Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СҰХБАТ
Тынышбай Рақым. Тағы қоңыр күз келді......

12.09.2024 3079

Тынышбай Рақым. Тағы қоңыр күз келді... 14+

Тынышбай Рақым. Тағы қоңыр күз келді... - adebiportal.kz

Автопортрет

Соғыс өліп,

Жеңіс туып,

жасы бірден асқанда;

Қыркүйек кеп, сарғайған бақ

жапырағын шашқанда;

 

біздің шағын шаңырақта

Ұл туыпты – құтты ырыс!

Тыныштықтың жөргегінде

мен жатыппын тып-тыныш.

 

Атып келе жатқан екен

құлан иек таң енді,

маңай жым-жырт:

бақ та, мекен;

Мен де, Шығыс – сары өңді.

 

Мені күткен теректер де

сағыныштан сарғайған

секілді екен. 

Желектерде

бұл кез бұлбұл салмайды ән.

 

Алыстағы тау – марғау шың –

маңғаз қалпы тұрыпты,

қимай қайтқан қаздар даусын

Айдын үнсіз тұныпты.

 

Бірақ бұған Ана жаны

мұңаймапты, – толқыпты,

Болашаққа қарап анық,

деген екен: бол мықты!

 

Тынышбай деп маған есім

мейірімін сыйлапты,

сөйткен, шіркін, Анам есіл

маңдайыма сыймапты...

 

Білген екен асыл Анам

боларымды тым нәзік,

сырды қалай жасыра алам –

жүрем мұңлы... жыр жазып.

 

Сағынышпен жүдеп үнім,

өз әнімді іздеп ем,

осы ма екен, біледі кім,

ұқсастығым 

Күзбенен, –

 

жерге түскен жапырақтар

талай рет із көмді,

дей ме: «Сырыңды, ақын, ақтар», – 

тағы қоңыр Күз келді.

 

Жаным күйге мырза дәйім,

алмасын тек бір секем;

Күз боп нәзік жыр жазайын,

Тыныштық боп тұрса екен!

* * *

Кінәң бар қоятұғын, аға, қандай? 

Келеді тұлпар атым тағаланбай, 

келеді төгілген тер еленбестен, 

келеді сенен алар бағаны алмай. 

 

Қайтерсің, жалған тірлік жан улаған, 

қойған ба шын жүйрікті тануды адам? 

Біреулер кекіліне үкі тағып, 

жабылып жабыны да жабулаған. 

 

Көргем жоқ өйтіп жүріп бақ ашқанды, 

несіне төмендеттік көк аспанды? 

Бәрібір әбзелдеген ер-тұрманы 

жабыға жапсырғанмен жараспайды. 

 

Шынымен сенсең атқа – дүбірге қос, 

болмаңдар бірің де қас, бірің де дос. 

Екені нағыз жүйрік рас болса, 

қалмайды жүлдесінен түбінде бос. 

 

Шүйірген шикі өкпенің тұмсығын-ай, 

Оңады қайда жетіп бұл сұмырай? 

Бәйгеде бірі сүйреп, бірі итеріп, 

жабымен қатар шапқан тіршілік-ай! 

Ауылда өткен тойлар-ай... 

Ауылда өткен тойлар-ай, ауылда өткен:

ғажап еді ауылда қауым неткен! 

Сол ортадан білмеймін кеткеннен бе, 

көңілімнен жаумай жүр жауын көптен! 

Аңсаттың-ау, дәурен-ай, ауылда өткен! 

 

Маңдайынан ақ үйдің Ай туатын, 

атанып ек бет ашып, айтулы ақын! 

Аңсаттың-ау, 

«Көп жаса!» –деген алғыс, 

құлағымның түбінен айтылатын! 

 

Ән шырқалып,

ішілмей шәй тұратын. 

Домбырама қосылып, құрбылар-ай, 

сыйлаушы еңдер жаныма гүл-гүл арай. 

Аңсаттыңдар дәл бүгін, аңсаттыңдар, 

ұмытайын той-думан күнді қалай, 

домбырама қосылған құрбылар-ай! 

 

Қай жаққа ұшып кеттіңдер тарап бәрің, 

сезбеуші ек-ау сарғайып таң атқанын! 

Кеуде кернер шаттыққа кенелтетін 

күлім қағып тұратын қабақтарың, 

айтшы, қайда кеттіңдер, қарақтарым?!. 

 

Қамықтым-ау, сол күнге орала алмай, 

тұрмайды екен басыңда орал ондай!.. 

Оралсаңдар бәрің де қайтадан бір, 

жетер едім ауылға ара қонбай! 

Тұрмады ғой басыңда орал ондай! 

 

Артта қалған тойлар-ай ауылда өткен, 

әнді тастап қайда сол қауым кеткен? 

Жас күн өтіп бара ма дүркіреген, 

жасын ойнап, жаумай жүр жауын көптен, 

Аңсаттың-ау, шат күндер ауылда өткен! 

Жырыммен жұбатайын

Бiр жылылық бар ма едi күз демiнде?..

Ән кеттi ме тырнаның тiзбегiнде?..

Терек үнсiз тұнжырап қалған шақта

сен менi iздедiң бе?..

 

Қырау қабақ қытымыр қыс келгенде,

аймақ түгел ақ суық түске енгенде

жылына алмай жүрегiң, дiр-дiр етiп,

есiңе түскен – мен бе?..

 

Көктем жеттi, түлеуде бүткiл мекен,

кiрпiгiңе iлiнiп шық тұр ма екен?..

Жыл құсымен бiрге кеп қалар-ау деп,

сен менi күттiң бе екен?..

 

Тiршiлiктiң осы бiр бал шағында

iңкәр сезiм мөлдiреп моншағыңда,

кеудеңдегi алауды баса алмастан,

сен менi аңсадың ба?..

 

Жастығыңды булыға жастандың ба,

түнердi ме қабағы аспанның да?..

Қарашаға ұласқан қазан айын

қамығып еске алдың ба?..

 

Түстi ме еске сондағы бұла қайың,

сол қайыңдай деп тұр ма ең бүр атайын?..

Мен көзiңнiң кермектеу жасын жұтып,

жырыммен жұбатайын…

Өкініш

Мөлдiреген бал тұма – тұнық па едiң,

толқи қарап,

жаңылмай сыр ұқ дедiң...

Айдай болып,

жабырқау жүрген кезде

шыға келдiң алдымнан күлiп менiң.

 

Iңкәр көздер үн-түнсiз тiлдескендей,

күзгi кеште болдым мен нұр кешкендей.

От құшағын ашқандай өткен күнiм

мәз болыппын,

алдағы мұңды ескермей...

 

Ойладым ба мен сенi ұнатам деп,

ойладым ба мен сенi жылатам деп?..

Айта алмаймын бiр рет гүл төккен соң

жан көктемi қайтадан бүр атар деп...

 

Бекер ғана кезiктiң, бекер, жаным,

Өкiнiшi өзектi етер жалын.

Көзсiз ұшқан жарыққа көбелектей

айналаңнан адасып кете алмадым...

 

Өртедiң ғой,

мен жандым – сен өртедiң,

сезiм оты деймiсiң сөнер тегiн?..

Қалтырармын өзiңмен бiрге мен де

көңiлiңнен көшпесе көлеңке күн...

 

Шуақтайық жылуы жылдам Күндi,

бершi маған көзiңе тұнған мұңды.

Жүрегiмде сақтайын солдырмастан

дүние – жалған жолында құрбан гүлдi...

 

Ойламаппын отыңа жанамын деп,

сағынышын сарғайттың сананың көп.

«Құсқа бiткен қос қанат маған бiтпей...»,

Амалым жоқ, қайтейiн, амалым жоқ…

Жыртылған хат

Прощай, письмо любви!

Прощай, она велела.

Александр Пушкин.

 

Сол жырларға... алып едiм кiлт кiмнен?..

Саған деген бар сырымды жұрт бiлген...

Онсыз да ауру жүрегiмдi жаралап,

сенiң жазған хатыңды оқып, жырттым мен...

 

Оның сырын түсiнесiң, шыдарсың,

шыдарсың да, әлден уақ жыларсың...

Менiң жазған жырларымды сен бiрақ

жырта алмаған, жырта алмаған шығарсың?..

 

Себебi ол қалған болар жатталып,

қимадың ба, жырта жаздап, оқталып...

Көкiрекке толған мұңды сырыңды

ақтарыпсың жыртқан мынау хатта анық.

 

Бар жалынын сезiп жүрек отының,

сол хатыңды қайта-қайта оқыдым.

Көкейiмде қалған әрбiр сөзiңе

сүйiндiм де, күйiндiм де, бекiдiм.

 

Жүргенiңмен көзiм жетпес жырақта

сенiң мұңды үнiң қалды құлақта...

Жұрттан тығып жыртқаныммен хатыңды,

суретiңдi жырта алмадым бiрақ та...

 

Өйткенi ол көз алдымда тұр менiң –

назданғаның, жылағаның, күлгенiң...

Жүрегiмде қалып қойған бейнеден

құтылудың жолын, сiрә, бiлмедiм...

 

Бiр пендеден сұрамадым ақылды,

сүйдiң бекер бақытсыз бұл ақынды...

Онсыз да ауру жүрегiмдi жаралап,

неге жырттым сенiң жазған хатыңды?!

 

Осы ма едi менен сенiң күткенiң,

неге, неге «хатымды оқып, жырт» дедiң?

Жылап жатты менiң байғұс жүрегiм,

бiрақ оның қанды жасын сүртпедiң...

 

Сол жырларға алып едiм кiлт кiмнен?..

Саған деген бар сырымды жұрт бiлген...

Амалсыздан тiлегiңдi орындап,

кiнәсi жоқ хатыңды әзер жырттым мен…

Сені ойласам…

Сенi ойласам – тартады оң қабағым,

мәз боламын,

жүрсем де сорда қалың.

Сенi ойласам – елiкке түсетiн бiр

қырандайын сiлкiнiп қомданамын.

 

Бұйыра ма тағдырдың ондай бағы,

күйкi тiрлiк ұзартпай қол байлады.

Сенi ойласам – есiме Мұхит түсер:

«Сен қайдағы, Айнамкөз, мен қайдағы?..»

 

Ойлайсың ба, қарғам-ай, сен де менi,

өлең неге кеудемде тербеледi?!

Ай соңынан ай шiркiн дөңгеледi,

дөңгеледi теректiң теңгелерi...

 

Үнсiз кезiп сағыныш тоғайларын,

оң қабағым тартсын деп сенi ойладым...

Болғанымен қаталдау өз тағдырым, 

Менiң әсте қонбаған оңай бағым.

 

Сенi ойладым, сағынып шабытымды,

ойлы бұлақ тағы да ағытылды.

Безiнгелi мен қашан көз iлуден,

ұйқысыздың жаңа бiр таңы күлдi.

 

Таңым күлсе – жанғаны онда бағым,

бағым жанса – қалайша қор боламын?..

Ауық-ауық армандап сенi ойлаймын,

сенi ойласам – тартады оң қабағым.

Ақын болып туған соң…

Поэт всесилен как стихия,

Не властен лишь в себе самом.

Невольно кудры молодые

Он обожжет своим венцом.

Федор Тютчев.

 

Керек, жаным, сезiмдердi жат қылмау,

сен, әйтеуiр, түгесiлмес таптың дау...

Қараша мен желтоқсанның арасы –

көз қарасың бұрынғыдан қатқылдау...

 

Көз-қабағың,

сөз-жауабың – қатулы,

шығардың-ау жоқты-барды шатуды...

Гүлдәуренiн сағынды ақын деп, тегi,

жазғыруға болмас деймiн ақынды.

 

Жатсам-тұрсам – отырғаның iз бағып,

сұлу жырды сүйе алмаған қыз – ғарiп...

Өзiмдi емес, 

өлеңiмдi жастанған

жас арудан жүрсiң босқа қызғанып...

 

Жас өмiрге, 

әсем үнге – қиялдай –

ғашықпын деп айтам, сiрә, ұялмай.

Керек едi ақын болып тумауым,

тудым екен – жүре алам ба сүйе алмай?!

 

Сүйем сенi,

сүйем бәрiн құмартып,

Махаббатқа болмас, жаным, кiнә артып.

Маған кейде көктен түскен бақыттан

өзiм iздеп тауып алған мұң артық...

 

Жыр бастауын махаббаттан алыппын,

ғашықпын деп жар салдым да,

таныттым!

Ақыныңның жүрек отын қызғанба,

Ақын деген – перзентi ғой халықтың!

 

Сүйем деген сертiмнен мен таймадым,

қызғанғанмен,

болмағанмен ойдағың...

Қара жерге қиясың ғой бiр күнi,

оған дейiн салсын ақын сайранын!..

Бір сұрақ және жүз жұмбақ

Бір сұрақ жүрген көптен ішімде:

жаным, сен маған өкпелісің бе?

Балқаймағым-ай. Бал дәуренімнің

қайта оралғандай көктемісің бе?

 

Қара көздерің төңкеріледі,

қою кірпікпен көмкеріледі.

Жанарың қандай шалқыған жалын,

өртеді мені, өртеді мені.

 

Жаным, сен маған өкпелісің бе?

Нәзік бір мұңың – серт берісің бе?

Сендегі бұл сыр өзге қыздардың,

өзге қыздардың жоқ көбісінде!

 

Жүрегің сенің шертеді нені?

Ынтықтырады, ерітеді мені.

Толқыған сырың төгіле жаздап

қою кірпікпен көмкеріледі.

 

Сен, жаным, маған өкпелісің бе?

Албырт шағымның өткені үшін бе?..

Бір жұмбақ жатыр, жұз жұмбақ жатыр

«себепсіз» мені «жек көрісіңде...».

 

Кездеспедің-ау бал дәуренімде,

адаса көрме арман көгінде!

«Бақытты болдан» басқа не дейін,

ішімде көп сыр қалды-ау менің де…

* * *

Қанша қызбен кездестім?.. 

Есімде жоқ, 

Шалқып өткен тал түс те, бесін де көп. 

Жылдар өтіп кетсе де арада сан, 

құмар сезім әлі күн өшірмеді от. 

 

Бар екенін білмеймін не күшінің, 

болады екен кейде өмір өрісі мұң... 

Бәрінің де кескіні көз алдымда, 

тек есімін ұмыттым көбісінің. 

 

Айта алмаймын оларды ұмытты деп, 

кейде, бәлкім, ұшқалақ үміт түлеп, 

тағы да бір жолығу арман болар, 

иығыма асса деп күліп білек?.. 

 

Кеттім бірақ солармен жолығыспай, 

баяғыша кездесіп қолын қыспай. 

Салқын тартып барам ба кешегіден, 

Жүр деп мені ойлай ма жаны ұғыспай? 

 

Еске түскен сәттерде жыр етемін, 

қызу күннің білгенмін бір өтерін. 

Анда-санда өлеңім ұшырасса – 

қуанта ма оларды тірі екенім?. .

 

Бүгіндері бір кезгі көбеңдер де 

болар, бәлкім, бақытқа кенелген де?! 

«Маған арнап жыр жазған ақын ед» деп, 

жылар ма екен сол қыздар мен өлгенде?..


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар