Бүгін Ұлттық академиялық кітапханада Mecenat.kz роман байқауы қорытындыланып, «Тургенев көшесіндегі үй жұмысқа қабылдайды» атты туынды авторы Әлихан Жақсылық марапатталды.
Енді Mecenat.kz роман байқауының қорытындысы мен шарты бойынша – Қазақстан туралы ең үздік роман байқауының 4 маусымының жеңімпазы Әлиханға өмір бойы ай сайын 500 $ төленетін болады.

Айта кетейік, полисті қазақстандық «Freedom Finance Life» өмірді сақтандыру компаниясы» АҚ жасап шығарады. Белгілі қазақстандық қаржыгер, жоба меценаты Тимур Турлов, жобаның негізін қалаушы Ерлан Асқарбеков, «КСЖ «Freedom Finance Life» АҚ-ның басқарма төрағасы Азамат Ердесовтің ынтымақтастығында іске асқан жоба Mecenat.kz роман байқауында бұған дейін 2022 жылы «Күлпет» романымен жазушы Шархан Қазығұл жеңімпаз атанды. 2023 жылы «Өлгендер қайтып келеді» романының авторы Тұрысбек Сәукетаев жеңіске жетті. 2024-те Сәуле Досжан Мағазбекқызының «Өмір бәйтерегі» романы бас жүлдеге ие болды.

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Архив құжаттама және кітап ісі комитетінің төрағасы Рустам Әли: «Бұл жоба – Қазақстан туралы қазіргі еліміздің шынайы бейнесін көркем тілмен өрнектеп насихаттайтын талантты авторларды танытатын әдеби кеңістіктегі маңызды бастама. Әдебиет – ұлттың рухани тірегі. Ол өткен мен бүгінді сабақтастырып, болашаққа бағыт беретін құдіретті күш. Сол себепті мемлекет тарапынан әдебиет пен руханиятқа жүйелі қолдау көрсетіліп келеді. Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаев ұлттық құрылтайда озық ойлы ұлт болудың ең төте жолы – кітап оқу деп атап өткен болатын. Президент тапсырмасымен Ұлттық Кітап күні бекітіліп, биыл алғаш рет кең көлемде тойланды. Ұлттық кітап байқауы жарияланып, үздік авторлар анықталды. Мәдениет және ақпарат министрлігі қазақ қаламгерлерін қолдау мақсатында бірқатар кешенді жобаларды жүзеге асырып келеді. Төл әдебиетімізді тың дүниелермен толықтырып, оны жаңаша биікке көтеруді мақсат ететін «Айбоз» әдеби сыйлығы, жастарға арналған президенттік әдеби сыйлық «Дарын» жастар сыйлығы жыл сайын табысталады. Одан бөлек Қазақстан Жазушылар одағымен стратегиялық әріптестік орнату бойынша үш жаңа жоба әзірленді», – дей келіп, 23 шығарманың арасында оқырмандардың дауыс беруі арқылы жеңіске жеткен жеңімпазды құттықтады.

Жоба меценаты, қаржыгер Тимур Турлов өзі демеушілік танытып отырған әдеби сыйлықтың әдебиеттің насихатына, жалпы дамуына өзінше оң әсері болып, ықпал етіп жатқанын айта келіп, бұл сыйлықтың принциптері мемлекеттік бюджеттен толық тәуелсіз екенін, Freedom Holding Corp компаниясының мәдениеттің басқа салаларына да демеушілік танытып келе жатқанын айтты. «Бұл тұрғыда ұйымдастырушылардың мемлекеттік органдардан үнемі сұрайтын жалғыз нәрсесі – ақпараттық қолдау ғана, байқау қорытындысында жасырын және ашық мүдделер қақтығысы болмас үшін, қазылар алқасы болмайды, оның орнына, оқырмандардың дауысымен шешіледі, оқырман дауыстары мұқият тексеріледі», – деді ол.



Жобаның негізін салушы Ерлан Асқарбеков «Меценат.кз» жобасының идеясын 2003 жылы ойлап тауып, 18 жыл бойы қаржы іздегенін, 2021 жылға дейін жобаны еліміздегі ең бай 12 адамға таныстырғанын, 2021 жылы танымал қаржыгер және филантроп Тимур Тұрлов қолдап, жобасы өмірге қадам басқанына тоқталды. Осы Mecenat.kz жобасы арқылы қаншама әдеби таланттарды қолдап, жүлделі болған шығармалардың басқа тілге аударылып жатқанын, жаңа мәдени мұра жасауға мүмкіндік беретін фильмдер түсіру де жоспарда бар екенін айта кетті.

«КСЖ «Freedom Finance Life» АҚ-ның басқарма төрағасы Азамат Ердесов те өз компаниясының осындай игілікті іске қолдау көрсетіп отырғанына марқаятынын жасырмады.



Қазақстан туралы ең үздік роман байқауының 4 маусымының жеңімпазы Әлихан Жақсылық:
– Бір ай бойы халық романды дауысқа салды. Бір ай бойы мен үшін барлық есік ашық болды. Қай оқырманға хабарлассам да, қай оқырман клубына хабарлассам да: «келіңіз, сіздің романыңызды талдаймыз» деп жатты. Осы байқау нәтижесінде түсінгенім – сенім деген нәрсенің мәні. Былай қарап тұрсақ, ештеңе жоқ секілді, бірақ, былай қарасақ, білім алу, денсаулық сақтау дейсіз бе, игіліктің бәрі бар. Жастар ертеңге келешекке, болашаққа сенуі керек. Мен бүгін сіздердің алдарыңызда әдебиет деген алып мұхитқа өзінің кемесін жасап шығып жатқан жас капитанмын. Жас капитан қанша жағалауды бағындырады, қанша аралға тоқтайды, қанша дауылды еңсереді, қанша жауынмен күреседі, оның бәрі еңбек пен уақыттың нәтижесі. Сондықтан қоғамды, әлеуметті алып мұхит деп ойлап көрсеңіздер, сіздер қандай кемемен шығып келе жатырсыздар, желкеніңіздің материалы қандай, егер желкеніңіздің материалы жақсылықтан, ізгіліктен, білімнен, асыл мұраттардан тұратын болса, онда кемеңіз батпайды, ал егер қараңғылық, надандық, керітартпалық пен жалқаулықтан тұратын болса, онда сіздің кемеңіз қоғам айдынында да әдебиет айдынында да батып кетеді. Бұл байқауға қатысып жатқанда өзіме екі сұрақ қойдым: «Әлихан, сенің шығармаң лайық па және жеңіске жете ме?» Роман халық талқысына түскенде қанат біткендей ұшып жүрдім, байқаудың жартысына келгенде дәл осы сәт көз алдыма келе бастады: осы жерде тұрғаным, жеңіске жеткенім, статуэтканы алып жатқаным... Ғажайыпқа сеніңіздер! Ғажайыптар болады! Тек оны сезіну керек. Отан деген қасиетті ұғым! Тәуелсіздік – баға жетпес бақыт! Осыны сақтап қалу – сіз бен біздің қолымызда. Жастар ертеңгі күн емес, жастар – бүгін болған кезде болашақ жасалады!
Бұдан әрі жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Әлібек Асқаров пен 2022 жылы Mecenat.kz роман байқауында «Күлпет» романымен топ жарған жазушы Шархан Қазығұл сөз алып, жас жазушыға ақ жол тіледі.















Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.