Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Максималар мен қоғамдық ойлар......

09.09.2024 1358

Максималар мен қоғамдық ойлар...

Максималар мен қоғамдық ойлар... - adebiportal.kz

Өзіңнен биік адамға еліктеудің еш сөкеті жоқ қой. Мұны жазуға төмендегі ойшылдардың жоталы түсініктері әсер етті десем, еш артық айтқандығым емес. Жалпы жазба әдeбиeттe афoристиканы жeкe жанр рeтіндe дамытқан Жан де Лабрюйeр мен Блез Паскальді, сондай-ақ Франсуа де Ларoшфукoны айрықша айтуға болады. Ларoшфукoның  әйгілі максималары – әлемдік oйдың алтын қазынасы. Философиядағы апoфтeгма мен максималар, гнoма мен сeнтeнция сынды түрлі тәсілдерге жазылған еңбектер есті оқырманды еш ойландырмай қоймайды. Осы бір   қысқаша ғана жанрға қалам тербеген мықтылардың қай-қайсының болсын қалам қуаты бізді де шын ынтықтырған еді. Ендеше әр жылдарда (дұрысы, осы он жылдың мұғдарында)  қоғамдық көңіл күй ауанына байланысты жазылған әдебиет пен өнерге, әлеуметтану мен теологияға, саясаттану мен философияға қатысты  ойларымның бесінші бөлімін өздеріңізге  ұсынып отырмын, құрметті оқырман қауым! Қалған төрт бөлігін порталымыздың алдыңғы сандарынан тауып алып оқуларыңызға болады.

                                        

***

Ән – жауыннан кейінгі даланың кемпірқосағындай әсерлі болмаған соң бәрі де бекер.

 

***

Авторитарлы елдің халқы – ұрдажық күйеуге тиіп, оны үстіне шаң қондырмай  үнемі көтермелеп отыратын әлгі (ұрдажық) күйеудің жасқаншақ әйелі секілді.

 

***

Қор елдің құдайы көп...

 

***

Пантеон – патернализм кесенесі. Оның астында ізетті жандар ғана емес, атаққұмарлықтың тек  ажалы жетіп дамылдаған ауыр мейманасы да жатыр.

 

***

Қайда барсаң, архаизация мен геронтократия қағидасы. 

Кеудесі сырылдаған қария түсініктің түкірігі мен жөтеліне тұншығып өлмесек жарар еді. 

 

***

Асқар Сүлейменов: «Жазуға жалғыз ереже жүредi – грамматиканың ережесi. Ал қайсыбiр суреткердiң грамматикадан шығып жазуға да правосы бар». Айтып отырғаны айдай ақиқат қой.

Үйретілген, дұрысы, дәстүрлі мәтін де тікенек тормен қапталған социалистік түрме секілді. Мызғымас бұл қағиданы бұзу да бір оңай емес. Тісі сарғайып, құйқасы қашқан қария тәсіл, дәстүрлі түсініктен ептеп инверсия жасап еңбектей қашқан  екенсіз, «ойбай, әдебиет лайланды, тәртіп бұзылды» деп маңайыңның бәрі безілдеп кетеді. 

Артур Шопенгауэр «Кез келген жаңалық атаулы мынадай үш сүзгіден өтеді. Алғашында сізді ешкім елемейді, кейін келекелеп күледі, соңында ит болып (бәрібір) қабылдайды» дейді. Темір тор ішіндегі ережені тек мықтылар ғана бұзады десек, дәстүршілдер бұған безілдемек тұрмақ буынып өлсін...

 

***

 «Алаш қонған ақбоз үй бос қалды ма(Қапез Байғабылұлы). 

Қазақ қияметінің шегіндегі сөз. Ал әннің ахуалы анамның қазасын естірткендей қорқынышты... 

Үрейін көтеріп тұруға қан-жүрек шыдар ма екен? 

 

***

Адам ішкі мәдениетінің ең жетілген өлшемі сол – өзінен (танымдық тұрғыдан)  жоғары жанды мойындай білуі. Тайпалық танымда мұндай жетілім баспалдағы атымен болмайды.  Түрлі колониал нарративтерді зерделей келе, бір дүниеге көзім анық жетті. Құл халық пен оның құлдық санасы біреуді қорлағанан я келекелегеннен шексіз ләззат алады. Біздің бір дүниені жаза қалсақ, біреуді әсіре көтермелеп, ал екіншісін жерге тығып желкелеп отыратынымыздың себебі де сол. Я болмаса кез келген есті дүниеге тілектестік танытпайтынымыз, танытқаныңыз былай тұрсын, әлгі дүниенің астында қарақаттай сыңсып тұратын  «дінсіз», «топас»,  «қуғынбай», «феминист»  секілді небір адам ауызы барып айта алмас жазбалардан құлақ кесті құлдың  шын табиғатын жазбай тануымызға болады.

 

***

Салт-дәстүр мен әдет-ғұрып Құдай рөлі мен Құран қағидасына теңестірілген екен, онда консерваторлардың айы оңынан туды деңіз. Олар бұдан былай жаңа уақыттың қарашығын ағызып, жас түсініктің тісін қағуды  Гиппократ антына дейін көтереді. 

 

***

«Тайғанақ көбе». Япыр-ай, қандай ғажайып атау. 

Салалы саусағымен күрпілдетіп күй сауып, қос құлағымен кәрі әуеннің дәмін аулаған қайран қара шалдар-ай, сендерден сөз қалған ба еді?

 

***

Діни фанатизмнің теориясы жайлы жарытып ештеңе де айта алмаймын, ал практикасының  Ауғанстан екендігі анық.

 

***

 

«Әуелі сөз болған, сөз Құдай болған» дейді Інжіл.  Мен осы түсініктің (аксиологиялық мәні емес) тікелей мағынасы дұрыс деп түсінемін. Өкінішке қарай, бұл ұғымға гуманитар мамандар, әсіресе ақындар мен жазушылар өз мәртебесін  биіктету үшін сакралды мағына дарытатындары жаман.

Бұл жердегі СӨЗ ұғымы ақпарат есебінде. Ал ақпарат өзінің берілу тәсілі мен айласына қарай «пайғамбар»,  керек десеңіз «Құдай» да бола алады (Кешегі дүниені қанға бөктірген диктаторлардың  «күн көсем», кейін келе «елбасы»  мәртебесіне дейін дәріптелуі де осы ақпараттың  құдіреті емес пе?).

Мейлі келіс, келіспеңіз, «Төбеден түскен төрт кітап» деп  тәу етіп отырған   жазбалардың да шын ақиқатына келсек ақпарат есебінде.

«Біз Шекспирдің кім екенін мүлде білмейміз, есесіне оның біз үшін кім болғанын тамаша білеміз» демекші, біз Құдайды көрген де, тілдескен де емеспіз,  есесіне Құдайдың біз үшін  қандай құдірет пен мағынаға ие екендігі (әлгі) интерпретацияның еншісінде. Сонда Інжілдің «Сөз құдай» деп ишаралап отырғаны да осы мағынада деп қорытынды жасауымызға болады. 

Ақпараттық айланың, абзалы манипуляцияның «Өтірікті шындай, шынды Құдай ұрғандай» етуге толыққанды әмірі жетеді. Ендеше  біздің Құдай деп иланып отырған сенім мен таным, біз тұтынып отырған  ақпарат қана.  Қайталап айтайын,  ақпарат қана. Ол енді қандай мәлімет, нендей ниеттен туған, міне, мәселенің ең үлкені де осы. 

Екі ақпаратпен ешқашан бірден келісе кетуге болмайды. Бұл әрине, саясат пен дін. Бұған рухани сүзгі, жетілген талғам, сындарлы сана қажет.

Сонда ғана  адам көзқарасындағы романтикалық иллюзиялар күйреп, үрейлер сейіліп, стереотиптер сетіней бастайды…

***

Мемлекеттің шын жүзі  кітап пен кинода емес, сайлау мен соғыста ғана анық айпара болады. 

 

***

Бұл да жеме-жемге келгенде азаматтық ант пен жауапкершіліктен бас тарту деген сөз. Айтыңызшы, менің жеке жауапкершілігіме жын мен шайтанның қандай қатысы бар. Осы тілегім үшін қай мешіт пен мекемеден рұқсат сұрасам екен. 

Мен өзгенің емес, өз қателігімнің ғана авторы болып қалсам деймін.

***

 

Қара жерге қар жауар, 

Қарды көр де етім көр. 

Қар үстіне қан тамар, 

Қанды көр де бетім көр.

«Ер Тарғын» жырының ең кульминациясы осы. Ал бұған салауатты әуен жазылса әйел инабатының әлемдік симфониясына айналары сөзсіз.

***

 

Мұсылман үмбетінің ең ұлы мистигі Зүбәйда жайында мынандай бір әпсана бар. Бірде бір топ адам қажылық сапарына аттанып бара жатып: « Ей, Зүбәйда, Сіз бізбен бірге жүріңіз. Қағбаға барып Құдайға тәу етіп қайтайық» депті. Сонда  Зүбәйда «Ол жаққа барып не қылам, Алла да, ақиқат та менің өз жанымда емес пе?» – деп жауап қатыпты. «Қой, жарқыным, мұныңыз енді қып-қызыл күпірлік болар» дегендерге данышпан: «Сонда Қағбаны Алла жаратып, мен отырған жерді шайтан жаратып па? Алла да, ақиқат та мен отырған мекенде  болмаса, онда ол ешбір жерде жоқ деген сөз. Ендеше жоқ нәрсені іздеп бекерге қара терге түсіп, табанымнан таусыла алмаймын» депті. 

Мұны не үшін айтып сөз шығындап отыр дейсіз ғой?

Дәл осы данышпан ойға балама болар таным дерегінің ізі  біздің әдебиетімізде де бар.

...Сұлтан, Ием, сен менің,

Бармай тапқан Қағбамсың... (Шалкиіз жырау XV ғасыр)

Бұл жердегі «Сұлтан, Ием...», «Бармай тапқан Қағба» ұғымдары да жыраудың өз жүрегінен іздеген Құдай есебінде. Аталған ғазал арасында ұшырасатын  «Сен – сұлтансың, мен – құлмын» деп келетін өлең жолы да осы ойымыздың айғағы. Шалкиіз пайымынан «Ақиқат пен Қағба адамның өз жүрегінде,  ол үшін тау асып, тас басудың тіпті де қажеті жоқ. Адам Құдаймен Қағбасыз да қауыша алады» деген ишараны аңдаймыз. Бақсақ, бұл апофеоз (адамды құдайға ұқсата дәріптеу)  емес, Аллаға арналған ұлы мадақ жыры. 

Әрине, күні кешегі социализм мен коммунизмнің  «ұлы көсемдерін» жырлап еш «дерттенбеген», желдей еркін  прото қазақтың мұншалықты адамға жалбарынған ауыр ахуалын қабылдау қиын... 

Ендеше Шалкиіз жыраудың «Би Темірге айтқан бірінші толғауына» бұл апофеоз танымның тіпті де қатысы жоқ. Керісінше, біз іздеген Кебенің (Қағбаның) қайда екендігін ұлы жырау былай дейді.  

...Жығылғанды тұрғызсаң,

Жылағанды уатсаң,

Қисайғанды түзетсең,

Тәңірінің үйі Кебені

Сұлтан, Ием, қарсы алдыңнан жасапты-ай.

 «Би Темірді хажы сапарынан тоқтатуға айтқаны» деген тақырыптағы екінші өлеңнің ең соңындағы  осы бір шумақ – жоғарыдағы ойымыздың өз фрагменті мен сынығы секілді. Біздіңше, қателік бірнеше өлеңнің мидай араласып кеткендігінен болған... 

***

Альцгеймер мен амнезия дертін  жеке тұлғаның өмірбаянымен емес, өткен шағын есіне түсіре алмайтын  этностың  жарақат жадысымен ғана тәпсірлеген дұрыс.

 

                                                                                                      (жалғасы бар…)

 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар