Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
«Менің жалғыз жұлдызым» оқырманға жол тартты...

15.05.2025 903

«Менің жалғыз жұлдызым» оқырманға жол тартты

«Менің жалғыз жұлдызым» оқырманға жол тартты - adebiportal.kz

Кеше Ұлттық академиялық кітапханасының ұйымдастыруымен әнші-сазгер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Елена Әбдіхалықованың «Менің жалғыз жұлдызым»  және түрік тілінде жарық көрген «Қош дерсің» атты жыр жинақтарының,  «Сағыныш-ғұмыр» атты партитуралар жинағының таныстырылымы өтті.

Жиынды белгілі ақын,  Жазушылар Одағының Астана қаласындағы филиалының  директоры  Бауыржан Бабажанұлы әдемі әзілдерімен әрлеп жүргізіп отырды. Президент кеңесшісі, академик Бауыржан Омарұлы кеш иесіне Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алғыс хатын табыс етті.  

Үш бірдей кітаптың лентасы қиылған жиынға мемлекет және қоғам қайраткері Күләш Шәмшидинова, жазушы Әлібек Асқарұлы, ақындар Маралтай Райымбекұлы, Әубәкір Смайыл, Маржан Ершу, режиссер Гүлсина Мерғалиева, журналистер Жайна Сламбек, Аманғали Қалжанов,  өнердегі сіңлілері Әсем Ережеқызы, Айнұр Сәрсенбекова, т.б.  қатысты.  Елена Мәжитқызының айтыскерлік, сазгерлік, ақындық  қыры жайында лебіздер мен естеліктер айтылды. 

Белгілі музыкатанушы Жанғали Жүзбай Елена Әбдіхалықованың саз өнеріндегі ерекше жолы, сазгердің әр жылдары жазған көпшілікке танымал туындыларының оркестрге арналған партитуралары мен ноталары беріліп отырған «Сағыныш-ғұмыр» атты партитуралар жинағы жайында кеңірек айтып өтті. 

 

Бұл кештің ерекшелігі – кеш иесінің жастарды жанына жақын тартатындығы көрінді.  Толқын Қабылша, Олжас Сәндібек, Айдын Байыс, Назгүл Бердіқожа, Ажар Ерболған, т.б. жас ақындар  өлеңдерін оқып, әдемі түйінделген кеш болды. 

 

 

 

 

 

 

***

 

 Ақынның лирикасы жайлы бірер сөз. 

Кеше Елена Әбдіхалықованың кітабынан «Қырық шырақ» деген өлеңін оқыдым. 
«Қырық шырақ – қырық жаны әйелдің,
Жаны барға жанады бір» деген кім?
Қайран баба, осы сөзді айтқызған
 қай деңгейі өреңнің?!
Бөлеп еді қай шырақтың шуағы,
Қан сорпасы шыққан кезде өлеңнің?!

Қырық жанның жылытады қайсысы?!
Күте-күте көлге айналды көздерімнің тамшысы. 
Түбі бәрін жеңетұғын арбасып,
 Мен бүгінде жаны сірі 
Жалғыздықтың жалшысы.... 

Қырық шырақ – жанбай кетер жарығым,
Жарығы жоқ дүниенің тұлдыр бағы, бәрі мұң!
Түс өмірде тұзақ құрып тағдырым,
әр адымда қазулы тұр қабірім!

Қырық шырақ –
Қорғанышы жанымның!
Қорғанымның байлады екен бағын кім?!
Қоламтада қоздап жанбай шырағым,
қорғансыздай жолдан қанша жаңылдым!  – деп төгіледі.

«Әйел – қырық шырақты» дегеннің  – халық даналығының түпкі өзегінде – әйел жанының, көпқырлы болмысының күрделілігі, үнемі сөнбей тұратын  ішкі шырағының бары жатыр. Ал енді «Қайран баба, осы сөзді айтқызған қай деңгейі өреңнің?!» дегені  философиялық сұрақ. Автор бір жағы әйелдің ішкі әлеміне мұншалықты дәл анықтама берген ата-бабасының рухани тереңдігіне таңданса, екінші жағынан «Қырық шырақ» – бұл жерде рухани күрестің символы, әлденені, әлдекімді үмітсіз күткен сәттердің образдық көрінісі. Ақын – әйел болмысы, жалғыздық, үміт пен күйзеліс, өмірдің ауыр жүгін арқалаған жанның ішкі диалогын бере отырып,  «Қырық шырақ – қорғанышы жанымның!», – дейді. Шынымен де әйелдің ішкі рухани әлемін сақтайтан қорғаны –  өзі. Ол – мейірім, төзім, аналық махаббат, кешірім, үміт шырақтары. Солар болмаса, жан күйрейді. Егер «қырық шырақ» ұғымын – әйелдің рухани анатомиясы десек, Әбдіхалықованың осы  өлеңін – әйелдің тағдырын жалаң сезіммен емес, онтологиялық жақтан, яғни адамның тығырыққа тірелуі мен қайта жану мүмкіндігін поэтикалық тілмен жеткізген ішкі диалог деуге болады.
 

Ақынның ертеректе жазылған бір өлеңі бар еді. 

Сені көрсем – жүрегім лүпілдеген,

бөленгендей бақытқа бүкіл денем,

Мүмкін, сені ойлаумен күпірге енем...

әлде, байғұс көңіл ме күпілдеген....

Мен әйтеуір, соны да – шүкір көрем.. . . 

Бұл – адамның тек біреуді емес, өзінің толық болмысын іздеуі, сол болмыстың жартысы сол жанмен ғана тірі екенін сезінуі. «Күпірге енем…» деген тұста – жан қиналысы шегіне жетеді. Бұл – адам мен Құдай арасындағы рухани күрес. Шынайы сүйіспеншіліктің өзі кейде пенделікпен шектесіп кетуі мүмкін екенін іштей мойындау. Бірақ, «Мен әйтеуір, соны да – шүкір көрем…» – дейді де, ақын өз махаббатын күнә емес, тағдыр берген нығмет ретінде қабылдайды. Бұл – тек біреуді сағыну емес, бұл – адамды сағыныш арқылы тазартып, сенім мен шүкірге жеткізетін рухани сапардың бейнесі.

***

Музыка –  жанның сыршылдығы, кейде іштегі уілі, кейде үнсіз жылауы, кейде үмітпен айтқан дұғасы десек, Елена Әбдіхалықованың «Есіңе мені алғайсың», «Сыр елі», «Көздеріңе ғашықпын», «Сені көрдім», «Барады жылдар жылжып», «Аманат», «Доспен қоштасу», «Маңғыстауым» әндері тыңдаушының жанын өзі де байқамайтын тұңғиықтарға апарып, ең тереңде көміліп жатқан сағыныштарын оята алады. Мысалы, «Көздеріңе ғашықпын» – бұл махаббаттың нәзік иірімдеріне бойлап, жан мен жан үнсіз тілдесетін дүние болып қалды. 

Ал Маңғыстау  әні – бұл мүлде басқа деңгей.  Қазақтың бай поэтикалық символикасын пайдалана отырып  Маңғыстауды кеңістік пен уақыттың шекарасы сипатында образдап берген Светқали ақын болса, оған ән жазған Елена Әбдіхалықова. Тыңдаған сайын Қызылордада туған композитор Еленаның Маңғыстаудың әр тасында сыр барын ұғып, әр түніндегі баба дұғасын естіп, соны әнге айналдыра алғанын көресің.

Теңіз боп толқыған,

Шалқыған  – Маңғыстау!

Айнымас антынан,

Салтынан – Маңғыстау! – деп көтеріп кететін жері ше! Осы әнде тау мен тастың салмағы ғана емес, сол тастарға арқасын сүйеген адамзаттың ішкі салмағы да барын сезесің. Елена Әбдіхалықова өз әнін өзі орындаған кезде ғасырлар бойы үнсіз тұрған бейіттер мен тас мүсіндер де тіл қатқандай болады. Осы жерде Елена Әбдіхалықованы – тек орындаушы емес, рухпен сөйлесетін дауыс па дейсің. 

Досынан айырылған адамның ішкі күйзелісін, сағынышын бейнелейтін «Доспен қоштасуын» екі реттен артық тыңдай алмадым. Табылдының бұрышта қалған гитарасын бауырына басып егілгені, Жайықтың аласұра  соққан  толқыны мен қараша қаздың қаңқылдап ұшуы... бұл азалы ән.. 

 


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар