Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПОЭЗИЯ
Кішкентай ауылдың үрейі...

19.09.2022 16172

Кішкентай ауылдың үрейі 14+

Кішкентай ауылдың үрейі - adebiportal.kz

 1 бөлім. Менің үрейім

Өмірімдегі есте қалар үрейлерімнің​ бірі сонау қоңырқай тірлік кешетін, бір ғана көшенің бойына тізіле қалған бар-жоғы он бес шақты үйден ғана тұратын ауылда қалған екен. Үйлердің қай уақытта салынғаны да белгісіз, мен ес білгелі қатарына жаңа құрылыс та қосылмады, ешқайсысы өртенбеді, бұзылмады. Кей үйлердің терезелері сырланып, қабырғалары әктеліп, ажары кіргені болмаса көп өзгеріс бола қоймайтын бұл ауылда. Сырты жаңарған үйлер моншаға түсіп, халатын ауыстырып киген қатындай жылмиып шыға келетін.​

Арнайы “Таласбек” сыйлығы үшін 

Ауылдағы үйлер әдетте бір-біріне ұқсас салынатын, кімнің жағдайы қандай екенін үйлерінің сырты білдіріп тұратын, малы көп, үйінде қаймақ пен май, ет, балалары кәмпит-тоқаш жейтін дәулетті үйлердің сырты көбіне әкпен әктелген, аппақ, терезелері жалтыраған көк түспен сырланған, шатырлары биік, қоралары да кең, үйілген шөптері де күмпиіп тұрар еді. Сол үйдің бала-келіндері бір тыным таппайтын ширақ, немелері бұзық, озбырлау, тіпті малдарына дейін тыпыршыған, мазасыз, жер шалғайдағы шөптің бәрін құтаратын жалмауыздай болып көрінетін өзгелерге. Біз сияқты қоңырқай тірлік иелері нәсібінің кемістігіне сол үйлердегілерді кінәлі санай ма, әлде төменшік өмірін қор санай ма, әйтеуірі бір ызасы болатын.

Бірде көршілердің бірі Ізтұрғанның сиырын шықпыртып қуып жүріп, санына айыр тығып алған болатын. Онысын бізден басқа ешкім байқамады. Апта өткенде ақсақ сиырын сойып алған Ізтұрған асқа көрішлерін шақырып, бүлкілдеген қазанды ортаға алып отырып:​

-Шамасы егінге түсемін деп аяғын темірге жаралады ма екен, білмедім. Қысыр қалған қашар еді, әйтеуірі адалымен өзімізге бұйырды,-деді. Әңгімені іліп әкетер ешкім табылмады,бес саусағын кеңдеу жайып алақанын асқа толтырғандар,​ ауыздары босамай, тек бастарын шұлғуға ғана әлдері жетіп еді.

Бұл ауылда өзгеріс болса батыс жақтан санағанда үшінші үй Жанзақтың шарбағында ғана болуы мүмкін. Бұрқ етпе мінезінің кесірінен қай көршісімен ұрысып қалса содан теріс айналып, ауласының есігін қарама қарсы бағыттан шығарып алатын әдеті бар. Ұрысқа себеп әртүрлі болуы мүмкін: тауықтардың егіндегі қызанақтарды шұқып кетуі, иттердің төбелесі, тіпті мұржадан шыққан түтіннің Жанзақтың ауласында жайылып тұрған кірге келіп бұрқырауы. Адамның әдейі қиянаты емес, былай қарағанда бәрі де табиғи күшпен болатын күнделікті құбылыстар Жанзақтың көршілермен ұрысып, ауланың топсаларын тот басқан қақпасы келесі жақтан айқара ашылуымен тынатын.

Сонымен негізгі оқиғаға көшейін, сол Жанзақтың шарбағынан басқа өзгеріс бола қоймайтын ауылды дүр сілкіндірген бір оқиға болып өтті. Бұл жолғы өзгеріс Жанзақтың емес, ауылдың шығысында тұратын Енгелістің үйінен шықты. Ауладан аттап басқан сайын байынан таяқ жейтін Шынаргүлдің тағдыры үйреншікті болып кеткені соншалық, тіпті оны елеулі оқиға екен деп ешкім мән бермес еді…​

Мал түгілі ауласында тауығы да жоқ Енгелістің үйі сырты қоңыр сазбен сыланған, шарбағының қақпасы , терезелерінің жақтауларына бағзы заманда жағылған қан түстес күрең қызыл сырды да күн жеп, құтаруға айналған. «Түрмеге отырған, қаны бұзық, наркоман» деген сөздері сыртsнан естіп жүргендіктен бе осы үйдің тұсынан өтер де бойымды белгісіз бір қорқыныш, көңілсіздік билейтін. Мүмкін ауладан көп шықпайтын, тек анда-санда кір жайылатын жіптің бойында байының шұлық-шалбарын іліп дамылсыз қозғалып жүретін аппақ білектердің иесі Шынаргүлді аяймын.

Өзі салған сойқаннан өзі шаршаған​ күйеуі Енгеліс болса қотыр діңгекті жалғыз ағаштың түбінде темекісін сораптан отыратын. Иегіне біткен үлкендегі боқ қоңыздай меңі темекіні сорған сайын қоюланып, қанға толғандай болып, иегімен бірге жоғары-төмен қозғалатынына дейін есімді қалыпты.

Осындай бірінен бірі айнымайтын күндердің бірінде көзіне қан толған Енгелістің кезекті қойылымының үстінен малды өріске айдап тастап, үйге қарай​ келе жатқан әкем түседі. Қатын сабап жүрген қазақты жаңа көріп пе, мән бермей өтіп кете берер ме еді, егер​ Енгелістің қолындағы кәдімгі жыңғыл шабатын ағаш сапты балтаны байқамаса! Бір қолымен Шынаргүлдің қолаң шашын уысына толтырып алып, бір қолымен балтасын сілтегелі жатқан кезінде​ ауладағы сөлін күн сорып, әбден қурап тұрған ағаш есікті есік құрлы көрместен, топсасы бар екен, қайырып ашайын деп ойланып жатпастан бәрін қирата қалбалақтап секіріп кірген әкем араға түскен.​ Уыстан шыққан түтілген жүндей Шынаргүл алды-артына қарамай қаша жөнелдуің орнына,​ отыра қалып, кешірім сұрап Енгелістің тізесін құшақтап жылайды екен. Шынаргүлдің бұл жолғы жалбарынуын көңіліне місе тұтпады ма, әлде балтаны жерге бос тастауға намысы жібермеді ме, әйтеуірі құлашын кең серпіп сілтей салған балтасы әкемнің тізесіне тиіп, қансырағанын көргендер дәрігер шақыртып, дәрігер милициясын ерте келіп, сұр мәйкісінің сыртынан бір жапырақ киімін ілуге де үлгермеген күйі бәлен жыл арқалап Енгеліс түрмеге кете барды.​ Айғақ зат деп ағаш сапты балта да милицияның сөмкесіне салынды. Кеше ғана Шынаргүл «Самаурынға отын жаруға балта бере тұрыңызшы» деп сызылып келіп балтасын алып кеткен Бекіштің топырлаған халық арасынан «Әй, балтамды қайтарыңдар, балта керек!» деп безілдегенін ешкім елеген де жоқ.

Біресе балтасын сұрағанның қолына ұстата салатын Бекішті​ кінәлап, біресе «орталарына бекер түстім, әйелін өлтірмейді екен ғой ол байғұс, жәй көзін қорқытқаны шығар» деп өкініп әкем көпке дейін тұнжырап жүрді. «Ұны бітіп қалмап па? Күн суытып келеді, шарбағында отыны бар ма екен?» деп шешемді Шынаргүлдің үйіне жүгірте беретін.​

Хош, Енгеліс кетсе кетсін түрмесіне… Әңгіме басталардағы айтқан қорқынышыма келейін…

Бас кезінде сотталған байын уайымдап жүрген​ Шынаргүл бірте-бірте ауылмен араласа бастады. Шешеммен жасы шамаластығы бар, байланыстыратын ортақ оқиға да бар дегендей, біздің үйге келіп шәй ішетін. Бүйірі тырқ-тырқ қайнап қыза бастаған ақ құманды оттан алып жатып шешемнің бір күні «Байың түрмеден қашып шығып, кегін қуып жүрмесін, сені қойшы, біздің Зәкеңді де кінәлап жүрмесе болды» дегенін естідім де, өміріме алаң кірді.

Біреу есікті соқса да Енгеліс келіп тұрғандай, әкем сырттан кешіксе де жолдан әлгі түрмешік ұстап алғандай болып тұрады, тіпті үйдің айналасындағы адам өлтіруге, жарақаттауға келетін темір-терсектің бәрін көз көрінбейтін, шөп арасына тығып, өз-өзіммен әбігерге түсемін.​ Әрі кетсе сегіз-тоғыз жастамын. Қорқынышымды шешеме айтамын, Енгеліс неше жылдан кейін шығады, түрменің кілті кімде болады, тұтқындардың қашып кетуі мүмкін бе деп. Үлкендер мені баласынып, сөзіме, үрейіме мән де бермейді. Күні ұзаққа ауданнан келер жалғыз жолға қарайлаумен жүремін, батып бара жатқан күннің қызыл шапағынан жалбыраған сұр жейдесінің ілгегі салынбаған күйде ентелеп Енгеліс келе жатқандай болады да тұрады.

От жағатын пештің ауызына келіп әкем темекі тартатын қыстыгүні. Сыртқы есіктің кіре беріс алды сол жер. Есіктен Енгеліс кіріп келіп,​ бас салатындай көрінетін. «Әке, ана жерге темекі тартпашы» деп бір қыңқылдадым. «Пештің ауызын асүйге қаратып өзгертейік» деп тағы да айттым. Жоқ жерден пешті өзгерту туралы сөзіме олар тіпті мән беріп те қарамады, не үшін деп те сұрамаған. Осы үрейім қай уақытқа дейін созыларын кім білсін, жаздың ыстық күнінде түрмеге кеткен Енгелістің бұрыннан ауру өкпесі түрменің суығына шыдай алмай, көктем шыға өлген екен. Сол хабарды естігеннен бастап тыныш ұйықтадым. ​

Осы оқиғадан соң көпке дейін ауылда өзгеріс бола қойған жоқ. Бұрынғыша Жанзақтың ауласы біресе батыс жаққа, біресе шығысқа қарайтын болды. Тіпті, бір уақыттарда айналадағы барлық көршісімен шығысып, ауласын қайдан шығарарын білмеген ол қатын баласын алып, ауыл шетінде шөп шабамын деген сылтаумен күрке тігіп, апталап жатып алғаны бар.

Аса елеулі өзгеріс деуге келмесе де біздің үйдегі желіні жер сыза шайқатылып шығысқа қарай бет алатын​ бес-алты сиырдың өрісі де ауысты. Үйренген жайылымына қарай мөңірей-мөңірей өңеші талған сиырларды әкем шығысқа емес басқа қарай жая бастады. Себебі де жоқ емес.

Ауылға аудан жақтағы жолдан шаңды бұрқыратып, электрик Сансызбайдың көлігі жиі қатынайтын болды және бірден шығыс жаққа қарай, Шынаргүлдің үйіне қарай ескі темірлері салдырлап шайқалақтаған күйі тіке тартатын еді.

Кейін Сансызбайдың ізі сап тыйылысымен шығыстағы сұрықсыз қотыр үйдің ауласына біткен жалғыз қураған жетім ағашқа ит ататын Еріктің аты байлаулы тұратын болды. Шынаргүлдің тапал шарбағынан мойынын соза ұмтылатын кейбір еркектер сол үйдің тұсымен сиыр айдайтын әкемнен темекі сұрайды, одан қалса ауылды айналып өтетін жолды сұрайды.​

Қып-қызыл жас жыңғылдың шыбығы ысылдап бүйірге тиген соң қырсық сиырлар да батыс жақтағы өріске үйрене бастады.

ІІ бөлім. Әйелдердің үрейі

Бір кездері аң аулаудың әдістері, жануарлардың қасиеттері, қымбат терілерден тігілетін тондардың бағасы туралы әңгіме айтып жүретін Шынаргүл бір кезде саясат туралы ойлар қозғайтын еді. Ауласына кімдер келіп, кімдер шыққанын бас кезінде ауыл байқамайтын. Мысықтабандап келетіндер бірте бірте бойы үйрене бастайды да, өзі бір ғана көшенің өн бойын солқылдатып, дарылдақ мотоциклінің көтенінен көк түтінді бұрқырата отырып тамада Сәмпіштер Шынаргүлдің қақпасына бір тақайтын. Сәмпіш келгіштейтін кездерде Шынаргүл кекілін шорт кесіп, көзін бояп, ыңылдап дәстүрлі әуендермен әуестене бастайды.​

Ауылға ақ мәшинесімен келіп, жүк салғышын ашып жіберіп, үнді шәй, сары май, танауыңа сіңіп қалса ақыл ойыңнан бастап асқазаныңа дейін шабатын шұжықтың иісін аңқытып, есіңді алатын кәммерсантпен әңгімесі жараса бастағаннан ауданға кетіп, Қытайдан тауар тасып, саудамен айналыссам ба деп басын қатырып отыратын дастархан басында. «Шәй ішейікші бір» деп деп қалтасына төрт бес түйір кәмпит сала келетін кездерде Шынаргүл мен сол кәммерсант үйленсе ғой деп те ойлайтынмын.​

Келгіштеп жүргендердің бәрі басқа ауылдан, аудан орталығынан болса да үй жақтағы әйелдердің көңіліне алаң кіргені де белгілі еді. Шынаргүлдің аты аталмай, көбіне «Сотталып өлген Енгелістің қатыны» айтыла бастады. Бір-екі шайпау қатынның Шынаргүлдің шашынан тартып, шаңын қаққаннан кейін ауылда тыныштық орнағандай болып еді.

Ауылдың жиегін жалап ағатын жіңішке өзеннің арғы бетінде тұратын жалғызбасты шал Жәмбет суға тойған сиырдай ісінген қайығын тыраштана есіп бергі бетке, біздің ауылға келе бастағанынан тағы да бір өзгерісті күттік. Алатын пенсиясы бөліске түспейтін, үйінде сары майды жалғыз жеп, анда-санда шынысы мөлдір, мойыны сүйріктей қымбаттау заводской арақ ішетін Жәмбет шалдың қайығында, екі ескектің ортасында шүйкедей басына тартылған қызыл шаршы​ орамалы оттай жанып Шынаргүл кетіп бара жатты бір күні.

Қойынына жылу біткен Жәмбетпен бірге терезе есігі сырланып, аппақ перде ұсталып, мұржасынан шығатын түтіні қоюланып ескі тамның да ажары кіре бастады. Ағысы баяу еріншек өзеннің көгерген балдырларын сүзіп, тырбиған бақалармен жарысатын ескі қайық та жағаға шығарылып, төңкеріліп, смоламен сырланып,​ жөнделе бастады.​

Басына жүні сабалақ, терісі қай аңдыкі екені белгісіз бөркісі түспейтін, қысы-жазы қалың мақта шалбар-жейдесін шешпейтін кір сіңген қоржындай​ Жәмбет шал Шынаргүлге қосылғалы ауыл қатындарынан күрсініс азайып, уайым сейілді.

Жағасының кірі әбден қатталып, былғарыдай жылтырап, үстінен тышқанның иісі мүңкіп бұрын біздің үйге де келіп тұратын Жәмбет. Табалдырықтың бер жағында тұрып-ақ қолын беріп, самарқау амандасатын әкем Жәмбеттің кір сіңген фуфайкасының тереңдеу қалтасынан мөлдіреген шөлмектің қылтиған мойынын байқап қалған кездерде ғана «Жәке, кіріңіз, шәй ішіп кетіңіз» деп қабағы жұмсарады. Бір шөлмек арақтың әңгімесі кешке дейін жалғасып, жылы жер, ыстық тамақтың буына Жәмбет шал маужырай түсіп, ақыры отырған жерінде кір қоржындай күмпиіп ұйықтап қалатын.

«Жас күнінде қатынқұрмар болған екен, табалдырығынан аттаған төрт әйелден туған алты баласы да бұл шалды іздемейді… Бір күні өліп қалса да көметін кісі керек қой бұны» деп күбірлеп жүретін шешем «Әй, осыны үйге кіргізіп алып, ана картоп тұрған салқын бөлмені реттеп, ошақ салып берсек… Тамағын беріп, киімін жуып тұрсақ… Пенсиясын алып тұрсақ…» деп болмайтын ақымақ ойлардың басын шалып, шатып-бұтып отырар еді. «Үйінде ыдыстары, төсектері жуылмай тышқан аралап кетіпті ғой, ойбай, тіпті, сары майдың ішінде қоңыз жүгіріп жүреді екен» дейді кейде іші удай ашып. Сары май десе жып жылы сілекейімді бір жұтып қойып, «Жәмбетті асырап алсақ мен оған ата деймін бе?» деп сұраймын кейде шешемнен.

Сол Жәмбет ешкімнің қолына мұқтаж болмай-ақ , Шынаргүлді қалай көндіргенін білмейміз, әйтеуірі үйіне кіргізіп алып, менің сары май туралы үмітім мен ауыл қатындарының байымды алып кетеді деген уайымын шорт кескен болатын

Пенсия түсетін уақыттарда екеуі ауданға қосақтаса барып қайтып, Жәмбет шал иығы талса да білдіргісі келмей​ екі ескектің ортасында құнжыңдап сұр қайықты бар өне бойымен тартып, Шынаргүл қылымсып, су шашып, екеуінің дабырлаған дауысы кешкі тымық ауаны тілгілеп, ауылды көмкеріп тұрған аспан астын жаңғырықпен толтырар еді…

Шығыстан шығатын күн иесіз қалған Енгелістің шарбағынан бастап шуақ шашатын. Оттай қызарып атқан таңмен сол шарбақтан өрт шықты бір күні. Жылдар бойы өне бойы қаусап, қурап қалған ағаш есіктер шатырлап, осы өртті ұзақ күткендей рахаттана жанып жатты. Арғы беттен қайықты жұлқи тартып жеткен Шынаргүлдің беті жаспен жуылып, иегі дірілдеп, иығы бүлкілдеп, кеудесі солқылдап жылады. Күрекпен бірге жерге екпіндей кіріп кете жаздап, топырақ шашқан еркектер жанталаса қимылдайды. Өзеннен бері қарай шұбатылып су тасыған қатындар өртке асыққандай емес, сиыр сауып келе жатқандай шайқатылып, шелегін балтырына соға баяу қимылдайды. Араларында тіпті ожаумен су шашып жүргендері де табылады.​

«Түк қалмады ғой, күл болды бәрі, үйіңе қайт» деп қайыққа отырғызды Шынаргүлді қатындар. Ескегі қимылсыз қайық жауырыны бүлкілдей үнсіз жылаған Шынаргүлді судың бетін сыза отырып арғы бетке алып бара жатты.​

Бақытгүл Сәрмекова


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Podcasts

Көп оқылғандар