Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Роза Мұқанова шығармашылығы: әдебиет, театр, кино...

28.10.2024 990

Роза Мұқанова шығармашылығы: әдебиет, театр, кино 14+

Роза Мұқанова шығармашылығы: әдебиет, театр, кино - adebiportal.kz

2024 жылғы қазанның 30-31 күндері Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен, Қазақ ұлттық өнер университетінде белгілі жазушы, драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,Қазақстан Республикасының Абай атындағы мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Франц Кафка медалінің иегері, профессор Роза Қажығалымқызы Мұқанованың 60 жас мерейтойына арналған «Роза Мұқанова шығармашылығы: әдебиет, театр, кино» халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы өтеді.

Іс-шараға шетелдік ғалымдар, әдебиет және өнер қайраткерлері шақырылып отыр. Олардың қатарында аудармашы, филология ғылымдарының кандидаты, Асуан университеті «Шет тілдер» факультетіндегі «Орыс тілі» кафедрасының меңгерушісі Мұхаммед Рияд (Египет), жазушы, драматург, Өзбекстан Жазушылар одағының мүшесі Жавлон Жовлиев (Өзбекстан), аудармашы, PhD докторы, Қажы Байрам Уали университетінің профессоры Жемиле Қынажы (Түркия), Хаджеттепе университетінің «Әдебиет» факультетіндегі «Қазіргі түрік диалектілері мен әдебиеті» кафедрасының ғылыми қызметкері, өнер магистрі Сабина Саид (Түркия) және өнер магистрі, Фрайбург университетінің докторанты, әдебиеттанушы Верена Цабель (Германия).

Конференцияға отандық қоғам қайраткерлері мен жазушылары, Алматы қаласынан өнертану кандидаты, театртанушы, М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты «Театр және кино» бөлімінің меңгерушісі Аманкелді Мұқан, өнертану кандидаты, Т.Қ. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры, «Театр өнерінің тарихы мен теориясы» кафедрасының меңгерушісі Анар Еркебай, әдебиеттанушы, филология ғылымдарының кандидаты, М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты «Әуезов үйі» ғылыми-мәдени орталығының ғылыми қызметкері Ермек Ханкей, режиссер, Ғ. Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар және жасөспірімдер театрының көркемдік же­текшісі, Мемлекеттік «Дарын» жас­тар сый­лығының лауреаты Фархат Молдағали және режиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкалық драма театрының көркемдік жетекшісі Гүлсина Мирғалиева шақырылды.

Конференция аясында шақырылған қонақтардың шеберлік сабақтары, режиссер С. Нарымбетовтың Р. Мұқанованың әңгімесі негізінде түсірілген «Қызжылаған» фильмінің көрсетілімі, Р. Мұқанованың шығармашылығы негізінде түрік тілінде жазылған Сабина Саидтың (Түркия) кітабының тұсаукесері, ұжымдық монография мен фотокөрменің тұсаукесері және Роза Мұқанованың оқулары өткізіледі. Сонымен қатар конференция қатысушыларының назарына ҚР Ұлттық архивінің ұйымдастыруымен «Розаның әдебиет әлемі» атты жеке қорынан жасалынған құжаттар көрмесі ұсынылады.

Конференцияға Қазақстан Республикасының мемлекет және қоғам қайраткерлері, белгілі әдебиеттанушылар, кинотеледраматургтер, кинотанушылар, театртанушылар, өнертанушылар, еліміздің жетекші жоғары оқу орындарының профессор-оқытушылар құрамы, докторанттар, магистранттар мен университет студенттері қатысады.

Өтетін күні: 30-31қазан, 2024 жыл

Өтетін орны: Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасы

Мекен-жайы: Астана қ., Достық даңғылы, 11

Жауаптылар:

Ұларбек Нұрғалым +7 (701) 789-88-80

Габдрашитова Камила Алимжановна +7 (702) 487-84-00

Әбен Гүлмира Сәлімгерейқызы +7 (708) 672-62-11

БАҚ-аккредиттеу. Эл.пошта: kamila.gabdrashitova@mail.ru

ҚОСЫМША МӘЛІМЕТ

Роза Қажығалымқызы Мұқанова – 1964 жылы 14 қазанда Шығыс Қазақстан облысы, Үржар ауданы, Көлденең ауылында дүниеге келген. 1987 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін тамамдады. 1987 жылы Орталық мемлекеттік мұрағаттың «Әдебиет және өнер» бөлімінде, 1989 жылы Қазақстан Жазушылар одағыныңаударма коллегиясында аға редактор қызметін атқарды. 1998-2007 жж. − ҚР Мәдениет, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінде бас маман, Астана қ., ҚР Парламент Сенатында жауапты қызметкер (2007ж-2011ж), Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры (2011ж), 2023 ж. бастап өнер профессоры (ЖАК).

«Жарық дүние» (1994, «Жалын»), «Дүние кезек» (1997, «Жазушы»), «Құдірет-Кие» (2000, «Сөздік-Словарь»), «Сарра» (2022, «Фолиант»), «Бопай ханым» (2023, «Фолиант») әңгімелер жинағы мен драмалық повестер авторы.2001 жылы Роза Мұқанова Рабғұзидың «Қисса-сүл-Әнбий-я» кітабын қазақ тіліне аударды.

1996 жылы М. Әуезов атындағы мемлекеттік академиялық театрында «Мәңгілік бала бейне» атты пьесасы қойылды. 1997 жылы Ғ. Мүсірепов атындағы мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында М. Әуезовтың «Қаралы сұлу» әңгімесінің  желісімен драмалық қойылымы сахналанды. 2016 жылы Астана қаласындағы Қалибек Қуанышбаев атындағы қазақ мемлекеттік академиялық музыкалық драма театрының сахнасында  Р.Мұқанованың «Сарра» пьесасы қойылды.

2001 жылы Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясында «Қызжылаған» әңгімесінің желісімен фильм түсірілді.

«Мысықтар патшалығы», «Шатыр астындағы Мен», «Ешкімде кінәлі емес» драмалық шығармаларының авторы. Қазақстан Жазушылар Одағы сыйлығының лауреаты, Т. Айбергенов (1989) атындағы «Жалын» журналы сыйлығының лауреаты. «Алаш»  халықаралық әдеби сыйлығының иегері (2002, «Құдірет-Кие»). 2011 жылы Прага қаласындағы Еуропалық қоғамдастықтың шешімімен, әдебиетке қосқан үлесі үшін Франц Кафка медалімен марапатталды.

Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері (2012), Франс Кафка медалінің иегері, «Алаш» халықаралық әдеби сыйлығының иегері, Т. Айбергенов атындағы сыйлықтың лауреаты, «Жастар Одағы сыйлығының» иегері, «Үздік драматург» 2016-2019 жж., «Сахнагер-2019»,Қазақстан Республикасының Абай атындағы мемлекеттік сыйлығының лауреаты.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар