Француз ақыны һәм сыншысы Шарль Перроның (1628-1703) 1697 жылы қаңтарда Парижде жарық көрген «Қаз ананың ертегілері» атты жинаққа, француз халық ертегілеріне негізделіп жазылған сегіз ертегі енеді. Сол сегіз ертегінің ішіндегі - «Күлше қыз», «Етік киген мысық», «Қызыл телпек», «Ұйқыдағы ару» сынды ертегілерін қазіргі күн білмейтін бала жоқ. Осы ертегілер негізінде Дисней мен DreamWorks киностудиялары бір қанша мультфильм мен кино түсіріп үлгерген еді.

Ал, «Ұйқыдағы ару» ертегісінің желісімен Дисней «Малефисента» деген атпен 1959 жылы алғаш рет мультфильм түсірсе, 2014 жылы дәл осы атпен режиссер Роберт Стромберг көркем фильмін таспалап, зор табысқа жеткен еді.

Көпшілік көрермен Петр Чайковскийдің атақты «Ұйқыдағы аруы» балетін жақсы білгенімен, оның мультфильм мен киноға айналған нұсқасы «Малефисентамен» желілес, тамырлас екенін біле бермесе керек.
Кеше осы ертегі негізінде сахналанған «Астана Опера» театрының сахнасында Петр Чайковскийдің «Ұйқыдағы ару» балетінің тұсаукесері өтті. Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылған бұл қойылым «Опералия 2025» халықаралық музыкалық фестивалі аясында көрерменге жол тартып отыр. Жылдың ең айтулы мәдени оқиғаларының біріне айналған премьера «Астана Опера» балет труппасының шығармашылық әлеуетін паш етіп, тамашалаған көрерменді тәнті етті.

Петр Чайковскийдің «Ұйқыдағы ару» балеті – музыка мен хореографияның теңдессіз үйлесімі. Композитор бұл шығарманы атақты хореограф Мариус Петипамен бірлесіп жазған. Екі данышпанның шығармашылық бірлігі нәтижесінде 1890 жылы алғаш рет сахналанған балет әлемдік театрлардың репертуарынан берік орын алды. Спектакльдің музыкасы Чайковскийдің гениалдылығымен ерекшеленсе, хореографиясы классикалық балеттің биік шыңын көрсетеді.

«Астана Опера» театрының көркемдік жетекшісі, Ресейдің халық әртісі Алтынай Асылмұратова қойылымды дайындау барысында туындаған қиындықтарды атап өтті:
«Биылғы жылғы «Опералия» фестивалі өте бай әрі мазмұнды өтіп жатыр. Жақында ғана журналисттермен кездесіп, «Опералия» фестивалін ашқан болатынбыз. Бір ай бұрын Ролан Петидің үш шедеврі ұсынылды. Енді міне, тағы бір өте маңызды премьера – «Ұйқыдағы ару» спектаклі қойылмақшы. Біз бұл қойылымды ұзақ күттік. Бес жыл бұрын осы балетті сахналауды жоспарлағанбыз, бірақ түрлі себептермен, соның ішінде пандемияға байланысты, бұл жоспарды жүзеге асыра алмадық. Фестивальдің арқасында «Ұйқыдағы ару» ақыры сахнаға шықты және көрерменді қуантады деп сенемін.

Спектакль туралы айтатын болсақ, бұл өте әдемі әрі ауқымды қойылым. Түпнұсқада спектакль үш бөлімнен тұрады және төрт сағаттан астам уақытқа созылады. Бүгінгі заман көрермені үшін мұндай ұзақтық сәл ауыр болғандықтан, біз ең маңызды бөліктерін сақтап, балетті ықшам етуге тырыстық. Біздің қойылым үш бөлімнен тұрады: бірінші бөлім – пролог, екінші бөлім – екі көріністен тұрады, ал соңғы бөлім – үйлену тойы.

Бірінші көріністе Аврораның он алтыншы туған күні бейнеленеді. Зұлым сиқыршы Карабос туған күнге шақырылмағаны үшін кек алып, Аврораны өліммен қарғайды. Бірақ Жақсылық перісі Сирень келіп, жақсылық әрқашан жеңетінін дәлелдейді. Ол Аврора өлмейтінін, тек жүз жыл ұйықтайтынын айтады. Оны тек ханзаданың сүйіспеншілікті сүйісі оята алады. Чайковскийдің керемет музыкалық антрактісін жоғалтпау үшін мен оны жүз жылдық ұйқыны бейнелейтін бөлім ретінде қостым. Біздің бірінші скрипкашыларымыздың орындауындағы бұл музыка көрерменді баурап алады деп сенемін.

Екінші бөлімде жүз жылдан кейін ханзада Дезире аңшылыққа шығады. Сирень перісі оны сиқырлы орманға жетелеп, Аврораны сүйіспеншілік сүйісімен оятады. Соңғы бөлімде Аврора мен Дезиренің үйлену тойы бейнеленеді. Бұл қойылымның сәні мен әдемілігі оның безендірілуіне де байланысты.
Сахналық безендіруде итальяндық сценограф Риккордо Массирони тамаша жұмыс жасады. Бұған дейін «Ұйқыдағы ару» Эцио Фриджерионың безендіруімен сахналанған еді, сондықтан біз бұл қойылымды оның есіміне арнаймыз. Риккордо – оның шәкірті, және ол өз міндетін өте жақсы орындады. Жұмсақ материалдардан жасалған декорациялар сахналық өзгерістерді тездетіп, гастрольдік сапарларға шығуды жеңілдетеді. Мысалы, бұрынғы үлкен колонналар көп орын алып, бюджетке ауыртпалық түсіретін. Енді мұндай мәселе жоқ, бұл – гастрольдер үшін практикалық шешім.

Сондай-ақ, мен ата-аналарға алғыс айтқым келеді. Бұл спектакльде, Мариус Петипаның басқа қойылымдарындағыдай, балалар да өнер көрсетеді. Қазір жазғы демалыс уақыты болса да, Қазақстан ұлттық хореография академиясының оқушылары репетицияларға қатысты. Ата-аналары балаларының демалыста жұмыс істеуіне рұқсат беріп, оларды репетицияға әкелді. Бүгін сіздер академия оқушылары орындайтын вальсті тамашалайсыздар»,- деп сөзін аяқтады.

Риккардо Массирони декорациялар бойынша суретші былай деп алғыс білдірді:
«Алдымен «Астана Опера» театрына мені осы жобаға шақырғаны үшін алғыс айтқым келеді. Бес жылдан кейін қайта оралғаным – үлкен мәртебе. Бұл серіктестік көп жыл бұрын, менің ұстазым Эцио Фриджериомен бірге басталған еді. Мен одан сахнаны безендіру мен декорация жасауды үйрендім. Ол маған сенім артты, және мен осы сенімді ақтауға тырыстым. Пандемия сияқты мәселелерге байланысты бес жылдық үзілістен кейін осы спектакльдің декорациясын дайындауға қатысу мен үшін үлкен мәртебе, үлкен қуаныш!» - деді суретші.

Костюмдер бойынша суретшінің ассистенті Анна Верде:
«Франка Скуарчипино және Алтынай Асылмұратовамен тығыз жұмыс істей отырып, біз кейіпкерлердің мінезін ашатын костюмдер жасадық. Алтынайдың талғамы мен нәзіктігінің арқасында әр кейіпкердің костюмі олардың мінезін дәл бейнелейді. Бұл – өте маңызды жетістік. Қазір Франка Эцио Фриджерионың (бүгінгі спектакль осы тұлғаның құрметіне қойылды) еңбектеріне арналған музей ашу ісімен айналысуда. Ол Астанаға келе алмағанына өкінішін білдірді, дегенмен ол Эционың осында, елордада жасаған жобаларының фотосуреттерін сол музейде орналастырғысы келеді. Ол Фриджериомен бірге осы театрда шығармашылық рухта және достық атмосферада көптеген қойылымдар дайындаған. Франка театрға, әсіресе Алтынай мен Константинге жылы лебізін жолдады», - деп сөзін ыстық ықыласты лебізбен аяқтады.

«Астана Операның» жетекші солисі, Аврора ханшайымның партиясын орындаушы Мәдина Өнербаева алдағы қойылым туралы былай деді:
«Мен «Ұйқыдағы ару» спектаклінде өнер көрсеткеніме өте қуаныштымын. Маған сенім артқан Алтынай Асылмұратованың қолдауы үшін ризамын. Бірақ, әрине, ертеңгі премьераға дейін біздің театрда Юрий Николаевич Григоровичтің қойылымындағы «Ұйқыдағы ару» спектаклі сахналанған еді. Бұл 2013 жылы 6 шілдеде театрдың ашылуында болды, сол кезде мен Рүстем Сейтбековпен бірге осы спектакльде өнер көрсеттім.

Әрине, мен біздің театрда «Ұйқыдағы ару» сияқты спектакльдің қойылғанына өте қуаныштымын. Өйткені бұл – классика. Менің ойымша, әрбір театрда, әсіресе классикалық би театрларында, «Ұйқыдағы ару» сияқты қойылымдар әлемнің түкпір-түкпірінде сахналануы керек. Бұл – әйгілі қойылым.

Партия туралы айтатын болсам, ол өте күрделі – техникалық, физикалық және бейне тұрғысынан да. Стильді сақтау өте қиын. Мұнда мүлдем басқа стиль бар, бұл «Аққу көлі», «Дон Кихот» немесе «Сильфида» сияқты емес. Мен мұндай партияларды орындап үйренгенмін, бірақ мұндағы стиль мүлдем бөлек. Мен, әрине, осы стильді сақтағым келеді, және болашақта жас әртістер де осы спектакль қойылған кезде осы стильді ұстанып, жалғастырады деп үміттенемін. Бұл қойылым ұзақ уақыт сахнадан түспейді деп сенемін.
Мен біздің театрда «Ұйқыдағы ару» сияқты спектакльдің қойылғанына қуаныштымын және одан үлкен ләззат алғым келеді. Мен көрерменге барлық эмоцияларымды, техникамды, сұлулығымды және стильдің нәзіктігін жеткізуге тырысамын.
Мен залда менімен бірге жұмыс істейтін Алтынай Асылмұратоваға өте ризамын. Ол маған партияда қандай болу керектігін – бастың, қолдың қимылынан бастап, бейнені қалай ашу керектігін түсіндіреді. Мен осындай педагогпен жұмыс істегеніме өте қуаныштымын, мұндай мүмкіндік бәріне беріле бермейді. Көп рақмет!»

«Астана Операның» жетекші солисі, Дезире ханзаданың партиясын орындаушы Бақтияр Адамжан былай деді:
«Ұйқыдағы ару» балетінің тұсаукесері мен үшін ерекше оқиға. Себебі, мен ешқашан классикалық балетті билеймін деп ойламаппын. Бірақ «Астана Опера» театрындағы өзгерістерге байланысты театр басшылығы маған осы рөлді сомдауды ұсынды. Бұл ұсыныс мен үшін жаңа жоба басталғандай болды. Көп жылдық балет мансабымда мұндай күрделі өзгерістерді қалай қабылдайтынымды, қандай жаңалықтар енгізетінімді ойлана отырып, осы балетке кірісіп кеттім.
,

Бұл балет өте күрделі. Онда классикалық қимылдармен қатар, әртістің өзіндік фактурасы, бейнесі толық ашылуы керек. Ханзада Дезире рөлін сомдау үшін мен үш келі салмақ тастадым. Осы балетке дайындалу барысында, тәжірибеме қарамастан, қатты қобалжыдым. Менің мақсатым – көрермендерге жақсы әсер қалдыру. Бұл – таза классика, сондықтан әр қимылда мінсіз тазалық пен дәлдік қажет. Сахнада осыны көрсету – басты міндетім.

Балет өте әсерлі, Петр Чайковскийдің теңдессіз музыкасымен ерекшеленеді. Хореография, костюмдер, сахна мүмкіндіктері және «Астана Опера» театры әртістерінің деңгейі үйлесіп, жоғары деңгейдегі тұсаукесер болады деп сенемін», - деп ағынан ақтарылды.

Мәңгілік махаббаттың құдіретін әйгілейтін бұл қойылым мейрімділік пен мейірімсіздіктің кезекті рет күресін көрерменге тарту етті. «Ұйқыдағы ару» - алғаш рет 1890 жылы Мариинский театрында жарыққа шыққаннан бері әлемнің жетекші театрларының афишаларынан түспей келеді және балет труппаларының шеберлігінің көрсеткіші саналды. Бұл спектакль «Астана Операда» тағдыр, уақыт тіпті ғасырлық ұйқыны да оята алатын махаббаттың құдіреті жайлы ойтолғам ретінде ұсынылады.


















Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.