Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы

17.11.2015 2708

"Асулар"

Автор: А. Алақанұлы
Түсінік: Рымғали Нұрғалиұлы

Ақын Алақанұлының “Асулар” романы қырқыншы жылдардағы саяси-әлеуметтік жағдайдың күрделілігін уақыт тынысындағы қат-қабат өмір шындықтары мен қилы-қилы тағдырлар тартысын өзек еткен шығарма. Автор үш тақырыптың басын біріктіре отырып арналы бір идеяға тоғыстыра алған. Осы орайда мазмұнды аша түскен идеялық шешімнің параллель алынғандығы ұтымды болған. Айталық, күні кешеге дейін Жақыптар жүріп келген сүрлеу бүгінгі Жантастар салған соны соқпақпен үйлесім тапқан. Романдағы оқиға желісі өмірлік шындық – 1940-49 жылдар арасындағы шындықты беруге өзіндік талпыныс жасаған. Сол уақытқа сай әлі де болса үзілмей келе жатқан таптық сипаттағы қарама-қарсы көзқарастар мен ұғымдар тайталасы олардың өмірлік көрінісі, жаңа заман рухындағы адамдардың өміршеңдігі, таптық позициясы солардың қиын да қызық тағдырлары аталмыш шығарманың композициялық құрылымы мен сюжеттік тартыс жүлгесін құрайды. Халық революциясы жеңгелі біраз жылдың жүзі болғанымен ел ішіндегі әлеуметтік қарым-қатынас бұрынғыдай жалғаса береді. Бірлестіктендіру шараларының әлі қолға алынбауы, ағартушылықтың іске аспауы бай мен кедей арасындағы қожайын мен жалшылықтың әлі де тамыры үзілмеуі осының айғағы.

1940 жылдың күзі ел өміріне елеулі өзгеріс ала келеді. Ол – Советтік Қазақстаннан келген мұғалім Еламанның бастауыш мектеп ашуы еді. Яғни ағартушылық саласына мойын бұрылып, жаппай сауат ашу процесі жүріле бастайды. Сонымен қатар бірлестіктендіру шаралары да осы жылдары қолға алынады. Міне, әлеуметтік қоғамдық тыныс елеулі өзгерістермен астасып, романның композициясын көріктендіре түседі. Еламан ел өміріне мәдениеттің шуағын шаша келеді. Роман шағын ауылдағы осы бір формациялық өзгерістердің бірсыдырғы көріністерін үзбей сабақтастырады. Оқиғаға бірден еніп, оны дамытып, шиеленістіре біледі. Кейіпкерлер арасындағы қатынас та нәзік байланыстар арқылы жымдасады.

“Асулар” романындағы көркемдік-идеялық ізденістің бір арнасы – тақырыпқа тереңдеу, оның философиялық астарларына үңілу. Тақырып терең ашылған сайын оның философиялық астары айқындала түседі. Шеберлікпен суреттелетін пейзаж, кейіпкер портреттері, түрлі мінездер психологиясы іс-әрекеттер суретімен аралас келіп отырады. Романның сюжеттік- композициялық құрылымын сөз еткенде автордың оқиғаны баяндаудағы дәстүрлі хроникалық тізбектеуге ұрына бермей кейіпкердің ой ағымындағы лирикалық шегіністерді пайдалана білгенін баса айтамыз. Әйтсе де әңгіме негізін алдымен шолып айтып артынан таратып жататын авторлық баяндаулар да жиі кездеседі. Негізгі тақырыптан және оқиғадан ауа жайылып екінші бір мәселеге кетушілік де кездеседі. Осының кесірінен шығарманың композициялық тұтастығы бұзылып, қосымша оқиға эпизодтардың қатары молайған.

Жазушы сыртқы болмысты баяндауға құштар да, ішкі мазмұнды көрсетуден қашқақтай береді. Кейіпкерлердің сыртқы динамикалық өсуі бар да ішкі жан-дүниесі көмескі көрсетілген. Олардың психологиялық жай-күйіне, қуаныш-ренішіне, қабағындағы кірбің мен жанарындағы жылылыққа, мінез өзгешелігіне тікелей ене алмайды да, сырттай баяндаумен тоқтайды. Кейіпкердің бір сәттік мінез-құлқын, психологиялық өзгерісін беруде авторлық баяндаумен қатар, кейіпкердің ой-ағымдарын пайдаланған ұтымды тұстары да бар.

Монолог біткенде “шіркін-ай”, “япыр-ай”, “ұят-ай”, “ойбу”, “ойбай-ай” тәрізді одағай сөздер мен қыстырма сөздердің өте көп қолданысынан болып, кейіпкер ойының біртектілік сипаты белең алған. Сонымен бірге, психологиялық мінез-құлықтың тайталас екі ұштылығы кейіпкер сайын кездеседі де көбінде бірыңғай сөйлемдермен, ой оралымдарымен беріліп отырады.

Толқу, тебірену... айтқандайын осы бір ғажайып сөз, сөз емес-ау, сыр - әдебиет сыны байыбына бара алмай жүрген соншалықты салдарлы ұғым. Толқыту, яғни оқырман көңілін баурап, кейіпкерлер тағдырына ортақтас қылу, ынтықтырып кітаптан бас көтертпеу – қашан да қаламгердің қабілетіне, шығарманың ішкі қуатына тікелей қатысты, өкінішке қарай бүгінгі әдебиетімізде жыл құсындай сирек ұшырасатын құбылыс. Осыдан барып, әрбір кейіпкердің ой-сана, мінез-құлқындағы өзгешелік, дара мінездікті үстейтін жеке характер ашылмаған. Бәрінің ойлауы да, сөйлеуі де өте ұқсас. Әр кейіпкердің болмысын танытатын өзіндік сөзі болуы керектігі ескерілмеген. Тек сырттай үздігу, жалған қиналу мен өтірік ұялу сияқты жасанды психологиялық бет-бейне, оқырманға берер әсері солғын, жан-жүрегіңді тебірентпейтін әрсіз сезім шегі мен ой пернесінің үйлесімсіздігі ап-айқын көрініп-ақ тұрады. “Арысым”, “арыстаным”, “қызыл гүлім”, “аяулым”, “қол жетпес бақ құсым” деп үздігетін сезім иелерінің сөздері әрі жаттанды, әрі поэтикалық әсері солғын, жасанды. Жан дүниесі өзгеріске түскен қай кейіпкерді де алып қарасаңыз да түгелге дерлік жүректері лүпілдеп, дауыстары дірілдеп, екі беті нарттай жанып, сөз таба алмай күмілжіп қала береді. Іштегі ой-сезім шарпылысын былай қойғанның өзінде, сыртқы түйсік әсерлері дағдылы суреттеулер мен сөз қолданыстардан аса алмаған. Мысалы, жып-жылы ақ саусақтардан жаралы башпай арқылы тұла бойға тараған ыстық лептен сол сәт жігіт жалын шалып өткендей сезінген, ... алақаны Айкүмістің жып-жылы жұмсақ саусақтарының сыртына басыла кетті. Сол сәт Тасболаттың тұла бойы күйіп-жанып бара жатқандай сезінді т.б. Сезім иірімдеріне, сыр қалтарыстарына үңілудегі мұндай жетімсіздік Тасболат – Айкүміс, Тасболат – Тоты желісінде де көрінеді.

Автор жағымды кейіпкерлерден гөрі жағымсыз кейіпкерлерге көбірек ден қойып, қол артқан. Елубай, Сақаба, Марқай бейнелерінің басқалардан сәл табиғилығы осыдан. Тасболат бейнесін сомдауда сыңаржақтылыққа ұрынбай, оның адамгершілік қасиеттерімен бірге пенделігін де ашып көрсеткен. Мәселен, басқа адаммен тұрмыс құрып кеткен Айкүміспен оңаша кездесуі осының айғағы. Ал, Айкүмістің Тасболатпен бірге қашуға келісіп қойып, ата-анасының ақ батасын аттап кете алмауы, тіпті кетуге бел буып орнынан тұрып, әрекеттенуі де айшықты суреттелген.

Ал романдағы Жақып байдың тұлғасы – аса күрделі. Шығарма басында Жақып аса надан байлардың бірінен көрінеді. Оны автор Жақыптың Тасболатты болмашыға бола сабап, таяққа жығуы арқылы көрсеткен. Бірақ, Жақыптың бұдан былайғы әрекеттерінен мұндай жеңіл ашуға беріліп, ойланбай іс жасағанын байқамайсың. Жалпы, Баян-Өлгейлік қаламгерлердің көбі таптық сипаттағы бай адамның бейнесін – сыртқы пошымы, жайсыз қимыл-әрекеті, ұрдажық, малшы-құсшыны болмашыға бола сабап салуға дайын тұратын етіп бейнелейді. Әуелінде Тасболаттың жеке басында Айкүміске деген ыстық балаң сезім мен қыз әкесі Жақыпқа деген суық кекшілдіктен туындайтын драмалық тартыс бар еді. Жазушы оны да ширықтыра алмаған.

Романдағы негізгі әлеуметтік топ – жаңаны қарсы алушы жастар мен күні өтіп бара жатқан байлар. Бұлардың арасындағы жаулық бірден ашық көзге түсе бермейді. Жақып байдың жымысқы саясаты, оның кейбір іс-әрекеті арқылы ғана белгілі болып отырады. Жазушы кейбір шолақ белсенділердің ұрдажық қылығы арқылы ғана жаңаның жауларының масайрауын орынды шенеп отырған. Бірақ, байлардың ішмерез қулығы іске аспай, үнемі жақсылық салтанат құрады. Жантасты мектептен қашып шыққан балалардың өлім аузынан құтқарылуы бір-бірімен қабыспайтын алшақ оқиға болғанымен, мұның астарында да нәзік байланыс бар. Ол - әкенің тәлімін көрген ұлдың, әкенің әрекетін қайталауы. Романның бір тарауы жүйелі түрдегі суретке көшірілсе, енді бір тарауы мүлдем жалаң баяндалады. Мәселен, Тасболаттың идеялық өсуі, жүріп өткен соқпағы тым үстірт баяндалса, Жантас бойындағы әрбір өзгерістер психологизмге құрылып, әлеуметтік көзқарастар ашылады.

Шығармада дәстүрлі прозадан ауытқыған бір эпизод бар. Ол – шығарма құндылығын арттыра түспесе, көркемдігіне нұқсан келтірмейді. Айталық, көп шығармаларда байдың қызы мен кедей жігіті уәделесіп ақ бата, ақ некені бұзып, қашуға бел байлайды. Әрі көбінен бұл қадамдары іске асып, жаңа қоғам арашашы боп жататын болса, бұл жолы Айкүміс ақ батаны аттап, ақ некені бұзудан қорықты. Әсіресе, түнде тұруға әрекеттенгені, әрбір іс-қимылы дәлелді штрихтармен оның сезім иіріміндегі өзгерісті аша түседі. Романның құрылымдық көркемдік жүйесіне үңіле қараған зерттеуші оның бітіміндегі ерекшеліктер себебінің қазақ қоғамдық санасы дамуының өзіндік жолындағы өзге дара процесті көреді.

Роман авторының көркемдік шындықты шырайландыра түсу үшін қолданған көркемдегіш құралдары да біршама сәтті.

Podcasts

Көп оқылғандар