Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Марлен Ғилымхан. Адам өз тағдырымен оңаша қалады

22.06.2022 1787

Марлен Ғилымхан. Адам өз тағдырымен оңаша қалады


Поэзияны үлкен құлып десек, ᴏны ашатын алтын ᴋілт – ақынның жүрегі. Ол өзін толғандырған, толқытқан, торықтырған сәттердің елесін аулап, ақ параққа сөзбен кескіндейді. Жырлары да көркем. Жұп-жұмыр. Шымыр һәм жинақы. Жауабы жұмбақ жаратылыстың құпиясына терең бойлай отырып, әсем суреттер салады. Ойы да, сезімі-түйсігі де өзгеше өрнектеледі. Жырларында шексіздікке шырмалған жанның сансыз сұрағы мен мұңлы әуезі бар.


Бүгін ақын, аудармашы Марлен Ғилымханмен жасаған сұхбатымызды оқи отырыңыз, мәртебелі оқырман! Мархабат!


Ар ма, Марлен бауырым! Өзіңізді жас қаламгерлер арасындағы болмысы ерек, тойнағы бөлек талант ретінде танимыз. Әлқисса, әңгімемізді әдебиетке адалдық жайынан бастайық. Әдебиет майданында өзіңіз айтпақшы, «Құсалылардан шырын қылғытып жүріп» беймәлім дерт жұқтырған қаламгерлер аз емес. Көптеген ақындардың әңгімесіне құлақ түрсек, өлеңді «жазылмас, айықпас дерт» дейді. Бәлкім мұны дерт дегеннен гөрі дағды, әдет, қалып дегенге көбірек келіңкіремей ме? Егер өлең сіз үшін дерт болса, оны қайдан жұқтырдым деп ойлайсыз?

– Аман-есенбіз, Ислам бауырым! Рахмет! Меніңше, өлең ауыртпайды, өлең емдейді. Жасым жиырма беске де жеткен жоқ, дегенмен, өзім үшін күрделі кезеңдерден мені дін аман алып шыққан – әдебиет екенін айтқым келеді. Компьютерлік технология қарыштап дамып жатқан заманда өлеңнің не керегі бар дейтіндер де кездеседі. Жалпы әдеби туындыларды жан-жақты зерттей білген дұрыс. Адам қайғысын қалай жеңілдетеді? Өзіне таныс күйді кешкен жанмен әңгімелескенде немесе бастан кешіп жатқан сезімін дәл суреттеген жазбаны оқығанда... Ол жазба өлең болуы мүмкін. Кез-келген шығармашылық туынды осы жүкті арқалай алады. Адам ішкі әлемін өзгертпей, қоғамды сол жағымсыз қалпында қабылдай беруі мүмкін. Жақсы әсер сыйламайтын ойларды санадан сызып тастауға көмектесетін де – өлең.


Марқұм атам Ғилымхан Ғабдоллаұлы қашан көрсем де, кітап оқып отыратын. Қырық жылдан астам уақыт бойы ұстаздық қызмет атқарған нағашы әжем Меңзипа Рамазанқызы кішкентайымнан әдеби кітаптарды оқытты. Әкем ән мәтіндеріне мән беріп, оларды таңдап тыңдайды. Анамның ауық-ауық бір-екі шумақ жазып тастайтын әдеті бар. Өнерге ерекше құрметпен қарайтын басқа да ағайын-туыс менің өлеңмен шұғылданғанымды құптап, жетістіктеріме әр кез қуанды. Ата-анам алаңсыз шығармашылықпен айналысуыма мүмкіндік туғызды. Соның арқасында қазақ және әлем әдебиеті жауһарларымен танысқаныма шын қуанамын. Яғни, мен ештеңеге алаңдамай, тек қана әдебиетпен айналысуға моральдық-материалдық тұрғыда дайын болдым.

Студенттік шақтарда жазғы каникулда тәулігіне 12-13 сағат бойы кітап оқып, жазу-сызумен айналыстым. Бүгінде шығармашылыққа барынша уақыт тауып, жоспарларымды толыққанды орындап жүруге тырысамын. Маған Қадыр Мырза Әлидің табандылығы үлгі. Оқушы кезімде көрші балалар боранмен алысып, ойын қуып жүргенде, мен ішкі ойларыммен арпалысып, бірдеңе жазып жататынмын. Адам тағдырдан қаша алмайды, адам өз тағдырымен қашанда оңаша қалады.

– Марқұм Есенғали Раушанов көзі тірісінде бір топ оралдық ақынның шығармашылығымен танысып көріп: «Ендігі қазақ өлеңінің бұлты Жайыққа қарай ауған екен», – депті. Сол айтпақшы, Ғұмар Қараш, Жұбан Молдағалиев, Қадыр Мырза Әли, Сағат Әбдуғалиев секілді даңғайыр шайырлар туған өлкеден жаңа талап, жас ақындардың шықпауы әсте мүмкін емес. Бұл алтын көпірді кейін тәуелсіздік жылдары туған Айбол Исламғалиев, Шерхан Талап, Жандарбек Жұмағұлов, Аслан Тілегенов сынды жаңа буын жалғады. Ізіне өздеріңіз ілестіңіздер. Жайық ақындарының қазіргі хәлі қалай? Шығармашылық топтарыңыз қалай құрылды? Осы жайлы айтып өтсеңіз?

– 2015 жылы М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетіне оқуға түсіп, «өзім секілділерді» іздей бастадым. Аталмыш оқу орнында менен екі курс жоғары оқитын аға-бауырым Меңдібек Лукбанов бар еді. Меңдібекпен Жаңақала жерінде танысып, етене араласып кеткенбіз. Кейіннен алдымнан арқырап атыраулық Асланбек Шығыр шыға келді. Дауысы гүрілдеп, түрлі іс-шараларда жыр оқып, БҚМУ-дың жұлдызы болып ол жүрді. Мадияр Төлеуов мағыналы жырларымен жиі қуантатын.


Филолог атануды мақсат тұтқан топтағы жеті ұлдың бесеуі өлең жазды. Өзге топтарда да біраз студент өздерінің өлеңге таласы бар екенін байқата бастады. Алғашқы 1-курс студенттері арасында өткізілген мүшәйрада отыз қатысушы болды. Кейін бұл қатар бірте-бірте сиреді. Ақтілеу Қалдыбай, Әнуар Аманжоловпен шығармашылық ізденісіміз бір арнада тоғысып, Орал қаласындағы сол кездегі Достық даңғылын талай мәрте бірге кезіп, Жұбан, Хамза кітапханаларын жағаладық. Жарыса кітап оқыдық. Әдебиетке қатысы бар қатарлас достарымызды кітап оқуға, фильм көруге, сапалы, жақсы өлең жазуға шақырдық. Бір-екі жыл өткен соң арамызға алып-ұшып Азамат Бақиев, Төрехан Нәсиев қосылды. Уақыт өткен сайын көбейдік. Мен 2017-2018 жылдары 3-курсты әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде оқыдым. Алматыдан Оралға оралғаннан кейін де ақын достарым құшақ жая қарсы алды. Бұрынғыша емен-жарқын араласып, әңгімеміз жарасты. Алайда, кейбір қыз-жігіттер оқуды тәмамдап, туған жеріне немесе облыс аумағындағы аудандарға жұмысқа кеткен болатын. Мен де оқуды бітірдім. Осылайша азая бердік. Бәрі қазір естелікке айналды. Жиі бас сұғатын дәмханаларымыз бар еді. Бірінің атауы өзгерген, бірі жұмысын мүлде тоқтатқан. Нысандардың жоғалған бұрынғы келбеті секілді сол бір шақтар да уақыт өте келе менен алыстай берді. Ұмытылмайтын кезеңге деген сағынышымды «Провинция» атты өлеңіме сыйғызуға тырыстым.

...Иә, рас, марқұм Есенғали Раушанов бізге өлең оқытып, болашағымызға сәттілік тіледі. Ағамыз айтқан «өлең бұлтының» Оралға қайта айналып тағы бір соғатынына әлі де сенемін. Нұртілеу Қадырқұл мен Аманжол Исламғалидың талпынысы қуантады. Жанкештілік танытып, ең қымбат құндылық – уақытты өз-өзін дамытудың жолында сарп етсе, олардың да нақты нәтижеге қол жеткізетіні сөзсіз.

Ақын Айбол Исламғали екеуіңіз бірігіп Юкио Мисиманың «Бозбала ақын» әңгімесін, ақын Ақтілеу Қалдыбаймен бірігіп Рюнэске Акутагаваның «Нақұрыстың өмірі» новелласын шыққан екенсіздер. Бұдан соң америкалық ақын Карл Сэндбергтің, Қазақстандық неміс ақыны Эльза Ульмердің де бір топ өлеңін өзіңіз аударып шықтыңыз. Бұл аз да болса біздегі аударма ісіне қосқан сүбелі үлесіңіз болар. Қазіргі жеке шығармашылық шеберханаңыз жайлы айтып өтсеңіз? Алдағы уақытта әлем әдебиетінің қай өкілін аудару жоспарыңызда бар?

– Мен көбіне өзіме ұнаған шығармаларды ғана аударамын. Еркін аудармамен бірнеше шетел қаламгерін қазақшаладым. «Дайын тұрған сұлбаның көшірмесін өз материалыммен жасаған кезде оның ішкі әлеміне енуге және ондағы құбылыстарды сезінуге талпынамын. Ойлантқан, толғантқан дүниелерді ғана аударамын. Себебі, мені тебірентпеген туындыны тәржімалағым келмейді. Өзіме таныс күйді аудару, жырлау – соншалықты оңай, соншалықты қиын!» деп сәл бұрынырақ айтқан болатынмын. Қаламгердің нені аударатыны өз еркінде, алайда, қалам тербейтін тақырыбын зерттеп алғаны абзал! Аудармашының жан дүниесі мен аударылғалы тұрған туындының мазмұны арасында терең байланыс болуы тиіс!

– Соңғы бір-екі жылдың бедерінде Орал қаласындағы Хадиша Бөкеева атындағы облыстық драма театрында «Жусан» атты психологиялық драмаңыз жарық көрді. Бұл – сіздің алғашқы драматургиялық туындыңыз екен. Діни көзқарасы адасқан жандарды Сириядағы оқ пен оттың ортасынан аман алып келу билік тарапынан жүзеге асырылған құптарлық іс ғой. Әйткенмен алғашқы драмалық туындыңызды нақ осы тақырыпқа арнауыңыздың мәні бар ма? Әлде бұл тапсырыспен жазылған дүние ме?

– Иә, бұл пьеса Батыс Қазақстан облыстық Дін істері басқармасының тапсырысы бойынша жазылды. Алайда, осы тақырып төңірегінде бұрыннан ізденіп жүрдім. Спектакль көрермен тарапынан жақсы бағаланды. Сынағандар да болды. Психологиялық драманы жазу барысында ҚР Ұлттық Қауіпсіздік Комитеті Батыс Қазақстан облысы бойынша департаменті қызметкерлерімен, дін мамандарымен кеңестім. «Жусан» операциясымен елге оралған әйел адаммен сұхбаттастым. Шизофрениялық, галлюцинациялық бейнелердің арасында адасқан, сандырақтаудан, жабырқаудан, үрейленуден шаршаған жас жігіттің жай-күйін, бастан кешкен оқиғаларын суреттедім.

2019 жылы із-түссіз кеткен ақын Әділ Ботпановқа қатысты «Болжам» атты ой-толғам түрінде берілген жазбаңызды оқып шықтық. Жазбаңыздың соңында марқұм Әмірхан Балқыбектің «Әдебиет тек өткенді жазу емес, белгілілі бір бір дәрежеде болашақты болжау құралы» деген сөзін келтіре отырып, Әділ Ботпановты өз тағдырын болжап қойды ма екен дейсіз? Әділ Ботпанов әлі тірі болған күннің өзінде біздегі әдебиет өкілдері «селк» ете қояр ма екен? Меніңше, ештеңе өзгермейтін секілді. Сіз қалай ойлайсыз?


– Менікі тек гипотеза ғана. Анығы бір Жаратушыға аян. Әділ Ботпанов жайлы біраз оқыдым, іздендім. «Өмірзаясын» парақтап, жан дүниесін түсінуге ұмтылдым. Қаламгер қанша жерден сыр ашпаса да, оның ойлары, кейіпкерлері сөйлеп қояды. Ең болмаса, солар арқылы істің мән-жайын білгім келді. Ақыры белгісіздікке тап болдым...

– Соңғы уақыттары сирек жазып жүргендейсіз. Мұның себебі бар ма?

– Иә, осыдан 3-4 жыл бұрын көктем мезгілінде аптасына 4-5 өлең жазатын кездер болатын. Әсіресе, бұл көп ізденіп, алаңсыз шығармашылықпен айналысып жүрген шақтарда қайталанатын. Негізі жазып жүрмін. Алайда, сирек жариялаймын. Шынымды айтсам, жан дүниемдегі құбылыстардың талқыға түскенін қаламаймын.

– Әлемдік кино өнерінің арт-хаус жанрында өзіндік қолтаңбасын қалдырған кәріс елінің кинорежиссері Ким Ки Дуктың туындыларымен уақытында біршама қазақ қаламгерлері ауырғаны мәлім. Тіпті, сіз «Біртүрлі қалпымда қалсам деймін» атты сұхбатын да қазақша тәржімалаған екенсіз. Байқауымызша, режиссердің «Қайта оралған мезгілін» ерекше жақсы көретінге ұқсайсыз. Фильмнің астынғы қабаттарында жасырынған идеяны сезініп көрдіңіз бе? Меніңше, фильмде қателіктердің қайталану жайы қозғалатын секілді. Ылғи қайталана беретін осы қателіктерді өз айналаңыздан көресіз бе?

– Қазақ «Текті жерден қыз алсаң, ошағың сөнбейді» деп бекер айтпаған. Ешкім жаратылысынан алыстай алмайды. Қанға сіңген қасиет қанша тұншықтырсаң да, күндердің бір күні жария болады.


– Бақытыңызды уақыттың соты орынсыз қаралаған кезі болды ма?


– Болды. Бірақ, уақыт бәрін өзінің орнына қойды. Уақыт адамның идея-ойлары, ниет-пиғылдары арқылы тосын сый әзірлеуді әсте ұмытпайды.

– Асылы, барша шығармашылық иесіне тән өтпелі кезеңдер болады ғой. Дәл қазір қай маусымды бастан кешудесіз?


– Бұрын өз-өзіне қол жұмсаған ақын-жазушылар жайлы көп оқитынмын. Қазір мені ол тақырып қызықтырмайды. Себебі, тән де – Тәңірдің берген сыйы. Оған пенде ретінде құрметпен қарауға тиіспіз. Адамға бес күн жалғанда белгілі бір деңгейде жауапкершілік жүктеледі. Сол жауапкершілік үдесінен шығу парыз. Бүгінде ізденіс үстіндемін.

– Біздегі әдеби элита өкілдеріне көңіліңіз тола ма?

– Әркімнің өз пікірі, көзқарасы бар. Кез-келген мәселеге салқынқандылықпен қарап, шектен тыс қарапайымдылық пен ашықтықтан арылған әдеби элита өкілдері сапалы дүниелерімен қуантуда. Олар қоғам сұранысын қанағаттандыру бағытында жүйелі жұмыс істеуде. Сондықтан әрбір қазақстандықтың талғамы биік болуы керек.

– Қазіргі өзіңіз құралпылас жастардан кімді тұшынып оқисыз?


– Қатарластарымды барынша бақылап отырамын. Өлеңдерінің бәрін шедевр етіп жазған жас ақын жоқ. Дегенмен, жақсы өлеңдер бар. Керемет ойды кейде өлеңнің қалыбы бұзса, кейде көркемдік деңгейі төмен жолдар белгісіз бір әуенмен оқыла жөнеледі. Әрине, мұны бір ізге салу, толыққанды сапалы дүние жасау – қиын шаруа. Біз томаға-тұйықпыз. Қабілет- қарымымыздың мүмкіндіктерін толық пайдалану үшін ашыла түсуіміз керек.


– Алдағы уақытта жаңа эксперименттерге бару ойыңызда бар ма?


– Жалпы адам өмірі эксперименттерден құралады. Мен өзімді жан-жақты сынап отырамын. Әуелі жаңашылдық, еркіндік ұғымдарының мән-мағынасына назар аударайық. Еркіндік – ойға не келсе, соны жүзеге асыру деген сөз емес. Оның да өзіндік шектеулері бар. Ал, жаңашылдықтың түп тамырында ескілік жатады. Демек, бастамалардың іргетасын дұрыс қалағанымыз жөн.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Теги: марлен ғилымхан
(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Көп оқылғандар