Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
УАҚЫТ ПЕН КЕҢІСТІК
/
Максималар мен қоғамдық ойлар......

17.06.2025 1086

Максималар мен қоғамдық ойлар... 14+

Максималар мен қоғамдық ойлар... - adebiportal.kz

Өзіңнен биік адамға еліктеудің еш сөкеті жоқ қой. Мұны жазуға төмендегі ойшылдардың  алуан түсініктері әсер етті десем, еш артық айтқандығым емес. Жалпы жазба әдeбиeттe афoристиканы жeкe жанр рeтіндe дамытқан Жан де Лабрюйeр мен Блез Паскальді, сондай-ақ Франсуа де Ларoшфукoны айрықша айтуға болады. Ларoшфукoның  әйгілі максималары – әлемдік oйдың алтын қазынасы. Философиядағы апoфтeгма мен максималар, гнoма мен сeнтeнция сынды түрлі тәсілдерге  жазылған еңбектер есті оқырманды еш ойландырмай қоймайды. Осы бір   қысқаша ғана жанрға қалам тербеген мықтылардың қай-қайсының болсын қалам қуаты  бізді де шын ынтықтырған еді. Ендеше әр жылдарда (дұрысы, осы он жылдың мұғдарында)  қоғамдық көңіл күй ауанына байланысты жазылған әдебиет пен өнерге, әлеуметтану мен теологияға, саясаттану мен философияға қатысты  ойларымның тағы бір  жалғасын өздеріңізге  ұсынып отырмын. Ілгеріде жарық көрген біршама бөлімін порталымыздың алдыңғы сандарынан тауып алып оқуларыңызға болады.

 

***

Қазір қағидалар мен ережелер тез өзгеріп жатыр. Бұрын қаламгерлерді белгілі бір оқиға әсері туғызса, енді оқырманның интеллектуалдық әлеуеті мен жоғары танымы туғызады деген пікірдемін. 

Бұрынғы АВТОР, МӘТІН, ОҚЫРМАН үштігі енді керісінше «оқырман – мәтін – автор» әлеуетімен түзілуі мүмкін. Несі бар, шығармашылық үштіктің ұшар басына оқырманның да тұруына өз қақысы бар ғой.

 

***

Қандай дүние болсын үнемі қозғалыс пен өзгеріс әрекетіне тән (Әрине, бұл жерде И.Канттың «Бұлжымас императиві» туралы сөз бөлек әңгімеге жүк). 

Ендеше біз ойлаған шындық пен ақиқат та  бірқалыпта тұрмайды деген байлам жасауға болады. 

М.Фуконың «Ақиқат дегеніміз – бар болғаны, уақытша ғана үстемдікке жеткен  пікір» деп айтып  отырғаны да осы емес пе?

 

***

 

Аяқ-қолымыз кісенге демей-ақ қояйын, немқұрайлық пен үрейге әбден бейімделген-ақ екен...

 

 ***

 

«Оралхан Бөкей отырған жерінде:

Елімнің бір жайлауы Құрымбай саз, 

Жайлаған алты ай жазға сарала қаз.

Шолпандай таң алдында туып батқан, 

Қайтейін, о дүние, ғұмырым аз, – деп ән салушы еді. Бір кем дүние екенін білген ғой», – деп жазыпты Шерхан Мұртаза.

Қайран, Оралхан... кімге асықты, неге айтты екен деші бұл әнді?..

 

***

 

Әйгілі француз әншісі Моник Андре Серф «Әнді өз қайғысынан артық зар еңіретуге болмайды» депті. 

«Қапездің қоштасуын» айтуға қан жүректің дауаламайтыны сол...

 

***

 

Шыққан тегі мен қан-сөлі бір Үндістан мен Пәкістан я болмаса Оңтүстік пен Солтүстік Корея елдеріне еш таңырқауға болмайды. Дәл қазір бір ұлттың (қазақ және орыс тілді болып) қаққа бөлінген дүниетаным айырмашылығы да аумаған осы аналогия тәрізді ғой.

 

***

 

Делез бен Гуаттари тұжырымдамасын айтпағанда, Жан-Франсуа мен Жак Дерриданы түсініп оқығанда (тым болмағанда) мәтінге деген  күмәндануды үйренген болар едік. 

Әдебиеттің ең басты  шарты – күмәндану мен үнемі кесел іздеу (Бұл жерде «кесел іздеу» сөзін жаңа таным мен тың идея мағынасында қолданып отырмыз). Біз неге күрпілдетіп жаза береміз осы?.. Себебі секемдену жоқ. Сезік пен секем алу түйсігі болмаған жерде талғам туралы дискурстың да болмайтыны белгілі.

 

***

 

Сөздегі жауапкершілікті ойлағанда, үлкен спорттағы допинг ұғымы өнер мен әдебиетке де негізделсе деймін. Неге дейсіз ғой? 

Әркім әр сөздің сұрауы бар екендігін ұжданымен ұқсын. Әйтпесе біздегі «Джунгли заңының» арқасында  өмір сүрген, басқаны айтпағанда, күні кеше ғана «Бәйтерек», «Пайғамбар» деп бас-көз жоқ кеткендерге де осы допинг тәрізді бір тыйым болуы керек еді ғой. 

Әттең, әдебиеттегі талғам төмен...

Амал нешік,  кәсіби әдебиеттің  талғам тетігі тым қырағы болғанда мұндай  «авторлар» қараша бетіне тіктеп қарамақ тұрмақ, тас тиген иттей қаңқ етіп, біржола безіп  жоғалар ма еді?..

 

***

 

Осы жап-жалпақ қара жер Алашты мұрат тұтсаң  болғаны, ұстараның жүзіндей жұқарып кететіні несі? 

Япырай-ай деймін...

...Абайда нем бар, Алашта

Алдында ардың тік тұрдым.

Сондағы олжам сор болып 

қағаздан қайғы жұқтырдым.

 

***

 

Бізде қаза үстінде айтылатын сөз, құлпытасқа бәдізделген жазу – бәрі де қам көңіл қамырыққа толы.  Бір жағы қайғы үстінде сөйленетін мұндай сөздерді түсінуге де болатын шығар. Бәлкім, бейсана бұл әрекет тағдырдан теперішті көп көрген халықтың өмірге деген ішкі өкпесі болуы да мүмкін. 

Әрине, анығын ашалап айтып беруге еш дәрменсізбін. Айналып келгенде, мұның бәрі адамның дүниені түсіну мен қабылдау аясына қатысты ма деймін. Осы жердегі қабылдау аясы дегеннен шығады ғой.

Қаламгер Дидар Амантай өзінің «Мәтін философиясы» деген көлемді эссесінде былай дейді: «Ресей ғалымы Татьяна Черниговскаяның айтуынша, біз әлемді көрмейміз, әлемді көруге ниет еткен, пейілден туған жаратылысты көреміз. Көңіл күйіміз жақсы болса, дүние де жарық, реніш пен наразылықтан күн де жаман. Мысалы, қазақ мақалдарына назар аударайық. «Қайыршыға жел де қарсы» немесе «Жыртық үйдің Құдайы бар». Шын мәнісінде, ауа райы әдепкі әдетінен айныған жоқ, бірде суық, бірде жылы...». 

Сөз жоқ, тамаша пайым. Кейде маған адам басына орнаған әр түрлі  қиындық пен қайғы мәселесіне де әлгі «…пейілден туған жаратылыс» ұғымының көп қатысы бар секілді көрінеді де тұрады. 

Айталық, жел атаулы базбіреудің жарлы болғаны үшін емес, оның негізгі табиғаты жел болғаны үшін соғады емес пе? 

Енді осы орайда  қайғы мен қаза мәселесіне де аз-кем тоқтала кетсем деймін. Біз қаза үстінде жиі айтатын: «Ой, опасыз сұм жалған», «Бауыры суық қара жер...» секілді пұшайман сөздерді де молынан тізіп жаза беруге болады. Жарайды, қайтқан жан қара басты адам дедік. Сөз жоқ, өлімнің соққысы мен салмағы кімге де болсын еш оңай емес. Жылаңыз, жоқтаңыз мұны сөкетке санап отырған жоқпыз. 

Ендеше кеше ғана адам, бүгін аруаққа айналған осы жан иесінің жарқын мезеттері де  болды емес пе?

Ақыры айтқан екенбіз, енді өз-өзімізге  былайша  сұрақ қоюымызға да  болатын шығар. Ажал келместен бұрын сол адамның  көзімізге көрінгені, жер басып бірге жүргені, дүниеге келіп ерекше қуантқаны, міне, бұл жақсылықтан да адам  іштей тиянақ тауып өмірге сол үшін де мың алғыс білдіруге болады емес пе?

Төбедегі «опасыз», «сұм жалған» сөздері  ажалдан гөрі адамның табиғатына көбірек келіңкірейтін тәрізді. Меніңше, ажал опасыз емес, соның бәрін ажалға аударып қойып, сүттен ақ, судан таза болып отырған адам опасыз. Айтыңызшы, тірлікте жақсыңды бағалап, шын қадіріне жетуіңе қазаның қылған қандай қиянаты бар? 

Бұл, әрине, адамның көзқарасы мен ішкі ниетіндегі дерт.

Рас, адам бардың мәнін тек жоғалтқанда ғана түсінеді. Сол үшін де бардың бағасы қашанда төмен. Борхестің  бір кейіпкері «Өлімге де тура мерекеге кіргендей аяқ басуың қажет» дейтіні бар еді ғой. Әгәрәки, адам ғұмыры бөлінбес біртұтас мазмұн мен мәтін  десек, онда өмір мен өлім мәселесіне де әділетіміз тең болғаны дұрыс емес пе?

 

***

 

Ақыл-есім азабынан танардай,

Бір жалын бар, тәнім күл боп қалардай.

Ішке түске сол кермектің өртінен

Төбе шашым... лап етіп жанардай.

Ой ішіндегі осы бір процесс, әрине, өрт ішіне түсіргенмен бірдей. 

Қызық, киелі кітаптарда «тозақ азабы» есебінде айтылатын қайнаған су мен қыздырылған  тас (бір сөзбен айтқанда  қияметқайым)  шын қаламгер үшін жазудың жауапкершілігі мен машақатынан еш үрейлі болған емес.

Мұны әйгілі әдебиет сыншысы Т.Элиот «Поэзия – қаныңның сияға айналуы» дейді. Ал жан ауыртпай жазудың ең ғажайып анықтамасы мына сөз. «Сөзінің бірі құрау, бірі жамау» (Абай). 

Мәтінде қан жүректің соғысы мен шыбын жанның қиналысы бір білінбейтін  шебер құрастыру тәсілі (бүгінгі өлшемде ЖИ механизмі), сонда деймін-ау, адам тәжірибесінде баяғыдан-ақ бар болғаны ғой...

 

***

 

...Бұл бір нәрсені етене төндіру я болмаса «Бит шаққанды ит қапқан» қылып зорайтып көрсету емес. Мемлекет жүйесі төл танымнан ада орыстық осы бағытынан бір танбаса, енді елу жылдан кейін  қобыз бен домбыра ұстаған қазақтың кез келген өнерпазы дүниедегі ең қор, ең көзтүрткі адам санатына барып қосылады.

 

***

 

«Сәулем-ай, бойымды алды ғашық дертің

Көзімді қарықтырды сенің көркің.

ШАШЫҢНЫҢ ӘР ТАЛЫНАН СҮЙЕР ЕДІМ

ҚАЙТЕЙІН, ЖЕТПЕЙДІ ҒОЙ ҒҰМЫР ШІРКІН...». 

Қазақтың қарапайым ғана қара өлеңі. Шығыстың классика есебіндегі  «Ләйлі-Мәжнүнді» оқып дәл бұлай әсерленбеген едім. Өлеңнің соңғы бас әріппен берілген екі жолы – Будданның нирванасы тәрізді. Адамға жасалған мұндай ғизат пен құрмет пайғамбарлық өреге пар. Өлең деп айтуға аузым бармас еді.

 

                                                                                                         (жалғасы бар)


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар