Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Арнайы жобалар
Аударма
А.С. Пушкин: “Патша селосындағы ой”

14.10.2016 3169

А.С. Пушкин: “Патша селосындағы ой”

Негізгі тіл: Царское село

Бастапқы авторы: А.С. Пушкин

Аударма авторы: Хамит Ерғали

Дата: 14.10.2016




Аударған: Хамит Ерғали  

А.С. Пушкин, Патша селосындағы ой, Царское село.jpg


Қалғыған кең аспанның көк күмбезін

Салбырап қараңғы түн баса түсті.

Сай-сала, тоғайдан да шықпайды үн;

Ақ тұман аулақтағы орман үсті.


Қалың ну саясына сырғып бұлақ,

Үстінде жапырақтың жел тыныстап,

Ай жүзді ақ пүлістей бұлт ішінде,

Бейне бір көкте кербез аққуға ұсап.


Ай жүзді нұр себелеп ақ жүзінен

Айнала жадыратты төңіректі.

Ұласып жасыл жеке сап түзеген,

Көрінді көк майса мен төбешік те.


Көк өрім тал мен терек алдымдағы

Төніп тұр мөлдір судың дəл бетінде.

Даланың ханшасындай қызғалдағы

Құлпырып, қызықтырар сəулетіне.


Құлаған қия тастың қыр басынан

Мөлдір су шымырлайды жар жағалап;

Толқыны сонау тымық көлдің сылаң

Баяулап су тəңрісіне тұр шашырап.


Ал сонау меңреу шетте сəулетті үйлер

Бұлтқа өрлеп, тірегендей көкті бүкіл;

Осы ғой жер құдайы күн елткен жер?

Шеркеуі-ау орыс Минервасының бұл?


Өзі еді-ау түн жамылған нұр пейіштің,

Патшаның селосының əсем бағы,

Мерт қылып арыстанды мұнда орыстың

Тыныштық таппады ма мұз балағы?


Кезінде ханым патша билеп тұрған,

Даңқы артып, Россия бақыт құшқан,

Тыныштық саясында гүлге оранған

Кешегі алтын дəурен өтті бастан.


Бұл жерге келген сайын өткен жылдар

Жаныңның түкпірінен сығалайды,

«Жоқ – дейсің – ұлы əйел де, барлығы да!»

Күрсініп шер тұтасың бұл маңайды.


Жағада үнсіз-тілсіз ойға бағып,

Əлде жел, əлде басқа тыңдағаның...

Өткен шақ көз алдыңнан көлбең қағып,

Тек тыныш сүйсінеді соған жаның.


Көресің: төңірегін толқын қамап,

Үстінде тас шоқының мүк жамылған.

Сымбатты тұр ескерткіш. Қанат қомдап

Басында отыр соның бала қыран.


Сом бұғау, сармасақты дəл үш дүркін

Құрсанып тұр бағана қаһар төгіп;

Төменде ысқырымпаз ақбас толқын,

Көміліп көбігіне жатыр шөгіп.


Қарағай көлеңкесін жалбыраған

Жамылып тұр ескерткіш қарапайым.

Қадірсіз көрінсе де ол, Кагул, саған,

Отан қымбат тұтады оны дайым.


Уа, мəңгі тірісіңдер, ер орыстар,

Шыныққан ұрыстарда дүлей бұрқақ,

Серіктері Екатерина, дос-жарандар,

Мадақтар даңқтарыңды барлық ұрпақ.


Қаһарлы, аты шулы жанжал ғасыр,

Даңқ орыста! Шын куə сенсің оған,

Алдында Орлов, Румянцев, Суворов тұр,

Солар батыр əулеті ер славян.


Перунындай Зевстің – жеңісті олар

Тартып ап, соған əлем қайран қалды;

Державин, Петровтар ерлерге арнап,

Ақындық асыл жырын төге салды.


Атақтым, сен де заулап өре шықтың

Сұрапыл соғыс көрді жаңа ғасыр;

Алдында жаңа ғасыр: бүкіл жұрттың

Қасірет-қайғысындай сыбаға тұр.


Жарқылдап долы қолда қанды қылыш,

Патшасы зұлымдықтың жүрек жұтты.

Қарсы əлем қамшы үйірді, қайнады ұрыс,

Қаһарлы соғыс таңы күніреңітті.


Жөңкіліп, секілденіп бейне топан,

Орыстың даласына жау лықсыды.

Тұнжырап алдында ұйқтап жатыр жапан,

Қоңырсып қара жерден қан бықсыды.


Бейбіт қала, селолар түнде өртеніп,

Айнала қара аспанды жалын шалды.

Қашқандар ну орманның баурына еніп,

Тот басты, соқа түзде адыра қалды.


Жау күшін жасқайтұғын еш бөгет жоқ,

Келеді бəрін құртып, бəрін бұзып,

Ұйлығып көк жүзінде көлеңке боп,

Беллона[1] перзенттері жүрді жүзіп.


Солардың басты рухы зират үстін,

Кейде үнсіз түнгі орманды кезіп бақты;

Шықты айғай!.. Бұзып-жарып тұман ішін

Алыстан қылыш, сауыт дабыл қақты.


Уа, сескен, бөтен жұрттың қалың қолы!

Қозғалды ұлы орыстың түлектері;

Ат қойды ата, бала саған қарсы,

Малынып кек-жалынға жүректері.


Қалшылда, ей, жəбірқой! Жетті ажалың!

Танып қал əр солдаттан батырды шын;

Мақсат – жеңу, не өлу, жұтып жалын,

Орыс үшін, шəһиттің топырағы үшін.


Ұшқыр ат қан майданда шамырқанып,

Жасырды жердің бетін қалың қосын,

Сап та сап, бəрі кеткен даңққа оранып

Мақтаныш мекен етті жан қуысын.


Кетті алға, шар қылышқа жемтік іздеп,

Қызды айқас, жоталарды күркіл басты,

Қылыш пен көк мұнарда оқ безілдеп,

Қалқанға егескеннің қанын шашты.


Жандасты, жағаласты. Орыс жеңді!

Жеңіліп кетті безіп такаббар Галл;

Жеңімпаз күштілерді тəңрі, енді,

Ең ақтық шапағатқа етті душар.


Жауынгер құрта алмады оны мұнда,

Даласы, Бородино, қанды елдің!

Өжет жау алға кетті. Уа, дариға!

Галл шықты күмбезіне Кремльдің!


Москвам, туған өлкем! Қызыл гүлдей

Құлпырып, бойым түзеп жүрген жерім,

Қайғы мен сор-азаптың бірін білмей,

Бихабар, алтын дəурен сүрген жерім, -


Дұшпанын сен де көрдің отанымның,

Қан бояп, өзегіңді өрт жалмады,

Ішінде өле алмадым оттарыңның,

Тек қана ыза кернеп жалындады.


Қайдасың алтын айдар Москваның

Сымбатты, туған елдің мақтанышы!

Қайрадың, орны болдың масқараның,

Бұрынғы ұлы шаһар – көздің құшы.


Москва, орысқа шер мұңды кейпің,

Жоғалды ұлық, патша сарайлары.

Өрт жұтты, қараң қалды күмбез дейтін,

Құлады байлар салған үйдің бəрі.


Ағаштың, хош иісті миуасын

Əзелден саялаған қызық өмір.

Серуен орманы мен бақтың асыл

Орнында қалды өлімтік, күл мен көмір.


Тып-тыныш маужыраған жазғы түнде

Шат думан жаңғырығың жетпес оған;

Жаға мен орман оты сөнді мүлде,

Бəрі де өлі аруақ, бəрі тынған.


Россия қаласының қарт анасы,

Сабыр ет, өлгенін көр келімсектің,

Жетті енді долы жаудың жерге басы,

Алды енді алқымнан қолы кектің.


Қарашы! Қайырыла алмай безіп қашты,

Тынбады қар үстінде қанды селі;

Қашты əне түнде қамап ажал, аштық,

Желкеден төнді орыстың ақ семсері.

Уа, сендет, европалық күшті жұрттар

Қаймыққан қаһарынан кереметтер.

Жыртқыш Галлдар! Сендер де жер

құштыңдар...


Уа, қатер! Уа, сұстанған сұр мезеттер!

Менменсіп, қылыш ұрып таққа қолы,

Шындықтан, діннен безген, заңнан безген,

Қайдасың, Беллонаның сүйікті ұлы?

Жоғалды ол, жаман түстей ұшты көзден.


Парижда орыс! Кек оты қайда қалдың?

Галлдар, жоқ болатын келді кезің! –

Деп едім, ақ пейілді орыстардың

Бітімге қол бергенін көрді көзім.


Аулақта тынбаса да соғыс-дауыл,

Москва қалса да мұң-шер боп бүгін,

Құртқан жоқ, есіркеді орыс жауын,

Ап келді жер бетіне тыныштығын.


Кескінді немересі патша əйелдің!

Аспанның неге бұлай құдіреті;

Славян жыршысындай бүгін менің

Жанымнан жалт етпейді шаттық оты.


Апполон ақындықтың шын дарынын

Кеудеме құйса бүгін!.. Көңлім тасып,

Лирадан тамылжытып тағдыр үнін,

Тұрар ем түнек күнде шұғыла шашып!


Қаһарлы қалың қолды жырлап өскен,

Уа, жырау – Россия дарындысы!

Қолға алып алтын арфа зор дауыспен

Достардың арасында бір шалқышы!


Ерді айтып тағы да үн шығарыңдар,

От құяр өжет күйін жүректіге!

Түршігер жас жауынгер, қаны қайнар,

Қарт жырау көк дабылды жыр еткенде.



[1] Беллона – ежелгі Рим аңызында соғыс тəңрісі.

Podcasts

Көп оқылғандар