Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СҰХБАТ
Гүл Зарқұмар. Алтайыммен тамырлас ем, тіндес ем...

16.10.2024 2005

Гүл Зарқұмар. Алтайыммен тамырлас ем, тіндес ем 12+

Гүл Зарқұмар. Алтайыммен тамырлас ем, тіндес ем - adebiportal.kz

Өмірден ерте озған талантты ақын Гүл Зарқұмардың  жырларында түркінің түп бесігі Алтай - ерекше орынға ие. Аппақ қарлы асқақ Алтай  туралы ақын жырларын ұсынып отырмыз.

 

Бөрік шың,

Бөрте иықты, бөктері өлең,

Көзіме,

Көрінші бір көк керегем.

Қасыңнан,

Қалай ғана алыстадым,

Өр Алтай,

Өзегімнен теппеген ең?!

Туған жер –

Тұма бұлақ, тұмар мекен,

Өзіңде,

Өсіп шыққан шынар бөтен.

Қайырылып,

Қайта айналып барар болсам,

Құшаққа ап,

Құса төгіп жылар ма екен?!

***

Саумал түні Алтайдың сағындырды,

Самаладай ететін сағым қырды.

Самсап тұрған жұлдыздар жіберердей,

Сая тапқан пенденің жанын нұрлы.

Айлы түні Алтайдың жарық қандай?!

Ажарымен жанарды қарытқандай.

Айлар өтті, жыл өтті, көрмегелі,

Аңсап əнге саламын талып таңдай.

***

Түтіні түзу ұшқан қара мекен – 

Туған жер-əкем екен, анам екен.

Болса егер жер бетінің жер жəннаты,

Өзіңді сол жəннатқа балам өтем...

Ата-бабам сүйегі жатқан жұртым,

Өзендері өлең боп аққан жұртым.

Тілекшім боп əрқашан алыс кетсем,

Ғұмырымның жұлдызын жаққан жұртым.

***

Алтай мені,

Мен Алтайды жоқтадым,

Көкірегім от-жалын...

Мұң-құсаның,

Құдығынан шер жұттым,

Тарқата алмай,

Тағдырымның соқпағын...

Махаббатқа зар болып,

Мейірімге шөлдеген.

Мен – Ақынмын!

Балалығы өлмеген...

Қасиеті асып түскен Өлеңнің,

Өртіне де, дертіне де көнген ем...

Өлең екен – 

Тағдырыма жауапты,

Таразылар,

Обал менен сауапты...

Өз қолыммен,

Жазымышты жазып ап,

Мекеніме,

Қайтып кетем... Тау атты...

Сол тауымда,

Ертегідей күн кешем,

Алтайыммен,

Тамырлас ем, тіндес ем...

Мен құсадан,

Жынданатын шығармын?!

Туған жердің,

Топырағына сіңбесем...

***

Өлеңмен бірге өткізер талай күн-айды,

Ақынның мұңы неліктен сұлу, шырайлы?!

Өртеніп-жанған, өкінген құса жүрегі,

Аңсарын іздеп аспанда жүрген сыңайлы.

Күтеді, бəлкім, күткендей құстар көктемді,

Сағыныш екен аңсаудың бəрі өткенді.

Күміс сырғалы жастықтың нұрлы бейнесі,

Самырсын толы аралап жүрер бөктерді.

Қаншама арман түсіме еніп,қара үзді,

Шаштарым қара шашылып кеткен тəрізді,

Қасқайып тұрған Алтайым сенің бауырыңда,

Шайқалмай қалған дүниедегі асыл бар ізгі.

Алтайын аңсап көңілім көкті шарлайды,

Сағыныш екен мендегі білдім бар қайғы,

Аршасы аңқып түсіме енген туған ел,

Самалыңменен сипайсың келіп маңдайды.

***

Аспан бөлек сендегі бұлт та бөлек,

(Қара көздің қауызын шыққа бөлеп...)

Саған ауған аңсардың, сағыныштың,

Өлең болып өзегін жарып ұштым...

Құшағыңа асыққан арман едім,

Сенен артық биігім бар ма менің?!

Бөкентау!

Ауа бөлек сендегі құт та бөлек,

Самал желің бойға нәр, рухқа қорек...

Жүрегімді жұлып ап бөктеріңе,

Көмер едім сый етіп көктеміңе...

Сені аңсаған аяулы сезім едім,

Жерұйығым ғұмырлық өзің едің – 

Бөкентау!

***

Ермен аңқыған жұпар бір мұң бар-ды,

Мұнарға көметін асқақ шыңдарды.

Ымыртта тартқан шаңқобызым,

Оятқан сынды пері, жындарды.

Көзімнің алмасын көкжиек суырып,

Туған жерімде қайтадан туылып.

Арда Алтайдың арасан суына,

Алсам ғой, шіркін, армансыз жуынып.

Қалсам ғой, шіркін, тау менен тасында,

Көктемде жарқ етіп ұрылған жасынға.

Жүрегім бүлкілдеп жатар ма еді мəңгіге,

Ата-бабамның аруағының қасында...

***

Қырат-қырат асулардың артында,

Тұнып аққан тұнық бұлақ, бар тұма.

Сағыныштың көздеріне мұң құйып,

Буянтының өзені де тұңғиық.

Қына түске көмкерілген тауларын,

Көрген кезде келіп кетті аунағым.

Əкем кеше осы жерден аттанған,

Осы жерде атажұртым сақталған.

Аспанында жарқылы бар жасынның,

Тастарында тарихы бар ғасырдың.

Суың зəмзəм, топырағың торғын ба?

Алысын-ай саған барар жолдың да...

Мені саған жеткізбеген жылдардың...

Есесіне... енді сені жырлармын...

Көшкен бұлттың көлеңкесін жастанып,

Жолдар, жолдар белес-белді асты анық.

Қара мекен, қасиеттім, қастерлім,

Əкемдей боп құшағыңа бас, келдім.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар