Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПРОЗА
Естен кетпес үш кездесу (эссе)...

23.09.2024 1939

Естен кетпес үш кездесу (эссе) 18+

Естен кетпес үш кездесу (эссе) - adebiportal.kz

Асылында адам ғұмыры кездесулер мен қол бұлғайтын қоштасулардан тұрады. Қазақтың «тау-тауға қосылмайды, адам адамға қосылады» деп жататындары да сондықтан. Өз басым Абай бабамның арқасында, төрткүл дүниенің небір жақсылары мен жайсаңдарын, Асқар Сүлейменов айтқандай, «кемеңгерлері мен кещелерін» кездестірдім. Көрген түс пен сағымдай ұмытып та қалыппын.

Рас, осы күнге дейін ойымнан шықпай, көз алдымнан көлбеңдеп бейнелері кетпей жүрген үш адам бар. Оның алғашқы екеуін ол кезде «көрдім, сонымен дәмдес болдым» деп ауыз толтырып айтарлықтай, мақтаныш сезімге бөленерліктей жағдайда емес едік.

Екеуі де ерлікке пара-пар еңбектері бола тұра, қылышынан қан тамған кешегі қызыл империя тұсында ел көзінен аласталып, ұрпақ санасынан ұмыт бола бастаған адамдар болатын.

Бәрін басынан бастайын ...

I. Жұмабек Тәшенов

Алматы жоғары партия мектебін бітіріп келіп, Абай аудандық партия комитетіне жаңа ғана қызметке кірген кезім болатын.

Бастығым Хафез аға кеңсесіне шақырып алды: «Сен осы қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі емессің бе ?» деді ол, әңгімесінің төтесіне бірақ көшіп. Жерлесіміз, ғалым Ахмади Ысқақовты білетін шығарсың, сол кісі 70 жасқа толып жатыр. Абай ауданының атынан өзің атын мінгізіп, шапанын жауып қайт, мен бара алмайтын болып қалдым, салтанатты жиында міндетті түрде саған сөз беріледі, жақсылап өлең жазып ал. Бүкіл қазақтың қаймақтары қатысып отырған кеште жаңылып, жасып қалып жүрме!» деп жігерімді шегелеп қойды. 

«Жазған құлда жазық барма» ертесінде туыстарының атынан ауыл ақсақалы Хамза Қасеновты ертіп жолға шықтық.

Ахаңды бірінші көруім. Бүкіл түрік әлеміне, есімі бұрыннан таныс академик ағамыз елден барғанымызға балаша қуанып, қалбалақтап қарсы алды.

- Сен ешқайда барма, қасымда бол, Хамза інісінің үйіне баратын шығар, - деп жұмыс кабинетіне алып кірді. - Осында жатасың. 

Небәрі үш бөлмелі үйді одан сайын тарылтып, қосымша қонақ болып отырғанды ыңғайсыз көрсем де аға қабағына қарап, үндемей қалдым .

Бұрын білмейді екем, әйгілі жазушы, Мұхтар Мағауин де, әйдік ақын Жарасқан Әбдірашев те осы үйде жүр, сөйтсем, «Қайнардың» қас сұлулары ағайынды Бақыт пен Назигүл – немере қарындастары екен. Күйеу баласын пайғамбар да сыйлаған десек те, Мұхтар ағамыз бен Жарасқан ағамыз қайын ағаларының қас-қабағын бағып « зыр» жүгіріп жүр.

Біз салтанатты жиыннан бір күн бұрын барыппыз, таң атқаннан бастап алыстағы ағайын елдердің қонақтары «құтты болсын» айтып келе бастады. Кім жоқ дейсіз, туысқан Қырғызстаннан, Өзбекстаннан, Тәжікстаннан небір атынан ат үркетін ғалымдар келді. 

Аяулы жеңгеміз бастатқан қыз-келіншектер түнімен жүріп, дастархан жасап тастаған, содан шым-шымдап дәм татып, «ертең ғалымдар үйінде кездесеміз» деп шұғыл кетіп жатқандары да көп.

Менің есімде қалғаны, Өзбекстан ғалымдары күріштен жасап әкелген тұтас бір қабырғаны алып тұратын аға бейнесі салынған портрет болды. «Тілі бөлек болса да тілегі бір, түрі бөлек болса да жүрегі бір» өз ағамыз өзбектердің мынандай құрметіне Ахаң да қатты қуанып, кәдімгідей көзіне жас алып қалды.

Ел аяғы сәл саябыр тартқан уақыт болатын, үй іші тағы да абыр-сабыр болды да қалды. Дастархан үсті қайтадан жаңартылып, электр самаурыны қайтадан ызыңдап қоя берді. 

- Әй Төкіжан, (мені осылай атап кетті) кел, сен мына жерге отыр, қозғалма, ағаң келе жатыр. Естуің бар ма, қазақтың қаһарманы – Жұмабек Тәшенов. Бүгін кешке Ленинградқа ұшады екен, докторлық диссертациясын қорғауға бара жатқан көрінеді, «үйге кіріп шығамын деді», - деп Ахаң кәдімгідей қуанып қалды.

Аты аңызға айналған адам жайлы елден естігенім көп-ті. «Кешегі қызыл қоғам тұсында Хрущевтің өзіне де бағынбай қазақтың бірталай жерін бөлістен сақтап қалған халық қаһарманы, сол үшін солақай саясаттың құрбаны болған жүрек жұтқан батыр Тәшенов қандай адам екен?» деген ой мені де қобалжытып жіберді. Ағатайым ұсынған орындыққа қорқа-қорқа отырып, тапжылмай қалдым.

Кешікпей мен күткен қонақ жұбайын қолтықтап, сабдырлай сөйлеп кіріп келді. Ортадан жоғары ғана бойы бар, дембелше келген кісі екен. Жасында Сәкен Сейфуллин сияқты өте сұлу, келбетті, көрікті адам болғаны көрініп тұр. Қазірде шырайлы жүзінен Алланың нұры төгіледі, көзі өткір, сұсты сияқты. Жұбайы сәл-пәл сұңғақтау, ашаң жүзді әйел екен, сәл ғана жымиып, Ахаңның бетінен сүйіп жатыр. Дастархан шетіне тақай беріп, мен күткен қонақ кілт тоқтай қалды.

- Өй, мынауың кім, Ахаңның төрінде отырған? - деді ол, маған сұқ саусағын шошайтып. Дауысы зор екен, зәрем ұшып кетіп, ұшып түрегеле жаздап едім: 

- Бұл менің інім, Абай ауданынан, елімнен әдейі тойыма келіп отыр - деді Ахаң жай-жапсарымды түсіндіріп.

- Ойбай, ойбай, отыра бер бауырым, ұлы топырақтың ұлына қазақтың қай жеріне барса да төр дайын, - деп батыр аға менің қасыма келіп жайғасты. Асығыс екен, жол жүретінін, ертеңгі салтанатқа қатыса алмайтынын айтып ақталып жатыр.

- Бір тілек айтайын, - деді қонағым содан соң, алдында тұрған дәмге ауыз тигізіп жатып.

- Бауырымның стақаны қайда ?!

Ахмади аға абдырап қалғандай болды, стол үстінде небір стақандар самсап тұр. Шөлмектердің қызылы мен ағы да көз тартып, көңіл түрткілейді. «Қай стақанды айтып тұр?» - деп ішімнен таңданып қоямын.

Менің стақаным көрінбейді - Әй балам! Анау шкафтың ішіндегі гүл салғышты, гүлін алып тастап, ішін шәйіп жіберші, маған сол да жарайды, - деді ол, сөз сөйлеуге ыңғайланып.

Сіздерге өтірік, маған шын, сол ыдысқа өзі бір шөлмек арақтың жартысынан астамын лақылдата құйып, қолына ұстаған бойда ағыл-тегіл сөйлеп қоя берді.

Өз басым осы күнге дейін дәл осындай шешен, оратор адамды көрмеппін де, естімеппін. Таудан аққан тас бұлақтың суындай, мөлдір сөздер құйылып жатыр. Оны естіген сайын, Ахмади ағаның бүкіл болмыс-бітімі, адамгершілік қасиеті менің көз алдымда одан сайын асқақтап, биіктеп бара жатты.

Міне, қызық, қонағым сөйлеп болып, қолындағы ыдысты бірақ тартты, тамшы да қалдырған жоқ. Осы кезде жеңгеміз екі қиярды тұтастай алдына әкеліп қоя қойды, соны шанышқысымен іліп алып, бытырлата шайнаған күйі қонағым орнынан тұруға ыңғайланды. Бар көргенім осы. Астапыралла, ұмытып бара жатыр екенмін, қонағым Ахаңды қапсыра құшақтап қоштасып жатып, маған қарады: «Әй ұл, елге сәлем айт! Абайдың еліне мен мәңгі басымды иемін», - деді. Алаштың арда азаматының «абайлаған» жүрегіне мақтанып, марқайып мен қалдым. Ахмади ағаға еркелеп, еркінсіп келген ағаның жәй-жапсары осындай. Тегінде о кісінің арақ ішкенін емес, Ахаңа деген құрмет, қошеметін сөз етіп отырмын. Ел егемендік алғаннан кейін, есіме қайта естіліп, еңбегі қайта жаңғырып жатқан халық қаһарманы Жұмабек Тәшеновты өз көзіммен көріп, сөздерін естіп, дәмдес болғаным мен үшін үлкен бақыт. 

II. Айткеш Толғанбаев

Етек-жеңі жайбырақат жайылып, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, еселеп еңбек етіп жатқан қазақ даласына «жекешелендіру» деген пәленің құйындай құйқылжып, жолындағысының бәрін апырып-жапырып жатқан кезі. Партия мен үкіметтің бар кезінде жылдар бойы жинақталған ел ырысы, халық байлығы қас пен көздің арасында, «тістегеннің аузында, ұстағанның қолында» кетіп жатты.

Біздің ауданға да жан алмаса да, бас-көзге қарамайтын басшылар келе қалды. Келе сала өздерінің ындынына көніп, ыңғайына жүретін жергілікті жердің атқамінерлерін топтастырып, жұмысқа жұмыла кірісе кеткен кез.

Онда мен аудан әкімінің орынбасары болатынмын. Ғалымжан Жақияновтың өзі жетелеп әкеліп, орындыққа отырғызған жаңа әкім – Дәулеткерей Доғаңбеков маған төтесін бірақ айтты: «Төлеген аға, сіз біздің топқа енбейсіз, біз бүкіл аудан шаруашылығын жекешелендіруге келген адамдармыз, үлкен адамсыз, көп нәрсеге келіспей қалуыңыз ықтимал, қарсылық көрсетуіңіз де мүмкін. Сондықтан, уақытша менің мәдениет саласын басқарудағы кеңесшім боласыз».

Тура айтқан сөз – туралған еттей, қанша біріктірсең де қалпына келмейді. Еріксіз басымды идім де, шығып кеттім. Рахат! Ақшасы аз болғанмен, жүріп-тұруға уақыты көп жұмыс.

Жекешелендіруде шатағым жоқ, бүлінген жерден бүлдіргі алып нем бар? Олар шақырмайды, мен бармаймын. Хаос.

Бір күні әкімім маған оқыстан тапсырма берді.

- Сіз мына кісіні білесіз бе? - деді ол менің алдыма ортан терек саусақтың көлеміндей шағын ақ-сұр кітапты сырғытып тастап.

Орысша жазылған екен. «Исповедь жестокой судьбы» деген аты бар. Авторы Айткеш Толғанбаев.

- Естуім бар, бірақ көрген адамым емес. 

- Бұл кісі жерлесіміз екен, біраз жыл бұрын ғана ақталыпты. Қазақтың тұңғыш скрипкашысы, көрмеген қорлығы жоқ. Мына өз қолымен жазылған кітабын жылап отырып оқыдым. Сіз осы кісіні Алматыға барып, ауылына шақырып келсеңіз қайтеді? Қолымыздан қандай құрмет көрсету келсе, соның бәрін жасаймыз.

«Ләппай, тақсыр!» демесем де, әкім сөзіне ішім жылып, қуанып қалдым. Өзімнің де соғыс жылдарында тұтқынға түсіп, ажал азабын тартқан, кешегі кеңес дәуірінде адам баласының басына бермейтін қорлық пен зорлықты көрген ардақты ағама барғым келіп кетті. 

....Ағаның үйін көрсетілген адреспен дөп таптым. Биік үйдің төртінші қабатында тұрады екен. Есікті қызы ашты. Есімін кейін білдім, Сәуле екен.

Ортадан жоғары бойы бар, тарамыстай қатып қалған, ат жақты, шүңірек көз, азапты аға алдымда тұр. Бас салып құшақтаған болып жатырмын. Ол бірақ жылылықты сезінбейтін, көңіл-күйге берілмейтін, безбүйрек адамдай суықтықпен тұра берді.

- Қайдан жүрсің, қарағым? - деді ол, сәлден соң жүзіне сәл-пәл жылулық жүгірген шырай танытып.

- Абай ауданынан сізге әдейі келдім, аудан басшылары жіберді.

Ол қарқылдап күлді.

- Қашаннан бері ел мені керек қылып еді? Жайшылық па, жай түскеннен амансыңдар ма, әйтеуір?!

Менің не дерімді білмей, тосырқап қалғанымды аңғарған аға іле-шала:

- Қалжыңдаймын, халқымда жазық жоқ, ел ішіне ентелеп баруға менің өз жағдайым келмеді , барайын десем бауырларыма, туған жұртыма кесірім тиіп кете ме деп қорқақтадым. «Халық жауы» деген жала қамытының мойнымнан алынғанына да көп бола қойған жоқ, шырағым. Төрлет, жоғары шық! - деп, аға алдыңғы айтқан сөзін өзі жуып-шайып жатыр .

Негізінде мен баратынымды екі-үш күн бұрын, алдын-ала жеңгемізге қоңырау шалып, жай-жапсарымды айтып қойғанмын.

Содан шығар, ол кісі ас-суын дайындап өзі қызметке кетіп қалыпты.

Дастархан басына ағаның өзі шақырды.

Үйме табақ ет асыпты. Үстел үсті тәтті-ащы тағамға лықа толып тұр.

- Кел, екеуміз мынаны ішейік.

Аға 700 граммдық қызыл арақты стол үстіне қойды. 

- Бұл шіркінді аса жақсы көрмеуші едім, оның үстіне кешке қайтатын пойызым бар, - деп алдаусыратып жатырмын.

- Ендеше, мен ішемін. Бұл, шіркін, шер тарқатуға жақсы. 

Ол сталиндік қырлы стақанға толтыра шарап құйып алып, тартып жіберді.

Байқаймын, маңдайынан суық тер бұрқ ете қалды. Өн бойының құрыс-тырысын, ой-өрісін, ықпыл-жықпылын оңашада отырып, осылайша жазып алатын сияқты.

- Әйтеуір келген екенсің, мен айтайын, сен тыңда қарағым. Әлі сендердің қолдарыңа жетпеген шығар, өз өмірім жайында «Исповедь жестокой судьбы» деген кітап жаздым .Осы айтатын сөздерімнің барлығы сонда бар, кейін оқи жатарсыңдар»...

Ағаның әңгімесін табаны күректей, бес сағат бойы тапжылмай отырып, тыңдадым. Тамақ жайына қалды. Анда-санда Сәуле қарындасым ысытып әкеліп берген қою күрең шайды ұзақ сораптап ішіп отырмыз.

Тіпті уақыттың қалай өтіп кеткенін де аңғармай қалыппыз.

Қырық жыл қырғын болса да, ажалды өледі.

Азап пен тозақтың отынан аман-есен қалып, қалып қана қоймай, өз тағдыры жайлы естен кетпес естелік кітап жазған Айткеш аға дәл сол сәтте маған ертектер мен аңыздардағы айдаһарлармен, аждаһалармен алысқан ержүрек батырдай болып көрінді.

Өзі де әңгімешіл екен. Төгілдіріп, егілдіріп айтады, тұла бойым түршігіп, жүрегім қан жылап қатып қалыппын.

Қайтуға ыңғайландым. «Айран сұрай барып, шелегіңді жасырма» демекші, ағаға ел сәлемін жеткіздім.

- Сонда маған не істейсіңдер? - деді ол қуақылана жымиып.

- Тоғыз ауылдан тоғыз ат мініп, шапан жамыласыз, аға. Өзіңіздің ізбасар балаларыңыз арнайы әзірлеген концертті тамашалайсыз, балалық бал дәуреніңіз өткен туған жеріңіздің тау-тасын аралатамыз.

- Соншама аттың бәрін мен қалай сақтап, қалай әкете аламын? Е, айтпақшы, Манатай інімнің қорасына қамап, әр жыл сайын соғымға алып отыратын шығармын.

Аға балаша қуанып, күлді. Күлді де: «Мен бірақ бұрынғыдай скрипка тарта алмаймын, қолым жүрмейді» деп қиналыс білдірді.

- «Оқасы жоқ» аға, сахнаға шығып: «Шырақтарым, мен сендерді алпыс жыл бойы аңсаумен, сағынумен, зарығумен болдым. Сендердің ата-аналарың мені «халық жауы» деп кеткен шығар, аққа дақ түспейді, міне, ақталдым!» деп скрипкаңыздың шегін бір дың еткізсеңіз болды, - дедім. 

- Е, ол да жөн екен, барайын қарағым, жаңа жылдың қарсаңына белгілеп қойыңдар, - деп қобалжып кетті, - Естеріңде болсын, менің әке-шешем, бүкіл Толғанбай әулеті «Ақжар» деген төбе басында жатыр. Өлсем орным сол жерде болса деп ойлаймын», деді. 

Кенет ол орынынан лып етіп түрегелді де , терезе жаққа теріс қарап тұрып алды. Мен қоштасуға ыңғайланып едім, ол теріс қараған күйде қолымен «Бара бер!» дегендей ишара білдірді. Екі иығы дірілдеп, жылап тұрғанын сездім. 

Сол күні қаннен-қаперсіз пойызға отырып, Аягөз қаласына түссем, аудан әкімінің қара «Волгасы» тосып тұр.

- Айткеш аға қайтыс болыпты, әкім сізге Алматыға кері қайтып, сүйегін Абайға алып келсін деді, - деп тұр шопыршы бала.

Дереу Алматыға барып, ағаның жора-жолдастары көлік тауып беріп, жеңгей мен Сәулені ертіп ұлы адамның ұлы сүйегін туған жеріне, өзі айтқан ата-бабасының қорымына арулап жерледік. Інісі Манатай Толғанбаев қатым түсіріп, құран оқытты. 

Сол жылы аудан әкімдері, Қарауыл әкімшілігі бірлесіп, асыл ағаның басына ескерткіш белгі қойды. 

Манатай аға өзі журналист, жазушы болмаса да туыстық міндетін өтеп, кітабын қазақшаға аударып жинақ етіп шығарды. Бұл кітап «Қатал тағдыр тәлкегі» деген атпен бүкіл Алаш жұртына тарады.

Жерлес жазушы драматург Дәулет Сейсенов «Маэстро» деген атпен пьеса жазды. Оны облыстық Абай театры сахналап, қалың көрермендердің ықыласына бөленді.

Мен де кей күндері бүгінгі Абай ұрпақтарының ішінен, ұлы скрипкашыны алғашқы және соңғы көрген ,аманатын орындаған інісінің бірі ретінде мақтанып қоямын.

III. Өзбекәлі Жәнібеков

Абай аудандық партия комитетінің идеология бөлімінің меңгерушісі болып жүрген кезім. Елге қонақ көп келеді. Құшақ жая қарсы алып, қошеметтеп шығарып салып жатамыз. Ішінде Абайды білетіні де, білмей құр-босқа сырттай естіп жүретіндері де бар. Бізге бәрібір. Бәрібірде оларды оқытып жатпаймыз. Әйтеуір, баба басына тәуіп етіп келушілерге қош қабақ танытып, қол қусырып күту алу парымыз.

Құдай-ау, әйгілі Желтоқсан қырғынын ұйымдастырушы Г.В.Колбинді де Жидебайда тікұшақтан түскен бетінде жолына қызыл кілем жайып, қарсы алдық-ау. Бізді де ұрып өлтіретін адам жоқ. Кейінде:

«Колбинге тағы қол соқтық,

«Қош келдің» дедік ұялмай

Тағымыз үшін ар саттық,

Таяқтан жатып тұра алмай» деп едім-ау мен де. 

Бір күні елге сол кездегі Қазақстан Республикасының мәдениет министрі Өзбекәлі Жәнібеков келе қалды. Аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Хафез Матайұлы бастаған бір топ адам аудан шекарасынан тосып алып, Жидебайға алып келдік.

Ол кезде ақын баба басында қызыл мәрмәр тастан қашап жасалған, еңселі ескерткіш болатын. Айналасы жиде ағаштарымен қоршалған ескерткіш біздің көзімізді толтырып, көңілімізді қош қылып жүрген кез.

Өзағаң музей ішін аралап, қойылған экспонаттарға байланысты бір қыдыру ескертпелер жасап, баба ескерткішінің басына келдік. 

Жыл сайын қопсыған тастарын қайтадан жапсырып, кеткен жазуларын үстінен бастырып, ілдебайлап қоятын ескерткіш бізді қоңырқай қабақпен қарсы алды. Ағаштар да азайып, гүлдер де солғын тарта бастаған.

Байқаймын, Өзағаң риза болмай тұр.

- Әй, Хафез! - деді ол аудан басшысының назарын өзіне қаратып:

- Мына шынжыр темір шарбақтарды кімге қояды?!

Өзіміз асқар таудай көріп, піріміздей санайтын Хафез аға әп-сәтте аласарып қалғандай болды. Министрдің мысы басып тұр. Тіпті оның алып тұлға ағамызды бала құрлы көрмей «әй» дегені жанымызға батып кетті.

Хафекеңнің сәл мүдіргенін пайдаланған Өзағаң: 

- Мұндай шойын шарбақпен орыстар теңізге батып өлген матростардың сүйегін жағаға шығарып жерлеп, қоршап қояды. Ал, Абай марқұм матрос емес қой! - деп салды. Бәріміздің аузымызға құм құйылғандай болды.

- Бұлай болмайды жігіттер, - деді ол, сөзін жалғастырып. - Бабамыздың 150 жылдық мерекесіне дейін сіздер бұ жақта, біздер о жақта бірдеме қып қозғау салайық. Мен барып Республика бойынша байқау ұйымдастырып, жаңа кесененің проектісін жасатайық. Кеше ғана тірілген анау Шәкәрім бабамыздың бір шөкім тас болып жатуы да жарамайды. Бұл жер – тұтас бір комплекске айналауы керек.

Көреген басшының көші ілгері айтқан сөзі бәрімізді ойландырып тастады. Біздің қолымыздан не келеді, бар білетініміз жоғары жаққа үсті- үстіне хат жолдау. Көп кешікпей Өзағаң өзі айтқан комплекстің жобасына конкурс жариялап, әйгілі архитектор Бек Ибраевтың жобасы жеңімпаз деп танылды.

Бұл күндері алыстан қараған адамға айдында жүзген ақ кемедей болып көрінетін Абай, Шәкәрім кесенесінің тұңғыш авторы, Алаштың асыл перзенті Өзбекәлі Жәнібеков екенін, екінің бірі біле бермес.

Қош, сонымен кесене де салынды. Ұлы Абайдың 150 жылдық мерекесі ЮНЕСКО көлемінде, әлемдік дәрежеде аталып өтті. Той өткен жылдың күзінде аудан әкімінің ұйымдастыруымен, ауыл ақсақалдары басшы боп, «Қаламқас» халық ансамблі қосшы болып Жамбыл бабамыздың еліне бет түзедік. Мақсатымыз, Абай тойы эстафетасын Жамбыл баба еліне апару.

Жамбыл бабамыздың мүрдесі жатқан Алматы облысының «Ұзынағаш» ауданының тұрғындары абайлықтарды зор құрметпен қарсы алды. 

Абай ұрпақтары қатарынан екі күн бойы сойыс малдарын өздерімен қоса апарып, ас берді. Айта берсем мұның өзі бір әңгіме. Айтайын дегенім – Өзбекәлі Жәнібеков ағамды соңғы рет көріп, соңғы рет тілдесуім жайлы.

Осы ұлағатты сапардың соңында Алматыға соғып, орталық концерт залында «Қаламқас» халық ансамблінің толық концертін беруді жоспарлаған едік, ол ойымыз ойдағыдай жүзеге асатын болды.

Дереу Өзағамның үйіне қоңырау шалдым, ол кезде қалта телефоны атымен жоқ, өзіміздің үйреншікті бұрандалы телефон. Ұзақ гудоктан соң, қарлығыңқы дауыспен бір қартаң адам трубканы көтерді. Өзағамның бәйбішесі екен. Жай-жапсарымды білген соң «Ойбу, қарағым-ай, ағаң қатты сырқаттанып қалған, концерттеріңе бара алмайтын шығар, қазір телефонды өзіне апарып берейін», - деді. 

Аға ұзақ күттіріп барып, трубканы алды. Бастырмалатып жай-жапсарымды айтып жатырмын.

«Өзің кімсің?» - деді аға ар жақтан. Аты-жөнімді айтып едім, көп есіне түсіре алмай тұрды да: 

- Е, ақын жігіт екенсің ғой бауырым, мен көптен бері сырқаттанып, төсек тартып жатырмын. Бірақ Абай баба елінен «Қаламқас» халық ансамблі келіп жатса, қалай бармаспын көп отыра қоймаспын, көздерің көрер, - деді.

Концертке келді. Біздің қыз-жігіттер де аянып қалған жоқ. Бір жарым сағаттық концерттің қалай өтіп кеткенін де аңғармай қалдық.Аға шыдап отырды. Өзі жан-тәнімен сүйген өнер, ұлттық рух оның жан дүниесін жасартып, бір көтеріп тастағандай болды.Рахаттана көріп, менің қолымды алды.

- Рахмет қарақтарым! Абай елінің өнері таусылмасын, қанаттары талмасын, самғай берсін! - деп батасын берді. Қонақтарға жайылған дастарханымызға қараған жоқ. Бәйбішесінің сүйемелдеуімен қайтып кетті. 

Осыдан үш-төрт ай өткен соң, о дүниелік болғанын естідік. Барып топырақ салуға жарамадық. Күйбең тірлік, күйсіз жағдай екі аяқты тұсап қалды. Әйтпесе, бүкіл Алаш халқына оның ішінде «Абай еліне» өзгеше қамқорлықпен қараған Өзағаңа бүкіл аудан болып барып, қабіріне топырақ салса артық па еді?! 

Төлеген Жанғалиев,

Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі,

Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты 

 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар