Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ӨЗ СӨЗІМ
Тақ тартысы: Тарихтан тағылым алдық па?...

14.08.2024 1854

Тақ тартысы: Тарихтан тағылым алдық па? 14+

Тақ тартысы: Тарихтан тағылым алдық па? - adebiportal.kz

    Әзербайжан қаламгері Юнус Оғыздың бір романын оқығанда

Түбі бір түркі халықтарының рухани әлемі, әсіресе көркем әдебиеті осы өзіміз өмір сүріп жатқан заманда қандай деңгейде, қай елде қандай озық шығармалар жазылып жатыр деп әрдайым елеңдеп отырарымыз бесенеден белгілі. Бірақ, өкінішке орай, өзімізбен туыс халықтардың әдебиет саласында жеткен жетістіктерімен молынан танысуға еш мүмкіндік бола бермейді, біз оларды, олар бізді қадағалап оқып жатыр дей алармыз ба? Оның, әрине,  обьективті себептері де бар. Біріншіден, қай елде болмасын, шығып жатқан кітаптардың таралымы өте аз, басқа тұрмақ, өздеріне де жетпей жатады. Екіншіден, әр елдің өз ана тілінде жарық көрген әдеби шығармаларын  түгел түсініп оқи алармыз ба?  Бұдан да басқа толып жатқан  кедергілер баршылық. Сондай арадағы кедергілер мен қиыншылықтарға қарамастан, шамамыз жеткенше қандас халықтардың көркем дүниелерімен танысып отыруды, танысып қана қоймай, шама жеткенше  пікірімізді айтып, насихаттап отыруды мақсат етіп қойғалы қаш-шан!

Мырзакөңіл оқырмандарым жақсы біледі, үш-төрт жылдан бері «Роман&Драма» атты халықаралық әдеби-мәдени журнал шығарып келе жатырмыз. Өткен жылдың бас кезінде біздің  журналға  жариялау үшін ағайындас әзербайжан халқының қазіргі тамаша жазушы, драматургі Юнус Оғыз  «Атилла» атты тарихи драмасын жолдаған еді. Оқыдық. Тәнті болдық. Журналдың кезекті санынан ойып тұрып орын бердік. Міне, қандас қаламгер бауырымызбен арадағы достық байланыс осымен басталып кетіп еді. Осы жылдың басында Юнус Оғыз  маған бір-екі  кітабын беріп жіберіпті. Бірінен бірі өтетін, оқуға тартымды тарихи романдар болып шықты. Демек, менің  әзербайжан досым тарих қойнауын терең қазған, ескі заманнан сыр тартқан, барынша ізденімпаз қаламгер.  Сол мезетінде жата қалып,  оқып шығуға уақыт жетпей жатқан соң, амалсыз  кейінге ысырып қоя салып ек, жақында  «Жена шаха и колдун» (орысша басылымы) деген романын  қолға алып, бір деммен оқып шықтық. («Әміршінің әйелі және сиқыршы» дейміз бе? ). Бақы  шаһарында 2015 жылы жарық көрген кітап. Қазақша әртүрлі етіп аударуға болар, өзі орыс тіліндегі басылым болғандықтан да, бұл мақала ішінде  орысша атауымен жазып кетіп жатсақ, түсіністікпен қарарсыздар. Тіпті, оқырманның өзі қалай қазақша тәржімалар екен деп сауал тастап қойып отырған жайымыз да бар. Біз өзіміздің әдеби  журналымызда да осы әдіс-тәсілді қолданып келе жатқанымызды жасырмаймыз. Қазақ қаламгерлерінің орны басқа, ал қатарлас жатқан өзге елдерден (тіпті қаны бір түркі қаламгерлерінен)  келіп түскен шығармаларды тек орыс тілінде жариялап жүрміз. Амалымыз жоқ, көлемді романдар мен повестерді, драмалық  туындыларды қай уақытта аударып шыға аламыз? Және көркем шығармаға асығыстық жүрмейді, сапа жағы тағы да бар дегендей ғой. 

Романда  әп деп басталғаннан тартып ала жөнелетін сүйекті оқиға бар екен. Ол не? Ол – адамзат жаратылғалы бері бірге жағаласып келе жатқан билік тайталасы! Таққұмарлық пиғыл! Таққа ұмтылу! Иран аймағының атақты  билеушісі Тасмасибтің даңқы дүрілдеген кезең: бірақ билеуші қартая бастаған; енді оған өзінің ұлын үйлендіріп, болашақ билікті де қолына ұстатып кету жоспары бар. Өкінішке орай, оның үлкен ұлы Мұхамед мырза жартылай соқыр әрі аурушаң еді. Міне, соған қарамастан, оған өмірлік серік бола алатын сұлу бойжеткен іздеген тұс. Шираз шаһарында тотыдай таранып, өте сұлу болып өсіп келе жатқан он алты жасар Қайырнисаны әкесі бастап, шешесі қостап, тіпті айнала ағайыны қолқалап, Мұхамед мырзаға жар етіп беру айласына кірісіп кетеді. Түпкі мақсат біреу-ақ: өзі аурушаң, жігерсіз ханзаданың сеніміне әбден кіріп алған соң, болашақ әміршіні  дегеніне көндіріп, бар билікті өзі атқаруы тиіс. Бұл шаруа жас бойжеткен Қайырнисаның қолынан әбден келеді. Ал, оған көмектесетіндер: қызметші келіншек Зинаят және ешкімге аты белгісіз сиқыршы (колдун) еркек. 

Алғашында жап-жас бойжеткеннен ондай үлкен ерлікті күтпегендейсің, бірақ шығарманы орталап оқып бара жатқандай байқайсың, Қайырниса жыл санап емес, ай санап өзгере бастайды. Ол әкесі мен анасының айтқан ақылын тыңдап қоя салмапты, оған өз ақылын да қосып, одан бетер ілгерілетіпті. Қысқасы, аз уақыт аралығында бұл Шираздың әміршісі  Мұхамед Мырза бола тұра, шын мәнінде билеп-төстеуші оның сүйікті жары болып шыға келген. Бұл арада автор көп әрекеттердің іске асуына сиқыршы еркекті (колдун) пайдаланады: ол жәй сиқыршы емес, кез-келген адамның ішкі әлеміне кіріп кетіп, қиялын қайырмалап, өзі ойлаған ойдың жетегіне ертіп әкете  білетін, магиясы бар  ерекше біреу  болып шығады. Тіпті, осы сиқыршы-колдунды, өз сөзімізбен айтар болсақ, нағыз адамдар арасына іріткі салатын екіжүзді сайтан деуге болар, сірә? Қайырнисаға да керегі осы! Ендігі қалғаны – бар билікті тек өзі ғана қолға алу! Осылайша,  Мұхамед Мырзаны билік шаруаларынан ысырып тастау үшін, сиқыршыға жасырын  әмір беріп, оның еркектік күшін шектейді, әлсіздікке   алып келеді. Бұл,әрине, атағы дүркіреп тұрған әмірші үшін (қай еркекке де солай) өліммен бірдей еді: сосын да сұлу әйелі Қайырнисаға жалынышты болып қалады. Өз бойындағы ешкім білуге тиіс емес кемшілікті жасырып ұстауға, тіс жармауға уәде еткен Қайырниса  енді биліктегі барлық шаруашылықты һәм ақша-қаржы жағына иелік жасауды өз құзырына алады. Билеуші, амал жоқ, оған көнеді. Алайда, Мұхамед Мырза қулығына найза бойламайтын әйелінің күннен күнге араны ашылып, ақыр аяғында одан биік мансапқа ұмтылатынын, тіпті өз күйеуі бола тұра,оның көзіне шөп саларын ол кезде сезген де, білген де жоқ. Қайырниса әуелі сиқыршы (колдун) еркекпен төсектес болады, сөйтіп оған қандай тапсырма берсе де, мүлтіксіз орындауын талап етеді. Тіпті, Сефевиттер билігін түгелімен қолға алу жолында Қайырниса сиқыршыны  пайдалана отырып, жолында кездескен барлық тосқауылдарды жеңуге тырысады. Онысы сәтті болады да. Шираздан өрлеп, ары қарай ермелеп, үлкен шаһар  Газвинге де жетіп, өзінің күйеуінің туған қарындасы Периханмен іштей де, сырттай да тайталасқа түсуі – шығарма шырайын аша түскен. 

Басқа сала өз алдына, ал енді Қайырниса мен Перихан арасындағы тартыс мейлінше қызғылықты. Былай алып қарасаңыз, Перихан да осал жаратылыс емес, ол да қырық айлалы әйел заты. Ол да әміршілер сарайы айналасында болып жатқан неше түрлі айлалы әрекеттер мен көзге көрінбес тайталастарды біледі. Жеңгесі Қайырнисаның билікке деген ынтызарлығы мен тойымсыздығын анық аңғарады, оның жолына тосқауыл қоймақшы болады. Алайда, Қайырнисаның айласы одан да асып түсіп жатады. Ақыр аяғында Периханды жалдамалылары арқылы құпия жағдайда өлтіреді де, өзіне даңғыл жол ашады. Осы тұсында көз алдыңызға атақты Осман империясында Сұлтан Сүлейменді сыртынан билеп, неше түрлі жауыздықтарға баратын Хюррем ханым көз алдыңа келе қалады. Сол бір ғана Хюрремнің әлегімен бұған дейін өте қуатты әрі мығым болып тұрған бүкіл билік бұтақтары біртіндеп сына бастамаушы ма еді! Ақыр аяғы немен аяқталғаны бізге  белгілі. 

Айтпақшы, Хюррем де, мына романдағы Қайырниса да бір жағынан ұқсас образдар. Хюрремнің бар арманы – өзінің ұлын билікке әкелу болса, Қайырнисаның аңсағаны – өмірінің соңына дейін хан сарайындағы басшылықты уысынан шығармау. Былай қарасаңыз, қай заманда да болған, бола да беретін тақ таласы, билікке құмарлық һәм дүниеге құл болу! Айналып келгенде, адам дегеніңіз – тойымсыздықтың теңізіне молынан батқан, болдым-толдым деуді білмейтін, ашкөздікті өз  болмысына мидай араластырып жіберген жаратылыс дейміз бе? 

Романда ирандықтар мен османдықтар арасындағы соғыс жайы да кеңінен қамтылған. Бір кезекті қақтығыс сәтінде  қырым ханы Әділ герей өзі соғыс даласына қылыш ұстап шығып кетеді де, қапыда жау қолына түседі. Мұны Қайырнисаға хабарлағанда «оған тиіспеңдер, маған алып келіңдер» дейді.  Міне, сол Әділ герей хан арқылы көпке созылған иран-осман соғысын бітістіріп, араға жылымық  кіргізіп,  достық қарым-қатынас орнатуды ойлаған Қайырниса онымен жеке сөйлеседі, жақын тартып әңгіме айтады, сый-құрмет көрсетеді. (Тіпті екеуінің арасында интимдік қатынас та болады).

Қысқасы, бұл романда тарихи тартысты оқиғалармен қабат эротика, магиялық элементтер қатар өрбіп отырады екен, бұл әдісті қаламгер өте тапқырлықпен қолдана білген және жақсы жымдастырған. 

Анығына көшкенде, жазушы Юнус Оғыздың мына романы аяғына дейін тартып отырады, оқырманын жетелейді, қызықтырып әкете алады.  Соңғы  финалы да қызық. Адам қаншалық ашкөз болса, өмірде оның сазайын да тартады. Ең аяғында ел билері мен данагөй қариялардың көз жеткізе айтуымен, Мұхамед Мырза өзінің «сүйікті» әйелін өлтіруге бұйрық береді. Жаның аши ма? Қайдам! Билеуші атын пайдаланып, хан ордасында ойына келгенді (өзге еркекпен ғана емес, әйелмен де төсекке бірге жатып) жасаған әйел затына деген құрметің азайғандықтан да, оның мынадай қатаң жазаға кесілгеніне үнсіз бас изегендей боласың. 

Бұл роман, анығында, таққұмарлар тайталасы туралы әфсана: дәлірек айтсақ, билікке ұмтылу арқылы өзінің адамдық ары мен жан тазалығынан айрылған пенделер жайлы кермек баян! Біз кітапты осындай ауыр ойлармен жауып едік. 

Оқып болған соң, жазушы досымызбен телефон арқылы тілдестік. Юнус Оғыздың айтуынша «бұл шығармадағы тарихи оқиғалар ойдан шығарылмаған, бәрі де тарихта болған, тек сиқыршы (колдун) ғана ойдан қосылған образ» екенін шегелеп айтты. Солдан кейін барып, роман жайында аз-кем пікір білдіргенді жөн санадық.  

Мына шағын жазба кітаптан алған алғашқы әсер ізімен жазылған шағын ой-түйін. Анығында, жазушы Юнус Оғыз романы жайлы терең толғап, молынан қамтып, ұзақ созып сөз етуге әбден болатындай. Оның да сәті түсер! 

Жолтай ЖҰМАТ-ӘЛМАШҰЛЫ

                                                                                          Астана. Тамыз. 2024 жыл.  


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар