Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Ерболаттың жыр кеңістігі

10.06.2022 1801

Ерболаттың жыр кеңістігі

Әдебиеттанушы ғалым Сәбит Жәмбектің ақын Ерболат Баятұлы шығармашылығы туралы "Ерболаттың жыр кеңістігі" атты мақаласын назарларыңызға ұсынып отырмыз.

Ерболатты өз тұстастарынан да, өзінен кейінгілерден де ерекшелейтін бір қасиеті бар. Ол – оның бейнелі де құнарлы шұрайлы тілі! Ұлттық тілдің қаймағын қалқып, уызында жарыған! Эпикалық таным-түйсігі, пайымы тереңде жатқан, эпикалық сананы бүгінгі қазақ поэзиясының көркемдік үрдістерімен сәтті жарастырған ерек талант!

Ерболат Баят жыр өлкесіне «Түсіме тау кіреді», «Уақыт белдеуі», «Уақыт бедері», «Уақыт шеңбері» атты жыр жинақтарымен көрінген, кейінгі жастарға аға болған, алдыңғы буын поэзиясының жарқын өкілдерінің бірі. Ерболат поэзиясынан алдыңғы буын поэзиясының үлгі-өрнектері де кейінгі буын поэзиясының да көркемдік үлгі-өрнектері де мол ұшырасатындығын байқаймыз. Сондықтан да Ерболат болмысынан өз кезеңінің көркемдік кеңістігінде қалып қоймай алдыңғы күндерге де қанат қағатын, өзге көркемдік кеңістіктерді де жат көрмейтін, талғампаз, сыншыл, ізденімпаз талант болмысын байқағандаймыз.

«Ерболат поэзиясы ұлттық құнарға өте бай.Оның жырларында біз ұмыта бастаған сөз оралымдары, сөз тіркестері жиі кездеседі. Өз басым әлдебір сөз түйінін іздегенде Ерболаттың жыр жинағына жиі жүгінетінді шығардым. Сондықтан да оның поэзиясы осннынысымен де құнды, осынысымен де маңызды деп есептеймін», - депті ақын Төлеген Қажыбай.

Жастық рухы бойынан әлі кетпеген, «ләззат шырынын қарбыздың тәп-тәтті сөліндей» «талмайтын» ақын бауырымыздың былай дейтіні бар:

Өзгерді ой қалай, бас қалай

Арманның түн болса аспаны-ай.

Бір хабар күтемін өзіңнен,

Соткамды қолымнан тастамай.

Жастық сезіміне қырау түспеген, сүйгеніне алып ұшқан XXI ғасыр ақынының көңіл сырына сенбеске біздің де шарамыз жоқ.

Біз жастар поэзиясы дегенде қазіргі кейінгі буынның жыр жолдарындағы аллитерация, ассонанс сияқты дыбыс үндестігін құр аттай ерттеп мініп ап, ойнақтататынын, мың құбылтатынын айтып едік. Осындай сәтті аллитерация Ерболаттың «Мен сендей» деген өлеңінде сәтті жарасым тапқан. Сезім аңсарындағы сүйіктісінің алау-далау албыраған ажарындағы «жүректің гүл ашқанын» «майда үннің ынтыққа ұласқанын», «жанардың сүзілгенін», «масаң сезімде дыбыстың үзілгенін», «мақпал тақымды шоқ қарығанын», «мейірім құшағының балбырағанын», «қалауының тереңдігін» көрген ақын, сезімнің асу бермес сел екенін бағамдағын лирикалық тұлға сезім стихиясын:

Мен сендегі сезімнің өрт екенін көрдім.

Майыспас семсердің серт екенін көрдім.

Махаббаттың айықпас дерт екенін көрдім.

Мен сендегі ... –

деп көңіл-күйдің қызулы мезеттерін сәтті жеткізеді.

Осы өлеңдегі «көрдім» деген сөз он сегіз рет қайталанып, жырдағы экспрессияны үстемелеп, биік экстазға жеткізген! Экспрессионистік сипаттағы жарқын өлең үлгісі!

Ақынның поэтикалық болмысында эпикалық сана мен заманауи көркемдік өрнек-үрдістермен қатар жүретінің айтқан едік.

Сүйгеніне деген құштарлық сезімін 21 ғасыр ақынына тән үрдіспен жырлап отырған ақын енді бірде ежелгі көркемдік дәстүр иіріміне ерік беріп, осы бір сезімдерді эпикалық таным-түйсікпен суреттеп кететіні бар.

Еркем кетіп барады, еркем кетіп,

Ақ көйлектің етегін жел тербетіп.

Айлы түнде арман жоқ. Болғаны рас,

Ақ төсекте айнамды мен тербетіп.

Айлы түн астындағы ескі бір суреттер тірілгендей... Етегін жел тербеген ақ көйлек боз тұманға бөккен тылсым бір кеңістікке сіңіп бара жатыр. Ақ төсекте айнасын тербеткен лирикалық кейіпкеріміз. Кейіпкердің аржағында біз білетін ақын сезімі көлбеңдейді. Тамаша идиллия! Романтикалық жарқылы мол кезеңді аңсайды ақын көңілі. Лирикалық кейіпкер сүйіктісімен үнемі ақ боз үйде кездеседі. Ақынның поэтикалық концептосферасында ең көп кездесетін сөз – «ақ боз үй» концептісі.

Тағы бір пайымдағанымыз - Ерболат поэзиясын бажайлап оқып отырсақ, оның өлеңдерінен ұлттық таным-түйсікке суарылған, көшпелі елдің ұлына сай өрбіген көзқарас, түйіндер, байыптаулар, көркем образ, суреттер, сезім күйлері, қырдың самал желі сияқты тыныс іздеген, кеудемізге саулап қоя беретіні! Кешегі көшпелі елдің бүгінгі ұланы – XXI ғасыр ұланының санасына ерекше бір сағыныш ұялатар ыстық бейнелер, сол тіршіліктің, сол кеңістіктің этнореалийлері – бейсаналық тұрғыда этногенетикалық носталгияға жетелері хақ! Оқырман санасындағы, түйсігіндегі этножад – небір тамаша, көркем ассоциациялар әлеміне енгізері анық!

Осы тарапта әйгілі түрколог, Еуразияның білгір тарихшысы, ғалым Л.Н.Гумилевтің этнос тарихына қатысты: «Әрбір этностың өсіп, даму, шырқау күйіне жетуі және оның талмау кезеңдерінде, дәурен көшкен алмағайып сәттерінде ерекше бір көңіл-күй «мемориалдық фаза» орнығады», - дегенді айтқан еді. «Мемориалдық фазада» – кешегі сайран кезеңнің жеңісті, думанды сәттері, біздің жағдайымызда көшпелі елдің айдынды да, айбынды шақтары, көшпелі ауылдың тыныс-тіршілігі, мәдени реалийлері, тыныштық идиллиясымен еске оралары заңдылық. Ерболат қаламы да бұл құбылыстарды беруде жүйрік. Жүрдек. Ақын қаламына «ақ боз үй», «күлік», «сал күрең», «ақ көйлектің етегі», «шоңқайма етік», «күрең бел», «қоңыр бел», «қалқатай», «қалқа бала», «шәй орамал», «боз жорға», «ай маңдай», «ақ отау», «боз жорға», «құба бел», «қоңыр бел», «құба жел», «қоңыр жел» т.б. ұлттық болмысқа қатысты көркем тіркестер жиі оралады.

Эпикалық сананың көркемдік дәстүрінен нәр алған ақын, «қалқатай сілекейің бал татиды», «ақ тұмаңа шөліркеп шөлдегенде» дей келіп:

Боз жорғаны алысқа бастайды анық,

Ақ қайнардан су ішсем тоқтай қалып,

Апаш-құпаш құласақ ақ төсекке,

Ыстық демің бетімді оттай қарып, -

дейтіні бар.

Эпикалық сана, көркемдік дәстүр аясындағы ақын «Айта келген...» деген өлеңінде:

Алты қырдың астынан ән оздырсам,

Сағыныш па? Жетпей жүр соған әлім –

дей келіп, «қолаң шаштың», «құрбы қыздың», «бозбаланың», «қалқа қыздың» сырларын: «айта келген қолаңшаш» «Қоғалы әнін», «айта келген құрбы қыз», «Әупілдегін», «айта келген бозбала», «Жорға тайын», «айта келген қалқа қыз» «Алқоңырын» деп паш етеді де: «Адалбақан боз үйге орнатайын. Ақ боз үйдің ілгегін өзі ашатын; Түсер мекен қолаң шаш қолға бүгін» - деп құштар көңілдің жеңсігін сездіреді. Осы санадан туындаған ақынның «Боз орамал» атты өлеңіндегі:

Қалқатайдың басындағы боз орамал

Сертке бекем сеніскен, тазаға адал

Сағынғанда сарылып таң сарғаяр

Қарай-қарай сол жаққа көз ағарар -

деген жолдардан да эпикалық кеңістікте жүрген ақын сезімі қылаң беріп, оны халық әндерінің рухы мен тонның ішкі бауындай жақындастыра, туыстастыра түседі. Ерболаттың «Тезектің түтіні» атты ғажап өлеңі бар. Бұл өлеңде көп ақындарда кездесетін «Туған жер сағындым өзіңді» деп бірыңғай күйіп-жанған, ұраншыл, жалған пафос, жалған патетикаға иек артқан жалпылама сарын жоқ. Туған жер қадірін туған ошақтың қасиетін тезектің түтіні арқылы жеткізу сипаты бар. Қазақ ауылының қоңырқай тірлігі, осы бір кеңістіктің ұланымыз дейтін әрбіреуіміздің бойымызда небір тамаша, ыстық, сағынышқа толы суреттерді тірілтері анық. Мұржадан көлбей көкке көтерілген көк ала түтін, хан жайлаудағы ошақ, одан будақтап шыққан көк шулан түтін, ауаға көлеңдеп сүңгіп жатыр. Қара қазандағы құртын бұрқылдатып қайнатып, анда-санда тезектің шоғын үрлеп жүрген аналар. Сары қаптың аузын ашып, сары жапаларды ошақтағы отқа тоғытып жүрген жеңгелер. Бәрінен де кеңсірік жарар тезектің иісін айтсаңшы шіркін! Осы бір ностальгиялық көңіл-күйді ақын былайша жеткізеді:

Сонау бір жылда. Алтайда. Түгел аманда,

Түнменен бірге толықсып еді бүтін Ай

Сағым жылда сағыныш болған маған да,

Кеңсірік жарар тезектің, шіркін, түтіні-ай!

Сонау бір жылдардағы жер ошақтағы тезектің кеңсірік жарар түтінінің иісі бойына сағыныш сезімін ұялатқан қыр баласының сезіміне біз де сенеміз. Жалпы осы бір туған мекеннің, туған ошақтың түтіні деген концепт әлемдік әдеби үдерістің концептосферасында да қозғалып, ертеден тамыр тартқанын байқаймыз. Ертеден тамыр тартқан осы бір концепт әлемдік әдебиетте аллюзивті сипат иеленген. Сонда осы бір «түтін» концептісінің өрісі өзімізге етене қазақи кеңістіктен де әрі шығып, әлемдік әдеби кеңістікте де орын алғанын байқаймыз.

Мысалға Маяковский де: «Такого отечества такой дым разве уж настолько приятен?» деген кекесін аралас сентенция бар. Осы аллюзияның сілтемесі Грибоедовке барып тіреледі. А.С.Грибоедовтің «Ақылдың азабы» комедиясында басты кейіпкерлердің бірі Чацкийдің аузынан шығатын: «И дым отечества нам сладок и приятен» деген реплика бар. Чацкийдің аузынан шығатын осы бір реплика Г.Р.Державиннің: «Мила нам добра весть о нашей стороне; Отечества и дым нам сладок и приятен...» деген жолдарымен үндесіп жатыр. Бірақ байыптасаң Державинде бұл тіркесті өзі ойлап таппапты. Оның артында латынның: «И дым отечества сладок» («Туған Отанның түтіні де тәттірек») - деген мақалы жатыр. Осылайша аллюзия қабаттарын тереңдете беруге болады.

Ерболаттың ұлттық танымындағы «Туған ауылдың түтіні де тәттірек» деген қазақы ұғым-түсініктің бір ұштығы осындай әлемдік әдеби аллюзиялармен де астасып жатқанын аңғарамыз.

Қалай айтсақ та «Жұлдызы қол созымда жамырайтын, түнгі жайлаудағы, өзен бойын жайлаған ақ боз үйлерді» жағалаған, реалды кеңістіктегі лирикалық тұлға, эпикалық кеңістіктегі тіршілікке сіңгісі кеп:

Құтылып төрт қабырға түрмесінен

Сәуле боп көкжиекке бірге сіңем.

Құлын ғұмыр құраушы еді ноқталаған,

Киіз үйдің шөп үзіп іргесінен... –

деп ағынан жарылады.

Жалпы ақын жырларынан осындай трансгрессияларды (басқа кеңістік шегіне өту) мол байқадық. Ақында эпикалық кеңістікке деген пассейзм (өткенді асқақтату, идеализация) бар. Ерболаттың бұл тараптағы жырларында эпикалық сана, көшпелі тірліктің реалийлері, этнофоралық (ұлттық діл) рух бар.

Этнофорлық аңсардан туған Ерболаттың тағы бір «Ақ мамық сүйріктей саусақтары» деп аталатын тамаша бір өлеңі бар. Эпикалық кеңістіктегі кейіпкерлеріміз «алыстан ат өксітіп жеткенінде» «ай маңдай» бойжеткен «алдынан ағатайлап шығып», «ажары балбұл жанып шырайланып», «пейілімен есігін айқара ашып», «әлсін-әлсін қиығымен қарап», «ай маңдай, ақ отауда сүйрік саусағымен кесені іліп ұсынып», «сыр қылып үзілдіріп домбырада, бабымен Гауһартасты айтса», «ақ мамық сүйріктей саусақтарымен таң алдында қимай тұрып қоштасса», ал кейіпкеріміз осы кезде «мамық жастықты тырнағына тастай сап», «масайрап отырса», «қара су да ерніне шәрбат татып», «қолынан қалқатайдың бал ішкендей күй кешсе» дейді ақын жаны. Көшпелі тірліктің таныс суреттері. Осы өлең ала бөтен Үкілі Ыбырайдың атақты «Аңшының әні» шығармасымен рухтас, төркіндес екені сезііледі. Ерболаттың бұл өлеңінде Үкілі Ыбырайдың «Аңшының әні» шығармасынан тамыр тартқан, рухтанған, қанаттанған, трансформацияланып жеткен контаминация (белгілі бір образ, ұғым-түсінікті өзгеше бір сөз орайымен, сөз тіркесімен жеткізу) құбылысы бар деп айта аламыз.

Ақынның трансформацияланған контаминация құбылысы бар тағы бір өлеңі – «Өмір-ай деймін» деген пәлсапалық тұжырымдарға толы ойлы өлеңі бар. Қазірде ойын өлеңдер азайып кеткен заманда бұл өлеңді ақынның үлкен поэтикалық табысы, жетістігі деп бағалар едім. Контаминация дегенде Мұқағалидің «Пай-пай өмір», «Моцарт. Жан азасы» деген өлеңдерімен рухтас өлеңінде Ерболат өмір деген жарықтықтың поэтикалық тілмен көркемдік формуласын, философиялық түйінінің, квитэссенциясын жеткізетін сияқты. «Өмір – ай деймін, өмір сол» - деп алады да, оны: «тамырдың соққан бүлкілі», «Жарықтың жалғыз сәулесі», «жарқ еткен көздің жарқылы», «үзілген жалқы дем», «Жүректің қаққан дүрсілі», «Сананың жайлап сөнгені», «жолдағы баянсыз бақыт», «алдамшы жалған бес перне» деп сипаттайды. Өмір туралы ақынның бұл сентенциялары оқырманын қалың ойға жетелеп, өмірдің терең сырлары мен астарларына байлатады.

Ерболат жырларының ішінде бізге ұнаған тағы бір өлең бар. Ол оның «Ақын деген...» өлеңі. Жарасқан Әбдіраштың «Ақын сыры», «Ақындар», «Ақын кетіп барады көшемен» деген өлеңдерімен рухтас, бұл өлеңінде бірде әпенді, бірде дана, бірде ақылды, бірде күйіп жалған сезімнің, жалынды жүрек иесі деп ақын деген халықтың барша болмысын шынайылықпен жеткізеді. Ол ақын болмысын; «Ақын деген әпенділеу халық бұл», «ақын деген ақылы бар есалаң», «ақын деген – арманшыл бір адам ғой», «ақын деген – шайдай ашық кең аспан», «ақын деген – найзағайдың аттары», « ақын деген – жүректердің үлпілі», «ақын деген – жақсы көру ғаламды», «ақын деген – сүйіп тұрып сүйе алмау», «ақын – деген түсініксіз бір адам», «ақын деген – кең әлемге сия алмау!» - деп тамаша ашады. Бұл матефоралық, сипаттаулар ақындардың көркем тұлғасын терең ашып, дәл жеткізілуінде ұтымды, құнды!

Ақын «Ой, Бейуақ», «Өмір-ай деймін», «Солай» т.б. өлеңдерінде өмір сырларына пәлсапалық көзбен ой жүгіртеді. Пенде баласы дүние есігін ашқаннан бастап, өмір деген тағдырдың өрмегінде шырмалатыны хақ. Сырты мұздай суық дүние оның жанын тоңазытады. Сырты күлгенмен, іші кейде қан жылайды. Өз тілінде ән айтқан бейуақ үр демімен бедер салады. Осы кезде ширыққан ақын жаны «уақыттың құрсаулы шеңберінде, цирктің атындай шыр айналады», ал «көлеңкесінің сап-салқын саусақтары, тыныштықта ауаға сөз жазып» абстрактілі құбылыстарға жан береді, абстрактілі ойдың көркін қыздырады. Осы жырдағы («Ой, Бейуақ») концептуалтьды ой:

Дөңгелейді дүние дамыл таппай,

Кіндігінде ойымның шыр айналып –

деген жолдарда тұрған сияқты. Ал өмірдің өткінші түс сияқты мәнсіз бедерін ақын «Солай» деген өлеңін де:

Өмір дегенің –

Әншейін бояусыз бедерлер,

Өткен бір уақыттар бұлыңғыр түс сияқты.

Солай... –

деген жолдармен береді.

Ақынның сүйіспеншілік тақырыбындағыы өлеңдерінде сөзіміздің басында аздап, тоқтап кеткен сияқты едік. Дей тұрсақта ақынның «Сүйіссінші», «Мен сені сүйемін» - деп», «Қарашыққа қамалатынымды», «... дейсің бе?», «Түс», «Кешір» сияқты өлеңдерінің айтары көп сияқты.

«Көк көйлек... қыз» деген өлеңінде құштарлыққа толы сезімін:

Таңымды сипап өткен етегіңді,

Жел болып, желпіп өтсем қайтер екем?! -

деп, нәзікте, сұлу, сыпайы жеткізеді. Ал ақынның қызулы эксперссияға толы өлеңі «Сүйіссінші» деп аталады. Ұлы Абай «Сұлуды сүймеклік – пайғамбар сүндеті» десе, ұлы Мағжан «Сүй жан сәулем, тағы да сүй, тағы да» деп ақтарылса, тағы бір ұлы ақынымыз Мұқағали «Сүйгісі келе берер, сүйген ерін. Сүй, жаным, сүйкімді бір күйге енемін...» деп тебіренсе, біздің Ерболат ақын:

Бір сәтке уақыт та тоқтай қалып,

Жүректерде ғашықтық оттай жанып.

Сезім, шіркін, сел болып кетпей ме екен,

Ерінді ерін өпкенде шоқтай қарып –

деп, қызулы сезімнің, шоқтай қарыған күйінен хабардар етеді. Әсіресе осы өлеңдегі «Сүйісінші жүрегім жүрегіңмен, Кетсін дүние көзіңде төңкеріліп» немесе «Дүниені сақтайтын махаббат қой, Сүйіс адам, елжіреп, сүйіс ғалам» деген жолдардың айтары мол. Ақын сүйісу, махаббат, бір-бірін ұнату – екі жастың ғана емес, барша адам, барша ғаламға, махаббат, сүйіс қажет деген ауқымды, ғаламдық, гуманистік, пацифистік ойларды айтып отырғаны анық.

Енді Ерболат жырларындағы әсерлі, әсем образ, бейнелі суретті тіркестерге тоқтала кетсек. Жалпы Ерболат өлеңдерінің тілі айшықты, көркем бедерлі келеді. Жоғарыда сөз болған сүйіспеншілік тақырыбындағы өлеңдерінің ішінде «Ерінімді тістегенің түкте емес» деген өлеңі бар. Ақынға сөз берейік:

Өткен түндер бұлдыр-бұлдыр бір елес,

Армандаған аңсап жүрген ақ құсым

Ерінімді тістегенің түк емес,

Жүрегімді қыршығаның батты шын.

Жоғарыдағы жолдардан ғашықтық дертіне шалдыққан лирикалық кейіпкер сезіміне ортақтасамыз. Бірақ мәселе-лирикалық кейіпкерлерде емес. Ең қызығы – қыршылған жүрек бейнесінің персонификацияланып, лирикалық кейіпкерден бөлектеніп, өзгеше тұрпат алып, жеке субъектіге айналуы. Жеке өмір сүруі. Осы бейнелі метафорада қыршылған жүрек бейнесі – сүйіспеншілік дертке шалынған лирикалық образ – қосарланған параллель бейне – жай метафорадан гөрі матареалистік суретке ауысып метафоралық келбет алып образдық, метаболалық сипатын аңғартады. Метаболада ұқсастырылған құбылыстар жай ғана баланып қойылмайды. Ол заттар, құбылыстар бір-бірінен тәуелсіз өмір сүреді. Біздің жағдайымызда «қыршылған жүрек бейнесі» Қыршылған жүрек кейде өзі серпін алған, өзіне триггер болған лирикалық кейпкерден бөлектеу қалып көрсететін сияқты.

Ақын «Шын сүйсе өмірде бір рет» өлеңінде сүйіктісіне: «Көңілдің аспанында қалықтаған. Ақ бұлыттай сұлу, көркем, жеп-жеңілім», - дейді. Бұлт аспанында қалықтайтын басқа, бұл жерде поэтикалық кеңістікте «көңілдің аспанында қалықтаған ақ бұлыттай сұлу көркем, жеп-жеңіл сүйіктісінің бейнесі орын алған. Әсерлі де әсем метафора!

Не болмаса «Құлын-ғұмыр» деген өлеңіндегі: «Құлын ғұмыр тұрушы еді ноқталаған. Киіз үйдің шөп үзіп іргесінен...» деген жолдарға үңілейікші.

Ақын контекстінде ғұмыр жай ғұмыр емес, «құлын ғұмыр», ол жай тұрған жоқ, ноқталанып «киіз үйдің іргесінен шөп үзіп» тұр. Бейнелі де әсерлі сурет! Мұндай көркем тіркестерді біз ақын жырларынан көптеп кездестіреміз деп айтқан едік.

Ерболат өлеңдерінде туған жер саздары ерекше мен мұндалайды. Әрине, қай-қай пенде болмасын туған жерге перзент. Оны үнемі сағынып, аңсап тұрады. Ал, жаратқаннан қалам дарыған ақын үшін бұл сезімдердің орны алабөтен екені белгілі. Ақын жүрегі қашанда туған жеріне деген мәңгілік мұң мен сағыныштан жаралған. Іште жатқан қаяулы мұң, сағыныш, сыр туған жерге келгенде көгендегі қозы-лақтай жамырап қоя береді.

Ерболаттың ақындық арсеналында аталмыш тақырыптағы өлеңдер жетіп артылады. Алайда ақынның «Кер беткейлім» деген өлеңі сағыныш тұнған сезімімізді ерекше баурады. «Кер беткейлім...» деген тақырыбының өзінде іште тұнған қаншама мұң, сыр бар!

Кер беткейден ғасырға көш түзеген,

Көз алдымнан кешегі ел кетпейді..., -

деген ақын бастан кешкен тарихи көштің сыр-сипаты, драматизмі аңғарылғандай. Өкінішті сезім, арман аңсары да бар мұнда.

Жалпы айтқанда өмір құбылысының қай-қайсына болмасын, ақын көңілі сергек, үн қосқыш. Сензитивті, синтонды. Нәзік түйсінеді, терең ой қорытады. Өмір құбылыстарын өзіндік ерекше, поэтикалық ракурста көрсетеді.

Сөз соңында Ерболат бауырымызға айтарымыз асуы көп жыр сапарында ентікпей, шаршап-шалдықпай, шығармашылық мол ізденіс, күш-қуат, қайрат-жігер тауып, үнемі табыс биігінен көріне бер демекпіз!


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Теги: #әдебиет порталы
(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Көп оқылғандар