Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
ПОЭЗИЯ
/
Маржан Ершу. Маңғыстау. Рысалы батыр...

15.06.2025 1062

Маржан Ершу. Маңғыстау. Рысалы батыр 12+

Маржан Ершу.  Маңғыстау. Рысалы батыр - adebiportal.kz

Ақын Маржан Ершудің кешегі батырлық дәуір заманынан сыр шертетін «Маңғыстау. Рысалы батыр» поэмасын оқырман назарына ұсынып отырмыз.

XVIII ғасырда Маңғыстау, Үстірт, Жайық-Жем бойында қазақ елінің азаттығы үшін күрескен атақты батырлардың бірі – Рысалы Жетімекұлы. 

ҚАНДЫ ШЕҢГЕЛ

Тағыдай түн. Төңіректеп иекті,

Мейірімсіз жау тілін көкке сүйепті.

Шеңгел көзі қайырымсыз қалмақтың

Еттен өтіп, күйдіреді сүйекті.

Тарылғандай Жайық, Жемнің тынысы,

Намыс болып жыртылады шыны – сыр.

Қайырылып қарсы тұрар сәт туды

Қалың қазақ күні үшін!

Қарлы бұршақ тасыр-тұсыр төбеде,

Тарпаң тағдыр тастағандай жеребе.

Шабылмаған семсерлерге жан бітіп,

Үнсіз ғана ыңырсиды кереге.

Жыл еді бұл.

Мың жеті жүз жиырма жеті. Ызғырық.

Қарысқан жау жанарына сыз кіріп,

Көздің жасын омыраудан шұбыртып,

Тәтті ұйқысын бұзды жұрт.

Лобжы, Дожы – тайшылары қалмақтың,

Тоқтамайтын дауыл сынды айбатты.

Жайық пенен Жемдей дархан даламды

Шабамын деп қалың қолын сайлатты.

Хан тағында Әбілқайыр қозғалды:

«Алла бізге азаттықты жазған-ды.

Тайып кетсек, табанымыз тозған күн,

Тарпып өтсек, қазақ бағы озған күн».

Дұшпан салған қорлық у боп санаға,

Жараласаң, тек жауыңды жарала!

Сары су боп жүректерге қатқан тоң,

Атқа мініп жүгірді жас бала да.

Алда тұрды қанды асу бір өткел,

Қайсарланды қылыш ілген білектер.

Ақ жаулықты ана қалды аңырап:

«Жаратқан-ай! Жеткізе гөр тілекке!»

Ел шетінде қалмақ деген қақ тұрды,

Түндігінен айырардай ақ түнді.

Қиқу салып ішке толды қара қан,

Ер қайраты сыналатын шақ туды.

Алқалаған ауыр қолдар тоқтар ма?

Алдаспандай ауыр қылыш сақтар ма?

Жұдырық боп түйілгенде қалың ел,

Қос жанардан моншақ емес, шоқ тамды.

Сұр қабағы сызданады аспанның,

Күннің бетін қою түтін басқан-ды.

Жемнің бойы шашыраған қызыл қан,

Иесін тастап, шашаулы мал қашқан-ды.

Ағынды су теңіз болып құрсады,

Қалмақтардың қараяды мың саны.

Жердің шаңын жел құйындай суырып,

Қол бастады қыран қабақ Рысалы.

Асау жүрек дүрсіл қақты қан қайнап,

Жауға шапты аламандап ту байлап.

Жел соқса да теңселмейтін теректей

Қалмақтардың шебін бұзды айғайлап.

Жаулық жолын сүйген қалмақ дәмелі,

Қара құрттай қаптап келіп төнеді.

Қарғи алмас кең жерінде қазақтың

Тайғанақтап тұрып қалды бөгеліп.

Аз қазақтың көп қайраты көрінді,

Айнала, алап қара шаңға көмілді.

Есекмерген, Атағозы, Ер Шотан,

Лабақтайын ерлер ақтап сенімді.

Аспанды түгел бұлт торлап,

Жел құтырып ақырған.

Ұрыстан қашқан ер оңбас,

Кешпейді мұны қатын да!

Қиқулап салған ұраны,

Бетін тек алға бұрады.

Қайқиған қара қылыштан

Қаһармандық шығады.

Қарабарқындап табандап,

Қазақтар алға ұмтылды.

Шаң менен түтін – бар алап,

Сарбаздардың қиқуы.

«Аруақ!» – деген арға сын,

Айқай-сүрең даусы бар.

Алға ұмтылсаң, алға шық,

Табаныңнан таусылма!

Қарсы шапқан дұшпанның

Нысанаға оғы тимеді.

Масқара сезім құшқан-ды,

Құр жанын кері сүйреді.

Қалмақтың көзі жер шұқып,

Өкініштен аһ ұрды.

Мойны қатқан ұл жоқ деп,

Сөніп бара жатыр-ды…

Дұшпанына қанды көбік жұтқызып,

Жер қайысқан қалмақ торын шықты үзіп.

Дарабоздай қолбасы еді Рысалы,

Жеңілген жау дәл осыны ұқты нық.

Ақшам кезі. Алақұйын жел тұрды.

Тебінгіден тер саулап,

Қызыл қаннан сел жүрді.

Қажығаннан қамын ойлап қашты жау,

Ер-тұрманы қисайып қап бөркіндей.

Мұңды ауа иісінде бар тымырсық,

Өмір бейне шыр айналған шығыршық.

Үдере қашқан қалмақ жаудың соңында

Жараланған дала жатты ыңырсып…

БАРЫМТА МЕН ҚАРЫМТА

Момын дала тағы да бір дүрлікті,

Бұзардайын мамыражай тірлікті.

Түркімен боп адайлардың жылқысын

Ұрлайтын бір сұм шықты.

Жылқышылар тәуекел деп кешкен бе ой?

Қайраттанып қарсы тұрып өскен бе, ей?!

Көзді ашып-жұмғанынша ұрылар

Айдап кетті жылқыларды сескенбей.

Түркіменге сыйлағандай дархан бақ,

Қара түнде – ай жарығы, қаңтар да – ақ.

Қалтыраған жылқышының үшеуін

Аузы-басын буып кетті арқандап.

Батырымыз Бауберідей сұрапыл,

Сұсы бар-ды жардай атан жығатын.

Әй, қазақтар, қалдың неге бөгеліп,

Қайсың барсың жекпе-жекке шығатын?

Жылқышылар қалды екі бүктеліп,

Үрейленген үміттері бітті өліп.

Ине-сөздер шаншылады жүрекке,

Қос жанарды бара жатты шық көміп.

Қан түкірді көкіректер қыжылдап,

Қыл арқанды тістелеумен үзуде-ақ.

«Малым қайда?», «Жаным қайда?» дейтұғын

Сұрақтар тұр саналарда ызыңдап.

Көкірегін намыс кернеп, қан қайнап,

Атқа мінді адуынды адай жақ.

Шыдамайды, сірә, көрші ойнына,

Жүздерінде кектенеді дөң айбат.

Ысқырса мал желдікі ме, не дерсің?!

Айдап кетсе жаудікі ме, не дерсің?!

Әлсіз болсаң, сын бола ма көнерсің,

Күшті болсаң, жаушы болып жөнелші.

Елің үшін қалғымайтын таң да көп,

Қалар енді сүйекке бір таңба боп.

Рысалыны атқа амалсыз мінгізді

Намыс үшін көкіректе жанған от.

Тағы дала төсін жортқан долы аң көп,

Жан-жағыңды берік қымтар шамаң жоқ.

Бүгін – малың ертең – жаның алқымда,

Аттан, елім! Кеңірдектен орам деп.

Қайран дүние теңселетін кезі бар,

Күжірейген жотасында сор, қайғы.

Жаратқанның жалғыз ғана көзі бар

«Аққа жақ!» деп аттанбасақ болмайды!

Жел, жел есер, жел есер,

Желмен бірге не көшер?!

Тебінгі тепкі тиген соң,

Болмайды әсте ер есер.

Батырдың жан-жүрегі түтіндеді,

Қуанар бас-аяғы бүтінде елі.

Тұяқтардың екпінімен қурай ұшты

Адыраспан, изен мен күтірлері.

Тұлпар тұяқ түркімен жерін баспақ,

Омырауға мал ашуын орап тастап.

Ақ мамыр бұлт астындағы бейбіт елдің

Жүзіндегі жіберді шуақ жасқап.

Басыла қап кеудедегі бір жын екпін,

Ұмытардай болды ма кірбің-кекті.

Жас ана басын соғып жылай беред,

Сәбиін емізіп те үлгермепті.

Кім сытылып кетеді қашқанда аман?

Жас сәбидің көзінен жас парлаған.

Бөгелді жасанған жақ, тұрып қалды,

Халықтың қызыл қанын шашқан жаман.

Жаулаушы емес, келген жақ – намыс күңі,

Шекелерде қан қайнап, қарысты мұң.

Түркіменнің батыры табылмады,

Кетер ме еді үзеңгіге жабыстырып?..

Қалардай қалың шудан құлақ тұнып,

Санаға сан мың түрлі сұрақ кіріп.

Жылқының елге қарай бетін бұрды,

Жұрт тынышын алмауды мұрат қылып.

Өмір заңы қоя ма үндестіріп,

Кетер ме екен көңілден сыр да ескіріп?

Маңдайын күн сүймеген,

Серпіліп кісі бетін көрмеген

Қарақат көз Баубері қарындасын

Рысалы алып кеткен дейді

Атына мінгестіріп

ТҮС

Артқа тастап құмдарды, тайғақ белді,

Намыс деген қашанда қайрапты ерді.

Түркіменге қолды болмаған мың жылқысын

Рысалы бас боп елге айдап келді.

Түркіменнің сұлуын Гүлшен атты,

Бөлекше бітім түрі, айқабақты.

Некелеп, жар еткен Рысалы ер

Ұл өсіріп, әке боп, тай жаратты.

Өтеді жылдар неше дөңгеленіп,

Маңдайынан аймалап жел де сүйіп.

Жақсы келін атанып түркімен қызы,

Күн-көңілмен кетіпті елге сыйып.

Өшкен бе әлде, жанған ба, қайда бағы?

Ғұрпы, тілі қазақ боп айналады.

Қырық өрім қара шашын қақ айырып,

Арқасында қос бұрым ойнағаны.

Сағынғанда анасын, жұртын анық,

Кетеді жанардан жас ыршып ағып.

Бөбектерін әлдилеп бесік жырмен,

Өрнек тоқып, жүн түтер, ұршық алып.

Ағын-жылдар сала ма өрнегінде,

Тағдыр жолы осылай тербеді ме?

Рысалы ер сезіммен қарайтұғын

Көктегі Ай, Жұлдызға, жерде гүлге.

Шаңырағы күз емес, болды көктем,

Сағыныш тарқамады елжіреткен.

Өмірзақ, Жәнібектей – қос құлыны

Жүректегі тәтті сыр мөлдіреткен.

Тербеген сағынышты ән жүрегін,

Артында қуанышы қалды небір.

Қырға шығып үздігіп қарайтұғын,

Үзіліп кетердей боп жанды жері.

Көмейден ән құс болып талып ұшты,

Ақша жүзге көз жасы тамып ыстық.

Сол әннен көңілі босап кейбір шақта,

Басатын жүректегі сағынышты.

Дүние жылынғандай алау нұрға,

Бала боп ойнақтаған анау қырда.

Елін аңсап сағынған Гүлшен келін

Бір сұмдық түс көріпті таң алдында:

Киіз үйдің іші – адам, сырты да – адам,

Көз жасындай күлкі бар шырқыраған.

Қос бұрымын қызықтап отыр екен,

Құс қарайды төбеде үркіп оған.

Ыңылдап салатұғын әнін үзбек,

Әлдекім шақырғандай бұны іздеп.

Кенет есік алдында анасы тұр:

«Қайдасың, қарағым-ай, құлыным?» – деп.

Сағыныш-мұң кеудесін қысқан анық,

Кеткендей қысылғаннан түс те ағарып.

Орынан қозғалтпайды ауыр салмақ,

Қос қол қос бұрымнан ұстап алып.

Қос моншақ ағып жерге тамып жатыр,

Бір бұрымы Рысалы қолында тұр.

Бұрылуға шамасы қайдан келсін,

Бір бұрымы Баубері қолында жүр.

Қос қол бар. Қос бұрым бар арқасында,

Тұрғандай жалғыз өзі жар басында.

Бірі – жар, бірі – аға, сол екі қол

Арқасында жыландай арбасуда.

Қолын созып егілді қалқа-күнге,

Уысынан шығармай шарқатын бір.

Рысалы қимай шашын босатқанда,

Бір бұрым суси түсіп, тарқатылды…

ЖАЛҒЫЗДЫҢ ҮНІ

Көктемнің мамыржай бір күні еді,

Аттылы үй сыртында іркіледі.

Түркіменше киінген түсі бөлек

Қара жігіт маңдайын сүртінеді.

Уақыттар өтіп жатты маза-мұңды,

Беу, тағдыр, көтер дей ме мазағымды?!

«Құдайы қонақ» деген салтты сыйлап,

Көтергенің дұрыс па қазаныңды?!

Рысалы қонағын қарсы алады,

Сабыр, тоқтам болып тұр барша амалы.

Түркімен батыр мұңайып үйге кірді,

Көрінеді жүзінен шаршағаны.

Жасағы жоқ жанында. Жалғыз өзі,

Мұңайып сарғайғандай екі көзі.

Рысалының сақтығы іштей бекем,

Батырдың да көп болған аңғал кезі.

– Мен үшін айым тоңып, батқандай күн,

Қаракөз қарындасым, ақмаңдайлым!

Жоқ іздеген жан едім, қонағыңмен

Жоғымды осы арадан тапқандаймын.

Жау құсап келмеді ғой тасадан да,

«Жоқ іздедім» дейді ме босағамнан?

«Құдайы қонақ» деген жылы сөзге

Елжіреп ет-жүрегі босағандай.

– Шынымен болып тұрса бұйымтайың,

Қонақасы жеуді де бұйыртайын.

Асақалдар жиылсын осы үйге,

Ақылдасып табайық бір ыңғайын.

Қонаққа түр тай байланды,

Жез самаурын қайнады.

Ақсақалдар жиылып,

Әрі-бері ойлады.

Қарт абыз сөз бастады:

– Тәуекел қайық тал болар,

Ақылың қорған шәр болар,

Құса түбі ор болар.

Тыныш жатқан елімнің

Жылқысына тиісіп,

Айдап алып кеткенің

Сендей ерге сын болар!

Қарымтамды қайтарып,

Қайратымды қылмасам,

Намысқа жұққан кір болар!

Жоғыңды даулап келдің бе?

Оғыңды сайлап келдің бе?

Ойланғанның жөн болар!

Түркімен батыр сөйледі:

– Алаң да алаң, алаң ел,

Атым бар мінген қарагер.

Жағаласса жыртылмас,

Жеңіме қолды сала бер.

Айыпсызбын алдыңда,

Өкініште жандым ба?

Бопса қылған қулардың

Жетегінде қалдым да,

Салды сені сол мұңға.

Тұлпар ең дер құрыш тұяқ,

Сұңқар ең дер болат қияқ,

Бұйымтайым – қарындасым,

Болар маған жанға қуат.

Жақсылар түгел жиналып,

Жиылып кеңес құрғасын...

Отырған жанмын қиналып,

Жалғыздық басқа салғасын.

Бір әке, бір шешеден

Екі жапырақ едік біз,

Қос шырағы едік біз.

Жар жағасы тайғақ-ты

Тағдыр жазса нетіппіз.

Тайғақ кешіп, тар жолды

Тарығып іздеп жетіппіз.

Абайсыз өскен алшаңдай,

Тәксіз өскен тарпаңдай,

Жаратып сұлу ат мінген,

Құйрық-жалын шарт түйген.

Адай деген жақсы елге

Мұң-зарымды айтамын.

Ақсақал айтты:

– Жақсы да бар бұл көпте,

Жаман да бар бұл көпте.

Байқап, бағып отырмын,

Айтылмайды сыр текке.

Табылғанмен қайтерсің,

Тағдырыңа құр өкпе.

Ел мен елдің бірлігі

Күш береді жүрекке.

Жадымызды жаңғырттың,

Сөзіңде жоқ салғырттық.

Қыз мұңлықтың тірлігі

Жаралғасын – жат жұрттық.

Не дерсің мына жалғанға,

Қалған да көп арманда.

Атадан жалғыз тудым деп,

Басыңдағы ісіңді

Көп жөндер ма екен салғанда?

Түркімен батыры айтты:

– Арғымақты таңға ұрып,

Қылша мойнын талдырып,

Жүрегімді жылатып,

Үзіле ме соңғы үміт?!

Ұшады қайдан жалын-ән.

О дүниелік ата-анам,

Күніне мың сағынам.

Босамай қалай шыдайын,

Жағдайсыз қалып барамын

Жанымда бір туғанның жоғынан.

Туыстық қанын сен ұқтыр,

Қарындасыңмен жолыққын.

Аман еткен аманат

Санама мәңгі қоныпты.

Атадан туған жалқы боп,

Әкем де жалғыз түп еді.

Олжаға келген тарту боп

Анамның жалғыз жүрегі.

Ағайын-елдің ішінде

Қып-қызыл отқа түсемін.

Жағама қолдың тигенін

Жалғыздық, кімнен көремін?!

Кей адамда аға бар,

Ағалы жанда баға бар.

Кей адамда іні бар,

Інілі жанның үні бар.

Кей адамда апа бар,

Апалы мұңсыз атанар.

Кей адамда қарындас,

Жоқтың да сыны байқалар…

Мұң аударып кеткендей боз даланы,

Қапыда қайғы-дертін қозғап алды.

Алыстан құлаққа естіледі

Ботаның жан толқытып боздағаны.

Ойымен әркім іштей жол қуғасын,

Жүректерге құйылып мұң қонды басым.

Аруақ шақырғандай күңіреніп,

Күйші жігіт күмбірлетті домбырасын.

Қос ішекте қарқын жоқ қызуқанды,

Мұңды күй тербетеді үзіп жанды.

Қыз жанардан қос моншақ ағып түсті,

Көңілдің шырқы мүлдем бұзылған-ды.

Нөпір ойлар шырмауына ұмтылып,

Қонақ төрде бір жығылды, бір тұрып.

Қара шанақ құдіретіне бас иді,

Жалғыздықтан іш-бауыры жыртылып...

Ақсақал сонда қозғалды:

– Бабамнан қалған сөз бар-ды,

Тыңдасаңыз айтайын:

Дүние бастан озған-ды,

Тарғыл, тарғыл, тарғыл тас,

Тарықса көзден шығар жас.

Тар қолтықтан оқ тисе,

Сүйеп қалар қарындас.

Жаныңды ұққан қарындас,

Ол – қарындас, ол – жолдас!

Жаныңды ұқпас қарындас

Қарындас боп жарымас.

Түндер жүріп, күн аттап,

Жалғыз өзің жыраққа

Бауырыңды іздеп келіпсің,

Қадірлегенің ғой бірақ та.

Ісін қылмаспыз шайтанның,

Айтар сөзіңді айта алдың.

Жүрегің мықты жігітсің,

Пішініңнен байқармын.

Ат арытып келгесін,

Құдай қолдар пендесін.

Ақырғы шешім сол болсын:

Гүлшен келін сөйлесін!

Гүлшеннің айтқаны:

– Тағдыр ғой салған тәлкегін,

Білсең-ай, Алла-ай, айт емін.

Пенденің басына бермесін,

Азабымды қайтейін?!

Көрінер ме екен бұлтым-ақ,

Отырмын іштей қырқыла.

Омырауымды емінген

Қос ботам тұр шырқырап.

Ағамның жүрсем қасында,

Қос ұлым шықпас басымнан.

Мүшкілдеу мұңды жүрегім

Таразы-тағдыр басында.

Қайтейін, шара жоқ анық,

Бауырды биік қоямын.

Рысалыға сенер тілегім,

Қос ұлға пана болады.

Көрмеспін деймін өгей күн,

Өз елім – қанат самғарым.

Тілеймін мен де денемнің

Топырағымда қалғанын. 

Жиналды жолға түйініп,

Басы да жерге иіліп.

Ботасын, сірә, қимайды,

Қарайды қайта қиылып.

Қос бота шыр-шыр етеді,

Жібермей ұстап етегін.

Тағдырға жазған не шара,

Нетеді байғұс, нетеді?!

Осы бір сәттің өртін ұқ!

Аттар да шапты, жел тынып.

Аруана- ана жөнелді

Омырауын жасқа толтырып…

Заман сызын

Арқаға тосқанда ақыр,

Қара жердің бетіне жас таматын.

Рысалы көкжиекке қарап тұрды,

Иығына қондырып қос ұл – қос қанатын,

Келешек көкжиектен басталатын...

АЗУЫ АЛТЫ ҚАРЫС

«Жететін күрең атпен лоқақ-лоқақ,

Жауына шүйілетін қыран құсап.

Қадірін ескеріңдер, қалың елі,

Шығарған атағыңды Ер Жанұзақ»,

деп Абыл ақын жырлағандай, Рысалының бір баласы – атақты Жанұзақ батыр. Шотан батыр бастап барған түркімендермен болған ұрыста 16 жасар Жанұзақ та болған екен. Бұл өзі Рысалы батыр қартайыңқырап, көз жанары кеми бастаған тұс болса керек. Ұрыста жекпе-жекке түркіменнің Оғұлша, қазақтан Шотан батыр шықпақ болғанда, Жанұзақ жол сұрап, Оғұлшамен жекпе-жекке шыққан екен. Бұл кез Бекет Атаның алғашқы зайыры елде біліне бастаған уақыт дейді. Жанұзақ батыр әулие құрдасы Бекетке сыйынған. Сонда Шотан батыр батасын беріп тұрып, былай деген екен: «Оғұлшаның сауытының көзі тамағының астында, найзаңды сол араға саларсың». Екі жақ найзаларын кезеніп, бір-біріне қарсы шапқанда, Жанұзақтың найзасы көздеген жерге дәл тиеді. Оғұлшаның найзасы Жанұзақтың алақанына кіріп, ұшы қолында кетеді де, аты соғысқанда құлап, бір аяғы атының астында қалған екен. Сонда Жанұзақ «Иә, Бекет» деп тебініп, аяғын суырып алған екен дейді. Бағанағы алақанға кірген найзаның ұшы оңайлықпен алынбайды, қыл арқанмен атқа сүйреп тартқанда, Жанұзақтың дауысы шығып кетеді. «Бір тікенге бола дауыс шығарып елдің алдында абыройыңды төкпе» деп Шотан ағасы Жанұзақтың арқасынан қамшымен тартып-тартып жіберіпті», – деп шалдар күлісіп айтып отыратын делінеді бізге жеткен деректі әңгімелерде.

Құмы кернеп жел ескен боз далада,

Күндер зулап төсегінен қозғалады.

Неше заман өтсе де, кейінгіге

Бағзы күндей байыпты сөз қалады.

Ай шығарып, көңілден түн қашырып,

Талай тарих көмілді құмға сіңіп.

Өткен күннің иірімді ағыстары

Кетеді тек сырға сыйып.

Сахара аспанында бұлттар ұйып,

Көздің жасы кеткенде жерге тиіп.

Қазақ елі қанша рет отқа түсті,

Отанын сақтау үшін жаны күйіп.

Кеудесінде тұншықты жат арманы,

Жорғалап та ала алмай бақ – орманын.

Етегімен су кешті есіл ерлер,

Қапаста болмасын деп атар таңы.

Дауыл боп соққан кезде жел де қуып,

Найзаны сермеп ұстап, белді буып.

Рысалыдай ерлер бар ел қорғаған

Өшпесін деп жердегі бір-бір уық.

Аймағының көрінген бір сәні боп,

Қашанда қазағымның құрсағы кең.

Алты ұлы барда, шіркін, арман бар ма,

Атапты ел «Азуы алты қарыс Рысалы» деп.

Өткен күннің жадымда бар дерегі,

Сарғайып атты суық таң дегені.

Түркіменнің жасағы соғыс ашып,

Қасқа жолдан Үстіртке жау келеді.

Жау хабары жеткен соң қарауылдан,

Айтулы ерлер қамданды әр ауылда.

Қылыштарын сайлады, нөкер тізді,

Кетпеу үшін дұшпанның балағында.

Үйіріліп төбеде тұрса тұман,

Бұзып өткен неше бір құрсауынан.

Он алты жасар Жанұзақ атқа мінді,

Бата алып әкесі Рысалыдан.

Екі жасақ бір-біріне қарсы келді,

Сәл тыныстап екі жақ алды демді.

Түркіменнің батыры ат ойнатып,

Жекпе-жекке шақырып, қамшыны ілді.

Жанұзақ ортаға нық шықты ұмтылып,

Кеудесінде кеткендей сең де жүріп.

Айбаттанған жас бала – арыстанға

Оғұлша ысқырынып тұрды күліп.

«Бота тірсек, бос белбеу баламдайсың,

Қарсы келер, әй, маған шамаң қайсы?!

Уыздай түрін аяп тұрмын күліп,

Жекпе-жектен сен мені ала алмайсың!»

Жас Жанұзақ шүйілді қас қырандай,

Екпіндете шабады тас бұзардай.

«Сөз сүйектен өтеді» деген бар ғой,

Жекпе-жекке ұмтылды басын алмай.

Қос батыр да жиғандай қуаттарын,

Шабуылдан кеткендей білек талып.

Жанұзақ көздеп алып нысанасын,

Өндіршегіне найзасын сұлатқаны.

Тағдырдың тезі қандай сынар қатты,

Қанды оқиға сілкінтті бұл аймақты.

Түркіменнің батыры аттан ауып,

Қансырап қара жерде құлап жатты.

«Бекеттей жан жолдасым» сақтады деп,

Ел тілегін Жанұзақ ақтады көп.

Келген жасақ ізімен кері қайтты,

Оғұлшаның денесін атқа жүктеп.

Талай өзен арнасынан тасып өтті,

Тас пен құмда бабамның жасы кепті.

Емші-жылдар сипайды маңдайынан

Маңғыстаудың қара ойын қасиетті…

БЕКЕТ АТАНЫҢ АЛҒАШҚЫ БИЛІГІ

Түркімен жағы батырын азалайды,

Өкініштің өрті мың мазалайды.

Оғұлшаның алтыншы жас тоқалы

Ақыры іздеп табад қазақ ауылын.

– Арғы жақтан келгенмін көзім жұмып,

Танып өстім ер құнын, езін көріп.

Оғұлшаны өлтірген жас батырға

Қоссаңыздар болғаны, сөзімді ұғып.

Елдің іші тағы бір дүрлігеді,

Жиналып сөз-төркінге үңіледі.

Хиуа медресесінде оқып жатқан

Жас Бекет билігіне жүгінеді:

– Демеймін жас жүректен алауды өшір,

Көзбенен төңірекке қарайды есір.

Жанұзаққа айтармын, – депті Бекет, –

Қырық ерге жүк болар әйел – кесір.

Түркіменнің құрған бұл тұзақ, торы,

Тегін әйел болмайды, ұзат жолын.

Қантөгіс пен мол шығын қарсы алдыңда,

Кешіктірмей қайтарғын бір аттыны.

Жақсы сөз жүректерге жол табады,

Бекеттің әулиелігі байқалады.

Жетегіне ат беріп, сусын беріп,

Түркіменнің жесірін қайтарады.

Ойлайтын көкжиектен арғы жақты,

Бас идірген сан кеуде, сан құлақты.

Бекет Ата алғашқы билігінің

Парасатты күшінен жау құлапты.

Туын көкке көтерді бүгін елім!

Шын қуаныш жүгірді түріне мың.

Әжімденген даламның тасын сүйіп,

Баба-тарих ізіне үңілемін...

ЖАНҰЗАҚ БАТЫР МЕН СҮЙІНҒАРА

Сын сағатта белге садақ асынған,

Дұшпандарын үрейімен қашырған.

Ерліктері аңыз болған есіл ер,

Қолтаңбаң бар топырақ пен тасымда.

Пір Бекет пен ер Жанұзақ, Үргешбай,

Қатар жүріп бір-бірімен сыйласқан.

Шөбере туыс болады екен үшеуі,

Ұрпақтары жолын қуып жалғасқан.

Шау тартқанда шалдың кебін кимес кім?

Ер Жанұзақ осалдықты сүймес-ті.

Үргешбайдың «қисық қара тентегін»

Жастай танып, батырлыққа үйретті.

Қайраттанса кететіндей тасты үгіп,

Қайыспайтын қайсарлық-ай жас күні!..

«Қисық қара» – Сүйінғара жас батыр,

Қарсы алдында отырады тас түйін.

Қуаныш-құты осы болар деп, сірә,

Сауыт, сайман бес қаруын тапсыра.

Сүйінғарадай жас батырға батасын

Берген дейді. Жас үмітін тапты ма?

Сүйінғара батыр болды ел білген,

Білегі мен жүрегінде – ел жүрген.

«Маңғыстаудың түйір тасын бермейім» деп,

Өрлігіне калың жұртын сендірген.

Хиуа ханы Аллақұл кеп шапқанда,

Жауға қарсы жалын болып аттанған.

Ойып түскен тұлпарының ізінен

Бабамыздың көз жасындай хат қалған.

Ошағының отын жалғап ертеңге,

Жиіркенсе ол жасықтықтан жиіркенген.

Жау келгенде сасып қалған ұлына

Ақырыпты «Өзің іштей өртен» деп.

«Бұл ұрыста өлсем егер алай күн,

Белі сынар аруақты Адайдың!

Сасып-пысқан сендей ұлды – бір езді

Күнде туар қатындары Адайдың».

Екі көзі қызыл шоқ боп күйдірген,

Дұшпандарын найзасына ілдірген.

Абыл ақын Сүйінғараны жырлапты,

Қара сөздің қасиетін білдім мен:

«...Адайда енді қатын ұл туар ма-ай?

Сен барда арқам сүйеулі еді жарға-ай!

Ерегес, екіталай күн туғанда

Сүйекем сөйлеуші еді қарқуардай».

Дүлдүл ақын Абыл-жыр ақтарылған,

Алай-дүлей арпалыс шақтарыңнан.

Сүйінғара батырдың ерлігі бар

Жұртымның жүрегінде сақталынған.

ҰРПАҚ СӨЗІ

Елін, жерін сыртқы жаудан қорғаған, ерліктің үлгісін көрсеткен батыр бабамыз – Рысалы Жетімекұлының мәңгілік жатқан жері аңғыстаудағы Үстірт стансасынан төрт шақырым жерден табылды. «Арманды екі шалым бар еді. Бірі – Бекет Ата. Ол арманым «Ақмешіт» болып орындалды. Екіншісі – Рысалы атам еді. Алла жазса, бұл арманым да орындалар», – деп аманат еткен Рза көкемнің де тілегі жүзеге асты. Рысалы бабамызға ас беріліп, Үстіртте кесене тұрғызылды.

Бабамның аты – Рысалы,

Анамның аты – Гүлсары.

«Ұмытып бәрі кетті» деп,

Түсімде баба ұрсады.

Ескерткіш қою арманым,

Қабірін іздеп шарладым.

Қара жер хабар бермеді

Сүйегі қайда қалғанын.

Соққан желден де сұрадық,

Аққан селден де сұрадық.

Үстірттің үнсіз үстімен

Бұлақтар ақты бұралып.

Қиылдық тамшы шыққа да,

Жауа алмай кеткен бұлтқа да.

Бар ма екен жердің үстінде

Бабамыз жатқан құтхана?!

Ат шаптырдық айнала,

Айтар деп қазақ қаймана.

Тапсырдық Күнге, Жұлдызға,

Аманат еттік Айға да.

Бермеді мезгіл бір хабар,

Жыланып ақты жылғалар.

Көрдім деп оны айтпады

Көктемде келген тырналар.

Жылаған жұртын күлдірген,

Бекет Атамен бір жүрген.

Жастанған жауын батырдың

Құлаған тұсын кім білген?!

Табылды зират – Рысалы,

Келеді енді жыр сәні.

Сол бабадан тараған

Адайдың соңғы мың шалы.

Атаймын соның біреуін,

Қолына ұстап жүрегін.

Рза көкем қуанды

Орындалды деп тілегім.

Киімнің болар жағасы,

Әркімнің болар бабасы.

Рысалы бабам табылды,

Келіңдер, жиен, нағашы.

Көп түкірсе көл болар,

Көп біріксе ел болар.

Бабамыздың басына

Ас бергенім жөн болар.

Естідім оның кеңесін,

Мені де жат демесін.

Жаратқан Ием қолдасын,

Аруақтар жебесін!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар