Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ӨЗ СӨЗІМ
Саянның жаңа тынысы...

30.10.2024 1676

Саянның жаңа тынысы 14+

Саянның жаңа тынысы - adebiportal.kz

Саян Есжанның шығармашылығы жайлы ойлағанда, Қадыр Мырза Әлінің ақын інісі Жарасқан Әбдіраш туралы мына пікірі ойға оралады. Қадыр ақын айтады: «... Жарасқанның тағы бір жақсы қасиеті бар – ол белгілі уақытқа жоғалып кете алады. Жоғалып кету деген сөз – жазбай кету деген сөз емес. Ол – жазу үшін жоғалып кету деген сөз. Сол жоғалып кетіп қайта шыққан кезде Жарасқан тағы да бір қырынан көрінеді... Жарасқанға жиі-жиі жоғалып кетуін, жиі-жиі олжамен оралуын тілер едім», - деп. Өлеңге қатар аяқ басқан қаламдасымыз, студенттік шақты бірге өткізген замандасымыз Саян шайырды бізде кейде жиі болмаса да, әнтек жоғалтып алатынбыз. Қазір ойласам, жоғалған Саянымыздың жиі олжамен оралғаны сирек сияқты. Мүмкін біз аңдамадық. Кейде тіпті бар-жоғы белгісіздей көрінетін. Бұл «Өзінде бармен көзге ұрмайтын» біртоға Саян Есжанның кәнігі мінезі еді. Ал, өлең оқыса Жарасқан ағасы сияқты дүр сілкінетін, тотыдай түрленетін. Көзін жұмып, қолын сілтеп, күшеніп, күркіремей-ақ, ішкі ағысы қуатты, сырлы да сымбатты өлеңдерімен мысымызды құртатын... кейін өмір әр тарапқа тарыдай шашқан тұста, бәрімізде жоғалып-табылып, табылып-жоғалып жүрдік. Шығармашылық ізденіспен қатар шығармашылық тоқырау немесе шығармашылық үнсіздік бар қалам иесінде бола беретін кеп... дейтұрғанмен, Саянның жоғалуы ауырлау һәм жұмбақтау болды. Тележурналистика деген тылсым дүние, талай жазарман қауымның күн мен түнін ауыстырып, оң мен солын аңдатпай кеткені рас. Құлқыны толмас көкжәшік кімдерді жұтпаған. Бұл төңіректегі әңгіменің ауаны алыс. Қалай айтсақ та, Саян шайыр жоғалып кетіп табылып жазып жүрді. Ұзақ үнсіздіктен кейін, үлкен құсалықтан кейін, ішіне жиылған дүниені біржола ақтаруға, бір жола арылуға бірден отырып, бірден бірнеше топтаманы төгілте жазып тастап жүрді. Оның осы уақытқа дейін шыққан жыр жинақтары мен кейінгі жазып жүрген жұмыр өлеңдерінің дені осы атмосферада туды десем соншалық қателесе қоймаспын сірә. Бұл мінез Саянның өзіне бек жарасатын. Сосын да оның үнсіздігін біз алыстан ғана аңдып жүретінбіз. Өйткені, өзінің бітімі мен білігіне сай жасақталған, Саянның шағын шығармашылық лабораториясы өзінше бір қызық һәм күрделі әлем. Адам баласы, әсіресе ақын жұрағаты өз болмысынан айнымағаны абзал. Осы тұста Саян Есжанның бәсі биік. Таразы тасы басым. Өлеңге деген адалдығы кісі сүйінерлік. 

Сол ұзақ жоғалтулардың нәрлі жемісінің, құнарлы көркінің жаңа парағын біз енді аша бастағандаймыз. Ақын қазір бұрын еш жерде жарияланбаған өлеңдерінен көлемді жыр жинағын дайындау үстінде. Сонымен қатар тұтастай бір поэмалар шоғырын жазып шыққан. Солардың ішінде шоқтығы биігі – «Құмдағы хикая», «Махаббат мұнарасы», «Құмаршық», «Қызәулие» және «Ерсары» толғауы. Бұлардың бәрі жеке-жеке талдауды, талқылауды қажет ететін, ақынның жүрек майын шам қылып жазған үшбу дүниелері. 

Әуелі біздің қолымызға «Құмдағы хикая» атты микро поэмасы түсті. Автордың емексітуінше бұл Жұмекен Нәжімеденовтің «Бақсы» әңгімесі негізінде жазылған. Сосын Нәжімеденовтің 7 томдығын ақтарып «Бақсы» әңгімесін оқып шықтық. Бұл ақынның алғашқы әңгімелерінің бірі болса керек. Көлемі шағын. Уақиғасыз деуге де болады. Жұмекеннің «Бақсы» әңгімесінің басты нысаны – бақсы арқылы советтік жүйенің ескілікті жоюға деген көзқарасын сынға алу. Оны ұшынып ауырған баланың болмашы уақиғасы арқылы емеурін етеді. Поэма мен әңгімеге ортақ бір нәрсе – кейіпкер аты Аңсаған мен жер аты Қошалақ және ауру балаға зікір салған бақсы. Саян Есжан Жұмекен Нәжімеденов әңгімесін негізгі мотив ретінде ала отырып, әңгіменің шағын сюжетін өзгеше түрлендіреді. Әңгіменің мазмұны мен мәнін, құрлысын ширатып, дамыта түскен. Көркемдік бояуы, баяндау тәсілі басқаша. Былайғы оқырман, қадалып іздемесе «Бақсы» әңгімесінің жүлгесін де таба алмасы сөзсіз. Әрине, поэмадағы негізгі тартыс, көшпелі сюжет есебінде, қазақ ауылдарының бәрінде кезігетін етене құбылыс. Мәселе, соны кімнің қалай көруінде, қалай қабылдауында? Қалай дем салып, жан бітіруінде. Осы мүддеден келгенде, Саян Есжанның «Құмдағы хикая» атты шағын поэмасы ақынның жаңа тынысын ашып, жаңа көкжиегін айшықтап, кеңейте түскенін аңғару қиын емес. Әйтсе, осы жерде біз поэмадан құлаш-құлаш үзінді келтіріп, ойымызды дәлелдей түсуді артық санадық. Оқырман қауым, алдағы уақытта поэманың толық нұсқасымен таныса жатар деген ниеттеміз. Сәтін салса.  

Саян Есжанның «Махаббат мұнарасы» – поэмадан көрі тұтас бір тарихи, ғашықтық дастанға жақынырақ. Көлемі де қомақты. 400 шумақтан еркін асады. Жеке дара шағын кітап боларлық дүние. Поэманың негізгі сюжеті – «Асалы мен Көкетайдың» махаббат трагедиясы. Ұлы даланың махаббат жырына, ғашықтық ғазалына айналған «Асалы-Көкетай» хикаясы да, Жібек пен Төлеген, Қозы мен Баян сынды мәңгілік махаббаттың, айнымас серттің, адал жардың асқақ символына айналған кесек бейне. Ғасырлар өтсе де ел есінде ар мен ұяттың, намыс пен сүйіспеншіліктің жалауындай жығылмай келе жатқан күрделі образ талай қаламгердің қаламына қуат бітірген. Солардың сабында Саян Есжан бұл уақиғаның сюжетін сақтай отырып, өзгеше түрлендіріп, өзгеше түлетіп жазады. Өзінің поэтикалық қуатын, эпикалық кең тынысын танытады. 

Уақиға ХІХ ғасырда Жем бойын жайлаған ел арасында өтеді. Нұр сипатты, қолаң шашты, әйел затының көріктісі Көкетай Бегімбет байдың маңдайға басқан жалғыз қызы. «Бай байға, сай сайға құяды» демекші, Бегімбет досы Таңжарықтың Есен деген ұлына Көкетайды бесік кезінде атастырып, құдандалы болып қойған. Екі бай ұл ержетіп, қыз бойжеткелі той қамына кірісе бастаған. Әйтсе, ажарына ақылы сай көрікті Көкетайдың көңілі басқада. Ен далада еркін өскен қыз, алдағы өмір жолының да еркін, ашық болуын, махаббатының балдай тәтті жарасымды болуын аңсайды. Домбыра шертіп, ән айтатын салдығы, бойынды екі кісінің қайраты бар көкпаршы, ақ көңіл, ашық-жарқын, ердің сарасы Асалы осы өңірдегі айтулы азаматтың бірі. Бегімбет байдың жылқышысы. Жалғыз міні – қорасына мал бітпеген. Жарлы атаның баласы. Өзі сері, өзі пері мінезді жігітке Көкетайдың көңілі ынтық. Басы бесіктегі күнінде Есенге байланған көңілі күптті Көкетай Асалымен анттасып, бірге қашпаққа бел байлайды. Кесімді күні жолға шығады. Талағы тарс айрылған Бегімбет бай: «Балақтағы бит басқа шығып, есіктегі құлым жалғызымды алып қашып жүрек жұтқан екен», - деп «от алып қопаға түсіп», соңынан сойылын саптаған сайлаулы жігіттерін жөнелтеді. Қуғыншылар көп ұзамай Асалы мен Көкетайды қуып жетеді. Жағаны жұлып жөңкіліп аққан Жемнен өтсе құтылып та кетер еді, қайраты тасып, намысы буған Асалы оған көнбей, қызды қамыс арасына жасырып, өзі қуғыншыларды күтіп алады. Қаны қызып қатты келе жатқан басбұзар жігіттер Асалыны сойлымен салып-салып кетеді. Қамыс ішінен жанұшыра шыққан қыз арыстай азаматты бас салып құлайды. Асалының бұл дүниелік болмасын білген ару, «Асалысыз тірікті қайтем» деп қанжарды қақ жүректен ұрып, сол жерде шейіт кетеді. 

Бай әулеті Көкетай мен Асалының қылығын сүйекке түскен таңба санап, екі қыршынды бір молаға жатқызуды жөн көрмеген. Бұл күнде Бейнеу ауданы Боранқұл маңында арасына он шақырымдай қашықтық тастап қос күмбез тұр. Тірі де бір жастыққа, өлі де бір молаға басы сыймаған қос мұңлықтың күмбезі әлі де жақсы сақталған. Махаббаттың биік мұнарасындай алыстан мұнартады. Осының бәрін өзгеше өрнек, жаңа леппен жырлаған Саян Есжан поэманың соңын былай түйіндейді:

Содан бері көп күз өтті, көп көктем,

Сан мезгілдер барды талай жоқ та еткен.

...Төңірекшың басында тұр екі тал,

Жанын қорғап ызғар менен өкпектен.

 

Асалы мен қыз Көкетай өткелі,

Осы жерде талай шыбық көктеді.

...Ен даладан келді талай ғашықтар,

Қос мұңлыққа бір зиярат еткелі.

 

Алыс та емес, жақын да емес арасы,

Қос төмпешік қатар жатыр, қарашы!

...Бір-біріне қолын созып қос мола,

Мауқын басып, жазылардай наласы.

 

Қос күмбезді орнатқан-ды ел мұнда,

Қасіреттен шаһит кешкен тағдырға!

Менмұндалап, нұрын шашып тұр бүгін,

Жем өзен мен қарт Жылойдың алдында. 

 

Неше дәуір өтті содан, есте жоқ,

Есте жалғыз – шын ғашықтар кешкен от.

Есте қалды ғашықтардың баяны,

Одан басқа қалмапты елде еш дерек.

 

Қара дала айықпаған көп шерден,

Жүрегіне шоқ жайылып, от сөнген.

...Махаббатың белгісі деп аялап,

Махаббаттың мұнарасы деп сенген.

Саян Есжан «Махаббат мұнарасы» поэмасы арқылы өзінің кең құлашты ақын екенін, тарихи тамыры терең, ауқымды тақырыптарды еркін игеріп, мүлтіксіз бейнелеп бере алатынын көрсетті. Қазақ хандығының 550 жылдығы қарсаңында, ақын Ерлан Жүністің «Мәңгілік ел. Нараду» деректі метафизикалық тарихи-дастан жазғаны бар. Бұл ақынның алғашқы көлемді шығармасы болатын. Сол кезде Ерлан Жүністің замандастарына әзіл-шыны аралас: «Өзімді лирик екенмін деп жүрсем, эпик екенмін ғой», - дегені бар еді. Сол айтқандай, Саян Есжан өзінің поэмалары арқылы алысқа шаба алатын, шапқан сайын табаны қызатын шын жүйрікке тән мінезді ақын екенін әйгіледі. Сөз басында емексіткеніміздей, Саянмен қанаттас, замандас өмір сүріп жатқан қалам иесі ретінде біз бұған айрықша сүйініп, бек қуанамыз. Қолымызға тиген шығармалары негізінде, оқырманнан сүйінші сұрағандай жүрекжарды сөзімізді саптап, аз ғана ой өрбітіп отырғанымыз да содан. 

Сөз соңында, ақын Маралтай Райымбекұлының Саянның шығармашылығы туралы ертеректе жазған мына бір пікірін оқырман назарына ұсына кеткенді жөн санап отырмыз. Маралтай Райымбекұлы: «Саянның өлеңдері маған бұрыннан да таныс. Және бір топтамаларымен танысып шықтым. Саянға да қазіргі өзі құралпылас жастардың ізденгіштігі, эксперименттерге еркін баруы сияқты қасиеттері тән. Саян солардын арасында символикаға көбірек мән беретін секілді. Саянның үлкен ақын болатынына мен шүбәсіз сенем. Мен бұл сөзді Саянның аздаған көлеңкелі тұстарын ескере отырып айттым. Әрине жас ақын мұндай кемшіліктерін түзетуге қауқарлы деп ойлаймын. Саян Тыныштықбек көкесінің ықпалынан, Тыныштықбектің ойлау және образ сомдау қалпынан алыстау отау тігуге тиіс. Сонда қазақ халқы акварель бояуымен салынған суреттей мөлдіреген өлеңдері бар және бір ақынымен қауышқан болар еді». 

Кірпияз, мөлтек, секемшіл, шамырықты жырларымен өз оқырманын сүйіндіріп келе жатқан Саян шайырға толайым табыс тілейміз!

Жыр жолының салқар көшінде жүгің аумасын, сөз сүлейлері қолдасын!


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар