«Өлу керек, кіру керек қара жерге, ана әлемге кету керек...». Белгілі жазушы-драматург Елен Әлімжанның «Анажар» романы тап осылай басталады. Автор кейіпкеріне салған жерден өз көрін өзіне қазғызып қояды. Кең дүниеге сыймаған, тұрлаусыз тіршіліктен таяныш таппаған әйелдің зарлы даусы келеді құлағыңа. Осы дауыс әрі қарай романды оқуға тарта түседі.
Фильмде мұндай тәсіл флешбэк деп аталса, әдебиетте бұл – оқиғаны кері шегініс арқылы баяндау әдісі. Жалпы адам баласы өмірде өз көрін өзі қазуы мүмкін жағдай. Бірақ өзі қазғанмен, өзін-өзі көме алмайтыны түсінікті. Романда Анажардың тағдыры басқаша өріс алғанымен, автор өз шешімін шығарманың басында осылай беріп, оқырманын әрі-сәрі күйге түсіріп қояды.
Санаңда сан алуан ой туындайды. Анажар неге өлімге бел буды, оны өмірден түңілдірген не? Роман желісінде кейіпкердің ішкі әлемін алай-дүлей тезге салған суық ойдың түйіні тарқатыла түседі. Кейіпкердің жандүниесіндегі құлазу, әжесінің бауырындағы балалық шағына деген шексіз сағынышы, басынан кешкен қиындықтары мен жан дағдарысы... Оны қаламгер кейде кейіпкер басындағы жағдайды тікелей суреттеп берсе, келесіде көңілі күйзелген, өмірдегі сан сұрақтың жауабын таба алмай дағдарған образдың өзіне, жүректегі жан жарасына тіл бітіреді. Анажар кешкен азап, Анажар көрген қорлық, күйзеліс қазіргі қоғамның көрінісі. Қатігез қоғамда қаһарман болуың үшін сенің жүрек қалауың қоғамның ағысына қарсы жүріп, түрлі түйткілдерімен бетпе-бет келуі, соқтығысуы, жеңіліс тауып, жан азабын тартуы тиіс.
Осы жерде оқырманды ойландыратын тағы бір сұрақ бой көрсетеді. Басқаның қолайына жаға бермейтін мінез, бірбеткейлік адамға туа біте ме, әлде қоғам қалыптастырады ма? Осы орайда романдағы тартыстың өткірлігі де, бітімсіздігі де кейіпкер мінезімен тығыз байланысты. Сол үшін де жазушы кейіпкеріне «көр қаздырту» арқылы романды тосын әрі қатігез шешіммен қаймықпай бастаған. Жазып отырған шығармасын қоюлатып, оқырманға ерекше әсер сыйлауды мақсат тұтатын қаламгерлердің өз туындысында небір тың шешімдерге баратынын көріп жүрміз. Ал, кейіпкеріне «өз көрін қаздырған» қатқыл шешімді қазіргі қазақ әдебиетінде тұңғыш кезіктірдік десек артық айтқандық емес. Жалпы әдебиеттегі экзестенциализм сарыны яғни, торығу, жабығу, жалғызсырау «Анажарда» да әдемі айшықталады. Неге десеңіз, жалғыздық адамның бойынан жан біткеннен бастап, қалмайтыны хақ. Адамдар көптің ішінде жүргенімен, үнемі өзін жалғыз сезініп, ішкі әлемі бірдеңені елегізіп іздейтіндей болып тұрады. Ол бәлкім, арман ба, жоқ сезім бе, білмейсің?! Бірақ, адамның ішкі әлеміндегі ізгіліктің әрдайым елегізіп, айналасынан түртінектеп бірдеңе іздеп жүретіні аракідік сіздің де басыңызда болып тұратыны анық. «Анажар» адам бойындағы тап сол ішкі торығуды, сол жалғыздықтан туатын қоғамдық проблеманы әдемі қаузайды.
Өмірде ұлы адамдардың өзі жалғызсырап, қоғамын жатсынған жағдайлар кездеседі. Мәселен, Абайды алайық, Шоқан Уәлиханов та, Шыңғыс Айтматов та, Достоевский де, Лермонтов та, Пушкин де осы күйді бастан кешкен. Жалғызсыраған, торыққан. Жалғыздық тақырыбына мақсатты түрде емес, еріксіз баратын авторлар да бар. Бұл көбіне қаламгерлердің шынайы өмірімен тікелей байланысты болып жатады. Экзистенциализм – адамның өмір мағынасын түсінуге ұмтылуы. Өмір мәнін тапқан адам, сіз – экзистенциалсыз. Себебі «Жан – тәннің идеясы» (Спиноза). Толқынға қарсы жүзген кейіпкердің жаны – сол тәннің құрбандығы ғана. Оның жолы–жалғыздық.
Жалғыздық сарынының философиялық тұрғыда тарихына көз жүгіртсек. Экзистенциализм философиясы алғаш XX ғасырдың орта тұсында Еуропада пайда болды. Экзистенциализм философиясының негізін қалаушылардың бұл ағымды ашуының негізгі себебі: қоғам техногенді, өндірістік заманға өтуі әсерінен адамгершілік қағидаттарын ұмыта бастауы деп санайды. Экзистенциализмнің негізгі өкілдері: М.Хайдаггер, К.Ясперс, Н.А. Бердияев, Ж.П. Сартр, Г.Марсель, А.Камю. Сондай-ақ олардың идеялық қолдаушылары: Августин, Ф.Шеллинг, С.Кьеркогор, А.Шопенгауэр, Ф.М. Достаевский, Ф.Ницше. Ал, әлем әдебиетінде жалғыздық тақырыбына басқа халықтармен салыстарғанда біршама жоғары деңгейде баға берген және оны кейіпкерлердің бойынан түрлі тәжірибелерге барып, тәсілі мен әдісін құбылтып көрсеткен – жапон әдебиетінің өкілдері. Юкио Мисиманың «Алтын ғибадатханасынан» бастау алатын Рюноскэ Акутагаваның, Ясунари Кавабатаның кейіпкерлері жалғыздық образының шығармадағы бейнесін шеберлікпен алып шығады.
Қазіргі заман жапон әдебиетінің тағы бір айтулы тұлғасы, экзистенциялизм әдеби бағытында жазатын жазушылардың бірі, драматург, сценарист Кобо Абэ (шын есімі – Абэ Кимифуса) «Құм құрсауындағы әйел» романында адам мен қоғам, оны қалыптастырған уақыт, кеңістік, заман сынды абстрактілі ұғымдар арасындағы қайшылықтар мен бөліп жаруға келмейтін тұтастық туралы тереңнен ой қозғайды. Құм құрсауында қалған ер мен әйелдің жан арпалысы арқылы, адам танымының тұңғиығына және адам қалыптастырған ортаның қым-қуыт әлеміне барлау жасайды. Елен Әлімжанның Анажары да «адам періштелердің» арасынан, Ақтілеу әжесінің құшағынан шығып, адам қалыптастырған қоғамның қым-қуыт әлемін өгейсініп, өзін жат санайды, жат санай жүріп, жемқорлыққа, қатігездікке, екіжүзділікке, көрсеқызарлыққа толы толымсыз өмірден жериді...
Қос шығарма да жазушылардың қиялының туындысы десек те, авторлар қашанда адам жанының астарлы ақиқатын, жүректің түп қазығын табуға қадам жасайды. Мұнда адамның жалғыздығы, болашаққа деген алаң көңіл, қоғамға деген қажетсіздік пен шарасыздық, келер ұрпаққа деген аманат-өмір әркез менмұндалап тұрады.
Мәселен, Абэ өз шығармасында «адам - өз тағдырына өзі қожа» деген жаттанды, таптаурын түсініктің тас-талқанын шығарады. Адам тығырыққа тіреліп, одан жанталаса қашқанымен, бәрібір өзі жасаған ортаның жемісі екенін, құмдағы кейіпкерлердің арпалысы арқылы суреттейді.
Елен Әлімжанның «Анажары» болса, жаны тәннің құрбандығына айналған, көптің ортасында жалғыздықтан сұрықсыз күй кешіп, өзі өмір сүрген ортадағы ағысқа қарсы жүрген, жүрегінің қалауын шарқұрып іздейді. Жазушы кейіпкерінің өз көрін қазатындай осындай қиындыққа жетуінің себеп-салдарын тереңнен тарқатады. Жалпы адам бір күнде жападан-жалғыз отырып, өмірден түңіліп кете алмайды, оның сыртында қаншама адамдардың жағымсыз әрекеті жатыр. Романда сол заманның да, адамның да шындығы суреттеледі. Анажардың қазіргі халге жетуіне алдымен өзінің болымсыз отбасы кінәлі. Әкесі Далабай мен Таугүл қу дүниенің соңында түн қатып, күн қатып жұмыс істеп, көзалдындағы балаларының ішкі әлемімен сырласуды ысырып тастады. Баланың қажеті тек материалдық байлық, жарқын болашағы да соған телінген деп қарады. Ал, перзенттерінің алдымен моральдық тұрғыдағы жан арпаласын байлықтың соңында далақтап жүріп аңғармады да. Тек баюды мақсат тұтқан Далабай мен Таугүлдің ашкөздігі, жағымпаздығы ақыры Анажардың тағдырын тәлкекке салып тынады. Автор бұл жағымсыз көріністі романда тәптіштеп, нанымды етіп былай суреттейді. «...Тоқкентте көптен сөз болып жүрген мемлекет мүлкін жекешелендіру науқаны басталып кетті. Сутегінге бағаланған бұл байлықты бөлуші аспандағы Құдай емес, жердегі жұмыр басты пенде болғандықтан одан үлес алып қалу үшін Көкке қол жаймай-ақ Жердегі жекешелендіруді жүргізіп жатқандардың бір нәнінің көңілін тапсаң жетіп жатқан болатын. Жаратқан пендесінің жүрегін ізгілеп, жан дүниесін тазалап, пиғылын түзеп, адал еңбегімен қашан жарылқайды деп көңілі күпті болып жүргеннен гөрі баюдың ең төте жолы еді бұл. Анажардың әке-шешесі де осы төте жолды таңдап, қаладағы жекешелендіруді басқарып отырған Ырзалы Өтербайұлы мен бірнеше кісіні үйлеріне шақырып, қонақ етті. Егер ол кісінің аузынан «мақұл» деген бір ауыз сөз шығар болса, Далабай мен Таугүл бір пәсте қаланың біраз жылжымайтын мүлкінің иесі болмақ.
Алдыларынан кім шығып тұр дейсің, келе-келе бәлкім қаланың айтулы байларының қатарына да қосылар.
...Бүгін сол мықтыны мықтап күтіп жатты Анажардың әке-шешесі. Егер Ырзалы Өтербайұлының көңілін тапса, Далабай өзі азды-көпті еңбек сіңірген зауыттың үш асханасын, тұрмыстық қызмет ғимаратын, автобазасын жекешелендіріп алмақ. Ал, Таугүл болса, қаланың бірнеше сән ательесіне ие болады. Мұның бәріне қол жеткізген соң олар үшін бұл дүниенің мәні де, сәні де арта түспек. Алдымен кісіні қызметі мен қалтасына қарап бағалайтын мына кісәпір заманда екеуінің де беделі күрт көтеріледі. Араласар ортасы жоғарылайды. Ең бастысы өздерінің ғана емес, үкілеп үміт артып отырған ұл-қызының, тіпті олардан кейінгі үрім-бұтағының келешегіне жол ашылады. Сол үшін де төрде отырған дөңбектей дөңкиген дөңгелек жүзді толық адамның етжеңді ернінен «мақұл» деген бір ғана сөзді суырып алмаққа үздігеді олар.
...Далабайдың айтуынша Тоқкенттің құты, халқының бағына туған жан осы Ырзалы Өтербай. Өйткені мына аумалы-төкпелі заманның қиындығын елге Ырзекең жеңіп беріп отыр. Сондықтан бұл қаладағы өмірді Ырзекеңсіз елестету мүмкін емес. Жұрттың бәрі Ырзекеңнің шарапатын айтып аһ ұрады. Далабай да сол Ырзекеңнің бүкіл қаланы қалқалап тұрған қанатының астынан табылғысы келеді екен.
Соншама қолпаш, жалпаш сөздер қойсын ба, оның үстіне бағанадан бергі виски де өз дегенін істеді ме кім білсін бірте-бірте құрметті мейманның қимылы бұрынғыдан гөрі елпілдеңкіреп, көзі ойнаңқырап қалды. Тілі тіпті шешіліп, отырған әйелдердің көзін, қасын, аузын, белін сөз етіп, мына дастарханға ылайықты-ылайықсыз әзіл-қалжың, анекдоттар айта бастады. Алдында ғана айтылған тұшымды әңгімелері жанын жәзираға жетелегендей болған Анажардың көңілі енді тікен қадалғандай тіксінді. Екеуін де айтқан бір адам, бірақ басқа жандар. Алғашқысынікі Анажардың аңсаулы жанын кең, кісілікті өріске жетелеп еді. Бірақ ғұмыры қысқа болды. Екіншісінікі құр ыржақайлану, көз ойнату... кәйіп. Залдан шыққан адамның ащы тері араласқан арақ-шараптың иісі Анажардың қолқасын атты... Ол шыдай алмай ас үйдің терезесін түгел ашып тастады. Сонда да арақ-кәйіп адамдардың әзәзіл сөздері мен жиіркенішті иісінен құтыла алар емес. Ол аз болғандай анасы дәл осы кезде қайдағы бір частушканы айтып, еденді тепкілеп, билей жөнелмесі бар ма. Әуен орыстыкі болғанымен, сөзі шала қазақша. Бұл ән оның онсыз да буынып, булығып тұрған жанына тікен емес, қанжар болып қадалды. Одан әрі сол қансыраған жанымен тәнін сүйретіп, қонақтар үстіне қалай кіргенін, ондағылардың бәрін жеп жіберердей бажырайып қараған күйі босағаға қалай сүйеніп тұра қалғанын өзі тіпті сезген жоқ...». Романнан алынған бұл үзінді Анажардың ата-анасының балаларымыздың «жарқын болашағы» үшін деп бәйек болып қонақ күткен сұрықсыз түн жайлы еді. Оның соңы неге апарап соқты?! Ең сорақасы, ең өкініштісі, сол түні Анажардың болашақ өмірі «қамтамасыз» етілді. Шарапқа сылқия тойған әке-шешесінің жағымсыз қылығына ызаланған Анажар өз отбасынан, тіпті шыққан тегінен өгейсініп жерінді. Сырттан жылылық іздеген қыз, әні үшін құлай сүйген ұстазы Пенденің құшағына кіреді. Кіршіксіз сезімінің жетегінде жүріп ақыры опық жеп тынады. Әжесінің тәрбиесін көрген қыз қиындыққа тап болғанда, әр адамның өзінің құтқарушы періштесі болады деп сенетін. Аспаннан сол серігін іздеп шарқ ұрады. Оның орнына жер бетіне жұмақ орнатамын деп тепсінген Әділетті жолықтырады. Келе-келе Әділет те әділдікті емес, өз компаниясының мүддесін жоқтаушы ғана болып шығады.
Анжардың бұл өмірдегі ендігі бар үміті Пендеден пайда болған жалғыз қызы Ақперіште еді. Сол перзентін жер періштесі етіп тәрбиелеп шығуды армандайтын. Тура өз басынан өткен жағдай қайталанып, Ақперіштесі де қатыгездіктің құрбаны болады. Осының бәрі өмірден түңілдірген Анажар ақыры өзіне өзі қол салуға бекінеді. Жердегі тіршіліктің барлығы қатігездіктен тұрады деп санаған Анажар өз көрін қазуға осылай мәжбүр болады. Және өзінің көрін өзінен туған қызы Ақперштенің бейітінің қасынан қазады. Анажар қолындағы күректі құлаш ұрып сермеген сайын бүкіл өмірін ой елегінен өткізеді. Әрі қабірханада көзқарасына әсер еткен адамдармен кездеседі. Осылай оның бұл дүниеден баз кешкен көңіліне сәуле түсіп, ақыры үміті қайта жалғанады. Әсіресе Америкада жұмыс істейтін сыныптас сырласы Ақбикешпен арадағы әңгіме қатты әсер етеді оған. Ақбикеш күйеуі екеуі де биофизик ретінде күнәға батыра беретін жасанды адам жасаумен айналысады екен. Бұл орайда Анажардың көкейіне күдік салған не? Анажар ғылым мен техниканың қарыштап дамуынан неге секем алды? Тіршілікте кездесетін барлық түйіткіл атаулы техниканың күшімен шешілсе, адамның жақсылығы мен жамандығын таразылап тұратын жұдырықтай жүректің жылылығы қайда қалады? Жүректен жылылық кетсе ізгілік пен махаббат та қарасын да батырады емес пе? Романдағы Анажардың құрбысы Ақбикешпен диалогын оқығанда сіздің де жұдырықтай жүрегіңіздің дүрсілі жиілеп қоя береді. Мұны автор былай баяндайды. «...Бұл күнде робот-адамдар жасап, тура адамдардың миындай ойлап, әрекет ететін компьютер құрау немесе адамның дене мүшелерін алмастыру деген түк емес. Ендігі мәселе-адам баласының тәнсіз өмір сүруіне қол жеткізу. Өйткені бүкіл адамзаттың трагедиясы осы тән тойымсыздығында жатыр. Пиғылдары тәннің екі тесігін қанағаттандыруға ауып кеткені сонша, оның жолында бәрін құрбан етіп жібереді. Тәні тұрғанда адам солай болғаны болған. Ендеше, пендені тәнінен айыру керек. Сонда пенделігі сап тыйылады. Қазіргі ғылым міне сонымен айналысып жатыр.
-Тамақ ішпеген, киім кимеген, біреуді сүймеген адам адам ба?-деп аузын ашып, аң-таң қалды ә дегенде әпенде әйел.
-Адам болғанда қандай! Қу дүние үшін қырсықпайтын нағыз адам!-бас бармағын көрсетті ғалым әйел.
-Бұл Құдайдың ісіне араласу емес пе?-деп шошынды одан әрі діндар Анажар.
-Құдай жоқтан бар жасайды. Ал, ғылымда ондай құдірет жоқ,-деп мұны да жайбағыстады Ақбикеш.
-Дегенмен, Құдай адамды адам, пріштені періште етіп жаратқан ғой. Ал, сендер жерпендені аспани жаратылысқа айналдырып жібергілерің келеді,-деп қарсыласып бақты Анажар.
-Біз адамдардың өмірін жеңілдеткіміз келеді. Оларды тән азабынан, бәлкім, жан азабынан да құтқарамыз,-деп сендіруге тырысты Ақбикеш.
-Сонда тәнсіз адам не тіршілік істейді?-деді көңілі күпті болып тұрған жердің жұмыр бастысы.
-Олар қаласа жасанды тәніне кіріп тіршілік етеді,-деді ғалым.
-Демек, оларды тәніне салатын, алатын басқабіреу бар ғой.
-Әрине.
-Сол басқа біреу тәнсіздерді өз мүддесіне пайдаланып, жаулыққа жұмсамасына кім кепіл?...».
Бірақ жан-рухы табиғи болғанымен денесі жасанды адамдарды жасағандар оларды қандай мақсатта пайдаланады? Одан да күйіп-жанатын жүрегі бар жертірлікті адамның әлі де пайдаланылмаған мүмкіндіктерін ашқан жөн емес пе? Осы сұрақтар Анажардың жерде әлі де бітпеген шаруасы бар екеніне көзін толық жеткізеді. Бұл нені көрсетеді? Жасанды адамдарда жүрек болмайды, жүрек жоқ жерде ізгілік те болмайды. Ал, олар өсіп жетілгенде жер бетіндегі қатігездік қазіргіден де өрши түсері хақ. Сондықтан, әзірге жүрегі бар ұрпақты ізгілікті жолға тәрбиелеу керек дегенге шақырады жазушы. Қысқасы, өмірде жүректің шын қалауын жасап, өмір сүрген адам адаспайды!
«Анажардағы» кейіпкерлердің барлығы жиынтық образ ретінде қарастырылғанымен, өмірде кездесері анық. Кейіпкерлердің есімдерінің өзі шығармада өзіндік миссиясын орындап тұр деп айтуға болады. Мәселен, Анажар – әйел затының бұл өмірдегі басты бақытының бірі аяулы Ана, сүйікті жар атану керектігіне меңзесе, екінші жағынан жүрегі жараланған ана дегенге саяды. Пенде-таза пенделік іс жасады, Әділет-атына заты сай болмай шықты, Ақперіште анасы армандаған биікке жете алмады... Осы тақылеттес тізімді жалғастырып кете беруге болады. Дегенмен, бұл кейіпкерлердің қай-қайсысы да замана жүгін, бейнесін айшықтаған. Шығармада тағы бір ерекше кейіпкер бар. Ол – Абайтанушы, ғалым Бекемжан Шынахметұлы. Қаламгер ғалымның Анажармен кездесетін тұсын әдемі суреттей келіп, екеуінің диалогындағы ғалымның ойлы сөздері арқылы оқырман түйсігіне сәуле салатын деректерді беріп кетеді. Адамды толық тану үшін Абай іліміне ынтыққан Анажар ғалымның әрбір сөзіне ұмсына үздікті. Анажар қарапайым кітапханашы емес, ол ілім-білімге құштар әрбір оқырманның сұранысына жауаппен қарайтын еді. Сондай бір кездесуде Бекемжан ағасымен тілдесіп, өзін мазалаған сұрақтардың жауабын тапқанына қуанатын. Осы орайда төмендегі диалогқа назар салсақ.
«-Енді бірер жылда ортағасырлық Тоқкент ғұламалары мұраларының ең болмағанда көшірмелерімен толығады бөлімің,-деп сеніммен айтты.
-Кітапхана толыққанымен, адам толыға ма?-деп көптен көкейінде жүрген сұрағын лып еткізе қойды.
-«Болмасаң да ұқсап бақ, бір ғалымды көрсеңіз» деген ғой Абай. Адам жаратылысынан ізгілікке ұмтылады.
-Бірақ жауыздыққа жолығып жатады,-деп тағы да тақ ете қалды Анажар.
-О, өмір дегенің сол екеуінің майданы емес пе? Сол майданда ізгіліктің жеңісін қамтамасыз ету сіз бен біздің борышымыз емес пе?-деді ғалым.
-Менің, кітапханашының борышы...
-Кітапханашыларды мен ел әскерінің сардарларына теңеймін.
-Мына түрімізбен?
-Дәл осы түрлеріңмен. Сендер ең нәзік майданның сардарысыңдар.
-Сонда қалай?
-Ол былай. Сардарлар жауангерлерді ұрысқа қалай шынықтырса, сендер оқырмандарыңды өмір сүруге солай даярлайсыңдар.
-Тым асырып айтқан жоқсыз ба?
-Ешқандай да асырып айтқан жоқпын. Рухани игілік өндірушілер қанша нәзік, қорғансыз, саны жағынан аз болса да, адамдар қоғамның тепе-теңдігін сақтап тұр.
-Біз қоғамды апаттан сақтаушымыз ба?
-Иә, қоғамды апаттан сақтайтын бірден-бір күш рухани игілік. Басқа күштің қолынан келмейді. Сендер өз міндеттеріңді осылай түсінбесеңдер түк те шықпас еді.
-Ойламаппын.
-Жоқ, сен ойлайтын бала екенсің. Ойламасаң мұндай сұрақты қоймас едің.
Солай деп сөзін доғарған ғалым сағатына қарап алды да, орнынан шұғыл көтеріліп, жеңіл басып есікке беттеді. Әңгіменің бұлай кілт үзілгенін қаламаған Анажар соңынан жанұшыра ілесті...». Анажар мен ғалымның арасындағы осындай ойлы әңгімелесулер арқылы автор адамды ізгілікке жетелеуде, адамның өзін жете танып, қоғамда «толық адам» болып қалыптасуында Абай ілімінің орны ерекше екенін оқырман назарына айқын да, дәлелді фәлсапамен ашып көрсетеді. «Анажар» романы - Тәуелсіздік кезең әдебиетінің жемісі. Шығарманың басты жетістігі - қазіргі қоғамның күрделі, кейбір тұстағы қайшылықты сипатын шындық аясында бейнелеуге ұмтылысында. Сондықтан да туындының бас қаһарманы еркін ойлы. Рухы азат. Құлдық санадан да ада. Тіршілікте алдынан шыққан түрлі келеңсіздіктерге – имансыздыққа, екіжүзділікке, жағымпаздыққа, құлқынқұмарлыққа, арам ойға – шама-шарқы жеткенше қарсы тұрады. Бірақ жолы болмай, жеңіліп жатады. Сонда да ол адамдығын, адалдығын жоғалтпауды ойлайды. Адамдықтан айырылу – өмірдің мәнін жоғалту деп түсінеді. Мұндай қасиет Анажардың бойына қайдан келді? Әрине, әжесі Ақтілеудің тәрбиесінің жемісі, тіпті жеңісі десе де болады. Анажар «өлу керек» деген райынан қайтып, бұл өмірдегі әлі де атқарылмаған міндеті барын ойлаған сәтінде жалпы қазақ баласын ата-әже тәрбиесіне беріп, бойына ізгілік рухын сіңдіруде түбі жеңіске жететінін көруге болады. Балалық шағы әжесінің сенімді құшағында өткен Анажар қаланың өміріне араласқанда, екіжүзділікке құрылған өмірдің көлеңкелі тұсыстарына кезігеді. Тіпті, туған ата-анасынан жылылық сезінбей, өзін жат санайды. Ата-анасы жұмысбасты әрбір баланың басында болатын мұндай жалғызсырауды, «айналайын» деген сөзді күтіп алаңдаған бала көңілін қаламгер романда осылай әдемі айшықтайды. «Әке-шешесі Анажармен әдетте жексенбі күні жайырақ ішілетін таңертеңгі шайдың үстінде ғана шүйіркелесетін. Әкесі сабағын сұрастырып, үй тапсырмасын орындаған дәптерлерін тексеріп, күнделігіне қолын қояды. Ал, апасы келесі аптада киетін киімдерін дайындап, ваннаға жақсылап шомылып алуды және Жананды да шомылдыруды тапсырады. Сөйтіп бұл шын мәнінде шүйіркелесу емес, тексеру мен тапсырма беру болып шығушы еді. Үйдегі уақытын көбіне құйтақандай інісі екеуі ғана өткізіп жүрген Анажар осының өзіне қуанып қалатын. Қалай болғанда да отбасы түгел отырып тамақ ішті, сөйлесті. Ал, әңгіменің арасында әке-шешесі «айналайынын» айтып, бауырына қысса, көңілі тіпті аспанға ұшып, бақыттан басы айналатын. Бірақ, бұл сәт ұзаққа бармайды. Демалыс күнінің де тірлігі шыға келеді. Отбасы түгел отырып ең ұзақ ішілетін шайдың аяғында әке-шешелерінің кешке қонаққа баратындығы, не үйге қонақ келетіндігі естеріне түсіп, қайтадан абыр-сабыр басталады. Әкесі моншаға, анасы шашын сәндетуге асығады. Тағы да төрт бөлменің ішінде Жанан екеуі қалады...».
Анажардың қалаға келгеннен кейінгі жылулығы мен сұлулығы қатар келіскен Сандықтаудағы жарқын күндерін сағынуына себепші болған жағдаяттардың бірі мектептегі келеңсіз оқиғалар мен достарының сатқындығы, заң мен тәртіптің әлсіздігі, ұстаздарының шиеліністі оқиғаларды шешуде қымсынбай жасайтын екіжүзділігі еді. Осы орайда автор қала жасөспірімдерінің арасындағы әлімжеттілік, өзіндік бұлжымас «заңдарды» тура жастардың өзі болып суреттеп, нанымды оқиғалармен оқырман назарына ұсынады. Мұны автордың шеберлігі десек, әрі туындының әртүрлі жастағы оқырмандарды жатсынбайтынын да көрсетеді. Романның шарықтау шегіне жеткенше сіз де бас кейіпкермен бірге біраз күйзеліп, күйініп отырасыз. Әсіресе, Анажардың ата-анасының дүниеқұмарлық қылықтары неге апарып соққанын білгіңіз келеді. Арада біраз уақыт өтіп, Далабай мен Таугүл өздері аңсаған өмірлеріне қол жеткізгенде бәрібір балаларының жарқын болашағын баянды ете алмады. Далабай әулеті мүшелерінің кезіндегі төрт бөлмелі шаңырағынан басталған балаларының жалғыздығы, торығуы кейін өздері іргесін қалаған зәулім үйдің ішінде де жалғасын тапты. Далабайдың далақтап, жалпақтап жүріп тапқан болымсыз дүниесіне ие болады деген жалғыз тұяғы Жанан соқа басы сопиып ата-анасының үмітін ақтай алмады. Барлығын өзі шешкісі келетін Таугүл ұлының да өз жүрек қалауымен сүруіне мүмкіндік бермеді. Тіршілікте адам өзі қалаған шағын мемлекетінің құлдырауына өзімшілдігінің кесірінен өзі себепші болатынын байқамай қалатын жағдаяттар кездесіп жатады. Далабай мен Таугүлдің әркеті арқылы қаламгер қоғамның осы дертін әдемі ашып көрсетеді. «Анажар» қазіргі қазақ әдебиетіне интеллектуалды роман ретінде кірді. Кезінде ғалымдар бұл романға осындай бағасын беріп жатты. Бірер мысал келтірсек. Мәселен, белгілі ғалым Ислам Жеменей: «Елен Әлімжан прозасының шоқтығы биігі, сөз жоқ, «Анажар» романы. Романда адамның да, заманның да шындығы шиыршық атып жатыр» десе, Ғұсман Жандыбаев: «Анажар – соңғы отыз жылымыздың көркем көрінісі» деген пікір айтқан. Басқа да әдебиет зерттеушілері романды жанрлық түр жағынан психологиялық, философиялық шығармаға жатқызуға болатынын алға тартты. Біз бұл туындыны жазушы шығармасындағы тұғыры биік дүние деп бағалаймыз. Елен Әлімжанның осы романы 2022 жылы халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығын алды. Бұл туындының әдеби ортадағы әділ бағасы деп білеміз.
Жоғарыда тілге тиек еткен жапон жазушысы Кобо Абэ «Құм құрсауындағы әйел» жайлы: «Егер дүниеде жеккөрушілік, астамшылық үстемдік етсе, адамдардың қарым - қатынасы бүлінсе, қоғамның қалай дағдаратынын көрсеткім келді»,- деген екен. Ал, Елен Әлімжан өз романы туралы: «Анажарда» жалғыз қала өмірінің ғана емес, бүкіл адамзаттың трагедиясы айтылады. Барлығын техникалық өркениетпен шешемін дегенше жүрекпен шеш. Міне, менің айтпағым осы» дейді. Ал, біз көкейге не түйдік?! Өмірде жүректің қалауын жасап, жүрегінің таңдауына жүгінген жан өз жолында адаспайтыны хақ. Өйткені жүректің ісі ізгілік жолына бастайды. Жүрек жоқ жерде, ізгілік жоқ.
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.