шұрұчанчұ-тәңірқұт көптеген қосындарды ұйымдастырып, Хән патшалығының шекаралық бекіністеріне шабуыл жасаған. Бұндай ахуалда Хән патшасы Сюәнди жедел шаралар қолданып, қыруар жасақтарды ғұндардың шапқыншылығына тосқауыл қою үшін жіберген. Ол ғұндарды қатты жеңіп, солтүстік шекаралық қорғандардың қорғанысын қайтадан күшейткен. Нәтижеде, ғұндар ірі көлемді соғыс қимылдарын жүргізе алмай, Хән патшалығынан қорғана бастаған. Бұдан басқа, сол уақытта ғұндардың билігі астындағы рулар (ғұндардың бір тармағы) және туралар ғұндарға қарсы бүлік көтеріп, қағандықтың шекаралық бекіністерін ойрандап, көптеген бұқара халықты және басқа мал-мүлікті тонап әкеткен. Оның үстіне, сол жылдары ғұндардың арасында ашаршылық туылып, адамдар мен төрт түлік малдың 7/10 бөлігі қырылған. Осындай жағдайда Шұрұчанчұ-тәңірқұт Хән әулетімен бітімдесуді талап еткен, бірақ ол б.з.д. 60 ж. сырқаттан мезгілсіз өлгендіктен, бітімдесу ісі нәтижесіз қалған.

13. Ұянжұт-тәңірқұт.      

Ұянжұт-тәңірқұт – Уви-тәңірқұттың бесінші немересі, б.з.д. 60-58 жж. тақта отырған. Ол Шұрұчанчұ-тәңірқұт өлгеннен кейін Қоянды-тәңірқұттың әйелі Жуәнжүнің қолдауымен билікке келген. Ол таққа отыра сала Хән патшалығымен достық қарым-қатынаста болу үшін інісі Шинзірді Хән әулетінің сарайына сый-сәлемдемелермен елші етіп жіберген. Хән әулеті де бұған жауап ретінде Ғұн ордасына елші жіберіп, өзара тату-тәтті тұру ниетін білдірген. Алайда, Ұянжұт-тәңірқұт ішкі саясатта қарамағындағы ұлыстарға рақымсыздық жасап, өзін таққа шығарған Жуәнжү мен оның інісі Дурунчиді ерекше қолпаштап, Шұрұчанчұ-тәңірқұттың перзенттері мен жақындарын дәреже-мәртебесінен айырып, өзінің перзенті мен інілерін маңызды лауазымдарға қойған. Бұл ахуал халық пен мансаптылардың наразылығын қозғап, ел-жұрт оған бағынбаған. Осымен ордадағы шахзадалар мен басқа санғұндар да Ұянжұтқа қарсы шығып, өзара дау-жанжал шығарған. Жағдайды бақылауда ұстауға дәрменсіз болған  Ұянжұт-тәңірқұт б.з.д. 58 ж. өз-өзін өлтірген. 

14. Қоғшар-тәңірқұт.    

Қоғшар-тәңірқұт - Шұрұчанчұ-тәңірқұттың баласы, б.з.д. 58-31 жж. билік еткен. Ол Ұянжұт-тәңірқұттың ажалынан кейін шығыстағы ғұн билеушісі Гүшхан және басқа да мансаптылардың қолдауымен таққа отырған. Қоғшар-тәңірқұт сондай-ақ «Жихсан» деген есіммен аталған. Ол таққа отырғаннан кейін әуелі халықтың арасында жүрген ағасы Құтұсты іздеп тауып, сол қол білігхан етіп қойған және оң қол білігханды өлтіру үшін адам жіберген. Алайда, оң қол білігхан Дурунчимен бірлесіп, Батысқан Боштанды «Туғ-тәңірқұт» деген атаумен тәңірқұт етіп көтерген һәм көп қосындармен Қоғшар-тәңірқұтқа шабуыл жасаған. Қоғшар-тәңірқұт оңбай жеңіліп, Туғ-тәңірқұттан қорғануға мәжбүр болған. Нәтижеде Ғұн елінде бөліну пайда болып, Қоғшар-тәңірқұт, Туғ-тәңірқұт, Оғуз-тәңірқұт, Чәлі-тәңірқұт, Ужә-тәңірқұт деген бес тәңірқұт сахнаға шыққан.

Б.з.д. 56 ж. Қоғшар-тәңірқұт көптеген қосындармен Туғ-тәңірқұтты шабуылдап, оның 10 мыңнан астам адамын өлтірген және тұтқынға түсірген. Соғыста жеңілген Туғ-тәңірқұт өз-өзін өлтірді. Оның кенже баласы Қомлут пен Дурунчи Хән патшалығына қашып, тізе бүккен. Көп өтпей, шығыстағы Чәлі-тәңірқұт Қоғшар-тәңірқұтпен елдескен. Ордасына қайтқан Қоғшар-тәңірқұт жағдайды уақытша бақылауға алған. Алайда, бұл ахуал ұзақ жалғаспай-ақ Ғұн елінде тағы бөліну пайда болып, Туғ-тәңірқұттың бір немере інісі Шушунхан өзін «Рунжын-тәңірқұт» деп атап, Қоғшар-тәңірқұтқа қарсы бүлік көтерген. Артынан Қоғшар-тәңірқұттың ағасы сол қол білігхан Құтұс өзін «Чичы Құтбек-тәңірқұт» деп атап, Қоғшар-тәңірқұттан бөлінгенін жариялаған. Кейін Рунжын-тәңірқұт зор қосындармен шығысқа жорыққа шығып, Чичы-тәңірқұтқа шабуыл жасаған. Алайда, соғыста Чичы-тәңірқұт жеңіске жетіп, Рунжын-тәңірқұтты өлтірген. Көп өтпей Чичы-тәңірқұт қыруар жасақпен Қоғшар-тәңірқұтқа шабуыл жасап, оның ордасын басып алған. Қоғшар-тәңірқұт соғыста жеңілгеннен кейін қарамағындағы мансапты Іжізқанның маслихатымен Хән патшалығымен достасып, жағдайды бақылауда тұтпақшы болған. Ол Хән әулетінің сарайына алдымен елші жіберіп, өзара тату көрші қарым-қатынастар орнатқан.

Б.з.д. 52 ж. Қоғшар-тәңірқұт оңтүстікке келіп, Гәнцюән сарайында Хән патшасы Сюәндимен салтанатты түрде кездескен. Хән патшасы Сюәндиден кейін таққа отырған Хән патшасы Юәнди де Қоғшар-тәңірқұтпен бір-біріне шабуыл жасамау, бір-бірін алдамау, өзара жәрдемдесу туралы келісім түзген.

Б.з.д. 36 ж. Хән әулеті сондай-ақ Қошғар-тәңірқұтқа бақталасы Чичы-тәңірқұтты өлтіруге көмектескен. Сонымен екі тараптың арасында біраз уақыт бейбітшілік орнаған. Бұл ахуал екі тарапқа өз-өзін реттеу орайын жаратып берген.

Б.з.д. 31 ж. Қоғшар-тәңірқұт қайтыс болған.

15. Пұжұлжұт-тәңірқұт.  

Пұжұлжұт-тәңірқұт – Қоғшар-тәңірқұттың баласы, б.з.д. 31-21 жж. билік еткен. Кейбір дереккөздерде ол сондай-ақ «Дәутаубұқа» деген атаумен тілге алынған. Пұжұлжұт таққа отыра сала әкесінің жолымен жүріп, Хән әулетімен тату-тәтті өткен және баласы Шыштұнұқты Хән патшасының сарайына аманатқа жіберген. Жаңадан таққа отырған Хән патшасы Чэңди де патшалықтың солтүстік шекаралық аудандарының тыныштығына көңіл бөліп, Пұжұлжұт-тәңірқұтқа сый-тартулар, астық пен жібек маталар беріп тұрған. Нәтижеде, Пұжұлжұт-тәңірқұт билік еткен 10 жылда екі елдің арасында негізінен дау-жанжалдар мен қақтығыстар болмаған.

Б.з.д. 21 ж. Пұжұлжұт-тәңірқұт қайтыс болған.

16. Сұшжұт-тәңірқұт.  

Сұшжұт-тәңірқұт - Пұжұлжұт-тәңірқұттың інісі, б.з.д. 20-12 жж. билік еткен. Ол кейбір деректерде «Жұмыш» деп те аталған. Сұшжұт-тәңірқұт таққа отырғаннан кейін Хән әулетімен арадағы қатынастарды жақсарту үшін баласы Чулұсқұны Хән патшасының сарайына аманатқа жіберген. Алайда, ол 8 жыл билік еткеннен кейін, б.з.д. 12 ж. күтпеген жерден сырқаттан қайтыс болған.

17. Чәяжұт-тәңірқұт.

Чәяжұт-тәңірқұт - Сұшжұт-тәңірқұттың інісі, б.з.д. 12-8 жж. билік еткен. Ол кейбір деректерде сондай-ақ «Жүмүч» деген атпен де көрсетілген. Чәяжұт-тәңірқұт таққа отырғаннан кейін баласы Ұйтанды Хән патшасының сарайына аманатқа жіберіп, Хән әулетімен тату көршілік қатынастарды орнатқан.

Б.з.д. 8 ж. ол өз ажалымен қайтыс болған.

18. Ужулжұт-тәңірқұт.

Ужулжұт-тәңірқұт – Чаяжұт-тәңірқұттың інісі, б.з.д. 8 ж. бастап 13 ж. дейін тақта отырған. Бөлек деректерде ол «Нанкияс» деген атпен де аталған. Ужулжұт-тәңірқұт билікке келгеннен кейін балалары Оқиас пен Жылқұнды кезек-кезек Хән патшасының сарайына аманатқа жіберген. Бұған жауап ретінде Хән әулеті де Ся Хоуфән, Хән Жуң және басқаларды ғұндарға елші етіп жіберіп, Ужулжұт-тәңірқұтқа өз достығын білдірген. Нәтижеде екі тараптың арасында қайтадан біршама бейбітшілік орнатылған.

Б.з.д. 5 ж. Ғұн қағандығының батыс бөлігіндегі Үйсін елінің күнбиінің кіші әйелінен туылған баласы Бянжы-ябғудың адамдары ғұндардың батыс жағына баса-көктеп кіріп, көптеген халық пен малды тонап әкеткен. Бұған қатты ашуланған Ужулжұт-тәңірқұт 5 мың жауынгерді жіберіп, үйсіндерге шабуыл жасаған және олардың көптеген малдарын тартып әкеткен. Бұдан қорыққан Бянжы баласы Чулуды амалсыздан ғұндарға аманатқа жіберген. Сонымен Ғұн елінің батыс шекарасы өте жылдам тынышталған.

Б.з.д. 3 ж. Ужулжұт-тәңірқұт Хән патшасы Айдиге хат жолдап, келесі жылы зияратқа баратынын білдірген. Алайда, Хән патшасының сарайындағы уәзірлердің бір бөлігі «Ғұндар жоғарыдан келсе, апат алып келеді» деп арандату салып, Хән патшасы Айдиге тәңірқұттың сапарын болдырмау жөнінде насихат берген. Осы кезде Яң Сюң есікағасы патшаға шұғыл хат ұсынып, ғұндармен Цин, Хән әулеттерінің ежелгі қатынастарының тарихын ерекше көрсету арқылы екі тараптың достық байланыстарын сақтап қалу үшін ғұн тәңірқұтының сапарына кедергі жасауға болмайтынын ортаға қойған. Хән патшасы Айди Яң Сюңның хатын оқығаннан кейін оған ішінен сүйсініп, ғұн елшісін дереу шақыртып, Ужулжұт-тәңірқұтқа жауап хатын жазып, оның зиярат сапарын қызу қарсы алатынын білдірген.

Б.з.д. 1 ж. Ужулжұт-тәңірқұт Хән патшалығына сапармен келген. Хән патшасы Айди тәңірқұтты айрықша ізет-құрметпен күтіп алған, оған тағы 370 киім-кешек, 30 мың қамқа мата мен жібек орамдарын, 30 мың асыл бұйым табыстаған. Осыдан кейін екі тараптың арасындағы қарым-қатынастар бұдан да тығыз болған. Алайда, 8 ж. Ваң Маң Хән әулетінің жоғары билігін тартып алғаннан кейін, ғұндарға қарсы ұлттық кемсіту саясатын қолданғандықтан, Ғұн қағандығы мен Хән патшалығы арасында біраз мезгіл жалғасқан тату көршілік қатынастарға сызат түскен. Ваң Маңның ұстанымынан үмітсізденген Ужулжұт-тәңірқұт сол және оң білігхандар мен шекарадағы қолбасшыларға Хән патшалығының шекаралық бекіністеріне басып кіріп, талап-тонау туралы бұйрық түсірген. Содан бастап ғұндар Хән патшалығының солтүстік шекаралық аудандарына үздіксіз шапқыншылық жасап, қыруар халықты қырғындаған, тұтқындаған және есеп-қисапсыз дүние-мүлікті тартып әкеткен.

13 ж. Ужулжұт-тәңірқұт қайтыс болған.

19. Ұлжұт-тәңірқұт.  

Ұлжұт-тәңірқұт - Ужулжұт-тәңірқұттың інісі, 13-18 жж. тақта отырған. Ол таққа отырғаннан кейін Юн, Шубутан және басқа мансаптыларын Хән патшасының сарайына елшілікке жіберіп, Ваң Маңмен бітімдесуді ортаға қойған. Бұған айрықша қуанған Ваң Маң өзінің арнайы елшілерін жіберіп, Ұлжұт-тәңірқұттың таққа отырғанын ерекше құттықтап, оған алтын, киім-кешек, көрпе-көпшік, жібек мата және басқа да нәрселерді сыйлаған. Алайда, Ваң Маң Ұлжұт-тәңірқұттың Хән патшасының сарайына аманатқа жіберген баласы Деңнің тірі деп алдап, оны қайтарудың есесіне ғұндарға тізе бүккен Чэн Ляң, Чжуң Дай секілді мансаптыларды сатып алмақшы болған. Ұлжұт-тәңірқұт Чэн Ляң, Чжуң Дай және басқа 27 кісіні Ваң Маңның елшілеріне табыстап берген. Алайда, ұзақ өтпей-ақ Хән патшасының сарайынан қайтқан ғұн елшілері тәңірқұтқа Дэңнің әлдеқашан өлтірілгенін айтқан. Ваң Маңның алдағанына қатты ашуланған Ұлжұт-тәңірқұт Хән патшалығының солтүстік шекарасына кең көлемді шапқыншылық жасаған. Нәтижеде, 15 ж. 5-айда Ваң Маң Ваң Си, Ваң Сян және басқа мансаптыларды арнайы елшілікке тағайындап, Ұлжұт-тәңірқұттың аманаттағы баласы Дэңнің мүрдесін ғұн билеушісінің ордасына жіберген. Осы жолы Ваң Маң сондай-ақ елшілер арқылы Ұлжұт-тәңірқұтқа мол алтын-күміс пен басқа бұйымдарды сыйлаған. Сонымен екі мемлекеттің арасындағы шиеленіскен қатынастар бірте-бірте жұмсара бастаған.

18 ж. Ұлжұт-тәңірқұт қайтыс болған.

20. Құтәріш Таланоты-тәңірқұт.

Құтәріш Таланоты-тәңірқұт – Ұлжұт-тәңірқұттың інісі, 18-46 жж. билік еткен. Ол кейбір деректерде сондай-ақ «сол қол білігхан Йү» деп аталған. Құтәріш Таланоты-тәңірқұт билікке келе сала Чаң’ән қаласына елші жіберіп, Ваң Маңнан дүние-мүлік талап еткен. Алайда, Ваң Маң ғұндарға іріткі салу үшін ғұн елшісі Шубутанды тәңірқұт етіп тағайындап, оны бүкіл күшімен қолдайтынын білдірген. Бұдан хабардар болған тәңірқұт қатты ашуланып, зор қосындармен Хән патшалығының солтүстік шекаралық бекіністерін аяусыз талан-тараж еткен. Дәл сол сәтте Хән әулеті патшасының отбасы мүшелері көтеріліп, Ваң Маңды өлтірген.

24 ж. қыста Хән әулетінің үкіметі ғұндарға жаңадан бір елшілер тобын жіберіп, өзара достасуды өтінген және тәңірқұтқа көптеген сый-сәлемдемелерді тарту еткен. Осымен екіжақты қатынастар қайтадан жақсара бастаған.

30 ж. Шығыс Хән әулетінің тұңғыш патшасы Гуаң’у-ди ғұндарға елші жіберіп, Құтәріш Таланоты-тәңірқұтқа алтын, жібек мата сыйлап, бұрынғы достық қарым-қатынастарды қалпына келтірген. Дегенмен, Құтәріш Таланоты-тәңірқұт өзін Батыр-тәңірқұтпен салыстырып, Шығыс Хән патшалығының елшілеріне такаппарлық көрсеткен. Көп өтпей-ақ жаңадан құрылған Шығыс Хән патшалығының солтүстік шекаралық бекіністеріне кең көлемді шапқыншылық соғысын жүргізген тәңірқұт сан-санақсыз мал-мүлікті тонап әкеткен. Шығыс Хән әулеті неше рет қосындарын шығарса да, өзінің ахуалын жақсарта алмай, өте зор сәтсіздікке ұшырап, ғұндардан қорғануға мәжбүр болған.

46 ж. Құтәріш Таланоты-тәңірқұт қайтыс болған.

21. Отатқұ-тәңірқұт.  

Отатқұ-тәңірқұт - Құтәріш Таланоты-тәңірқұттың баласы, 46 ж. таққа отырған. Ол кейбір деректерде «сол қол білігхан Отатху-тәңірқұт» деп те аталған. Алайда, Отатқұ-тәңірқұт билікке келе сала бір жыл өтер-өтпестен қайтыс болған.

22. Пану-тәңірқұт.   

Пану-тәңірқұт – Отатқұ-тәңірқұттың інісі, 46-86 жж. билік еткен. Ол кейбір деректерде «сол қол білігхан Пану-тәңірқұт» деп те аталған. Ол таққа отырған мезгілде Ғұн елінде бірнеше жыл қатарынан құрғақшылық пен шегіртке апаты орын алып, мыңдаған шақырым жерде бір өсімдік те өсіп шықпаған. Ағаштар, майса шөп-өсімдіктер қураған. Аш қалған жұрт пен төрт түлік малдың жартысынан көбісі ауру-сырқаттан қырылған. Бұндай ахуалда Пану-тәңірқұт Шығыс Хән патшалығының ғұндардың қиыншылықта қалған тұсын пайдаланып, шабуыл жасауынан алаңдап, Шығыс Хән әулетіне елші жіберген. Шығыс Хән әулеті де жауап ретінде елші жіберіп, тыныштық пен одақта өтетінін білдірген. Алайда, сол кезде Ғұн елінде тағы бей-берекет таққа таласу күресі бірінен соң бірі туындап, ғұндар ауыр араздықтың батпағына батқан. Осы жолғы билікке таласу күресінде ғұндардың оңтүстік бөлігінде тұратын Батысқан-би 48 ж. көктемде өзге сегіз тайпаның басшыларымен кеңесіп, өзін атасының атымен «Қоғшар-тәңірқұт» деп атаған және оның жолымен жүріп, Хән әулетімен тату-тәтті қатынастарды ұстанатынын білдірген. Сонымен бір уақытта, ол тағы Шығыс Хән патшасы Гуаң’у-диге өзінің Шығыс Хән әулетінің мәңгі қалқаны болып, солтүстік ғұндардан қорғайтынын білдірген. Патша Гуаң’у-ди де арнайы елші жіберіп, оған айрықша жәрдемдесетінін білдірген. Сонымен бүтін Ғұн қағандығы Солтүстік Ғұн қағандығы және Оңтүстік Ғұн қағандығы деп екіге бөлінген.

ІІ. Солтүстік Ғұн қағандығының хақандары

1. Пану-тәңірқұт.

Қағандық екіге бөлінгеннен кейін, Пану-тәңірқұт айрықша қиын жағдайға тап болып, Оңтүстік Ғұн қағандығының тәңірқұты Қоғшар және Шығыс Хән патшалығының негізгі шабуылдарының нысанасы болып қалған.

49 ж. Қоғшар-тәңірқұт жіберген інісі сол қол білігхан Мордың басшылығындағы 10 неше мың адамдық қосындар Пану-тәңірқұттың інісі сол қол білігханды тірідей қолға түсірген. Бұған қоса, Пану-тәңірқұтқа тікелей бағынатын қосындар да жеңіліске ұшыраған. Солтүстік Ғұн қағандығының тәңірқұты Пану мыңдаған шақырым жерді тастап, солтүстікке шегінуге мәжбүр болған. Бұндай ахуалда Солтүстік Ғұн қағандығында бөліну пайда болып, Пану-тәңірқұттың қарамағындағы Үкән-құтбегі және Оң-құтбегі 30 мың адамнан астам халықпен бірге Оңтүстік Ғұн қағандығының тәңірқұты Қоғшарға тізе бүккен. Нәтижеде, Солтүстік Ғұн қағандығының билеушісі қолайсыз ахуалды түзету үшін 51 ж. Шығыс Хән патшасының сарайына елші жіберіп, өзара бітімдесуді талап еткен. Оңтүстік Ғұн қағандығының райынан алаңдаған Шығыс Хән патшасы Гуаң’у-ди Пану-тәңірқұтқа анық жауап қайтармаған.

52 ж. Пану-тәңірқұт тағы елші жіберіп, Шығыс Хән әулетімен жарасуды ұсынған. Бұл жолы Гуаң’у-ди өте көп талас-тартыс пен дауласудың нәтижесінде Солтүстік Ғұн қағандығының ұсынысын қабылдап, онымен бітімдесетінін білдірген. Алайда, Оңтүстік Ғұн қағандығының тәңірқұты Хән әулетінің Солтүстік Ғұн еліне ұстанған позициясына наразы болып, солтүстіктегі ғұндарға үздіксіз тиіскен.

84 ж. Пану-тәңірқұт Шығыс Хән патшасының сарайына елші жіберіп, өзара сауда-саттық жасауды ортаға қойған. Шығыс Хән патшасы Чжаңди бұл ұсынысты қабылдап, солтүстік ғұндармен тығыз сауда қатынастарын орнатқан. Алайда, бұдан қауіптенген Оңтүстік Ғұн қағандығының тәңірқұты солтүстік ғұндар мен Шығыс Хән патшалығының арасындағы қатынастарға әртүрлі тәсілдер арқылы кедергі жасаған. Тіпті солтүстік ғұндардың саудагерлерін тонаған.

86 ж. Пану-тәңірқұт қайтыс болған.

2. Ұлұғ-тәңірқұт.   

Ұлұғ-тәңірқұт – Пану-тәңірқұттан кейін Солтүстік Ғұн қағандығының тағын мұрагерлік еткен. Өз кезегінде, Ұлұғ-тәңірқұт пен Пану-тәңірқұттың арасындағы туыстық қатынастары айқын емес. Ұлұғ-тәңірқұт билікке келе сала Оңтүстік Ғұн қағандығының тәңірқұтының қайта-қайта шабуылдарына тап болып, ауыр дәрежеде әлсіреген. Оның үстіне, Солтүстік Ғұн қағандығы ақсүйектерінің бір бөлігі үзілдірмей оңтүстік ғұндар тарапына өтіп кеткен. Дәл сол сәтте, яғни 87 ж. сянбилер шығыс жақтан басып кіріп, Солтүстік Ғұн қағандығына тиіскен. Ғұндарды ойсырата жеңген олар Ұлұғ-тәңірқұтты өлтіріп, оның терісін сыдырған.

3. Солтүстік-тәңірқұт.   

Солтүстік-тәңірқұт – Ұлұғ-тәңірқұттың анасы бөлек ағасы. Ол Ұлұғ-тәңірқұттың қазасынан кейін құтбегілердің көрсетуімен Солтүстік Ғұн қағанатында таққа шыққан. Ол кейбір деректерде «оң қол білігхан» деп те көрсетілген. Солтүстік-тәңірқұт таққа отырған мезгілде солтүстік ғұндардың арасында дүрбелең шығып, ахуал айрықша шиеленіскен. Оның үстіне, қуаңшылық, шегіртке апаты орын алып, Оңтүстік Ғұн қағандығының тәңірқұты секілді Хән әулетіне берілгендер күннен-күнге көбейген. Бұндай жағдайда Оңтүстік Ғұн қағандығының тәңірқұты Шолан Шысұқұт Шығыс Хән патшалығына солтүстік ғұндардың қиыншылықта қалғанын пайдаланып, Солтүстік Ғұн тәңірқұтын бірлесіп шабуылдау туралы хат жолдаған. Бұған қуанған Шығыс Хән әулеті 89 ж. Гэң Биң, Дэң Хуң басшылығындағы зор жасақтарды жіберіп, Оңтүстік Ғұн қағанының қосындарымен бірлікте солтүстік ғұндарға шабуыл жасаған. Осы соғыста Солтүстік-тәңірқұт қатты жеңіліп, 20 мыңнан астам адамды тастап, солтүстікке қашқан.

90 ж. Шығыс Хән әулеті Солтүстік Ғұн қағандығына қарсы тағы кең көлемді шабуыл қозғап, Оңтүстік Ғұн тәңірқұты Шолан Шысұқұттың барынша жәрдемінің арқасында солтүстікте Һұн өзені (қазіргі Моңғолияның оңтүстік-батыс жағында), Хэй'юән (Ғұн еліндегі бір жер, нақты орны беймәлім) және Тәңіртау тауына (бұл жердегі «Тәңіртау» қазіргі Моңғолиядағы Хаңғай тауы) дейін баса-көктеп кірген. Осы соғыста Солтүстік-тәңірқұт қатты жеңіліп, қашып кеткен. Нәтижеде, Шығыс Хән патшалығы және Оңтүстік Ғұн қағанатының қосындары Солтүстік-тәңірқұттың анасы мен бес бауырын тұтқындап, 8 мың адамның бастарын шауып, көптеген мал-мүлікті олжалап, жеңіспен қайтқан.

91 ж. Шығыс Хән патшалығы тағы қосындарын шығарып, Солтүстік-тәңірқұтты қатты талқандаған. Осылайша, жеңілген Солтүстік-тәңірқұт белгісіз шалғай жерге қашқан.

4. Йұртжан-тәңірқұт.

Йұртжан-тәңірқұт – Солтүстік-тәңірқұттың інісі, 91-93 жж. тақта отырған. Ағасы ғайып болғаннан кейін ол таққа мұрагерлік еткен. Йұртжан-тәңірқұт билікке келе сала Шығыс Хән патшалығына елші жіберіп, өзара жарасу тілегін білдірген және өз халқын бастап Баркөлге дейін жетіп келген. Хән патшасы Хэди 92 ж. Гэң Куй және басқаларды елші етіп жіберіп, Солтүстік Ғұн қағандығымен бітімдесетінін білдіріп, Йұртжан-тәңірқұтқа жақұт тастармен безендірілген төрт қанжар және мамық қауырсын қадалған төрт ат жегілетін күйме сыйлаған. Алайда, 93 ж. Йұртжан-тәңірқұт бүлік көтеріп, Шығыс Хән патшалығының қолбасшысы Ду Сянді өлтірген һәм қосындарымен бірге Солтүстік Ғұн қағандығының ордасына қайтқан. Хән патшасы Хэди Ваң Фу, Жэн Шаң және басқа әйгілі санғұндарды аттандырып, Йұртжан-тәңірқұтты алдап қайтарып, мерт қылған.

5. Фэңху-тәңірқұт.

Фэңху-тәңірқұт - Шолан Шысұқұт-тәңірқұттың баласы, 94-118 жж. ел билеген. 94 ж. Оңтүстік Ғұн қағанатына тізе бүккен солтүстік ғұндардың ақсүйектері оны таққа шығарған. Ол кейбір деректерде «Үкән Батысқан» деген атпен де аталған. Фэңхуді билікке келтірген Солтүстік Ғұн қағанатының 15 тайпасынан 200 мыңнан астам адам Оңтүстік Ғұн қағанатының тағына жаңадан шыққан Тиіндоршұт-тәңірқұтқа қарсы көтеріліс жасап, мансаптылар мен бұқара халықты тонады және қырғындады, шекаралық бекіністерді өртеді һәм Гоби шөлінің солтүстігіне өтпекші болды. Осы ахуалда Шығыс Хән әулеті көптеген жасақтарын жіберіп, Тиіндоршұт-тәңірқұттың қосындарымен бірге Фэңху-тәңірқұтқа соққы берген. Екі тараптың арасында өте көп ұрыстар болып, ақырғы есепте Фэңху-тәңірқұт шекаралық бекіністерден сау-саламат құтылып шыққан.

95 ж. Шығыс Хән әулеті және Оңтүстік Ғұн қағанатының қосындары қуғындауды тоқтатып, түгелдей қайтқан.

Фэңху-тәңірқұт солтүстікке шегінгеннен кейін, ішкі-сыртқы жақтардан өте мүшкіл ахуалға тап болған. Онымен тіл табыса алмаған мансаптылардың бір бөлігі бүлік көтеріп, оңтүстікке оралып, Хән әулетіне тізе бүккен. Оның үстіне, Солтүстік Ғұн елінде әртүрлі табиғи апаттардың салдарынан ауыр ашаршылық туылғандықтан, халықтың тұрмысы айрықша қиын жағдайда қалған. Сыртқы жақтан сянбилер мен Оңтүстік Ғұн тәңірқұты Солтүстік Ғұн еліне қайта-қайта шабуылдап кіріп, солтүстік ғұндарды одан әрі күйзелткен. Фэңху-тәңірқұт жағдайды жақсарту үшін Шығыс Хән патшалығына бірнеше рет елші жіберіп, өзара достасуды талап еткен. Шығыс Хән әулеті Фэңху-тәңірқұтқа ашық жауап бермесе де, Солтүстік Ғұн қағандығының елшілерін өз деңгейінде жолға салып, шығарып салған.

117 ж. Фэңху-тәңірқұт сянбилердің қатты соққысына ұшырап, оның қауымы ерекше мүшкіл жағдайға түскен. Осылайша 118 ж. көктемде Фэңху-тәңірқұт 100 астам жауынгермен қайта оралып, Шофаң бекінісінде Шығыс Хән әулетіне берілген.

Фэңху-тәңірқұт Шығыс Хән патшалығына тізе бүккеннен кейін, Гоби шөлінің солтүстігінде қалып қалған ғұн қауымы ішкі-сыртқы қысымдардың салдарынан өз жерін тастап, Орта Азиядағы қаңлы (қаңқыл) тайпалық одағы тұрған аумаққа көшкен. Нәтижеде, Солтүстік Ғұн қағандығының билігі де аяқталған. Қаңлы аумағына көшкен ғұндар кейінгі кезде Орта Азиядағы Сырдария өзенінің алабын негіз етіп, сол жерде «Батыс Ғұн мемлекетін» құрған.

375 ж. Батыс Ғұн елі Баламир деген кісінің жетекшілігінде батысқа жорық жасап, Шығыс Еуропаға баса-көктеп кірген. Сол жолы ғұн қосындары Испанияға дейін шабуыл жасаған.

400 ж. ғұндар атақты қолбасшы Аттиланың басшылығында Еуропадағы қуатты мемлекет – Рим империясына шабуыл жасап, 405 ж. оны толық құлатқан. Ол шығыста қазіргі Орал тауының батыс бөлігінен Еуропаның оңтүстік-батысына дейін созылған зор мемлекет – Еуропадағы Ғұн империясын құрған. Алайда, 453 ж. Аттиланың қайтыс болуымен Ғұн империясы бөлінуге бет бұрып, ғұн халқының көпшілігі қазіргі Мажарстан жерінде отырықтанып, жергілікті халықтармен өзара сіңісіп, қазіргі мажар (һұнгар) ұлтын қалыптастырған.

ІІІ. Оңтүстік Ғұн қағандығының хақандары

1.     Қоғшар-тәңірқұт.

Қоғшар-тәңірқұттың әуелгі есімі - Батысқан-би. Ол Ғұн қағандығының 14-қағаны Қоғшар-тәңірқұттың немересі, Пұжұлжұт-тәңірқұттың баласы, 48-56 жж. билеп-төстеген. Ол 48 ж. Ғұн елінің оңтүстік бөлігінде мекендеген 8 тайпаның басшыларымен кеңесіп, өзін атасының есімімен «Қоғшар-тәңірқұт» деп атаған және Пану-тәңірқұттан ажырағанын ресми жариялаған. Сонымен Ғұн қағандығы Солтүстік Ғұн және Оңтүстік Ғұн қағандықтары деп екіге бөлінген. Қоғшар-тәңірқұт кейбір материалдарда «Шилошжұт-тәңірқұт», «Бей», «Би» деп те аталған. Ол Оңтүстік Ғұн қауымын бөлектеп алғаннан кейін әуелі Шығыс Хән патшасының сарайына елші жіберіп, атасы Қоғшар-тәңірқұттың жолын ұстанатынын, Хән патшалығының мәңгі қалқаны болып, Солтүстік Ғұн қағанатынан қорғайтынын білдірген. Хән патшасы Гуаң’у-ди мапсаптысы У Гуәннің нөкері Гэң Гоның кеңесі бойынша Қоғшарды «тәңірқұт» деп мойындап, оны бүкіл күшімен қолдайтынын білдірген. Содан бастап Қоғшар-тәңірқұт Хән патшалығының солтүстік шекаралық аудандарында мекендеп, Солтүстік Ғұн қағанатының шабуылдарынан қорғаған. Артынан ол тағы Солтүстік Ғұн қағаны Пану-тәңірқұтқа шабуыл жасап, оны Гоби шөлінің солтүстігіне шегінуге мәжбүр еткен. Кейінгі кезеңде Қоғшар-тәңірқұт Солтүстік Ғұн еліне тағы тиісуді жалғастырып, бір жағынан Хән патшалығының солтүстік шекаралық бекіністерін қорғаса, тағы бір жағынан ұзаққа созылған соғыстар арқылы солтүстік ғұндардың көптеген дүние-мүлкін және басқа байлықтарын тонаған. Алайда, Шығыс Хән әулеті Қоғшар-тәңірқұттың қастандық жасауынан алаңдап, Пану-тәңірқұтпен арадағы байланыстарды түгелдей үзбей, Солтүстік Ғұн қағандығымен де белгілі бір қарым-қатынастарды сақтап келген.

56   ж. Қоғшар-тәңірқұт қайтыс болған.

2. Киюфуют-тәңірқұт.   

Киюфуют-тәңірқұт – Қоғшар-тәңірқұттың інісі, 56-57 жж. билік құрған. Ол кейбір деректерде «сол қол білігхан Мор» деп аталған. Алайда, аталмыш қаған таққа шыққан соң бір жылдан кейін қайтыс болған.

3. Ифайлұт-тәңірқұт.    

Ифайлұт-тәңірқұт - Киюфуют-тәңірқұттың інісі, 57-59 жж. тақта отырған. Ол бөлек деректерде «Қан», «Ифайлұт-тәңірқұт Қан» деп аталған. Ифайлұт-тәңірқұт билікке келген мезгілде Солтүстік Ғұн қағандығынан Қойчу 1 мыңнан астам адаммен бірге Оңтүстік Ғұн қағандығына тізе бүккен.

59 ж. Ифайлұт-тәңірқұт қайтыс болған.

4. Шытұңшыжұқұт-тәңірқұт. 

Шытұңшыжұқұт-тәңірқұт – Қоғшар-тәңірқұттың баласы, 59-63 жж. билік еткен. Ол кейбір деректерде «Шы», «Шытұңшыжұқұт-тәңірқұт Шы» деп те аталған. Шытұңшыжұқұт-тәңірқұт таққа отырғанына көп өтпей, Солтүстік Ғұн қағандығы 6-7 мың адамдық қосындармен У'юән бекінісіне шапқыншылық жасап, басып кірген. Бұл жолы Солтүстік Ғұн қосындары Юән'яң ауданына (қазіргі Хөх-хот қаласының оңтүстік-шығыс жағында) дейін басып кірген. Шытұңшыжұқұт-тәңірқұт қосындарын шығарып, оларды шегіндірген. Шығыс Хән патшалығы да өз жасақтарын аттандырып, Шытұңшыжұқұт-тәңірқұтқа барынша жәрдемдескен.

63 ж. Шытұңшыжұқұт-тәңірқұт қайтыс болған.

5. Киючү Гүйлінт-тәңірқұт.  

Киючү Гүйлінт-тәңірқұт - Киюфуют-тәңірқұттың баласы, 63 ж. билік еткен. Ол кейбір деректерде «Су» деп аталған. Алайда, таққа отырған Киючү Гүйлінт-тәңірқұт бірнеше айдан соң қайтыс болған.

6. Ғұяшы Суқұт-тәңірқұт.

Ғұяшы Суқұт-тәңірқұт - Шытұңшыжұқұт-тәңірқұттың інісі, 63-85 жж. тақта отырған. Ол кейбір материалдарда «Чан», «Ғұяшы Суқұт-тәңірқұт Чан» деп те аталған. Ғұяшы Суқұт-тәңірқұт таққа отырған кезде Солтүстік Ғұн қағанаты күшейіп, Хән патшалығының солтүстік шекаралық бекіністеріне үздіксіз тиісіп, елші жіберіп, Хән әулетімен сауда жасауды талап еткен. Хән патшасы Миңди де өз мемлекетінің амандығы үшін олардың талабына келіскен. Хән патшасы Миңдидің осы ұстанымына наразы болған Ғұяшы Суқұт-тәңірқұт Солтүстік Ғұн қағанатына қатаң қарауды талап қылған. Бұдан ұзақ өтпей солтүстік ғұндар қайықтар жасап, Хуаңхэ өзенінен өтіп, Хән әулетіне қарсы шыққан Оңтүстік Ғұн қағанатына қарсы шыққан бүлікшілерді қарсы алмақшы болған. Алайда, Хән патшалығының алдын ала қастандық әзірлегенін сезген олар дереу шегініп кеткен. Іле-шала олар Хән патшалығының солтүстік пен солтүстік-батыс шекарасына кең көлемді баса-көктеп кіріп, шаһарларды өртеп, көптеген адамдарын қырған және тонап кеткен. Хэси өңіріндегі қалалардың қақпалары күндіз де жабық тұратын болған. Бұдан қатты алаңдаған Хән патшасы Миңди шұғыл жасақтарын жіберіп, 73 ж. Ғұяшы Суқұт-тәңірқұттың қосындарымен бірге Солтүстік Ғұн қағанатына қарсы жаппай қайтарма шабуылға өткен. Соғыста Солтүстік Ғұн қосындары жеңіліп, Гоби шөлінен асып өткен. Бұл уақытта Солтүстік Ғұн қағанаты әбден әлсіреп, алдыңғы жақта Оңтүстік Ғұн қағанатының, артқы жақта тұралардың, сол тарапта сянбилердің, оң тарапта Батыс өңірдің шабуылына ұшырап, халқы тарыдай шашылып кеткен.

85 ж. Ғұяшы Суқұт-тәңірқұт науқастанып қайтыс болған.

7. Ілітұноғал-тәңірқұт.

Ілітонұғал-тәңірқұт - Ифайлұт-тәңірқұттың баласы, 85-88 жж. билік еткен. Ол кейбір деректерде «Сюән», «Ілітұноғал-тәңірқұт Сюән» деп те аталған. Ілітоноғал-тәңірқұт билікке келгеннен кейін Солтүстік Ғұн қағанатына қарсы соғыс бастап, олардың көптеген адамдарын өлтірген және тонаған. Осындай ахуалда Солтүстік Ғұн қағанатының қайтарма соққысынан алаңдаған Хән патшалығындағы Увэй аймағының уәлиі Миң Юн оңтүстік ғұндардың қосындары тонап әкеткен адамдарға еселеп ақша беріп сатып алып, Солтүстік Ғұн қағанатына қайтарып берген. Уәли Миң Юн шайқаста солтүстік ғұндарды өлтіруге және тұтқындауға үлес қосқан оңтүстік ғұндарды бағалап марапаттаған. Дегенмен, Ілітонұғал-тәңірқұт әскер шығарып, солтүстік ғұндарға шабуыл жасауды жалғастырған. Дәл осы уақытта, яғни 87 ж. сянбилер шабуыл жасап, Ұлұғ-тәңірқұтты өлтірген.

88 ж. Ілітұноғал-тәңірқұт қайтыс болған.

8. Шолан Шысұқұт-тәңірқұт.  

Шолан Шысұқұт-тәңірқұт - Ғұяшы Суқұт-тәңірқұттың інісі, 88-93 жж. билік еткен. Ол кейбір деректерде «Тұндұқ», «Шолан Шысұқұт-тәңірқұт Тұндұқ» деп те тілге алынған. Шолан Шысұқұт-тәңірқұт билікке келген мезгілде солтүстік ғұндардың арасында үлкен бей-берекетсіздік орын алып, қуаңшылық пен шегіртке апаты туылып, көптеген мал мен адамдар қырылған. Бұдан мазаланған мансаптылардың бір бөлігі өз қауымдарымен Оңтүстік Ғұн қағанатына келіп қосылған. Бұндай ахуалда Шолан Шысұқұт-тәңірқұт Хән әулетінің сарайына хат жолдап, солтүстік ғұндардың ішкі бөлінушілікке тап болған орайын пайдаланып, оларға шабуыл жасауды талап еткен. Осы хатқа риза болған Хән әулеті 89 ж. Шолан Шысұқұт-тәңірқұтпен 30 мың адамдық бірлескен қосынын ұйымдастырып, солтүстік ғұндарға қарсы жаппай шабуылға өткен.

90 ж. Хән әулеті тағы әскер шығарып, Оңтүстік Ғұн қосындарымен бірге Солтүстік Ғұн қағанатына ішкерілеп ентелеп кіріп, Солтүстік-тәңірқұтты талқандаған. Көп өтпей, Солтүстік Ғұн қағанатының билеушісі із-дерексіз ғайып болған. Оңтүстік ғұндар осы соғыстың арқасында жылдам күшейіп, халқы 34 мың түтін, яғни 237,3 мың адамға жеткен. Олардың ішінде әскерлікке жарайтындар 50170 адам болған.

93 ж. Шолан Шысұқұт-тәңірқұт қайтыс болған.

9. Ангор-тәңірқұт.  

Ангор-тәңірқұт - Ілітұноғал-тәңірқұттың інісі, 93-94 жж. билік еткен. Ол таққа отырғаннан кейін бұрынғы хақандар Ілітұноғал-тәңірқұт пен Тұндұқ айрықша қадірлеген һәм елдің арасында зор беделге ие болған сол қол білігхан Шерді қызғанып, оны өлтіруді ойлап, әр кезде орайын күтіп, оған қастасып жүрген. Бұдан хабардар болған сол қол білігхан Шер әрдайым сақ жүрген. Кейін араздық бірте-бірте астасып, Ангор-тәңірқұт Шерге бірінші болып шабуыл жасаған. Алайда, Шер бүкіл қауымымен өзін қорғап арашалаған. Хән әулеті бұл екеуін жарастыруды ойласа да, Ангор бұған көнбеген. Нәтижеде, Хән әулеті Ангорға жазалау жорығын ұйымдастырып, оны қуғындаған кезде, нағашы жағындағы тағасы Шівір-құтбегі және басқалар оны өлтірген.

10. Тіндоршұт-тәңірқұт.       

Тіндоршұт-тәңірқұт - Шытұңшыжұқұт-тәңірқұттың баласы, 94-98 жж. билік еткен.  Ол кейбір деректерде «Шыр», «Тіндоршұт-тәңірқұт Шыр» деп те аталған. Тіндоршұт-тәңірқұт билікке келе сала Оңтүстік Ғұн қағанатына тізе бүккен солтүстік ғұндардың 500-600 адамы Шырға тұтқиылдан шабуыл жасаған. Алайда, Хән патшалығы әскер шығарып, бүлікшілерді тыныштындырған. Нәтижеде, жаңа ғана елдескен солтүстік ғұндардың 15 тайпасынан 200 мыңнан астам адам дереу қозғалып, марқұм Шолан Шысұқұт-тәңірқұт Тұндұқтың баласы Үкән Батысқан Фэңхуды өздеріне тәңірқұт еткен және Гоби шөлінің солтүстігіне көшпекші болған. Осымен Тіндоршұт-тәңірқұт Хән патшалығымен бірлесе қосындарын шығарып, Фэңху-тәңірқұтқа қарсы соғысқан, оның шегіну жолын үзбекші болған. Алайда, Фэңху-тәңірқұт Хән патшалығының солтүстік шекаралық бекіністерін ойсырата ойрандап, өз қауымымен сау-саламат бекіністер шебінен шығып кеткен. Солтүстік Ғұн халқының қалдығын өзіне қосып алған Тіндоршұт-тәңірқұт Солтүстік-тәңірқұттың қауіп-қатерінен құтылып, өз билігін одан әрі нығайтқан.

98 ж. Тіндоршұт-тәңірқұт сырқаттан қайтыс болған.

11. Вансы Шысұт-тәңірқұт.  

Вансы Шысұт-тәңірқұт - Ғұяшы Суқұт-тәңірқұттың баласы, 98-124 жж. билік еткен. Ол кейбір деректерде «Тән», «Вансы Шысұт-тәңірқұт Тән» деп аталған. Вансы Шысұт-тәңірқұт таққа шыққаннан кейін әр жылы Тіндоршұт-тәңірқұт дерлік әскер шығарып, Фэңху-тәңірқұтқа шабуыл жасап тұрған, Солтүстік Ғұн қағанатының бірнеше мың адамын өзіне бағындырған. Осы ахуал Солтүстік Ғұн қағанатын айрықша қиын жағдайға түсірген.

109 ж. жазда Вансы Шысұт-тәңірқұт Хән патшалығынан келген Хән Цзуңмен бірге астанаға барып, Хән әулетінің билеушісін зиярат еткен. Сапар аяқталғаннан кейін Хән Цзуң Вансы Шысұт-тәңірқұтқа: «Гуәндуң аумағы су апатына ұшырап, бұқара халық ашаршылықтан өліп жатқан осы орайда Хән әулетіне тиіссек пе екен» деп кеңес берген. Вансы Шысұт-тәңірқұт оның маслихаты бойынша шұғыл қозғалып, Хән әулетіне қарсы бүлік көтерген, Хән патшалығының солтүстік шекарасына кең көлемді шабуыл жасаған.

110 ж. Хән патшасы Әнди аттандырған зор жасақтар Вансы Шысұт-тәңірқұттың қосындарын жеңген. Вансы Шысұт-тәңірқұт амалсыздан Хән әулетінің жасақтарына тізе бүккен және осы істі Хән Цзуңның кеңесі бойынша қылғанын айтқан. Хән патшасы Әнди де тәңірқұтқа кеңшілік жасап, оған кешірім жасаған. Вансы Шысұт-тәңірқұт өзі тонаған және цяңдар тонап ғұндарға сатқан Хән патшалығының бір түменнен астам адамын Хән әулетіне қайтарып берген.

124 ж. Вансы Шысұт-тәңірқұт сырқаттан қайтыс болған.

12. Ұжғу Шысұт-тәңірқұт. 

Ұжғу Шысұт-тәңірқұт - Вансы Шысұт-тәңірқұттың інісі, 124-128 жж. билік еткен. Ол кейбір деректерде «Ба», «Ұжғу Шысұт-тәңірқұт Ба» деп те аталған. Ұжғу Шысұт-тәңірқұт таққа отырған жылы көктемде жаңадан елдескен бір тайпаның басшысы Асур және басқалар Оңтүстік Ғұн қағанатына қарсы бүлік көтерген және өз қауымымен қашып кеткен. Әскерлерін жіберген Ұжғу Шысұт-тәңірқұт Хән әулетінің нөкері Ма Имен бірлесіп оларды қуғындап, соққы беріп жеңген. Соғыста Ұжғу Шысұт-тәңірқұт бір түменнен астам мал олжалаған. Ұжғу Шысұт-тәңірқұт өз билігінің соңғы кезеңіне келгенде сянбилердің қайта-қайта шапқыншылығына ұшырап, әбден әлсіреген. Сянбилер Оңтүстік Ғұн қағанаты және Хән патшалығының шекаралық бекіністеріне әрдайым тиісіп тұрған. Ұжғу Шысұт-тәңірқұт осыдан үрейленіп, Хән патшалығымен бірге солтүстік шекаралық бекіністердің қорғанысын қайтадан күшейте бастаған.

128 ж. Ұжғу Шысұт-тәңірқұт сырқаттан қайтыс болған.

13. Чутрошжұт-тәңірқұт.

Чутрошжұт-тәңірқұт - Ұжғу Шысұт-тәңірқұттың інісі, 128-140 жж. тақта отырған. Ол кейбір деректерде «Шұры», «Чутрошжұт-тәңірқұт Шұры» деп те аталған. Чутрошжұт-тәңірқұт билікке келгеннен кейін Хән әулетімен тату-тәтті одақта болған. Алайда, 140 ж. оның қол астындағы сол қол қулунханы Ұс, Жүню және басқа мансаптылар Хән әулетіне қарсы бүлік көтеріп, көптеген қосындармен Хән патшалығының солтүстік аймақтарына басып кірген һәм осы жерлерде қырғындау мен талап-тонау жүргізген. Бұны Чутрошжұт-тәңірқұттан көрген Хән патшасы Шунди елші жіберіп, Чутрошжұт-тәңірқұтты айыптаған және ілтипат, салт-дәстүрмен бүлікші қосындарды райынан қайтуды бұйырған. Хән әулетінің санғұны Чэн Гуй де Чутрошжұт-тәңірқұтты қарамағындағы халықты басқара алмады деп ренжіген. Чутрошжұт-тәңірқұт інісі сол қол білігханмен бірге өз-өздерін өлтірген.

14. Жүню-тәңірқұт.  

Жүню-тәңірқұт Чутрошжұт-тәңірқұттан кейін қулунхан Ұс және басқалардың қолдауымен Оңтүстік Ғұн қағанатының тағына шыққан, 140-143 жж. билік еткен. Оның Чутрошжұт-тәңірқұтпен арадағы туыстық байланыстары беймәлім. Жүню-тәңірқұт билікке келгеннен кейін шығыстағы ұған тайпасына басшы болып, батыстағы цяң, руң тайпаларынан және әртүрлі ғұздардан бірнеше түмен әскер топтап, Хән патшалығының солтүстігіндегі аймақтарға кең көлемді шабуыл жасаған және осы жерлерде қырғындау мен талап-тонауларды жүргізген.

140 ж. қыста Хән патшасы Шунди зор қосындарды жіберіп, Жүню-тәңірқұтқа қарсы қайтарма шабуыл жасаған һәм Ма'и деген жердегі шайқаста оны жеңген. Сонымен Жүню-тәңірқұттың қолбасшылары мен құтбегілерінің бір бөлігі Хән патшалығына берілген. Алайда, Жүнюді билікке келтірген қулунхан Ұс оғландармен бірлесіп Хән патшалығына шабуылдар жасауды жалғастырған.

15. Құланнұс Сужуп-тәңірқұт.  

Құланнұс Сужуп-тәңірқұт Жүню-тәңірқұттан кейін Оңтүстік Ғұн қағанатының тағына шыққан, 143-147 жж. билік еткен. Оның Жүню-тәңірқұтпен арадағы туыстық байланыстары анық емес. Ол билікке келе сала Хән патшасы Шундидің қызғын қолдауына жеткен. Хән патшасы Шунди оны сарайға бастап барып, айрықша марапаттаған және оған төрт атты көгілдір күйме, дабыл қағатын арба, әшекейлі арба, арбаға жегілетін сәйгүліктер, мінетін тұлпарлар, нефрит тастармен безендірілген қанжар және басқа күнделікті тұрмыста қолданылатын бұйымдар, сондай-ақ 2 мың орам түрлі түсті жібек маталарды тарту еткен. Кейін Хән патшасы Шунди Құланнұс Сужуп-тәңірқұтты Ғұн ордасына «қорғап» апарған. Құланнұс Сужуп-тәңірқұттың заманында Хән әулеті жасақтарын шығарып, қулунхан Ұсты өлтірген және оған ілескен көптеген ұғандарды өзіне бағындырған.

147 ж. Құланнұс Сужуп-тәңірқұт қайтыс болған.

16. Іліңші Сужуп-тәңірқұт.   

Іліңші Сужуп-тәңірқұт Құланнұс Сужуп-тәңірқұттан кейін тақты мұрагерлік еткен, 147-172 жж. билеп-төстеген. Оның Құланнұс Сужуп-тәңірқұтпен арадағы байланыстары анық емес. Іліңші Сужуп-тәңірқұт билікке келгеннен кейін оның қол астындағы қауымдар бірінен соң бірі Хән әулетіне қарсы көтеріліске шыққан.

155 ж. сол қол ханы Үкән-тайжы, құтқұбегі Бод және басқалар алдымен қозғалып, Хән патшалығының Мэйчжи ауданы мен Әндиң аймағына шапқыншылық жасап кірген.

158 ж. Іліңші Сужуп-тәңірқұттың қарамағындағы барлық тайпалар бүлік көтеріп, ұған және сянби тайпаларымен бірлескен халде Хән патшалығының солтүстік шекарасының бойындағы тоғыз аймаққа шапқыншылық жасаған. Хән патшасы Хуәнди санғұн Чжаң Хуәнның басшылығындағы ірі қосындарды жіберіп, бүлікшілерді біржолата талқандаған. Соғыстан кейін Чжаң Хуән Іліңші Сужуп-тәңірқұтты қабілетсіз деп қарап, оны бақылау астына алған. Алайда, Хән патшасы Хуәнди оған бұйрық түсіріп, Іліңші Сужуп-тәңірқұтты ордасына қайтарған және оған кеңшілік жасаған.

172 ж. Іліңші Сужуп-тәңірқұт сырқаттан қайтыс болған.

17. Тұтрош Сужуп-тәңірқұт.  

Тұтрош Сужуп-тәңірқұт - Іліңші Сужуп-тәңірқұттың баласы, 172-178 жж. билік еткен. Ол таққа отырып, 177 ж. Хән патшалығынан елшілікке келген мансапты Цзаң Минмен бірге сянбилердің басшысы Таншихуайды шабуылдаған, бірақ жеңіліп қалған. Тұтрош Сужуп-тәңірқұт 178 ж. сырқаттан қайтыс болған.

18. Ғожын-тәңірқұт.

Ғожын-тәңірқұт - Тұтрош Сужуп-тәңірқұттың баласы, 178-179 жж. билік еткен. Ол таққа шыққанына бір жыл толғанда, Хән патшалығының Ғұн еліне елші ретінде жіберілген қолбасшы Чжаң Сюдің қолынан өлген. Патшаның рұқсатын алмай өз қалауымен Ғожын-тәңірқұтты өлтіргені үшін Хән әулеті Чжаң Сюді жауапқа тартқан.

19. Қанқұй-тәңірқұт.

Қанқұй-тәңірқұт – Ғожын-тәңірқұттан кейін Оңтүстік Ғұн қағанатының тағына шыққан, 179-188 жж. билік еткен. Оның Ғожын-тәңірқұтпен арадағы туыстық қатынастары анық емес. Ол билікке келгеннен кейін Хән әулетімен өте тату-тәтті болған.

187 ж. Чжуңшән уәлиі бүлік көтеріп, сянбилермен бірге Хән патшалығының солтүстік шекарасындағы бекіністерді шапқан. Бұл жолы Қанқұй-тәңірқұт Хән патшасы Лиңдидің кеңесі бойынша бүлікшілерге қарсы қосындарын шығарған. Алайда, Оңтүстік Ғұн қағандығының бұқара халқы тәңірқұттың үздіксіз әскер шығаруынан мазасызданып, 188 ж. оң оқ шыло және байматук тайпаларымен бірлесіп, бүлік көтеріп, Қанқұй-тәңірқұтты өлтірген.

20. Чыжишжуқұт-тәңірқұт.      

Чыжишжуқұт-тәңірқұт – Қанқұй-тәңірқұттың баласы, 188-195 жж. билік еткен. Ол кейбір деректерде «Йуфуло», «Жыжишжуқұт-тәңірқұт Йуфуло» деп те аталған. Чыжишжуқұт-тәңірқұт таққа отырғаннан кейін, бұрын оның әкесін өлтіргендер қайта бүлік көтеріп, Шүбу-құтбегіні тәңірқұт етіп көтерген. Бұл дәл Хән патшасы Лиңди өлген уақытта болғандықтан, Хән әулеті Чыжишжуқұт-тәңірқұтқа жәрдем бере алмаған. Чыжишжуқұт-тәңірқұт бірнеше мың сарбазбен Хән патшалығының Хэни аймағын шапқан. Алайда, халықтың қарсылық көрсетуі себепті, талап-тонауда көп пайдаға қол жеткізе алмаған. Кейін ол өз ордасына қайтуды ойлаған болса да, халық бұған келіспеген. Сондықтан ол Хэдуң аймағының Пиң'яң ауданында тұруға мәжбүр болған.

195 ж. Чыжишжуқұт-тәңірқұт қайтыс болған.

21. Хожучиан-тәңірқұт.   

Хожучиан-тәңірқұт - Чыжишжуқұт-тәңірқұттың інісі, 195-216 жж. билік еткен. Ол таққа шыққан мезгілде құдды ағасына ұқсас өз еліне қайта алмай, Хэдуң аймағының Пиң'яң ауданында тұрып қалған және сол жерде сянбилердің ұдайы талап-тонауына ұшыраған.

196 ж. Хожучиан-тәңірқұт Хән патшалығының қосындарына жәрдемдесу, Хән патшасы Сяндиді Ли Цзө, Го Сы секілді бүлікшілердің жасақтарынан қорғау үшін өзінің қарамағындағы оң-сол білігхан Чөпті Лояң қаласына жөткеген. Кейін тағы оны Шучаң бекінісіне жөнелтіп, өзі Хэдуң аймағының Пиң'яң ауданына қайтқан.

216 ж. Хожучиан-тәңірқұт Хән патшасы Сяндиді зиярат етуге келгенде, Цао Цао оны Есян ауданында (қазіргі Хэбэй өлкесінің Линчжаң ауданы) жайғастырып, оң-сол білігхан Чөпті Пиң'яң ауданына оралуға және оның бес тайпасын (Хожучиан-тәңірқұт Есян ауданында қалғаннан кейін, оның қауымдастары бес ірі тайпаға бөлініп кеткен) қадағалауға жіберген. Содан бастап Оңтүстік Ғұн қағандығының билігі аяқталды.

Оңтүстік Ғұн қағандығы құлағаннан кейін оңтүстік ғұн тайпалары Шығыс Хән патшалығынан кейін Орталық жазықта туылған дау-жанжалдарды пайдаланып, өздерін қайтадан нығайта бастаған және кейінгі кезеңде бірінен соң бірі Алдыңғы Чжао (304-329 жж.), Солтүстік Ляң (397-460 жж.), Ся (407-431) патшалықтарын құрған. Осының нәтижесінде олар негізінен түрк, сянби, жужан, қытай және басқа халықтарға сіңген.

 

Маңызды деректер:

          1. Әнуар Байтұр, Хайриниса Сыдық. «Шынжаңдағы ұлттардың тарихы», «Ұлттар баспасы», 1991 ж.

          2. «Үш патшалық туралы қисса» («Цзиннама», «Суңнама»), Шынжаң халық баспасы, 2001 ж.

          3. «Ғұндардың жалпы тарихы», Шынжаң халық баспасы, 2004 ж.

          4. «Шынжаңның жергілікті тарихы», Шынжаң университетінің баспасы, 2001 ж.

          5. «Ұйғырлар және Батыс өңірдегі басқа түрк халықтарының қысқаша тарихы», Шынжаң халық баспасы, 2000 ж.

          6. «Шынжаңның қысқаша тарихы», 1-бөлім, Шынжаң халық баспасы, 1984 ж.

          7. Сяң Иңцзи. «Орта Азия: ат үстіндегі мәдениет», Чжэцзяң халық баспасы, 1994 ж.

          8. «Хәннама», Шынжаң халық баспасы, 1994 ж.

          9. «Кейінгі Хәннама», Шынжаң халық баспасы, 1996 ж.

          10. «Шынжаңдағы ұлттардың сөздігі», Шынжаң халық баспасы, 1995 ж.

 

 

ІІ. Қаңлы қағандығының хақандары

 

          Қаңлылар – түрктердің тікелей ата-бабалары. Олар ең әуелде Байқал көлінің төңірегінен қазіргі Моңғолияның Туғла, Селенга, Орхон өзендерінің алаптары және Алтай, Тарбағатай, Тәңіртау тауларының айналасына дейінгі кең аумақта мекендеген.

          IV ғ. олар айрықша көбейіп, Орхон, Селенга өзендерінің алаптарын орталық еткен халде «Теле тайпалар одағын»1 ұйымдастырған және өз ықпалын шығыста Хинган тауынан батыста Каспий теңізіне дейін, солтүстікте Сібір тауынан оңтүстікте Ұлы Қытай қорғанына дейін жеткізген.

          IV ғ. аяғында және V ғ. басында қаңлылар жаңадан бас көтерген сянбилер, жужандар және Орталық Азиядағы эфталиттер төндірген қауіп-қатерге тап болып, оларға қарсы күресе бастады.

          402 ж. жужандар қаңлыларды бағындырған. Алайда, 487 ж. қаңлының пувурғұр тайпасы жужандарға қарсы бүлік көтеріп, Тұрфан ойпатын негіз еткен халде Қаңлы қағандығын құрған.   

          1. Апурғұр.

          Апурғұр – қаңлылардың пувурғұр тайпасының басшысы, сондай-ақ Қаңлы қағандығының негізін салушы2, 487-507 жж. билік еткен.

          487 ж. жужан қағаны Долун (Толун) қаңлыларды Солтүстік Вэй патшалығына (386-534 жж.) қарсы соғысуға мәжбүрлеген кезде, ол көкірек керіп ортаға шығып, Долун-хақанға шынайы насихат еткен. Алайда, Долун үгітке құлақ салмай, қаңлыларға басым-қысымын бұдан әрі күшейткен. Нәтижеде, сол жылы Апурғұр өз халқын бір соғыстан сақтап қалу және жужандардың рақымсыз билігіне қарсы тұру үшін немере інісі Чуңчымен бірлесіп, жужандарға қарсы көтеріліс жасаған және 100 мыңдай түтін қаңлы қауымымен екі бағытта батысқа қарай көшкен. Көшпенділердің бір бағытына Апурғұр жетекшілік еткен. Ол Моңғолия үстіртінің оңтүстік-батысындағы Жунжи тауынан өтіп, батысқа қарай жылжыған. Ол өзінің ізгі ақыл-парасатымен жужан хақаны Долунның із басып қуалаған қосындарын оңдырмай талқандап, Тұрфан ойпатына аман-есен жеткен. Чуңчы басшылық еткен босқындардың бір бөлігі Моңғолия үстіртінің батысындағы Алтай тауынан асып, батысқа жорық жасаған. Осы бағыттағы қаңлы қауымы Долунның тағасы Нағайдың ауыр соққысына ұшыраса да, көптеген жапа-машақатқа шыдап, ақыры Тұрфан ойпатына жеткен. Қаңлылар осы ойпатқа келе сала Апурғұр Жамбалық бекінісін (қазіргі Санжы, Чаңцзи қаласы) салып, оны астана еткен және Қаңлы қағандығының құрылғанын жариялаған3. Апурғұр тарихта «Күл Білге» (Ұлы тәңірқұт), «Көл Бойла», ал оның інісі Чуңчы «Бектердің бегі», «Көл би» деп аталған.

          Апурғұр Қаңлы қағандығын құрғаннан кейін халқын күшейту, өз билігін нығайту үшін әуелі көптеген қосындарын ұйымдастырып, жужандардың бақылауындағы Кингит (Қарашар), Күсән (Кучар), Удун (Хотан) шаһарларын басып алған, Сулэ қаласындағы Эфталит мемлекетімен (484-563 жж.) өзара бақталастықты қалыптастырған. Бұл ахуал жужан хақаны Долунды айрықша қиын жағдайға түсірген. Ақырында ешбір жерден қолдау таба алмаған Долунды қағандықтың ақсүйектері өлтірген.

          Тағы бір жағынан Апурғұр жужандарға өнімді қарсы тұру үшін олардың күшті қарсыласы болған Солтүстік Вэй әулетіне жақындап, 490 ж. өз елшілерін Солтүстік Вэй патшалығына жіберген. Ол өзара одақтасуды және жужандарға бірге төтеп беруді талап еткен. Солтүстік Вэй патшасы Вэнчэң алғашында қаңлылардың нақты күшіне онша сеніңкіремей бір мезет абдырап қалғанмен, кейін өз елшісін Қаңлы қағандығына нақты жағдайды көруге жіберу арқылы олардың зор күш-қуатына таң қалған. Сонымен екі тарап елшілер арқылы өзара сый-сәлемдемелерді тарту етіп, жужандарға ортақ қарсы тұру мәселесінде түсіністік орнатқан. Осы ахуал Апурғұрда зор сенім тудырып, оның жужандарға үздіксіз соққы беру байламын күшейткен. Нәтижеде, ол 491 ж. Чуңчыны жужандардың бақылауы астындағы Қочо қаласын шабуылдауға жіберіп, Қочоның билеушісі Кәншугүйді өлтіріп, дунхуаңдық Чжаң Мэңмиңді Қочо хақаны етіп тағайындаған. Ұзақ өтпей, Чжаң Мэңмиң Қочодағы жужаншыл ақсүйектер тарапынан өлтірілгендіктен, Апурғұр тағы Маруды Қочо хақаны етіп тағайындаған һәм бұған қоса Пишамшән қаласын да өз билігінің астына алған4.

          Демек, Апурғұр өзінің ақылдығы, батырлығы және әскери істердегі айрықша дарынның арқасында жужандарға қарсы жеңімпаз соғыстарды жүргізіп, қысқа уақыт ішінде өз ұлысын шығыста Құмылдың Барскөлінен батыста Күсәнге дейін; солтүстікте Алтай, Тәңіртау тауларынан оңтүстікте Черчен, Чарқлық пен Лопнұр аудандарына дейін жеткізген. Ол сондай-ақ қос қағандық жүйесін енгізіп, өзі үлкен қаған ретінде Тәңіртау тауының солтүстік-шығыс тарапындағы аудандарды және Кингитті орталық еткен Тәңіртау тауының оңтүстігіндегі аудандарды басқаруға қойған5. Осылай Қаңлы қағандығы Батыс өңірдегі қуатты бір саяси күшке айналған.

          Алайда, 507 ж. Қаңлы қағандығы сырттан ауыр қауіпке дөп келіп, батыста эфталиттер, шығыста жужандар, оңтүстікте ұйғырлардың бірлескен шабуылдарына ұшыраған. Күшті дұшпандар үш жақтан бір уақытта қоршаған бұндай ахуалда Апурғұр-қаған әскери күштерін үш шепке бөліп, қарсы тұруға мәжбүр болған. Ол өзі таңдаулы қосындармен Барскөл төңірегінде жужан жасақтарының шабуылын тойтарған. Алайда, оңтүстік шептегі қаңлы қосындары жеңіліп, Пишамшәнды туйғұндарға беріп қойған. Батыс шепте де Чуңчы эфталит қосындарынан жеңіліп, Күсән мен Удун шаһарларынан айрылған. Артынан тағы эфталиттер Кингитке де баса-көктеп кіріп, Чуңчыны мерт қылған, оның үлкен және кіші балалары Миото мен Елбегті қолға түсірген. Апурғұр Тәңіртау тауының оңтүстігіндегі ұлыстардың көп бөлігінен айрылғанын көріп, қол астындағы халыққа мейірімсіз болған. Нәтижеде, ол халықтың назарынан тыс қалып, қарамағындағы жұрттың қолынан қаза тапқан6.

          2. Балниян. 

          Балниян – Апурғұрдың туысқаны. Ол Апурғұр өлгеннен кейін халықтың қолдауымен таққа мұрагерлік еткен, 507-508 жж. билік еткен. Балниян таққа отырысымен қағандықтың жағдайын уақытша тізгіндеген. Алайда, бір жыл өтпестен эфталиттер Қаңлы қағандығын өзінің бағынышты еліне айналдыру үшін қайтадан шабуыл бастап, Балниянды тақтан түсуге мәжбүр еткен. Қаңлы халқы эфталиттердің қабат-қабат басымымен амалсыздан өз хақаны Балниянды өлтіріп, эфталиттер нұсқаған Миотоны таққа шығарған. Эфталиттер осы реткі шабуылын «Балниянды тақтан түсіріп, Чуңчының баласы Миотоны мемлекетіне оралып, таққа мұрагерлік ету үшін шығарып салу» деп бүркемелеген.

          3. Миото.          

          Миото (Бағатұр-шад) – Апурғұрдың бір немере інісі Чуңчының үлкен баласы. Ол Балниян өлтірілгеннен кейін эфталиттердің қолдауымен таққа отырған, 508-516 жж. билік еткен. Тиісті деректерге негізделсек, айрықша алысты көретін және батыл қаған болған Миото таққа отыра сала қызу дипломатиялық қатынастарды жүргізу арқылы Қаңлы қағандығының бұрынғы салтанатын қайтадан қалпына келтірген8. Ол әуелі әртүрлі шаралар арқылы эфталиттермен арадағы қатынастарды жақсартып, Кингит пен Күсәнді қайтарып алған. Артынан тағы оңтүстіктен төнетін қауіп-қатерден сақтану үшін ұйғырларға белсенді дипломатиялық саясатты жүргізген. Атап айтқанда, ол Кроран (Пишамшан) шаһарын база еткен олардың бірден-бір Тәңіртау тауының оңтүстігіндегі шығыс жолға қарай үздіксіз кеңеюінің алдын алған. Сонымен бір уақытта, ол Солтүстік Вэй әулетімен арадағы қатынастарға ерекше мән беріп, Солтүстік Вэй патшасының сарайына үнемі елшілер жіберу арқылы өзінің достықта тұру ниетін білдіріп, Солтүстік Вэй патшасы Сюән'удиге алтын-күміс, тұлпар, түйе секілді тарту-таралғыны табыстаған. Солтүстік Вэй патшасы Сюән'уди де өз елшісі арқылы Миото-хақанға сыйлықтарды тарту еткен.

          Миото жоғарыдағы шаралар арқылы бір жағынан қаңлылар, эфталиттер, туйғұндар арасындағы бір мезгіл айрықша шиеленісіп кеткен қатынастарын ретке келтіріп, қағандықты қуатты мемлекеттердің қоршауында қалған ауыр ахуалдан құтқарған. Тағы бір жағынан ол көрші елдермен өзара түзу қатынастарды орнатып, күшті қарсыласы саналатын жужандарға қарсы тұрудың әзірлігін істеп алған. Нәтижеде, ол 508 ж. көптеген қаңлы қосындарымен Бешбалық пен Барскөлдің төңірегінде жужан қосындарына қарсы кең көлемді шабуыл жасаған. Осы соғыста жужандар ойсырай жеңіліп, жужан қағаны Футу (Пұд) мерт болған9. Футудың өлтірілуімен жужандарға бағынышты болған Қочо билеушісі Кужя қайтадан Қаңлы қағандығына бағынған. Осы оқиғадан кейін жужандар біртіндеп күйреуге беттеп, біраз уақытқа дейін қалпына келе алмаған. Күннен-күнге өркендеген Қаңлы қағандығы Тәңіртаудың оңтүстігіндегі барлық аудандарды бақылау астына ала бастаған және біраз тыныстау орайына ие болған. Алайда, 516 ж. жужан хақаны Чуну (Футудың баласы) қайтадан күш жинап, Тұрфан ойпатындағы қаңлы тайпаларына қарсы жаппай шабуыл қозғаған. Соғыста Миото қайсарлықпен қарсылық көрсетсе де, ақырғы есепте қатты жеңіліп, қаза тапқан.

          4. Елбег.

Елбег – Миотоның інісі. Ол ағасы өлтірілгеннен кейін эфталиттердің қолдауымен таққа мұрагерлік еткен, 516-530 жж. билік еткен. Ол кейбір деректерде «Ипу», «Ейбік», «Иғу» деген есімдермен аталған10. Елбег билікке келгеннен кейін Қаңлы қағандығын қуатты ету үшін төмендегідей шараларды қолданған:

1. Ол алдымен эфталиттермен тату-тәтті көршілестік қатынастарын жүргізіп, Эфталит мемлекетінің зор қолдауына қол жеткізген. Содан соң Солтүстік Вэй әулеті де бұны ерекше қолдап, оған ілгері-кейінді «Батысты тыныштандырушы санғұн», «Қаңлы хақаны»11 және басқа атақтарды берген. Екі тараптың арасында достық байланыстар орнатылып, өзара елші жіберу арқылы әртүрлі сый-тартулар жолдап тұрған. Осы ахуал Қаңлы қағандығының тез арада қалпына келуі үшін қажетті алғышарттарды жаратып берген.

2. Елбег жужандардың ішінде пайда болған бей-берекетсіздікті пайдаланып, бұрынғы жерлерін қайтару үшін жужандарға қарсы біраз шайқасқан.

520 ж. қыруар қосындармен жужандарға қарсы жаппай шабуыл жасаған ол жужан қосындарын рақымсыз жеңіп, бұрын айрылып қалған ұлыстарды қайтарып алған. Осы соғыста ауыр жеңіліске ұшыраған жужан хақаны Чуну ордаға барғаннан кейін өз шешесі мен уәзірлері тарапынан өлтірілген12.

521 ж. зор қаңлы қосындарына басшылық еткен Елбег жужандардың жеріне тағы шабуыл жасап, ішкерілеп кірген. Осы соғыста жужан қосындарының қолбасшысы Браһман қатты жеңіліп, еріксіз Ляңчжоу қаласына (қазіргі Увэй ауданы) шегініп, Солтүстік Вэй патшалығына тізе бүккен. Содан бастап қаңлылардың күші бүкіл Батыс өңір мен Ұлы Қытай қорғанының солтүстігін дүр сілкіндірген.

Елбегтің осы әрекеттері Қаңлы қағандығының бұрынғы салтанатын толығымен қалпына келтіріп, Қытайдың солтүстік-батысындағы ең қуатты мемлекетке айналдырған. Алайда, кейінгі кезеңде Елбег жужандарды бірнеше рет жеңгеніне мастанып, қатерлі жайттарға селқос қараған. Оның үстіне, ол Солтүстік Вэй патшасының сарайына қысым көрсетіп: «Біраз торғын-торқа, бір дана үсті жабылған арба, бір-бір шатыр мен желпуіш, бес дөңгелек көк шатыр, бес дана қызыл желпуіш, 10 бұрғы» беруді талап еткен13. Нәтижеде Қаңлы қағандығы және Солтүстік Вэй патшалығы арасындағы қарым-қатынастар нашарлай бастаған. Солтүстік Вэй әулеті жужандарды қолдау жолына түсіп, нақты жәрдем көрсетіп, олардың қолбасшыларын маңызды өткелдерді қорғауға қойған. Алайда, Солтүстік Вэй әулетінің армандағанындай болмады. Керісінше, Солтүстік Вэй патшалығымен елдескен жужан ақсүйектерінен шыққан Анағай бүлік көтеріп, Ұлы Қытай қорғанының солтүстігіне қайтқан. Гоби шөлінің солтүстігінде қайтадан күшейген жужандар бұрын шашылып кеткен 300 мыңға жуық халықты айналасына топтаған. Анағай дереу өзін хақан деп жариялап, жужандарды қуатты елге айналдыру үшін біраз шұғыл саясаттарды жүргізген. Қаңлылардан өш алу үшін үлкен армияны жинаған ол 530 ж. алды-артында Қаңлы қағандығына қарсы соғыс қозғаған. Ол соғыста Елбег-хақан қатты жеңіліп, ақырында інісі Йөжүнің қолынан қаза тапқан.

5. Йөжү.     

Йөжү Елбегтен кейін таққа отырған, 530-536 жж. билік еткен. Ол таққа шыға сала ауыр дағдарысқа тап болған – күйрей бастаған Эфталит қағандығының қолдауынан айрылып қалған. Себебі, сол кезде эфталиттер өз мүддесін қорғауды көздеп, жужандармен біріге бастаған-ды. Енді бір жағынан 534 ж. әртүрлі ішкі жанжалдардың шығуынан Солтүстік Вэй әулеті жойылып, Солтүстік Вэй патшалығы Шығыс Вэй (535-550 жж.) және Батыс Вэй (535-557 жж.) деген екі патшалыққа бөлінген. Осы себепті, Қаңлы қағандығы жужандарға қарсы одақтас іздеу мүмкіндігінен айрылған. Оның үстіне, жужандар жаңадан пайда болған Шығыс Вэй және Батыс Вэй әулеттеріне зорлық-зомбылық көрсетіп, оларды өте қиын ахуалға түсірген. Бұндай ахуалда Йөжү-хақан қайғыны күшке айналдырған халде 535-536 жж. жужандармен сұрапыл соғыс жүргізген. Алайда, екі тарап күштерінің ара-салмағында орасан зор айырмашылық болғандықтан, Йөжү-хақан соғыста жеңіліске ұшыраған және баласы Бішінің қолынан қаза тапқан.

6. Біші.

Біші Йөжү-хақаннан кейін таққа мұрагерлік етіп, 536-541 жж. билік еткен. Ол кейбір деректерде Елбегтің баласы деп те тілге алынған14. Біші билікке келген соң, қағандықты күшейту мақсатында қосындарын қайтадан тәртіпке салып, жужандардың шабуылына төтеп берген. Жаңа құрылған Шығыс Вэй және Батыс Вэй патшалықтарының өзара дау-жанжалына тікелей араласқан ол қаңлы қосындарының айбарын көрсеткен. Алайда, бұл кезең Қаңлы қағандығының әлсіреуіне беттеген уақыт болғандықтан, азды-көпті шайқастардағы жеңістер оның ахуалын түбегейлі жақсарта алмаған. Сол себепті, Біші-хақан 541 ж. жужандардың зор шабуылынан оңбай жеңіліп, олардың қолына түсіп, өлтірілген.

7. Чүбін.

Чүбін – Йөжүнің баласы. Ол Бішіден кейін билікке келген, 541-546 жж. тақта отырған. Чүбін билікке келе сала бірқатар шараларды қолданып, Қаңлы қағандығының жағдайын тұрақтандырған және жужандардың қайталанған шабуылдарын дер кезінде тойтарған. Осы уақытта Алтай тауында жаңадан бас көтерген түрктер жужандарға қарсы күреске шыққандықтан, қаңлылар жужандардың зор көлемді шабуылынан шет қалған.

546 ж. көптеген қосындармен шығысқа жорыққа аттанған Чүбін-хақан жужандарға шабуыл жасаған кезде, түрктердің басшысы Түмән-қаған қаңлы қосындарына тосыннан соққы беріп, Чүбін-хақанды ойсырата жеңген һәм 50 мың түтіннен астам қаңлы жұртын өзіне қосып алған. Сонымен 487 ж. құрылған Қаңлы қағандығы жалпы 59 жыл өмір сүріп, ақырында 546 ж. түрктер тарапынан құлатылған.                                      

   

          Түсініктеме:

          1. «Теле тайпалар одағы» - «Қаңлы тайпалар одағы» деген мағынаны береді. Көктүрк қағандығының заманындағы мәңгі тастарда «қаңлы» атауы «төлес» деген атаумен аталды. Бұл – қаңлылардың бастапқы аталуы. Тиісті деректерге негізделгенде, ежелгі қаңлылар өз ішінен алты тайпа, 12 руға бөлініп, олардың таралған жерлері өте кең болған.

          2. Апурғұр кейбір деректерде «Авузлу» деп те аталған.

          3. Қаңлы қағандығы кейбір материалдарда «Апурғұр елі», «Авузлу мемлекеті» деген атаулармен аталған.   

          4. Шынжаң тарих ғылыми қоғамы құрастырған «Шынжаңда өткен тарихи тұлғалар», Шынжаң халық баспасы, 1997 ж., 130-132-беттер.

          5. Әнуар Байтұр, Хайриниса Сыдық. «Шынжаңдағы ұлттардың тарихы», «Ұлттар баспасы», 1996 ж., 270-бет.

          6. Шынжаң тарих ғылыми қоғамы құрастырған «Шынжаңда өткен тарихи тұлғалар», Шынжаң халық баспасы, 1997 ж., 130-132-беттер.

          7. Дуән Лянчин. «Диңлиңдер, қаңлылар және туралар». Шынжаң халық баспасы, 1996 ж., ұйғыр тілінде, 494-510-беттер.  

          8. Дуән Лянчин. «Диңлиңдер, қаңлылар және туралар». Шынжаң халық баспасы, 1996 ж., ұйғыр тілінде, 494-510-беттер.

          9. Лю Цзисяо. «Ұйғыр тарихы» (1-бөлім), Ұлттар баспасы, 1987 ж., 16-бет.

          10. «Ұйғырлар және Батыс өңірдегі басқа түрк халықтарының қысқаша тарихы», Шынжаң халық баспасы, 2000 ж., 113-бет. «Шынжаңның жергілікті тарихы», Шынжаң университетінің баспасы, 1992 ж., 115-бет.

          11. «Шынжаңның жергілікті тарихы», Шынжаң университетінің баспасы, 1992 ж., 116-бет. 

          12. Дуән Лянчин. «Диңлиңдер, қаңлылар және туралар». Шынжаң халық баспасы, 1996 ж., ұйғыр тілінде, 494-510-беттер.

          13. Дуән Лянчин. «Диңлиңдер, қаңлылар және туралар». Шынжаң халық баспасы, 1996 ж., ұйғыр тілінде, 494-510-беттер.

          14. «Шынжаңның жергілікті тарихы», Шынжаң университетінің баспасы, 1992 ж., 116-бет.

         

 

ІІІ. Көктүрк қағандығының қағандары

 

Көктүрк қағандығы – түрктердің «ашина» руы құрған, шығыста Ляохэ өзенінен батыста Каспий теңізіне дейін, солтүстікте Байқал көлінен оңтүстікте Ұлы Қытай қорғанына дейінгі кең аумақта екі ғасырға жуық уақыт дәурен сүрген мемлекет. Бұл қағандық ІІІ ғ. ортасынан бері Қытайдың солтүстік пен батыс бөліктерінде ұзақ мерзім жалғасқан бытыраңқылықты аяқтап, Азия құрлығының қақ ортасын кесіп өткен 10 мың шақырымдық қашықтықта біріккен көп ұлтты аумақты өмірге келтірген. Осы дәуірде Солтүстік Азия даласындағы көптеген тайпалар мен ұлыстар осы қағандыққа ойысып, екінші рет түрктену кезеңіне, сондай-ақ жаңаша «Көктүрк өркениеті» дәуіріне қадам қойған1.

 

І. Қағандық бөлінгенге дейінгі қағандар.

1. Ашина Түмән.

Ашина Түмән – Көктүрк қағандығының негізін салушы, 551-552 жж. билік еткен. Ол кейбір деректерде «Бумын-қаған», «Іліг-қаған», «Ел-қаған», «Түмән-қаған» есімдермен де аталған. Ашина Түмән қағандықты құрудың қарсаңында түрктер Енесай дариясы алабынан Тәңіртау тауына көшіп келіп (V ғ. басында), бұл жерде мал шаруашылығы, көмір өндіру, темір қорыту, қолөнер және басқа кәсіптермен шұғылданған. Алайда, V ғ. ортасында Гоби шөлінің солтүстік бөлігінде еңсе көтерген жужан мемлекеті өзінің ықпал ету аумағын Тәңіртаудың шығысына және Жоңғар ойпатына дейін кеңейтіп, түрк жұртын Алтай тауының оңтүстік етегіне көшуге мәжбүрлеген, оларды өздері үшін темір қаруларды жасайтын «балғашы құлдарға»2 айналдырған.    

V ғ. аяғында Жужан қағандығына бағынған қаңлылардың пувургұр тайпасының басшысы Апурғұрдың жужандарға қарсы бүлік көтеруі және 487 ж. Тұрфан ойпатын орталық еткен халде тәуелсіз мемлекет құруы себепті, ашина руының басшылығындағы түрк тайпалары бір кезең жужан ақсүйектерінің зұлымынан құтылған. Алайда, көп өтпей жужандар түрктерді тағы бір рет бағындырып, оларға бағытталған жауыздығын жылдан-жылға күшейткен. Бұндай ахуалда ашина руының басшысы Ашина Түмән жужандардың билігінен біржолата құтылу үшін Батыс Вэй әулетімен (535-556 жж.) достық қатынастарын орнатып, өз орнын алғашқы қадамда нығайтқан һәм теле тайпаларының жужандармен соғысына араласып, соғыста жеңілген тайпаларды өз жағына жинаған.

546 ж. Қаңлы қағандығының жужандарға қарсы соғысын сәтті пайдаланған ол қаңлылардың өздеріне кенеттен шабуыл жасап, қаңлы ұлысын жойған және 50 мыңға жуық түтінін өзіне қосып алған3.

551 ж. Батыс Вэй патшалығы Ашина Түмәнге Чаң Лэ ханшасын ұзатқан. Содан бері Ашина Түмән шабуылдардың ұшын жужандарға қаратып, әуелі жужан хақаны Анағайға құдаласуды ұсынып елші жіберген. Анағай айрықша ашуланып: «Сен менің темірші құлым тұрып, бұндай сөзді айтуға қандай хақың бар?!» деп елші арқылы оны қорлаған4. Құдаласу талабы құрметсіздікпен қабылданбаған соң, Ашина Түмән ресми соғыс қимылдарын жүргізіп, 551 ж. көктемде Хуайхуаң ауданының (қазіргі Хэбэй өлкесінің Чжаңбэй ауданы) солтүстігінде жужан қосындарын ойсырата жеңген. Жеңіліске ұшырағаннан намыстанған Анағай амалсыз өз-өзіне қол салған. Сол жылы Ашина Түмән Өтүкен тауында (қазіргі Хангай тауының шығыс тарапы) өзін «Ел-қаған» деп атап, Көктүрк қағандығының құрылғанын жариялаған5. Келесі жылы ол қайтыс болған.

Ашина Түмән қарсыластарын бір-бірлеп жеңіп, барлық түрк тайпаларын бір байрақтың астына сәтті жинап, түрк халықтарының тарихында шұғылалы да көрнекті белес қалдырған. Сондықтан кейінгі түрк қағандары оны құрметпен тілге алатын. Мысалы, 1889 ж. қазіргі Моңғолияның Хушу-Цайдам жерінен табылған Күлтегіннің мәңгі тасында ол жөнінде «Үстімізде көк аспан мен астымызда қоңыр жер жаратылғанда, екеуінің арасында инсан баласы жаратылыпты. Адам баласының үстінде ата-бабам Бумын-қаған, Істәми-қаған отырыпты. Олар таққа отырып, түрк халқының елін құрыпты және оның заң-тәртібін түзіпті. Бұл кезде төрт тараптағылардың бәрі олардың дұшпаны болған екен. Қосындар шығарып, төрт жағындағы халықтың бәрін өз жағына тартыпты, өзіне бағындырыпты. Басы барларының басын идіріпті, тізесі барларын тізерлетіпті. Оларды шығыста сонау Қадирқан тауына, батыста Темір қақпаға дейінгі жерлерге жайғастырыпты. Олар дана қаған екен, батыр хақан екен. Бектері мен халқы да адал екен....»6 деген жазулар қалдырылған.

2. Қара-қаған.

Қара-қаған – Ашина Түмәннің баласы. Ол әкесі қайтыс болғаннан кейін Көктүрк қағандығының тағына шыққан, 552-553 жж. билік еткен. Қара-қаған кейбір деректерде «Қала», «Ел-ішіг-қаған» деп те аталған. Ол билікке келгеннен кейін әкесінің істеріне мұрагерлік етіп, жужандардың қалдық күштеріне қарсы күресті жалғастырған және жужан қосындарын арты-артынан күйретіп, өзінің ықпалын зор дәрежеде кеңейткен. Дегенмен, ол билікке келгеніне бір жылдан кейін (553 ж.) сырқаттан қайтыс болған.

          3. Янду-эркин.

          Янду-эркин – Ашина Түмәннің тағы бір баласы, 553-572 жж. билік еткен. Ол тарихта «Мұқан-қаған» деген есіммен аталған. Өте батыр һәм қабілетті кісі болған Янду-эркин Түрк қағандығының күш-қуатын арттыру үшін төмендегідей шаралар қолданған:

          1. Ол қағандыққа төнген жасырын да астыртын қауіптерді жою үшін Жужан қағандығы күштерінің қалдықтарына қарсы жазалау жорығын жүргізіп, 555 ж. жужандарды біржолата жойып, Гоби шөлінің солтүстігіндегі ұлыстарды біріктірген. Содан бастап көптеген түрк ұлыстары кең-байтақ Моңғолияның жайылымдарына қарай көше бастаған7.

          2. Бірқатар кеңею соғыстарын жүргізу арқылы ілгері-кейінді моңғол тайпаларын және Манчжурияның оңтүстік-батысындағы қитандарды, Енесай өзенінің бойындағы қырғыздарды, қазіргі Гәнсу өлкесінің солтүстік-батыс бөлігін және Циңхай өлкесіндегі туйғұн тайпаларын бойсындырып, өз билігін сол аумақтарға жайған.

          3. Орталық жазықтағы Солтүстік Чжоу (557-581 жж.) және Солтүстік Ци (550-577 жж.) патшалықтарына қарсы әскери жорықтар жүргізіп, оларды кейбір шайқастарға тартқан. Алайда, үздіксіз соғыс қимылдарынан кейін ол өзгеше шаралар ойластырып, өз қызын Солтүстік Чжоу патшасы Удиге ұзатқан. Осының арқасында ол Солтүстік Чжоу әулетін өзіне тартып, Солтүстік Ци әулетін жалғыз қалдырған8

          4. Тағасы Істеми-қағанды 100 мың адамдық қосындарға қолбасшы етіп, батыстағы елдерге жорыққа аттандырған. Істеми-қаған айрықша салтанатпен жолға шығып, алдымен Іле мен Талас өзендерінің алаптарындағы бұрынғы үйсіндердің жерін иемденген. Сосын Орталық Азиядағы Сырдария өзенінің алабын және Памир тауын иеленіп, өзінің шабуылдарын Бадахшанды орталық еткен (484 ж.) Эфталит қағандығына бұрған. Сол уақытта эфталиттер Ирандағы Сасанилер әулетімен (224-642 жж.) жауласқандықтан, Істеми-қаған өзгеше дипломатиялық саясатқа көшіп, өз қызын Сасанилер патшасы Хусроу Ануширванға ұзатқан һәм онымен достық қатынастар орнатқан9. Содан соң ол Хусроу Ануширванмен бірлікте эфталиттерді шабуылдап, 567 ж. Эфталит мемлекетін біржолата жойған және оның қарамағындағы Амудария өзенінің алабындағы кең аумаққа Түрк қағандығының басқару жүйесін енгізген. Кейінгі заманда Істеми-қаған Сасанилер патшалығы мен Шығыс Рим империясы (395-453 жж.) арасындағы қиян-кескі жанжалдарды пайдаланып, Шығыс Рим империясының билеушісі Юстиниус ІІ патшаға тұтқында жүрген бір қырғыз ханшасын ұзатып, онымен өзара достық байланыстарды орнатқан10. Осылайша 571 ж. екі тарап бірдей қосындар шығарып, Сасанилер патшалығының бірнеше ауданын басып алған. Нәтижеде, Көктүрк қағандығының жері бұрын болып көрмеген дәрежеде кеңейіп, қағандық өзінің бастапқы мезгіліндегі алтын дәуіріне қадам қоя бастаған.

          572 ж. қаған Янду-эркин өз ажалымен өлген.

          4. Табар-қаған.

          Табар-қаған – Янду-эркиннің інісі, 572-581 жж. билік еткен. Ол кейбір деректерде «Таспар-қаған», «Таба-қаған», «Табами-қаған» деген есімдермен де аталған. Табар-қағанның заманында Түрк қағандығы тіпті де қуатты болып, Солтүстік Азия даласындағы ең құдыретті мемлекетке айналған.

          5. Ішбара-қаған.

          Ішбара-қаған – Ашина Түмәннің баласы12. Ол тарихта «Ел Күлүг Баға Ішбара-қаған», «Ел Күлүг Шад Баға Ішбара-қаған» деген есімдермен аталған. Табар-қаған қайтыс болғаннан кейін Ішбара-қаған Көктүрк қағандығында туылған қиян-кескі таққа таласудың барысында баласы Яллуғ-текиннің қолдауымен билікке келген, 581-583 жж. тақта отырған. Ол билікке келгеннен кейін союрғал жүйесін енгізіп, Яллуғ-текинге Туғла өзенінің алабын, Янду-эркиннің баласы Тарманғу-қағанға Өтүкен тауының солтүстігін, Істеми-қағанның баласы Тардуш-қағанға Іле дариясының алабын, інісі Чөрөкөлге татар тайпалары мекендеген аумақты бөліп берген. Осылайша қағандықтың діңгегіне қауіп-қатер төндірген жаңа әкімшілік жүйе – союрғал жүйесі пайда болып, орталықтың билігі бірте-бірте әлсірей бастаған. Кейінгі оқиғалар осы жайтты толық дәлелдеген. Ішбара-қаған қағандықта бас көтерген әртүрлі араздықтар мен қайшылықтарды бәсеңдету, халықтың көңілін сыртқа бұру үшін 582 ж. 400 мың адамдық қосындармен Суй патшалығына (581-618 жж.) шапқыншылық жасап, солтүстік шекаралық аудандарды ауыр дәрежеде талап-тонаған13. Ішбара-қаған жорықта зор жеңістерге жетсе де, қағандық ішіндегі өткір алауыздықтарды шешуге қауқарсыз болған. Оның үстіне, сол заманда қағандықта қатты ашаршылық орын алған. Сонымен қатар, Түрк даласында тағы ауыр жұт болып, көптеген төрт түлік мал жем-шөптің тапшылығынан қырылған. Халықтың тұрмыстық бұйымдары да аяқталып, «ашаршылық сүйекке жеткен»15 қорқынышты жағдай қалыптасқан. Бұл ахуал қағандықтағы барша союрғалдардың бөлінуіне әкеліп, 583 ж. 32 жыл өмір сүрген бүтін Көктүрк қағандығы ақырында екіге бөлінген. Содан бастап Ішбара-қаған мен оның баласы Яллуғ-текин билеген аудандар «Шығыс Түрк қағандығы», Тардуш-қаған мен Тарманғу-қаған басқарған аудандар «Батыс Түрк қағандығы» деп аталған. Алтай тауы екі қағандықтың шекарасына айналған.

         

ІІ. Шығыс Түрк қағандығының қағандары.

          1. Ішбара-қаған.

          Ішбара-қаған – Көктүрк қағандығының ең соңғы билеушісі, сондай-ақ Шығыс Түрк қағандығының алғашқы хақаны, 583-587 жж. билік еткен. Көктүрк қағандығы табиғи апаттар және туған-туыстардың арасындағы дау-жанжалдардың кесірінен екі қағандыққа бөлінгеннен кейін, Ішбара-қаған әртүрлі қайшылықтардың иіріміне шөгіп, өз ағайындарымен қанды соғыстар жүргізген.

          583 ж. ол зор қосындармен Тарманғу-қағанға шабуыл жасап, оның шешесін өлтірген. Бұған айрықша наразы болған Ішбара-қағанның інісі Текин-шад Тарманғу-қағанның тарапына өткен. Осындай ахуалда Тарманғу-қаған Тардуш-қағанмен бірлесіп, Ішбара-қағанға шабуыл жасаған.

          584 ж. Ішбара-қаған басынан аяғына дейін Тардуш-қаған мен Тарманғу-қағанның шабуылдарын шегіндіріп, Шығыс Түрк қағандығының бастапқы негізін тұрғызған.

          587 ж. аң аулау үшін сыртқа шығып қайтқан Ішбара-қаған қоныстағы шатырлардың өртелгенін көріп, азап-қайғыдан қайтыс болған17.

          2. Чөрөкөл.

          Чөрөкөл – Ішбара-қағанның інісі, 587-588 жж. билік еткен. Ол кейбір деректерде «Чуғлуқ», «Ябғұ Чулуқ», «Төліш-қаған», «Баға-қаған»18 деген есімдермен аталған. Қағандықтың байырғы заң-ережелеріне сәйкес, Ішбара-қағаннан кейін оның баласы Ярлуқ тақ мұрагері болуы керек еді. Алайда, Ярлуқтың денсаулығы әлжуаз болғандықтан, Ішбара-қаған ішінен інісі Чөрөкөлді тақ мұрагері етіп қойғысы келген. Ойламаған жерден іс оңға басып, Ярлуқ та тағасы Чөрөкөлдің таққа шығуын дұрыс санаған. Ішбара-қаған өлгеннен кейін, Ярлуқ тағасы Чөрөкөлдің ордасына бірнеше рет адам жіберіп, оның таққа мұрагерлік етуін өтінген. Жиенінің талабын сыпайылықпен қабылдамаған Чөрөкөл: «Мұқан-қағаннан басталған ағаның тағына інісінің мұрагерлік етсін деген осы ата-бабалардың дәстүрін бұзбайық»19 деген. Осылайша бірнеше рет өтінген жиенінің өтінішін қабылдаған Чөрөкөл ақыры қағандықтағы билікті қолға алған. Ұзақ өтпей-ақ ол Тарманғу-қағанға шабуыл жасап, оны тұтқындаған һәм оған тәуелді жерлерді Шығыс Түрк қағандығына қосқан.  

          588 ж. ол Көктүрк қағандығын қайтадан біріктіру үшін айрықша қыруар қосындармен Тардуш-қаған басқарған Батыс Түрк қағандығына басып кірген. Ол осы жерлерде ешбір қарсылыққа ұшырамағандықтан, жеңіспен ілгерілеп, Иранның шекарасына басып кірген. Алайда, ол Иран жасақтарының торуылына түсіп, айқаста оқ тиіп қаза тапқан.

          3. Ярлуқ-қаған.

          Ярлуқ – Ішбара-қағанның баласы, 588-599 жж. билік еткен. Ол кейбір деректерде «Дулан-қаған», «Өрүңкөл», «Тұран-қаған» деп те аталған. Ярлуқ таққа отырғаннан кейін өз билігін бекемдеу мақсатында шығысқа жорық жасап, Ұранқиянға (Чөрөкөлдің баласы) қарсы шабуыл жасаған20. Ұранқиян шайқаста жеңіліп, Суй патшалығына бағынған. Суй патшасы Вэнди оны ерекше қабылдап, өзінің күйеу баласы етіп алған және «Тімән Ілчин Бумын-қаған» (күшті, ержүрек қаған)21 деген құрметті атақ берген. Кейіннен Ярлуқ үздіксіз шабуыл жасағандықтан, Ұранқиян өз қауымымен Хуаңхэ дариясының оңтүстігіне көшкен. Суй патшалығы оны Сячжоу мен Шеңчжоу деген екі аймақтың (қазіргі Шәнси өлкесінің Цзиңцзян ауданы және Ішкі Моңғолия автономиялы районының Жуңғар ауданы) аралығында мал шаруашылықпен айналысатын жерге орналастырған.

          599 ж. аяғында Ярлуқ қарамағындағы адамдардың қолынан қаза тапқан. 

          4. Тімән-қаған.

          Тімән-қаған – Ярлуқ-қаған қайтыс болғаннан кейін Шығыс Түрк қағандығында билікке келген, 599-608 жж. тақта отырған. Ол билік еткен заманда қағандық ауыр дүрбелең мен тұрақсыздыққа ұшыраған. Әуелі сол кездегі Батыс Түрк қағандығының билеушісі Тардуш-қаған Көктүрк қағандығының сән-салтанатын қалпына келтіру үшін немересі Елтеберді зор қосындарға қолбасшы етіп, Шығыс Түрк қағандығына қарсы жаппай шабуыл қозғаған. Тімән-қаған жеңіліп, Суй патшалығының солтүстік шекарасына шегінген. Тардуш-қаған өзін «Білге-қаған» деп атап, Шығыс Түрк пен Батыс Түрк қағандықтарын қайта біріктірген22. Көп өтпей, Тардуш-қаған ілгері-кейінді оңтүстікке үш рет қосындарын жіберіп, Суй патшалығының солтүстік шекаралық аудандарын қатты талан-таражға салған. Алайда, кейін Суй әулеті жасақтарының қайтарма шабуылынан шегінуге мәжбүр болған. Содан бастап Тімән-қаған Суй патшалығының зор күштерінің қолдауымен Тардуш-қағанға қарсы бүлік көтерген теле және басқа 10 тайпаның өзіне қосып, Тардуш-қағанды қуалап соққы беріп, Шығыс Түрк қағандығын қайтадан қалпына келтірген. Бұл ахуал Суй әулетінің ой-ниетіне сәйкес келгендіктен, Суй патшасы Яңди Чаң'ән шаһарында Тімән-қағанды ерекше қабылдап, дастархан үстінде оны төрге шығарып құрметтеген23 һәм Чжэнхэ (Көкқұт қаласының оңтүстігі), Диңсяң (Датуң қаласының оңтүстігі) қалаларын оның басқаруына берген.

          608 ж. Тімән-қаған қайтыс болған.

          5. Шіби-қаған.

          Шіби-қаған – Тімән-қағанның баласы. Ол әкесінің өлімінен кейін таққа мұрагерлік етіп, 608-619 жж. билік еткен. Ол кейбір деректерде «Екінші Ішбара-қаған» деп те аталған. Шіби-қаған билікке келген алғашқы мезгілде Суй патшалығымен айрықша қою байланыста болған. Алайда, Суй патшасы Яңди Шығыс Түрк қағандығын бөліп ыдырату үшін Шіби-қағанның інісі Чечәнді қолдап, оған «хақан» мәртебесін берген, оны Шығыс Түрк қағандығының оңтүстік аймақтарын өз алдына басқаруға шақырған. Бұл жағдаят Шіби-қағанның ашуын қатты қозғап, ақыры екіжақты қатынастардың бұзылуына әкелген. Суй патшалығының күйреуге беттегенін көріп тұрған Цзин'яң қаласының (Тайюән қаласы) бақауылы Ли Юән 617 ж. Шығыс Түрк қағандығының жәрдемімен Суй әулетін құлатпақшы болған. Осы мақсатта, ол Шығыс Түрк қағандығына арнайы елші жіберіп, Шіби-қағанмен өзара келісімге қол қойған. Келісім бойынша:

- Шығыс Түрк қағандығы Ли Юәннің көтерілісін қолдап, оған әскери жәрдем беретін болды;

- төңкеріс аяқталғаннан кейін бүкіл қытайлық жерлер мен бұқара халық құрылуы тиіс Таң патшалығына тәуелді болатын болды;

- әскери жәрдем көрсеткені үшін Шығыс Түрк қағандығы барлық алтын-күміс, торғын-торқа және олжаға түскендерді иемденетін болды24.

Келісімге қол қойылғаннан кейін Ли Юән дереу көтеріліс көтеріп (617 ж. маусымда), көптеген соғыс олжасын иеленген және көтерілісші жасақтармен оңтүстікке жорық жасаған. Шіби-қаған да келісім бойынша Ли Юәнге 1 мыңнан астам соғыс жылқысын бергеннен бөлек, тағы 2 мың адамдық таңдаулы атты әскерін жіберіп, оның әскери жорығын зор күшпен қолдаған.

617 ж. қарашада Ли Юән жасақтарымен бірге Чаң'ән шаһарына басып кіріп, Суй патшасы Яңдидің баласы Яң Юді патша етіп көтеріп, өзін бас уәзір деп жариялаған. Алайда, 618 ж. наурызда Цзяңду қаласында зиярат етіп жүрген Суй патшасы Яңди қарамағындағы адамдары тарапынан өлтірілген. Осымен Ли Юән сол жылы мамырда қуыршақ патша Яң Юді тақтан түсіріп, өзін патша деп жариялаған. Чаң'ән шаһарын астана еткен ол Таң әулетінің негізін қалаған. Таң патшалығының құрылуымен Шығыс Түрк қағандығы да келісімдегі уағдаластық бойынша есеп-қисапсыз мал-дүниені иемденген.

619 ж. Шіби-қаған қайтыс болған.

6. Елтебер.

Елтебер – Тімән-қағанның баласы, Шіби-қағанның інісі. Ол 619-620 жж. билік еткен. Ол кейбір материалдарда «Қара-қаған», «Чулуқ-хақан», «Чөрә-қаған» деген есімдермен аталған. Елтебер билікке келгеннен кейін Таң патшасы Ли Юән (Таң Гаоцзу) үлкен рәсімиет өткізіп, оны ерекше құттықтаған және сарайдың мансаптысы Чжэңдэ арқылы оған 30 мың торғын-торқа тарту еткен. Елтебер-хақанның заманында Шығыс Түрк қағандығының әлеуметтік иелігі зор дәрежеде шарықтап, сауда-саттық, мал шаруашылығы, қолөнер істері ерекше дамыған. Өтүкен тауынан шығатын жылқы, сиыр, қой, түйе төрт түлік малы, жүн мен тері сияқты мал шаруашылығының өнімдері, әртүрлі аң аулау өнімдері және алтын, күміс, темір секілді кен байлықтары Орталық жазықтың базарларында абыройлы бұйымдарға айналған. Көптеген түрк саудагерлері Чаң'ән шаһарына келіп, өз өнімдерін үйіп-төгіп сатқан. Сол дәуірде жалғыз Чаң'ән қаласында түрк саудагерлерінің жалпы саны он неше мың адамға жеткен. Олар Таң патшалығынан алған әртүрлі жібек маталарын өз мемлекетіне тасып ғана қоймай, бәлкім Орта Азия, Батыс Азия, тіпті Шығыс Еуропаның базарларына тасып сатып, арада орасан зор пайдаға батқан. Бұл жағдай Шығыс Түрк қағандығының материалдық тұрмысын белгілі бір дәрежеде байытқан. Алайда, материалдық жақтағы тұрмыс түрк ақсүйектерінің бір бөлігінің нәпсісін одан әрі үлкейтіп, оларда Таң патшалығына қарсы шапқыншылық соғыстарын жүргізу ниетін жаратқан. Осының салдарынан Елтебер-хақан өз өмірінің ақырғы кезеңінде Таң патшалығының солтүстік шекаралық аудандарын шапқан.  

620 ж. Елтебер-хақан қайтыс болған.

7. Ел-қаған.

Ел-қаған - Тімән-қағанның баласы, Елтебердің інісі, 620-630 жж. билік еткен. Ол кейбір деректерде «Алп Елтебер», «Еліг-қаған» деп аталған. Ел-қаған - Шығыс Түрк қағандығының ең соңғы билеушісі. Ол билікке келген алғашқы мезгілде Таң әулетімен тату-тәтті көршілестік қатынастарды жүргізген. Таң патшасы Ли Юән Шіби-қағанмен қол қойған келісімнің негізінде Шығыс Түрк қағандығына әр жылы қыруар торғын-торқа төлеп тұрған. Алайда, 627 ж. ұйғыр, сир-тардуш, байырқұ және басқа он шақты тайпаның ірі көтерілісі бұрқ етіп, Шығыс Түрк қағандығы ауыр дағдарысқа тап болған. Осы ахуалда Ел-қаған өз баласы Юқұқ-шадты 100 мың адамдық қосындарға қолбасшы етіп, көтерілісті тыныштандыруға жіберген. Нәтижеде, Малэйшән (Мацзуңшән тауы, Яйли тауы деген атаулармен да тілге алынады) тауында кескілескен шайқас болып, Бұсат-текиннің басшылығындағы 5 мың адамдық ұйғыр қосындары түрктердің 100 мың адамдық қосындарын толығымен талқандаған25. Бұл кезде қағандықтың шығыс аумағындағы татаби, ши, қитан және басқа тайпалар да бірінен соң бірі көтеріліп, Ел-қағанға қарсы шыққан. Ел-қаған інісі Төліш-шадты көптеген қосындармен көтерілісті басып-жаншуға аттандырған. Алайда, ол Таң патшылығының қуатты жәрдемімен көтерілген осы көтерілісті тыныштандыра алмаған. Төліш-шад жеңіліске ұшырап, қорыққанынан ағасының алдына бара алмай, ақыры 629 ж. Таң әулетіне берілген. Осы жайт Ел-қағанға ауыр тигендіктен, ол Таң патшалығының солтүстік шекаралық аудандарына өш алу сипатындағы шабуылдарды бастаған. Таң әулеті де қажетті әзірлік жұмыстарды жүргізіп, Ел-қағанның шапқыншылықтарын дер кезінде тойтарған.

630 ж. Таң әулеті Ли Шицзи басшылығындағы 100 мың адамға тарта зор қосындарды Ел-қағанға қарсы аттандырған. Олар ұйғыр тайпаларының тікелей әскери жәрдемімен Шығыс Түрк қағандығының қосындарын ойсырата жеңген. Ел-қаған амалсыздан тұйғындардың арасына қашпақшы болғанда қол астындағы адамдары оны тұтқындап26, Таң патшалығының астанасы Чаң'әнге жіберген. Осымен 47 жыл өмір сүрген Шығыс Түрк қағандығы ақыры Таң патшалығы тарапынан жойылған.

634 ж. Ел-қаған Чаң'ән қаласында сырқаттан қайтыс болған.

 

ІІІ. Батыс Түрк қағандығының қағандары.

1. Тардуш-қаған.

Тардуш-қаған – Ашина Түмәннің інісі Істеми-қағанның (Бағатұр-ябғу) баласы. Ол әкесі қайтыс болғаннан (576 ж.) кейін Көктүрк қағандығының батыс бөлігіндегі ұлыстарды билеген, 576-603 жж. тақта отырған. Ол кейбір материалдарда «Чианкөл», «Білге-қаған» деп те аталған. Көктүрк қағандығының ең соңғы хақаны Ішбара-қағанның заманында байырғы үйсіндердің ұлысы оған союрғал етіп берілген. Көктүрк қағандығы 583 ж. екіге бөлінгеннен кейін ол Батыс Түрк қағандығының алғашқы қағаны ретінде ортаға шығып, қазіргі Қарашаһар қаласының (қазіргі Шынжаңда) солтүстік-батыс жағындағы Юлтуз өзенінің алабын орталық еткен халде шығыста Алтай тауынан батыста Каспий теңізіне дейінгі жерлерді билеген.

Тардуш-қаған билікке келуімен Батыс Түрк қағандығының жері соғыс алаңына айналып, Шығыс Түрк қағандарының үздіксіз шапқыншылықтарына ұшыраған.

584 ж. Шығыс Түрк қағандығының тұңғыш қағаны Ішбара қыруар қосындармен Тардуш-қағанға шабуыл жасаған. Ішбара-қағанның соққысына ұшыраған ол Батыс Түрк қағандығына қашып келген Янду Еркиннің баласы Апа-қағанды (Тарманғу-қаған) 100 мыңдай адамдық қосындармен Ішбара-қағанға қарсы соғысуға аттандырған. Алайда, ол осы соғыста ауыр жеңіліске ұшыраған.

587 ж. Шығыс Түрк қағандығының екінші қағаны Чөрөкөл (Төліш-қаған) Апа-қағанға қарсы жаппай шабуыл жасап, оны тұтқындаған және оның қарамағындағы Өтүкен тауының солтүстік-батыс бөлігіндегі кең аумақтарды иеленген.

588 ж. Чөрөкөл-қаған Тардуш-қағанға қарсы соғыс бастаған, бірақ осы соғыста садақ оғынан қаза тапқан. Чөрөкөлден кейін қаған болған Ярлуқ та Тардуш-қағанмен қайта-қайта соғысқан. Дегенмен, 599 ж. Ярлуқ өз адамының қолынан өлтірілуі Шығыс Түрк қағандығында зор дүрбелең тудырып, бірқатар дағдарыстарға әкелген. Бұндай ахуалда Тардуш-қаған Көктүрк қағандығының салтанатын қайта қалпына келтіру үшін көптеген қосындарды жұмылдырып, Шығыс Түрк қағандығына қарайтын Гоби шөлін түгелдей басып алған. Осылай Шығыс Түрк пен Батыс Түрк қағандықтары уақытша бір байрақтың астына жиылып, Тардуш-қаған түрктердің ұлы хақанына айналған. Ұлы бірігуді іске асырғаннан кейін ол оңтүстікке жорық жасап, Суй патшалығының солтүстік шекаралық аудандарын бірнеше рет шапқан. Алайда, қағандықтың ішкі саяси өмірінде жаңа қайшылықтар пайда болып, төлес, изгіл, апа, ғұн, барғұт, қоғұрсу секілді 10 тайпа Тардуш-қағанға қарсы бүлік көтерген. Олар Суй әулетінің күшті жәрдеміне сүйенген Шығыс Түрк қағаны Тімәннің шебіне келіп қосылған. Нәтижеде, Тардуш-қағанның Суй патшалығына қарсы жүргізген шапқыншылық соғыстары сәтсіздікке ұшыраған. Көп өтпей, Суй әулетінің қолдауы және Тардуш-қағанға қарсы көтеріліске шыққан тайпалардың сүйемелдеуі арқасында Тімән-қаған қайтарма шабуылға өтіп, Тардуш-қағанды күйрете жеңген. Тардуш-қаған амалсыздан 603 ж. Циңхай жақтағы туйғұндардың арасына қашқан. Оның кейінгі әрекеттері жөніндегі мәліметтер жеткіліксіз.

2. Низук Қара-қаған.

Низук Қара-қаған – Тардуш-қағанның немересі27. Туйғұндардың арасына қашқан Тардуш-қаған із-дерексіз жоғалғаннан кейін Низук Қара-қаған біраз аласапыраннан соң таққа шығып, 603-611 жж. билік еткен. Ол кейбір деректерде «Чөрө-қаған», «Чолуқ-хақан», «Қара-қаған», «Кунашла-қаған», «Низук Чулу-қаған» деген есімдермен тілге алынған. Низук Қара-қаған билеген кезде қол астындағы тайпаларға айрықша қатыгез саясат ұстанып, оларды қатаң басқарған. Теле мен сир-тардуш тайпалары Батыс Түрк қағандығының зұлымдығына және ауыр алым-салық саясатына қарсы көтеріліп, қарсылық көрсетуге мәжбүр болған. Низук Қара-қаған көтерілісті тыныштандыру үшін теле мен сир-тардуш тайпаларының 600 астам жетекшісін жиып, тірідей көмген28. Достарды азайтып, дұшпандарды көбейткен осы ахуал көптеген теле тайпаларының, тіпті түрк тайпаларының бір бөлігінің де ашу-ызасын қозғаған. Нәтижеде телелер (ұйғырлар) барғұт, тоңра, байырқұ және басқа тайпалармен одақтасып, Батыс Түрк қағандығынан бөлінгенін жариялаған. Олар өздерін еркін деп танып, Сүкүн-еркинді жаңа одақтың басшысы етіп тағайындаған. Содан бастап Батыс Түрк қағандығы біржолата әлсірей бастаған.

          Телелердің көтерілісінен күйреуге ұшыраған Низук Қара-қаған Суй әулетімен елдескен және 611 ж. Чаң'ән шаһарына келіп орналасқан. Суй патшасы Яңди оны ерекше сән-салтанатпен қарсы алып, салтанатты қонақасылармен күтіп алған һәм Хойниң (қазіргі Шәнси өлкесінің Цзиңбян ауданы), Луфән (қазіргі Шәнси өлкесінің Янмэнгуән ауданының солтүстігі) және басқа жерлерді оның тайпасының жайғасуына берген. Кейіннен Суй патшасы Яңди Сиң'и ханшаны оған ұзатып, оның Орталық жазықта отырықтануына шарт-жағдай жасаған. Низук Қара-қаған да Суй әулетінің ілтипатына риза болып, Суй патшасы Яңдидің Кореяға жасаған соғыс жорықтарында айрықша зор қызмет көрсеткен. Сонымен бір уақытта ол Суй әулетінің жәрдемімен Шекүйге қарсы бірнеше рет соғысқан. Алайда, сол кезеңде Суй патшалығы әлсірей бастағандықтан, Низук Қара-қағанның уысынан кеткен тақты қайтару жөніндегі мақсаты жүзеге аспаған. Кейінгі кезеңде ол Орталық жазықта біржолата отырықтанып, өмірінің соңғы уақытын сол жерде өткізген.

          3. Шекүй-қаған.  

Шекүй-қаған – Тардуш-қағанның немересі. Ол 611 ж. Низук Қара-қағанды жеңіп, Батыс Түрк қағандығының билігін тартып алып, 611-618 жж. тақта отырған. Ол билікке келгеннен кейін қағандықтың салтанатын қайтадан орнату үшін бірқатар соғыс қимылдарын жүргізген. Ол алдымен Батыс өңірде Тәңіртаудың оңтүстік бөлігін бір байрақтың астына жинаған. Содан соң Юймэнгуән аймағының батыс бөлігіндегі барлық жерлерді (соның ішінде Эвирғол ауданын) иемденіп, Суй патшалығының осы жерлерде құрған әскери, әкімшілік мекемелері мен құрылымдарын жойған. Кейінгі кезеңде Шекүй-қаған сондай-ақ бірнеше түмен садақшы әскерлерге ие болып, Батыс Түрк қағандығының ең гүлденген дәуіріне енген. Ол осылай Батыс Түрк қағандығының Істеми мен Тардуш қағандарының заманындағы шарапат пен салтанатын қайтадан қалпына келтірген.

618 ж. Шекүй-қаған қайтыс болған.

4. Тұн Ябғу-қаған.   

Тұн Ябғу-қаған – Шекүй-қағанның інісі. Ол ағасы қайтыс болғаннан кейін таққа мұрагерлік етіп, 618-628 жж. билік еткен. Таққа шыққаннан кейін Шекүй-қағанның істерін жалғастырған ол Тәңіртау тауының шығыс пен оңтүстік аймақтарын басқаруды күшейтіп, ордасын Ташкент қаласының солтүстігіндегі Мыңбұлақ деген жерге көшіріп, қағандықтың батыс аймақтарындағы билігін де нығайтқан. Дегенмен, ұзақ өтпей қағандықта ауыр аласапыран пайда болып, қарлұқ тайпалары Батыс Түрк қағандығына қарсы көтеріліс жасаған. Осындай ахуалда Тұн Ябғу-қаған жағдайды түзетуге дәрмені жетпей, ақыры 628 ж. інісі Бағадұр тарапынан өлтірілген29.     

5. Бағадұр-қаған.

Бағадұр-қаған – Тұн Ябғу-қағанның інісі. Ол ағасын өлтіргеннен кейін өзін Күл Елбілге-хақан деп жариялап, Батыс Түрк қағандығының билігін тартып алған, 628-630 жж. тақта отырған. Бағадұр-қағанның таққа шығуы сол кездегі түрк тайпаларының бір бөлігінің наразылығын тудырған. Садақ тайпасы алдымен әрекетке келіп, Тұн Ябғу-қағанның баласы Ыс-ябғуды қаған етіп көтеріп, Бағадұр-қағанның билігіне қарсы тұрған. Осылайша екі билеушінің арасында қиян-кескі күрес пайда болып, Бағадұр-қаған жеңілген және амалсыздан Алтай тауына қашқан. Ұзақ өтпей сол жердегі Нишұр-хақан оны өлтірген30.

6. Ыс-ябғу-қаған.  

Ыс-ябғу-қаған – Бағадұр-қағаннан кейін таққа шыққан, 630-632 жж. билік еткен. Ол кейбір деректерде «Діллі-қаған», «Ішбара Ыс-ябғу-қаған», «Сыл-ябғу қаған», «Ішбара Сыл-ябғу қаған» есімдерімен аталған. Залым кісі болған ол өзінің қарамағындағы тайпаларға ерекше қатыгездік қылған. Сол себептен көптеген тайпалар оған қарсы бүлік көтерген.

632 ж. ол амалсыздан Кангиге қашып кеткен және сол жерде қаза тапқан.

7. Нишұр-қаған.      

Нишұр-қаған – Бағадұр-қағанның баласы, 632-634 жж. билік еткен. Кейбір материалдарда «Тоғлұқ-хақан», «Алп Елбілге Құтлық-қаған» есімдерімен аталған. Нишұр-қаған билік құрған заманда Батыс Түрк қағандығы Таң әулетімен тату-тәтті көршілестік қатынастарда болған. Таң патшасы Тайцзуң Нишұр-қағанның таққа отыруын айрықша құттықтаған.

634 ж. Нишұр-қаған сырқаттан қайтыс болған.

8. Ішбара Елтеріш-қаған.  

Ішбара Елтеріш-қаған (Туңа-шад) – Нишұр-қағанның баласы, 634-639 жж. билік еткен. Таққа шыққанына көп өтпестен өз билігін нығайту үшін Батыс Түрк қағандығының барлық тайпаларын он-онға бөліп, әрбір тайпаға бір ақсақалды қойған. Тайпа басшылары «он-шад» деп аталып, әрбір шадқа бір оқ берілген. Сондықтан он тайпа «он оқ» деп те аталған. «Он оқ» өз кезегінде тағы оң және сол қанатқа бөлініп, екі қанатта бес «оқтан» болған. Соның ішінде сол қанат «бес тулықтар тайпасы» (туғлұқ), оң қанат «садақшылар тайпалары» (нушыби) деген атаумен аталған31. Оң-сол қанаттағы тайпалар біріктіріліп, «он оқ» немесе «он тайпа» деп аталған. «Бес тулықтар» Суяб өзенінің шығыс жағалауына, «садақшылар» батыс жағалауына отырықтанған.

Ішбара Елтеріш-қағанның мемлекетті бөліп басқару тәсілі қағандықты нығайту емес, бәлкім бөлу ролін атқарып, Батыс Түрк қағанатына, соның ішінде оның бүкіл батыс бөлігіне ауыр бәле-апаттар әкелген. Осы шаралардан кейін Батыс Түрк қағандығы ресми түрде бөлініп, бей-берекетсіз соғыстар батпағына батқан. Түрк тайпаларының бір бөлігі бас тұтұқтың басшылығымен бүлік көтеріп, Ішбара Елтеріш-қағанға ашық түрде қарсы шыққан. Ол амалсыздан өз адамдарын бастап Қарашаһарға шегінген. Кейін келе бас тұтұқ Аскил-эркинмен бірлесіп, Юқұқ-шадты үлкен қаған, Ішбара Елтеріш-қағанды кіші қаған етіп көтерген. Ұзақ өтпей-ақ бас тұтұқтың қастындықпен өлтірілуі және Юқұқ-шадтың «садақшылар тайпасының» соққысына ұшырауымен, Ішбара Елтеріш-қаған бұрынғы ұлыстарын қайтадан өз уысына қайтарған. Бұл ахуал Батыс түрктердің қатты наразылығын тудырған.

638 ж. Батыс түрктер Юқұқ-шадты қаған етіп көтеріп, Ішбара Елтеріш-қағанға қарсы бірқатар шайқастар жүргізген. Нәтижеде, келісімге қол қойылып, Іле дариясының батыс жағалауы Юқұқ-шадқа, шығыс жағалауы Ішбара Елтеріш-қағанға тәуелді болған.

639 ж. Юқұқ-шад «садақшылар тайпасының» ішіндегі Елтебір-тұтұқпен бірлесіп, Ішбара Елтеріш-қағанға қарсы бүлік көтерген. Бүлікті басып-жаныштауға мұршасы келмеген Ішбара Елтеріш-қаған Ферғанаға қашқан һәм сол аймақта қайтыс болған.

9. Елбег Ішбара Ябғу-қаған.

Елбег Ішбара Ябғу-қаған – Ішбара Елтеріш-қағанның жиені, Құтлық Білге Көл-қағанның баласы. Ол тағасы қайтыс болғаннан кейін «садақшылар тайпасындағы» барша ақсақалдардың қолдауымен билікке келіп, 639-641 жж. тақта отырған. Ол билікке келе сала әуелі Таң әулетімен өзара достық қатынастарды орнатқан. Таң патшасы Тайцзуң (Ли Шимин) оған жәрдемші әмір Чжаң Дашиді арнайы елші етіп жіберіп, атақ-мансап, барабан мен байрақтарды сыйға тартқан32. Елбег Ішбара Ябғу-қаған өз билігін нығайту үшін зор әрекеттенсе де, Юқұқ-шадтың үздіксіз шабуылдарына ұшырап, қағандықтағы ахуалды ешбір тізгіндей алмаған.

641 ж. Юқұқ-шад Шаш (Ташкент) шаһарында тұратын тұтұққа бұйрық түсіріп, Елбег Ішбара Ябғу-қағанға кенеттен шабуыл жасаған және оны тұтқынға алып, өлтірген.

10. Елбілге Шекүй-қаған.

Елбілге Шекүй-қаған – Ішбара Елтеріш-қағанның немересі, Елқошлуш Ілігбег-қағанның баласы. Ол Елбег Ішбара Ябғу-қағаннан кейін таққа мұрагерлік етіп, 641-650 жж. билік еткен. Таққа отырған ол алдымен Юқұқ-шад қамаған Таң патшалығының мансаптыларын құтқарып, Чаң'ән шаһарына шығарып салған һәм осы еңбегінің есесіне Таң әулетінің зор күшпен қолдауына қол жеткізген. Ұзақ етпей, ол Юқұқ-шадқа қарсы қосындар жіберсе де, көздеген мақсатына жете алмаған. Алайда, Юқұқ-шад өз тайпасының қолдауынан маһрұм болып, бүкілдей жетім қалғандықтан, Батыс Түрк қағандығы бір мезет қайтадан бір жалаудың астына жиналған. Бұл мезгілде Юқұқ-шад ябғу мансабына тағайындаған Ашина Құл (Ашина Алп) өз тайпаларын бастап Таң әулетімен бітімдескендіктен, Елбілге Шекүй-қаған одан әрі маңызды орынға ие болған. Алайда, 650 ж. Таң патшалығына сырттай тәуелді болған Ашина Құл жасақтарын аттанысқа келтіріп, Елбілге Шекүй-қағанды шабуылдап, оны жеңіп, оған бағынатын барлық ұлыстар мен тайпаларды өз билігі астына алған. Сонымен бір уақытта ол тағы бірқатар соғыс қимылдары арқылы Қаш дариясымен Мыңбұлақ деген жерді орталық еткен халде Батыс түрктерді қайтадан біріктірген һәм өзін Ішбара-қаған деп атаған. Нәтижеде Елбілге Шекүй-қаған тақтан айрылған.

11. Ішбара-қаған.  

Ішбара-қаған – Ішбара Елтеріш-қағанның жиені, 650-657 жж. билік еткен. Ол таққа отырғаннан кейін өзінің шабуылдау ұшын Таң патшалығына қаратып, Таң әулеті Бешбалық, Ұрумтай, Баркөл және басқа жерлерде құрған әскери-әкімшілік мекемелерді оңдырмай ойрандаған. Бұдан соң Таң патшалығы Ішбара-қағанға қарсы жазалау жорығын жасау жөнінде шешім қабылдап, ерекше көп жасақтарын Батыс Түрк қағандығының жеріне аттандырған. Таң патшалығының қосындары жеңіспен алға жылжып, 651 ж. «садақшылар тайпасын», 652-656 жж. қарлұқ, чігіл, түркеш тайпаларын бағындырған.

657 ж. Таң патшалығының Су Дэңфаң, Жен Ясяң, Баян (ұйғыр) секілді даңқты қолбасшылары Ертіс өзенінің алабына жорық жасап, Ішбара-қағанның осы ұлыстағы 100 мың адамдық қосындарын талқандаған. Ішбара-қаған қосындардың қалдықтарын Суяб өзенінің бойына шегіндірген. Қуалап соққы беруді жалғастырған Таң патшалығының жасақтары Ішбара-қағанды тағы бір рет жеңген. Нәтижеде, Ішбара-қаған амалсыздан Ташкент қаласына қашқан кезде, жергілікті халық оны тұтқындап, Таң әулетінің жасақтарына табыстаған33. Осылайша 74 жыл дәурендеген Батыс Түрк қағандығын ақыры Таң патшалығы құлатқан.

 

ІV. Кейінгі Түрк қағандығының қағандары.

Кейінгі Түрк қағандығы (Солтүстік Түрк қағандығы деп те аталады) – Көктүрк қағандығының жалғасы. Осы қағандық Таң патшалығы Шығыс Түрк қағандығын жойып, 49 жыл өткеннен кейін құрылған. Өтүкен тауын орталық еткен бұл көшпелі мемлекет шығыста Хинган тауынан батыста Кангиге дейін,34 солтүстікте Байқал көлінен оңтүстікте Ұлы Қытай қорғанына дейінгі кең аумақта орналасқан. Бұл дәуірде түрк халқының қоғамдық тұрмысында, саяси құрылымында және мәдени өмірінде орасан зор өзгерістер болған. Сондықтан сол кезеңдегі түрк қағандарына тоқталудың мәні ерекше зор.

1. Құтлық-қаған.

Құтлық-қаған – Кейінгі Түрк қағандығының тұңғыш хақаны, 679-691 жж. билік еткен. Шығыс Түрк қағандарының ұрпағы болған ол 679 ж. Чоғай тауында (қазіргі Иншән тауы) 100 жуық адаммен Таң әулетіне қарсы көтеріліс жасаған, Қарақорым қаласын басып алып, айналасына 5 мың адамдық қосындарды топтастырған. Ұзақ өтпей, ол солтүстікке жорық жасап, ұйғырлардың уысындағы Өтүкен тауын иеленіп, Түрк қағандығын қайтадан орнатқан һәм өзін «Елтеріш-қаған» (Илтеріс-қаған) деп атаған. Ол құрған қағандық тарихта «Кейінгі Түрк қағандығы» немесе «Құтлық Түрк қағандығы» деген атаумен аталған.

Кейінгі Түрк қағандығы құрылғаннан кейін Құтлық-қаған қағандықтың негізін бекемдеу үшін төмендегідей шараларды қолданған:

1. Көктүрк қағандығының бұрынғы салт-дәстүрі бойынша қос қағандық жүйесін енгізіп, қағандықты «Төліш-шад» пен «Тардуш-шад» деп екіге бөліп басқарған. Сонымен бір уақытта ол тағы Көктүрк қағандығының барлық әскери, әкімшілік, саяси, экономикалық жүйелерін қалпына келтіріп, мемлекетті біріктірген, жүйелі заң бойынша басқарған. Осы ахуал қағандықтың әскери күшеюіне қажетті шарт-жағдайларды әзірлеп берген.

          2. Құтлық-қаған қағандыққа төнген сыртқы қауіп-қатерді жою үшін данышпан кеңесші және ең жақын жәрдемші Тұнюқұқтың кеңесі бойынша әуелі Өтүкен тауындағы ұйғырларға қарсы қосындарын аттандырып, оларды Туғла өзенінің алабына көшуге мәжбүрлеген.

          682 ж. ол шығыстағы қитан мен татаби тайпаларын, батыстағы түрк тайпаларын, солтүстіктегі ұйғыр мен қырғыз тайпаларын бағындырып, оларды өз байрағының астына жинаған. Сол жылы «Тәңірқұт қорушыбегінің мекемесіне»35 шабуыл жасалып, құрықшыбегі тұратын жер қоршауға алынған және Таң әулетінің қосындары ауыр шығынға ұшыраған.

          Демек, Құтлық-қаған осы шаралар арқылы қағандықты алғашқы қадамда нығайтқан. Ол ілгері-кейінді 47 ірі шайқастар жүргізген. Соның ішінде 20 шайқасқа өзі тікелей басшылық еткен. Мысалы, бұл жөнінде «Күлтегіннің мәңгі тасында»: «.... әкем Елтеріш-хақан 17 ермен сыртқа шығыпты. Олардың сыртта жүрген хабарын естігеннен кейін шаһардағы жұрт тауға шығыпты, таудағы ел төменге түсіпті. Бұлар жиылып, 70 ер болыпты. Тәңір күш-қуат бергендіктен, әкем хақанның әскерлері бөрілердей, оның дұшпандары қойдай болған екен. Шығыстан батысқа дейін жорық жасап, топтастырған адамдары 700 болыпты. 700 кісі болғаннан кейін, әкем хақан ата-бабамның заң-ережелері бойынша мемлекетінен, хақанынан айрылған халықтарды, күңге айналған һәм құл болған халықтарды ұйымдастырыпты және тәрбиелепті. Ол жерде теле мен тардуш халықтарын ұйымдастырыпты, олардың басшыларына ябғу мен шад мансаптарын беріпті. Оң тарапта (оңтүстік) табғаштар дұшпаны екен, сол тарапта (солтүстік) Баз хақаны мен тоғыз оғыздар дұшпаны екен. Қырғыздар, құрықандар, отыз татарлар, қитандар, татабилердің бәрі дұшпан екен. Әкем хақан 47 рет әскер шақырыпты, 20 рет соғысыпты. Тәңір медет бергендіктен, мемлекеті барларын мемлекетінен айырыпты. Хақандары барларын хақанынан маһрұм етіпті. Тізесі барларын тізерлеткен, басы барларын бас игізген....»36 деп жазылған.

                691 ж. Құтлық-қаған қайтыс болған.

          2. Моюнчұр.

          Моюнчұр – Құтлық-қағанның інісі, 691-716 жж. тақта отырған. Ол кейбір деректерде «Қапаған-қаған», «Бегчұр» деген есімдермен аталған. Моюнчұрдың заманында Кейінгі Түрк қағандығы күшейіп, Орталық Азияда қуатты күшке айналған. Моюнчұр қағандықты күшейту үшін бірқатар соғыс қимылдарын жүргізіп, әуелі 693 ж. Таң патшалығының солтүстік шекаралық аудандарына кең көлемді шабуыл жасаған.

          695 ж. Таң патшасы У Цзэтян оған «Инақ көшпелі қаған» мәртебесін сыйлаған37.

          698 ж. Моюнчұр Таң патшалығының солтүстік шекаралық аудандарына баса-көктеп кіріп, көптеген мал-мүлік пен адамдарды қолға түсірген. Осы ахуал Кейінгі Түрк қағандығының үздіксіз кеңеюі үшін қажетті материалдық негіз әзірлеп берген.

          706-707 жж. Моюнчұр солтүстікке қосындарын жіберіп, Байқал көлінің айналасында мал шаруашылығымен шұғылданған тоғыз оғыздардың байырқұ тайпасын бағындырған.

          709 ж. солтүстіктегі чиклар, аз, хакас тайпалары бірінен соң бірі тізе бүккен.

          711-712 жж. Моюнчұр Алтай тауынан өтіп, Жетісуға шабуыл жасаған һәм осындағы «он оқ» қосындарын талқандаған.

          712-713 жж. Сырдариядан екі рет өткен ол тохарлардың шекарасы болған Темір қақпаға жетіп барған38.

          Жалпы, Моюнчұр жоғарыда баяндалған соғыс қимылдары арқылы Кейінгі Түрк қағандығын асқақ атақ-абыройға бөлеген. Оның есімі шар-тарапқа тараған. Ол жөнінде «Күлтекіннің мәңгі тасындағы» Білге-қағанның Моюнчұрға арналған баянында мынадай естеліктер қалдырылған: «.... Кейін заң-ережеге негізделіп, тағам (Моюнчұр) хақан болып отырыпты. Тағам хақан болғаннан кейін түрк халқын қайтадан ұйыстырды және бағып тәрбиеледі. Кедейлерді бай қылды, азды көп қылды. Тағам хақан болып отырғанда, мен тардуш тайпасында шад едім. Мен тағам хақанмен бірге алдыңғы тараптан (шығыстан) Темір қақпаға дейін қосындар тарттық, Көгман тауынан асып, қырғыздардың жеріне қосындарды бастап бардық. Барлығы 25 рет қосындарды шығардық. 13 рет соғыстық. Мемлекеті барларды мемлекетінен маһрұм еттік. Түркеш хақаны түрктерімізден еді, өз халқымыз екенін білмегені және біздің алдымызда қате іс жасағаны үшін олардың хақаны, біздің бектеріміз өлді. Көгман тауын иесіз қалдырмау үшін және аз сандағы қырғыз будунын тәртіпке салу үшін бардық, соғыстық, сондай-ақ мемлекетін тағы өзіне бердік. Шығыста Қадырқан тауынан асып, елдерді осылай жайғастырдық, осылай ұйымдастырдық. Батыста сонау Кангу Тарманға дейін барып, түрк елін осылайша орналастырдық....»39.

          Алайда, Моюнчұр жүргізген тоқтаусыз соғыстар түрк елінің және басқа тайпалардың экономикасын айрықша қиын ахуалға түсірген.

          714 ж. қарлұқ тайпасының 12 басшысы Таң патшалығына тізе бүккен. Сол жылы Батыс Түрк тайпаларының бірнеше рулары да Таң әулетіне бағынған.

          716 ж. ұйғырлардың жолбасшысы Үгтебер (Томедтің 4-ұрпағы) көтеріліс жасап, Моюнчұрды өлтірген40. Сонымен Кейінгі Түрк қағандығы бір мезгіл ауыр дағдарысқа тап болған.

3. Білге-қаған.

Білге-қаған – Құтлық-қағанның баласы. Ол тағасы өлтірілгеннен кейін ордада біраз күресудің арқасында билікке мұрагерлік еткен, 716-734 жж. ел билеген. Ол кейбір деректерде «Бөгү», «Можылан», «Могілян»41 деген есімдермен аталған. Білге-қаған таққа шыққан алғашқы мезгілде Кейінгі Түрк қағанаты ішкі және сыртқы жақтардан көптеген қиыншылықтарға тап болған. Сол себепті, таққа шыққан Білге-қаған ұзақ өтпей-ақ данышпан кеңесші Тұнюқұқ пен батыр інісі Күлтекіннің көмегімен төмендегідей шараларды қолданған:

1. Ұйғыр тайпаларына баса-көктеп кіріп, оларды зор шығынға ұшыратқан. Осылайша көптеген ұйғыр рулары оңтүстікке көшіп, Таң патшалығына бағынған.

2. Таң әулетімен елдескен түрк тайпаларын өзінің айналасына топтастыру үшін көптеген күш-жігерін сарп еткен. Таң әулетіне қарсы бүлік көтеріп, кейін оның қосындарынан солтүстікке қарай қозғалған түрк жұртын Өтүкен тауында салтанатпен қарсы алған.

3. 718 ж. қумұқтарға соққы беріп, Хинган тауына дейін барған. 718-719 жж. Алтай тауына жорық жасап, осы таудың батысындағы қарлұқтардың көтерілісін басып-жаншыған. 720 ж. Бешбалықтағы басміл тайпасын бағындырған. Сол жылы сондай-ақ Таң патшалығының Ваң Цзюн басшылығындағы 300 мың адамдық бірлескен қосындарды күйретіп, Гәнсу өлкесіне дейін жеткен. 722 ж. татаби тайпасының бүлігін тыныштандырған.

Демек, Білге-қаған жоғарыдағы шаралар арқылы Кейінгі Түрк қағандығын өзара бөлінуден құтқарған. Сондықтан сол дәуірдегі түрк халқы оны әрдайым құрметпен тілге алған. Мысалы, осы жөнінде «Білге-хақанның мәңгі тасында»: «Тәңірдей Тәңір жаратқан түрк Білге-хақан менің сөзім. Мен таққа отырғанымда өлгендей қасіретте қалған түрк бектері және халқы айрықша сүйініп, олардың жансыз көздеріне жан кірді. Өзім тақта отырып, төрт төңіректегі халықтар үшін көптеген маңызды заңды жүйелерді орнатып бердім. Аз халықты көп қылдым. Оларды қуатты мемлекеті бар, күшті хақандары бар етіп, жақсы өмір сүретін еттім. Төрт жақтағы елдердің бәрін бойсындырдым, оларды дұшпансыз еттім. Олардың бәрі маған қарады. 17 жасымда таңғұттарға қарсы қосындар жібердім, таңғұт елін талқандадым. Олардың ұл-қыздарын және мал-мүлкін қолға түсірдім. 18 жасымда алты жұп соғдаққа қосындарды жібердім, соғдақ елін ойрандадым. Табғаштан Ваң-тұтұқ бес түмен әскер бастап келді. Мен Тамағ-идуқ деген бұлақтың басында соғыстым. Оның жасақтарын сол жерде жойдым. 20 жасымда басміл идиқұты өз руымыздың халқы еді. Олар сый-тарту берушілерді жібермеді деп оларға жорық жасадым, оларды бағындырдым. Көптеген олжаларды үйге келтірдім. 22 жасымда табғашқа жорық жасадым. Чача-цзяңцзюннің сегіз түмен әскерімен соғыстым, қосындарын сол жерде өлтірдім. 26 жасымда чик халқы қырғыздармен бірлесіп, бізге жау болды. Кам өзенінің кешіп өтіп, чиктерге жорық жасадым. Орпанда айқастым, қосындарын найзаладым. Аз халқын қолға түсірдім. 27 жасымда қырғыздарға қарсы жорық жасадым. Биіктігі найзаның бойындай қарды басып, Көгмен тауынан асып өтіп, қырғыздарды ұйқыда бастым. Хақанымен Соңа тауында соғыстым. Хақанын өлтірдім, елін алдым....»42 деген естеліктер қалдырылған.

734 ж. Білге-қаған қол астындағы уәзірі Бұйруқ-чордың қолынан уланып өлтірілген.

4. Ерән-қаған.   

Ерән-қаған – Білге-қағанның баласы, 734-742 жж. билік еткен. Таң патшасы Сюәнцзуң сарай істерінің бегі Ли Цюәнді жіберіп, оған ерекше отуғат есімін берген. Ерән-қаған сегіз жыл тақта отырып, 742 ж. қайтыс болған. Оның нақты істері мен қызметі туралы жеткілікті мәліметтер жоқ.

5. Тәңір-қаған.  

Тәңір-қаған – Ерән-қағанның інісі, 742 ж. тақта отырған. Ол әкесі тірі кезінде қағандықтың нақты құқығын тұтқан. Алайда, таққа отыра сала шешесі Субби-қатынның (бике) қарсылығына ұшырап, қағандықтың жалпы жағдайын бақылауда ұстауға мүмкіндігі болмаған. Көп өтпей, Субби-қатын және ордадағы қара ниет уәзірлер бірлесіп, оны қастандықпен өлтірген.       

6. Құтлық-ябғу.

Құтлық-ябғу – Білге-қағанның тағы бір баласы, 742 ж. тақта отырған. 742 ж. ұйғырлар, басмілдер мен қарлұқтар бірлесіп, Кейінгі Түрк қағандығына қарсы көтеріліске шыққан және Құтлық-ябғуды өлтірген.

7. Үзміш-қаған.   

Үзміш-қаған – Күлтекіннің баласы. Ол Құтлық-ябғу өлтірілгеннен кейін Кейінгі Түрк қағандығы ақсүйектерінің қолдауымен таққа шыққан, 742-744 жж. билік еткен. Содан кейін ұйғыр, басміл және қарлұқтарға қарсы кең көлемді шабуыл жасаған. Алайда, ол 744 ж. Таң әулетінің қолдауына ие болған басміл тайпасының тұтқиыл шабуылынан қаза тапқан.

8. Бэймэй-қаған.

Бэймэй-қаған – Үзміш-қағанның інісі, 744-745 жж. тақта отырған. 745 ж. оны ұйғыр қолбасшысы Күлбілге (Құтлық Білгекүл-қаған) өлтірген. Сонымен 66 жыл өмір сүрген Кейінгі Түрк қағандығы ең ақыры ұйғырлар тарапынан жойылған.

                                       

Түсініктеме:

1. Құрбан Нияз. «Солтүстік Азия түрк халықтары мәдениетінің Орталық жазыққа таралуы туралы зерттеулер», Қашғар педагогика институтының ғылыми журналы, 1997 ж., 3-сан.

2. «Шынжаңның жергілікті тарихы», Шынжаң университетінің баспасы, 1992 ж., 126-бет.

3. «Шынжаңның қысқаша тарихы», 1-бөлім, Шынжаң халық баспасы, 1982 ж., 146-бет.

4. Цян Боцюән, Ваң Биңхуа. «Шынжаңның әмбебап тарихы», Шынжаң халық баспасы, 1984 ж., 56-бет.

5. «Көктүрк» атауының «Көк» сөзі түрктердің Көк Тәңірге сенуімен, көкбөріні құрметтеуімен және Азия түрк тайпаларының шығыста мекендеуімен байланысты.

6. Абдуқаюм-қожа, Тұрсын Айюп, Исрапил Юсуп. «Ежелгі ұйғыр жазба ескерткіштерінің таңдамалы жинағы», Шынжаң халық баспасы, 1984 ж., 80-бет.

7. Сяң Иңцзе. «Орта Азия: ат үстіндегі мәдениет», Чжэцзяң халық баспасы, 1994 ж., 124-бет.   

8. Ұйғыр Сайрани орыс тілінен аударған «Ұйғырлар және Батыс өңірдегі басқа түрк халықтарының қысқаша тарихы» (Орталық Азия тарихына қатысты материалдар), Шынжаң халық баспасы, 2000 ж., 143-бет.

9. Лю Шигән. «Түрк қағандығының тарихы», Шынжаң университетінің баспасы, 1996 ж., 24-бет.

10. Әнуар Байтұр, Хайриниса Сыдық. «Шынжаңдағы ұлттардың тарихы», Ұлттар баспасы, 1991 ж., 290-бет.   

12. Кейбір деректерде Ішбара-қаған Табар-қағанның жиені деп алынған.  

13. Лю Шигән. «Түрк қағандығының тарихы», Шынжаң университетінің баспасы, 1996 ж., 49-бет.    

14. Ұйғыр Сайрани орыс тілінен аударған «Ұйғырлар және Батыс өңірдегі басқа түрк халықтарының қысқаша тарихы» (Орталық Азия тарихына қатысты материалдар), Шынжаң халық баспасы, 2000 ж., 460-бет.

15. С.Кляшторный. «Ежелгі түрк руникалық жазумен жазылған сымтастар», Шынжаң халық баспасы, 2000 ж., 34-бет.

16. У Фухуән, Чэн Шимиң. «Қытай және Орталық Азияны зерттеуге қатысты мақалалар жинағы», Шынжаң университетінің баспасы, 1998 ж., 211-бет.

17. Лю Шигән. «Түрк қағандығының тарихы», Шынжаң университетінің баспасы, 1996 ж., 52-бет.

18. «Қытайша-ұйғырша тарихи атаулар сөздігі», Шынжаң халық баспасы, 1990 ж., 67-бет.

19. Лю Шигән. «Түрк қағандығының тарихы», Шынжаң университетінің баспасы, 1996 ж., 55-бет.

20. Ұранқиян кейбір деректерде «Екінші Төліш-қаған», «Тімән-қаған», «Чимән-хақан», «Бумын-хақан», «Рамған» деген есімдермен аталған.

21. Лю Шигән. «Түрк қағандығының тарихы», Шынжаң университетінің баспасы, 1996 ж., 75-бет.

22. Тардуш-қаған 599 ж. Шығыс Түрк пен Батыс Түрк қағандықтарын қайтадан біріктіріп, Көктүрк қағандығын қалпына келтірген. Алайда, бұл бірлік әрең дегенде төрт жыл жалғасып, 603 ж. тағы бөлінген.

23. Әнуар Байтұр, Хайриниса Сыдық. «Шынжаңдағы ұлттардың тарихы», Ұлттар баспасы, 1991 ж., 315-бет.  

24. Лю Шигән. «Түрк қағандығының тарихы», Шынжаң университетінің баспасы, 1996 ж., 55-бет.

25. «Ұйғырлардың қысқаша тарихы», Шынжаң халық баспасы, 1989 ж., 70-бет.

26. Ел-қағанды қол астындағы Сунышхан есімді кіші қаған тұтқындап, Таң әулетіне табыстап жіберген. Бұл жердегі Сунышхан Шіби-қағанның баласы Суббе (Толшад-қаған) көрсетіледі.

27. Тардуш-қаған қайтыс болғаннан кейін Батыс Түрк қағандығының тағына оның баласы Тұғлуқ-хақан шыққан. Алайда, Тұғлуқ-хақан ұзақ өтпей-ақ қайтыс болып, оның орнына баласы Нили-хақан тақтың мұрагері болған. Ол да тез арада сырқаттан қайтыс болғандықтан, оның орнына баласы Тарман билікке келген. Бұл жерде Тарман деп Низук Қара-қаған көрсетіледі.

28. «Шынжаңның жергілікті тарихы», Шынжаң университетінің баспасы, 1992 ж., 150-бет.

29. Ваң Син. «Батыс түрктердің ішкі жанжалы және Таң әулеті құрған Тохри тұтұқ мекемесі», «Батыс өңірді зерттеу» журналы, 2000 ж., 2-сан.

30. Лю Шигән. «Түрк қағандығының тарихы», Шынжаң университетінің баспасы, 1996 ж., 75-бет.   

31. Ваң Син. «Батыс түрктердің ішкі жанжалы және Таң әулеті құрған Тохри тұтұқ мекемесі», «Батыс өңірді зерттеу» журналы, 2000 ж., 2-сан.

32. «Шынжаңның қысқаша тарихы», 1-бөлім, Шынжаң халық баспасы, 1982 ж., 170-бет.

33. Ішбара-қаған тұтқынға түскеннен кейін Чаң'ән қаласына кісенделіп әкелінген. Сол кездегі Таң патшасы Гаоцзуң кеңшілік жасап, оны өлімнен алып қалған. Кейін Ішбара-қаған Чаң'әнда отырықтанып, сол жерде қайтыс болған. Оның мәйіті Іліг-қағанның моласының жанына қойылып, қысқаша тарихы сым тасқа ойылып жазылған.

34. С.Кляшторныйдың зерттеуіне негізделсек, Кангия Тарбан Сырдария мен Гангирус өзендері алаптарының батысындағы және Яшартиш өзенінің шығысындағы (Согдиана) жерлер көрсетіледі.

35. «Тәңірқұт қорушыбегі мекемесі» - Таң патшалығының Шығыс түрктер мекендеген аумақта құрған (664 ж.) әскери-әкімшілік органы.     

36. Абдуқаюм-қожа, Тұрсын Айюп, Исрапил Юсуп. «Ежелгі ұйғыр жазба ескерткіштерінің таңдамалы жинағы», Шынжаң халық баспасы, 1984 ж., 82-бет.

37. Әнуар Байтұр, Хайриниса Сыдық. «Шынжаңдағы ұлттардың тарихы», Ұлттар баспасы, 1991 ж., 315-бет.

38. С.Кляшторный. «Ежелгі түрк руникалық жазумен жазылған сымтастар», Шынжаң халық баспасы, 2000 ж., 57-бет.  

39. Абдуқаюм-қожа, Тұрсын Айюп, Исрапил Юсуп. «Ежелгі ұйғыр жазба ескерткіштерінің таңдамалы жинағы», Шынжаң халық баспасы, 1984 ж., 83-бет.

40. Чэң Сулу. «Таң, Суң дәуіріндегі ұйғырлар тарихына қатысты мақалалар жинағы», Халық баспасы, 1994 ж., 62-бет.

41. Д.Тихонов. «Х-ХІV ғғ. Ұйғыр мемлекетінің экономикалық және әлеуметтік жүйесі», бұрынғы Совет Одағының «Пәндер» баспасы, 1966 ж., Мәскеу-Ленинград баспасы.

42. Абдуқаюм-қожа, Тұрсын Айюп, Исрапил Юсуп. «Ежелгі ұйғыр жазба ескерткіштерінің таңдамалы жинағы», Шынжаң халық баспасы, 1984 ж., 100-101-беттер.

 

 

IV. Ұйғыр қағандығының хақандары

 

Ұйғырлар – Орталық Азиядағы тарихы ұзақ, мәдениеті көрнекті ежелгі халық. Олар Азияның шығысындағы Хинган тауынан батыста Арал теңізіне дейін, солтүстікте Байқал көлінен оңтүстікте Ұлы Қытай қорғанына дейінгі кең аумақты мекендеген ғұндар, тохарлар, үйсіндер, жужандар, сянбилер, түрктер  және басқа ірі-ұсақ тайпалар сияқты тарихтың сахнасында асқақ беттерді қалдырған. Олар тәуелсіз қағандық құрудың алдында «чиди», «диңлиң», «ғұз», «оғыз», «вуцзе», «вуху», «иву», «ивулу», «гаочы», «юәнхэ», «вэйхэ», «теле», «селі» секілді атаулармен аталған1. Алайда, осы атаулардың бәрі «ұйғыр» сөзінің тарихтағы әртүрлі дыбыстық аудармалары болатын. Ұйғырлар қытайша тарихи материалдарда көрсетілгендей, ғұндардың заманынан бастап сулары мол, өсімдік шөптері шүйгін Моңғолияның даласы, Жоңғар ойпаты, Алтай тауы, Тәңіртаудың етегі және Орталық Азияның жайылымдарында мал шаруашылығы, аң аулау, егін шаруашылығымен шұғылданып келген2. Осы аумақтар оларды өсірген, көбейткен және құдыретке жеткізген. Олар осы жерлерде туылып, Ғұн қағандығы дәуірінде (б.з.д. 209-376 жж.) ғұндардың, Жужан қағандығы заманында (402-552 жж.) жужандардың, Көктүрк қағандығы дәуірінде (552-745 жж.) түрктердің бұқарасы болып, 605 ж. тәуелсіз саяси күш ретінде тарихтың сахнасына шыққан-ды.

1. Сүкүн-эркін.

Сүкүн-эркін – Ұйғыр қағандығының негізін қалаушы. Ол яғлақар тайпасынан шыққан3. Кейбір деректерде «Теркін-эркін», «Текин-эркін»4 деген есімдермен аталған.

605 ж. Батыс Түрк қағандығының (583-657 жж.) екінші хақаны Низук Қара-қаған теле тайпаларының (ұйғырлар, сир-тардуштар, барғұттар, тоңралар және басқалар) бүлігін рақымсыздықпен басып-жаншыған кезде, ол Батыс Түрк қағандығына қарсы жаңадан ұйымдасқан «теле тайпалары одағының» басшысы ретінде ортаға шығып, ұйғырларды тұңғыш рет бір байрақтың астына жинаған. Батыс Түрк қағандығынан бөлініп шыққан олар өз тәуелсіздігін жариялаған. Сүкүн-эркін ұйғырларды біріктіргеннен кейін Батыс Түрк қағандығымен ұдайы соғысып, өзінің ықпалын Тәңіртау тауының оңтүстік аймақтарына және Дунхуаң ауданының батысына дейін жеткізген5. Тиісті деректерге негізделгенде, айрықша батыр және парасатты кісі болған Сүкүн-эркін түрктерге қарсы көп рет жеңісті айқастар жүргізген. Кескінді де парасатты болған оның әйелі Орқұн-қатын да қауымдардың ішінде орын алған оқиғаларды үзілді-кесілді тыныштандырып,6 түрктерге қарсы жаңа одақтың негізін салған. Алайда, 618 ж. Батыс Түрк қағанатының тағына Тұн-ябғу қағанның шығуымен Батыс Түрк қағанаты ерекше жылдам қуатты болып, «теле тайпалары одағының» бүлігін тыныштандырған. Осылайша Сүкүн-эркіннің басшылығындағы «теле тайпаларының одағы» 627 ж. дейін Батыс Түрк қағандығының билігі астына түскен. Өз кезегінде, Сүкүн-эркіннің басқа іс-әрекеттері және ақырғы билік кезеңі туралы жеткілікті мәліметтерге ие емеспіз.

2. Бұсат-текін.

Бұсат-текін – Сүкүн-эркіннің баласы. Ол әкесі қайтыс болғаннан кейін ұйғырлардың жолбасшысы болған. «Жаңа Таңнама» жылнамасының «Ұйғырлар туралы қисса» бөлімінде жазылғандай, Бұсат-текін өжет, батыл, мерген болған, ұрыстарға әрқашан өзі бастап кіретін. Шабуыл жасағанда жеңбей қоймайтын, жеңілгендерді міндетті түрде бағындырған. Сондықтан ұйғырлар өте жылдам күшейіп, 627 ж. сир-тардуш, барғұт, тоңра, байырқұ тайпаларымен бірлесе көтеріліске шығып, Шығыс Түрк қағандығының (583-630 жж.) солтүстік шекарасына шабуыл жасаған7.

Көтерілісшілер Бұсат-текінді өздерінің басшысы етіп тағайындаған. Осындай ахуалда Шығыс Түрк қағандығының ең ақырғы хақаны Еліг баласы Юқұқ-шадты 100 мың адамдық қосындарға қолбасшы етіп, көтерілісті тыныштандыруға жіберген. Балишән тауында (Мацзуңшән тауы, Жайлы тау деп те аталған) сұрапыл шайқас болып, Бұсат-текін басшылығындағы 5 мың адамдық ұйғыр қосындары түрктердің 100 мың адамдық қосындарын толығымен талқандаған8.

Осы шайқастағы жеңістің арқасында ұйғырлардың ызбар-сесі Солтүстік Азияның даласын дүрліктірген. Сол жылы Бұсат-текін Туғла өзенінің бойында «Ұйғыр қағандығын» (Туғла Ұйғыр қағандығы, Тоғыз Ұйғыр қағандығы деп те аталады) құрып, өзін «Елтебер» (кейбір деректерде Алп Ор-элтебер деп алынған) деп атаған. Осы оқиғадан кейін татаби мен қитан тайпалары және Шығыс Түрк қағандығына бағынған Орта Азияның соғдылары Бұсат-текінге қызу қосылып, арт-артынан көтеріліске шыққан.

628 ж. Алтай тауындағы сир-тардуш тайпалары бүлік көтеріп, Шығыс Түрк қағандығының ордасы – Өтүкен тауын иеленіп, «Сир-тардуш қағандығын» құрған.

630 ж. Бұсат-текін Таң патшалығының қосындарына сүйеніп, Шығыс Түрк қағандығын жойған. Содан бастап ұйғырлар осы қағандықтың жеріне бірден-бір қожайын болған.

3. Түмед.

Түмед – Бұсат-текіннің баласы. Ол әкесі қайтыс болғаннан кейін Ұйғыр қағандығының тағына мұрагерлік еткен. Кейбір деректерде ол «Тұрымтай», «Ұлы-елтебер», «Құтлық-елтебер Түмет», «Құтлық Түмед»9 сияқты есімдермен аталған. Таққа отырғанына ұзақ болмаған Түмед Гоби шөліндегі күшті қарсыластары – сир-тардуштарға қарсы соғыс бастаған. Таң патшалығы қосындарының сүйемелдеуімен 646 ж. маусымда ол Сир-Тардуш қағандығын жойған. Сонымен бір уақытта ол телелердің 13 тайпасына басшылық етіп, оңтүстікке жорық жасаған және өз ықпалын Хуаңхэ өзенінің солтүстік жағалауына дейін жеткізген. Таң патшасы Тайцзуң (627-650 жж.) оның жетістіктерін құттықтап, Таң әулетінің әдеті бойынша оны «Тәлім-тәрбие құшқан ұлы санғұн», «Дешті-мекеннің тұтұқбегі»10 деген мансаптармен марапаттаған. Түмед екі тараптың арасындағы сауда қатынастарын күшейту мақсатында, Таң патшасы Тайцзуңнан Ұйғыр қағандығының оңтүстік бөлігінен Таң әулетінің сарайына баратын сауда жолы – «Тәңір-қағанның жолын» салуды талап еткен. Таң патшасы Тайцзуң бұл ұсынысты қабылдап, жаңа сауда жолын және жол бойында 68 керуен-сарай салып, сауда жолын жетілдірген. Содан бастап Ұйғыр қағандығы және Таң патшалығы арасында тығыз сауда байланыстары орнатылып, тараптар әлеуметтік жағынан және экономика тұрғысынан зор өрлеу жаратқан.

648 ж. қазанда ұйғырлардың арасында жаугершілік туылып, Түмед өзінің жиені Өге (Үгүр, Оғыз) тарапынан өлтірілген11.

4. Баян.

Баян – Түмедтің баласы. Әкесінің қазасынан кейін ол Таң патшалығының қолдауымен билікке келген. Таң әулеті оған «Даланың тұтұқбегі», «Сол қанат қайсар күзетші санғұн», «Оң қол қорғаушы ұлұғ санғұн»12 құрмет атақтарын берген. Баян билік еткен заманда Ұйғыр қағандығын нығайту үшін көп күш салған.

651 ж. шілдеде Батыс Түрк қағандығының билеушісі Ішбара-қаған Бешбалық шаһарын басып алғанда, ол 50 мың адамдық атты әскерлерімен осы шаһарды қайтарып алған.

656 ж. Таң патшалығының қосындары Ішбара-қағанға қарсы жазалау жорығын бастаған кезде, өзі қосындарын бастап шығып, Чоғай мен Жиняшән тауларындағы шайқаста түрк қосындарын күйреткен. Осы ахуал Батыс Түрк қағандығының тез күйреуін келтірген.

661 ж. ол көптеген қосындарға басшылық етіп, Таң патшалығының Кореяға жасаған соғыс жорығына қатысқан және сол жылы қаза тапқан.

5. Соғұрдұ-бек.

Соғұрдұ-бек – Баянның баласы. Ол әкесі қаза тапқаннан кейін таққа мұрагерлік еткен. Ол билікке келе сала зор қосындарды бастап Таң патшалығының солтүстік шекаралық аудандарына тиіскен һәм есеп-қисапсыз соғыс олжаларына кенелген. Таң әулеті Чжең Жентай, Лю Шэли, Сюэ Энгуй және басқа санғұндардың басшылығындағы 100 мың адамдық үлкен армияны ұйғырларға қарсы тұруға аттандырса да, бірақ шайқаста ауыр жеңіліске ұшыраған. Сонымен мәселені бейбіт жолмен шешу үшін олар 663 ж. қибар тайпасының басшысы Қаиш-алпты жарастырушы елші етіп тағайындап, оны Соғұрдұ-бектың алдына өзара келісу ниеті болғанын ұқтыруға жіберген. Нәтижеде, Таң әулетінің осы шарасы бір мезгіл өнім беріп, екі тараптың арасында жартылай бейбіт жағдай қалыптасқан. Өз кезегінде Соғұрдұ-бектің басқа іс-әрекеттері және қайтыс болған жылы туралы анық мәліметке ие емеспіз.

6. Туғучуқ.  

Туғучуқ - Соғұрдұ-бектің баласы. Оның заманында Ұйғыр қағандығы өте қиын ахуалға тап болған. 679 ж. Құтлық-қаған Кейінгі Түрк қағандығын құрған соң, Туғла, Селенгі және Орхон дарияларының алаптарындағы ұйғырлар түрктердің үздіксіз шабуылдарына ұшырай бастаған. Әсіресе Кейінгі Түрк қағандығының екінші хақаны Қапағанның заманында (691-716 жж.) Ұйғыр қағандығы ауыр соққыға ұшырап, ұйғыр тайпаларының бір бөлігі еріксіз Хэси дәлізі аумағындағы Гәнсу, Ляңчжоу секілді жерлерге көшіп келген. Бұл – ұйғырлардың сол мезгілдегі алғашқы рет кең көлемді көшуі болатын. Осындай жағдайда қағандықты сақтап қалу үшін әуелгі орнынан көшкен Туғучуқ Кейінгі Түрк қағандығының қосындарына қарсы қанды шайқастар жүргізген.

715 ж. ол қайтыс болған.

7. Водбербек.     

Водбербек – Туғучуқтың баласы. Әкесі қайтыс болғаннан кейін ол таққа мұрагерлік еткен, 715-719 жж. ел билеген. Водбербектің заманында Ұйғыр қағандығы бір мезет күшейіп, Кейінгі Түрк қағандығымен бәсекелесетін күшке ие болған.

716 ж. Водбербек қыруар қосындарға басшылық етіп, Кейінгі Түрк қағандығының қосындарын ойсырата талқандаған һәм Қапаған-қағанды өлтірген. Алайда, Қапағанның орнын басқан Білге-қаған ұйғырлардан өш алу мақсатында шабуыл жасап, Ұйғыр қағандығын қатты шығынға ұшыратқан. Осылайша, ұйғыр тайпаларының бір бөлігі Ұлы Қытай қорғаны жаққа көшіп келіп, Таң патшалығымен елдескен. Таң әулеті ұйғырлардың осы тармағын Шәнси өлкесінің шекарасына жақын жердегі Цзин'уцзюн қонысына орналастырған13. Бұл – ұйғырлардың сол кезеңдегі екінші рет кең көлемді көшуі еді.

719 ж. хақан Водбербек қайтыс болған.

8. Өгтенан.

Өгтенан – Водбербектің баласы14. Оның негізгі әрекет еткен аумағы Хэси дәлізі болған. Ол осында бір мезгіл Таң әулетінің қорғауы астында жүрген. Алайда, ол 722 ж. ұйғырларға басшылық етіп көтеріліске шыққан және Таң патшалығының Батыс өңірмен арадағы сауда жолдарын үзіп жіберген. Таң патшалығы өте көп қосындарын іске салып, ұйғырларға тиіскен. Нәтижеде, Хэси дәлізінің Гәнчжоу мен Ляңчжоу аймақтарындағы ұйғыр жұртының бір бөлігі өз жерін тастап, Орхон өзенінің алабына қайтқан. Ұйғыр ұлысының тағы бір бөлігі өз орнында қалған. Өгтенан хақан ретінде Таң әулетіне қарсы осы реткі соғысқа және ұйғыр тайпаларының көшу ісіне басынан аяғына дейін жетекшілік еткен. Сондықтан ұйғыр тайпалары оны әрдайым құрметпен еске алған. Өгтенанның басқа іс-әрекеттері және қайтыс болған уақыты жөнінде сенімді мәліметтерге ие емеспіз.

9. Қошу-қаған.    

Қошу-қаған – Өгтенанның баласы. Ол әкесі қайтыс болғаннан кейін Ұйғыр қағандығының тағына мұрагерлік еткен. Дегенмен, қазірге дейін қолымызда аталмыш хақан туралы жеткілікті мәлімет жоқ.

10. Күлбілге.  

Күлбілге (Құтлық Білге Күл-қаған, Құтлық Білге-қаған) – Қошуханның баласы15. Ол таққа отыра сала Кейінгі Түрк қағандығының ішінде туындаған бірқатар таққа таласу күрестерін және аласапыран дау-жанжалдарды пайдаланып, бұрын шашылып кеткен ұйғыр тайпаларын қайтадан өзінің маңайына топтастырған. Ол басміл, қарлұқ тайпаларымен бірлесіп, 742 ж. Кейінгі Түрк қағандағының хақаны Құтлық-ябғуды өлтірген. Осы оқиғадан кейін біршама күшті болған басміл тайпасының басшысы хақан етіп көтеріліп, ұйғырлар осы қағандықтың сол тарапын (шығыс бөлігін), ал қарлұқтар осы мемлекеттің оң тарапын (батыс бөлігін) иеленген.

745 ж. Күлбілге Кейінгі Түрк қағандығының ең соңғы хақаны Бэймэйді өлтіріп, Көктүрк қағандығының біржолата жойылғанын жариялаған және сол жылы Бешбалықтағы басміл тайпасына шабуыл жасап, Басміл қағандығын құлатқан. Бұдан соң ол Орхон өзенінің жоғары ағысындағы Өтүкен тауының етегінде ордасын орнатып, Ұйғыр қағандығының жалғасы болған «Орхон Ұйғыр қағандығын»16 құрған. Қағандық Ордубалық (Қарабалғасұн) шаһарын астана еткен.

Күлбілге Орхон Ұйғыр қағандығын құрғаннан кейін төмендегідей шараларды қолданған:

1. Ол сыртқы қауіпті жойып, қағандықты нығайту үшін баласы Моюнчұрмен (Қара-қаған, Баянчұр) бірге кең көлемді жаулау соғысын жүргізген. Оның атты әскерлері барған жерінде жеңіске жетіп, солтүстікте Байқал көлінің маңайындағы тува, құрықан тайпаларының аумағына дейін, оңтүстікте Ұлы Қытай қорғанына дейін, батыста Енесей өзенінің бойы және Тәңіртау тауының солтүстік сілемдеріндегі қырғыз тайпаларына, сарттардың мекеніне дейін, шығыста Хинган тауындағы ширви, татаби, қитан тайпаларының мекеніне дейін жеткен. Осылайша ұйғырлар Солтүстік Азия даласындағы қуатты күшке айналып, солтүстікте Байқал көлі мен Саян тауынан, оңтүстікте Гоби шөліне дейін, шығыста Ергуна дариясының алаптары және Хинган тауынан батыста Тәңіртаудың сілемдері һәм Алтай тауына дейінгі жерлерді тұтастырған17.    

2. Күлбілге қағандықтың ішкі істерін реттеу үшін ерекше қысқа уақыт ішінде біршама мүлтіксіз билік аппаратын құрған. Қағандықта «хақан» (қаған) ұйғырлардың дәстүрлі көзқарасы бойынша «Тәңірдің ұлы», «елдің жоғарғы билеушісі» деп есептеліп, мемлекеттің барлық саяси, әскери, экономикалық билігін өз қолында шоғырландырған. Хақаннан кейін «қатун» (хақанның әйелі) ең жоғарғы билік пен ерекше құқыққа ие болып, кейде тіпті хақанның атынан билік жүргізген. Ұйғырлар «қатунды» құдды хақан сияқты құрметтеген. Өйткені, олар өздерінің дәстүрлі көзқарасы бойынша «қатунды» бүкіл мемлекеттің тәрбиешісі (үйретушісі) деп қараған. «Қатуннан» қалса «текін» (шахзада), «ябғу» (екінші дәрежелі хақан), «шад» (бағындырылған тайпаларға жіберілген әскери санғұн) секілді мансаптылар мемлекеттің маңызды билігін ұстаған. «Ябғу», «шад» әдетте хақанның туыстары немесе текіндерден тағайындалған. Бұдан басқа, тағы «елтебер» (бағындырылған тайпалардың кіші хандары), «тархан» (әкімшілік аудандардың әскери қолбасшылары), «бұйрық» (әкімшілік аудандардың басшылары), «бек» (аймақтардың басшылары), «тутун» (тайпа басшылары) секілді жергілікті мансаптылар да болған. Олар жергілікті әскери-әкімшілік істерді біртұтас басқарған. Одан басқа, Күлбілге Таң патшалығының ықпалымен «дуду» (тұтұқ) мансабын енгізген. Тиісті материалдарға негізделсек, сол кезеңде Ұйғыр қағандығында жалпы саны 28 асқан мансап түрлері болған екен18.

Демек, Күлбілге жоғарыдағы іс-қимылдар мен шаралар арқылы бір жағынан өз билігін күшейткен, сондай-ақ бір жағынан Ұйғыр қағандығын әскери, саяси, экономикалық, әкімшілік жақтарынан жаңа бір тарихи дәуірге бастаған. Сол себепті, Таң әулеті оның табыстарын құттықтап, оны «Әділ жолды тұтқан ваң», «Кіршіксіз таза қаған», «Сол қол жақын ұлы санғұн», «Құтлық Білге Күл рақымды қаған»19 сияқты құрмет атақтарын тарту еткен.

747 ж. ол қайтыс болған.

11. Моюнчұр.

Моюнчұр – Күлбілгенің баласы20. Ол әкесі қайтыс болғаннан кейін таққа мұрагерлік етіп, 747-759 жж. ел билеген. Моюнчұр билікке келе сала өте қиын ахуалға тап болған. Алдымен оның үлкен баласы Тайбілге-тұтұқ оғыздар, татарлар және қарлұқтардың қолдауымен қағандықтан теріс айналып21, өзіне қарсы қанды шайқастарды жүргізген. Бұндай ахуалда Моюнчұр өте кескінді шаралар қолданып, үлкен баласының бүлігін біржолата тыныштандырған және оны өлімге кесу туралы үкім шығарған. Бұл ахуал қағандықты ішкі дау-жанжалдардан бір мезгіл босатқан еді. Сонымен Моюнчұр бүлікшілерді қолдап, қағандыққа қарсы шыққан тайпаларды қайтадан бағындыру үшін бірқатар сұрапыл соғыстарды жүргізген. Ол әуелі солтүстікке жорық жасап, чик, қырғыз, қарлұқ және түрктерді жеңген һәм оларды Ұйғыр қағандығына алым-салық төлеуге мәжбүр еткен. Екінші қадамда, ол 755 ж. батысқа және солтүстік-батысқа жорық жасап, осы аумақтарда көтеріліске шыққан басміл, қарлұқ, түркеш және басқа тайпалардың бүлігін біржолата тыныштандырған. Үшінші қадамда, ол Таң патшалығында бұрқ еткен Ән Лушән (Рұхсан) мен Ши Сымиң бүлігін (755-762 жж.) басып-жаншуға қатысып, Таң патшасы Суцзуңның (756-762 жж.) айрықша ілтипатына жеткен. Таң патшасы Суцзуң Моюнчұрдың әскери жәрдем бергені үшін Ұйғыр қағандығына әр жылы 20 мың орам жібек мата беруді бекіткен және Моюнчұрға өзінің кіші қызы Ниңгу-ханшаны алтын мен күмістен жасалған көптеген әшекей бұйымдарымен бірге ұзатқан22.  

Моюнчұр осы іс-әрекеттердің арқасында әкесі қайтыс болғаннан кейін туылған бытыраңқы ахуалды жойып, қағандықты жаңадан зор күш-қуатқа жеткізген. Оның нақты шаралары туралы 1909 ж. Финляндияның ғалымы Г.Рамстет Моңғолияның Селенгі өзені және Шинэ-Усу көлінің төңірегінен табылған «Баянчұр мәңгі тасында» мынадай естеліктерді анықтаған: «.... Әкем Көлбілге-хақан.... қосындар жіберді.... Мені мыңбасы етіп жіберді. Алды (шығыс) тарапқа барып, Кайраның шығысынан қайтқан.... бағындырып, тағы жорық жасадым.... Тауық жылы.... (745 ж.) халық.... тойып.... үш қарлұқ көңілінде жамандық ойлап, қашып кетті. Батыстағы он оқ халқына (яғни Батыс түрктер) қосылды. Доңыз жылы (747 ж.) талқандадым.... Тайбілге-тұтұқты ябғу деп атады. Кейін әкем хақан қаза тапты. Қарапайым халық етілген.... Қададым, тұтқындадым.... Бір.... (Ол кезде) Бүкегүкке жетіп бардым. Кешкісін күн батқанда шайқастым. Ол жерде шаншыдым. Олар күндіз қашып кетіп, кешке топталды. Бүкегүкте сегіз оғыз, тоғыз татарларды қалдырмадық. Екінші күні күн шыққанда соғыстым. Құл-күңдерім, халқымды Тәңір мен жер сақтады. Ол жерде найза шаншыдым.... Мен Селенгі дариясынан өтіп, қуалауды жалғастырдым. Ұрыста он ерді қолға түсірдім.... Жібердім. «Тайбілге-тұтұқтың әдепсіздігінен, бір-екі басшының көргенсіздігінен менің қарапайым халқым, сіздер мерт болдыңдар. Маған бағынсаңдар, қырғынға ұшырамайсыңдар» дедім. «Қайтадан маған күш беріңдер» дедім.... Жолбарыс жылы (750 ж.) чиктерге жорық жасадым. Ақпанның 14 күні Кам өзенінде оларды талқандадым.... Сол жылы күзде шығыста жорыққа шықтым. Татарларды жауапқа тарттым (жазаладым).... Тоғыз оғыз.... бектері келді.... жауласыпты. Огунбек пен Қара Булуқта отырықтанған қырғыздарға адам жіберіп: «Сіздер қосындарды бастап шығарыңдар, чиктерді де шығарыңдар» депті. «Абай болыңдар, орманда кездесейік!» депті.... Тоғызыншы күні қосындар шығардым.... Тұтұқбасы мен чиктерге 1 мың жауынгер жібердім. Оның одақтастарына қарсы аз сандағы ерлерді жібердім.... Қырғыз билеушісі Көгмен әлі ішіндегі үйде екен. Менің жігіттерім оның атты шолғыншыларын жеңіп, қолға түсіріпті. Қолға түскен тұтқын: «Ханға одақтастары жәрдемге келді, бірақ қарлұқтар көмекке келмеді» депті. Қарлұқ.... Кам өзені.... Ертіс дариясының Арқарбасы деген жеріне мұз қатқандықтан, Арқамыштың төменгі жерінен сал салып өттім. 11-айдың 18-күні оларды кездестірдім. Болчу өзенінде үш қарлұқты мерт қылдым.... Менің мың адамым чик халқын ысырып келді.... Чик халқына тұтұқ жібердім және Ішбара мен тархандарды жібердім.... Қой жылы (755 ж.).... Жайлауда жайландым.... Табғаш патшасы.... беріпті.... Бір қызы, сегіз ұлын тұтқынға алдым.... Қайта қайттым.... Соққы бердім. Ол жерде отырықтанып, 1 мыңдай әскерді аттандырдым. Бақыт жарататын байрақты.... Ол жерде.... халқын.... 2-айдың 6-күні үйіме келдім. Тауық жылы (757 ж.).... барыпты.... Сөзіңізді жиырмай, деді. Қате іс жасамай, деді.... бағынбады.... Соғдақ пен табғаштарға Селенгі дариясында Байбалықты салдырдым....»23.

          759 ж. Моюнчұр қайтыс болған.

          12. Білге-қаған.

          Білге-қаған – Моюнчұрдың екінші баласы. Әкесі қайтыс болғаннан кейін ол таққа шыққан, 759-779 жж. билік еткен. Ол кейбір деректерде «Білге-тархан», «Құтлық Тархан-санғұн», «Тәңір-қаған», «Тәңір Елтұтмыш Бүйік Күлүг іні Білге-қаған», «Інгі-яғлақар», «Ідікан», «Ідікан Муюй-қаған», «Бөгү-қаған», «Елтекін Бұқа-қаған» секілді есімдермен аталған. Ұйғыр хақандарының ішінде атақты қолбасшы һәм мемлекеттік қайраткер болған Білге-қаған билік еткен кезеңде ұйғырлардың күш-қуаты және атақ-даңқы өте жоғары шегіне жеткен. Білге-қаған таққа отырғаннан кейін төмендегідей шаралар қолданған:

          1. Ол Таң патшасы Дайцзуңның (762-780 жж.) ұсынысына сәйкес, таңдаулы 4 мың шабандозды бастап Лояң шаһарына кірген және осы қаланы басып алған Ши Сымиңның баласы Ши Чао'иді талқандаған. Бұл жөнінде тиісті деректерде сол кездегі бүлікші қосындар басшыларының бірі Ашина Чеңциңнің Ши Чао'иге берген «Егер Таң патшалығының қосындары бөлек келсе, онымен күшімізді аямай соғысуымыз керек. Егер де ұйғырлармен бірге келсе, оның ержүрек күшіне қарсы тұру мүмкін емес. Сондықтан біз Хэ'яңға шегініп, жасырынуға тура келеді»24 деген мағынадағы ұсынысы ерекше нақыл келтірілген. Осы себептен де Лояң шайқасы өте тез аяқталып, ұйғыр қосындары ада-күде Хэбэй өлкесіне баса-көктеп кірген және осындағы бүлікшілердің қосындарын біржолата жеңген. Осы оқиғадан кейін Таң патшасы Дайцзуң Білге-қағанға алғыс ретінде оған және оның әйеліне есеп-қисапсыз мал-мүлікті сыйға тартқан. Ұзақ өтпей, ол тағы Білге-қағанға Бөкү Хуай'эннің қызы Нұрана Сүйүнгіл-қатун мен ханша Чуң Хойды арт-артынан ұзатқан25.

          2. Білге-қаған қағандықтың оңтүстік-батыс жағындағы тыныштықты қорғау үшін 765 ж. бастап тибеттерге қарсы жаппай соғыс бастаған. Содан бастап Ұйғыр қағандығы мен Тибеттің арасындағы ұзақ сауда жолдары және Батыс өңір үшін талас ресми басталған.

          3. Білге-қаған Ұйғыр қағандығының экономикалық қуатын асыру үшін көрші елдермен айрықша тығыз сауда қатынастарын орнатқан. Соның ішінде ұйғырлардың Таң патшалығымен арадағы «жібек мата - жылқы» саудасы ерекше маңызды орында тұрған. Бұл саудада ұйғырлар Таң әулетін әр жылы ондаған мың жылқымен қамтамасыз еткен. Әр жылқының бағасы 40 орам жібек матаға тең болған. Кейінгі кезеңде Таң патшалығы осынша көп жібек маталарды қамтамасыз ете алмай, шекараның сыртынан келетін ұйғыр сәйгүліктерінің санына шектеме де қойған. Дегенмен, сол мезгілде тараптар арасындағы сауда қатынастары бәрібір айрықша жақсы болған.

          4. 762 ж. Білге-қаған Таң әулетінің сарайында болған кезде манихей дінін уағыздаушылармен кездесіп, олардың уағызымен тұңғыш рет осы дінді қабылдаған. Қайтатын кезде ол төрт манихей дінбасысын бірге әкетіп, ұйғырлардың арасында осы дінді таратқан. Арадан ұзақ өтпей, ол манихей дінін мемлекеттік дін етіп белгілеп, жер-жерде ғибадатханалар салдырған. Осы себепті, ол манихей дінбасыларының төтенше құрметіне бөленіп, манихей қолжазбаларында «ұлы мемлекеттік қайраткер», «ұйғырлардың данышпан қағаны», «манихей дінін дәріптеуші»26 деген атаулармен сипатталған.

Жалпы, Білге-қаған өзінің осы іс-қимылдары арқылы Ұйғыр қағандығын зор құрмет-беделге көтерген. Алайда, ол өз билігінің ақырғы кезеңінде өткір алауыздықтарға душар болып, ордадағы соғды мансаптыларының айтақтауымен бас уәзір Тұнбаға және басқа орда мансаптыларының пікіріне құлақ аспай, Таң патшалығына шабуыл жасамақшы болған. Нәтижеде, Тұнбаға 779 ж. ордада саяси төңкеріс ұйымдастырып, Білге-қағанды, оның туған-туыстарын және 2 мыңға жуық соғдыны қырып тастаған27.

13. Тұнбаға.

Тұнбаға – Білге-қағанның тағасы. Ол 779 ж. ордадағы саяси төңкерістің арқасында тақты тартып алған. Тұнбаға кейбір деректерде «Тұнмуку-тархан», «Құтлық Білге-қаған»28 деп те аталған. Тұнбаға билікке келгеннен кейін өзін «Алп Құтлық Білге-қаған» деп атап, Таң патшалығына елші жіберген. Таң патшасы Дэцзуң (780-805 жж.) елші Юән Сю арқылы хат жолдап, оған «әділет жолында қызмет көрсеткен баһадүр-қаған»29 деген құрметті атау берген.

787 ж. Тұнбаға Таң патшасы Дэцзуңға құдаласу талабын ортаға қойған. Таң патшасы Дэцзуң бұл талапты қуанышпен қабылдап, сегізінші қызы Сян Ән ханшаны оған ұзатқан. Бұдан соң Таң патшасы Дэцзуң Тұнбағаға тағы «Құтты да ұзақ өмірлік рақымды Білге-қаған»30 деген атақ берген. Сян Ән ханша Ұйғыр қағандығында 21 жыл өмір сүрген. Ол ұйғырлардың салт-дәстүрлері бойынша Тұнбағадан кейін Тарас, Елкүр, Құтлық секілді хақандарға ұзатылып, 808 ж. дүние салған.

788 ж. Тұнбаға Таң әулетіне хат жолдап, ұйғырлардың сұңқарға ұқсас ержүрек, батыр да шеберлігін суреттеу үшін «Ұйғыр» деген атаудың қытайша дыбыстық аудармасы «Хойхэ» (回鹤) сөзін «Хойгу» (回扢) сөзіне өзгертуді талап еткен. Таң патшасының сарайы осы талапқа келісіп, Тұнбағаға тағы «Тәңірге жақын, ұзын өмірлік қаған»31 деген атақ берген.

Тұнбаға өз билігінің соңғы кезеңінде біраз соғыс қимылдарын іске асырып, тибеттердің дұшпандық әрекеттерін өнімді тойтарған. Олардың шақыруымен Бешбалыққа шабуыл жасаған қарлұқтар мен шадапит түрктерін (шөлдегі түрктер) ойсырата талқандап, Ұлы Жібек жолының дамуына кепілдік еткен. Тұнбаға 789 ж. қайтыс болған.

14. Тарас.

Тарас (Талас) – Тұнбағаның баласы32. Ол әкесі қайтыс болғаннан кейін таққа мұрагерлік еткен. Тарас таққа шыққаннан кейін Таң әулеті мансапты елші Го Фэң арқылы оған «Адал, ақ көңіл, пәк таза қаған»33 деген атақ берген. Дегенмен, Тарас таққа отырғанына бір жыл өтер-өтпестен інісінің қолынан мерт болған.

15. Елкүр.

Елкүр (Ачұр) – Тарастың баласы, 790-795 жж. билік еткен. Ол әкесі өлтірілгеннен кейін ұлұғ бұйрық Елөгенің қолдауымен таққа шыққан. Елкүр билеген заманда қағандық ішкі және сыртқы жағынан бірқатар дағдарыстарға тап болған. Бұндай ахуалда батыл шаралар қолданған ол бас уәзір Елөгенің кеңес беруімен 790 ж. Бешбалықты басып алған тибеттерге қарсы қосындарды аттандырып, осы шаһарды қайтарған. Ұзақ өтпей, тибеттер және олардың одақтастары Бешбалықты қайтадан басып алғандықтан, ұйғыр қосындары Таң әулетінің жасақтарымен бірлесіп, тибеттерге қарсы соғысқан. Алайда, Таң патшалығының қосындары соғыспай-ақ қашып кеткендіктен, осы жолғы соғыс жеңіліспен аяқталған. Нәтижеде, Ұйғыр қағандығының бас уәзірі Елөге Таң патшалығы қосындарының қолбасшысы Яң Шигуді өлтірген.

791 ж. күзде Елкүр тибеттер мен қарлұқтардың бірлескен қосындарына оңдырмай соққы беріп, Бешбалықты қайтадан қайтарып алған34 және қағандыққа төнген сыртқы қауіп-қатерді жойған.

Қағандықтың ішінде бірқатар саяси уақиғалар орын алып, яғлақар тайпасының билігінде түпкілікті өзгерістер болған. Бастапқыда Ұйғыр қағандығы құрылғаннан бастап Елкүр билеген заманға дейін хақандар түгелдей яғлақар тайпасынан шыққан-ды. Алайда, Елкүр билігінің ақырғы кезеңіне келгенде, ұйғырлардың адиз (едіз) тайпасы бірден-бір өркендеп, орданың негізгі билігін иеленген. Елкүр қайтыс болған соң (795 ж.) адиз тайпасынан шыққан уәзір Құтлық-санғұн (Құтлық-қаған) тақты өз қолына түсірген.

16. Құтлық-қаған.

Құтлық-қаған Елкүрден кейін таққа отырған35, 795-805 жж. ел билеген. Ол әуелгіде бір жетім бала болатын. Оны ұйғырлардың үлкен ақсақалы бағып алған-ды. Кейін ол өзінің асыл мінезі, ақыл-парасаты, соғысу шеберлігі, батырлығы және ептілігімен ұйғыр рубасыларының көпшілігін өзіне тартып, ақыры қағандықтың тағына шыққан-ды. Ол өз билігін нығайту үшін Тұнбағаның ұрпақтарының бәрін Таң патшасының сарайына жіберіп, Таң әулетінен «Сенім құшқан қаған» деген атақ алған.

805 ж. Құтлық-қаған қайтыс болған. Оның басқа іс-әрекеттері туралы жеткілікті мәліметтерге ие емеспіз.

17. Күлүг Білге-қаған.

Күлүг Білге-қаған – Құтлық-қағанның баласы. Ол әкесі қайтыс болғаннан кейін таққа мұрагерлік еткен. Күлүг Білге-қаған билікке келе сала Таң патшалығына манихей монахтарын елші етіп жіберген. Содан бастап манихей дінбасылар әр жылы Таң патшалығына келіп, сауда істерімен шұғылданатын болған.

808 ж. Күлүг Білге-қаған қайтыс болған. Осымен адиз тайпасының билігі аяқталып, яғлақар тайпасы қайтадан билікке келген.

18. Алп Білге-қаған.

Алп Білге-қаған Күлүг Білге-қағаннан кейін таққа отырып, 808-821 жж. билік еткен. Яғлақар тайпасынан шыққан ол кейбір деректерде «Бао'и-қаған» (保义可汗), «Ай Тәңір Құт Болмыш Күч Білге-қаған», «Ай Тәңір Құт Болмыш Алп Білге-қаған», «Боянчи-қаған», «Парасатты қаған», «Жеңімпаз Білге-қаған»36 атаулармен аталған. Алп Білге-қаған таққа отыра сала қағандықтың біртұтастығын қорғау үшін көптеген қосындарға өзі тікелей басшылық етіп, Бешбалықты иемденген тибеттермен соғысқан. Тибеттің қосындары жеңіліске ұшырап, Бешбалық қайтадан ұйғырлардың қолына түскен. Артынан ол төтенше дабыралы түрде батысқа жорық жасап, Тәңіртаудың солтүстік пен оңтүстік сілемдеріне әскерлерін кіргізген. Осы жерлерді басып алған тибеттік қосындар да ауыр шығынға ұшыраған. Сонымен Ұйғыр қағандығы Жоңғар ойпаты мен Тарим жазираларындағы билігін күшейткен. Алайда, Алп Білге-қаған билігінің ақырғы кезеңінде қағандық күннен-күнге әлсіреп, солтүстіктегі қырғыздар кең көлемді көтеріліс жасаған37. Олар Ұйғыр қағандығына қатер төндіретін ең үлкен қауіпке айналған. Бұдан басқа, тибеттер де ұйғырларға қарсы көтеріліп, Хэси дәлізін база еткен халде солтүстікке жорық жасаған. Тибеттің жасақтары ұйғырлардың жеріне дендеп енгенмен, ақырғы есепте жеңіліске ұшыраған.

821 ж. Алп Білге-қағанның қайтыс болуымен қағандықтағы дағдарыс одан әрі тереңдеген.

19. Күн Тәңір Күлүг Болмыш Күчлүк Білге-қаған.  

Күн Тәңір Күлүг Болмыш Күчлүк Білге-қаған (Көркем мінезді қаған, Қасиет құшқан қаған) Алп Білге-қағаннан кейін таққа мұрагерлік еткен, 821-824 жж. тақта отырған. Оның Алп Білге-қағанмен арадағы туыстық қатынастары анық емес. Ол билікке келгеннен кейін Таң патшасы Муцзуңға (821-825 жж.) елші жіберіп, құдаласуды талап еткен. Бұл талапқа келіскен Таң патшасы Муцзуң өз қарындасы Тайхэ-ханшаны оған ұзатқан. Бұдан соң Күн Тәңір Күлүг Болмыш Күчлүк Білге-қаған Таң әулетімен достық қатынастарын орнатып, тибеттерге бірлесіп қарсы тұрған.

822 ж. Тибеттің қосындары Таң патшалығының солтүстік-батыс аудандарына кең көлемді шабуыл жасап, Таң әулетін одақ жасауға мәжбүрлеген. Тибеттіктер Таң патшалығынан «Ұйғыр қағандығымен арадағы байланыстарды үзу және оны жоюды» талап еткен. Таң әулеті: «Ұйғырлардың күш-қуаты айрықша зор ғой. Олармен арамызда келісім бар»38 деп тибеттердің жөнсіз талабын қабылдамаған. Сонымен тибеттер Бешбалықтың төңірегіндегі қарлұқтарды құтыртып, осы шаһарды тағы басып алған. Алайда, ұзақ өтпей Күн Тәңір Күлүг Болмыш Күчлүк Білге-қаған аттандырған қосындар Бешбалықтағы тибеттік қосындарды талқандаған.

824 ж. Күн Тәңір Күлүг Болмыш Күчлүк Білге-қаған қайтыс болған.

20. Қазар-текін. 

Қазар-текін – Күн Тәңір Күлүг Болмыш Күчлүк Білге-қағанның інісі, 824-832 жж. билік еткен. Ол ағасы қайтыс болғаннан кейін таққа отырған. Таң әулеті оған «Әдеп құшқан қаған»39 деген құрмет атауын берген.

832 ж. Ұйғыр қағандығының билеуші тобында саяси төңкеріс туылғанда, оны өзінің қол астындағы адамдары өлтірген.

21. Құт-текін.  

Құт-текін (Қоғу-текін, Сар-текін) – Қазар-текіннің інісі, 832-839 жж. билік еткен. Таң әулеті оған «Беделді қаған» (Абырой-бедел құшқан қаған)40 деген атақ берген. Құт-текіннің заманында қағандықтың саяси жағдайы ерекше шиеленісіп, бағынышты елдер арт-артынан көтеріліске шыққан.

836 ж. Енесей дариясының бойындағы қырғыздар бүлік көтеріп, тәуелсіздігін жариялаған. Осылайша біртұтас Ұйғыр қағандығы алғашқы қадамда бөлініп, ұйғырлардың күш-қуаты бұрынғыдан әлдеқайда әлсіреген.

839 ж. ордада ауыр дүрбелең туылып, Құт-текін саяси төңкеріс жасауға әрекеттенген уәзір Инаюн Күл мен шахзада Сайғаны өлім жазасына кескен. Осы істен наразы болған бас уәзір Қара Бұлұқ (Қара Қову) дереу дүрбелең көтеріп, орданы басып алған. Нәтижеде хақан Құт-текін өз-өзін өлтірген.

22. Қову-текін.

Қову-текін (Қошувұ-шад) Құт-текіннен кейін таққа шыққан. Оның Құт-текінмен арадағы туыстық қатынастары анық емес. Қову-текіннің заманында қағандықта табиғи апаттар ерекше күшейіп, сан-санақсыз төрт түлік мал қырылған. Қағандықтың бүкіл жерін жұттан қырылған қойлар мен жылқылардың сүйек қаңқалары қаптаған41. Оның үстіне, Ұйғыр еліндегі ашаршылық, оба ауруы және тоқтамай жауған қалың қар қыруар мал мен адамдардың мерт болуына әкелген. Осы ахуал Ұйғыр қағандығының жойылуына түрткі болған.

840 ж. ұйғыр санғұндарының бірі Күлүг Баға хақан Қову-текінге ренжіп, қырғыздар жаққа өтіп кеткен және олардың 100 мың адамдық атты әскерін бастап келіп, Қову-текін мен бас уәзір Қара Бұлұқты өлтірген. Осы оқиғада Ұйғыр қағандығының астанасы Қарабалғасұн шаһары қырғыз қосындарының ауыр дәрежеде ойрандауына ұшырап, түгелдей қирандыға айналған42. Сонымен ұйғыр жұртшылығы тарыдай шашылып, өз көсемдерінің басшылығында тарап-тарапқа көше бастаған.

23. Ұка-текін.

Ұка-текін (Өгә-текін) – Қову-текіннің інісі. Ағасы қаза тапқаннан кейін таққа мұрагерлік еткен. 840 ж. Қарабалғасұн шаһары қолдан кеткеннен кейін Ұка-текін хақан ордасына тікелей қарайтын ұйғыр жұртының 13 тайпасын оңтүстікке бастап көшкен. Ол көшу барысында қырғыздардың уысына түскен Таң патшалығының ханшасы Тайхэні олардан тартып алып, үздіксіз оңтүстік тарапқа жүріп, Хуаңхэ өзенінің қолтығындағы Таң патшалығының жеріне жеткен және осы жерлерге бұрын көшкен ұйғыр тайпаларына қосылған. Арадан көп өтпей, Ұка-текін Таң сарайына елші жіберіп, Тяндэ қаласын (қазіргі Ішкі Моңғолиядағы У'ян ауданы) жалға беруді және астық, сиыр-қойлармен қамдауды, соның ішінде Таң патшалығына бағынған бауыры Үнмішті қайтаруды талап еткен. Алайда, Таң әулеті астық пен жем-шөп беруге келісіп, басқа талаптарды қабылдамаған. Нәтижеде, Ұка-текін көптеген қосындармен Таң патшалығының солтүстік шекарасындағы Сянчжоу, Тяндэ, Цзин'у, Юншуй және басқа жерлерге арт-артынан шабуыл жасап, басып кірген һәм осы аумақтарды ауыр дәрежеде талан-таражға салған.

846 ж. ол уәзірі Ейнчұрдың қолынан қаза тапқан.

24. Окнер-текін. 

Окнер-текін – Ұка-текіннің інісі. Ағасы қаза тапқаннан кейін уәзір Ейнчұрдың көмегімен таққа шыққан. Окнер-текіннің билікке келуімен Таң патшалығы көптеген жасақтарын шығарып, 847 ж. ұйғырларды шабуылдаған. Осы соғыста ұйғырлар қатты жеңіліп, шірви тайпасын паналаған. Алайда, Таң әулетінің шірвилерге жасаған басымынан Окнер-текін әйелі Қарлұй, баласы Дос-текін секілді он шақты кісімен ғана батысқа қашқан және кейін із-дерексіз жоғалған. Шірвилерді жеңген қырғыз қосындары қалып қалған ұйғырларды Гоби шөлінің солтүстігіне әкеткен. Жол үстінде қашып кеткен ұйғыр тайпаларының бір бөлігі тауларда, далада және ормандарда жасырынып, кейіннен із-дерексіз ғайып болған. Сонымен Ұйғыр қағандығының 242 жылдық салтанатты дәуірі біржолата аяқталған.                                             

 

Түсініктеме:

1. Амин Тұрсын. «Таримнен тамшы», Ұлттар баспасы, 1990 ж., 513 және 552-беттер; Қажы Нұрқажы. «Қарахандардың қысқаша тарихы», Шынжаң халық баспасы, 1983 ж., 1-бап; Абэ Такео. «Батыс Ұйғырияның тарихын зерттеу», Шынжаң халық баспасы, 1986 ж., кіріспе бөлімі; Құрбан Уәли. «Біздің тарихи жазуларымыз», Шынжаң жас-өспірімдер баспасы, 1986 ж., 210- және 214-беттер.  

2. Чэң Суло. «Таң, Суң әулеттері дәуіріндегі ұйғырлар тарихына қатысты мақалалардың жинағы», Шынжаң халық баспасы, 1994 ж., 50 және 52-беттер; Лю Итаң. «Ұйғырлар жөніндегі зерттеулер», «Чжэңчжуң» кітап басқармасының (Тайвән) 1977 ж. басылымы, «Ұйғырлардың этникалық шығу тегі» бөлімі.

3. Екі «Таңнама» және «Таң әулеті жөніндегі маңызды естеліктер» шығармаларына негізделгенде, ұйғырлар «ішкі тоғыз тайпа» (тоғыз ұйғыр) және «сыртқы тоғыз тайпадан» (тоғыз оғыз) құралған. «Ішкі тоғыз тайпа» ішіндегі яғлақар тайпасы ерекше күшті және хақандар шығатын тайпа болған. Сондықтан осы тайпа әрдайым «ішкі тоғыз тайпаға» жетекшілік қылған.

4. «Шынжаңның жергілікті тарихы», Шынжаң университетінің баспасы, 1992 ж., 200-бет.

5. Лю Цзисяо. «Ұйғыр тарихы» (1-бөлім), Ұлттар баспасы, 1987 ж., 21-бет.

6. Оу'яң Сю, Суң Ци және басқалар әзірлеген «Жаңа Таңнама» жылнамасындағы «Ұйғырлар туралы қисса», 1-бөлім.

7. VI ғ. аяғында және VIІ ғ. басында ұйғыр тайпаларының үлкен бөлігі әлі де Орхон, Селенгі және Туғла өзендерінің алаптарында мекендеген. Алайда, VIІ ғ. басынан басталған Шығыс Түрк қағандығы және Суй патшалығы арасындағы сұрапыл соғыстар ұйғырларға шексіз бәле-апаттар әкелген. Сол себепті, ол кезде Шығыс ұйғырлардың кейбір тайпалары өзінің әуелгі мекені Тәңіртау тауының етектеріне және Жоңғар ойпатына көшіп келіп, Батыс Түрк қағандығының қарамағына өткен. 605 ж. ұйғырлар Батыс Түрк қағандығына қарсы бүлік көтеріп, тәуелсіздігін жариялаған. Алайда, 618-619 жж. Батыс Түрк хақаны Тұн-ябғудың қатты соққысына ұшыраған олар Шығыс Түрк қағандығының басқаруындағы Орхон, Селенгі және Тұғла дарияларының алаптарына көшуге мәжбүр болған. 627 ж. ұйғыр тайпаларының дәл осы тармағы Шығыс Түрк қағандығына қарсы бүлік көтерген.

8. «Ұйғырлардың қысқаша тарихы», Шынжаң халық баспасы, 1989 ж., 70-бет.

9. Әнуар Байтұр, Хайриниса Сыдық. «Шынжаңдағы ұлттардың тарихы», Ұлттар баспасы, 1991 ж., 477-бет; «Ұйғырлардың қысқаша тарихы», 71-бет; «Шынжаңның жергілікті тарихы», 201-бет; Ұйғыр Сайрани орыс тілінен аударған «Ұйғырлар және Батыс өңірдегі басқа түрк халықтарының қысқаша тарихы», Шынжаң халық баспасы, 2000 ж. 157-бет.

10. «Ұйғырлардың қысқаша тарихы», Шынжаң халық баспасы, 1989 ж., 71-бет.

11. Түмедтің өлтірілу себебі мәселесінде әртүрлі көзқарастар бар. Бір көзқарастағы адамдар «Түмед таққа таласу күресінде өлтірілді» дейді. Тағы бір пікірдегі адамдар «Түмедтің жиені Үге оны түрктердің Чөбе-қағанына бағынуға мәжбүрлеген. Осы себепті, Түмед өлтірілген» дейді. Үшінші пікірдегі адамдар «Хақан Түмедтің жиені Үге оның әйелімен заңсыз қатынастарда болып келгендіктен, жиені Түмед-хақанға қарсы қастандық жоспарлап, оны өлтірді» дейді. Сондықтан бұл жөнінде ұдайы ізденуді жалғастыруға тура келеді.       

12. «Шынжаңның жергілікті тарихы», Шынжаң университетінің баспасы, 1992 ж., 203-бет.  

13. Лю Цзисяо. «Ұйғыр тарихы» (1-бөлім), Ұлттар баспасы, 1987 ж., 56-бет.  

14. Өгтенан кейбір деректерде «Чең Цзуң» деген есіммен аталған.

15. Күлбілге кейбір деректерде «Күрбала» деген есіммен аталып, «Чең Цзуңның баласы», «Түмедтің алтыншы ұрпақ немересі» деп түсіндірілген.

16. «Орхон Ұйғыр қағандығы» кейбір материалдарда «Тоғыз оғыз қағандығы», «Орхон Ұйғыр қағандығы», «Ұйғыр қағандығы» деп те аталған.

17. Ұйғыр Сайрани орыс тілінен аударған «Ұйғырлар және Батыс өңірдегі басқа түрк халықтарының қысқаша тарихы» (Орталық Азия тарихына қатысты материалдар), Шынжаң халық баспасы, 2000 ж., 161-бет.

18. Әнуар Байтұр, Хайриниса Сыдық. «Шынжаңдағы ұлттардың тарихы», Ұлттар баспасы, 1991 ж., 482-бет.

19. Әнуар Байтұр, Хайриниса Сыдық. «Шынжаңдағы ұлттардың тарихы», Ұлттар баспасы, 1991 ж., 483-бет.  

20. Моюнчұр кейбір деректерде «Тұрян», «Тәңірде болмыш ел етміш Білге-қаған» (Тәңір отырғызған, мемлекетті ұйымдастырған данышпан қаған) секілді есімдермен аталған.

21. Ұйғыр Сайрани орыс тілінен аударған «Ұйғырлар және Батыс өңірдегі басқа түрк халықтарының қысқаша тарихы» (Орталық Азия тарихына қатысты материалдар), Шынжаң халық баспасы, 2000 ж., 162-бет.  

22. Ұйғыр Сайрани орыс тілінен аударған «Ұйғырлар және Батыс өңірдегі басқа түрк халықтарының қысқаша тарихы» (Орталық Азия тарихына қатысты материалдар), Шынжаң халық баспасы, 2000 ж., 167-бет.   

23. Абдуқаюм Қожа, Тұрсын Аюп, Исрафил Юсуп. «Ежелгі ұйғыр жазба ескерткіштерінің таңдамалылары», Шынжаң халық баспасы, 1984 ж., 114- және 122-беттер.

24. Лю Цзисяо. «Ұйғыр тарихы» (1-бөлім), Ұлттар баспасы, 1987 ж., 104-бет.  

25. «Шынжаңның жергілікті тарихы», Шынжаң университетінің баспасы, 1992 ж., 222-бет.

26. Ұйғыр Сайрани орыс тілінен аударған «Ұйғырлар және Батыс өңірдегі басқа түрк халықтарының қысқаша тарихы» (Орталық Азия тарихына қатысты материалдар), Шынжаң халық баспасы, 2000 ж., 168-бет.  

27. Д.Тихонов. «Х-ХIV ғғ. Ұйғыр мемлекетінің экономикалық және әлеуметтік жүйесі», 1966 ж., Мәскеу, Ленинград баспасы, 27-бет.

28. Д.Тихонов. «Х-ХIV ғғ. Ұйғыр мемлекетінің экономикалық және әлеуметтік жүйесі», 1966 ж., Мәскеу, Ленинград баспасы, 28-бет.  

29. «Ұйғырлардың қысқаша тарихы», Шынжаң халық баспасы, 1989 ж., 91-бет.

30. «Шынжаңның жергілікті тарихы», Шынжаң университетінің баспасы, 1992 ж., 223-бет.    

31. «Ұйғырлардың қысқаша тарихы», Шынжаң халық баспасы, 1989 ж., 92-бет.   

32. Тарастың құрмет есімі «Ай Тәңір болмыш Күллүг Білге-қаған».

33. Лю Цзисяо. «Ұйғыр тарихы» (1-бөлім), Ұлттар баспасы, 1987 ж., 124-бет.

34. Тян Вэйцяң. «Гоби шөлінің солтүстігіндегі Ұйғыр қағандығының Батыс өңірдегі іс-әрекеттері және оның нәтижелері», «Батыс өңірді зерттеулер», 2000 ж., 2-сан.

35. Құтлық-қаған кейбір материалдарда «Ай Тәңір Құт Болмыш Алп Құтлық Білге-қаған» деген есіммен аталған.

36. Әнуар Байтұр, Хайриниса Сыдық. «Шынжаңдағы ұлттардың тарихы», Ұлттар баспасы, 1991 ж., 477-бет; «Ұйғырлардың қысқаша тарихы», 71-бет; «Шынжаңның жергілікті тарихы», 201-бет; Ұйғыр Сайрани орыс тілінен аударған «Ұйғырлар және Батыс өңірдегі басқа түрк халықтарының қысқаша тарихы», Шынжаң халық баспасы, 2000 ж. 176-бет.

37. 820 ж. қырғыз басшысы Ажудың жетекшілігіндегі көтеріліс бұрқ еткен. Олардың ұйғырларға қарсы шабуыл жасаған осы соғысы 20 жылға созылған. Қырғыздар соғысқан сайын күшейіп, ақыры Ұйғыр қағандығын жеңетін күшке айналған.

38. «Ұйғырлардың қысқаша тарихы», Шынжаң халық баспасы, 1989 ж., 94-бет.

39. Әнуар Байтұр, Хайриниса Сыдық. «Шынжаңдағы ұлттардың тарихы», Ұлттар баспасы, 1991 ж., 510-бет.   

40. Лю Цзисяо. «Ұйғыр тарихы» (1-бөлім), Ұлттар баспасы, 1987 ж., 131-бет. 

41. А.Малявкин. «ІХ-ХІІ ғғ. ұйғыр мемлекеттері», Шынжаң халық баспасы, 1993 ж., 8-сан.

42. Қырғыздардың Қарабалғасұн шаһарын иемденуі Ұйғыр қағандығының толығымен құлағанынан дерек бермейді. Өйткені бұл уақиға Ұйғыр қағандығының шығыс бөлігіндегі Орхон, Селенгі өзендерінің алаптарында орын алған. Қағандықтың батыс бөлігінде, әсіресе Тәңіртау тауының солтүстік етегіндегі саяси ахуал басқаша болған. Бұл жерлерде ұйғырлардың қолындағы өкімет бұрынғыдай жүргізілген.     

      

 

V. Түркеш қағандығының хақандары

 

Түркеш қағандығы – Батыс Түрк қағандығының бір тармағы болған түркеш тайпасы құрған мемлекет. Бұл қағандық Таң патшалығы 657 ж. жойған Батыс Түрк қағандығының жерінде құрылған, шығыста Іле өзенінің алабынан батыста Каспий теңізіне дейін, солтүстікте Балқаш көлінен оңтүстікте Тәңіртау тауының оңтүстік сілемдеріне дейінгі кең аумақта билік еткен. Аталған қағандықтың заманында Орталық Азиядағы түрк, ұйғыр, түркеш, қарлұқ секілді ұлыстардың тарихында орасан зор өзгерістер болған. Сондықтан осы қағандық хақандарының шежіресіне тоқталу сол кездегі бүкіл Орталық Азияның тарихын зерттеуде өте маңызды мәнге ие.

1. Ұжижла.

          Ұжижла – Түркеш қағандығының негізін салушы1, 699-706 жж. билік еткен. Осы қағандық құрылғанға дейін түркеш тайпасы қазіргі Тарбағатай, Бөрітала аймақтары, Іле өзенінің жоғарғы ағысы және Жоңғар ойпатының батыс бөлігін мекендеген.

VІІ ғ. аяғында күшейген осы тайпа Балқаш көлінің оңтүстік-шығысындағы Жетісу аумағын жаулаған. Тайпаның басшысы Ұжижла билеген заманда түркештер одән әрі нығайып, Шу дариясының жоғарғы ағысын бақылау астына алған.

699 ж. Ұжижла Шу өзенінің алабындағы Суяб шаһарын (қазіргі Тоқмақ ауданының жанында) және Іле өзенінің жоғарғы ағысындағы Гуң'ю қаласын (қазіргі Құлжа қаласының жанына тура келеді) қос астана етіп бекітіп, Түркеш қағандығын құрған.

Ұжижла таққа отырғаннан кейін өзіне «Баға-тархан»2 деген есім беріп, Батыс Түрк қағандығының халқын қайтадан бір байрақтың астына жинаған. Ол өз тайпаларын бөлек-бөлек 20 тұтұқтың басқаруына тапсырып, әрбір тұтұққа 7 мың адамдық таңдаулы қосындарды саптап берген. Сонымен бір уақытта Ұжижла тағы бірқатар жаулау соғыстарын жүргізіп, бұрынғы Батыс Түрк қағанатының барлық жерлерін өз билігі астына алған. Кейінгі кезеңде Орталық жазықтағы Таң патшалығы Түркеш қағандығын мойындап, Ұжижла-хақанға «Кіршіксіз пәк таза және көркем мінезді цзюнваң»3 деген атақ берген. Ол баласы Жәнуды Чаң'ән шаһарына елші етіп жіберіп, әйел патша У Цзэтянге көптеген сый-тартулар сыйлаған.

706 ж. желтоқсанда Ұжижла сырқаттан қайтыс болған.

2. Сога.

Сога (Соқақ) – Ұжижланың үлкен баласы, 706-714 жж. билік еткен. Таққа отырғаннан кейін өз билігін нығайту үшін ол төмендегідей іс-әрекеттермен шұғылданған:

1) Ол Таң әулетімен достық қарым-қатынастарға ерекше көңіл бөлген. Сондықтан Таң патшасы Чжуңцзуң оған «Алтын Мұран цзюнваң»4 деген атақ берген һәм некелесу үшін төрт сарай ханшасын ұсынған.

2) Сога таққа шыққанына көп өтпестен қол астындағы бұрынғы Батыс Түрк қағандығы билеушілерінің ұрпағы саналған Ашина Күлчүрүнің сұрапыл қарсылығына ұшыраған. Сол себептен Соганы қолдаған Таң патшалығы Ашина Күлчүрүге қысым жасап, оны қыспаққа алу туралы шешім қабылдаған. Алайда, Ашина Күлчүрү Таң патшалығының уәзірлері Цзуң Чуйкэ мен Цзи Чутаны сатып алып, Таң патшалығының Әнси бас қорушыбегі мекемесінде (қазіргі Кучар ауданы) орналасқан қосындарды пайдаланып, Соганы тақтан түсірмекші болған. Бұны алдын-ала сезіп қойған Сога дереу қосындарын бастап, 711 ж. қарашада Тәңіртаудың оңтүстігіндегі барлық ұлыстарды басып алған және Күлчүрүнің қастандығын біржолата талқандаған. Осы істен кейін Таң патшасы Жуйцзуң Согаға «Елболған-қаған» деген атақ берген. Түркештер оны құрметтеп: «Он төрт қаған»5 деп атаған. Осылайша Түркеш қағандығының күш-қуаты одан әрі артқан.

Алайда, 712 ж. Соганың інісі Жәну өзіне берілген билік пен жеңілдіктерді қанағат тұтпай, ағасынан теріс айналып, Кейінгі Түрк қағандығының (679-745 жж.) екінші хақаны Моюнчұрды паналаған. Нәтижеде, 714 ж. Кейінгі Түрк қағандығының 20 мың адамдық қосындары Жәнудің жетекшілігінде Түркеш қағандығына қарсы жаппай шабуыл жасап, Соганы тірідей қолға түсірген. Ұзақ өтпей, Кейінгі Түрк қағандығы қосындарының қолбасшысы Бөгү-қаған Жәнуді «ағасына адал болмаған адам маған адал болуы екіталай»6 деп Согамен бірге қосып өлтірген. Түркеш қағандығы бір мезгіл жойылып, оның барлық жерлері Кейінгі Түрк қағандығына қосылған.

3. Сулу.

Сулу түркеш тайпасының чеуіш руынан шыққан, 715-738 жж. билік еткен. Оның Сога-хақанмен мұрагерлік қатынастары айқын емес. Сулу Сога өлтіріліп, түркештер қағансыз қалған мезгілде бірден-бір болып бас көтеріп, қысқа мерзімде бүкіл түркеш тайпаларын қайтадан бір жалаудың астына жинаған. 300 мың адамдық таңдаулы қосындарды ұйымдастырған ол 715 ж. Суяб шаһарында Түркеш қағандығының қайтадан құрылғанын жариялаған. Осылайша түркештер өз дәулетін қайтадан қалпына келтіре бастаған. Сулу Түркеш қағандығын күшейту үшін алдымен Таң әулетіне өшпендікпен қарайтын бұрынғы Батыс Түрк қағандығы ақсүйектерінің ұрпақтары және Батыс өңір үшін таласып жатқан тибеттер мен араб басқыншыларымен құпия келісіп, Тәңіртаудың солтүстік пен оңтүстігінде бірнеше соғыс қимылдарын жүргізген. Осы ахуал Таң патшалығының Батыс өңірдегі билігіне қатты соққы беріп, Таң әулетінің осы өңірде құрған көптеген әскери бекіністерін және әкімшілік мекемелерін ауыр дәрежеде ойрандаған. Дегенмен, кейінгі кезеңде Сулудың Тәңіртаудың оңтүстігіндегі аймақтарға соғыс қимылдарының өршеленуінен кейін ғана Таң патшасы Сюәнцзуң Түркеш қағандығына қарсы жойқын шаралар қолданған: Әнси бас қорушыбегі мекемесі басшысының орынбасары Таң Чжахой, қарлұқ тайпасы мен түрк ақсүйектерінен құралған Ашина Шәннің зор қосындары Сулу-қағанның Тәңіртаудың оңтүстік аумағына жасаған шабуылын тойтарған.

719 ж. Сулу еріксіз Чаң'әнге елші жіберіп, Таң әулетімен достасқан. Таң патшасы Сюәнцзуң оған «Адал қаған» деген атақ беріп, түрк мансаптысы Ашина Хуайдаоның қызын ханша дәрежесінде көтеріп, «Цзинхэ ханша»7 ретінде оған ұзатқан. Артынан Сулу Кейінгі Түрк қағанаты және Тибет билеушілерінің ханшаларына да үйленген. Осылайша Түркеш қағанаты Таң патшалығы және Кейінгі Түрк қағанатымен бір уақытта өмір сүрген. Алайда, арадан көп өтпей Цзинхэ-ханша Күсән қаласындағы Әнси бас қорушыбегі Ду Сянге мол тәкәппарлық қылғандықтан, Ду Сян оның Күсәндегі саудагерлерін тұтқындап, олардың саудаға әкелген 1 мыңнан астам жылқысын аш қалдырып өлтірген. Осы іске қатты ашуланған Сулу 720 ж. ерекше көп қосындармен Күсәнге басып кіріп, қыруар адамдар мен дүние-мүлікті тонап әкеткен. Ду Сян амалсыздан Таң патшасының сарайына жөткеліп, оның орнына Чжао Юнцзин бас қорушыбегі етіп тағайындалған. Бұдан басқа, 734 ж. Сулудың Таң әулетінің сарайына жіберген елшісі Күлтегін Бешбалыққа келгенде, осы қаланың бас қорушыбегі Лю Хуән тарапынан еш кінәсіз өлтірілген еді. Бұған айрықша ашуланған Сулу Бешбалық бас қорушыбегінің мекемесіне және Батыс өңірге кең көлемді шабуыл жасап, Таң патшалығының Батыс өңірдегі билігіне соққы берген. Осы ахуал Түркеш қағандығының Батыс өңірдегі атақ-даңқын зор дәрежеде асырып, Таң патшалығының осы аумақтағы саяси, әскери билігін ауыр дағдарысқа душар еткен.

Алайда, Сулу жылдам күшейіп жатқан мезгілде бұрынғы хақан Соганың ұрпақтары Баға-тархан мен Думужі жаңадан бас көтеріп8, Сулуға қарсы бүлік көтерген. Олар Сулудың рахатқа беріліп, таза ішіп-шіріген орайын пайдаланып, 734 ж. ашық халде көтеріліске шыққан.

738 ж. Баға-тархан мен Думужі Сулуға қарсы бірлескен шабуыл жасап, оны өлтірген.

4. Тоқсан Құтчұр.    

Тоқсан Құтчұр – Сулудың баласы, 738-739 жж. билік еткен. Әкесі өлтірілгеннен кейін ол Баға-тарханмен араздасып қалған Думужінің қолдауымен Суяб шаһарында таққа шыққан. Тоқсан Құтчұр билікке келген кезде, Баға-тархан Таң патшалығының және Ферғана, Ташкент, Кеш (қазіргі Шахрисабз) секілді ұлыстардың қосындарымен бірлесіп, Думужі мен Тоқсан Құтчұрға қарсы соғыса бастаған.

739 ж. Баға-тархан Суяб қаласын басып алып, хақан Тоқсан Құтчұрды қолға түсірген һәм Цзинхэ-ханшаны да Түркеш ордасынан қайтарып шыққан.

5. Баға-тархан.

Баға-тархан - Тоқсан Құтчұрдан кейін таққа отырған. Алғашқыда Таң әулеті оның хақан болғанын қолдамаған. Сондықтан ол Таң патшалығына қарсы соғыс қимылдарын жүргізгені себепті, Таң патшасы Сюәнцзуң ақырғы есепте оның орнын мойындаған. Дегенмен, Баға-тархан билікке келгеніне ұзақ өтпей-ақ қағандықтың тас-талқаны шығып бөлініп, Соганың ұрпақтары және Сулу-қағанның ұрпақтарының арасында сұрапыл ұрыстар болған. Нәтижеде, қағандық ауыр дағдарысқа тап болып, бұрынғы сән-салтанатын бірте-бірте жойып алған және өте қысқа мерзімнің ішінде жаңадан бас көтерген көршісі – қарлұқтар тарапынан құлатылған.                

           

Түсініктеме:

1. Ұжижла кейбір деректерде «Оқчула» деген есіммен де көрсетілген.

2. Әнуар Байтұр, Хайриниса Сыдық. «Шынжаңдағы ұлттардың тарихы», Ұлттар баспасы, 1991 ж., 361-бет.

3. Әнуар Байтұр, Хайриниса Сыдық. «Шынжаңдағы ұлттардың тарихы», Ұлттар баспасы, 1991 ж., 361-бет.

4. «Шынжаңдағы ұлттардың сөздігі», Шынжаң халық баспасы, 1995 ж., 100-бет.

5. «Он төрт қаған» атауы Түркеш қағандығындағы 14 тайпамен байланысты болуы мүмкін.

6. Әнуар Байтұр, Хайриниса Сыдық. «Шынжаңдағы ұлттардың тарихы», Ұлттар баспасы, 1991 ж., 363-бет.

7. «Шынжаңдағы ұлттардың сөздігі», Шынжаң халық баспасы, 1995 ж., 100-бет.

8. Түркеш тайпасының ішінде Сога-хақанның ұрпақтары «сары түркеш», Сулу-қағанның ұрпақтары «қара түркеш» деп аталған. «Сары түркештер» билеуші ру болып есептелген. «Қара түркештер» бұрыннан бері бағынышты орында болған. Сондықтан «сары түркештердің» өкілдері Баға-тархан мен Думужі Сулу-хақан туыстарының барған сайын көбеюіне шыдамай, Сулуға қарсы бүлік көтерген.

 

 

VІ. Гәнчжоу қағандығының хақандары

 

840 ж. Орхон ұйғырлары ішкі талас-тартыстар, табиғи апаттар және қырғыздардың шабуылы нәтижесінде батыс пен оңтүстікке қарап үдере көшкен. Батысқа көшкен тармағы Хэси дәлізі мен Батыс өңірге жетіп, осы аумақтардағы жергілікті ұйғырларға қосылған һәм олармен біріккен халде Гәнчжоу қағандығы, Қочо қағандығы, Қарахандар (Хақания) қағандығы секілді үш мемлекетті құрған. Өз кезегінде осы үш қағандықтың ішінде Қочо мен Қарахандар қағандықтарының жалпы тарихы, соның ішінде осы мемлекеттердегі хақандар шежіресі жөнінде Қытайдың ішінде және шет елдерде кейбір зерттеулер жүргізілді. Алайда, Шығыс елдері және Батыс пен Еуропа елдері арасындағы сауда жолы болған «Ұлы Жібек жолының» шығыс бөлігін 178 жыл бақылауда ұстаған Гәнчжоу қағандығының (850-1028 жж.) тарихы мен хақандарының шежіресі туралы материалдардың шектеулігі, шашыраңқы болуы және қағандар шежіресінің өзара сабақтаспаулығы секілді көп себептерден жүйелі зерттеулер жүргізілмеді.

1. Ормозд.

Ормозд-хақан туралы баяндаудың алдында осы хақан билеген заманнан бұрынғы Гәнчжоу хақандары жөнінде қысқаша түсініктеме беруге тура келеді. Тарихшыларға мәлім, 850 ж. Хэси дәлізіне көшкен Орхон ұйғырлары сол жердегі жергілікті ұйғырлармен бірлесіп, Гәнчжоу қағандығын құрған. Бұл қағандық басқару құрылымы жағынан Орхондағы Ұйғыр қағандығының мемлекеттік құрылысын үлгі етіп, тоғыз уәзірден (үшеуі ішкі істер уәзірі, алтауы сыртқы істер уәзірі) құралған және «текін», «тұтұқ», «сауын» және басқа мансаптар қолданылған жаңаша билік құрылымы іске асырылған. Осы құрылымда ең үлкен билеуші «Тәңір-қаған»1 деп аталған. Алайда, қазірге дейін қолымызда болған Гәнчжоу қағандығының тарихына қатысты қытай тіліндегі деректерде тек ғана Ормузд-хақанның заманынан (Х ғ. 20-жылдары) бұрынғы Гәнчжоу хақандары ғана өздеріне тән есімдермен аталмай, бәлкім «Тәңір-қаған» деген жалпы атаумен аталып келді. Мысалы, Дунхуаңды орталық етіп құрылған «Батыс Хән Алтынтағ бектігі» және Гәнчжоу қағандығының арасындағы қатынастары баяндалған қытай тіліндегі деректерде 907 ж. Шачжоу ауданында тибеттерге қарсы соғысқан Чжаң Ичаоның ұрпағы Чжаң Фэңниң Дунхуаңда өзін «Алтынтағ ақ тонды Тәңірдің баласы» деп атап, Гәнчжоу қағандығына қарсы соғысқаны; Гәнчжоу ұйғырларына басшылық еткен хақан «Тәңір-қағанның» 906-911 жж. Чжаң Фэңниңнің Алтынтағ бектігіне қарсы кең көлемді соғыс жүргізгені; соғыста ауыр дәрежеде жеңілген Чжаң Фэңниң ұйғыр хақанын «Ата-қаған» деп атауға мәжбүр болғаны; Х ғ. басында Чжаң Фэңниңнің мұрагері Цао Ицзиннің Гәнчжоу қағандығына қарсы тағы соғысқаны; ұйғыр хақанының оны қатты басып-жаншығаны; ақыры Цао Ицзиннің құдды Чжаң Фэңниң секілді ұйғыр хақанын «Ата-қаған» деп атауға мәжбүр болғаны арнайы баяндалған2. Сол себепті, Гәнчжоу қағандығы хақандарының шежіресіне тоқталғанда Ормуздтың заманынан бұрынғы ұйғыр хақандарының саны, нақты есімдері, билеген кезеңдері және басқа елдер берген құрмет атаулары туралы анық түсініктеме беру біршама қиын. Оның үстіне, осы дәуірдегі хақандар жөніндегі материалдардан тек қытай тіліндегі жазбалар болмаса, басқа тілдегі тарихи материалдар негізінен жоқ десе болады. Бұл ахуал Ормузд-хақанға дейін жалғасып, оның таққа шыққан уақытынан бастап жан-жақтағы ұйғыр қағандарына қарата қысқаша өмірбаян беріле бастады.

          Ормузд – Х ғ. 20-жылдары таққа отырған Гәнчжоу хақаны. Қытай тіліндегі есімі Жэн Мэй (仁美) жазған «Суң әулетінің тарихы» еңбегінің «Ұйғырлар жөніндегі қисса» бөлімінде көрсетілгендей, Кейінгі Таң патшалығы құрылғаннан кейінгі 2-жылы (924 ж.) патша Туң Гуаң Гәнчжоу қағандығын мойындаған және Ормузд-хақанға «Иң'и» (батыр және әділ) деген құрмет атағын сыйлаған. Содан бастап Гәнчжоу қағандығы және Кейінгі Таң патшалығы басынан аяғына дейін тығыз экономикалық пен саяси қатынастар жүргізіп келген. Кейінгі Таң әулетінің тарихшылары да Гәнчжоу қағандығы билеушілерінің хас есімін тілге алып, кейбір естеліктерді қалдыра бастаған. Мысалы, «Кейінгі Таң әулетінің (923-936 жж.) Туң Гуаң билеген жылдары (923-926 жж.) мемлекет басшысы Жэн Мэй (Ормуздқа) хақанға «иң'и» деген мансап берілді. Жэн Мэй қайтыс болғаннан кейін оның кіші інісі Жэн Ю таққа отырды....», «Туң Гуаңның 2-жылы (924 ж.) Жэн Ю қайтыс болды. Оның інісі Диин Цзу Адрок таққа отырды. Сарайға елші арқылы сый-тартулар жіберді....», «Туң Гуаңның 2-жылы сәуірде ұйғыр хақаны Жэн Мэй 66 кісіні елшілік етіп жіберіп, тоғыз жылқы және басқа өнімдерді сыйға тартты. Сол жылы қарашада Жэн Мэй қайтыс болды. Оның орнына отырған інісі Диин Әнчән-тұтұқ және басқаларды сарайға сыйлықтармен жіберді»3. Осы естеліктерге қарағанда, Ормуздтың таққа отырған уақыты өте қысқа болып, 924 ж. қайтыс болған. Ол билік еткен кезеңде Орталық жазықтағы Кейінгі Таң әулетімен достық қарым-қатынастар жасаған, бірақ қазірге дейін Ормузд-хақанның қашан таққа шыққаны және қалай қайтыс болғаны туралы сенімді мәліметтер жоқ.

          2. Адрок-текін.

          Бес дәуір (Кейінгі Ляң, Кейінгі Таң, Кейінгі Цзин, Кейінгі Хән, Кейінгі Чжоу патшалықтары, 907-960 жж.) кезеңіндегі Гәнчжоу ұйғырлары жөніндегі қытай тіліндегі деректерде хақан Адрок-текіннің есімі әртүрлі айтылады. «Көне бес дәуірдің тарихы» еңбегінің «Ұйғырлар жөніндегі қисса» тарауында «текін» адамның есімі деп көрсетіліп, «Жэн Мэй қайтыс болғаннан кейін інісі Текін таққа мұрагерлік етті» делінген. Сондай-ақ осы деректе: «Текін өлгеннен кейін Адрок таққа шықты» деп жазылған. «Жаңа бес дәуірдің тарихы» еңбегінің «Ұйғырлар жайындағы қисса» тарауында да «Текін өлгеннен кейін Адрок мұрагерлік етті»4 делінген. Демек, жоғарыдағы екі деректе «текін» мен «Адрок» екі адамның есімі ретінде айтылған. Бұл жерде осы екі шығарманың авторлары ұйғыр хақандарының өз перзенттеріне беретін «текін» деген құрмет атағы және «Адрок» деген нақ адам есімін қате халде екі түрлі адамның деп санағаны өте анық. Әрине, «текін» Адрок-хақанның құрмет есімі болып, әдетте «Адрок-текін» деп атау ақылға қонымды. Мысалы, «Көне бес дәуірдің тарихы» еңбегінің «Ұйғырлар жөніндегі қисса» тарауының белгілі бөлімінде «Кейінгі Таң патшасы Туң Гуаңның 2-жылы (924 ж.) қарашада Жэн Мэй қайтыс болып, орнына інісі Адрок-текін шықты»5 делінген. Осы естелік тұрғысынан қарасақ, Адрок-текін ағасы Ормузд қайтыс болған 924 ж. кейін «Адрок-текін» есімімен таққа отырған. Ол сондай-ақ Жэн Ю (仁裕) деген қытайша есіммен аталып, Кейінгі Таң және Кейінгі Цзин әулеттерінің «Шунхуа» (Мәдениет жолымен жүруші), «Фэңхуа» (Мәдениетке құрмет көрсетуші) деген құрмет атауларына ие болған. «Бес дәуір» тарихының материалдарында хақан Адрок-текін жөнінде мынадай қымбатты мәліметтер қалдырылған: «Туң Гуаңның 4-жылы (926 ж.) 1-айда ұйғыр хақаны Адрок ең таңдаулы жылқыларды елші арқылы тарту-таралғы ретінде жіберді», «Тян Чжеңнің 2-жылы (927 ж.) мемлекеттің істерін уақытша басқарушы Жэн Ю патша сарайына Ли Ашән және басқаларды жіберді. Таң патшасы Миңцзуң (925-938 жж.) жіберген елші арқылы Жэн Юге «Шунхуа-хақан» атағын берді. Цзин патшасы Гаоцзу билік еткен заманда оған тағы «Фэңхуа-хақан» атағы берілді, Кейінгі Цзин әулетінің Тянфу жылдары мемлекет басшысы Жэн Юге «Фэңхуа-хақан» атағы берілді. Жэн Ю қаза тапқаннан кейін баласы Цзиң Цюң оған мұрагерлік етті....»6. Осы мәліметтерге негізделсек, Адрок-текін ағасы Ормозд қайтыс болғаннан кейін, Гәнчжоу Ұйғыр қағандығының хақаны ретінде Кейінгі Таң және Кейінгі Цзин патшалықтарына көп рет елші жіберіп, өзара дипломатиялық қатынастар орнатқан. Адрок-хақан қайтыс болғанша (959 ж.) Орталық жазықтағы патшалықтармен достық қатынастарды сақтап келген. Осы қарым-қатынастар өз кезегінде Гәнчжоу қағандығының экономикалық тұрмысын зор дәрежеде байытқан.

          3. Цзиң Цюң (景琼).

          Цзиң Цюң шамамен 959-976 жж. Гәнчжоу Ұйғыр қағандығының тағында отырған. Цзиң Цюң – қытайша есімі. Бұл хақанның түрк есімі туралы Батыс тарихшыларының «[Цзиң Цюң] нағыз есім емес. Бәлкім «хақан» деген түркше сөздің тағы басқаша транскрипциясы»7 деген болжамнан басқа сенімді мәлімет жоқ. Цзиң Цюң – Адрок-текіннің баласы. Адрок қайтыс болғаннан кейін ол билікке мұрагерлік еткен. Бұл жөнінде «Суң патшалығының тарихына қатысты маңызды естеліктер» кітабының «Бағынышты вассалдар» тарауында: «Кейінгі Цзин әулетінің Тянфу жылдарында мемлекет басшысы Жэн Юге «Фэңхуа-хақан» атағы берілді. Жэн Ю қайтыс болғаннан кейін баласы Цзин Цюң оған мұрагерлік етті. Патша Тайцзу Цзянлуң 2-жылының 12-айында Цзиң Цюң сарайға елшілер жіберіп, жергілікті өнімдерді сый-тарту етіп табыстады»8 делінген. Бұдан басқа, Солтүстік Суң патшалығының Цяндэ, Кайбао, Тайпиңсиңго жылдары (963-984 жж.) хақан Цзиң Цюң Солтүстік Суң патшасының сарайына төрт рет елші жіберген һәм Суң патшалығымен тығыз экономикалық қатынастар орнатқан. Нәтижеде, Суң әулеті сарайының тарихшылары Гәнчжоу қағандығының хақандары жөнінде басқа да естеліктер қалдыра бастаған.

          4. Яғлақар Білге.  

          Яғлақар Білге – Цзиң Цюң қаза тапқаннан кейін таққа шыққан Гәнчжоу хақаны. Оның Цзиң Цюңмен арадағы мұрагерлік қатынастары анық емес. Тиісті дереккөздерге негізделсек, Яғлақар Білге билеген заманда Гәнчжоу қағандығы зор дәрежеде қуатты болып, Хэси дәлізін Чжаң Ичаоның ұрпақтарынан және тибеттік күштердің қалдықтарынан толығымен тазалаған. Осылайша Гәнчжоу қағандығы мейлі саяси жағынан немесе экономикалық жағынан Ұлы Жібек жолындағы бір күшке айналған. Хақан Яғлақар Білге жөнінде «Суң әулетінің тарихы» жылнамасының «Ұйғырлар туралы баян» бөлімінде: «Тайпиңсиңгоның 5-жылы (980 ж.) Гәнсу, Шачжоу ұйғыр хақаны Яғлақар Білге Цзи Пэйди басшылығындағы төрт кісіні түйе, соғыс жылқысы, маржан, дүр (янтарь) және басқа бұйымдармен Суң әудетінің сарайына елші етіп жіберді»9 деген естелік қалдырылған. Алайда, кезекте осы хақанның басқа іс-әрекеттері және қаза болған нақты жылы туралы бірыңғай көзқарас пен пікірлер жоқ.

          5. Яғлақар (Чжуңшун Баодэ, 忠顺保德).

          Хақан Яғлақарға тоқталудан бұрын, алдымен «яғлақар» атауы және осы атауға байланысты кейбір мәселелер жөнінде қысқаша түсініктеме беруге тура келеді. Тарихшыларға аян болғандай, «яғлақар» - Ұйғыр қағандығындағы биліктің үстінде тұрған, яғни қаған тағында отырған ұйғырлардың билеуші руының атауы. Әдетте тарихта өткен ұйғыр қағандарының басым бөлігі дәл осы рудан шыққан. Сондықтан бұл рудың бүкіл ұйғырлардың қоғамдық өмірінде алған орны өте маңызды болған. Гәнчжоу қағандығының заманында ұйғыр қағандарының көпшілігі осы рудың мүшелері болған. Сол себепті, «Бес дәуір» кезеңіндегі Гәнчжоу ұйғырларына байланысты тарихи материалдарда Яғлақар Білгеден кейін таққа отырған гәнчжоулық ұйғыр хақандары өздерінің нағыз есімімен жазылмай, бәлкім руының аты болған «яғлақар» атауымен жазылған. Бұл жерде Яғлақар Білгеден кейінгі Гәнчжоу хақандары біртұтас халде «яғлақар» деп аталғаны һәм осы атаудың бірте-бірте олардың тайпасына өзгергені ерекше анық. Сондықтан да қытайша деректерде «яғлақар» есімді ұйғыр хақандарын бір-бірінен айыру үшін олардың қытай тіліндегі құрмет атақтары мүмкіндігінше қосып істетілген. Яғлақар Білгеден кейін таққа отырған хақан Яғлақар Білгеге қытай тіліндегі «Чжуңшун Баодэ» деген құрмет атауы беріліп, ол осы құрмет атағымен басқа «Яғлақар» атындағы хақандардан бөлектенген. Чжуңшун Баодэ 1004 ж. шамасында таққа шығып, 1016 ж. дейін билік еткен. Ол Гәнчжоу билігін нығайту үшін бір жағынан Суң әулетімен тығыз экономикалық қарым-қатынастар орнатқан. Сондай-ақ ол тағы бір жағынан тибеттермен бірлесіп, ілгері-кейін болып, жаңадан бас көтерген таңғұттарға қарсы үш рет кең көлемді соғыс жүргізген10. Бірінші соғыс 1008 ж. жүргізілді. Осы соғыста Яғлақар Чжуңшун Баодэ ұйғыр атты әскерлерлерін бастап таңғұттармен сұрапыл шайқасып, таңғұт қосындарын қолайлы бір жерге шығарып, олардың бәрін қынадай қырған. Олжаланған барша соғыс олжасы халықтың алдында өртелген. Жеңілген таңғұт қосындарының қолбасшысы Ваң Зы өз патшасының ашуынан қорқып, еріксіз Суң патшалығына тізе бүккен. Екінші соғыс 1009 ж. жүргізілген. Осы жолы таңғұттар 20 мыңнан астам жауынгермен Гәнчжоу қағандығының астанасы Гәнчжоу шаһарын қоршаған. Алайда, бірнеше күн өткеннен кейін хақан Яғлақар шаһардағы ұйғыр қосындарын бастап шығып, таңғұт әскерлерін ойсырата жеңіліске ұшыратқан. Үшінші соғыс 1010 ж. орын алған. Бұл жолы бірнеше түмен адамдық таңғұт қосындары ұйғырлар мен Циңхайдағы тибеттерге қарсы жаппай шабуыл жасаған. Алайда, ұйғыр атты әскерлері және тибет халқының иін тіресіп күресуінің нәтижесінде таңғұттардың осы жолғы зор шабуылы түгелдей бытшыт болған. Содан бастап таңғұттар ұзақ мезгілге дейін есіне келе алмаған. Гәнчжоу қағандығы бұрынғыдай қуатты күш ретінде қала берген. Сырттан келетін әскери қауіп-қатерлер де уақытша тоқтаған.  

          1016 ж. хақан Яғлақар Чжуңшун Баодэ қайтыс болған.

          6. Яғлақар Гуйхуа (归化).  

          Яғлақар Гуйхуа – хақан Чжуңшун Баодэнің баласы, 1023-1061 жж. билік еткен. Ол өз өмірін негізінен Гәнчжоу қағандығын нығайту істеріне сарп еткен. Ол таққа шыққан алғашқы мезгілде алдымен Суң әулетінің сарайына елші жіберіп, өзара сауда қатынастарын орнатқан. Суң патшалығымен ұштасатын Ұлы Жібек жолындағы маңызды түйіндерге өз жасақтарын жайғастырған ол сауда жолының қауіпсіздігін қорғаған. Тағы бір жағынан тибеттік зуңги тайпасымен достық қатынастарды күшейтіп, өз қарындасын зуңги тайпасының басшысы Сэруй Слоға ұзатқан. Нәтижеде, қағандықта бір кезең бейбіт жағдай орнаған. Хақан Яғлақар Гуйхуа сондай-ақ өз өмірінде бірқатар әскери шараларды жүргізген.

          1016 ж. таңғұттар Гәнчжоу қағандығы және Суң патшалығы арасындағы сауда жолын үзіп жіберу үшін Гәнчжоу қағандығының Шачжоу мен Ляңчжоу аудандарына кең көлемді шабуыл қозғаған. Хақан Яғлақар Гуйхуа ұйғыр атты әскерлерін жіберіп, таңғұттарды осы жерлерден қуып шығып, бұл аудандарда арнайы қосындарын жайғастырып, сауда жолын қорғаған.

          1016 ж. Яғлақар Гуйхуа жеке өзі қосындарын бастап Ұлы Жібек жолындағы маңызды өткелдер саналған Ләнчжоу мен Увэй аудандарын өзіне қосып алған. Нәтижеде таңғұттардың осы аудандарға әскери қаупі жойылып, Ұлы Жібек жолы одан әрі дамыған. Содан бастап Гәнчжоу Ұйғыр қағандығы және таңғұттардың арасындағы шекарада біраз уақытқа дейін тыныштық орнап, Ұлы Жібек жолындағы сауда-саттық күннен-күнге жанданған.

          1023 ж. хақан Яғлақар Гуйхуа қайтыс болған.

          7. Яғлақар Туңшун (通顺).

          Яғлақар Туңшун 1023 ж. Гәнчжоу Ұйғыр қағандығының тағына шыққан. Оның хақан Яғлақар Гуйхуамен арадағы мұрагерлік (туыстық) қатынастары беймәлім. Суң әулетінің заманындағы тарихи материалдарда бұл хақан жөнінде мынадай естеліктер қалдырылған: «Тяншең 5-жылы (1027 ж.) 8-айда Гәнчжоу хақаны Яғлақар Вән Әндуң және басқа 14 адамды сарайға сый-тарту табыстауға жіберді», «Тяншең 5-жылы 8-айдың 25 күні Гәнчжоу хақаны Яғлақар сарайға елші жіберіп, мүсәтір, мастикс ағашы, жақұт тас және басқа өнімдерді сыйлады....», «Тяншең 6-жылы (1028 ж.) 2-айдың 15 күні Гәнчжоу хақаны Яғлақар елші жіберіп, жақұт, дүр (янтарь), мастикс ағашы және басқа бұйымдарды сыйлады»11. Осы жазбалардан хақан Яғлақар Туңшунның тарихта өткен Гәнчжоу хақандарына Орталық жазықтағы патшалықтармен жақын қатынастарда болғанын көруге болады. Яғлақар Туңшун таққа отырған кезеңде Гәнчжоу қағандығының ақырғы дәуірі, яғни күшті бәсекелестердің Гәнчжоу қағандығының жеріне жан-жақтан қанды шеңгел салған мезгіл еді. Бұндай ахуалда хақан Яғлақар Туңшун Гәнчжоу Ұйғыр қағандығының салтанатын сақтап қалу үшін қаза тапқанға дейінгі көп рет қанды шайқастарды жүргізген.

          1026 ж. таңғұттар алдымен Ләнчжоу ауданына жаппай шабуыл қозғаған, Яғлақар Туңшун тибет елімен бірлесіп, таңғұттардың осы шабуылын түгелдей талқандаған. Сол жылы сондай-ақ таңғұт-қитан біріккен қосындары Гәнчжоу қағандығының астанасы Гәнчжоу шаһарына кең көлемді шабуыл жасаған. Хақан Яғлақар Туңшун ұйғыр атты әскерлерін бастап таңғұт-қитан біріккен қосындарын шегінуге мәжбүрлеген. Демек, осы соғыстарда Яғлақар Туңшун ұйғыр қосындарына өзі қолбасшылық етіп, таңғұттар және қитандармен өмір мен өлім айқасын жүргізген.

          1028 ж. таңғұттар бірнеше түмен қосындармен Гәнчжоу шаһарына қайтадан шабуыл бастаған. Осы ахуалда Гәнчжоудың ұйғырлары хақан Яғлақар Туңшунның басшылығында таңғұттарға қарсы ең ақырғы шешуші шайқас жүргізген. Алайда, екі тарап күштерінің ара-салмағында орасан зор айырмашылық болғандықтан, Гәнчжоу шаһары ақырында таңғұт қосындарының қолына өткен. Яғлақар Туңшун таңғұттарға берілуді намыс көріп, өз-өзін өлтірген. Оның бала-шағасы таңғұттарға қолға түскен. Алайда, Хэси дәлізіндегі ұйғыр жұрты өз жерін сақтау үшін таңғұттарға қарсы тағы ең ақырғы айқасқа әзірлене бастаған.

          8. Яғлақар Баого (宝国).

          Яғлақар Баого – Гәнчжоу қағандығының ең ақырғы хақаны. Ол 1028-1036 жж. хақан болған. Оның хақан Яғлақар Туңшунмен болған туысқандық қатынастары анық емес.

          1028 ж. Гәнчжоу шаһары уыстан кеткеннен кейін Яғлақар Баого ұйғыр қосындарының қалдықтарына басшылық етіп, Хэси дәлізінің батыс бөлігіндегі Сучжоу, Гуачжоу және Шачжоу аудандарында таңғұттарға қарсы қанды айқастар жүргізген. Дегенмен, ақырғы есепте бұл аудандар да таңғұттардың қолына өткен.

          1036 ж. орын алған бір шешуші шайқаста Яғлақар Баого қаза тапқан. Сонымен Гәнчжоу Ұйғыр қағандығы ресми құлап, Гәнчжоу ұйғырларының бір бөлігі Қочо Ұйғыр қағандығына, тағы бір бөлігі тибеттер билік еткен аумаққа көшіп кеткен. Аз бір бөлігі таңғұттардың билігі астында қалған.                             

               

Түсініктеме:

1. Әнуар Байтұр, Хайриниса Сыдық. «Шынжаңдағы ұлттардың тарихы», Ұлттар баспасы, 1991 ж., 576-бет.

2. Чэң Суло. «Таң, Суң әулеттері дәуіріндегі ұйғырлардың тарихына қатысты мақалалар жинағы», Шынжаң халық баспасы, 1994 ж., 128-бет.

3. А.Малявкин. «ІХ-ХІІ ғғ. ұйғыр мемлекеттері», Шынжаң халық баспасы, 1993 ж., 125-бет.

4. Чэң Суло. «Таң, Суң әулеттері дәуіріндегі ұйғырлардың тарихына қатысты мақалалар жинағы», Шынжаң халық баспасы, 1994 ж., 128-бет.

5. Чэң Суло. «Таң, Суң әулеттері дәуіріндегі ұйғырлардың тарихына қатысты мақалалар жинағы», Шынжаң халық баспасы, 1994 ж., 128-бет.  

6. А.Малявкин. «ІХ-ХІІ ғғ. ұйғыр мемлекеттері», Шынжаң халық баспасы, 1993 ж., 125-бет.

7. «Суң әулетінің тарихына қатысты маңызды естеліктер», 197-том, 1-бап, 4-бөлім (А.Малявкиннің «ІХ-ХІІ ғғ. ұйғыр мемлекеттері» кітабының 129-бетінен алынған нақыл).

8. А.Малявкин. «ІХ-ХІІ ғғ. ұйғыр мемлекеттері», Шынжаң халық баспасы, 1993 ж., 128-бет.

9. Чэң Суло. «Таң, Суң әулеттері дәуіріндегі ұйғырлардың тарихына қатысты мақалалар жинағы», Шынжаң халық баспасы, 1994 ж., 146-бет.

10. Һәбиболла Қожа Ләмжини. «Гәнчжоу Ұйғыр қағандығы туралы қысқаша баян», «Шынжаң Қоғамдық ғылымдар зерттеуі» журналы, 1989 ж., 4-сан.

11. Чэң Суло. «Таң, Суң әулеттері дәуіріндегі ұйғырлардың тарихына қатысты мақалалар жинағы», Шынжаң халық баспасы, 1994 ж., 146-бет.

    

 

VII. Идиқұт Ұйғыр қағандығының хақандары

 

840 ж. Орхон ұйғырлары ішкі тартыс, табиғи апаттар және қырғыздардың шабуылынан батыс пен оңтүстікке үдере көшкен. Батысқа көшкен ұйғырлар Пан-текіннің басшылығында үш бағытқа бөлініп, Хэси дәлізі және Батыс өңірге жетіп барған. Олар осы жерлердегі жергілікті ұйғырлармен бірлесіп, Гәнчжоу (Кеңсу) қағандығы, Қарахандар (Хақания) қағандығы, Идиқұт қағандығынан құралған үш мемлекетті құрған. Осы қағандықтардың ішіндегі Гәнчжоу мен Қарахандар қағандықтары билеушілерінің шежірелері жөнінде біраз зерттеулер жүргізілді. Алайда, 500 жылдан астам уақыт дәурен сүрген Идиқұт қағандығы хақандарының шежіресін зерттеу онша жүйелі жүргізілмеді.

1. Пан-текін.

Орхон қағандығы құлағаннан кейін қағандықтың маңызды басшысы болған Пан-текін 15 тайпадан құралған ұйғыр қауымын бастап Алтай тауының батысынан Орталық Азиядағы Шу өзенінің алабына дейінгі жерлерге көшкен және әуелгіде осы аумақта мекендеген қарлұқтарды өзіне қосып алған. Ондаған жыл өткеннен кейін, яғни 856-857 жж. Пан-текін біраз ұйғыр қауымдарымен Тәңіртаудан өтіп, Агни (Қарашаһар) аймағына баса-көктеп кірген және өзін «ябғу» деп жариялаған. Ұзақ өтпей, оңтүстікке көшкен Орхон ұйғырларының хақаны (басшысы) Үге басқалар тарапынан өлтіріліп, ұйғырлар хақансыз қалған. Бұндай ахуалда Пан-текін өзін дереу «хақан» деп жариялап, Агнидегі Юлтуз дариясының алабын өз мемлекетінің алғашқы орталығы еткен. Қағандықтың шығысындағы аумақ сонау Боғда тауына дейін созылып, осы жерде Пан-текінге бағынатын 200 мыңнан астам ұйғыр елі тұрған. Осы ахуал кейінгі кезеңде Идиқұт Ұйғыр қағандығының құрылуына қажетті шарт-жағдайларды әзірлеп берген. Демек, Пан-текін Идиқұт қағандығының негізін салушы, осы мемлекеттің алғашқы хақаны есептеледі.

2. Бөгү-текін.

Бөгү-текін кейбір ұйғыр тіліндегі аударма материалдарда «Бұқа-текін», «Бұқұ-цзюн», «Барқұт-текін», «Бұқа-хан» деген атаулармен аталған. Ол Идиқұт қағандығының екінші хақаны болып, оның тұңғыш хақан Пан-текінмен туыстық қатынастары анық емес.

ІХ ғ. 60-жылдары Бөгү-текіннің басқаруымен Бешбалық аумағында тұратын ұйғырлар бұрын бытыраған басмілдермен бірігіп, тибеттерге қарсы соғысқан.

866 ж. ұйғыр мен басміл тайпаларына басшылық еткен Бөгү-текін тибеттердің бақылауындағы Бешбалық, Румчә, Қочо және басқа шаһарларды қайтарып алған, Қочо мен Бешбалықты орталық еткен халде қуатты Идиқұт қағандығын құрған. Осы аумақтардағы тибеттердің жоғарғы билеушісі Шаң Куңридің басы шабылып, тархан Миғар Таш арқылы Таң патшалығының астанасы Чаң'әнге жіберілген. Бөгү-текін өзін басмілдердің салт-дәстүрі бойынша «идиқұт» (бақыт иесі) деп атаған. Осылайша ол құрған қағандық «Идиқұт билігі» деген атаумен (кейбір деректерде «Батыс аймақ Ұйғыр билігі», «Әнси Ұйғыр билігі», «Қочо Ұйғыр қағандығы», «Тағазғаз», «Тоғыз оғыз» деген атаулар) аталған. Жалпы, Бөгү-текін Пант-текін құрған мемлекеттің негізінде ресми түрде Идиқұт Ұйғыр қағандығын құрған. Сондықтан Бөгү-текін осы мемлекеттің хақиқи негізін қалаушы болып есептеледі.

3. Нагаруіш.

Нагаруіш – сол дәуірдегі Күсән (қазіргі Шынжаң-Ұйғыр автономиялы районның Кучар ауданы) хақаны. Оның Бөгү-текінмен арадағы билік құрылысы жағынан қос хандық жүйесі енгізіліп, Қочо мен Бешбалық үлкен хандықтың, Күсән патшалығының орталығы етілген. Күсән билеушісі жартылай тәуелсіз халде болып, сыртқы саясат жағындағы істерді өз алдына жүргізген, ішкі істерді Қочодағы үлкен қаған – идиқұттың нұсқауы бойынша басқарған. «Суң әулетінің тарихы» жылнамасының (Суңшу) «Күсән шежіресі» және «Суң әулетіне қатысты маңызды жазбалардың жинағы» шығармасының «Вассалдар» тарауында бұл жөнінде «Күсән ұйғырлары – ұйғырлардың басқа бір тармағы. Олар «Батыс өңірдің ұйғырлары», «Батыс өңір Күсән ұйғырлары», «Күсән ұйғырлары» сияқты атаулармен аталады....», «Сянпиң 4-жылы 2-айда ұйғырлар ішіндегі Күсән билеушісі Нагаруіш елші жіберіп, Суң патшалығының патшасына жылқы, түйе, қанжар және боялған аспаптарды сыйға тартты. Суң патшасы бұған жауап ретінде елші арқылы Нагаруішке бір топ жібек мата, күмістен жасалған арақ тостақандарын, бір алтын кемер (белдік) және басқа бұйымдарды сыйға тартты....» деген жазбалар қалдырылған. Бұған негізделсек, сол заманда Күсән билеушісі Идиқұт Ұйғыр қағандығына тәуелді болса да, сыртқы қатынастар жағынан өз алдына тәуелді болған. Бұл жөнінде Солтүстік Суң әулетінің тарихына қатысты деректерде де бағалы мағлұматтар бар. Алайда, сол замандағы Қочо мен Бешбалық қалаларында тұрған үлкен хақан жөнінде әзірше жеткілікті мәліметтерге ие емеспіз.

4. Пражиняталой.  

Пражиняталой – Идиқұт Ұйғыр қағандығы заманындағы Күсән хақандарының бірі. Оның Нагаруішпен арадағы мұрагерлік қатынастары анық емес. Солтүстік Суң әулетінің дәуіріндегі ұйғырлар мен Ішкі Қытайдың экономикалық қатынастарына арналған кейбір деректерде Пражиняталой төрт рет көзге түседі. Мысалы, «Суң әулетіне қатысты маңызды жазбалардың жинағы» еңбегінің «Вассалдар» тарауында: «Тянси алғашқы жылы (1017 ж.) 4-айда хақан Пражиняталой елші Чжаң Хуәнді нефрит, жылқы және дәрі-дәрмектерді тарту етуге жіберді; 6-айда Чжаң Хубән табиғи нефрит, бір жылқы, нефриттен жасалған ер-тұрман мен жүген ауыздығын сыйлады; Тянси 4-жылы (1020 ж.) 12-айда Арсланхан Пражиняталой сарайға елші жіберіп, үлкен құйрықты қой тарту етті; Тяншең 2-жылы (1023 ж.) 4-айда хақан Пражиняталой елші арқылы түйе, жылқы, нефрит, мастикс ағашын сыйға тартты; Тяншең 9-жылы (1031 ж.) 1-айда Күсән хақаны Пражиняталой Ли Янциң және басқаларды елші етіп жіберіп, атақты жылқы, мастикс ағашын және мүсәтір секілді нәрселерді сыйға тартты» деген мәліметтер қалған. Дегенмен, осы дәуірдегі Идиқұт қағандығының үлкен хақаны туралы анық мәлімет жоқ.

5. Білге-текін.       

Білге-текін ХІІ ғ. 20-30-жылдары Идиқұт қағандығының хақаны болған. «Ляо әулетінің тарихы» жылнамасында жазылғандай, Солтүстік Суң әулетінің соңғы кезеңінде шүршіттер солтүстік-шығыс аумақта бас көтерген кезде, сол замандағы жағдайдың қауырт өзгеруі орын алған.

1123 ж. шүршіттер Ляо патшалығының астанасы Янцзиң қаласын басып алған. Екінші жылы патшаның тұқымы саналған Яллуғ Ташин патша Тянцзумен саяси көзқарас жағынан біріге алмай, қосындарының қалдықтарын бастап батысқа қарай қашқан және 1130 ж. 2-айда Идиқұт қағандығының аумағына жеткен. Ол алдымен Идиқұт хақаны Білге-текінге хат жазып, қидандар (қитандар) мен ұйғырлардың тарихтан бері өзара тату-тәтті тұрғанын шын ниетпен мәлімдеу арқылы өзінің Идиқұт қағандығының жерінен өтуді талап еткен. Бұл ахуал хақан Білге-текінді қатты әсерлендірген. Нәтижеде Білге-текін Яллуғ Ташинді Бешбалық қаласына шақырып, оған 600 жылқы, 100 түйе, 3 мың қой сыйға тартқан һәм оның өз аумағынан өтуіне рұқсат берген. Алайда, кейінгі кезеңде Идиқұт қағандығы Яллуғ Ташин құрған Батыс Ляо патшалығының бағынышты еліне айналып қалған. Осы жағдай ХІІІ ғ. алғашқы жылдарына дейін жалғасқан.

6. Асан Темір.

Асан Темір – Батыс Ляо әулетінің соңғы кезеңіндегі Идиқұт Ұйғыр қағандығының хақаны. Оның Білге-текінмен арадағы қарым-қатынастары анық емес. «Юән әулетінің тарихы» жылнамасының «Барчұқ Арт-текіннің баяны» бөлімінде жазылғандай, ол тақта отырған уақытта Қарайғач-бұйрық есімді кісінің өте ақылды екендігін естіп, оны Агни қаласынан арнайы әкеліп, хәкім мансабына тағайындалған. Оның басқа іс-әрекеттері жөнінде мәліметтер жоқ.

7. Барчұқ Арт-текін.

Барчұқ Арт-текін – Асан Темірдің баласы. Ол Батыс Ляо әулетінің соңғы кезеңінен моңғолдар билігінің алғашқы мезгілге дейінгі аралықта Идиқұт Ұйғыр қағандығының хақаны болған. Батыс Ляо әулетінің соңғы кезеңінде қарақитан билеушілерінің Идиқұт ұйғырларын қанауы күннен-күнге ауыр болған. Бұл ахуал Идиқұт ұйғырларының жаңадан бас көтерген моңғолдарға бейімділігін келтірген.

1209 ж. хақан Барчұқ Арт-текін қарақитандардың Қочода тұратын даруғашысын өлтіріп, Моңғол империясының орталығы Қарақорымға елші жіберіп, Шыңғысханның қамқорында болғысы келетінін білдірген.

1211 ж. шақыруға сәйкес Қарақорым шаһарына келген ол Шыңғысханның салтанатты күтіп алуына ие болған. Шыңғысхан өз қызы Алтан-бикені оған ұзатып беретінін және оны өзінің бесінші баласы деп санайтынын білдірген. Алайда, Барчұқ Арт-текін өз әйелінің күндестік етуі себепті, Шыңғысханның қызына үйлену мақсатына жете алмаған. Содан бастап Идиқұт Ұйғыр қағандығы Моңғол империясына бағынышты елге айналған. Хақан Барчұқ Арт-текін өз қосындарын бастап Шыңғысханның бүкіл Орталық Азияны бағындыру соғысына қатысқан.

1218 ж. Шыңғысхан 20 мың адамдық моңғол қосындарын Батыс Ляо патшалығының ең соңғы хақаны Күшлікті жоюға жібергенде, Барчұқ Арт-текін де 300 астам ұйғыр атты әскерлерін бастап Шыңғысханның Күшлікті жою соғысына қатысқан һәм ақырында осы соғыстағы жеңісті жаратқан.

1219 ж. Шыңғысхан Орталық Азиядағы Жаңакент (Яңгикент), Үргеніш, Самарқант, Бұхара, Мерв және Иранның Нишапур шаһарларына жазалау соғысын бастаған. Барчұқ Арт-текін бір түмен ұйғыр қосындарымен басынан аяғына дейін осы соғысқа толық қатысып, алдыңғы шепте қайсарлықпен соғысқан. Сондықтан Шыңғысхан Барчұқ Арт-текіннің басшылығындағы ұйғыр қосындары «ішкі тәртібі күшті де теңдессіз бұл қосындар бізге өте зор үлес қосты» деп мақтаған. Бұдан басқа, Барчұқ Арт-текіннің қолбасшыларының бірі болған Алабарыстың басшылығындағы ұйғыр қосындары 1219 ж. Қашғар, Хотан соғыстарына қатысқан. Ұйғыр қолбасшылары Йолун Темір, Бұлұқ, Гасмары және басқалар Моңғол империясының әскери қолбасшылық істеріне тікелей қатысқан.

1223 ж. Шыңғысхан таңғұттарға қарсы әскери жорық жасаған кезде, Барчұқ Арт-текін де өз қосындарын бастап Шыңғысханмен бірге таңғұттарға қарсы соғысқан. Жалпы, Барчұқ Арт-текін Шыңғысханның Тәңіртау тауының оңтүстік пен солтүстік аймақтары, Орталық Азия, Хэси дәлізі және басқа өңірлерді бағындырудағы әскери ісшараларында ерекше маңызды роль ойнаған. Сондықтан Шыңғысхан Барчұқ Арт-текін билеп-төстеген Идиқұт қағандығының тәуелсіз орын-мәртебесіне толық кепілдік еткен және мирас ету мәселесінде Идиқұт қағандығының жерін өз ұлдарына союрғал етіп бермеген.

8. Чүшмәс (Құсмайын).

Чүшмәс – Барчұқ Арт-текіннің үлкен баласы. Барчұқ Арт-текін қайтыс болғаннан кейін, Чүшмәс Үгедей-ханның алдына тағзым етуге барған. Барчұқ Арт-текіннің ерекше қызметін ескерген Үгедей-хан Чүшмәсті Идиқұт қағандығының билеушісі етіп тағайындаған және өз қызы Арғұн-бикені оған ұзатқан. Найманжин-ханша билік еткен кезде Чүшмәс қаза тапқан. Чүшмәс-хақан жөнінде «Тарихи Жаһанкушаи», «Юән әулетінің жаңа тарихы» жылнамасының «Барчұқ Арт-текіннің баяны» тарауында және басқа тарихи деректерде ішінара жазылған.

9. Салұн-текін.

Салұн-текін – Чүшмәстің екінші інісі. Ол хандықты басқара бастаған Үгедей-ханның тұл әйелі Түргина-қатынның келісім беруі арқасында Идиқұт қағандығының тағына мұрагерлік еткен.

1251 ж. Төленің үлкен баласы Мөңке моңғол мемлекетінің тағына отырғанда, Салұн-текін Идиқұт қағандығының хақаны ретінде Мөңке-ханның ордасына тағзым етуге барған. Ол кезде Мөңке-хан хандықты өз қарсыласы болған Үгедейдің ұрпақтарынан тазалап жатқандықтан, Салұн-текіннің бұрын Үгедейдің ұрпақтарына адал болғанын есте тұтып, Бешбалық шаһарында таралған «Салұн-текін Бешбалықтағы мұсылмандарды қырып-жою туралы бұйрық беріпті» деген жаланы желеу етіп, оны және оның екі уәзірін қорлап өлтірген, оның інісі Үгрүнж-текінді Идиқұт қағандығының жаңа хақаны етіп тағайындаған. Сонымен бір уақытта ол Идиқұт қағандығындағы Үгедейдің ұрпақтарына жақын болған адамдардың басым бөлігін қынадай қырған. Мөңке-хан ұйғырлар мекендеген аймақты бақылауды күннен-күнге күшейткен.

10. Үгрүнж-текін.  

Үгрүнж-текін – Барчұқ Арт-текіннің үшінші баласы, Салұн-текіннің інісі. Джувейнидің «Тарихи Жаһанкушаи» шығармасында көрсетілгендей, Салұн-текін өлтірілгеннен кейін, оның інісі Үгрүнж-текін Мөңке-ханның құзырына тағзым етуге барған. Мөңке-хан оны ағасының орнына тақ мұрагері етіп қойған. Бұл іс 1252-1253 жж. болған. Содан бастап Мөңке-хан мен Үгедейдің ұрпақтары арасындағы саяси күрес Идиқұт қағандығының аумағында да ұласа бастады.

11. Мамұрақ-текін.     

«Идиқұт Қочо хандарының қызметі мәңгі тасы» көрсеткендей, Мамұрақ-текін – Барчұқ Арт-текіннің баласы, Үгрүнж-текіннің інісі. Үгрүнж-текін қайтыс болғаннан кейін таққа отырған.

1258 ж. Мөңке-хан қыруар қосындарды тікелей басшылық етіп, қазіргі Яңцзы өзенінің орта және төменгі ағындарын бойлап, бекіністер салып, қатты қарсылық көрсетіп жатқан Оңтүстік Суң патшалығына жаппай шабуыл бастаған уақытта, ол 10 мың адамдық қосындарын бастап Хэчжоу аймағындағы Дяо'юшән тауына шабуыл жасап, жеңіспен қайтқан һәм Мөңке-ханның мақтауына жеткен. Мөңке-хан 1259 ж. қайтыс болғаннан кейін, ол тағы Құбылай-ханмен бірлесіп Юән патшалығының Қытайды жаулау соғыс қимылдарына орасан зор үлес қосқан.

12. Қочқар-текін.

Қочқар-текін – Мамұрақ-текіннің баласы. Ол 1266 ж. Құбылай-ханның дайындауымен Идиқұт қағандығының хақаны болған. Құбылай-ханға сүйенген ол Құбылайға қарсы бүлік көтерген Үгедей мен Шағатайдың ұрпақтары – Қайду мен Дұваға қарсы соғысқан.

1270 ж. басынан аяғына дейін Қайду Идиқұт еліне тұтқиылдан шабуыл жасап, баса-көктеп кірген. Осы жолғы соғыста Қочқар-текіннің ұйғыр қосындары Құбылай-ханның қосындарына қосылып, бірлесіп соғысқан және Қайдудың бүлікші жасақтарын ойсырата жеңген.

1275 ж. Батыс өңірдің ахуалында шұғыл өзгеріс туылып, Дұва мен Қайду 120 мың адамдық бүлікші қосындарды бастап Қочо шаһарына кенеттен шабуыл жасаған. Осы кезде ұйғыр қосындарына басшылық еткен хақан Қочқар-текін Қочо шаһарын жарты жылдан көбірек уақыт батырлықпен қорғаған. Алайда, екі тарап күштерінің ара-салмағында өте зор айырмашылық болғандықтан, Қочо шаһары ақырында жаулардың қолына өткен. Соғыстан кейін Қочқар-текін Құбылай-ханның ордасына тағзым етуге барған. Құбылай-хан оған Үгедейдің немересі Баһарбикені ұзатып берген және оны 10 мың жамбы күміспен марапаттаған. Содан соң хақан Қочқар-текін еліне оралып, көп өтпей астананы Қочо қаласынан Құмыл шаһарына көшірген. Кейін Қайду тағы бір рет ірі қосындарды бастап Құмылға шабуыл жасағанда, ол өлгенге дейін батырлықпен қарсылық көрсеткен. Құмыл шаһары да қолдан кетіп, оның баласы Нұрын-текін өз елін бастап Гәнсу өлкесінің Юңчаң аумағына көшіп орналасқан.

13. Нұрын-текін.   

Нұрын-текін – Қочқар-текіннің үлкен баласы. Ол 1308-1318 жж. Идиқұт қағандығының хақаны болған. Қочқар-текін өлгеннен кейін, ол өзінің қарамағындағы ұйғыр жұртын бастап Юңчаңға көшкен һәм Юән патшалығымен басынан аяғына дейін тығыз байланыста болған. Құбылай-хан оны арнайы құрметтеп, оған Бұрханбике мен оның сіңлісі Бабачаны әйел етіп берген. Юән патшасы Дэцзуң билеген кезеңде (1312-1321 жж.) бұрынғы әдет бойынша Нұрын-текін Идиқұт елінің қағаны етіп қайта тағайындалған. Юән патшасы Дэцзуң оған Орталық жазықта қолданылатын және Идиқұт қағандығының аумағында қолданылатын екі алтын тамғаны тарту етіп, оған жәрдемдесетін уәзірді тағайындап берген. Бабача-ханша өлгеннен кейін Юән патшасы Дэцзуң Құбылайдың немересі Ананданың қызы Орачин-ханшаны оған әйел етіп берген. Кейінгі кезеңде Нұрын-текін тағы «Алтын шұғылалы төре», «Қағандықтың қорғаушысы» атағымен 10 мың адамдық ұйғыр қосындарын Тибетке бастап кіріп, ұры-қарақшыларды жойып, халықты тыныштыққа бөлеген және ұзақ өтпей Юңчаңнан Қочо қаласына қосындарын бастап барып, осы жерде жаңадан қала салдырған. Ол 1318 ж. қайтыс болған.

14. Темірбұқа. 

Темірбұқа – Нұрын-текіннің үлкен баласы. Үгедейдің немересі Бабача-ханымнан туылған. Ол тақ мұрагері Көтиннің немересі Дүриясманды әйел етіп алып, Юән патшасының сарайында ишикаға мансабын атқарған және Идиқұт қағандығының хақаны ретінде қағандықтың жалпы істерін басқарған. Бұдан басқа, ол сондай-ақ Гәнчжоу, Сучжоу аймақтарында орналасқан Юән патшалығы қосындарының бас қолбасшысы лауазымын атқарған. Кейін Юән патшасының сарайында диуан уәзірі, ең жоғарғы мемлекеттік қайраткер, қара диуан мырзасы, бас ағалық-бегі, диуан бітіктішісі, сол қол уәзір, тәж мұрагерінің гарем істерінің мансаптысы, сарайдың бас тексеруші бегі секілді мансаптарды атқарған.

15. Сәңгі-текін.

Сәңгі-текін – Нұрын-текіннің екінші баласы, Үгедей-ханның немересі Бабача-ханшадан туылған. «Идиқұт Қочо хақандарының қызметі мәңгі тасы» ескерткішінде көрсетілгендей, Темірбұқа Юән патшасының сарайында уәзір болып жүрген мезгілде інісі Сәңгіні Идиқұт қағандығының тағына мұрагер еткен және Юән патшасы Миңцзуңнан інісін «Сәңгі-текін» есіммен Идиқұт қағандығының ресми билеушісі етіп тағайындауды өтінген. Юән патшасы Миңцзуң бұрынғы әдет бойынша, Темірбұқаның інісі Сәңгі-текінді Идиқұт елінің хақаны етіп тағайындаған. Осылайша Сәңгі-текін 1331 ж. дейін тақта отырған.

16. Тайпан (Асайыш-текін).

Тайпан – Нұрын-текіннің үшінші баласы, 1331-1335 жж. билік еткен. Ол Құбылай-ханның шөбересі Орачин-ханшадан туылған. «Идиқұт Қочо хақандарының қызметі мәңгі тасы» ескерткішінде көрсетілгендей, Сәңгі-текін өлгеннен кейін інісі Тайпан Идиқұт қағандығының тағына мұрагерлік еткен. «Жаңа Юән әулетінің тарихы» жылнамасының «Барчұқ Арт-текіннің баяны» бөлімінде баяндалғандай, Сәңгі-текін 1331 ж. інісі Тайпанды Идиқұт қағандығының билеушісі етіп тағайындағаннан кейін қайтыс болған. Тайпан 1335 ж. дейін тақта отырған.

17. Юзтемір.  

Юзтемір – Тайпанның баласы. Ол Тайпан қайтыс болғаннан соң таққа мұрагерлік еткен. 1352 ж. 4-айда Юән патшасы Шундидің бұйрығына сәйкес, ұйғыр қосындарын бастап, бас ағалық мекемесінің басшысымен бірге Сяң'яң, Нән'яң, Дэңчжоу аймақтарына жорық жасаған және осы жерлердегі Шу Шоухой жетекшілігіндегі диқандардың көтерілісін басып-жаншыған. Юзтемір тақта отырған заман Юән әулетінің соңғы кезеңі болғандықтан, ол негізінен Хэнән, Сяң'яң бағытындағы жолдарда тұрып, Юән әулеті үшін қызмет еткен.

18. Саңга.      

Саңга – Юзтемірдің баласы. «Жаңа Юән әулетінің тарихы» жылнамасының «Барчұқ Арт-текіннің баяны» бөлімінде Юзтемірдің Тайпанның тағына мұрагерлік еткені, Юзтемір өлгеннен кейін орнына Саңганың тақ мұрагері болғаны ерекше тілге алынған.

Бұдан басқа, «Юән әулетінің тарихы» (Юән ши) жылнамасының «Шунди патшаның өмірбаяны» бөлімінде 1353 ж. Юзтемір-хақанның Нән'яңда өлгені, оның орнына баласы Саңганың Идиқұт қағандығының билеушісі етіп тағайындалғаны баяндалған. Алайда, Саңга таққа шыққан мезгілде Идиқұт қағандығы әлдеқашан аты бар, заты жоқ қағандыққа айналған-ды.

 

Соңғы сөз

Қазірге дейін жарияланған зерттеулердің нәтижелеріне негізделсек, Идиқұт Ұйғыр қағандығында қанша хақан өткенін, ең ақырғы хақанның кім болғаны, қағандықтың қашан құлатылғаны және соңғы хақандар шежіресінің қандай болғаны сияқты мәселелер айқындалмады. Кейбір деректерде «Идиқұт қағандығы 1277 ж. құлатылған, Қочқар-текін қағандықтың соңғы хақаны» делінген. Тағы кейбір жазбаларда «Идиқұт қағандығы 1353 ж. құлатылған, Саңга қағандықтың ең соңғы хақаны» дейілген. Сол себепті, 1368 ж. Юән әулетінің құлағаннан кейінгі Идиқұт қағандығының тарихына байланысты жазба материалдарының үзік-үзік шығуынан жоғарыдағы мәселелерге абайлаған ұстаным ұстануға тура келеді. Дегенмен, кейбір зерттеушілердің назарынан тыс қалған біраз естеліктер мен жазбалар аталған саланың зерттеушілерін өзіне ерекше еліктіреді. Мысалы, бұл жөнінде: «1393 ж. Идиқұт қағандығы құлатылғаннан кейін Идиқұт ұйғырлары жаппай ислам дініне сенетін болды; 1393 ж. Моғолстан хандығы Идиқұт қағандығын құлатты; 1393 ж. Қызыр-қожа көптеген қосындарын бастап, Тұрфан мен Қарақожа аумағына шабуыл жасады, идиқұтты өлтірді, Идиқұт қағандығының 527 жылдық билігін біржолата жойды және осы аумаққа ислам дінін мәжбүрлеп таратты» деген мәліметтер қалдырылған. Осы естеліктер Идиқұт қағандығының ақырғы кезеңіне тиесілі өте маңызды материал болып саналады. Осы себептен жоғарыдағы анық емес мәселелерді әлі де зерттеулер жүргізуге тура келеді.     

 

 

VIII. Қарахандар қағандығының хақандары

 

Қарахандар қағандығы – Орхон өзенінің алабынан батысқа көшкен яғма тайпасы құрған атақты мемлекет, ІХ ғ. ортасынан ХІІІ ғ. басына дейін жалпы үш ғасырдан көбірек уақыт дәурен сүрген. Қарахандар Қашғар мен Баласағұнды орталық еткен халде шығыста Ақсу қаласынан батыста Амудария мен Сырдарияның алаптарына дейін, солтүстікте Алтай тауынан оңтүстікте Қарақорым тауына дейін болған кең аумақты басқарған. Бұл қағандықтың заманында Орталық Азиядағы ұйғыр секілді түрк халықтар ислам дінін қабылдап, ислам мәдениеті дүниесіне кірген. Осымен ұйғыр қоғамында мұсылман мәдениетінің даму дәуірі басталып, тарихтағы ұйғыр мәдениетін мазмұн мен форма жағынан зор дәрежеде толықтырған. Сондықтан Қарахандар кезеңі біртұтас ұйғыр мәдениетінің тарихында өте маңызды орында тұр. Өз кезегінде, Қарахандар қағандығы заманындағы мәдениет пен әлеуметтік-экономикалық жүйе түйінді түрде зерттеліп жатыр. Алайда, қағандықтың қоғамдық ахуалы, саяси жүйесі және билік құрылымы жөніндегі зерттеулер онша терең емес. Қарахандар қағандығының қоғамын және жалпы тарихын біршама егжей-тегжейлі баяндап түсіндіру үшін хақандар шежіресіне арнайы тоқталу ерекше маңызды мәнге ие.

1. Білге Күл Қадырхан.   

Білге Күл Қадырхан – яғма тайпасының басшысы. Бұл тайпа Орхон қағандығының заманында өте зор роль ойнаған. 840 ж. қағандық құлағаннан кейін Пан-текіннің басшылығында батысқа көшкен 15 тайпаның құрамында Сырдария мен Талас өзендерінің алаптарын негіз еткен қарлұқтардың аумағына көшіп келген һәм өзінің ерен жауынгерлігімен Қарлұқ қағандығына ықпал көрсетіп, бірқатар билік пен жеңілдіктерге қол жеткізген.

870 ж. одан әрі күшейген яғма тайпасы Қарлұқ қағандығымен тығыз байланыса отырып батыстағы Саманилер патшалығына (875-999 жж.) қарсы көптеген соғыстарды жүргізген. Сосын Тәңіртаудың оңтүстігіндегі Ақсу, Қашғар аймақтары және Памир тауының төңірегіне ішкерілеп кірген. Нәтижеде, Қарлұқ қағандығы бара-бара пассивті орынға түсіп, яғма тайпасы оның орнын иемдене бастаған.

880 ж. яғма тайпасының басшысы Білге Күл Қадырхан Баласағұн шаһарын басып алып, Қарлұқ қағандығының нақты билігін өз бақылауына алған ол үлкен баласы Базыр-текінге «Арсланхан» атағын беріп, Баласағұн шаһарын басқаруға, кіші баласы Оғұлчақ-текінге «Бұғрахан» атағын беріп, Талас шаһарын басқаруға қойған. Осылай Қарахандар қағандығының негізі ресми орнатылып, Баласағұн шаһары қағандықтың астанасына айналдырылған. Көп өтпей, Білге Күл Қадырхан қайтыс болған1.

2. Базыр Арсланхан.

Базыр Арсланхан – Қарахандар қағандығының екінші хақаны. Ол кейбір деректерде «Барлықхан», «Қарахан» атауларымен де аталған2. Білге Күл Қадырхан қайтыс болғаннан кейін, ол Баласағұн қаласында әкесінің тағына мұрагерлік еткен. Інісі Оғұлчақ бұрынғыдай «Бұғрахан» ретінде Талас қаласында тұрған.

893 ж. Саманилер патшалығының билеушісі Исмаил бинни Ахмет зор жасақтармен Талас шаһарын шабуылдап, Оғұлчақ Бұғраханның ханымы мен 15 мыңдай адамын тұтқындаған. Оғұлчақ еріксіз өз адамдарымен Таластан Қашғар шаһарына шегінген және осында Саманилер патшалығына қарсы шұғыл әскери дайындыққа кіріскен.

914 ж. хақан Базыр Арсланхан Баласағұн қаласында қайтыс болған.

3. Оғұлчақ Бұғрахан.

Оғұлчақ Бұғрахан ағасы Базыр Арсланхан қайтыс болғаннан кейін, Қашғар шаһарында таққа шыққан, 915-932 жж. билік еткен. Бұрынғы тәртіп бойынша, Қарахандардың тағына Базыр Арсланханның баласы Сатұқ-текін мұрагерлік етуі керек еді. Алайда, сол кезде ол әлі кәмелетке толмаған кішкене бала болғандықтан, таққа тағасы Оғұлчақ Бұғрахан мұрагерлік еткен. Оның заманында қағандық зор дәрежеде қуатты болған. Алдымен Қарахандардың күшті қарсыласы болған Саманилер патшасының сарайында сұрапыл таққа таласу күресі туылып, хақиқи тақ мұрагері Абунасыр Самани ағасы Абухасан Насыр бинни Ахмет тарапынан шетелге қуылған. Осылайша Абунасыр Самани Қарахандар қағандығына келіп, Оғұлчақтың қамқоры астына өткен. Оғұлчақ Абунасыр Саманиді қолдап, Саманилер патшасының сарай істеріне араласа бастаған. Тағы бір жағынан Абунасыр Саманидің ағасы Абухасан Насыр бинни Ахмет інісін қолдаған Самарқанттағы манихей ұйғырларға зор көлемді қырғын соғыстарын жүргізген. Осы соғыста көптеген ұйғыр манихей діндарлары аянышты түрде өлтірілген. Оның үстіне, Қарлұқ қағандығының мұсылман ақсүйектері де өзінің қарамағындағы ұйғыр тайпаларын үнемі басып-жаншыған. Бұндай ахуалда Самарқант пен Баласағұн секілді қалаларда соққыға ұшыраған ұйғыр тайпаларының бір бөлігі Қашғар шаһарына көшіп келіп, Оғұлчақтың қамқорлығы астына өткен һәм Қарахандар әулетінің күш-қуатын зор дәрежеде толықтырған. Сонымен Қарахандар қағандығы Орталық Азияда туылған бірнеше жаугершіліктен тыс қалып, ақырындап күшейе бастаған. Хақан Оғұлчақ та өз орнын бірте-бірте нығайтып, жиені Сатұқ-текінді шетке қаққан һәм мұрагерлік билікті өз баласына бермекші болған. Осы ахуал 16 жасқа жетіп қалған Сатұқ-текіннің қатты наразылығын қозғаған. Іс жүзінде, Сатұқ-текін Абунасыр Саманидің ықпалымен құпия халде ислам дінін қабылдап, өз алдына мүрит топтастырған және тағасынан әкесінің тағын тартып алу үшін Төменгі Артушта зор дайындықтарды жүргізген3.

932 ж. ол бір қараңғы кеште өз жақындарынан 40 кісіні бастап ордаға шабуыл жасап, тағасы мен оның барлық отбасыларын өлтірген және Қарахандар елінің тағын тартып алған.

4. Сатұқ Бұғрахан.

Сатұқ Бұғрахан – Қарахандар әулетінің хақандары арасында алғашқы болып ислам дінін қабылдаған адам, 933-955 жж. билік еткен. Ол таққа отырғанына көп өтпей-ақ ислам дінін Қарахандар қағандығының мемлекеттік діні етіп белгілеген4, дінді негізгі байрақ еткен халде төмендегідей бірқатар әскери қимылдарды жүргізген:

1. 942 ж. ол Абунасыр Саманидің баласы Әл-Фаттахпен бірге қосындарын бастап Нарын өзенінің оңтүстік ағысын басып алған. Содан соң Баласағұн шаһарын тұтқиылдан шабуылдаған олар осы қаланы басып алып, Қарлұқ қағандығын құлатқан. Осы оқиғадан кейін Сатұқ Бұғрахан «Қарахан», «Сұлтан», «Сұлтан Сатұқ Бұғра Қарахан Абдулкәрім»5 деген атаулармен атала бастаған.

2. 949 ж. Сатұқ Бұғрахан Әл-Фаттах пен өз баласы Мұса-текіннің басшылығындағы қосындарды Идиқұт қағандығына қарсы соғысқа жіберген. Қосындар өте салтанатты түрде жолға шығып, қысқа уақытта Кучар, Корла, Қарашаһар және басқа жерлерді басып алған. Содан соң Тоқсун ауданы арқылы Идиқұт қағандығының жазғы астанасы Бешбалық шаһарына жорық жасалған. Алайда, дер кезінде қосындарын аттанысқа келтірген Идиқұт қағандығы Әл-Фаттахтың басшылығындағы Қарахандар әулетінің қосындарын талқандаған. Осы жеңілістен кейін Мұса-текін қосындардың бір бөлігін Қарашаһарға шегіндірген.

954 ж. Сатұқ Бұғрахан ауыр дертке шалдыққан соң, Қарашаһарда жайғасқан Мұса-текін Қашғарға қайтқан. Осы орайды пайдаланған Идиқұт қағандығы Кучарға дейінгі жерлерді қайтадан өз уысына алған.

3. Сатұқ Бұғрахан Удун еліндегі буддист ұйғырлардың билігіне қарсы бірқатар ғазауат соғыстарын жүргізген. Алайда, осы соғыстарда айтарлықтай нәтижеге жете алмаған. Бұдан басқа, ол тағы Жетісу аймағы мен Балқаш көлінің аумағында бұрқ еткен яғмалар көтерілісін аяусыз басып-жаншып, осы көлдің оңтүстік-шығысындағы аудандарға өз билігін орнатқан.

Жалпы, Сатұқ Бұғрахан билеген кезде бір жағынан ислам дінін жаппай таратқан, тағы бір жағынан өз билігінің аясын жылдан жылға кеңейтіп, Қарахандар қағандығының Орта Азиядағы ықпалын зор дәрежеде күшейткен.

955 ж. ол Артуш қаласының Суғун жерінде қайтыс болған. Ол өлгеннен кейін 37 мың мұсылман үлкен рәсімиет өткізіп, оны Төменгі Артуш жерінің Мәшһәт қыстағында жерлеген6.                         

5. Мұса-текін.

Мұса-текін кейбір тарихи материалдарда «Мұса Туңа Іліг», «Байтас-текін», «Мұса ибни Абдулкарим», «Мұса Бұғра Қарахан» секілді есімдермен де аталған7. Ол 956-992 жж. тақта отырған. Ол билікке келгеннен кейін әкесінің істеріне мұрагерлік етіп, бүкіл қағандықта ислам дінін күшпен енгізген һәм бөтен ислам діндегі Идиқұт қағандығы мен будда дініндегі Удун мемлекетіне қарсы қанды шайқастар жүргізген. Тиісті материалдарға негізделсек, ол билік еткен кезеңде 200 мың түтін түрк мұсылман дінін қабылдаған8. Идиқұт қағандығына қарсы жүргізілген соғыс қимылдары барысында ол алдымен 961 ж. өзі зор қосындармен Ақсу, Кучар, Қарашаһар секілді аймақтарды басып алып, идиқұт тұрған шаһарға дейін жеткен. Сол жылы оның інісі Сүлеймен Арсланхан мен Әл-Фаттахтың басшылығындағы қосындар Баласағұн қаласынан жолға шығып, Іле өзенінің алабы арқылы Бешбалық шаһарын шабуылдаған. Іс жүзінде, екі тараптың арасында сұрапыл шайқастар болып, ақыры Идиқұт қағандығы Қарахандар мемлекетіне бағынышты болған9. Мұса-текін Идиқұт хақанына «Арсланхан», «Арслан-тұтұқ» секілді құрмет атақтарын берген.

Мұса-текін Идиқұт қағандығына қарсы соғысты аяқтағаннан кейін, қосындарды бір мезгіл тәртіпке салып, Яркент пен Удунға жорыққа шыққан. Алайда, Удун буддашыларының хақаны Яғлақалқалу қатты қарсылық көрсетіп, қарахандық қосындарға төтеп берген. Ол 971 ж. өте көп қосындармен Қарахандар қағандығына жойқын шабуыл жасап, Қарғалық, Яркент, Йеңисар аймақтарын басып алған һәм қарахандық қосындарды Қашғар шаһарына дейін қуалап келген. Бұндай ахуалда, Мұса-текін Баласағұндағы інісі Сүлеймен Арсланханнан жәрдем сұрап, оның қосындарын Қашғарға жөткеп әкелген. Яғлақалқалуға қарсы қайтарма шабуылға өткен ол Йеңисар, Яркент, Қарғалық секілді жерлерді қайтарып алған. Сонымен Қарғалық екі елдің уақытша шекарасы болып қалған.

Мұса-текін бұл соғыс қимылдарын жүргізумен бір уақытта, қағандықтың өзіне тән билік аппаратын да құрған. Мысалы, қағандықта «Бұғрахан» немесе «Қарахан» ең жоғарғы дәрежелі билеуші есептелген. «Арсланхан» - одан кейінгі билеуші болған, әдетте үлкен хақанның орынбасары және кіші қаған міндетін атқарған. Одан қалса, дәреже бойынша «Юғруш» (бас уәзір), «имам» (діни істер уәзірі), «қазы» (бас сот уәзірі), «соубашы» (бас қолбасшы), «һажиб» (сарай істерінің уәзірі) секілді мансаптылар болған. Демек, Мұса-текіннің заманында Қарахандар қағандығы тек әскери жағынан қуатты болып ғана қоймай, бәлкім саяси жүйесін де күшейткен.

992 ж. Мұса-текін Қашғар шаһарында қайтыс болып, Артуштың Азған қыстағында жерленген10.      

6. Һарун Бұғрахан.

Һарун Бұғрахан – Мұса-текіннің інісі Сүлеймен Арсланханның баласы, 993-998 жж. билік еткен. Тиісті деректерде ол «Һарун Бұғрахан», «Әбу Һарун бинни Сүлеймен», «Әбу Мұса Хасан Әлһарун бинни Сүлеймен», «Хасан Бұғрахан», «Әбу Хасан Әли» секілді есімдермен аталған11. Қағандықтың заң-ережелері бойынша Мұса-текіннен кейін оның орнына баласы тақ мұрагері болуы керек еді. Алайда, Мұса-текіннің баласы Әбу Хасан Әли Удун буддашыларына қарсы соғыстағы Йеңисар шайқасында құрбан болғандықтан, таққа Һарун Бұғрахан мұрагерлік еткен. Ол таққа отырғаннан кейін әуелі астананы Қашғардан Баласағұн шаһарына ауыстырған һәм төмендегідей бірқатар әскери шараларды қолданған:

1. Удун будда діншілдерімен арадағы соғысты жалғастырып, осы діндегі көптеген қауымды мұсылман дініне кіргізген. Бұл соғыстың барысында батырлығы және қайсарлығымен мемлекетте биік абырой-құрметке қол жеткізген. Әйтсе де, ол бірнеше жеңіскер соғыстар жүргізсе де, Удунды толық исламдандыру мақсатына жете алмаған.

2. Һарун Бұғрахан батыстағы қосындарын Саманилер патшалығын жою үшін сол кездегі Саманилер патшасы Нұх ІІ бинни Мансур жазалаған Хорасанның уәлі Әбуәли Санжарды қолдаған және онымен одақтасқан. Содан соң ол Саманилер әулетінің Самарқантқа жіберген әскери мансаптысы Файықты өзіне бағындырып, Самарқант шаһарын басып алған және өте шапшаң Саманилер патшалығының астанасы Бұхараға жорық жасаған. Саманилер патшасы Нұх ІІ бинни Мансур өз билігінен бас тартып, Бұхарадан қашқан. Қарахандық қосындар шаһарды басып алған. Алайда, 996 ж. тақтан қуылған Нұх ІІ бинни Мансур қайтадан бас көтеріп, Бұхараны қайтадан бақылауға алған. Ғазнауилер патшасы Сабұқ-текінмен одақтасқан ол Қарахандар қағандығының жеріне басып кірген. Бұндай ахуалда Һарун Бұғрахан немере інісі Насыр бинни Әли Ілігханды көптеген қосындармен Мауреннахрға (Амудария, Сырдария алаптары) жіберіп, Нұх ІІ бинни Мансурдың қосындарын ойсырата талқандаған. Содан бері Қарахандар қағандығының Мауреннахрдағы билігі бірте-бірте орнаған.

998 ж. Һарун Бұғрахан Саманилер патшалығына қарсы ресми соғыс жариялап, көптеген қосындарын аттанысқа келтірген. Алайда, Қарахандар әулетінің қосындары Ғазнауилер патшалығы және Саманилер әулетінің ортақ қарсылығына ұшырап, соғыста кейбір сәтсіздіктерге тап болған. Оның үстіне, осы кезде Һарун Бұғраханның сырқаты ауырлап, соғысуды жалғастыруға ешбір мүмкіндігі болмаған. Сол жылы 11-айда Һарун Бұғрахан ауруын емдеу үшін Самарқанттан Қашғарға жолға шыққан. Алайда, Қашғарға жете алмаған ол жол үстінде Қошқарбасы деген жерде қайтыс болған. Оның мәйіті шапшаң әкелініп, Төменгі Артушта жерленген.

7. Тұғанхан.  

Тұғанхан – Мұса-текіннің немересі. Ол тарихи деректерде «Тұғанхан І»12 деп аталып, 999 ж. таққа мұрагерлік еткен. Ол билікке келгеннен кейін Һарун Бұғраханның жолымен жүріп, алдымен Насыр бинни Әли Ілігхан мен Юсуп Қадырханды Саманилер патшалығына қарсы соғысуға аттандырған. Саманилер билеушісі Қарахандар әулетінің зор қосындарын көре сала, астанасы Бұхара шаһарын тастап қашқан. Насыр бинни Әли Ілігхан және Юсуп Қадырхан Саманилердің сарайына сән-салтанатпен кіріп, есеп-қисапсыз алтын-күмістерін тәркілеген, Саманилер патшалығының жойылғанын жариялаған.

1000 ж. Саманилер патшалығының ең ақырғы патшасы Абдулмалик бинни Мансурдың інісі Абду'ибраһим Исмаил бинни Мансур Саманилердің жер-жердегі күштерінің қалдықтарын жиып, Қарахандар әулетіне қарсы бүлік көтерген. Бұндай ахуалда хақан Тұғанхан қатаң шаралар қолданып, 1006 ж. қыруар қосындар жіберіп, бүлікті біржолата жаныштаған.

Тұғанхан Саманилер патшалығын жойғаннан кейін екінші қадамда шабуылдың ұшын батыстағы көршісі Ғазнауилер патшалығына қаратқан. Бастапқыда Қарахандар әулетінің жасақтары Бұхара шаһарын басып алған уақытта Ғазнауилер хақаны Махмуд Саманилерге бағынатын кейбір жерлерді басып алған-ды. Сол себепті, Тұғанхан-хақан тағы бір күшті қарсыласына тап болғанын сезіп, Ғазнауилерге қарсы соғысу жоспарын әзірлеуге кіріскен. Бірқатар әзірліктерден кейін ол 1007 ж. 11-айда қосындар жіберіп, Ғазнауилерге қарайтын Хорасанды басып алған. Алайда, дәл осы мезетте Удундағы буддашыл ұйғырлар өте көп әскерлермен Қарақаш ауданынан аттанып, Йеңисар ауданына дейінгі аумақты басып алған. Қарахандар әулеті екі майданда – шығыста және батыста бір уақытта соғысу сияқты қатерлі ахуалда қалып қалған. Тұғанхан-хақан батыс бағытында Ғазнауилер қосындарымен соғысып жатқан Юсуп Қадырханды амалсыз шығыс майданға жөнелтіп, Удун буддашыларына қарсы сұрапыл соғыс жүргізген және 1008 ж. соңында Удунды толығымен мұсылмандандырған. Нәтижеде, Юсуп Қадырхан Удун буддашыларына қарсы 47 жыл жүргізілген ғазауат соғысын ақыры жеңіспен аяқтаған13.

Тұғанхан Удун соғысын аяқтағаннан кейін үшінші қадамда Ғазнауилер патшалығына қарсы соғысты аяғына дейін жүргізуге бекініп, Насыр бинни Әли Ілігханды тағы қыруар қосындарға қолбасшы етіп, Ғазнауилерге қарсы соғысқа аттандырған. Осы соғыста Насыр бинни Әли Ілігхан өте қысқа уақыт ішінде Амудариядан өтіп, ғазнауилік қосындармен қиян-кескі соғысқан. Дегенмен, екі тараптың арасында болып өткен қайта-қайта соғыстарда Қарахандар әулетінің қосындары бара-бара пассивтік ахуалға түсіп, көп рет ауыр шығынға ұшыраған. Тұғанхан-хақан ақырғы есепте Ғазнауилер патшалығын біржолата жою мақсатына жете алмаған. Оның үстіне, Тұғанхан билігінің соңғы кезеңінде қағандықтың ішінде әртүрлі билікке талас-тартыстар орын алып, саяси ахуал күннен-күнге шиеленіскен. Тұғанхан 1018 ж. сырқаттан қайтыс болған.

8. Мансур Арсланхан.    

Мансур Арсланхан – Тұғанханның інісі. Ол Тұғанханнан кейін таққа мұрагерлік еткен, 1019-1024 жж. билік еткен. Дегенмен, Мансур Арсланханның таққа шығуы сол уақыттағы Қарахандар әулетінің таққа талас-тартысын шиеленістірген. Алдымен Һарун Бұғраханның үлкен баласы Юсуп Қадырхан Мансур Арсланханның билігін мойындамай, Ғазнауилер патшасы Махмудпен одақтасқан һәм Мансур Арсланханмен соғысу үшін біраз әскери дайындық жүргізген. Осыдан соң Ғазнауилер патшасы Махмуд келісімге негізделіп, Юсуп Қадырханға жәрдемдесу үшін Мауреннахрға қосындарын бастап кірген. Алайда, түсініксіз себептерден ұзақ өтпей қосындарын артқа шегіндірген. Осы ахуалда Юсуп Қадырхан Мансур Арсланханмен бітімдесуге мәжбүр болған және Махмудтан өш алу мақсатында Хорасанға кең көлемді соғыс жорығын жүргізген. Ғазнауилер патшасы Махмуд та бұған қарсы кейбір қажетті әзірліктерді жасаған. Екі тараптың қосындары Балх аймағында сұрапыл шайқасқан. Нәтижеде қарахандық қосындар ауыр шығынға ұшырап, жеңіліс тапқан. Соғыстан кейін Юсуп Қадырхан еріксіз Махмудпен қайта келіссөздер жүргізіп, екі тараптың арасындағы қатынастарды жақсартқан.

1024 ж. Мансур Арсланхан биліктен бас тартып, тақты Юсуп Қадырханға табыстаған.

9. Юсуп Қадырхан.

Юсуп Қадырхан Қарахандар әулетінің хақандары арасындағы батыр да қабілетті кісі болған. Тарихта «Мәлик әл-Мәшриқ» (Шығыс патшасы)14 деген атақпен танылған ол 1025-1032 жж. тақта отырған. Ол билікке келгеннен кейін ата-бабаларының тәжірибе сабақтарын қорытындылау негізінде төмендегідей шараларды қолданған:

1. Билікті орталықтандырып, қағандықтың салтанатын нығайту үшін алдымен мемлекеттің негізін шайқаған бұрынғы «иқта» жүйесін алып тастап15, жер-жердегі әскери, әкімшілік мансаптылардың билігін шектеген. Үлкен інісі Ахмет бинни Хасанды Баласағұн шаһарының бас уәлиі етіп тағайындап, шығыста Іле дариясынан батыста Сырдарияның алабына дейінгі аумақтарды басқаруға, кіші інісі Әли бинни Хасанды Самарқанттың бас уәлиі етіп тағайындап, Мауреннахр мен Хорезмді басқаруға берген.

2. 1024 ж. 12-айда Удунға әскер жіберіп, осындағы жергілікті халықтың Қарахандар әулетіне қарсы бүлігін басып-жаншып, осы аймақты Қарахандар қағандығының тікелей басқаруына өткізген. Сонымен бір уақытта ол 1025 ж. аяғында Идиқұт еліне қосындарын аттандырып, Идиқұт қағандығының Қарахандар әулетіне қарсы бүлігін басып-жаншыған.

3. Ғазнауилер патшалығымен одақтасып, Сәлжұқ түрктерінің басшысы Алп Арсланхан Исраилдың арандатуымен дүрбелең көтерген інілері Ахмет бинни Хасан және Әли бинни Хасанға қарсы шұғыл шаралар қолданып, 1025 ж. 4-айда Самарқант қаласына қосындарын бастап барған. Ғазнауилер патшасы Махмудтың зор күшпен қолдауының арқасында Юсуп Қадырхан інілерінің бүлігін біржолата тыныштандырған. Сонымен қатар, Самарқант пен Баласағұн аймағындағы қос уәли жүйесі істен қалдырылып, Баласағұн қаласына ғана бір уәли қойылған.

Жалпы, Юсуп Қадырхан жоғарыдағы шараларды жүзеге асырудың арқасында бір жағынан мемлекетте тыныштық пен бейбіт жағдайды жаратқан. Тағы бір жағынан көрші елдермен одақтасу саясатын жүргізіп, қағандықтың гүлденуі үшін қажетті шарт-жағдайлар жасаған.

1032 ж. ол Қашғар шаһарында сырқаттан қайтыс болған. Мәйіті атасы Сатұқ Бұғрахан мен әкесі Һарұн Бұғраханның аяқ жағына жерленген.

10. Сүлеймен Арсланхан.

Сүлеймен Арсланхан – Юсуп Қадырханның үлкен баласы. Юсуп Қадырхан өлгеннен кейін ол әкесінің тағына мұрагерлік етіп, 1033-1056 жж. билік еткен. Сүлеймен Арсланхан таққа отыра сала алдымен қағандықтың солтүстік-батыс бөлігіндегі билігін күшейту үшін астананы Қашғардан Баласағұн шаһарына ауыстырған. Інісі Яған-текінді Талас қаласында жайғастырып, шығыста Жоңғар ойпатының батыс бөлігінен батыста Сырдария, Талас өзендерінің алаптарына дейінгі аумақты басқаруға берген. Тағы бір інісі Тоғрұл-текінді Қашғарда орналастырып, мемлекеттің шығыс және оңтүстік аумақтарын билеп-төстеуге қойған. Тиісті деректер анық көрсеткендей, өте әділ де намысшыл билеуші болған Сүлеймен Арсланхан пән мен діннің дамуы үшін көп тер төккен15. Ол сондай-ақ жан-жағындағы көрші елдермен өзара достық қатынастарын орнатып, Ғазнауилер патшалығымен байланысын күшейтіп, өзінің бір ханшасын Ғазнауилер әулетіне ұзатқан. Осымен Қарахандар қоғамында бір мезгіл бейбітшілік дәурен сүрген.

Дегенмен, сол кезде Мауреннахрда мекендеген Насыр бинни Әли Ілігханның екі баласы Алп-текін мен Бөрі-текін хорезмшахтармен бірлесіп, Сүлеймен Арсланханға қарсы бүлік көтерген. Олар Мауреннахрдың солтүстік бөлігіндегі аймақтарды басып алып, тәуелсіздіктің байрағын көтерген. Көп өтпей, Алп-текін қаза тауып, інісі Бөрі-текін 1042 ж. 1-айда Өзкент шаһарын иемденген және сол жылы 1-айдың 11-күні өзін «Тамғач Бұғрахан» деп атап, Қарахандар қағандығынан бөлінгенін жариялаған. ІХ ғ. ортасында құрылған қуатты Қарахандар мемлекеті осы оқиғадан кейін ресми түрде бөлініп, Бөрі-текін бастаған тамғач-хандар (Батыс Қарахандар әулеті) Самарқант шаһарын астана еткен халде бүкіл Мауреннахрға билігін жүргізе бастаған. Сүлеймен Арсланхан бастаған Шығыс Қарахандар әулеті Ходженд өзенінің шығысындағы аудандарға иелік еткен.

1056 ж. Сүлеймен Арсланхан інісі Мұхаммед бинни Юсуппен болған бір реткі айқаста қолға түсіп, өлтірілген.

11. Мұхаммед бинни Юсуп.

Мұхаммед бинни Юсуп (Яған-текін) ағасы Сүлеймен Арсланханнан кейін таққа шыққан, 1056-1058 жж. билік еткен. Ол таққа отыра сала өзін «Бұғрахан» деп атаған. Алайда, әрең-әрең 15 ай хақан болып, 1058 ж. өз тағын үлкен баласы Хусейнге (ғалым Махмуд Қашғаридың әкесі) бере салған.

12. Ибраһим бинни Мұхаммед.

Ибраһим бинни Мұхаммед – Мұхаммед бинни Юсуптың тағы бір баласы. Ол 1058 ж. анасының жол көрсетуімен ордада саяси төңкеріс жасап, әкесі, ағасы және басқа да орда мансаптыларын уландырып өлтірген. Қарахандар әулетінің тағын тартып алған ол 1058-1059 жж. билік еткен. Алайда, Ибраһим бинни Мұхаммедтің таққа отыруы сол кезде ауыр дүрбелеңдерді тудырған. Батыс Қарахандар әулетінің хақаны Бөрі-текін орайды пайдаланып, Шығыс Қарахандар әулетінің қарамағындағы Ферғана аумағын басып алған. Арадан көп өтпей, Ибраһим бинни Мұхаммед анасының нұсқауымен Барсхан шаһарына шабуыл жасаған кезде, осы қаланың билеушісі Инал-текін оны өлтірген.

13. Махмуд бинни Юсуп.  

Махмуд бинни Юсуп (Тоғрұл-текін) – Ибраһим бинни Мұхаммедтің тағасы, 1059-1074 жж. таққа отырған. Ол билікке келе сала астананы Баласағұн қаласынан Қашғар шаһарына ауыстырып, жиені Хасан бинни Сүлейменді (Арслан-текінді) хақанның орынбасары етіп, Баласағұнда қалдырған.

1068 ж. ол жиенімен бірігіп Батыс Қарахандар әулетіне қарсы соғыс жүргізген. Нәтижеде, Батыс Қарахандар әулетінің қосындары ауыр жеңіліске ұшырап, Ферғананы беріп қойған. Соғыстан кейін екі тараптың арасында бейбіт келісім-шартқа қол қойылып, Ходженд өзені қайтадан екі патшалықтың шекара сызығы етіп бекітілген.

1074 ж. Махмуд бинни Юсуп қайтыс болған.

14. Омар бинни Махмуд.    

Омар бинни Махмуд – Махмуд бинни Юсуптың баласы. Ол әкесінен кейін Шығыс Қарахандар әулетінің хақаны тағына шыққан. Алайда, бұл тақ оған әрең екі айға ғана нәсіп болып, Хасан бинни Сүлеймен тарапынан тартып алынған.

15. Хасан бинни Сүлеймен.

Хасан бинни Сүлеймен - Махмуд бинни Юсуптың жиені, 1075-1102 жж. тақта отырған. Ол тарихта «Һарун Бұғрахан ІІ» деген есіммен аталған. Өте батыр да парасатты кісі болған ол мемлекетті қуатты ету, пәндер мен мәдениетті дамыту істеріне ерекше көңіл бөлген. Ол әуелі Іле мен Емел өзендерінің алаптарына кең көлемді соғыс жорығын жүргізіп, бұл жерлерде қарудың күшімен ислам дінін таратқан. Ол сондай-ақ Тәңіртаудың солтүстік етегін бойлап жүріп, Идиқұт қағандығына шабуыл жасап, осы мемлекеттегі көптеген ежелгі будда қалаларын ауыр дәрежеде ойрандаған. Осылайша Тәңіртаудың солтүстік пен шығыс бөлігіндегі көптеген аудандар Қарахандар қағандығына бағынып, Қарахандар әулетінің әсері бара-бара күшейген.

Сол кезеңде Хасан бинни Сүлеймен қағандықтың мәдениет пен оқу-ағарту істеріне де мол көңіл бөлген. Сол себепті, Қашғарда бұрын болып көрмеген гүлдену пайда болып, «Құтадғұ білік», «Қашғария тарихы» секілді мәшһүр шығармалар жазылған. Ұлы ғалым Юсуп Хас Һажип өзінің ұлы дастанын дәл осы хақанға тарту еткен. Оқу-ағарту істерінде Қашғардағы барша медреселер пән мен діни орталықтарға айналып, көрші елдерден көптеген адамдар осында келіп, ілім үйреніп, өз жерлеріне Қашғардың мәдениетін жайған. Осы ахуал Қарахандар қағандығын зор бедел-абыройға жеткізіп, мемлекеттің бүкіл Орталық Азияға ықпалын белгілі бір дәрежеде кеңейткен.

1102 ж. Хасан бинни Сүлеймен аурудан қайтыс болған.

16. Ахмет бинни Хасан.

Ахмет бинни Хасан - Хасан бинни Сүлейменнің баласы. Ол әкесі өлгеннен кейін таққа шыққан, 1103-1128 жж. билік еткен. Ахмет бинни Хасанның заманында Қарахандар мемлекетінің әлеуметтік игілігі тасқындап дамыған, бұқара халықтың тұрмыс деңгейі зор дәрежеде жақсарған. Көптеген көшпелі тайпалар отырықшы егін шаруашылығы тұрмысына өте бастаған, дәстүрлі діни сенімнен бас тартып, бірте-бірте ислам дінін қабылдаған.

1105 ж. Ахмет бинни Хасан Махмуд бинни Абдулжалил Қашғариді Аббасилер халифатына елші етіп жіберген. Халифа Мустазир оған «Имад уд-Даула» (мемлекеттің сүйеніші) деген мәртебелі атақ берген16.

1128 ж. хақан Ахмет бинни Хасан қайтыс болған.

17. Ибраһим бинни Ахмет.   

Ибраһим бинни Ахмет – Ахмет бинни Хасанның баласы. Ол әкесі қайтыс болғаннан кейін таққа отырып, 1129-1158 жж. билік еткен. Оның заманында Қарахандар қағандығы ауыр дағдарысқа тап болып, жер-жерлерде арт-артынан халық көтерілістері бұрқ еткен. Әсіресе қарлұқтар мен қаңлылардың бүлігі қағандықтың күшін зор дәрежеде сарқытқан. Бұндай ахуалда хақан Ибраһим бинни Ахмет батысқа кеңеюдің орайын күткен қитандардың басшысы Йоллығ Ташиннен әскери жәрдем сұрауға мәжбүр болған. Йоллығ Ташин дереу әскерлерін аттандырып, бүлікті тыныштандырып, Жетісу мен Сырдария алабында тұрып қалу мүмкіндігіне ие болған. Ұзақ өтпей, қитандар Шығыс Қарахандар әулетінің қарамағындағы көптеген жерлерді басып алып, Ибраһим бинни Ахметті тек Қашғар мен Хотан аймақтарына қапсырып қойған. Содан бастап Шығыс Қарахандар қағандығы біртіндеп қитандарға бағынышты болған. Қитандардың басшысы Йоллығ Ташин Ибраһим бинни Ахметке «Іліг түркмен»17 деген мансапты берген.

1158 ж. Ибраһим бинни Ахмет қайтыс болған.

18. Мұхаммед бинни Ибраһим.

Мұхаммед бинни Ибраһим - Ибраһим бинни Ахметтің баласы. Ол әкесі қайтыс болғаннан кейін 1159 ж. Шығыс Қарахандар қағандығы тағына шыққан. Ол билікке келгеннен соң әуелі «Бұғрахан» деген атақ-мәртебені қалпына келтірген. Қитандарға қарсы бүлік көтерген ол бір мезгіл олардың бұғауынан құтылған. Алайда, ол Шығыс Қарахандар қағандығының қитандарға тәуелділігін үзілді-кесілді өзгертуге дәрменсіз болған. Қолымызда оның билігінің ақырғы кезеңі туралы сенімді мәліметтер жоқ.

19. Мұхаммед бинни Юсуп.

Мұхаммед бинни Юсуп – Мұхаммед бинни Ибраһимнің немересі, 1204-1211 жж. тақта отырған. Ол билік құрған кезеңде қағандықтың ішінде феодал ақсүйектерінің дау-таласы туылып, қоғамдық тәртіп ауыр дәрежеде бұзылған. Оның үстіне, 1209 ж. найман тайпасының шахзадасы Күшлік қитандардың тағын тартып алып, Қашғар мен Хотан аймақтарын зорлықпен иемденген. Осылайша Шығыс Қарахандар әулеті аты бар, заты жоқ қағандыққа айналған. Хақан Мұхаммед бинни Юсуп 1211 ж. жергілікті ақсүйектердің қолынан қаза тапқан.

20. Мұхаммед.

Мұхаммед – Шығыс Қарахандар қағандығының ең ақырғы хақаны. Ол 1211 ж. таққа отырған. Оның билік құрған кезеңі және Мұхаммед бинни Юсуппен туыстық қатынастары туралы анық мәлімет жоқ. Оның таққа отырғанына бір жыл асқанда найман шахзадасы Күшлік Шығыс Қарахандар қағандығын құлатқан. Нәтижеде, Қарахандар қағандығының үш ғасырдан көбірек уақытқа жалғасқан билігі жойылған.

Жалпы айтқанда, Қарахандар қағандығының заманында барлығы 20 хақан (Батыс Қарахандар әулетінің тамғач хақандары қамтылмайды) тақта отырған. Олар билік еткен заманда қағандықта үлкенді-кішілі көптеген тарихи оқиғалар орын алған. Бұл хақандардың іс-әрекеттерімен танысу Қарахандар қағандығының (соның ішінде орта ғасырдағы ұйғыр қоғамының) бір бүтін тарихын зерттеуде белгілі бір мәнге ие.         

                                       

Түсініктемелер:

1. Қарахандар қағандығының негізін салушы Білге Күл Қадырханның нақты іс-әрекеттері және қайтыс болған жылы жөнінде қазірге дейін сенімді мәліметтер жоқ. Кейбір деректерде ол Қарахандар әулетінің тұңғыш хақаны деп көрсетілген. Алайда, оның таққа шыққан уақыты 819 ж. деп шамаланған. Бұл Орхон Ұйғыр қағандығының құлаған уақытынан әлдеқайда бұрын. Бұл ахуал осы саланың зерттеушілерін сәл күмәнге салады. Сондықтан осы мәселені тағы да тереңдеп зерттеуге тура келеді.

2. Қажы Нұрқажы. «Қарахандардың қысқаша тарихы», Шынжаң халық баспасы, 1983 ж., 67-бет. «Ұйғырлардың қысқаша тарихы», Шынжаң халық баспасы, 1989 ж., 162-бет.

3. Кейбір риуаяттардан белгілі болғандай, Сатұқ-текін бала кезінде әкесінен жетім қалғандықтан, әкесінің тағына мұрагерлік еткен тағасы Оғұлчақтың қамқорлығында болған. Оғұлчақ таққа отырғаннан кейін Сатұқ-текін үлкейгенде қағандықты оған өткізіп беретінін білдірген. Алайда, ол Сатұқ-текін 16 жасқа толғанға дейін тақты бермеген.

4. «Шынжаңның қысқаша тарихы», Шынжаң халық баспасы, 1982 ж., 242-бет.

5. Әнуар Байтұр, Хайриниса Сыдық. «Шынжаңдағы ұлттардың тарихы», Ұлттар баспасы, 1991 ж., 650-бет.  

6. Қажы Нұрқажы. «Қарахандардың қысқаша тарихы», Шынжаң халық баспасы, 1983 ж., 72-бет.

7. Ришат Гәнч. «Қарахандар мемлекетінің құрылысы», Шынжаң халық баспасы, 1990 ж., 47-бет.

8. «Ұйғырлардың қысқаша тарихы», Шынжаң халық баспасы, 1989 ж., 163-бет.

9. Махмұд Қашғари. «Түрк тілінің лұғаты», 1-том, Шынжаң халық баспасы, 1980 ж., 51-бет.

10. Сол уақытта Мұса-текінге Төменгі Артуштың Азған қыстағында өте зәулім мазар салынған. Алайда, бұл мазар «Мәдениет төңкерісі» кезеңінде қиратылған.

11. Әнуар Байтұр, Хайриниса Сыдық. «Шынжаңдағы ұлттардың тарихы», Ұлттар баспасы, 1991 ж., 660-бет; Ришат Гәнч. «Қарахандар мемлекетінің құрылысы», Шынжаң халық баспасы, 1990 ж., 48-бет; «Ұйғырлардың қысқаша тарихы», 166-бет.

12. Әнуар Байтұр, Хайриниса Сыдық. «Шынжаңдағы ұлттардың тарихы», Ұлттар баспасы, 1991 ж., 664-бет.

13. «Шынжаңның жергілікті тарихы», Шынжаң университетінің баспасы, 1992 ж., 251-бет.

14. Әнуар Байтұр, Хайриниса Сыдық. «Шынжаңдағы ұлттардың тарихы», Ұлттар баспасы, 1991 ж., 675-бет.  

15. Нұрулла Му'мин Юлғун. «Қарахандар қағандығының (ұлысының) жүйесі туралы», «Шынжаң университетінің ғылыми журналы», 1995 ж., 4-сан.

16. Лю Цзисяо. «Ұйғырлар тарихы» (1-бөлім), Ұлттар баспасы, 1987 ж., 322-бет.

17. Әнуар Байтұр, Хайриниса Сыдық. «Шынжаңдағы ұлттардың тарихы», Ұлттар баспасы, 1991 ж., 678-бет.

18. «Ұйғырлардың қысқаша тарихы», Шынжаң халық баспасы, 1989 ж., 178-бет.

 

 

ІХ. Шағатай хандығының хандары

            

          Шағатай хандығы – Алмалық шаһарын орталық еткен халде Жоңғар ойпатының батысы, Балқаш көлінің оңтүстігі, Жетісу, Мауреннахр, Хорасан (қазіргі Түркменстанның оңтүстік бөлігі), Иранның шығыс бөлігі, Ауғанстанның батыс бөлігі және Тәңіртаудың оңтүстік аумағы және басқа жерлерде үш ғасырдан көбірек уақыт билік еткен ірі хандық. Аталған хандық ұлы моңғол хақаны Шыңғысханның екінші баласы Шағатайға 1225 ж. союрғал етіп берілген жерде құрылғандықтан, кейінгі кезеңде союрғал жүйесінің иесі Шағатайдың есімімен «Шағатай хандығы» деп аталған. Бұл хандықтың заманында (1227-1570 жж.) моңғол билеушілерінің Батыс өңірдегі жергілікті мұсылмандардың діни сенімін ерекше құрметтеуі және мұсылман мәдениетін мәжбүрлеп насихаттауы себепті, Шағатай заманынан бастап-ақ осы өңірге көшіп келген моңғол тайпалары бұрынғы көшпелі мал шаруашылығы тұрмысынан біржолата отырықшы егін шаруашылығына өте бастаған. Осы ахуал олардың түрктену қадамын жеделдеткен. Хақан Күнжүктің заманында (1306-1308 жж.) Батыс өңірдегі көптеген моңғол тайпалары өзінің ана тілі болған моңғол тілін тастап, түрк тілін қолдана бастаған. Олар дәстүрлі діннен бас тартып, ислам дініне кірген. Бұл ахуал моңғолдардың түрктену қарқынын зор дәрежеде тездеткен. Тармашири-хан заманына (1326-1334 жж.) келгенде, Батыс өңірдегі моңғол тайпалары ислам діні мен мұсылман мәдениетінің терең ықпалы астында негізінен түрктеніп кеткен. Шағатай хандығының заманы бүкіл Орталық Азия тарихында айрықша маңызды орында тұр. Өйткені, ол кезеңде Орталық Азияның (әсіресе үйғырлар мекендеген аумақтың) саяси өмірінде, экономикасында және мәдениетінде өте зор өзгерістер болған. Моңғолдар, түрктенген моңғолдар (соның ішінде ұйғырласқан моңғолдар) және жергілікті тайпалардың ақсүйектері бірінен соң бірі саяси сахнаға шығып, бүкіл Орталық Азияда тақ үшін ұзақ мерзімді сұрапыл соғыстар жүргізген. Осы ахуал белгілі бір тұрғыда Орталық Азияның экономика, мәдениет салаларына біршама пассивті іркіліс әкелген, бірақ жалпы жағынан алғанда бұл салаларда белгілі бір дамулар пайда болған. Әйтсе де, кезектегі кейбір зерттеу еңбектерінде сол замандағы көпке созылған дау-жанжалдар мен осы дау-таластар келтірген қиратулар көзге ілініп, Шағатай хандығының дәуірі сыртқы көріністе «дүрбелең дәуірі», «аласапыран кезең», «экономика мен мәдениет артта қалған дәуір» деп түсіндірілуде. Осы пиғыл тарихты зерттеу ұстанымына толық сәйкес келмейді. Тек нақты мәселелерді сараптап, тарихи оқиғаларды терең зерттегенде ғана сол дәуірдің тарихына қатысты көптеген жаңа да нәзік мәселелерді байқауға болады. Сондықтан Шағатай хандығының жалпы тарихын егжей-тегжейлі сараптау үшін осы хандықтағы барша хандардың шежіресіне арнайы тоқталу қажет.

          1. Шағатай.

          Шағатай – «Шағатай хандығының» негізін қалаушы, 1227-1241 жж. тақта отырған. Әкесі Шыңғысхан 1227 ж. 8-айдың 25-күні қайтыс болғаннан кейін өзіне союрғал етіп берілген жерлерде ол моңғолдардың Жасақ заңына негізделіп, өз билігін ресми бастаған. Ол өзіне тәуелді жерлерді төмендегідей үш бөлікке бөліп басқарған:

          1. Орталық Азиядағы Түркістан мен Мауреннахрды хорезмдік ірі саудагер Махмуд Ялавач арқылы басқарған.

          2. Тарим ойпатының батысын орталық еткен Маңлайсүбе өңірін (Маңлайсүйәр – «күн тарап» немесе «шығыс тарап» деген мағына береді. Сол кезеңде бұл аймақ ұйғырлар шоғырланып отырықтанған Шағатай хандығының шығыс бөлігі) моңғолдың дұғлат тайпасы арқылы басқарған. Идиқұт өңірін Идиқұт билеушілері арқылы басқарған. Шағатай өз заманында Шыңғысхан империясының Жасақ секілді заң-ережелерінің қорғаушысы болғандықтан, моңғол заңдары бүкпесіз де қатаң орындалған. Тиісті материалдарға негізделсек, ол заң істерін өте рақымсыз түрде, мемлекеттің саяси, әкімшілік және әскери жүйелерін қатаң атқаратын. Сондай-ақ ол қол астындағы мансаптыларға қатаң талаптар қоятын, мемлекеттің абыройын қатты қорғайтын билеуші болған1. Ол билік еткен кезеңде хандықтың сауда-саттық, қаржы қатынастары және басқа да жақтарда зор даму пайда болған. Мауреннахрдың ішкі және сыртқы сауда істері ерекше жанданған. Ежелгі Ұлы Жібек жолының орта бөлігінде сауда-саттық гүлденген думанды жағдай пайда болған. Мәліметтерге негізделсек, Мауреннахрды басқарған Махмуд Ялавачтың баласы Масуд Ялавач Бұхара шаһарында арнайы «ақша айналымы мекемесін» құрып, әртүрлі металлдан ақша құйып таратқан. Осы ақшаға арабша және қытайша жазу түсірілген2. Демек, Шағатай өз билігі кезінде бірқатар өнімді шараларды қолдану арқылы хандықта бір мезгіл бейбіт те тыныш жағдайды қалыптастырған. Алайда, Шағатай өмірінің соңында арақ-шарапқа қатты салынғаны себепті, 14 жыл тақта отырып, 1241 ж. қайтыс болған.

          2. Қара Құлағу.

          Қара Құлағу – Шағатайдың немересі, яғни оның екінші баласы Мамукайдың кенже баласы. Шағатай өлгеннен кейін ол таққа мұрагерлік етіп, 1241-1246 жж. билік еткен. Алайда, өзін ерекше ақылды, қайсар және данышпан санайтын Шағатайдың бесінші баласы Есу-Мөңкү бұған разы болмай, ішкі дау-дамай көтерген. Осы күресте дұғлат билеушілері және Қыпшақ ұлысының ханы Бату-хан Қара Құлағуды қолдаған. Өйткені, Қара Құлағу көп жағдайда дұғлат әмірлері және Бату-ханға жақтасып, олардың саясатын қолдаған. Моңғолдардың жаңа үлкен ханы Куюкхан «Шағатай хандығының тағына Шағатайдың ұлдары мұрагерлік етпей, немерелерінің мұрагерлік етуі заңға сәйкес келмейді» деп қарап, барша күшімен Есу-Мөңкүні қолдаған. Оның үстіне, Есу-Мөңкү Куюкханның моңғолдардың үлкен ханы болуын жан-тәнімен қорғаған. Осылайша 1246 ж. Куюкханның таққа отыруымен Қара Құлағу биліктен аластатылып, орнына Есу-Мөңкү таққа шыққан.

          3. Есу-Мөңкү.  

Есу-Мөңкү 1246 ж. Куюкханның пәрменімен Шағатай хандығы тағына шығарылған, 1246-1252 жж. билік еткен. Ол арақ-шарапқа беріліп, мемлекетті басқару істерімен жұмысы болмаған. Сондықтан хандықтың нақты билігін ханымы жүргізген.

1248 ж. көктемде Бату-хан мен Қара Құлағуға қарсы аттанған Куюкхан кенеттен ауыр дертке шалдығып, Бешбалық шаһарына емделу үшін келе жатқан кезде жол үстінде қайтыс болған. Содан бастап Бату-хан мен Қара Құлағу Шыңғысханның үшінші баласы Үгедей әулетінің ықпалын жою үшін Шыңғысханның кенже баласы Толының ханымы Сұрхохтай-хатунмен бірлесіп, Толының үлкен баласы Мөңкені Моңғол империясының тағына шығармақшы болған. Есу-Мөңкү өзін көтерген Үгедей әулетінің тағына мұрагерлік ету мәселесінде нық тұрып, Бату-хан мен Қара Құлағуға қарсы тұрған. Алайда, 1252 ж. құрылтайда Мөңке моңғолдардың үлкен ханы етіп сайланып, Үгедей әулеті мұрагерліктен маһрұм қалған. Мөңкенің таққа шығуымен Шағатай ханы Есу-Мөңкү де тақтан қуылған.

4. Қара Құлағу.       

          1252 ж. Мөңке-хан Қара Құлағуды Шағатай ұлысының тағына отырғызған. Бұл оның 2-рет билікке келуі еді. Алайда, Қара Құлағу таққа отыру үшін Қыпшақ ұлысынан Алмалық шаһарына қайтқан жолда кенеттен қайтыс болған.

          5. Орқина.

          Орқина – Қара Құлағудың ханымы. Қара Құлағу өлгеннен кейін ол Мөңке-ханның тағайындауымен Шағатай хандығының билеушісі болған, 1252-1260 жж. тақта отырған. Орқина билігінің бастапқы кезеңінде Шағатай хандығында бір мезгіл жартылай бейбіт жағдай пайда болған. Дегенмен, бұл ахуал ұзаққа жалғаспаған. 1259 ж. 8-айда Мөңке-хан Оңтүстік Суң патшалығына қарсы соғыста Сычуән өлкесінде қаза тапқан соң, Моңғол империясында ауыр аласапыран туылған. Мөңке-ханның екі інісі Құбылай мен Ариғбұқа таққа таласып, өзара соғысқан. Осы күресте Шағатай хандығы Құбылай мен Ариғбұқа үшін елемеуге келмейтін зор күш еді. Осы себепті, екі тарап Орқинаны бірден өздеріне тартуға ұмтылған. Алайда, Ариғбұқаның Орқинаны қорқытып, өзіне көндіруінен алаңдаған Құбылай Шағатайдың немерелері Абышқа мен Хасарды қайтарып, таққа шығармақшы болған. Дегенмен, Ариғбұқа Құбылайдың бұл жоспарын быт-шыт етіп, 1260 ж. Шағатайдың тағы бір немересі Арғуды (Чайдардың баласы) Орқинаның орнына Шағатай хандығының тағына шығарған. Осылай Арғу Орқинаны Алмалық шаһарынан қуып жіберген.

          6. Арғу.

          Арғу – Ариғбұқаның қолдауымен таққа шыққан, 1260-1266 жж. билік еткен. Таққа отырғанына көп болмаған ол Құбылайдың Ариғбұқаны ойсырата жеңгенін көріп, одан теріс айналған және Құбылайға бағынатынын білдірген. Ариғбұқа бұл жағдайға қатты намыстанған. Сондықтан ол 1262 ж. Сайрам көлінің төңірегінде Арғумен қиян-кескі шайқасып оны жеңіліске ұшыратқан. Арғу Алмалық шаһарын тастап, Самарқантқа қашқан. Алайда, арадан көп өтпей Ариғбұқа қол астындағы мансаптыларының сатқындық жасауы, қосындарының теріс айналуынан Құбылайға тізе бүккен. Құбылай оның күнәсін кешірген. Арғу Құбылайдың қолдауы арқасында өз уысындағы ұлыстарға билігін қайта нығайтқан.

          1266 ж. Арғу Алмалық шаһарында қайтыс болған.

          7. Мұбаракшах.

          Мұбаракшах – Қара Құлағудың баласы, 1266 ж. Құбылайдың тағайындауымен Арғудың тағына мұрагерлік еткен. Ол – Шағатай ұрпақтарының ішінен тұңғыш рет ислам дінін қабылдаған хан3. Оның сол кезде ислам дініне сенуі моңғол ақсүйектерінің бір бөлігінің қатты қарсылығына ұшыраған. Ең әуелі Шағатайдың шөбересі Бұрақ (Мамукайдың немересі, яғни оның екінші баласы Есунтоғанның үлкен баласы) бүлік көтеріп, оны тақтан түсірген. Осылайша Мұбаракшахқа бірнеше ай нәсіп болған тақ ақыры Бұрақтың қолына өткен.

          8. Бұрақ.   

          Бұрақ 1266-1270 жж. тақта отырған. Ол билікке келген уақыт Шағатай хандығы мен Юән патшалығында ауыр дүрбелең туыла бастаған кезең болатын. Сол кезде Үгедейдің ұрпағы Қайду бас көтеріп, өзінің айналасына қыруар қосындарды жинап, 1264 ж. Үгедей союрғалдығының саяси орталығы болған Еміл бекінісін уысына түсірген. Қайдудың мақсаты алдымен Үгедейдің союрғал ұлысын толығымен қалпына келтіру, сосын бүкіл Моңғол империясының тағын иелену еді. Сондықтан ол шабуылдың ұшын тікелей Моңғол империясының солтүстік-батыс және Шағатай хандығына бағыттап, өз арманын іске асыру үшін ұзақ мерзімді соғысқа әзірлене бастаған.

          1269 ж. ол Амударияның бойында Бұрақпен шешуші шайқасқа түсіп, оны жеңген. Қайду Шағатай хандығының саяси орталығы Алмалық шаһарын, Іле өзенінің жоғарғы ағысы, Сырдарияның алабы, Жетісу мен Алтай тауларының батыс бөлігіндегі кең аумақтарды басып алған. Бұрақ еріксіз Қайдумен бітімдесуге мәжбүр болған.

          1270 ж. Қайду Бұрақты у беріп өлтірген.

          9. Никбий.

          Никбий – Шағатайдың немересі, яғни Сарбанның үлкен баласы. Ол Бұрақ өлгеннен кейін таққа отырған, 1270-1272 жж. билік еткен. Ол таққа шыға сала Қайдуға қарсы соғысқан. 1272 ж. Қайду оны өлтірген.

          10. Дұва.

          Дұва – Бұрақтың баласы. Ол 1272 ж. Қайду тарапынан таққа шығарылған. Дұва билікке келгеннен кейін Қайдумен бірлесіп, Юән патшалығының ханы Құбылайға қарсы тұруды негізгі мақсат еткен халде төмендегідей бірқатар әскери іс-әрекеттер қолданған:

          1. 1273 ж. Қайдумен бірлескен Дұва дұғлат тайпасының билігі астындағы Қашғар, Хотан аймақтарына басып кіріп, осы аймақтарды ауыр дәрежеде талан-тараж еткен. Алайда, Қашғар мен Хотандағы ұйғыр халқының қатты қарсылық көрсетуінен кейін ақыры шегінуге мәжбүр болған.

2. 1275 ж. Дұва мен Қайдудың 120 мың адамдық бірлескен қосындары Идиқұт патшалығының жазғы астанасы Бешбалық шаһарын басып алған. Олар көп өтпей-ақ қысқы астана Қарақочо шаһарына шабуыл жасап, оны қабат-қабат қоршауға алған. Осындай жағдайда Идиқұт патшасы Қочқар-текін астананың халқына басшылық етіп, шаһарды жарты жылдан астам уақыт батырлықпен қорғаған4. Алайда, екі тараптың күштерінің ара-салмағында өте үлкен айырмашылық болғандықтан, шаһар ақырында уыстан кеткен. Дұва мен Қайдудың қосындары шаһарды ауыр дәрежеде ойрандаған.

3. 1287 ж. Дұва мен Қайдудың бірлескен 10 түмен қосындары Юән патшалығының солтүстік және солтүстік-шығыс шекаралық аудандары болған Хангай мен Гоби шөлінің батыс бөлігіне жаппай шабуыл жасады. Осылайша Юән патшасы Құбылай бірнеше рет үлкен қосындарды жіберіп, Дұва-Қайду бірлескен қосындарын ауыр жеңіліске ұшыратқан.

4. 1301 ж. Дұва мен Қайду өте көп жасақтармен Алтай тауынан өтіп, Юән патшалығының солтүстік бөлігіндегі аудандарды шабуылдаған. Осы мезгілдегі Юән патшасы Темір (Құбылайдың немересі) Дұва мен Қайдудың бүлігін біржолата басып-жаншу үшін ағасы Камала мен жиені Қайсанның басшылығындағы зор қосындарды соғысқа аттандырып, Қарақорым шаһары мен Хангай тауының шығысындағы Таһыр деген жердің аралығында жойқын айқасқан. Дұва мен Қайдудың бірлескен қосындары осы шайқаста оңбай жеңілген. Қайду қашқан жолда сырқаттан ауырып өлген.

Демек, Дұва Қайдумен бірлесіп жоғарыдағы бірқатар әскери жорықтарды жүргізген. Алайда, Қайду 1301 ж. 8-айда қайтыс болғаннан кейін Дұва айрықша үмітсізденіп, Юән патшасы Темірмен еріксіз бітімдескен. Темір оның күнәсін кешіріп, оны Шағатай хандығының тағына отырғызған. Ол 1306 ж. дейін билік етіп, ақыры сырқаттан қайтыс болған.

11. Күнжүк.

Күнжүк – Дұваның баласы. Ол 1306 ж. әкесінің орнын мұрагерлік еткен. Күнжүк жанжал-тартыстардан ойран болған иелігін қалпына келтіру үшін бірнеше шараларды жүргізген. Ол алдымен бұқара халықты егін шаруашылығымен белсенді шұғылдануға жігерлендіріп, қираған ауыл экономикасын белгілі бір дәрежеде қалпына келтірген. Сонымен бірге ол тағы моңғолдардың дәстүрлі дінінен (негізінен шаман діні) бас тартып, ислам дінін қабылдауға шақырған һәм өзі де бастамашылық етіп ислам дініне кірген5. Бұл ахуал моңғол ақсүйектерінің бір бөлігінде қызғаныш тудырған. Сол кездегі ықпалы күштірек болған Шағатайдың екінші баласы Мамукайдың ұрпағы Талқу бастаған кертартпа ескішіл күштер 1308 ж. оны тақтан түсірген. Сонымен Шағатай хандығы ауыр дағдарысқа тап болған.

12. Талқу.   

Талқу 1308 ж. ескішіл моңғол ақсүйектері тарапынан таққа шығарылған. Таққа отырғаннан кейін ол тіл жағынан түрктену, дін жағынан исламдану, тұрмыс жағынан отырықтануды негізгі мазмұн еткен жаңашыл бағыттарды қатаң шектеген. Тағы бір жағынан Талас, Сырдария және Іле өзендерінің алаптарында Күнжүкке қарсы қанды айқастарды жүргізген. Осы жағдай хандықтың әлеуметтік игілігін ауыр дәрежеде ойрандаған. Саяси ахуал да күн сайын нашарлаған. Бұндай ахуалда Дұваның кенже баласы Кебек бір реткі қонақасыны пайдаланып, Талқуды өлтірген (1309 ж.) және тақты тартып алған6.

13. Кебек.   

Кебек Шағатай ордасындағы ханзада-ақсүйектердің қолдауымен таққа отырған. Бастапқыда барлығы мойындаған заң-ережелер бойынша, таққа Дұваның үлкен баласы Есенбұқа мұрагерлік етуі керек еді. Сол себептен таққа шыққан Кебек бір жыл өтер-өтпестен Ұлы құрылтай шақырып, Ғазна шаһарында (қазіргі Ауғанстанның шығысында) тұратын ағасы Есенбұқаны таққа тағайындаған.

14. Есенбұқа. 

Есенбұқа тарихта «Есенбұқа І» деп аталған. Ол інісінің таққа отырғаннан кейін (1309 ж.) өз билігін күшейту үшін Юән патшалығымен теке-тіресуді негізгі мақсат еткен халде төмендегідей бірнеше әскери қимылдарды іске асырған:

1. Таққа отырған Есенбұқа ұзақ өтпей-ақ інісі Кебекпен бірге Юән әулетіне бағынышты болған Идиқұт Ұйғыр қағандығына шабуыл жасаған. Алайда, Есенбұқа жол бойы ауыл-қалаларды ауыр дәрежеде ойрандап, халықтың мал-мүлкін талан-тараж еткендіктен, бұқара халықтың қатты наразылығын тудырған. Сондықтан ол қарсы тараппен жүргізілген түңғыш реткі шайқастарда-ақ ауыр жеңіліске ұшыраған.

2. 1313 ж. Есенбұқа Юән патшалығының хандыққа жіберген елшілерін ұстап қалып7, Юән әулетімен ашық қарсыласқан. Нәтижеде, екінші жылы екі тараптың арасында соғыс бұрқ еткен. Осы соғыста екі тарап өте көп әскери күштерді іске салып, Ертіс өзенінің алабында шешуші шайқас жасаған. Осы шайқаста Есенбұқа тағы қатты жеңіліске ұшыраған.

3. Ертіс өзенінің алабындағы жеңілістен кейін, қайтадан зор қосындарды ұйымдастырған Есенбұқа Шыңғысханның немересі Құлағу-хан құрған Ілхандар хандығының (1258-1335 жж.) шығыс бөлігіне және Хорасанға кең көлемді шабуыл жасаған. Дегенмен, сол шақта Юән патшалығының қосындары Жетісуға ауыр қатер төндіргендіктен, Есенбұқа еріксіз қосындарын шегіндіруге мәжбүр болған.

Жалпы, Есенбұқа осы соғыстарды жүргізсе де, әр жолы көптеп зиянға ұшыраған. Осы ахуал Шағатай хандығында көптеген аласапыран тудырған. Оның үстіне, Есенбұқа хандықтағы көнелікті жақтаған ақсүйектерді қолдап, жаңашылдық жақтастарын қатты басып-жаншығаны хандықтың саяси ахуалын күннен-күнге шиеленістірген. Осы жағдай ол 1318 ж. қайтыс болған мезгілге дейін жалғасқан.

15. Кебек.

Кебек 1318 ж. ағасы Есенбұқаның тағына мұрагерлік еткен. Бұл оның екінші рет таққа шығуы еді. Кебек билікке келгеннен кейін Шағатай хандығында біраз өзгерістер пайда болған. Алдымен Кебек билеуші топтар өкілдерінің бір бөлігіне сүйеніп, хандықтың астанасын егіншілік аумағына көшіру туралы шешім қабылдаған және ХІV ғ. 20-жылдары астананы Алмалық қаласынан Мауреннахрдағы Қарши шаһарына көшірген. Астананы көшіру мәселесінде Кебек негізінен Алмалықтағы кейбір ақсүйектерден құтылуды мүдде еткен-ді. Сондықтан ол дәстүрлі мал шаруашылығы тұрмысын өзгертуді сылтауратып, астананы Мауреннахрға көшірген. Ол Қаршиға орналасқаннан кейін моңғолдардың перзенттерін шаһардағы медреселерге жіберіп, оларды сол кездегі шағатай тілімен тәрбиелеп, моңғол ақсүйектерінің арасында отырықшы егін шаруашылығы және қала мәдениетіне көшуді бастамашылық еткен. Тағы бір жағынан Кебек хандықтың сауда-саттық, ақша қатынастары істерін дамыту үшін Бұхара, Самарқант, Отрар, Термез қалаларында арнайы ақша құю кәсіпорындарын құрған8. Ақшалар негізінен күмістен құйылып, «динар» және «дирһам» деп екі түрге бөлінген. Әдетте бір динар алты дирһамның құнына тең келген. Бұлардың түрі Иранның күміс пұлдарына толығымен ұқсаған. Сол кезде Кебек сондай-ақ түрк тілінде «Құтты болсын» деп жазылған бір атсыз ақша да құйдырған9. Бұл ахуал хандықтың әлеуметтік жағдайы мен экономикасын белгілі бір дәрежеде алға жылжытқан. Юән патшалығымен арадағы қатынастар жағынан Кебек бүкіл күшімен өзара тығыз қатынастар орнатуға ұмтылған. Демек, Кебек осындай шараларды қолдану арқылы Шағатайдың ұрпақтары осы дәуірге дейін орындап көрмеген зор істерді қылып, моңғол қоғамының жаңа бір тарихи кезеңге қадам басуы үшін қажетті шарт-жағдайларды әзірлеп берген. Ол 1326 ж. өз ажалынан қайтыс болған.

16. Тармашири.

Тармашири – Кебектің үшінші інісі. Ол ағасы қайтыс болғаннан кейін таққа шыққан, 1326-1334 жж. тақта отырған. Тармашири – Шағатайдың ұрпақтарынан Мұбаракшах пен Бұрақтан кейінгі үшінші рет ислам дінін қабылдаған хан10. Озық һәм дарынды кісі болған ол таққа шыға сала ағасының саясатын дәйекті атқарған халде төмендегідей әлеуметтік реформаларды жүргізген:

1. Тармашири таққа отырғаннан бұрын құпия халде ислам дінін қабылдаған еді. Сондықтан ол билікке келгеннен кейін моңғол ақсүйектері арасында ислам дінін ашық насихаттап, бірқатар белсенді шараларды қолданып, хандықтағы өзге ислам діні мазхабтарының айтыстарына жол беру арқылы оларды ислам дінін қабылдауға үндеген. Сол кезде ол тіпті шариғат бойынша іс жүргізіп, моңғолдардың әуелгі жасақ заңдарын алып тастаған. Осы ахуал моңғолдардың мұсылмандану қарқынын одан әрі жеделдеткен.

2. Тармашири көп жағдайда Қарши мен Самарқант шаһарларында тұрып, хандықтағы моңғол жұртшылығын түрк тілін үйренуге және түрк тілінде сөйлесуге үндеген. Ол алдымен өзі бастамашылық етіп, түрк тілін жақсы меңгерген. Моңғолдардың бұрынғы мансап атаулары және үкімет аппараты түгелдей түрк тілінде атауды жолға қойған. Осы шаралар хандықтағы моңғол жұртшылығының түрктену қадамын одан әрі алға ілгерілеткен.

3. Тармашири басынан аяғына дейін Юән әулетімен достық қатынастарды сақтаған. 1331 ж. ол баласы Ботчитайды Ханбалық шаһарына жіберіп, Юән патшасы Туғ-Темірге сыйлықтар сыйлаған. 1332 ж. ол тағы елші арқылы Юән патшасы Элинчипанға шарап пен басқа бұйымдарды тарту еткен. Юән әулеті де Тармашириге тиісінше ілтипаттар көрсеткен.

Жалпы, Тармашири жоғарыдай реформаларды іске асыру арқылы бір жағынан моңғолдардың исламдану және түрктену қарқынын тағы бір сатыға көтерген. Тағы бір жағынан хандықта бейбітшілік орнатып, әлеуметтік жағдай мен экономиканың шарықтауы үшін пайдалы шарт-жағдайларды әзірлеген.

1334 ж. Тармашири көне тұрмысты жақтаушы ақсүйек Чингиштің қолынан мерт болған.

17. Чингиш.   

Чингиш – Тармаширидің туған інісі Абуганның үлкен баласы, 1334-1338 жж. билік еткен. Кейбір деректерде ол «Бузан» деген атпен де аталған11. 1334 ж. ол ескішіл жүйені жақтаушы ақсүйектерге басшылық етіп, тақты тағасынан тартып алған. Өз заманының өте кертартпа адамы болған Чингиш Тармаширидің реформашыл шараларына жан-тәнімен қас болғаны себепті, оны өлтірген. Ол таққа шыға сала моңғолдардың ескі сенім-нанымы, әдет-ғұрпы және дәстүрлі көшпенді мал шаруашылық тұрмысын жан-тәнімен қорғаған. Осы ахуал көптеген моңғол ақсүйектерінің наразылығын қозғаған. Сол себепті, ол 1338 ж. туған інісі Есентемірдің қолынан қаза тапқан.

18. Есентемір.

Есентемір бұрыннан-ақ ағасы Чингиштің хан болуына наразы болған-ды. Тіпті Чингиш таққа шыққаннан кейінгі жікшілдік Есентемірдің ағасына болған көзқарасын түгелдей өзгерткен болатын. Сондықтан Есентемір қарамағындағы жұрттың қолдауымен 1338 ж. ағасын өлтіріп, тақты тартып алып, ағасын қолдаған өз анасының емшегін кескен. Содан бастап Шағатай хандығы тоз-тозы шығып бөліне бастаған. Жер-жерлердегі ақсүйектер арт-артынан тәуелсіздік байрағын көтеруге ұрынған. Алайда, қазірге дейін қолымызда Есентемірдің қашанға дейін тақта отырғаны және ақыры қалай қайтыс болғаны жөнінде анық мәліметтер жоқ.

19. Емілқожа.

Емілқожа (Елқожа) – Тармаширидің ең кіші інісі, 1326-1346 жж. тақта отырған. Тармашири таққа отырғаннан кейін ол ағасының жанында тұрған. Әуелгіде Тармаширидің туған ағалары Ержіғтай мен Дулаттемір інісі Тармаширидің Самарқант пен Қарши шаһарларын орталық еткен билігін мойындамай, Алмалық қаласында өздерін арт-артынан «хан» деп жариялаған-ды. Сол себептен Шағатай хандығында үздіксіз дау-жанжалдар басталып, қоғамның ахуалы ауыр дәрежеде былықты. Дәл осындай жағдайда Тәңіртаудың оңтүстік бөлігін басқарған дұғлат тайпасы осы аумақтың бірлігі мен тыныштығын қамтамасыз ету үшін Шағатай ұрпағының бірер өкілін хан етіп көтеруді ойлаған. Олар Елжиғтаймен қатты араздасқан Емілқожаны Ақсуға шақырып, таққа шығарған. Емілқожаның Ақсуда таққа шыққан уақыты шамамен 1326 ж. алды-артына тура келеді. Бұл – аға-інілі Елжиғтай мен Тармаширидің бөлек-бөлек халде Алмалық пен Самарқантта таққа шыққан мезгілі болатын. Емілқожа билікке келгеннен кейін өзін «Есенбұқа» деп атаған. Бұл Шағатай хандары арасындағы «Есенбұқа ІІ» (Есенбұқа екінші) еді12. Емілқожа билікке келе сала Маңлайсүбэ аумағындағы бытыраңқы бектіктерді бағындырып, Төлек пен Болатчи секілді дұғлат әмірлері арқылы бүкіл Тәңіртаудың оңтүстік бөлігі мен Орталық Азияның кейбір ұлыстарын өз билігі астына алған. Осымен хандықта бір мезгіл бейбіт заман туылып, қоғамдық тәртіп біртіндеп қалпына келе бастаған.

1346 ж. Емілқожа Ақсуда қайтыс болған.

20. Тоғлық Темір.

Тоғлық Темір – Емілқожаның баласы, 1348-1363 жж. тақта отырған. Емілқожа қайтыс болғаннан кейін дұғлат тайпасының басшысы әмір Болатчи Тәңіртаудың оңтүстік аумағындағы Шағатай мен дұғлат әмірлерін кеңеске жиып, Шағатайдың ұрпақтарынан бірер кісіні таққа шығаруды қарар қылған. Әмір Болатчидің зор күш салуымен 1348 ж. Емілқожаның баласы Тоғлық Темір Ақсуда таққа отырған. Содан бастап Шағатай хандығы, яғни «Моғолстан хандығы», «Шығыс Шағатай хандығы» деген атаулармен атала бастаған. Тоғлық Темір таққа отырғаннан кейін алдымен өзін таққа шығарған дұғлат қауымына шексіз құқықтық жеңілдіктерді беріп, әскери, әкімшілік істердің бәрін Әмір Болатчидың мүддесі бойынша шешкен. Сондықтан Тоғлық Темірдің таққа отыруымен дұғлат тайпасының ықпал күші есеп-қисапсыз дәрежеде артқан. Алайда, кейінгі кезеңде Тоғлық Темір дұғлат қауымының қолында қуыршақ хан болуды қаламай, дұғлат тайпасының күштерін әлсіретуді негізгі мақсат етіп, төмендегідей шараларды қолданған:

1. Сол кезде ислам діні Маңлайсүбэ аумағындағы күшті ықпалға ие дін болатын. Сондықтан Тоғлық Темір осы аумақтағы халықтың (соның ішінде дінбасылардың) қолдауына жету үшін 24 жасында Маулана Әршиддиннің уағызымен иманға келіп, мұсылман болған13 және ордадағы ақсүйектердің арасында ислам дінін ашық түрде жайған. Осындай жағдайда, дұғлат қауымы тиісті шаралар қолданып, өздерінің бұрыннан ислам дінін қабылдағанын білдірген. Осылайша дұғлат қауымы Шағатай хандығында ең алдымен ислам дініне кірген қауымға айналған һәм Тоғлық Темірдің мұсылмандықты таратуын қолдаған. Тиісті материалдарға негізделсек, осы істен кейін басқа діндегі адамдар топ-тобымен ислам дінін қабылдаған. Сонымен өте қысқа уақыттың ішінде 160 мың адам ұзын шаштарын кесіп, ислам дініне енген14. Ислам діні Шағатай хандығында жаппай тарала бастаған.

2. Тоғлық Темір өз орнын нығайту және Шағатай хандығын қайтадан біріктіру үшін 1360 ж. бастап Мауреннахрға бірнеше соғыс жорықтарын жүргізген. Соғыс 1362 ж. дейін жалғасып, ақырында Мауреннахрдың толық бағындырылуымен аяқталған. Тоғлық Темір осы өңірдегі саяси жағдайдың тұрақтылығына кепілдік ету үшін үлкен баласы Ілиясқожаны осы аумақтың билеушісі етіп тағайындап, Самарқантта отырғызып, барлас тайпасының басшысы Әмір Темірді оған атабек етіп тағайындаған. Содан бастап Тоғлық Темірдің әмірі шығыста Қарашаһардан батыста Бұхараға дейін, солтүстікте Балқаш көлінің оңтүстік-шығыс бөлігінен оңтүстікте Гиндукуш тауына дейін жүргізілетін болған15.

1363 ж. Тоғлық Темір қайтыс болған соң, Шағатай хандығы ауыр дағдарысқа тап болған.

21. Ілиясқожа.   

Ілиясқожа – Тоғлық Темірдің үлкен баласы. Тоғлық Темір өлгеннен кейін ол Мауреннахрдан Алмалық шаһарына оралып, таққа мұрагерлік еткен, 1363-1365 жж. билік еткен. Алайда, Ілиясқожаның оралуымен Мауреннахрдағы әмірлер бүлік көтеріп, Ілиясқожаның билігіне қарсы шыққан. Ілиясқожа бұл бүлікті басып-жаншыса да, әскерлер арасында ауру-індет таралғандықтан, қосындарын амалсыз шегіндіруге мәжбүр болған16. 1365 ж. Ілиясқожа Қашғарда бүлік көтеріп, өзін «хан» деп жариялаған Қамариддиннің қолынан қаза тапқан. Осы оқиғада Қамариддин Тоғлық Темір әулетінің 18 адамын өлтірген.   

22. Қызырқожа.

Қызырқожа – Тоғлық Темірдің ең кіші баласы, 1387-1405 жж. тақта отырған. 1365 ж. Қамариддиннің қырғыншылығы кезінде Худайдат-атабектің анасы Мирана-хатун оны жасырып, өлімнен сақтап қалған. Сол оқиғадан кейін Шағатай хандығы 1379 ж. дейін Қамариддиннің жартылай билігі астында тұрған. Қамариддин өлгеннен кейін Худайдат-атабек Шағатай хандығының салтанатын қалпына келтіру үшін бірнеше рет адам жіберіп, тар жолда тайғақ кешіп, Қызырқожаны әрең дегенде тауып әкелген және 1387 ж. оны Алмалық шаһарында таққа шығарған17. Қызырқожа таққа отырғаннан кейін алдымен өзін билікке келтірген Худайдатқа 12 құқық пен жеңілдік берген18. Сонымен бір уақытта, ол Худайдаттың барынша қолдауымен төмендегідей шараларды қолданған:

1. Қызырқожа сырттан төнетін қауіп-қатерді жою үшін Мауреннахрдың билеушісі Әмір Темірмен құдалық қатынастар орнатып, 1389 ж. өз қызы Тәуәккүл-ханымды оның құзырына ұсынған.

1391 ж. бастап шығыстағы Миң патшалығына елші жіберіп, өзара достық қатынастарын орнатқан. Осылайша Қызырқожа батыс пен шығыстан келетін қауіп-қатерлердің алдын алған.

2. Қызырқожа өз жеріндегі қарсыластары мен бақталастарынан арылу үшін 1393 ж. көптеген қосындармен Идиқұт Ұйғыр патшалығына шабуыл жасап, Қарақочо шаһарына басып кіріп, идиқұтты өлтірген. Сонымен Идиқұт Ұйғыр патшалығының бес ғасырдан көбірек жалғасқан билігі аяқталған.

3. Қызырқожа ислам дінін жаппай тарату мақсатында Тұрфан мен Құмыл аймақтарына кең көлемді ғазауат соғысын жүргізіп, осы жерлерді мұсылмандыққа кіргізген. Ол өнімді басқару үшін Бешбалық пен Қарақочо қалаларын хандықтың қосымша астанасы етіп бекіткен.

Демек, Қызырқожа билеген кезеңде жоғарыдағы шараларды қолданудың арқасында хандықта бір мезгіл тыныштық пен бейбіт жағдай қалыптасқан. Бұл – әлеуметтік жағдай мен экономиканың шарықтауына қажетті негіздің салынуын қамтамасыз еткен.

1405 ж. Қызырқожа сырқаттан қайтыс болған.

23. Шам'ижаһан.  

Шами'жаһан – Қызырқожаның үлкен баласы. Ол 1405 ж. әкесінен кейін таққа мұрагерлік еткен. Шами'жаһан билік еткен заманда Миң патшалығына сан рет елші жіберіп, әртүрлі асыл бұйымдарды сыйлаған. Миң әулеті де бұған өз деңгейіндегі ілтипаттарды көрсеткен.

1408 ж. Шами'жаһан өз ажалымен қайтыс болған.

24. Мұхаммед.

Мұхаммед - Шами'жаһанның інісі, 1408-1415 жж. билік еткен. Ол 1408 ж. ағасының тағына мұрагерлік еткен. Мұхаммед тақуадар мұсылман болғандықтан, таққа шыға сала ислам дінін өте қатаңдықпен жолға қойған. Сәлде орамағаны үшін моңғолдардың басына тақаның шегесі қағылған19. Осы ахуал ислам дінінің тағы да жалпы таралуы үшін кейбір шарт-жағдайларды әзірлеп берген.

1415 ж. Мұхаммед өз ажалымен өлген.

25. Ширмұхаммед.

Ширмұхаммед – Мұхаммедтің баласы. 1415 ж. Мұхаммед өлгеннен кейін ол әкесінің тағына мұрагерлік еткен. Алайда, бірнеше ай өтпестен тақтан түсірілген. Оның кейінгі өміріне қатысты сенімді материалдар жоқ.

26. Нақши'жаһан.

Нақши'жаһан - Шами'жаһанның баласы. Ол Худайдат-атабектің көмегімен Ширмұхаммед отырған таққа отырған, 1415-1418 жж. билік еткен. Ол үш жыл билегеннен кейін Қызырқожаның немересі, Ширәлидің баласы Уайстың қолынан мерт болған.

27. Уайс.

Уайс 1418 ж. Әмір Темірдің Кураганның баласы Шаһрух мырзаның қарамағындағы әскери қолбасшы Нуриддиншахтың жәрдемімен Нақши'жаһанды өлтіріп, таққа шыққан. Ол билікке келгеннен кейін өз билігін тұрақтандыру үшін төмендегідей саясаттарды жүргізген:

1. Дүрбелең қырқыстардан қираған қоғамдық игілікті қалпына келтіру үшін су шаруашылығындағы құрылыс жұмыстарын жүргізіп, егін шаруашылығын дамытуды бастамашылық еткен. Тиісті материалдарға негізделсек, Тұрфанға келген ол құдықтар қаздырып, егін еккен және өзінің бір жылдық азық-түлігін де сол әдіс арқылы шешкен20.

2. Ислам дінін одан әрі тарату үшін жаңадан бас көтеріп, батысқа қарай кеңейген ойраттарға қарсы көптеген ғазауат соғыстар жүргізген. Алайда, оның бұл әрекеттері негізінен сәтсіздікпен аяқталған. Осылайша, ол исламның ықпалын кеңейтуге біраз күшін сарп еткен.

Жалпы, Уайс жоғарыдағы саясаттары арқылы хандықта бір мезгіл тыныштық орнатқан. Алайда, бұндай ахуал ұзаққа созылмады.

1428 ж. Әмір Темірдің немересі Мырза Ұлықбек қуған Сатұқ Самарқанттан қосындарын бастап келіп, Уайсқа қарсы соғысқан. Соғыста қол астындағы адамдары қателесіп өлтірген Уайс Іле аймағына әкелініп жерленген.

28. Есенбұқа.  

Есенбұқа – Уайстың кіші баласы. Кейбір деректерде ол «Есенбұқа ІІІ» деген есіммен аталған21. Есенбұқа 1429 ж. дұғлат тайпасының әмірі Махмұдшахтың қолдауымен таққа отырған. Ол билікке келгеннен кейін ағасы Юнусханды Алмалықтан қуып жіберген. Осыдан кейін Шағатай хандығы тағы бөліну дағдарысына тап болған. Есенбұқа шектен асқан залым және ескішілдікті жақтаған кертартпа хан болғандықтан, бұқара халықтың қолдауынан маһрұм қалған. Тіпті оны қорғайтын әмірлер де оған қарсы бүлік көтерген. Осындай ахуалда Юнусхан Самарқант билеушілерінің қолдауымен Шығыс Шағатай хандығының (Моғолстан) батыс бөлігіндегі аудандарын иемденіп, бұл жерлерде өзін «хан» деп жариялаған. Есенбұқа Ақсудың шығысындағы аудандарда ғана өз билігін сақтап қалған.

1462 ж. ол Ақсу шаһарында қайтыс болған.

29. Досмұхаммед.

Досмұхаммед – Есенбұқаның баласы. Есенбұқа өлгеннен кейін ол Ақсуда әкесінің тағына мұрагерлік еткен, 1462-1469 жж. билік еткен. Таққа отырғанына көп өтпей-ақ дұғлат қауымының өкілі Сансыз мырзаның баласы Мырза Абабекри (Әбубекр) Қашқарда оған қарсы бүлік көтеріп, өзін «хан» деп жариялаған. Осылай Досмұхаммед пен Ташкентті астана етіп тұрған Юнусхан өз иеліктерінен қауіптеніп, Мырза Абабекриге қарсы бірнеше рет соғысқан. Дегенмен, Мырза Абабекридің күші күннен-күнге үлкейіп, шығыста Ақсу қаласынан батыста Бадахшанға дейін, солтүстікте Ферғанадан оңтүстікте Хотан қаласына дейінгі аймақтар оның билігі астына түскен. Дәл осы мезетте Досмұхаммед кенеттен қайтыс болып (1469 ж.), оның басқаруындағы аудандар Мырза Абабекридің ауыр қатеріне ұшырай бастаған.

30. Кепек-сұлтан. 

Кепек-сұлтан – Досмұхаммедтің баласы. Досмұхаммед өлгеннен кейін әкесінің тағына мұрагерлік еткен ол Ақсу, Қарашаһар, Тұрфан, Құмыл және басқа ұлыстарды басқарған, 1469-1472 жж. тақта отырған. Алайда, ол толығымен қабілетсіз хан болғандықтан, өз билігіндегі аудандарды өнімді басқара алмаған. Оның билігі іс жүзінде тек Тұрфан аймағымен ғана шектелген.

1472 ж. Юнусхан екінші баласы Ахметті жіберіп, Кепек-сұлтанды тақтан түсірген.

31. Ахмет.

Ахмет – Юнусханның екінші баласы. 1487 ж. Юнусхан қайтыс болғаннан кейін ол Ақсудан Құмылға дейінгі аумақтарды басқарған және өзін Моғолстан хандығының заңды сұлтаны деп атаған. Тұрфанды астана еткен ол бір жағынан хандықтағы бөлгінші күштерді қатты басып-жаншып, оларды біріктірген. Тағы бір жағынан хандыққа төнетін сыртқы қатерді жою үшін ойраттарға қарсы екі рет жазалау жорығын жүргізіп, оларды жеңген.

1502 ж. ол ағасы Махмудтың ұсынысына сәйкес, негізінен Саид бастаған ұлдарына және көптеген қосындарға өзі тікелей басшылық етіп, Мауреннахрға жорық жасаған. Ахмет ағасымен бірлесіп Ферғана ойпатындағы Ахши деген жерде өзбек ханы Мұхаммед Шайбани-ханның 3 түмен қосындарымен қиян-кескі шайқасқан. Шайқаста ағалы-інілі екеуі ойсырай жеңіліске ұшырап, Мұхаммед Шейбани-ханның қолына түскен. Кейін Мұхаммед Шейбани-ханға жер төлеп берудің арқасында олар тұтқыннан еркіндікке жіберілген. Осы оқиғадан соң көп өтпей, жеңіліске шыдай алмаған Ахмет 1504 ж. Ақсу шаһарында қайтыс болған. Ағасы Махмуд кейіннен жиені Саидпен араздасып, жеңіліп қалған және 1508 ж. Мұхаммед Шейбани-ханға қашып барған кезде өлтірілген.

32. Мансур.  

Мансур – Ахмет-ханның баласы. Ағасына жәрдемдескен Ахмет 1502 ж. өз жасақтарымен Мұхаммед Шейбани-ханға қарсы аттанған кезде, Мансурды өз орнына уақытша «хан» етіп тағайындаған. Ахмет пен Махмуд ағалы-інілі екеуі қайтыс болғаннан кейін ол бүкіл хандықтың ең жоғарғы билеушісіне айналған.

1514 ж. Мансурдың інісі Саид Мырза Абабекриді жойып, Яркент хандығын құрған соң, Шығыс Шағатай хандығында бір уақытта екі өкімет пайда болған.

1516 ж. осы екі хан сол кездегі даңқты ғұлама сопы Қожа Таджиддиннің бастамасымен Ақсу шаһары және Жам елдімекенінің аралығындағы Арабат деген жазықта кездескен. Жүздесудің нәтижесінде екі тарап бейбіт одақта тұру, бір-біріне жәрдемдесу, өзара экономикалық қатынастарды өркендету, бір-бірін мойындау секілді уағдаластықтарға қол жеткізіп, қоғамда бір мезгіл тыныштық орнаған. Алайда, Сұлтан Абдурашидтің 1533 ж. таққа шығуымен Мансур қосындарын бастап Ақсуға шабуыл жасаған. Сұлтан Абдурашид қайтарма шабуылға өтіп, тағасының осы реткі шабуылын тойтарған.

1538 ж. Мансур қайтадан соғыс бастаған кезде, Сұлтан Абдурашид-хан тағы бір рет оны ойсырата жеңіліске ұшыратқан.

1543 ж. Мансур өз ажалымен қайтыс болған.

33. Шахсұлтан.

Шахсұлтан – Мансурдың үлкен баласы, 1543-1565 жж. тақта отырған. Мансур өлгеннен кейін таққа мұрагерлік еткен ол батыста Бай ауданынан шығыста Цзя'юйгуән бекінісіне дейінгі аумақты билеген.

1565 ж. ойраттар шабуыл жасағанда оққа ұшып мерт болған.

34. Сұлтан Масуд.  

Сұлтан Масуд – Шахсұлтан өлгеннен кейін, оның аға-інілері тарапынан таққа шығарылған, 1565-1570 жж. билік еткен. Алайда, Сұлтан Масудтың Шахсұлтанмен болған туыстық қатынасы анық емес. Сұлтан Масуд негізі Тұрфан аймағына ғана билік еткен.

1570 ж. Яркент ханы Абдулкәрім-хан қосындарын жіберіп, Тұрфанды басып алып, Сұлтан Масуд пен оның інісі Сұлтан Мұхаммед Алп-батырды Яркентке байлап әкеткен22. Содан бастап Моғолстанның шығыс аудандары Яркент хандығының басқаруына өтіп, бүкіл ұйғырлар мекендейтін аумақ ресми түрде Яркент хандығының қарамағына қадам қойған.

Жалпы, Шағатай хандығының заманында барлығы 34 хан таққа отырған. Бұл хандар билеген кезеңде хандықта көптеген үлкен-кіші тарихи оқиғалар орын алған. Сондықтан, бұл хандардың іс-қимылдары және шежірелерін таныстыру, Шағатай хандығының (әсіресе ұйғырлар елінің) бір бүкіл тарихын зерттеуде белгілі бір мәні бар.                              

                     

Түсініктемелер:

1. Әнуар Байтұр, Хайриниса Сыдық. «Шынжаңдағы ұлттардың тарихы», Ұлттар баспасы, 1991 ж., 809-бет.

2. Әнуар Байтұр, Хайриниса Сыдық. «Шынжаңдағы ұлттардың тарихы», Ұлттар баспасы, 1991 ж., 816-бет.

3. «Шынжаңның қысқаша тарихы», 1-бөлім, Шынжаң халық баспасы, 1982 ж., 289-бет.

4. Чэң Суло. «Таң, Суң әулеттері дәуіріндегі ұйғыр тарихына қатысты мақалалар жинағы», Халық баспасы, 1994 ж., 216-бет.

5. Әнуар Байтұр, Хайриниса Сыдық. «Шынжаңдағы ұлттардың тарихы», Ұлттар баспасы, 1991 ж., 828-бет.

6. Лю Цзисяо. «Ұйғырлар тарихы», 1-бөлім, Ұлттар баспасы, 1987 ж., 561-бет.

7. «Ұйғырлардың қысқаша тарихы», Шынжаң халық баспасы, 1989 ж., 273-бет.

8. Әнуар Байтұр, Хайриниса Сыдық. «Шынжаңдағы ұлттардың тарихы», Ұлттар баспасы, 1991 ж., 838-бет.

9. «Ұйғырлардың қысқаша тарихы», Шынжаң халық баспасы, 1989 ж., 275-бет.

10. «Ұйғырлардың қысқаша тарихы», Шынжаң халық баспасы, 1989 ж., 275-бет.

11. «Ұйғырлардың қысқаша тарихы», Шынжаң халық баспасы, 1989 ж., 283-бет.

12. Әнуар Байтұр, Хайриниса Сыдық. «Шынжаңдағы ұлттардың тарихы», Ұлттар баспасы, 1991 ж., 859-бет.

13. Молла Мұса Сайрами. «Тарихи Әминия», Шынжаң халық баспасы, 1988 ж., 12-бет.

14. «Тарихи Рашиди», 1-бөлім, Шынжаң халық баспасы, 1985 ж., қытай тіліндегі аудармасы, 162- және 165-беттер.

15. «Тарихи Рашиди», 1-бөлім, Шынжаң халық баспасы, 1985 ж., қытай тіліндегі аудармасы, 171- және 176-беттер.

16. Вэй Ляңтао. «Яркент хандығының тарихынан жалпы баян», Шынжаң халық баспасы, 1999 ж., 54-бет.

17. Вэй Ляңтао. «Шығыс Шағатай хандығы және Яркент хандығы билеушілерінің шежіресі мен жылнамасы», «Шынжаң университетінің ғылыми журналы», 1988 ж., 2-сан.

18. Вэй Ляңтао. «Яркент хандығының тарихынан жалпы баян», Шынжаң халық баспасы, 1999 ж., 55-бет.  

19. Вэй Ляңтао. «Яркент хандығының тарихынан жалпы баян», Шынжаң халық баспасы, 1999 ж., 58-бет.

20. «Ұйғырлардың қысқаша тарихы», Шынжаң халық баспасы, 1989 ж., 283-бет.

21. Әнуар Байтұр, Хайриниса Сыдық. «Шынжаңдағы ұлттардың тарихы», Ұлттар баспасы, 1991 ж., 895-бет.

22. Вэй Ляңтао. «Яркент хандығы тарихының жалпы баяны», Шынжаң халық баспасы, 1999 ж., 126-бет.

 

 

Х. Яркент хандығының хақандары

 

Яркент хандығы ХVI ғ. басында түрктенген Шағатай ұрпақтары тарапынан құрылған. Бұл – бүкіл ұйғыр тарихындағы экономика, мәдениет және басқа салалар гүлденіп жайқалған алтын дәуір. Осы хандықтың саяси, экономикалық, мәдени және қоғамдық ахуалы жөнінде кейбір зерттеулер жүргізіліп, көрінерлік нәтижелерге қол жеткізілді.

1. Сұлтан Сайд-хан.

Яркент хандығының негізін салушы Сұлтан Сайд-хан – Шығыс Шағатай хандығының хақаны Ахметтің үшінші баласы, 1490 ж. Тұрфанда туылған. Ол 12 жаста әкесімен бірге өзбек ханы Мұхаммед Шайбани-ханға қарсы соғысқан. Соғыста жеңілген ол тұтқынға түскен. Бір жылдан кейін Мұхаммед Шайбани-хан оны еркіне жіберіп, өзімен бірге бірқатар соғыстарға қатыстырған. Кейін Шайбани-ханның Хорезмге кеткенін пайдаланған ол тағасы Махмуд-ханның қасына қашып барған. Алайда, тағасының жанында тұрса, бірер іс жасаудың мүмкіндігі болмайтынын сезген ол ақыры қырғыздардың арасына кетіп, олардың сеніміне кірген һәм үлкен қолбасшыға айналған.

1508 ж. Сайд-хан зор қосындармен тағасы Махмуд-ханға шабуыл жасап, оны ауыр шығынға ұшыратқан. Дәл осы сәтте Сайд-ханның ағасы Мансур-хан әскерлерін бастап Сайд-ханға қарсы жаппай соғысқа аттанған. Нәтижеде, ағайынды екеуі Алмаата даласында қиян-кескі шайқасып, Сайд-хан жеңілген және азғантай адамымен Кабулдағы тағасы Захириддин Бабур-шахтың қасына әрең дегенде қашып барған. Бабур-шах оны ізет-құрметпен қарсы алған. Сайд-хан бір мезгіл тағасының қасында тұрып, оның Орта Азиядағы өзбектерге қарсы бірқатар соғыс қимылдарына қатысқан. Кейінгі кезеңде бір жағынан өзбектер қайтадан бас көтерген кезде, екінші жағынан Қашғар, Яркент пен Хотанның билеушісі Мырза Абубекридің Орта Азияға кең көлемді соғыс жорығын жүргіздіктен, Орта Азиядан үміт үзген Саид-хан Мырза Абубекриді жою, Қашғар, Яркент, Хотанды уысына алу, ата-бабасы билеп-төстеген Моғолстан хандығын иемденуді ниет қылған.

1514 ж. маусымда Сайд-хан 4,7 мың адамдық қосындармен Торуғарт өткелі арқылы Артуш қаласына жеткен. Бұны естіген Мырза Абубекри өз билігін қорғау үшін дереу әрекетке келіп, Қашғар мен Йеңисарда күшті бекіністерді салдырған. Алайда, Сайд-хан Мырза Абубекридің рақымсыз билігіне ұшыраған бұқара халықтың қызу қолдап-қуаттауымен Йеңисар, Қашғар және Яркент қалаларын басып алған. Осы жерлерді күзеткен Мырза Абубекридің жасақтары негізінен қарсылық көрсетпей-ақ берілген. Нәтижеде, Мырза Абубекри өзінің ақырғы күндерінің жеткенін сезіп, Қарақорым (Кунлун) тауы арқылы Ладак ауданына қашқан. Алайда, ұзақ өтпей-ақ оның ізіне түсіп қуалаған Сайд-ханның қосындары оны Ладакта ұстап алып, мерт қылған. Осылайша 1514 ж. 21 қыркүйекте Сайд-хан дұғлат әмірлерінің қолдауымен Яркент шаһарында ресми таққа шыққан.

Сайд-хан таққа шыққаннан кейін хандықтың нақты ахуалына негізделген төмендегідей саясаттарды жүргізген:

1. Қоғамның қауіпсіздігін қорғау үшін алдымен Мырза Абубекри күштерінің қалдықтарын жойған. Сонымен бір уақытта қоғамды ұры-қарақшылар мен басқа әртүрлі қылмыскерлерден тазалап, бейбіт өмірді қалыптастырған.

2. Мырза Абубекри тастап кеткен мемлекеттік қазынаны тәркілеп, оның бір бөлігін Яркент хандығын құруға үлес қосқан әскери және әкімшілік мапсаптыларға бөліп берген. Тағы бір бөлігін хандықтың қазынасына өткізіп, осы арқылы хандықтың экономикасын 10 жылға дейін қамдаған һәм халықты 10 жылға дейін алым-салықтан босатқан (алым-салықтар алмаған).   

3. Сол замандағы атақты сопы Таджиддин-қожаның дәнекерлігімен 1516 ж. ақпанда Ақсу мен Кучар шаһарларының аралығындағы Арабат деген жазықта ағасы Мансур-ханмен кездесіп бітімдескен. Нәтижеде, Мансур-хан оның хан мәртебесін мойындауға мәжбүр болған.

4. Өз билігін нығайту және хандықтың аумағын кеңейту үшін бірқатар жаулау соғыстарын жүргізген. Мысалы, 1519 ж. және 1530 ж. ол Бадахшанға екі рет шабуыл жасап, осы өңірдің жартысын Яркент хандығының құрамына қосқан.

1522 ж. бастап ол Орталық Азиядағы қазақтар мен қырғыздарға бірнеше рет соғыс жорықтарын жүргізген.

1532 ж. шілдеде ол 5 мың адамдық қосындармен Тибет, Ладак, Балтистан және Кашмир секілді жерлерге шабуыл жасаған.

Нәтижеде, Яркент хандығының билігі күннен-күнге нығайып, хандықтың жер аумағы шығыста Цзя'юйгуән бекінісіне дейін, батыста Памир мен Вахан аудандарына дейін, солтүстікте Тәңіртаудың солтүстік сілемдеріне дейін, оңтүстікте Қарақорым мен Алтынтағ тауына дейін жеткен.

Сайд-хан осындай ішкі-сыртқы саясаттар арқылы хандықтың алғашқы әкімшілік тұрғысынан гүлденуін жаратқан. Мұсылман тарихшыларының бір бөлігінің жазуынша, Сайд-хан хандықты түзетіп, мұсылмандықты тереңдеткен. Жоғарыдағы асылзадалар, бектер мен ұлықтардан төмендегі бұқара халыққа дейін барлық адамдар сыпайы да әдепті болған. Озық та қабілетті билеуші болған ол елді басқаруда жоғары кемелдікке жеткен. Ол сондай-ақ орталықтандыруды жоғары қойып, хандықты бейбіт жолмен біріктірген. Есінен таңған халықты кең тыныстап, дәрмен алуына орай әперген. Ұзақ мерзімді соғыстар мен шапқыншылықтарды тоқтатып, ойрандалған шаруашылық пен мәдениеттің қайта жандануына мүмкіндік жасаған. Алайда, Сайд-хан ислам дінінің адал сенушісі болғандықтан, бөтен діндегі қауымдарға бірқатар ғазауат соғыстарын жүргізген. Кашмир, Ладак, тіпті Алдыңғы Тибет пен Артқы Тибет те оның шабуылдарына ұшыраған.

Ладакқа қарсы жүргізген ғазауат соғысында түтек ауруына шалдыққан ол 1533 ж. 9 шілдеде 47 жасында қайтыс болған. Мәйіті Яркент хандығының ордасына әкелінген.

2. Сұлтан Абдурашид-хан.

Сұлтан Абдурашид-хан – Сайд-ханның үлкен баласы, 1533-1559 жж. тақта отырған. Ол кішкене кезінен сүргін-сергелдеңде көп азап тартқан. Кейін әкесінің қасына келген. Оны өте аялаған Сайд-хан ғалымдарды шақырып, оған дәріс оқытқан. Тарихшы Мырза Мұхаммед Хайдар сол уақытта Сұлтан Абдурашид-ханның жақын досы және жақсы ұстазы болған. Сайд-хан оны шынықтыру үшін қырғыздарды басып-жаншуға, Мырза Мұхаммед Хайдармен шығысқа және батысқа жазалау жорықтарын жасауға, өз інісі Аман-сұлтанның Ақсудағы бүлігін тыныштандыру соғысына һәм Ақсуды басқаруға жіберген.

1533 ж. Сайд-хан өлгеннен кейін ол таққа мұрагерлік еткен. Ол хақан болғаннан кейін бірнеше қатаң шараларды қолданып, өзінің саяси орын-мәртебесін нығайтқан, мемлекеттің тұтастығы мен қауіпсіздігін жан-тәнімен қорғаған. Осы тұрғыда, оның негізгі шаралары төмендегідей болған:

1. Орданың ішінде және сыртындағы күмәнді деп қаралған әскери, әкімшілік мансаптыларды қырып-жойып, жаңа тәртіп пен ережелерді бекіткен. Бұрынғы Моғолстан хандығы һәм Яркент хандығының бастапқы кезеңінде өкіметтің негізгі сүйеніші болған дұғлат тайпасының құқықтарын түгелдей тартып алған. Тіпті осы оқиға Яркент хандығының одан әрі күшеюі үшін кейбір зияндықтарды келтірсе де, бірақ дұғлат әмірлерінің кейбір бөлгінші қимылдарын біржолата жойған.

2. Бейбіт келісімді бұзып, Ақсу аймағына және оның батысына шабуыл жасаған тағасы Мансур-ханға қатты соққы берген. Жеңілген Мансур-хан Тұрфан аймағына шегінген. Дегенмен, 1538 ж. Мансур-хан Яркент хандығына қарсы тағы соғыс қозғаған. Сұлтан Абдурашид-хан оны тағы жеңіп, шығыста Гәнсу өлкесінің Цзя'юйгуән бекінісіне дейінгі барлық жерлерді Яркент хандығына қосқан және оның баласы Шахханды осы жерлерге сұлтан етіп тағайындаған. Осылайша Мансур-ханның билігі біржолата аяқталған.

3. Яркент хандығының тікелей басқаруы және қамқорындағы аймақтарда бұрқ еткен бүліктерді басып-жаншыған. Мысалы, 1538 ж. Яркент хандығының қорғаушысы болған Қазақ хандығының билеушісі Хақназар-ханның әрекеттерін қатаң тойтарған. Сол жылы Мансур-хан екінші рет Ақсуға шабуыл жасаған кезде, бас әмір Мырза Әли-тағай бастаған кейбір әмірлер дүрбелеңге әзірленген. Сұлтан Абдурашид-хан осы әрекетті де қанжоса етіп жаншыған.

4. Қоғамның басқа салаларында да бірқатар жаңа шараларды қолданып, жұртты көшіру, тың жерлерді игеру, қолөнер шеберханаларын құру, ішкі және сыртқы сауданы дамыту, мектеп пен медреселерді кеңейту және орталықтандыру, діни мазһаптардың еркін пікірлесуіне рұқсат беру секілді бірқатар саясаттарды жүргізген. Нәтижеде, хандықта бір мезгіл біршама бейбіт жағдай қалыптасып, қоғамның буырқана гүлденген «алтын дәуірі» пайда болған.

5. Әдебиет пен өнер істерін шабыттандырып, жер-жерде назарға алынбай келген дарынды ұйғыр сазгерлері, жыршылары және ақындарды іздеп әкелген. Осылайша ордада көптеген дарынды тұлғалар топтастырылып, халық арасында кең таралған «мұқам» әуендері де осы кісілермен бірге ордаға енген. «12 мұқамның» реттелуі үшін қажетті шарт-жағдайлар жасалған.

Жалпы, Сұлтан Абдурашид-хан жоғарыдағы шараларды іске асыру арқылы өз билігін жоғары дәрежеде күшейткен. Ол мемлекетті әмбебап басқару жағынан да әкесінен еш қалыспаған. Сондай-ақ әрдайым қарапайым адамдай киінген ол халықтың арасына барып, мансаптылардың қызмет жағдайын жасырын біліп жүрген.

1559-1560 жж. (хижраның 967 ж.) ол Хотанды тексеру сапарында қастандыққа ұшырап, қаза тапқан.

3. Абдулкәрім-хан.  

Абдулкәрім-хан – Сұлтан Абдурашид-ханның екінші баласы. Ол – Яркент хандығының тарихында ең ұзақ билеп-төстеген хақан, 1559-1591 жж. тақта отырған. Ол әкесінің тағына мұрагерлік еткеннен кейін бұрынғы жүйе және саясаттарды нысаналы түрде іске асырып, союрғал жүйесі және оның қоғамдық негізі болған бектік жүйесін кемелдендірген. Ол халықтың мойнындағы алым-салықтарды азайтқаны себепті, өз заманында «Әділ Абдулкәрім-хан» деген атпен атақты болған. Бұл ахуал оның Яркент хандығының тарихында ең ұзақ билеуінің түпкі себептерінің бірі болған.

1570 ж. батыста Бай ауданынан шығыста Цзя'юйгуән бекінісіне дейін билік еткен Мансур-ханның баласы Шахсұлтанның қаза болуымен 1516 ж. бастап Яркент хандығының қамқорына кірген осы аумақтарды хандықтың тікелей басқаруына кіргізіп, кіші інісі Абдураһим-ханды осында сұлтан етіп жіберген.

1591 ж. інісі Құрайш-сұлтан мен сарай уәзірлері Абулма'ани, Мұхаммед Қасым және басқалардың сарай бүлігінен Барчұқ елдімекенінде өлтірілген һәм «Хан-шаһид» деген атпен аталған.

4. Мұхаммед-хан. 

Мұхаммед-хан –  Сұлтан Абдулкәрім-ханның інісі, 1591-1609 жж. тақта отырған. Ол билеген кезеңде хандық ең мықты дәрежеге жеткен. Яркент, Хотан, Қашғар, Сарыкөл, Ақсу, Үштұрфан, Кучар, Чалыш (Қарашаһар), Тұрфан, Құмыл аймақтарында оның есіміне құтба оқылған және осы жерлерде оның атына ақша құйдырылған. Ол бұқара халыққа жақсы қарап, өсімқорларды шектеген. Хандықтың ордасы Яркент шаһары расында гүлденген. Ол сондай-ақ тақуалы мұсылман болғандықтан, «қаратағлықтар» (қаратаулықтар) ағымының пірі Қожа Исхақтың және қаратаулықтар ағымының құрметі мен мадақтауына бөленген. Португалиялық Бенедикттің «Саяхат естеліктері» шығармасына негізделсек, ол билік еткен заманда әмір-бұйрықтар бүкіл елде жүргізілген, қоғамдық тәртіп жақсы, саяхат-сапарлар қатерсіз болған. Яркент шаһарында сауда істері өте дамыған. Алайда, Мұхаммед-ханның билігінің соңғы кезеңінде Яркент хандығында бірқатар саяси күрестер туылып, бөліну жағдайы қалыптасқан. Әсіресе, оның жалғыз тірі інісі Абдураһим-сұлтан өзіне берілген билік-жеңілдіктерге риза болмай, Кучар мен Бай аудандарын талап-тонаған. Осылайша әртүрлі ішкі жанжалдарға тап болған хандық бірте-бірте күйреуге беттеген.

1609 ж. Мұхаммед-хан қайтыс болған соң, бұл дағдарыс одан әрі тереңдеген.

5. Ахмет-хан.

Ахмет-хан – Сұлтан Мұхаммед-ханның баласы, 1609-1618 жж. билік еткен. Мұхаммед-хан өлгеннен кейін ол Шади-қожа, уәзір Қожа Латиф, Мырза Ғияс-құсбегі және басқа мансаптылардың қолдауымен таққа шығып, орда іші және бүкіл хандықтың жағдайын бір мезгіл тұрақтандырған. Алайда, хандықта таққа таласу күресі ешбір тоқтамай, жер-жерлерде Ахмет-ханға қарсы көтерілістер арт-артынан туылған. Бұдан бөлек, Мұхаммед-ханның өлгенін естіген қырғыздар 5 мың адаммен Ақсу секілді аймақтарға баса-көктеп кірген. Бұндай ахуалда Ахмет-хан бірқатар қатаң шараларды қолданған. Ол алдымен қырғыздардың шабуылына төтеп беру үшін Ақсу, Үштұрфан, Яркент қалаларында оларға қарсы жаппай соғыс қимылдарын жүргізіп, бұл аймақтарға басып кірген қырғыз қосындарын ойсырата жеңіп, хандыққа төнген сыртқы қатерді жойған. Сонымен бір уақытта, ол Қашғарда өзін хан деп жариялаған Абдурашид-ханның немересі Шарафиддин, сондай-ақ Тұрфанның наибы Абдураһим, Ақсудың наибы Искендер және басқа хан әулеті өкілдерінің бүліктерін тыныштандырып, хандықтың саяси жағдайын бір уақыт тұрақтандырған. Алайда, бұл жағдай ұзаққа созылмаған. Оның үстіне, Ахмет-хан өз билігінің соңғы кезеңінде сейіл-саяхатқа құмартып, сарай істерімен жұмысы болмаған. Осылайша хандықтың билік-құқығы бірте-бірте әлсіреген.

1618 ж. Ахмет-хан таққа отырғанына 11 жыл толғанда Барчұқ елдімекенінде аң аулап жүргенде бүлікші әмірлер тарапынан қастандықпен өлтірілген.

6. Абдуллатиф-хан.

Абдуллатиф-хан – Ахмет-занның екінші баласы, 1618-1630 жж. тақта отырған. Ол әкесі қаза тапқаннан кейін Қашғардағы әмірлердің қолдап-қуаттауымен хақан болған. Ол Яркентке шабуыл жасап, әкесін өлтірген бүлікші әмірлер таққа шығарған Юнус-сұлтанның баласы Құрайшты жойған. Содан бастап ол таққа ресми мұрагерлік етіп, хандықтағы ахуалды тұрақтандыру үшін төмендегідей шараларды қолданған:

1. Алдымен өз қамқоршыларын риза ету үшін мансаптарды ерекше үлестірген. Мысалы, Мырза Мұхаммед Юсуп-байринді Яркенттің хәкімі, Қожа Абдуллатифті уәзір, Абдуғаппарды құсбегі, Мырза Абдусаттар Ақбарақты ишикаға, Мырза Қажы-барласты Қашғар хәкімі, Мырза Құрбан-чорасты Сарыкөл хәкімі, Әмір Хусрау-байринді Қашғар аймағындағы Түмен дариясының мирабы мансаптарына тағайындаған. Ол осы амал арқылы бір жағынан өз билігін нығайтқан, сондай-ақ бір жағынан лауазымдарға қойылған мансаптылардың күшімен өз қарсыластарын аластатқан.

2. Хандықтағы ішкі былықпалар мен сыртқы апаттарды бір-бірлеп жойылған. Хандықтың шығыс бөлігіндегі билеуші Абдураһим-хан бұрынғыдай әскер шығарып, Кучар мен Ақсу аймақтарын шабуылдаған һәм осы аймақтардағы халықты ауыр дәрежеде талап-тонаған. Бұндай жағдайда Абдуллатиф-хан қосындар шығарып, Абдураһим-ханның шабуылын тойтарған. Ахмет-ханның қаза тапқанын естіген қазақ ханы Есім-хан да орайды пайдаланып, Ташкенттен әскерлерін бастап келіп, Ақсу шаһарына шабуыл жасаған. Алайда, Абдуллатиф-хан зор қосындарын шығарып, қазақтардың бұл шабуылын да тойтарған. Ол Ақсудағы жасақтар мен бұқара халықтан жағдай сұрап, Мырза Әлимардан-бекті осы ауданның хәкімі етіп тағайындаған. Әйтсе де, Абдураһим-хан мен қазақ ханы Есім және жаңадан бас көтерген ойраттар Ақсу аймағына үздіксіз түрде шабуыл жасап тұрған. Бұл ахуал Ақсу халқына ауыр бәле-апаттар әкелген.

Жалпы, Абдуллатиф-хан таққа шыққаннан кейін өз билігін нығайту және Яркент хандығының салтанатын қалпына келтіру үшін зор қажырлылық көрсетіп, хандықтың біршама гүлдену көрінісін тудырған. Алайда, оның билігінің кейінгі кезеңінде қоғамдағы үздіксіз ішкі қақтығыстардан хандық біртіндеп жойылуға беттеген. Абдуллатиф-хан хандықтың бұл жағдайын өзгертуге қауқары жетпей, ақыры 1630 ж. 26 жасында қайтыс болған.

7. Сұлтан Ахмет-хан.

Сұлтан Ахмет-хан – Ахмет-ханның немересі, Темір-сұлтанның баласы. Ол Абдуллатиф-хан қайтыс болғаннан кейін Яркенттегі уәзірлер мен әмірлердің қолдауымен таққа отырған. Алайда, кейін Сұлтан Ахмет-ханды таққа шығарған әмірлер арасында билікке таласу пайда болған. Сол сәтте Сұлтан Ахмет-ханның інісі Сұлтан Махмуд тақты тартып алу соғысына шұғыл әзірленіп, Ақсуды база етіп, жергілікті әмірлер мен қырғыздардың қолдауымен әр жылы Яркентке шабуыл жасаған. Сұлтан Ахмет-хан бұған қарсы тұру үшін зор қосындармен соғысқа аттанған. Екі тараптың қосындары бетпе-бет келгенде, ханның оң және сол жағындағы шептер бұзылып, жауынгерлер артқа қарай қашқан. Сұлтан Ахмет-хан да жауынгерлеріне ілесіп, шайқастан қашып шыққан. Сұлтан Махмуд-хан 1632 ж. жеңімпаз ретінде Яркентке кіріп, таққа шыққан. Ұзақ өтпей, Ақсуда қашып жүрген Сұлтан Ахмет-хан Абдураһим-ханның үлкен баласы Абдулланың Ақсуға басып кіруімен еріксіз Яркентке қашып келген. Сұлтан Махмуд-хан оны қудалау үшін жарлық түсірген кезде Шади-қожа мен Хан Сания оған араша түскендіктен, кешірім еткен.

1635 ж. Шади-қожа Сұлтан Махмуд-ханды қастандықпен өлтірген соң, Сұлтан Ахмет-хан тағы бір рет таққа шығып, 1638 ж. дейін билік еткен. Ақырында Абдулланың Яркентке шабуыл жасауымен тақты тастап, Балх шаһарына қашып кеткен.

8. Сұлтан Махмуд-хан.  

Сұлтан Махмуд-хан – Сұлтан Ахмет-ханның інісі. Ол ағасынан тақты тартып алу үшін діни күштерден медет алу мақсатында Қожа Латифтің қызына елші жіберген. Дегенмен, Сұлтан Ахмет-хан оның ниетін сезіп қойып, Қожа Латифтің қызымен өзі некелескен. Бұндай ахуалда, Яркентте тұруға амалы қалмаған Сұлтан Махмуд-хан Ақсуға қашқан һәм осындағы әмірлер мен қырғыздардың қолдауымен әр жылы дерлік Яркентті шабуылдап тұрған.

1632 ж. бір шешуші айқаста ағасы қатты жеңілген соң, Сұлтан Махмуд-хан тақты тартып алып, өзін «хан» деп жариялаған.

1635 ж. ағасы Сұлтан Ахмет-ханның қолдаушысы Шади-қожа Сұлтан Махмуд-ханды қастандықпен өлтірген. Осылай Яркент хандығының билігі қайтадан Сұлтан Ахмет-ханның қолына өткен.

9. Абдулла-хан.

Абдулла-хан – Сұлтан Абдурашид-ханның немересі, Абдураһим-ханның баласы. Әкесі 1635 ж. қайтыс болған соң, ол батыста Ақсу қаласынан шығыста Цзя'юйгуән бекінісіне дейінгі аумақты билеп-төстеген. Барша зейінмен қарулы күштерін орталықтандырған ол әкесі жүзеге асыра алмаған істерді аяқтауға, яғни Яркенттегі тақты тартып алу арқылы бүкіл хандықтың хақаны болуға ұмтылған. Осы мақсатта ол 1635 ж. Қашғарға алғашқы шабуылын бастаған. Алайда, осы соғыста ол сәтсіздікке ұшырап, Ақсуға шегінген.

1638 ж. ол Яркент пен Хотандағы әмірлердің қолдауымен Қашғарға екінші рет шабуыл жасап, соғыста жеңіске жетіп, Яркентке дейін сәтті жетіп барған. Сол жылы Яркенттегі Шади-қожа, Қожа Насыр, Маулана Салих және басқа да уәзірлердің қолдауымен таққа отырған.

Абдулла-хан Яркент хандығының кейінгі кезеңінде таққа шыққан хандардың ішінде өзінің ерекше үлесімен көзге көрінгендіктен, оны «Яркент хандығын қайта гүлдендірген хақан» деп атауға болады. Өйткені, ол үлкен табындылықтың арқасында төмендегі істерді жүзеге асырған:

1. Орталықтағы және жер-жердегі мансаптыларды қайтадан тәртіпке салып, Шахмансур-бекті өзіне аталық, Шах-бекті уәзір, Бабақ-бекті мираб, Мырза Исмаил ордабегін сол қанат қосындардың үшбегі етіп, інісі Абулмұхаммед-ханды Чалыш пен Тұрфанның наибы, тағы бір інісі Ибраһим-сұлтанды Қашғардың наибы, Мырза Шах-бекті Йеңисардың хәкімі, Мырза Абдусаттар-бекті Ақсудың әмірі, Мырза Күчек-чорасты Үштұрфанның хәкімі, Мырза Араб-бекті Қарақаштың хәкімі, Мырза Шахбаз-чорасты Сарыкөлдің хәкімі етіп тағайындаған.

2. Ойраттардың арандатуымен дүрбелең көтерген Кучар әмірлері қатаң жазаланған. Артынан тағы Болор мен Бадахшанға жасақтарын жіберген ол үш ай жазалау жорығын жүргізіп, осы екі аумақты қайтадан бағындырған.

3. Хандықтың солтүстік-батысындағы жерлерді қайтару мақсатында, Ферғана аумағына шабуыл жасалған. Алайда, осы реткі соғыс қимылдарында қырғыздар үстем болған әскери күштерді іске салғандықтан, яркенттік қосындар ауыр шығынға ұшыраған. Кейін Абдулла-хан 4 түмен қосындармен Ферғана ойпатына қайтадан шапқыншылық жасап, Әндіжан шаһарын басып алған һәм осы қалада өртеу, талап-тонау, қырып-жою әрекеттерін қолданған.

4. Ойраттарға қарсы екі рет соғысып, екі ретте де жеңіліп қалған. Дегенмен, жоңғарлардың Хотан аймағына шабуылын тойтарып, хандықтың күш-қуатын көрсеткен.

Жалпы, Абдулла-ханның жоғарыдағы әрекеттерінің арқасында хандықта бір мезгіл бейбітшілік пен гүлдену орын алған. Алайда, ақтағлық қожалар өкімет істеріне белсенді араласып, Абдулла-ханның баласы Йолбарсты астыртын қолпаштап, бүлікке арандатқандықтан, Абдулла-хан амалсыз 1667 ж. тақты тастап, Арабстанға қажылыққа кеткен.

10. Йолбарс-хан.

Йолбарс-хан – ақтағлық қожалар және әмірлердің қолдауымен 1667 ж. таққа шыққан. Ол хан болғаннан кейін ақтағлық қожалардың арандатуымен қаратағлық қожаларды аянышты халде қынадай қырған. Бұндай ахуалда қаратағлық қожалардың өкілі Мұхаммед Абдулла әмірлер мен мүриттердің үлкен бөлігін Яркенттен Ақсуға бастап барып, сол жердің әмірімен бірлескен. Кейін Хотанның әмірі де осы одаққа қосылған. Қаратағлықтар өз орнын нығайту үшін ойрат билеушісі Алтан-тәйжіге адам жіберіп, Абдуллатифтің баласы, Абдулланың інісі Исмаилды сұрап әкелген. Оны өздеріне хан етіп көтерген олар Ақсу шаһарында бекініп, Яркентке шабуыл жасаған. Йолбарс-хан қатты жеңіліп, Яркент шаһарында бекініп алған. Кейінгі кезеңде Йолбарс-хан қаратағлық қожаларға төтеп беру үшін жоңғарлардың тағы бір билеушісі Заңги-тәйжіден көмек сұрап, оның күштеріне сүйеніп, Исмаил-ханды ауыр зиян тартқызған. Қашғар қаласы Заңги-тәйжінің қолына түсіп, Йолбарс-хан амалсыз Яркентке кетуге мәжбүр болған. Зәңги-тәйжі Қашғарда Йолбарс-ханның кенже баласын таққа шығарған. Йолбарс-хан Яркентке барғаннан кейін Зәңги-тәйжінің жоғары дәрежелі қолбасшысы Әрк-бектің арандатуымен 1670 ж. бұрқ еткен әмірлердің бүлігінде өлтірілген.

11. Абдуллатиф-хан.

Абдуллатиф-хан – Йолбарс-ханның баласы. Ол әкесі өлтірілгеннен кейін 1670 ж. таққа шығарылған. Көп өтпей, ол анасымен бірлесіп бүлікші әмірлерді өлтіруді жоспарлаған. Бұл жағдайды біліп қалған Заңги-тәйжінің қолбасшысы Әрк-бек қауіптеніп, Қашғарға қашқан. Ол Ақсудағы Исмаил-ханға хат жіберіп, оны Яркентке қосындар аттандыруға шақырған. Исмаил-хан осы ұсынысты дереу қабылдап, Алтан-тәйжінің зор күштерінің қолдауымен Яркент қаласына басып кірген. Абдуллатиф-хан қорқып, Қашғарға қашқан. Осылай 1670 ж. 2 сәуірде Исмаил-хан Яркент шаһарына кіріп, таққа шыққан.

12. Исмаил-хан.

Исмаил-хан 1670 ж. қаратағлық қожалардың қолдауымен таққа отырған. Ол хан болғаннан кейін қаратағлық қожалардың жол көрсетуімен алдымен адам жіберіп, Йолбарс-ханның Қашғардағы ұлдарын қырып тастаған. Екінші қадамда ақтағлық қожаларды қатаң басып-жаншып, қаратағлық қожаларды хандықтың маңызды мансаптарына қойған. Ақтағлық қожалардың басшысы Аппақ-қожа Қашғардан Кашмирге қашып, сосын Кашмир арқылы Тибетке өткен. Ол ақтағлық қожалардың салтанатын қалпына келтіру үшін Далай-лама V кездесіп, оның қолдауына қол жеткізген. Далай-лама V «Ей, Бошокту-хан (Галдан Бошокту-хан)! Қожа Афақ Һидаятулла ұлығ кісі екен. Оның жұртын Исмаил-хан тартып алып, бұны қуып жіберіпті. Қажетті лашкерлерге бұйырып, бұның елін қолына алып бергейсіз. Уәләл ул-Ишкал (Аллаһ қиыншылықтан құтқарушы-дұр) болар – хатым тамам» деген мазмұндағы жолдаумен оны жоңғар қонтайшысы Галданға жіберген. Көптен бері Яркент хандығын талқандау және Тәңіртаудың оңтүстігін иеленуді ниет еткен Галдан ешбір күмәнданбастан дереу осы ахуалды пайдаланып, 1680 ж. 12 түмен атты әскерлерін жіберіп, Аппақ-қожаның жол бастауымен Мұздауан өткелі арқылы Қашғар мен Яркентке жылжыған. Жоңғар қосындары ақтағлық қожалардың зор көмегімен сұрапыл ұрыстар жүргізе отырып, ақырында Яркент шаһарын басып алған. Шаһардағы Исмаил-хан мен оның отбасысы тұтқындалып, Іле аймағына қуғындалған. Сонымен Яркент хандығы ресми құлаған.    

 

                                                                                  

    

 

 

Podcasts

Көп оқылғандар