Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ӨЗ СӨЗІМ
Таласбектің жұмбағы…...

19.09.2022 1152

Таласбектің жұмбағы… 14+

Таласбектің жұмбағы… - adebiportal.kz

Таласбек Әсемқұловтың жазғандары – өзіндей бастас адамға арналған. Өз қатарына, өз замандастарына зая еді жазу, жазса да меймана көкірек иықтасының жарасын қасып қаларын түсінеді. Ол сана тұсауынан сытылған біздерге жазып кетті... 

Арнайы “Таласбек” сыйлығы үшін

Ол шынтуайтында, жаңаша әдебиет формасын тудыра алатын еді. Жаңаша стильмен, формамен жаза алатын еді. Бірақ, кез келген жаңалық мың рет қайталанған ескі екенін дәлелдеді. Сондықтан, әдебиеттегі жаңашылдығы – оның стиль іздеуінен емес, ойлау жүйесінен, кейіпкердің дүниені тану шеберлігімен берілді. Ол кез келген саладағы кәсіби шебердің соңынан ерген шәкіртке өнерді табыстау, беру әдебін мәдениеттілікпен жеткізді. «Талтүс», «Тәттімбет» тегінде бұл шәкіртті баппен тәрбиелеудің этикалық экциклопедиясы. 

Кез келген шебердің асқақ арманы – бойындағысын табыстау емес пе? Ұстаздың қазынасын қарпып, түбіне дейін сарқып алар шәкірттің ақпа құлақ болмай, ояу көкірек болғаны – ұстаздың да бағы емес пе? Дүниеден бір шебер өткенде бір кезең аяқталғандай бейне, салтанатты керуен көшкендей. Өнерді табыстаған шәкірттің керуені көш түзейді енді... 

Ол постмодернистік стиль болсын, бағыт болсын оның атауына, жылтырақ көзарбауына түспеді, ол зергерлігін мәтіннің ішіне салды. Орындаушының күйшілігін сезінуіне қарай бағалайтын еді. Ол жазғаныңның өз бойыңнан қалай өткергеніңе қарай сараптаушы еді. Ол данышпандыққа ғашық филатеттікті сүймеді, әріптер соғысын, қызылсөзділікке құмарпаздықты, терминсүйгіштікті ұнатпады, оның жаңашылдығы - өнер ағысынан (бағыты, стилі, формасы болсын) адамға қажетті мейірім суатын тауып бере алатын шеберлігі еді. Шеберлігі сол азапкер еді. Азапкер болатыны «Өнер иесінің соры бес елі» (Сабыт) болатындығы. 

Ол Дидар Амантайдың, Асылбек Ықсанның, Мадина Омарованың, Ақберен Елгезектің, Ербол Алшынбайдың шығармашылығын жаңа көш керуеннің салтанаты, ескі сүрлеудің, қасиетті баба сүрлеудің ойлау деңгейінен, жеткен шыңынан туған жаңа өріс екенін баяндады. Бұл тоқыраған, бұл қираған әдебиет деген диагнозға «әдебиет сыны ендәгәрі шешім шығаратын әке болудың орнына, қатарлас дос болуы керек» деді. Ол кезеңдерді, яғни кітап оқылған кезеңдерді, романдар жапырылып жазылған кезеңдерді аңсаудан туған эллегияны құптамады, ол келесі керуеннің тұсауын кесті. Жаңа дәуірлер құндылығына бейім болу қажеттілігін айтты.  

«Абайдың ұлы жұмбағы» мақаласында көңілі ояу байқар, көзінде қылауы барға көрінбес үлкен құпияны ашады. Тегінде, бұл низам қатарластарына, сол заман өкілдеріне жазылмады. Бұл «өнердің басы – адам болу» шартына сай, өнерге асыққа  жан мен тәннің, рух пен эгоның даусын айырып беретін нұсқаулық құрал ретінде жазылғандай. Нұсқаулық деп төмендеткенім емес, Таласбек Әсемқұловтың бүкіл шығармашылығында тарпаң басқан болашақ өскіннің көңіліне қарау деген бір үлбіреген үміт сезіледі. Жайпап тастап, жас өскінді шауып тастаудан қатты сақтанғандай. Асылық айтып, әкелік айбатпен кесім айтқан қаталдық жоқ. Достыққа шақырған, табақтас болуға бейілді, бата беруге асық, шерлесуге шебер. Сондықтан, үнемі ым-ишарамен, түйсікпен өзіне тартады, өнердің негізгі мұратын жеткізеді. Есейтеді. 

«Абайдың ұлы жұмбағы» «Қазақ әдебиетінде» алғаш жарқ еткенде зиялы қауымы бар, ортасы бар, қатары бар, жазушының сойы бөлек талдауына, сүрең жол тауып ой айтуына тосырқай қараған шығар. Шығар емес қарады. Қарағаны сол – оқығам жоқ деді. Алғаш, бәлкім жаңылысамын, бірақ алғаш әдебиет сыны оқырманға қол созып амандасқандай болды. «Өнер өнер үшін» деген стреотип шытынай сынып, өнер мұраты алғаш қарапайым оқырманмен көріскендей. 

Таласбек Әсемқұловтың бұл мақаласы «Жұмбақ Абайдың» құлыптаулы кілтін тапқан кісінің елге алақай айтып шашу шашқанындай шуақты шағы еді. Біз танитын Абай, біз жырлаған махаббат жыры, бізге айтылатын даналық пафосы құлап түскендей. Таласбек Әсемқұлов атындағы жаңалық осы еді, өнерге өнершінің көзімен емес, күйге күйшіліктің көзімен емес, дәстүршілдікке дәстүрге беріктің көзімен емес, ол қазақ деген ұлы ұлттың көзімен қарағаны. Адамның баласы болғандығы. 

Десек те, бұл сізге жалаң естіледі, дәстүршілдік дегенің ескі сүрлеу деп өзіңнің тегіңнен аттап кетуге, болмысыңнан безуге, абзалыңнан артықты таптып деуге болмайды ғой. Таласбек Әсемқұлов «сондай да сондай кеп болғанды» жеткізудің жаңа амалын тапты, құлаш-құлаш бетті қызылсөздің қызығына арнамады. Ол сана бостандығын, бостандықтағы бақытты барлыққа мадақ айтты. Ол өнерді адам мен Тәңірісінің сұхбаты, ашық сұхбаты деп білді. 

«Абайдың жұмбағы» махаббат туралы түсіндірме сөздік секілді, онда жеке дара тұрған тіркестер тобы көп-ақ. Әрқайсысының мәтінннен бөліп алып оқысаң да адаспайсың. Қайта сол ойға тағы бір бет қосып жазуға құлшынасың. «Батыстың этикалық ойын барынша таныған Абайдың» төл әдебиеттегі үрдісін бір өлеңі арқылы тарқатып, барынша көлемді шектемей ұзақ толғаныспен жазады. Шын тілдескісі кеп, өз биігінен бір саты төмен түсіп, оқырманымен тізе қосып сөйлескісі келгендей. 

«Сен мені не етесің?

Мені тастап,

Өнер бастап,

Жайыңа

Және алдап,

Арбап

Өз бетіңмен сен кетесің»... 

Осылай басталған Абай өлеңінің кейіпкерін «мен»-нің, «эго»-ның тұңғиығына батқан», «өзінің ғана қамын қамдайтын, өз қасіретін фетиш, пұт дәрежесіне көтерген» «махаббат дертінен басқа дертке ұшыраған» деп бірден кейіпкердің ішкі халін, тұлғасын зерттеуге ден қояды. Өлеңнің лирикалық бояуын, ұйқасын, көркемдігіне назар салатын филологиялық талдау күтіп біз тұрған едік.       

Ал, сыншы осы өлеңдегі махаббатын жоқтап, аһ ұрған Абайдың ғашығын «эгосының» құлы дейді. Эгосының мейманасын асқақтатып биік шыңға көтерген адамның махаббаты махаббат па? «Абай кейіпкерінің өзінде жоқты басқадан сұрап алғысы келетін соқырлығына ғажап қаласыз!» дейді. 

«Құмарлықтың екінші аты, мәдениетті аты бар – ынтызарлық. Махаббат – бақидан, ынтызарлық – фәниден, табиғаттан, адамның топырақ нәсілінен. Махаббатқа «мен», «эго» араласқанда ол фәнилік болып шығады». 

«Өзіңнен ештеңе бермей, ештеңе бөліспей басқаның барын сұрау – ынтызарлық, махаббаттың ең төменгі сатысы; өзіңнің барыңды беріп, ақысына ештеңе сұрамау – мейірім, махаббаттың ең биік шыңы. Руханияттың шыңына шыққан адам бойындағы барын береді». 

«Қорланатын, тапталатын адамның мейманасы, өзі қалыптастырған, әлпештеп өсірген, ақыр соңында тойымсыз аждаһаға айналдырған «эго»-сы». 

«Абай поэзиясы бостандықтан туғаны» қандай хақ болса, Таласбек Әсемқұловтың да «Абайдың ұлы жұмбағын» жазуы сондай бостандықтың жемісі дер едік. Абай әлеміне, «Абай әлемінің психологиялық жұмбағын шешкен» сын тұғырындағы дүниелерді шарласаңыз – ақынның лабораториясына ендеп ену, «әдеби форманың қитұрқылығын» жіліктеп шаққан еңбектерді аз табасыз. Өйткені, сана бостандығына, жан еркіндігіне қолы жеткен, мейманадан ада, кез келген дүниеге махаббат призмасы арқылы (эгосысыз) қарай алатын қаламгерді кезіктіре алмас едіңіз. Кезіктірерсіз, түсінісу қиынға соғар еді. Біз де, Таласбек Әсемқұловтың болмысына табынудан аулақпыз. Қайта, осы мақаласы арқылы өз жұмбағын да жария еткенін айтқымыз келеді. Абайдың бостандық көгіндегі «бейнелеудің жаңа түрін» өз бойынан тапқан, өз бойына сіңірген, шығармашылығының құбыласы еткенін айтқымыз келеді. 

Егер біздер, өзіміз қолдан жасаған қиындықтарға осы мақаланың сәулесімен қарасақ, оп-оңай шешіле салар еді. Қатыгез қақтығыстар, қызғаныш пен көреалмаушылық, бақталастық орнаған қоғамда қорланатын да, тапталатын да, абыройсыздыққа апаратын да тойымсыз «эгоның» мейманасы, қалауы, бітпейтін тойы мен азасы екенін түсінер ме едік? Түсінсек, тоқтар ма едік? 

Таласбек Әсемқұлов Абай поэзиясының жұмбағы арқылы өз жүрегінің сырын ашады. Ол иықтасының, жора-жолдасының, замандасының мейманасын көре білді, кешіре білді. Қабылдай білді. Күндердің күнінде ноқтадан басы босар жастарға жақсы лебізін, айнымас асыл тілегін жазып кетті. «Талтүс» пен «Тәттімбет» романдары осы асыл тілектің музейіндей, мәңгі ортаймас махаббаттың күйіндей жүрек сөрелерінен орын алмақшы. Алады да. 

Сағадат Ордашева 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Podcasts

Көп оқылғандар