Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Елордада саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу шарасы өтті

31.05.2022 1859

Елордада саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу шарасы өтті

XX ғасыр қазақ халқы үшін ауыр кезеңдердің бірі болды. Ашаршылық пен қуғын-сүргіннің зардабынан қаншама аналар боздақтарынын айырылып, жапа шекті. Ұлтымыздың саны мен сапасына айтып жеткізуге келмейтін зардап әкелді. Тәуелсіздік алғаннан кейін 1993 жылы 14 сәуірде қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы ҚР Заңы қабылданды. Ал, 1997 жылы 31-мамыр күнін саяси репрессия құрбандарын еске алу күні деп бекітілді.

Осы күнге орай, елорданың «Байқоңыр» ауданындағы Алаш арыстары ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі өтті. Шараға Нұр-Сұлтан қалалық Мәслихат хатшысы Ерлан Каналимов, «Байқоңыр» ауданының әкімі Ерлан Жаулыбаев, ақын, Қазақстан жазушылар одағының хатшысы Дәулеткерей Кәпұлы бастаған зиялы қауым өкілдері қатысты. Олар Алаш арыстары ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, тағзым етті.

Жалпы совет заманында Қазақстанда 125 мыңнан астам адам қуғын-сүргінге ұшырап, оның 25 мыңнан астамы ату жазасына кесілген. Олардың арасында қазақтың зиялы қауым өкілдерінің біршамасына жалған жала жабылып, ату жазасына кесілді. Кеңес Одағы тұсында қызыл коммунистердің саясатынан миллиондаған адамдар жазықсыз жапа шекті. Олардың арасында алаш арыстары: Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатов, Ораз Жандосов, Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин, Мағжан Жұмабаев, Санжар Асфендияровтар да нысанға ілінген болатын. Жаппай саяси қуғын-сүргін – Қазақстан тарихындағы ең қаралы беттердің бірі. Қуғын-сүргін жылдары елімізде 953 лагерь болған. Кеңес үкіметі республиканы іс жүзінде тұтқындар лагеріне айналдырып, сондай-ақ ГУЛАГ-тың басқармасын құрды. Оның ішіндегі ең ірісі – Алжир лагері. Бұл жерге келгендерді өздерінің тегінен, ұлтынан, кәсібінен айырып, «халық жауы» деп атаған. Лагерде: Әзиза Рысқұлова мен оның анасы Әрипа Есенғұлова, Дәмеш Жүргенова, Рабиға Асфендиярова, әнші Лидия Русланова, жазушы Галина Серебрякова, маршал Тухачевскийдің отбасындағы әйелдер, жазушылар Борис Пильняктың әйелі Кира Андронникошвили, Юрий Трифоновтың әйелі Евгения Лурье, Булат Окуджава мен Мая Плисецкаяның аналары және т.б мемлекет, саясат және қоғам қайраткерлерінің әйелдері қамауда болды.

«Бүгінгі күннің, бүгінгі жиынның айрықша мәні бар ғой деп ойлаймын. Бұл жерде жаңағы зарлы, мұңды серілеріміздің бәрі есімізге түседі. Әсіресе Қазақ халқының әуелгі бастан кешкен кезеңдерінің қайбір тұстарын алсақ та осындай бір тауқыметті, қаралы, шерлі жағдаяттарға, шежірелерге кездесеміз. 20-ғасырдың өзіндегі нәубеттер, зұламаттар сондағы жаңағы қуғын сүргіннің әсер-ықпалы есімізде. Әдебиетте, кино, театр жағдайында жақсы белгілі. Расында қазақ тарихындағы, әлгіндегі алапат аштыққа қуғын-сүргіннің жағдайы да оның ылаңын да, кесірін де, көлеңкесін де кейінгі ұрпақ жақсы біледі. Аға ұрпақ осының бәрін бастан өткерді. Біздің есімізде әрине, бүгінгі ұрпақтың ұлы міндеті осы аға ұрпақтың қызметіне, өміріне, кезеңіне, тағдырлы тұстарына бас ию, үнемі жадымызда сақтау ғой. Ал енді бұл тарихтан өшіп қалған жоқ. Кешегі 1921-1950 жылға дейінгі аралықтағы қаншама нәубеттер, зұлматтар, алапат аштықтар, қуғын-сүргіннің жағдайлары біздің есімізде. Мысалы соның қаншама дүниелері қолмен жасалған жасанды құбылыс екені бізге қазір ап-анық байқалады.» - деді филология ғылымдарының докторы, профессор Рақымжан Тұрысбек.

«Байқоңыр» ауданының әкімі Ерлан Жаулыбаев қасіретті тарихты еске алудың бүгінгі ұрпақ үшін аса маңызды жақтарын атап өтті. Ол: «Бүгін біз саяси қуғын-сүргін, ашаршылық кезіндегі құрбан болған ата-әжелерімізді еске алып отырмыз. Әрине, солақай саясаттың құрбаны болған аталарымызға біздің қазіргі күні қолымыздан келетіні сол кісілерді құрметтеп, дәріптеп, құран бағыштап, олардың атын, есімдерін мәңгілікке қалдыру үшін келешек ұрпаққа жеткізіп, бойларына сіңдіре білу керек. Ендеше барлығымыз болып сол жылдағы құрбан болған 1,5 млн астам қазақтың, амалсыздан ел асып кеткен 600 мыңнан астам қазақтарымыздың көрген күнін, олардың қиындықтарын, ұрпақтарының көрген қиындықтарын ешқашан енді біздің ұрпағымыз қайталамасын. Елімізде амандық болсын, елдігіміз еңселі, тәуелсіздігіміз мәңгілік болсын.» - деді.

31-мамыр солақай саясаттың қасіретін еске салып тұр. Қаншама отбасының шаңырағын шайқалтып, ұлтшыл саңлақтарымызды құрбан етті. Елі үшін жазықсыз құрбан болған азаматтардың рухына мың тағзым!

«Тарихқа құрметпен қарау, сол тарихқа қазақ дейтін халықтың атын өшпестей қылып жазған, және соның жолында алтын бастарын бәйгеге тіккен арыстарымызға бір тағзым жасау, гүл шоқтарын қою, өлең арнау, жыр оқу, еске алу – жалпы қазақ баласы ертең қандай болу керек екенін көрсетеді. Сондықтан соның жолында бүгінгі ұрпақ қолымыздан келгенше шаруа жасауымыз керек деп білемін», - деді ақын Дәулеткерей Кәпұлы.

Шара соңы ақындардың, мектеп оқушыларының алаш арыстарына арналған өлеңдерді оқуымен жалғасты.

Қырмызы ЖҰМАҒАЛИҚЫЗЫ, Асел БАЙБЕКЕТОВА

Суреттер ашық интернет көздерінен алынды.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Көп оқылғандар