Бірінші оқиға
Диван үстіндегі әке
«Бір әдемі қалада, үлкен үйдің ішінде, үшінші қабатта қарапайым ғана отбасы өмір сүрді». Әрі қарай ештеңе ойлап таба алар емеспін. Бізге отбасымыз туралы шығарма жазып келуге тапсырма берген. Не жазамын? Әкем, анам, Дианка қарындасым және мен. Пәтерде отырмыз, ешқайда шықпаймыз, себебі карантин. Тағы әжем мен атам бар, олар қаланың басқа шетінде тұрады. Кейде мен оларға видеоқоңыраумен хабарласып, жағдайларын сұраймын. Бәрі осылай өмір сүріп жатыр. Ешқандай қызық жоқ.
Досыма көрші кіреберіске баруға болмайды, көшеде қыдыруға болмайды. Тіпті мектепке баруға да болмайды.
Мен жазып отырған қаламымды тастадым да, төргі бөлмеге қарай кеттім.
Әкем диванда жатты. Журнал үстелінің бір шетінде нан үгітіндісі бар тәрелке және бос кесе тұр. Кілем үстінде қарындасым үлкен альбомға сурет салып отыр. Ас бөлме жақтан анашымның пісіріп жатқан кекстерінің тәтті иісі аңқиды. Ешқандай жаңалық жоқ. Міне, осылай екі апта өтті. Мен қарындасымның жанына отыра қалдым да, одан былай деп сұрадым:
– Дианка, әкеміз не үшін жатыр?
Ол әкеме қорқып қарады да:
– Ал ол кенеттен ауырып қалған болса ше?
– Ауырып қалғанға ұқсамайды, тамағы жақсы. Мүмкін қатты шаршаған шығар.
– Ол қалай шаршауы мүмкін, егер ол онсыз да жатса?
– Енді жата беріп шаршап кеткен болар.
Әкеміз әңгімемізді естіп қойған болуы керек, жанына қарай бұрылып, көңілсіз кейіпте:
– Мен ауырып та, шаршап та жатқан жоқпын. Жай ғана жұмысқа барғым келеді!
– Әкешім, – деді Диана қолдарымен кеудесін қағып, – менің де балабақшаға барғым келеді! Маған ол жақ қатты ұнайды.
– Ал ол жақта саған бәрінен де не ұнайды? – әкем басын көтеріп отырды да, Дианаға назар сала қарады.
– Асхана!
– Сен барып тұрған қомағайсың! – деп қабағымды түйдім. – Тек қана тамақ туралы ойлайсың.
Диана ренжігендей болып ернін бұртитты да:
– Тамақ болса не бопты, ал сен не туралы ойлайтын едің?
– Досым туралы, – артынан былай деп қосып қойдым, – және футбол туралы ойлаймын.
Карантин
Бөлмеге шоколад қосылған кекстеры бар табақты көтеріп анам кірді.
– Зерігіштіліктен құтқаратын дәрі, – деді ол табақты үстелге қойып жатып. Біздің анамыздың тағамдары әлемдегі ең тамаша аспаздың қолынан шыққандай өте дәмді. Кекстердің иісі енді күні бойы кетпейді. Біз бір-бірден алып бастап кеттік. Сосын тағы, содан кейін тағы біреуін.
Тамақ жеп отырып мен «Карантин кезіндегі жоспарлар» туралы ойландым. Оқшауланудың ең алғашқы күні-ақ Дианка күнделікті жасайтын жұмыстарының жоспарын құрып тастады және оны альбомның бір парағына жақсылап отырып жазып, көрінетін жерге апарды да, қабырғаға жабыстырып қойды.
Күндік жоспар
1. Ойану
2. Үи іреттеу
3. Таңға ас шу
4. Баконда сейылдеу
5. Түсі ас шу
6. Мутик көру
7. Кйтап оқу
8. Ашекеилеу
9. Шомлу
10. Кешкы ас шу
11. Демалу
«Осылай әр күн сайын жалғаса береді. Алда әлі қанша «демалулар» барын кім біледі?» – деп сәл ойға баттым да, көзімді бұл тізімнен бұрып әкеттім.
– Әкешім, қыроновирус деген не? – деп сұрады Ди аузындағысын асығыс шайнап жатып.
Әкем шашалып қалды да, артынан жөтелді. Анам күліп жіберді.
– Қыроновирус емес, коронавирус, – дедім тағы бір кекске қарай қол созып жатып.
– Бұл сондай ғылымда әлі онша белгілі емес нәрсе. Одан кәдімгідей қатты ауырып қалуға болады, – деп жауап берді әкем.
– Біз сондықтан да үйде отырмыз ба?
– Иә, адам көп жердің бәрінде бұны тез жұқтырып алуға болады. Одан гөрі қазір үйде отырған дұрыс.
– Ал бұның бәрі қашан бітеді? – деді қарындасым тоқтай алмай.
Әкеміз терең күрсінді де, кексті аузына бүтіндей салып жіберді.
– Қызым, оны әлі ешкім білмейді, – aнам Диананы өзіне қарай тартты да, оны тізесіне отырғызды. – Мүмкін, бір аптадан кейін, мүмкін, бір айдан кейін.
– Мүмкін, бір жылдан кейін! Одан гөрі ойнайықшы, ескі қамал ішінде қоршауда отырған боламыз, айналамыздың бәрі жау, – мен босап қалған табақты жұлып алдым да, оны қалқан сияқты алдыма тостым.
– Қоршауда қалғандар болсақ, тым жақсы тамақтанып жатырмыз, – деді әкем анамызды бетінен сүйіп жатып. – Сол үшін біздің аспазға рахмет.
Отбасылық қазына
– Диана, Даник, жүріңдер, сендерге бірдеме көрсетемін, – деп анамыз креслодан тұрды.
Ұйықтайтын бөлмеге қарай біз оның артынан ердік. Ол аласа шкафты ашты да, ішінен әдемі әшекейленген ағаш сандықшаны алып шықты.
– Анашым, бұл не? – Ди таңғалғаннан айғайлап жіберді.
Анамыз сандықша ішінен ауыр айнаны сондай ұқыптылықпен алды.
– Бұл – айна. Баяғыда бұны маған анам сыйға берген, сендердің әжелерің.
– Қандай әдемі! – деді қарындасым оны алып жатып. – Өзі сондай ауыр екен!
– Маған да берші, көрейін! – деп айнаны өзіме қарай тарттым.
– Жоқ, мен бірінші болып қараймын, – деді Диана оны маған бергісі келмей.
– Балалар, соғыспаймыз, – анам Диананың қолындағы айнаны өзі алып, оны сондай махаббатпен сипады да, төсектің үстіне қойды. – Таласатын болсаңдар, екеуіңе де жоқ.
Мен айнаға қарай еңкейіп, оның өрнектелген жақтауына ерекше назар салып қарай бастадым. Әйнектің қырын күміс гүл шоқтары мен жапырақтары жағалай өрілген. Баумен байланған сабақтары айнаның тұтқасына айналып кеткен.
– Әжелеріңнің айтуынша, бұл сиқырлы айна барлық бәле-жаладан құтқара алады. Үлкен болған соң, Даник айнаға бас-көз болсын, – деді де бөлмеден анам шығып кетті, артынан есік жабылды.
– Бір, екі, үш, төрт, – Дианa айнаның жақтауындағы ең ірі гүлдің жапырақтарын қолымен бір-бірлеп санай бастаған еді, кенеттен құлағымызға біреудің сыңғырлаған қыңыр дауысы естілді.
– Менің қайта сандықшаға кеткім келеді!
Бес тілек
Біз соншалықты таңғалдық, тіпті қорыққан да жоқпыз. Ертегілерде айнаның сөйлейтініне үйреніп кеткенбіз, бірақ біз қазір ертегінің ішінде емеспіз ғой.
– Сен не, сөйлей аласың ба? – дедім, қорықсам да, анықтау үшін әйнектің бетіне қолымды созып жатып.
– Бетіме тиіспе! Қолыңда қандай микробтардың барын кім біледі. Тұтқамнан ұста, – деді aшулы дауыс. – Әрине, сөйлей аламын, мен сиқырлы айнамын ғой.
Диана қуанғаннан ән салып кетті: «Жарығым менің, айнам, маған айтшы: мына әлемде бетінің ұшы қып-қызыл, аққұба өңділердің ішіндегі ең сүйкімдісі кім?»
– Сен, сенсің, ханшайым! – деп жауап берді айна, артынан асығыс былай деді: – Білдіңдер, енді не керек? Мені орнына қайта қойыңдар және сау болыңдар! Көріскенше!
– Жо-оқ, алдымен сен сиқырыңмен не істей алатыныңды көрсет!
– Иә, мен көп нәрсе жасай аламын. Әңгіме айтып бере аламын, қызық бірдемелер көрсете аламын. Тіпті саяхатқа жібере аламын.
– Сондай кереметсің, қайдан пайда болдың?
– Сендердің арғы әжелерің мені бірде оттан құтқарып қалды. Содан бері мен сендердің отбасыларыңды қорғаумен келемін. Бірақ елу жылда бір-ақ рет оянамын.
– Отбасымыздың бақыт әкелушісі! – деп айғайлап жібердім. – Біздің қандай жолымыз болған!
– Сіздің жолыңыз болса, болған шығар, ал маған ұйықтау керек, – деді айна есінеп жатып, – жарты ғасыр қандай тыныш, рахат болған еді.
– Ал енді сен біздің тілегімізді орындайсың ғой, иә? – Диана қуанғаннан алақанын үйкеледі.
– Үш рет саяхатқа шығарам да, сосын ұйқыға кетемін, – деп қысқа қайырды айна.
– Бірақ неге үнемі үш рет? – мен таңғалып тұрмын. – Ертегілерде үнемі барлығы үш реттен, бұл сан бізді әбден шаршатқан.
– Жарайды, онда төртеу болсын, – деп айна наразылыққа келісті.
– Жоқ, бес рет болсыншы, – өзімнің соншалықты батыл сөйлеп кеткеніме іштей таңғалып қоямын.
– Бесті қайдан шығарып алдыңдар?
– Біз карантин деп үйде өте көп уақыттан бері отырмыз, әбден зерігіп кеттік! – деп Ди жағдайын айтып жалынып жатыр.
– А-а-а, сендерде індет болып жатыр ма? – деді айна таңғалып, – онда менің не үшін оянып кеткенім енді түсінікті болды. Сендердің отбасыңа қауіп-қатер төнген сәттерде мен қашанда сендермен біргемін. Ал сендер маған ұнап тұрсыңдар, карантиндік адамдар.
Карантин кезінде бізде жаңа бір адамдар пайда болған ба еді деп мен жан-жағыма қарап қоямын. Сосын маңдайымды сипадым да, «айнаның айтып тұрғаны ол біз ғой, Диана екеуімізді солай атап тұр!»
– Жарайды, бесеу-ақ болсын, бітті онда!
– Рахмет, айна! Онда сен бізді ғарышқа аттандыра аласың ба?
– Мейлі, ғарышқа да аттандыра аламын.
Сол сәтте Диана менің футболкамның етегінен ақырын тартты да:
– Даник, дәл қазір біз ғарышқа барып қайтеміз, одан да мультиктегі сияқты адамның ішіне кірейік те? Әкеміздің ішіне!
– Не үшін әкеміздің ішіне?!
– Әкеміз шындығында ауырып жатыр ма, әлде сау ма, соны білмейміз бе?
Қорғаушылар
Айна ақырын ғана сылдыр еткізді де, біз Диана екеуіміз айналасының бәрі дөңгелек иллюминаторлы капсуланың ішіне түсіп кеткендей болдық. Бұл кеме мөлдір көпіршіктер ішінде жайлап жүзе бастады.
– Назар аударамыз, назар аударамыз, Жүзукемесі жөнелтіледі, – деп металлдық дауыс хабарлады, – үш, екі, бір. Дем аламыз!
Көбіктер ағысы жылдамдады.
– Бұл не? Неге бәрі бірдей? – Ди көзін бақырайтып ашты да.
– Бұл ауаның молекулалары, – деп жауап берді дауыс.
Бұл енді рас! Біз кішірейіп кеткен екенбіз және енді бізді тек микроскоп арқылы ғана көруге болатын сияқты. Ал дауыс болса, сөйлеуін әлі жалғастырып жатыр:
– Көпіршіктердің осылай болғаны жақсы. Егер олардың арасында қандай да бір әдемі ашық түс пайда болса, міне, сол қауіпті. Яғни, ауа арқылы зиянды вирустар денеге ене бастады деген сөз.
Біз бір үңгірдің ішіне түстік. Менің түсінуімше, бұл ауыз болуы керек. Сосын өңешке кеттік. Бронхтар арқылы жүзіп өттік те, соңында өкпеге тап болдық. Жол бойы көргеніміздің барлығы дерлік үлкенді-кішілі мөлдір көпіршіктер ғана болды.
– Міне, көрдіңдер ме? – деді дауыс, – зиянкес вирустар да, микробтар да жоқ. Енді әрі қарай қан тамырлар арқылы сүңгиміз. Вирустар ең бірінші болып қан ішінде пайда болады.
Қан тамырлар қызғылт түсті туннельдерге ұқсайды екен. Біз түймешіктерге әлде мұз кәмпиттерге ұқсап кететін дискілер арасында қызыл таспалар бойымен жүздік.
– Ал бұл не?
– Эритроциттер, қан құрамындағы ең көбісі осылар.
Тікенге толы ашық күлгін түсті шар жанымыздан маңғаздана жүзіп өтті. Немесе бұл тіпті тікен де емес шығар, инелер не қармауыштар болуы әбден мүмкін. Мен онша түсінбедім.
– Ал бұлар кімдер?! – бірінші шардың артынан баяу ғана маңғазданып тағы екеуі қозғалып барады. – Теңіз кірпілеріне ұқсайды екен. Тек инелері қысқа.
– Лимфоциттер. Олар денені вирус жұқтырып алған жасушалардан қорғайды.
– Қалай қорғайды? – деп Ди иллюминаторға жабыса кетті. – Көргім келеді!
– Жарайды, біз ақыры ғылыми экспедициямыз ғой, – деді ойлана дауыс сөзін созып. – Қазір кәдімгі тұмау вирусын жұқтырып алған жасушаға ұқсайтын жасанды біреуін шығарып тастаймыз.
Біздің жүзукемеміз жеңіл ғана шайқалды да, одан эритроцит «дискі» бөлініп шықты.
– Ал лимфоцит бұл жасушада вирус барын қалай біледі?
– Қауіпті сезіп, бөтендерді ажырата алатыны үшін де ол қорғаушы, – деп күлді метталдық дауыс.
Күлгін шар жасанды жасушаға қарай жүзді де, біздің «дискімізге» ине-қармауыштарымен қадалды.
– Лимфоцит у жібереді, содан кейін вирус жұқтырып алған жасуша ішкі жағынан бүлінеді. – Шар бөлініп кетті де, «диск» бөлшектерге ыдырай бастады. – Қараңдар, зақымдалған клетка жойылды, он енді қауіпсіз.
– Енді міне, бұл рас! Улы қанжарлы құтқарушы, – дедім мен теңіз кірпісінің артынан қарап тұрып. – Сонда ол күн сайын осындай күрестер ұйымдастыра ма?
– Егер денеде вирус жұқтырған жасушалар болса, тіпті әрбір минут сайын, – деді ол. Біз ақырындап ағыспен түсіп кеттік.
Кенеттен күлгін шар тағы бір эритроцитке барып жабысты.
– Қараңдар, қазір ол тағы біреуіне барып шаншылатын болады, – деп айғайлады Ди.
Бірақ қорғаушы бұл жолы дискіге деген қызығушылығын бір демде жоғалтты да, оны жібере салды. Сөйтіп, өзі маңғазданып әрі қарай жүзіп кетті.
– Жалған дабыл. Бітті, енді ешқандай вирус жоқ, – деді дауыс.
– Ал ол кенеттен біздің кемемізге жабысып алса ше? – дедім мен абыржып. – Біз де бөтенбіз ғой мұнда.
– Жабыспайды. Бірақ бізге қайтатын уақыт болды, – деп жауап берді дауыс.
«Пах!» етіп капсула жарылып кетті. Біз кілем үстіне серейіп құлап түстік. Сөйтіп, бұрынғы үлкен қалпымызға түстік. Дианка аяғына қарғып тұрды да, төргі бөлмеге қарай айғайлай жүгірді:
– Әке, әкешім, сен саусың!
Ванна бөлмесіндегі би
– Әрине, саумын, қазір тіпті одан да сау боламын, – деп әкем телефон экранын түртті де. – Қараңдаршы, менің не тапқаныма.
Экранда үстіне форма киген адамдар ерекше көңілденіп билеп жүр және би арасында қолды қалай дұрыс жууға болатындығын көрсетуде.
– Бұл полицейлер ғой! – деп Ди сықылықтап күлді.
– Үнді полицейлері, – деді әкем, – керемет ойлап тапқан, иә? Қараңдаршы, қалай ұзақ және қандай жолдармен қолды жууға болады.
– Микробтар мен вирустарға тұрақ айыппұлы, – деп бұйырдым мен.
– Қателеспей, бәрін қайталай аламыз ба? – деп сұрады әкем. – Ал сонымен кім бірінші болып ванна бөлмесіне жетер екен?
Біз Дианка екеуіміз жарыса жүгіріп кеттік. Артымыздан әкеміз қуды.
– Алақай! – деп қарындасым айғай салды. – Қорғаушыларға көмектесу үшін барлық вирустарды жуамыз.
– Қандай қорғаушыларға? – деді таңғалған әкеміз.
– Бұл мультик қой, – дедім мен білдіртпей қарындасыма жұдырығымды көрсетіп тұрып, – Ди көрген, енді өзі бірдемелер шығарып айтып жүр.
Қолымызды сабындап алып, сабынның көпіршіктерін жуынатын шұңғылшаға үрлеп түсіре бастадық. Ванна бөлмесіне анамыз келгенде, орын тіпті тарылып кетті. Ешқандай да билей алмадық, тек қарындасым екеуіміз тұрған жерімізде секіре бердік.
Сөйтсек, қолды отыз секунд бойы жуу – бұл өте ұзақ уақыт екен. Біз қолымызды алай да, былай да үйкелеп, саусақтарымыздың бәрін бірге, одан бөлек-бөлек езіп жатқанымызда, анамыз санамақ айта бастады:
Мінекей, сабын
Бізге жүзіп келді,
Су оны шаюда,
Сабындаймыз енді
Жақсылап қолды!
Білезік, саусақ, алақанды
Барлық жағынан үйкеледік.
Сені, вирус, билік тағынан
Қудық, сабындап жудық!
Анамыз қабырғаға, одан еденге қарап, әбден қызып кеткен бізге:
– Ванна бөлмесінің кішкентай ғана болғаны қандай жақсы, бір демде жинап тастайсың. Ал төргі бөлмені осындай астан-кестен жасаған болсақ, оны жинаумен бір күн жүрер едім.
Төргі бөлмеде осылай көпіршіктену идеясы маған ұнап қалды. Бір түйір сабынды көтере салып, сол жаққа қарай ұшайын деген едім, бірақ анамыз барлығымызды дәлізге шығарып жіберді де, есікті іштен жауып алды. Сөйтіп, біз Дианка екеуіміз тұс-тұстан жамырап санамақ айтып жүріп, бөлмемізге қарай жүгірдік.
Екінші оқиға
Ертегі қала
Тәңертең барлық үй тапсырмаларымды жасап тастадым. Одан кейін анам екеуіміз дезинфекциялайтын майлықтармен дүкеннен жаңа ғана әкем алып келген заттарды сүрттік. Сосын ыдыстарды жудым, сөйтіп, бәрін бітірген соң ғана әрең сандықшаға жеттім. Дианка мені әлдеқашан тағатсыздана күтіп отырған еді. Мен қақпақты аштым да, ақырын ғана сыбырладым:
– Сәлем, айна...
– Сәлеметсің бе! – деп Дианка сол жерде айғайлап жіберді.
– Неге сонша айғайлап сөйлейсіңдер, мен әлі оянған да жоқпын, – деп күңкілдеді дауыс. – Ал енді сәлеметсіңдер ме? Сонымен бүгін не көретін боламыз?
Мен ғарыш туралы бірдеме көргім келген еді, бірақ ауызымды аша бергенім сол еді, әдеттегідей қарындасым тағы да алдымды орап кетті:
– Ертегі, ертегі, өтінемін, ертегі көрейікші!
«Сөйтіп, ғарыш тағы келесіге қалды», – деп күрсіндім мен.
– Мейлі, сендерді ертегіге аттандырамын. Қараңдар!
Айналы әйнек бетінде түрлі-түсті нүктелер жарқылдады да, экраннан қала көрінді. Тас үйлері мен жап-жасыл саябақтары бар нағыз әдемі, үлкен қала. Бұл қаланың барлық жерлері ашық түсті гүлдермен құлпырып тұрды.
– Ой, Даник, қарашы, Етік киген мысық және Карлсон мен Белоснежка.
Мен тіпті қайсысына қарарымды білмей қалдым: қала көшелерінде отыз үш батыр, Винни Пух өзінің досы Пятачокпен, Незнайка, Аладдин бәрі жүр. Кішкентай кафеде Маша мен Аю балмұздақ жеп отыр. Алаңның ортасындағы бассейнде Водяной Русалкамен шахмат ойнауда.
– Бұлардың барлығы неге мұнда бірге жүр?
Айна күліп жіберді – күлкісі оның тап бір күміс қоңырау сыңғырлағандай:
– Бұл енді Ертегі қаласы емес пе? Тіпті Кощейдің өзі мұнда залым емес, міне оның әйелі Марья-искусница. Мұнда барлық ертегілердің қаһармандары сондай бейбітшілікте, келісімде өмір сүреді. Олар осы ертегінің ішіне келіп, енді бұны қалай түсіндіруге болады... сахнадағы әртістер сияқты ғой. Олар қойылымда ойнайды да, сосын үйлеріне кәдімгі өмірлеріне қайтады.
Кенеттен жоғары жақтан «әпшу-әпшу-әпшу!» деген қатты дауыс шығып кетті! Бұл раушан гүлімен өрнектелген балконда тоқтамай түшкіріп тұрған Кощей болатын. Ол қолтығынан қызу өлшегішті алып жатып, басын шайқады. Артынан жөтелгенде теңселген ол бөлмесіне қарай кіріп кетті. Біраз уақыттан кейін барлық қала тұрғындары түшкіріп, жөтеле бастады. Көшелер босап қалды. Дүкендер мен кафелер жабылды. Саябақтарда соққан желден тек ағаштардың ғана сыңғыры естілді. Қала өліп қалғандай. Сонда мен бұның бәрінің ертегідей өмір сүргенінің ешқандай да маңызы жоқ екенін түсіндім. Олар расында ауыра бастады.
– Айна, оларды құтқару керек. Әйтпесе бізде ертегі де болмайды!
– Иә, – деп мен қарындасымды қолдап кеттім, – міндетті түрде көмектесуіміз керек!
– Жақсы, айтқандарыңдай-ақ болсын!
«Зың» деген үйреншікті дауыс естілді де, біз Дианка екеуіміз қараңғылыққа құлап түстік.
Орман шетіндегі үйшік
Бірдеме дұрыс болмағандай мен көзімді әрең аштым. Қолымды қозғалтып едім, қара қанаттарды көрдім. Қатты шошынғаннан айғайлап жібердім және сол сәтте «қа-а-а-ар!» деп шыққан өз дауысымды естідім.
– Мышы-мышы, – деген дауыс шықты жақыннан, – Даник, бізге не болған?! Біз неге айналып кеткенбіз?! – деп менің жаныма қара марғау секіріп келді. Мен оның қарындасым екенін түсіндім.
– Сен мысыққа айналып кетіпсің, – дедім мен міңгірлеп, – ал мен қандай да бір құсқа.
– Сен кішкентай қарғаға айналғансың, – деп мияулады Дианка. Ол менің жаныма отырды да, табанын жалай бастады. – Мен әдемі марғаумын ғой, иә, айтшы?
– Аулақ, менен аулақ! Каркарик пен Мяшка сөйлесіп отыр! – деді арық қара қыз бізге сескене жақындап келе жатып. – Не істеп тұрсыңдар? Әлде мен сендерді тым артық дуалап жібергенмін бе?
– Сен кімсің? – дедім мен қатты қарқылдап, ал Дианка қорыққаннан ызалана пырсылдай бастады.
Қыз күліп жіберді.
– Сәлеметсіңдер ме, көптен бері кездеспедік. Сіздердің қожайындарыңыз боламын. Туғаннан бері мен бұларды тамақтандырып келемін, ал бұлар болса маған «кімсің» дейді, – кенеттен ол қалшиып қалды да, көзін жұмды, жан-жағына қарай теңселді. –А-а-а, сендер тіпті де менікі емессіңдер. Сиқырдың иісін сеземін, сеземін... Басқа уақыттан, жердің алыс шетінен осында келдіңдер.
Мен жан-жағыма қарадым. Қараңғы бөлме іші тарлау екен. Ортадағы үстел үстінде үлкен қазан тұр. Қабырға жанында пеш қойылған. Қабырғалар бойымен шыбынжұт саңырауқұлақтары, сарымсақ, әртүрлі өсімдік тамырлары және тағы бірдемелер ілінген, бірақ қараңғыда не екенін анық көре алмадым. Төбе астындағы жіптерде иісі қатты білінетін шөп байламдары ілулі тұр. Біз Дианкамен, дұрысы, Мяшкамен сандық үстінде отырмыз.
– Құрметті қожайын, – дедім мен қанатымды түзетіп қойып, – біз Ертегі қаласындамыз ба, солай ма?
Қыз келіп сандыққа бірге отырды да, Мяшка-Дианканың үстінен еркелете сипады.
– Қала бұл жерден алыс. Біз әжем екеуіміз орманның шетіндегі өзіміздің осы үйшікте өмір сүріп жатырмыз.
– Ал әжеңіз қайда? – деп оған қарады Мяшка-Дианка.
– Сендер, немене, аспаннан түскенсіңдер ме? Үш күн бұрын Яга ұшып кеткен болатын. Бірақ бұл қайдан сендердің естеріңде болсын.
– Яга-әже, – дедім мен демімді ішке тартып.
– Және Яга-немере, – деп сыбырлады қарындасым.
Яга-немере мұңайып басын иді де, қазанға қарады.
– Ал сен, қарғаның балапаны, оғаш ештеңе естіген жоқсың ба? Неге маған сиқырлы қайнатпа үшін ешкім келмейді? Кеше ғана қайнатқан едім, енді міне, істетпеген соң бұзыла бастады.
– Себебі қазір Ертегі қаласында барлығы ауырып жатыр! – деп мен орнымнан қарғып түстім.
– Барлығы түшкіріп, жөтелуде, – деді Мяшка-Дианка сөзімді растағандай, – оларға көмектесші, Яга-немере!
Көмекке барамыз!
Яга-немере қолын сермеп:
– Мен оларға қалай көмектесемін?! Яга-әженің қашан келетіні әлі белгісіз ғой. Мен тек емдік шөптер туралы және сиқырлы қайнатпа жасауды ғана білемін.
– Емдік шөптерді білгеніңіз – бұл ең басты нәрсе. Және үлкен қазан да бар! – мен қобалжығаннан төбе астына ұша жөнеліп едім, тұмсығыма бір түйір шөп қадалып қалды. Түшкірдім – мінекей, құстар да түшкіре алады деп ойламаған едім. – Ал біз көмектесе аламыз.
– Иә, иә, – деді Мяшка-Дианка асығыс, – алдымен бетперде тігуіміз қажет, сосын антисептік дайындау керек, бұл арнайы антиіндет су, – осы жерде ол мұңайды, – бірақ бұны мен қалай жасар екем, енді менде тек табандар ғана бар ғой.
Яга-немеренің таңғалғаннан тіпті ауызы ашылып қалды. Қандай бетперде, қайдағы антисептік-антиіндет? Оған бұл сөздер ерекше оғаш естілді. Сосын мен бәрін түсіндіріп бердім.
– Ягажан, міне, қара, көшеде бір ауру адам кетіп бара жатады, ол қа-а-атты түшкіреді! Одан шыққан барлық вирус-микробтар ауа арқылы жан-жаққа ұшады. Сөйтіп, олар сау адамға жұғады да, бәрі ауыра бастайды.
– Бұл тіпті сұмдық қатыгез сиқыршылық ғой! –деді күрсіне ойбайлаған Яга-немере.
– Бұл сиқыршылық емес, жай ғана жұқпалы ауыру. Микробтар жан-жаққа ұшып, тарап кетпеуі үшін, сонымен қатар, қолдарды бетке артық тигізбеу үшін бетперде кию керек. Ал антиіндет дегеніміз – бұл арнайы сұйықтық, онымен барлығын ысқылап сүрту керек, – мен кідірдім де, сәл дем алып барып қайта жалғастырдым: – Зиянды микробтар есік тұтқаларында, әртүрлі нәрселердің беткі жағында жақсы сақталады.
Осы жерде Мяшка-Дианка сөзімді бөліп жіберді де, аузы-аузына тимей:
– Тосқауылдап отырғандай жайғасып алады. Сол жерге сау адамның қолы тиіп кетсе, бітті, содан кейін мұрнын қасып, микробтарды жабыстырады. Сөйтіп, сау адам ауру болып шыға келеді.
– Ой-ой-ой! – деді Яга-немере, көздері табақтай болып кетіп. – Сендердің бұл антиіндеттеріңді мен қайнатып дайындармын – бұл жай сиқырлы қайнатпа ғой. Түймедақ, сәлбен, жұпаргүл, жаужапырақ емдік шөптерінен. Эвкалипттың жапырақтарын да қосармын... Ал бірақ мына бетперде дегендеріңді неден жасауға болады?
Міне, осы жерге келгенде мен не айтарымды білмей қиналып қалдым. Бетперде әдетте арнайы медициналық матадан немесе үйдегі дәкеден тігіледі. Яга-немереде бұндай шүберектер қайдан болсын. Және түгел бір қаланы қамтамасыз ету үшін бізге бұның қаншамасы керек болады.
– Мен білемін, мен білемін! – деді қуанғанынан секіріп кеткен Мяшка-Дианка. – Бетпердені жапырақтардан, тіпті жолжелкеннен де тігуге болады! Мінекей!
Қарындасым менің! Жарайсың! Мен тіпті қатты қуанғанымнан оны сүйген сияқты маңдайынан шоқып алдым. Сол сәтте кенеттен маған ой келді:
– Біз оны жалғыз жасай алмаймыз. Біз үшеу ғанамыз, ал қалада қаншама адам...
– Үшеуіміз ғана бұны шынымен істей алмаймыз, – деп Яга-немере үйшігінен жүгіріп шықты да ысқырды. – Қазір орман халқы бізге көмекке келетін болады.
Сөйтіп, жұмыс қызды
Мен өз көзіме өзім сенбедім. Үйшік алдындағы көк шалғынға кірпілер жүгіріп келе жатты: олар екеу не үшеу емес, оншақты да емес, жүздеген еді!
Яга-немере шыр айналып, тағы ысқырды. Бұл жолғысы алғашқысынан да қаттырақ шықты. Сол сәтте орман құстары ұшып келіп, ағаштарға қона бастады, жасыл ағаштар ала-құла болып кетті – соншама құс шақырған дауысты ести сала келді.
– Сендер жолжелкендерді теріп, үйшікке алып келіңдер, – деп Яга-немере кірпілерге бұйырды. – Тек еттісін, үлкен жапырақтарын ғана алыңдар!
– Ал сендер емдік шөп-жапырақтарды жинаңдар, – деді ол құстарға бұрылып.
Құстар бір демде көкке ұшып кетті де, ал кірпілер орманға қарай жүгірді.
– Қандай керемет көмекшілерің бар десеңші! – деді таңғалған Мяшка-Дианка.
– Олар бұның бәрін ұзақ уақыт жинай ма? – деп аузымды ашқаным сол еді, сөзімді аяқтамастан бұталардың арасынан жолжелкен жапырақтарын көтеріп келе жатқан кірпілер көрінді. Әкелгендерін табалдырыққа үйе бастады да, жаңасын теруге қайта жүгірді. Яга-немере үлкен қазанды алып шығып, үйшіктің алдына қойғаны сол еді, құстар да шөп-жапырақтарды алып ұшып жетті.
Сөйтіп, жұмыс қызды! Мяшка-Дианканың басқаруымен кірпілер бетперделерді тіге бастады. Қарындасым дайын болған бетперделерді Яга-немереге тасып отырды, ал ол болса, сыбырлап сиқырлы дұғасын оқыды. Солай дұғаланған бетперделер мықты, берік болып шығып жатты.
Мен қожайынға шөптерден шипалы антиіндет дайындауға көмектестім. Сосын қарындасым екеуіміз бір-бірімізге қарадық та:
– Ал Ертегі қаласының тұрғындарына бетпердені кию, антиіндетті қолдану керектігін қалай түсіндіреміз?
– Ойлап таптым! – деп мен жаныма құстарды жинадым да, артылып қалған жолжелкен жапырақтарына бәріміз бірге тұмсығымызбен сурет сала бастадық. Бетпердені қалай дұрыс тағу керек, қолды және дүкеннен келген заттарды қалай жуу керек – осының барлығын жапырақ парақшаларға салдық. Тіпті ауру жұқтырып алмау үшін арақашықтықты қалай сақтау керек екенін де көрсеттік.
Сөйтіп, бір демде үйшік алдында бірі бетперделермен, екіншісі парақшалармен толтырылған екі дорба пайда болды.
– Даник, елестетші, піл баласы Дамбо қалай бетперде тағады екен? – деді Мяшка-Дианка тап бір адам сияқты келемеждеп.
– Дамбо болса, не болыпты? Пілдің өзіне де бетперде қажет қой, – деп менің күлкіден ішегім қатты. Дәл қарғадай қарқылдадым. Расында, пілге қандай үлкен бетперде керек болады десеңші!
– Ал Буратино ше? – деп жалғастырды қарындасым. – Мұрны бетпердені тесіп жіберер, сосын «қош келдің, вирус» болады! Змей Горыныч айдаһарын елестетші, оның дем алғанының өзі жалын тұрса, ол қалай бетперде кисін?
– Бірақ енді ол бетперде кие алмаса, онда вирус та оған жолай алмайды деген сөз. Барлығы оның жалынында жанып кетеді ғой. Ал Русалкаға қолын жуудың қандай қажеті бар, егер ол онсыз да мұхитта өмір сүретін болса?
– Ал енді құрлыққа шыға қалса, дереу сақтық жасауы керек, – деді Яга-немере.
Бірақ біз көз алдымызға ертегі қаһармандарының жолжелкеннен жасалған бетперделерді қалай киетінін елестетіп, бәрібір де күлкімізді тоқтата алмадық.
– Ал қайнатпаны қалаға қалай жеткіземіз? – дедім мен ойланып та, табаныммен тұмсығымның астын қастым, – бөтелкелер жоқ, неге құямыз?
– Мынау не деген секемшіл қарға балапаны! – деді Яга-немере қазандағы иісі аңқыған сұйықтықты араластырып жатып. – Келіге қазанды қоямыз да, ұшамыз.
– Орналастырамыз ба? – деді Дианка күмәнданып.
– Хо-хо, мендегі келі сендер ойлағандай қарапайым емес! Жүк тиегішті қосып аламыз, – деп ожау ұстаған қожайын орнынан қарғып кетті.
Қала ішінде
Не аламыз?! Жүк тиегіш? Келіге? Мен бұндай құрылымды еш елестете алар емеспін. Яга-немере қазанға соңғы жапырақтарды тастады да, қолдарын алжапқышына сүртті:
– Қарғаның балапаны, кеттік, маған көмектесетін боласың.
– Не істейміз?
– Не істейміз, не істейміз, жүк тиегіш жасаймыз!
Қожайын өзі құдыққа кетті де, мені үйшікке арқан алып келуге жіберді. Бұл арқанды көтере алмай мен біресе қанатыммен тартқылап, біресе табаныммен сүйрелеп, әбден әуреге түстім. Ештеңе шықпады. Соңында барып ғана тұмсығыммен іліп алуға болатынын түсіндім. Мен бұл арқанды қазандыққа жеткізгенше қара терге түстім. Яга-немеренің құдық қақпағын ашып, домалатып жібергенін байқадым.
– Абайла! – қақпақ жерге гүрс етіп құлағанша, мен келесі бетке секіріп әрең үлгердім. Қожайын қақпақты арқанмен келіге байлады да, былай деді:
– Жүк тиегіш дайын, енді орман халқын тағы көмекке шақыру қажет.
– Не үшін?
– Қазанды жүк тиегіштің үстіне қою керек.
Мен осы жерде шыдай алмай кеттім де:
– Басқалай дұғалауға болмай ма?
– Жоқ, қолымнан келмейді! Мен әлі өзім оқып жүрмін, тек қайнатуды ғана білемін деп айттым ғой. Және аздап келіні басқара аламын. Тек түзу бағытқа.
Қысқасы, шаруа бітті. Қазанды жүк тиегішке қойдық, дорбаларды төбешікке қырларымен тіреп байладық. Келіге Яга-немере отырды, Мяшка-Дианка оның иығына жайғасты, ал мен өзім ұшып баруды ұйғардым.
– Ал енді қалаға тура тарттық! – деп Яга-немере сыпырғышты жерден итеріп жіберген еді, келі жоғары қарай көтерілді.
Ой, біз қалай зымырап ұштық десеңізші! Мен жолда дорбаларға тырнағыммен жабысып алған болатынмын. Бұным білгендей жақсы болыпты, әйтпесе баяғыда келіден қалып қойып, ешқашан жете алмас едім. Біздің Яга-немере жарысып келе жатқандай айдады. Сөйтіп, көзді ашып-жұмғанша қалаға да ұшып жеттік. Үйлердің төбесінен айналып жүріп, парақшаларды шашып шықтық. Тұрғындар оларды алып оқығанша, біз орталық алаңға қондық та, бетперделерді тарата бастадық. Сиқырлы қайнатпаны бөтелкелерге, кәстрөлдерге құйдық. Балкондағы Кощейге мен оның вирусты әрі қарай ешкімге жұқтырмасы үшін бетперденің бүтін бір бумасын және бір шелек қайнатпаны беріп жібердім. Антиіндетке ұзын-сонар кезек тізілді. Ал біз Мяшка-Дианка екеуіміз олардың бір-бірінен қауіпсіз арақашықтық сақтауын реттеп әрең үлгеріп жатырмыз. Ожау қазанның түбіне тиіп сылдыр еткенде барып, біз қарындасым екеуіміз қайтадан үйімізге тап болдық, бұрынғы адами өмірімізге.
– Айна! – деп айғайлап жіберді Дианка. – Бұл әділетсіздік қой! Енді Ертегі қаласына не болады?
– Бұны таңертең көресіңдер, – деді айна, – балалық базар бүгінге бітті, енді ұйықтау керек. Маған да демалу қажет.
Бәрі дұрыс
Түні бойы түсімде Өрмекші адам мен Суперменді көрдім. Олар ғаламшарымызды басып алып, барлығын өздеріне бағындырғысы келген Вирус залымға қарсы шайқасып жүр екен. Өрмекші адам бір елден екіншісіне, бір құрлықтан келесіне секіріп, өзінің торынан жасалған үлкен бетпердемен біздің Жер шарымызды жауып жатқан сәтінде мен оянып кеттім. Ал Супермен болса, өрт сөндіру көлігімен жаудың артынан қуалап, құбыршекпен антиіндет суын шашып жүр екен.
Ең қызықты жеріне келгенде мені Ди оятып жіберді.
– Даник, тұр орныңнан, тек ақырын, – деп құлағыма сыбырлады, – анашым мен әкешім әлі ұйықтап жатыр.
– Ди, сен не, мүлде есіңнен ауысқансың ба? – қабырғада ілулі тұрған сағат таңғы алтыны көрсетіп тұрды.
– Ұйықтай алар емеспін, – деп ол басын шайқады. – Ертегі қаласы не болып жатыр екен десеңші?
Мен әкем мен анашым жатқан бөлмеге ақырын ғана кірдім де, сандықшаны алып шықтым.
Біз Дианка екеуіміз ас бөлмеге бардық та, сандықшадағы айнаны алдық.
– Жарығым менің, айнам, осыншама ерте оятып тұрғанымызға кешір бізді, – деп сыбырлады Ди.
– Ерте тұру денсаулыққа пайдалы, – деп мен қосылып қойдым.
– Таңсәріден сендерді не оятып алды? – деді айна ыңырсып.
– Өтінемін, өтінемін, Ертегі қаласында қазір не болып жатқанын көрсетші!
– Сендер өзі маған не істеп жатырсыңдар, карантиндік кішкентайлар, – айналы әйнекте шымырлаған діріл жүріп өтті де, сосын біз ар жақта не болып жатқанын көре бастадық.
Ажалсыз Кощей аман-есен балконда жаттығу жасап тұр. Сондай сергек көрінеді. Отыз үш батыр болса, қаланың басты даңғылымен сап түзеп жүріп барады. Оларды Сұр Қасқыр мен велосипед мінген Шамахандық Патшайым басып озды.
Золушка, Белоснежка, Жасмин, Русалка саябақта шөп үстіне кілемшелер төсеп алып, йогамен айналысып отыр. Ал жолдорба асып алған Смешариктер үйден топырлап шықты да, серуенге аттанды.
– Алақай! – деп сыбырлай айғайлап жібердім мен. – Барлығы аман-есен!
– Айна, айна, олардың бәрі қалайша мұншалықты тез жазылып кеткен? – деді қалаға таңырқай қараған Дианка.
– Ертегідегі уақыт басқаша жүреді ғой. Сендер ұйықтап жатқан кезде бұл қалада біраз уақыт өтіп кетті.
– Ал біздің қожайынымыз Ягажанның жағдайы қалай?
Айна орман шетіндегі үйшікті көрсетті. Үйшіктің алдында тұрған үлкен екі қазанды әрі-бері айналып Яга-әже мен Яга-немере бірдемелермен әбігер болып жүр. Жандарында Етік киген мысық бос канистрін ұстап алып, құйрығын бұлтаңдатып, бірдемені асыға күтіп отыр.
– Антиіндет үшін келді ме? – деп Дианка айғайлап жіберді.
– Яга-әже енді немересі екеуі жұмыссыз қалмайды, – деді айна. – Қараңдар, анда кімдер жүр?
Қазандар арасымен секіріп, ұшып жүрген қарға балапаны жанып жатқан отқа бұталар лақтырып қояды. Ал қара марғау түрлі-түсті көбелектің артынан қуалап барады.
– Бұл біз ғой, – деді сықылықтап күлген Диана.
– Біз, бірақ бұрынғы біз, – деп қарсыласа кеттім мен. – Және бұның бұрынғы болғаны қандай жақсы. Маған құс болғаннан гөрі адам болған көбірек ұнайды.
Үшінші оқиға
Анамыздың ереуілі
– Бұл адам төзгісіз өмір! – деп анамыз буфеттің есігін тарс жапты. Іштегі ыдыс-аяқтардан бұған жауап ретінде сылдырлаған дауысы естілді. Біз Дианка екеуіміз орнымызда тоқтап қалдық. Әкеміз құлағындағы телефонын тастай салды:
– Қымбаттым, не болып қалды?
– Не болып қалды? Біз үш апта бойы үйде отырмыз! Үш апта! Және осы уақыт ішінде үйдің бәрін жуып, тазалап жүрген кім? Мен. Шаң-тозаңды сүртетін де, кір жуатын да, үтіктейтін де әрі тамақ жасайтын да ол – мен. Үнемі мен тамақ істеймін! Ал сендер тек жеуді ғана білесіңдер.
– Бірақ енді сен де бізбен бірге тамақтанасың ғой, – деді имене сөйлеген әкеміз аузына бір түйір ірімшікті салып жатып. – Қазір, міне, сорпа, күріш қосылған тефтельдер және шай...
– Сендер менің шаршағанымды түсінесіңдер ме?
– Түсінеміз, – деді әкеміз аузына тағы бір түйірді салып жатып. – Балалар, солай ма?
– Солай, рас, рас, – деп Дианка екеуіміз басымызды шұлғыдық. – Анашым, былай келісейікші: сен тек таңғы ас, түскі ас және кешкі асты ғана дайындайсың.
Мен анашыма қатты көмектескім келген. Арасындағы жүрек жалғайтын тамақтарды біз өзіміз дайындап аламыз: нанды турап, май жағып, оның бетіне ірімшік немесе шұжық қоя салу еш қиын емес. Немесе тосап. Бірақ анамыз жылап жіберді де, тәрелкені еденге лақтырды. Ыдыс ұсақ бөлшектерге бөлініп, шашылып түсті.
– Мен тіпті айнаға өзіме қарауға қорқамын. Және таразыны да тығып тастадым...
Біз қорқып кеттік, ал әкеміз бәрі жақсы деп анамызды жұбатуға тырысты. Карантиннен кейін тауға барып, велосипед тебетін боламыз.
– Бітті! – анамыз өксіп жылап тұрды, бірақ дауысы қатал шықты. – Мен қарсылық жариялаймын. Бүгін үй жинамаймын. Тарақандар қаптап, егеуқұйрықтар өріп кетсін, мейлі! Тамақ та бүгін істемеймін.
Дианка бір демде бұртия қалды: оның анама жаны ашып кетті, тәтті жегісі келген еді. Ал мен міңгірлеп:
– Мен де таңғы астан кейін ыдыстарды жуып тұрамын ғой. Анда-санда ...
Әкеміз бізге үңіліп қарады да, анамызды құшақтап:
– Балалар, бөлмелеріңе барып, қызықты бірдемемен айналысыңдар. Біз мұнда анаң екеуіміз әңгімелесеміз. Сосын мына сынықтарды жинаймыз.
Бізді ас үйден шығарып жіберді де, есікті қатты жауып алды.
Қауіпті ауру
– Ди, бері қара, – деп мен қарындасымды ата-анамыздың бөлмесіне қарай тарттым, – бұрын карантинде адамдар үйлерінде қалай отырған?
– Қалай болушы еді? Біз сияқты отырған да, зеріккенде ыдыстарды сындырған.
Жатын бөлмеге кіріп, төсек үстіне шықтық та, мен аласа шкафты аштым.
– Бұрында карантин осылай ұзаққа созылды ма екен, қалай ойлайсың? – дедім мен айнаны алып жатып.
– Оларда тіпті карантин дегеннің өзі болды ма екен? – деп қарындасым сұрағыма сұрақпен жауап берді.
– Карантин алғаш рет он төртінші ғасырда Венецияда індеттен сақтану үшін пайда болған, – деді ыңырсыған айна, – айтпақшы, менің жерімде.
– Сәлем, айна! – дедім мен қуанып. Бірақ артынан ыңғайсызданып қалдым, біз осы уақытқа дейін жаңа досымыздың есімін де әлі сұрамаған екенбіз. Мен сөзімді жалғастыруға асығып:
– Ал сені қалай деп атасақ болады?
– Ақырында бұны да сұрадыңдар ғой. Менің атым тым ұзақтау, бірақ сендер мені жай ғана Айна деп атай берсеңдер болады.
– Айна, сен бізге бұрындары қалай болғанын көрсете аласың ба?
– Бұрындары деген қашан? Орта ғасырдағыны айтасың ба?
– Иә, – деді Ди алақандарын шапалақтап, – Орта ғасырларға, шетелдік бір қалаға барғым келеді, айналасының бәрі сондай әдемі. Ханзада мен ханшайым алтын көйлек киіп жүрген уақытқа!
– Хм, – деді айна күмәнданып, – ортағасырлық Париж әдемі деп ойламаймын.
– Барғым келеді, барғым келеді! – деді орнынан секіріп кеткен қарындасым.
– Парижде не істейсің? – дедім мен күдіктенгендей.
– Не істегені несі? Әрине, Эйфель мұнарасын көремін.
– Қараңғы түнек, – деді Айна мазақ етіп, – Орта ғасырларда ешқандай Эльф те, Эйфель мұнарасы да болған жоқ. Мен сендерге ең сұмдығын – оба індетін көрсетейін!
Менің жүрегім тарсылдап кетті.
– Оба – бұл өте қауіпті ауру емес пе? – деп мен барынша сабырлы дауыспен сөйлеуге тырыстым.
– Өте жұқпалы, ажалды ауру, – деді байыппен сөйлеген Айна, – әдетте обаны бүргелер мен егеуқұйрықтар тарататын болған. Олар Орта ғасырдағы қалаларда кез келген бұрышта өріп жүретін.
– Бүргелер мен егеуқұйрықтар ма? – деді Дианка бетін тыржитып, – ал біз жұқтырып алсақ ше?
«Орта ғасырлардан оба жұқтырып әкелейік, сосын біздің қала бір емес, екі бірдей карантинде отырар, – ойладым мен қорқып, – сөйтіп, әкеміз бен анамыздың көңілі тіпті түсіп кетеді ғой».
– Мен сендерді Парижге көзге көрінбейтін адам етіп жіберемін, – деді риза болып күліп жіберген Айна. – Сендер бәрін көретін, еститін боласыңдар, бірақ ешқандай суық пен аштықты сезбейсіңдер. Ештеңе де жұқпайды.
«Міне, енді бұл ғажап! Көзге көрінбейтін адамға айналып, Орта ғасырларға саяхат жасаймыз, – менің тіпті тынысым тарылып кетті, – бірден екі қоянды ату деген осы!»
– Бірақ онда бәрі французша сөйлейді ғой, – деп мен күмәндана бастадым, – біз ештеңе түсінбеспіз.
– Ертегі қаласында бәрі ертегі тілінде сөйледі. Сендер бәрін түсіндіңдер ғой, солай ма?
Мен басымды изей бергенім сол еді, «зың» деген таныс дауыс естілді.
Қайда тап болдық?
Менің ең бірінші болып сезгенім ол – иіс болды. Сұмдық жеркенішті, біртүрлі жабысқақ, пышақпен кесуге болардай қою иіс. Мен жөтеліп едім, жанымда көзге көрінбейтін тағы біреу жөтеліп қояды.
– Дианка, бұл сен бе? – дедім әрең дем алып.
– Иә, – деп жауап берді қарындасым, – біз қайда тап болдық?!
– Сен қалаған жерге, Орта ғасырдағы Парижге.
Біз қара бұлт қаптаған, түнерген аспанды көрдік. Таспен төселген тар көшелер. Тұрпайы тастардан тұрғызылған үш-төрт қабатты шошақ төбелі үйлер. Барлық үйлердің есіктері мен терезелері толықтай қатты етіп жабылған. Шам не шырақ сияқты ешқандай жарық жоқ. Көшеден тек жел айдап бара жатқан оттың түтінін ғана байқауға болады.
– Туф, дым әдемі емес... Ал ертегілерде болса, барлық қалалар әдемі.
– Сонымен ертегілерден, – дедім мен күрсініп, – шынайы өмірге қош келдің!
Шынымды айтсам, мұндағы өмір сондай сұмдық көрінеді. Кенет екінші қабаттан бір терезе сәл ғана ашылды да, терезе жармасының ар жағынан түрі анық көрінбеген біреу: «Абайла!» – деп айғайлады. Содан кейін қайтадан: «Абайла!», тағы да: «Абайла!». Сосын терезе жармалары лезде ашылды да, ар жағынан жылтылдаған қолдар шелекпен бірдемені шайқап барып, төгіп жіберді. Төменге қарай бірдеме ағып, жерге шалп етті де, көше бойына жайылып кетті.
– О-о-ой, мам, – мен Дианканы көрмедім, бірақ оның дауысынан қалтырап тұрғанын түсіндім. – Бізде көшеде бұндай болмайды. Тіпті қоқыс жәшігі орналасқан жерлердің өзі бұдан тазарақ.
– Енді не үшін айғайлағанын түсіндім, үлкен шляпалардың не себепті пайда болғанын да, – дедім мен жындана күліп, – дер кезінде қашып үлгермедің бе, онда жуынды шелекпен шомылып ала бер.
Біз қарындасым екеуіміз кішкентай алаңға шығар арка ішінде тұрмыз, бұл алаң әрі қарай үш көшемен жалғасып жатыр. Әрбір көшенің басталған жерінде, тура қабырғаның жанында кішкентай ғана от жанып тұрады. Күләпарасы бар ұзын қаптал шапан киген адам бір оттан екіншісіне қарай жылжып, ыстық шоққа шөптердің байламдарын тастап жүр. Алаң арқылы бір арба ақырын ғана келді де, жаңағы адамның жанына тоқтады. Ол арбадан бір құшақ шөпшек пен шөптің үлкен бір бумасын алды да, басын изеді. Сөйтіп, арба әрі қарай жүре берді.
– Даник, Даник, бұл кім?
– Киіміне қарасаң, монах сияқты.
– Ал монах деген кім?
Мен жауап беріп үлгермедім. Арка ішіне қарай секірген бір бала менің аяғымды оңбай басып кетті.
– Ой! – деп мен айғайлап жібердім.
– А-a-a!!! – деп жауап ретінде ол да айғайлап жіберді, содан кейін қолымен аузын басты. Оттың монағы біздің жаққа бұрылды.
– Неге айғайлайсың? Сен ғой менің аяғымды басқан, мен сенікін емес.
– Сіз кімсіз? Сізге не керек? – деді ол көзін жұмған бойы және жерге қарай қабырғамен зырғып түсті де. – Мен өліп қалдым ба?..
– Жоқ, амансың! – жағдайдан құтылу керектігін түсіндім. Олар осында, Орта ғасырларда, періштелер мен шайтандарға сенеді ғой. – Ал біз көзге көрінбейтін рухтармыз. Мейірімді рухтармыз.
Бала ақырын ғана көзін ашты, сол кезде Дианка барлық күшімен шыңғырып жіберді, себебі жанымыздан егеуқұйрықтар өтіп бара жатқан еді.
Көзге көрінбейтіндер
Менің өзім де шыңғырып жібере жаздадым. Егеуқұйрықтардың бір тобы біздің жанымыздан жүріп өтіп кетті. Олардың арасында екі-үшеуі мысықтың мөлшеріндей үлкен еді. Қараңғыда тек қызыл көздерін ғана көрдім және көше бойымен кетіп бара жатқан олардың тырнақтарының тырсылы естілді.
– Тыныш, тыныш, бәрі жақсы, мен қасыңдамын, – деп Дианканың құлағына сыбырладым.
– Ей, мұнда кім бар? – деген дөрекі дауыс естілді.
От монағы түнек арасынан қарады да, бірдеме деп міңгірлеп бізге қарай аяңдады.
– Мейірімді рухтар, сіздер әлі осында болсаңыздар, құтқарыңыздар, қорғаңыздар! – деп былдырлады бала.
Ауыр қадамдар жақындай түсті.
– Біз не істей аламыз? – деп мен сасып қалдым.
– Егер ол мені көріп қойса, күзетшіні шақырады, – деп бала бір уыс болып, бүрісіп қалды.
Таптым! Егер біз көзге көрібейтін болсақ, біз оны да көзге көрінбейтін етіп жасай аламыз. Солай ғой? Мен былай деп шештім:
– Дианка, маған қосыл, оны қалқалайық.
Біз жақындап келген монахтың алдында тұрдық. Ал бала артында қатып қалды.
– Ешкім жоқ, – деп монах ақырын ғана міңгірледі. Ол маған тиердей жақын тұрды. Егер тағы бір қадам аттаса, маған өтіп кетеді де, біздің танысымызды көріп қояр еді.
– Қарғыс атқыр, бұл не? – ол біз тұрған жерге тесіле қарады.
Мен Дианканың қолын қысып ұстап тұрдым.
Монах бірдеме иіскелегендей демін ішіне қарай терең тартты да, артына бұрылды, сол беті жөніне кетті.
«Қолымыздан келді! Енді үшеуміз де көзге көрінбейміз», – деп мен ақырын ғана күлдім де, қасымыздағы балаға бұрылдым.
– Сенің атың кім?
– Филипп. Бізге ең дұрысы бұл жерден тезірек кету керек, – бала орнынан тұрды да, арка ішіне қарай тереңдеп кіре бастады. Біз оның артынан ердік. – Ал менің мейірімді құтқарушыларымның аттары кім?
– Біз Даниал және Диана боламыз, – мен ол ешқашан бұндай аттарды естімеген болар деп ойладым, бірақ Филипп басын изеді.
– Сен қайда барасың? Неге анау біртүрлі адам күзетшілерді шақырғысы келді? – біз үйлер арасындағы тар өткелдермен жүріп отырдық. Филипптың артынан әрең үлгеріп ілесіп келеміз.
– Бұл монах, оттарды күзетеді, тәртіпті реттеп отырады. Оба кез келген жерде, көшелерге шығуға болмайды.
– Бұл енді рас, дәл біздегідей! – деді қуанып тұрған Ди. – Біз де үйден шықпаймыз.
– Ал сен неге шығып кеттің?
– Біздің үйде бәрі ауырып жатыр. Мен көрші көшеге нан үшін келгенмін.
Бала жан-жағына қарады, сонда біз оның бозарған арық жүзін көрдік.
– Рухтар, сіздер не, егеуқұйрықтардан қорқасыздар ма?
– Қорқамыз, – деп сыбырлады Диана.
– Сіздер рухтарсыздар ғой, сіздерге олар не істей алады?
– Рухтар әртүрлі болады, – мен айналамызда болып жатқанның бәрін сұрап үлгермедім. – Айтшы, монах не үшін оттар жағып жүр?
– Түтінмен обаны айдап жіберу үшін. Тоқтаңыздар! – деп кенеттен Филипп орнында қатып қалды. – Күзетшілер алда.
Құс адам
Мен Филипптың қолын ұстадым да, Дианкаға ақырын бұйрық бердім:
– Оны келесі қолынан ұста, ол тағы көзге көрінбейтін адамға айналатын болады!
Біз қабырғаға жабысқанымыз сол еді, бір адам жанымыздан ақырын ғана өтіп кетті. Қара күртке мен шалбар, етік, кең жиекті шляпа киген кәдімгі қарапайым біреу. Тек шляпа астынан үлкен тұмсық қылтиып тұр! Қолына тері сөмке ұстаған бұл құс басты адам асыға қадамдады. Жақын тұрған есіктің біріне тоқтады да тарсылдатты. Есіктің ашылып кеткен саңылауынан ішке лып етіп кірді.
Дианка қорыққаннан шіңкілдеп кетті:
– Бұл не істеп жүрген құс?
Оған Филипп жауап берді. Дауысында қорқыныш пен құрмет араласып тұрды:
– Бұл Оба Дәрігері!
– Ал оның басындағысы не?!
– Арнайы бетперде. Бұл кеселді жолатпайды. Және оның тұмсығында дәрілік шөптер мен қасиетті хош иісті шайыр бар. Және мойнында бір бума сарымсақ.
– Вампирлерден бе? – дедім мен қалжыңдап.
– Жоқ, – деп Филипп сұрағымды шын қабылдағандай байыпты жауап берді, – ауру жұғып кетпеуі үшін. Дәрігерлер әртүрлі үйлерге барады, ауруларды емдейді, сондықтан бетперделерін шешпейді, үнемі сарымсақ шайнайды.
– Бұл ауру сендерде қайдан пайда болды?
– Білмеймін, біреулердің айтуынша, жаман ауадан, кейбіреулері егеуқұйрықтардан дейді. Қаладан кете алғандары шеттегі жер иеліктеріне, ауылдарына кетті. Ал мұнда тек баратын жері жоқтары ғана қалды. Үйлерінде отыр.
– Не үшін?
– Айтып отырмын ғой, кенеттен егеуқұйрық тістеп алуы мүмкін, тіпті сыртта ауру тарап жатқан ауаны жұтудың өзі қауіпті. Сондықтан адамдар шөптерден от жағып жатыр. Барлық жер жабық. Жақындағы базар да, – деп ол сыбырлай сөйледі, – тіпті шіркеулер де. Көшеде тәртіп сақтау үшін күзетшілер жүр. Біреу ұсталса, оған жақсы бола қоймас.
Үйге келгенде әкемізден оба туралы сұрау керек деп ойладым. Сол кезде Филипп:
– Келдік, үйге жеткізіп салғандарыңызға рахмет, мейірімді рухтар. Мүмкін, ішке кірерсіздер, сіздердің менің үйімде болғандарыңыз біз үшін үлкен мәртебе болар еді.
– Жоқ, Филлип, – деп жауап берді Дианка, – бізге де үйге қайту қажет.
«Пиро және Клюф» кафесі
Біз қайтадан ата-анамыздың жатын бөлмесіндегі кереуетке тап болдық.
– Даник, жүр, қолымызды жуайық, – деп Дианка бүрісіп, басын шайқады.
Мойындау керек, көзге көрінбейтіндерге ештеңе жұқпайтынын білсем де, біздің жаңа санамақты айтып жүріп, қолдарымды сабындап, асықпай үйкелеп, мұқият жуғым келді. Айнаға «рахмет» деп сыбырладым да, оны сандықшаға салып, аласа шкафтың ішіне қойдым.
Біз жатын бөлмеден шыққанда, кенеттен мен төргі бөлменің соншалықты шашылып жатқанын байқадым. Құрастырғышымның бөлшектері еденге құлаған, ал Дианканың фломастерлері үстел үстінде домалап жатты, бұрышта тістелген алма.
– Жоқ, егеуқұйрықтардың біздің үйге кіруіне жол бермейміз, – дедім мен нық сеніммен.
– Ешқашан, – деп жұдырығын түйді қарандасым.
– Онда қолымызды жуамыз да, тазартқыш шүберекті аламыз!
Біз жуынатын бөлмеге қарай жүгірдік.
Еден үстіндегі шашылып жатқан заттарды жинап болғанымыз сол еді, төргі бөлмеге анамыз кіріп келді.
– О, бәрекелді, қандай жақсы балалар, – деді ол таңғалып, – үй жинап жатыр!
– Анашым, сен жат, демал, – дедім мен, – ал біз әкемізбен бірге еденді жуамыз да, кешкі асты дайындаймыз!
– Өз құлағыма өзім сене алар емеспін, – деп жымиды анамыз.
Қарындасым екеуіміз ас бөлмеге қарай жарыса жүгірдік. Әкеміз тәрелкенің сынықтарын сыпырып болған екен. Оларды қоқыс шелегіне салды.
– Кәуап жасайықшы? – деді сілекейі шұбырып Ди.
– Кәуапты көкке шыққанда жасайық, – деді әкеміз тоңазытқыштың есігін ашып жатып, – одан гөрі қой етінен бұқтырма істейік. Кәуапқа ұқсайды, дәмді болады.
– Алақай! – деп Диканка әкемізді құшақтады. – Кешкі асқа лимонад ашсақ бола ма?
– Алдымен үй жинаймыз, тамақ жасаймыз, сосын лимонад, – деп әкеміз ет пен көкөністерді шығарды.
– Әке, сен тұмсығы бар дәрігер көріп пе едің? – деді ойға шомып кеткен қарындасым.
Әкеміз оған түсінбегендей қарады:
– Бұл кешкі асқа әлде үй шаруасына қатысты ма? Егер қатысты болмаса, онда алдымен жұмыс жасаймыз, сосын тұмсығы мен қауырсындары бар дәрігерлер туралы сөйлесеміз.
Сөйтіп, біз іске кірістік. Алдымен шаңсорғышпен тазартып алдық та, барлық бөлмелердің еденін жудық. Әрине, Дианканың көмегінен гөрі әуресі көп болды. Бірақ мен онысына шыдадым, тіпті оған шүберекті қалай жуу және сығу керектігін, қалай дұрыс шаңсорғышты қолдануды және ойыншықтарды реттеп орнына қоюды да үйреттім.
Біз үй жинап біткен кезде, әкем кешкі асқа жасыл шөп турауымды сұрады.
Дианка үстел жанына отырды да, бар ынтасымен анасына арнап кешкі асқа салтанатты шақыру хатын жазды. Мінекей, оның жазғаны былай шықты:
Пиро және Клюф
Атты кафеге
Шақрамыз
Бұл жерде сіз
Ет пен лимонат
Жей аласыз
Әкеміз күлді де:
– Кеттік онда, анаңды шақырайық.
Біз жатын бөлменің есігінен ішке сығаладық.
– Сүйіктім, кешкі ас дайын, пәтер тап-таза, жарқырап тұр, – деп әндетті әкеміз.
Анамыз әдемі көйлегімен алдымыздан шықты, әкемізді құшақтады, Дианка екеуімізді де өзіне қарай тартты. Қарындасым оған шақыру хатын берді.
– Онда тездетіп «Пиро және Клюфте» бізді күтіп тұрған ет пен лимонадқа кеттік, – деп қуаныштан күлген анамыз бізді сүйді.
Төртінші оқиға
Қызықсыз...
– Ех, самокатым менің, самокатым, елестетші, екеуіміз аула бойымен асығып келеміз, оңға бұрыламыз, көлік тұрағының жанынан өтеміз де, төменге қарай, ең керемет төбешіктен... бар жылдамдықпен ұшамыз. Мен бірнеше секундқа қолымды жіберемін де, құс сияқты қалықтаймын! – мен дәлізде... самокатыммен сөйлесіп отырмын. Әрине, ол маған жауап бермейді, бірақ мұқият тыңдайды. Не үшін самокатпен? Енді өзіммен-өзім сөйлеспеймін ғой. – Сенімен қашан сол төбешікке барамыз?
Міне, бұл нағыз қырсық, жолы болмағыштық қой: ауа райы жып-жылы, күн шайдай ашық. Шөптер жап-жасыл, ағаштар гүлдеп, құстар тамылжытып ән салып жүр. Ал бізге футбол ойнауға болмайды, саябаққа баруға болмайды, аулаға да шығуға болмайды. Болмайды. Бәріне болмайды. Тек үйде отыруға ғана болады. Және зеріккеннен самокатпен әңгімелесуге.
Менің Әсетпен сөйлескім келді. Оған хабарластым, ол жауап берудің орнына бірдемелерді мыжып кетті және күрсіне берді. Мен оның қанша рет күрсінгенін санаймын деп шаршап кеттім де, тұтқаны қоя салдым. Мүмкін, әкеммен қызықтырақ бірдеме ойлап табуға болар? Бірақ ол компьютерден басын ала алмады, оның бар айтқаны:
– Даник, бар да үй тапсырмаларыңды орында.
– Әке, мен бәрін орындап тастадым. Бірге дүкенге барып келейікші немесе... – бірақ ол тіпті сөзімді аяқтауға мұрша бермеді.
– Балам, кешір, мен өте қарбаласпын. Сен үй тапсырмаларыңды жасап болсаң, ал мен жұмысымды әлі бітірмедім. Мына бағдарламаны жазып болмайынша мен орнымнан тұрмаймын. Дианамен бірге ойна...
Мен қарындасыма сүйретіле жүріп бардым, бірақ ол тіпті бос емес! Анашым екеуі біздің бөлмеде тігін сабағын өткізіп отыр екен. Дианка конвертке ұқсас бірдемеге ұзын бау жапсыра тігу үстінде.
– Мен сенімен ешқайда бармаймын. Мен иыққа асатын санитарлық сөмке тігіп отырмын.
– Ол сөмкенің ішіне не саласың?
– Антиіндет, майлық, қосымша бетперде және қол орамал. Кедергі жасама!
Кедергі жасама, кедергі жасама. Мен ата-анамыздың жатын бөлмесіне кеттім. Сүйікті сандықшамды алдым да, Айнаны шығардым.
– Сәлеметсің бе, Айна!
– Сәлеметсің бе, Даниал! Неге қарындасыңсыз келіп тұрсың, бүгін қайда барғың келеді?
– Дианка бос емес! Барлығы бос емес... Мен зерігіп кеттім, Айна...
– Онда мен де саған көмектесе алмаймын.
– Көмектескенде қандай, Айна, сен ғана көмектесе аласың! Менің досым бар, ол әлемдегі ең тамаша дос. Мен сияқты қазір оған да қиын. Маған сол Әсетті көрсетші.
Әсеттің үйінде
Мен досымды көрдім! Ол төсек үстінде телефонына үңіліп жатты. Экранға жалыққандай қарады да, ерініп батырманы баса салды. Қабырғадағы теледидар жаңа мультикті көрсетті.
Мен үнемі Әсеттен қызғанатынмын. Ол компьютерде қанша қаласа, сонша ойнайды. Дианка айтқандай, «телефон шұқылауға» маған күніне бір сағаттан артыққа рұқсат етпейді, ал досым болса, тәулік бойы атысып ойнай береді. Бірақ қазір Әсет телефон үстінде ұйықтап қалғанға ұқсайды.
Жазу үстелінде математика дәптерінің шешілмеген есебі бар беті ашық жатыр. Еденге жарыс көліктері мен оның басқару пульті құлаған, ал бұрышта «Реал Мадридтің» барлық футболшыларының қолтаңбалары бар сүйікті добы тұр. Мен де осындай добым болғанын қалаған едім, бірақ бұлар дүкенде тез сатылып кетеді.
«Әсет!» – деп айғайлап жібере жаздадым да, өзімді әрең ұстап қалдым. Егер қазір оның бөлмесіне баруға болатын болса, біз көліктермен жарысар едік, доп тебер едік, тіпті есепті де шағар едік.
Әсет көзін жұмды да, жастыққа қисайды, қолынан босап кеткен телефоны экраны жоғары қарап, кілем үстіне құлады.
«Тіпті ойын жабылған жоқ!» – түрлі-түсті пішіндердің экранда қозғалып тұрғанын көрдім.
Әсет көзін сәл ғана ашып, теледидар экранына ұйқылы-ояу қарады да, бетін қабырғаға қарай бұрды.
«Қалай көмектесемін?» – деп мен жанталаса ойлана бастадым.
– Ей, Айна, – деп сыбырладым мен, – досымды құтқаруым керек!
– Хат жаз! – деп Айна жыпықтап сөнді.
– Қандай хат! – дедім мен ашуланып. – Хат жазғаны несі, әрекет ету керек!
Айна өте ескі, оның уақытында электр болмады, сондықтан да олар бір-бірімен хат жазысатын. Ал қазір технология дамыған ғасыр... Осы кезде маған бір ой келді! Әсет біздің үйдің көрші кіреберіс есігіндегі астыңғы қабатта тұрады, сондықтан балкон арқылы айғайлап шақыруға болады ғой.
Мен төргі бөлмеге қарай құстай ұштым, балкон есігін аштым да, қатып қалдым.
Көктемгі тап-таза самал менің бетімді сипап өтті. Күн шуағын шашып тұр. Үйдің жанында өскен биік теректің жапырақтары желмен бірге ұйытқиды. Жапырақтармен шағылысқан күн шұғыласы маған келіп төгілгендей болды. Бұл нұрдан мен көзімді аша алмай рахаттана сығырайып қалдым.
«Осы вирус кесірінен көктемнің жартысы өтіп кетті!» – мен қаңырап бос тұрған аулаға қарадым да, бар күшіммен айғайлап жібердім:
– Әсе-е-ет!
Электрсіз не болмақ?
Менің даусым үйлердің қабырғасына барып шағылып, оның әлсіз жаңғырығы өзіме қайта оралды: «Әсет…сет…ет».
– Әсе-е-ет!
– Неге сонша айғайлап жатсың? – менің досым балконына шықты. – Көршілер ұрсады ғой.
– Cенімен сөйлескім келеді.
– Телефонмен қиын ба, не? – деп Әсет балконның есігіне қарай бұрылды.
– Телефон тек маубастар үшін. Тоқта, тоқта, кетпе, – деп асықтым мен, – айтшы, егер электр болмаса, не болады?
Әсет артына қарады да:
– Қалай болмаса? Электр әрқашан болған және бола береді де.
– Ол біз үшін әрқашан болған! – дедім мен тіпті орнымда тұра алмай секіріп. – Бірақ біздің үлкен арғы аталарымыз бен апаларымызда болмаған! Интернет ғана емес, телефон да, электрлік шамдар да болмаған!
– Рас, – деп Әсет желкесін қасып қойды, – ол уақытта май шамдар мен алаулар ғана болған ғой. Қи-ы-ын.
– Иә, ешқандай да жақсы емес. Сен тамақты қалай жылытасың?
– Микроволновкада... Ол да электр арқылы қосылады, – менің досымның қиялы енді жұмыс істей бастады. – Елестетші, мен тоңазытқыштан тауық сорпасын алып шығамын. Ал ол болса, тоңба тәттісіндей дірілдеп тұр. Немесе котлет... майлы, суық қалған тамақтар... пу...пу...пу. Ешқашан да!
– Теледидар көрмейміз, Интернет те болмайды...
Досыма жақындау болу үшін мен балкон торының темір шыбықтарын ұстап, мұрнымды сыртқа шығардым. Ол да солай жасады. Ол төменнен, екінші қабаттан, ал мен жоғарыдан, үшінші қабаттан бір-бірімізге қиғаштау бағытта сөйлесіп тұрмыз. Коронавирустің екі тұтқыны.
– Егер қазір мен есептерді шешсем де, оларды электронды пошта арқылы жібере алмасам, онда екі аламын ғой, солай ма?
– Дәл солай! – дедім мен оны растап. – Тіпті бір алуың мүмкін.
Сол кезде Әсет қарқылдап күле бастады:
– Егер мен тапсырма жібермесем, онда мен екі де алмаймын. Себебі маған ешкім жауап жібере алмайды!
Байланыс құралдары
Балконға анамыз келді:
– Сәлем, Әсет, – деп ол досыма қолын бұлғады, – қалай жақсы сөйлесіп тұрсыңдар! Тіпті арақашықтықты сақтауға да болады! Жақында біз де италиялықтар сияқты балконда өмір сүретін шығармыз.
Анам мені түскі ас ішуге шақырды. Мен досыма айғайлап:
– Бір сағаттан кейін кездесеміз, зерігіп кетпе!
Кейде маған анамыз аспаз болып жұмыс істеуі керек сияқты көрінеді. Ол бүтіндей бір әскерді бірінші, екіншімен тамақтандыра алар еді, тіпті десертке бірдеме ойлап тауып жасап отырады. Бірақ біз, әрине, әскер емеспіз.
– Қымбаттым, біз жаңа ғана таңғы ас іштік қой, – деп күңкілдеді әкеміз ас бөлмеге кіріп келе жатып. Ол да буы бұрқырап тұрған борщ сорпасына қызығып қарады да, палауға толы табақтан бір тілім ет алды.
– Анашым, біз мына тамақты бітіре алмаймыз ғой, – дедім мен әкемді қолдап.
– Ал мен бітіре аламын, – деп Дианка біздің жанымызға келіп жайғасты. – Мен борщты, палауды және тәтті бәлішті де жеп қоямын.
– Әрине, сен енді атағы асқан қомағайсың ғой, – дедім мен бетімді тыржитып.
– Ой, менің әлсіздерім, – деді анамыз күрсініп, – онда балкон арқылы көршілерімізді тамақтандырып үйренейік пе, қалай? Армандаппын!
Мен борщты асығыс іштім де, палаудан мүлде дәм татпастан Айнаға қарай жүгірдім. Дианка тәтті бәліштерін тауысу үшін ас үйде қалды. Менің қарындасым карантин соңында жарылып кететін шығар, тура жарылады!
Мен ұйықтайтын бөлмеге келдім. Аласа шкаф алдына тізерлеп отыра кеттім де, біздің қазынамызды алдым. Егер Айна болмаған болса, не істер едік!
– Айна, маған мынаны айтшы, бұрын адамдар электр болмағанда қалай өмір сүрген? Мысалы, екі адам бір-бірінен алыс тұрады делік, ал оларға сөйлесу керек.
– Әзірше ешкім әлі хаттан жақсы бірдеме ойлап тапқан жоқ, – деді еріне жауап берген айна.
«Хаттар, хаттар!» – деп сайрап тұр.
– Бірақ тағы басқа қандай жолы бар, көрсетші, – менің жазып отыруға төзімім жетпейді, жазуым да онша емес.
– Ех, мен қашан қайтадан елу жылға ұйқыға кетемін? – деп Айна сықырлай бастады. – Қара!
Айнадағы менің бейнемнің орнына екі желаяқ пайда болды, неге екені олар белдемше киіп, қолдарына кішкентай ағаш тақтайша кітаптарды ұстап алған.
– Мінекей, ежелгі грек желаяқтар көрші қалаға сәлемдемені осылай тасыған.
– Бұлар гректер ғой... Оның үстіне ежелгі адамдар, – деп мен басымды шайқадым.
– Сені олардың жанына жібере аламын...
– Жоқ, қазір саяхаттауға уақытым жоқ, мені балконда досым күтіп тұр. Жай ғана басқа бірдеме көрсетші. Тек желаяқтарды емес.
– Онда оптикалық телеграф.
Мен үлкен дөңгелек айнаны көрдім. Ол бірде жарқылдайды, бірде сөнеді. Оны бір адам басқаруда: ол күн сәулелерін ұстап тұр.
– Бұл қол айнамен ойнағанға ұқсайды, – деп мен күліп жібердім.
– Бұрында сондай жарық теңіз жолдарында қолданылды. Ал таулы жерлерде құз арқылы жай ғана арқан жетіп жатыр. Не қаласаң, соны байла да, тартып жіберіп хабарыңды ала бер.
Арқан жол бізге таңсық нәрсе емес. Қыста Медеуден Шымбұлаққа, ал жазда Көктөбеге сырғанаймыз.
– Дәл таптым, арқан жол! Айна, сен данышпансың!
Біздің ашқан жаңалығымыз
Мен балконға қарай ұштым, Әсет орнында тұр екен.
– Данька, арқан жол! – деп айғайлады ол.
– Иә, арқан жол саламыз. Сенен маған, менен саған қарай!
Досым тіпті балкон қоршауын алақандарымен ұра бастады.
– Ал тіркеменің орнына сіріңкенің қорабын...
– Оның ішіне бір-бірімізге хаттар салып жіберетін боламыз! – дедім мен досымның сөзін бөліп.
Мен параққа тездетіп сызбасын салдым да, Әсетке көрсеттім. Алыстан анық көрінуі үшін үлкен етіп салдым. Сосын кеңес сұрау үшін әкеме жүгірдім. Әкем суретке қарады да, басымнан еркелете сипап:
– Керемет инженерлік ой! Балконның шарбағы бекер тұрған жоқ: қауіпсіз әрі арқан жолға ыңғайлы. Бұндай іске менің балық аулайтын жапондық орауыш жібімді пайдалануыңа болады.
Жіпті алып, балкондағы досыма оралдым. Досым болса, тағатсызданғаннан тіпті билеп жүр:
– Тезірек, тезірек!
Балкон шарбағына жіптің ұшын байладым да, оны жібердім, сосын орауышты сермеп барып, Әсеттің балконына қарай лақтырдым. Ол солға және төменге қарай әлсіз сыбдырмен ауаны сыдырып ұшты да, қоршау арасынан оп-оңай өтіп, менің досымның балконына сәтті түрде «қонды». Әсет орауышты қарғып іліп алды да, жіпті шарбақ астынан өткізді, сосын маған қарай қайта лақтырды. Міне, осы кезде оған дәлдеп атуға әлі жаттығу керек екендігі байқалды. Оның лақтырғаны тек үшінші рет дегенде барып балконыма жетті. Мен жіпті шарбақтан шештім де, оның екі ұшын сенімді етіп түйіндедім. Енді біздің балконымыз берік етіп байланған қос ілмек арқылы қосылып тұр.
– Әсет! Дайын!
– Әлі емес, күте тұр, – деп досым сіріңке қорапшасының ішіне бірдеме салды да, оны жіпке байлады, – мінекей, енді тарт.
Мен жіпті тарттым. Қорапша жоғары қарай жылжыды.
– Алақа-а-ай! – деп мен ішінде не барын көру үшін қорапшаны қолыма алуға асықтым. Досым қашан хат жазып үлгеруі мүмкін? Ақырында қорапша қолыма тиді. Мен қақпағын ашып жібергенде ішінен қызғылт сары қағаздағы шоколад кәмпитті көрдім. Менің сүйікті «Ананас қосылған».
Балкон жолы
Жауап ретінде мен Әсетке екі тал «Бөріқарақат» жібердім. Олар біздің «пошта жәшігіміздің» ішіне дәл келгендей сыйып кетті. Қолындағы жаңа сөмкесін бұлғап Дианка келді.
– Даник, анам екеуіміз осыны сен үшін де тіктік, – деп ол бір жағы қызыл крестпен, екінші жағы қызыл жарты аймен боялған ақ сөмкені көрсетті.
– Ішінде не бар, көрсетіңдерші? – деп Әсет басын шалқайтып қарауға тырысты.
Мен қарындасымнан сөмкені алдым да, оны жіпке байладым.
– Қазір саған барады! Тек бір секунд күте тұр, тартпа! – мен математика дәптерімді алып келуге жүгірдім. Оны түтікше сияқты етіп бүктедім де, сөмкеге салдым. Ішіне дәл келіп сыйып кетті!
Досым шыдамай жіпті тартып жіберді. Менің сәлемдемем қозғалақтап, әрі-бері шайқалып жүріп, төменге қарай жылжиды.
– Тамаша сөмке! – Әсет сәлемдемені қағып алып, ішінен дәптерді алып шықты, – математика, оның маған керегі не?
– Есеп жауабын көшіріп, бес алуың үшін!
– Ал сен менің есепті шығара алмағанымды қайдан білесің? – деп таңғалды досым, сосын сөзін жалғастырды: – Рахмет, бірақ келесі жолы үлкенірек және дәмділеу бірдеме салып жібер.
– Ой, мен не істеу керектігін білемін, – деп Дианка шіңкілдеп кетті, – анашым тәңертең ғана бауырсақ пісірген, бүтін бір тәрелкесі асып қалған болатын, – деп ол ас бөлмеге қарай жүгірді.
Мен сөмкені жоғары қарай тартып тұрғанда, қолында бір пакет бауырсағы бар анамызды ертіп қарындасым оралды.
– Ауа жұтамыз әрі көршілерді қонақ қыламыз, – деп анамыз пакетті санитарлық сөмке ішіне салды, сосын жоғарғы жағын түйреуішпен түйреп қойды.
– Ас болсын! – деп досыма айғайладым да, анама бұрылып:
– Иә, біздің балкондық жолымыз арқылы әр күн сайын Әсетті қонақ етуімізге болады.
Дианка ізінше қолындағы сөмкесін бұлғап:
– Көрдің бе, анашым, армандар орындалады!
Бесінші оқиға
Қандай қайғы десеңші!
Дианка бөлмеде ерсілі-қарсылы қозғалып, ән айтып жүр: өзі бір билеп жүрген сияқты. Енді келді де, менің алдымнан әрлі-берлі өтіп, экран алдын тосып алды. Оның бұнысы маған қатты кедергі жасады.
Мен теледидар көріп жаттым. Оба туралы және он төртінші ғасыр жайында «Егеуқұйрықтың қарғысы» атты деректі фильм көрсетілді. Орта ғасырларға саяхатымыздан кейін бізге де керекті осы еді.
– Ди, жүре бермеші алдыма келіп, өзің көрмесең де, маған кедергі жасама!
– Бірақ мен жап-жақсы билеп жатырмын ғой, – деп қарындасым ренжіп қалды.
– Жақсы, тек басқа жерге барып билеші, – экранда енді ғана Кафа қаласының жанындағы шайқас басталды, менің еш жерін өткізіп алғым келмеді. Дианка маған тілін шығарды да, ата-анамыздың бөлмесіне қарай жүгірді. Олар бірдемеге дауласып жатқандай, сөздерінің шетін ғана естіп қалдым. Әкеміз жейдені киіп көріп жатыр, ал анамыз түймелерін қадауға тырысты.
– Ешқандай да келмейді, – деп анамыз түймені қадай алмай, – болды, жарамыз.
– Міне-е-е, мұндай керемет жейде еді ғой, – деп әкеміз мұңайып сөзін созды.
– Әке, әкешім, сен жылап тұрсың ба?
– Иә, қызым, жылап тұрмын. Тек ащы жастың аққаны білінбейді.
– Не үшін?!
– Карантинде толып кеттім.
Анамыз да мұңайып:
– Мен де бір айда бес келі қосып алдым. Жейдеңді шеш.
– Иә, футболка үйреншікті, – шкафтың есігінің ұрылғаны естіліп тұрды. – Кеттік, қайғырып отырып бірдеме жейікші.
Дәрігер халаты
Фильмнің соңына дейін аз уақыт қалды. Дианка ата-анамыздың бөлмесінде ән айтуын жалғастырды. Айна алдына айналып жүр.
– Халат әдемі келіп тұр, бірақ бірдемесі дұрыс емес сияқты, – ауада қайшының кесіп жатқан дауысы естіліп тұрды.
«Тағы да тігу сабағы», – экранда титр жүре бастады, бірақ мен тағы қызықты бірдемелер беріп қала ма деп теледидар алдында отыра бердім.
– Тадам! – деп Дианка төргі бөлмеге атып кірді. – Қандай әдемі дәрігерлік халат тігіп алдым, қарашы!
Қарындасым үстіне салбыраған ақ қаптал шапан киіп алған.
– Сенің мына түрің дәрігерден гөрі, елеске көбірек ұқсайды. Белін байлау керек!
– Белін?! Оны немен байлаймын? – Дианка бір елі тастамайтын санитарлық сөмкесін ашты да. – Дәл таптым! Бинтпен жасауға болады! – ол ұзын бөлшегін алды да, белін буды.
– Даник, кеттік, мені дәрігер деп жазып берші!
Ешқандай шүбә келтірместен мен оның артынан ердім. Оның кеуде тұсына үлкен етіп қызыл крест пен қызыл жарты айды салып бердім. Және түсініктірек болуы үшін төменде «дәрігер» – деп жазып қойдым.
– Қазір мен сені емдеймін! – деп Дианка мені қорқытқандай қабағын түйді.
– Ал енді осыдан кейін оның халатына сурет салып көр, – деп мен де қабағымды шыттым.
– Жарайды, жарайды, – деп қарындасым күліп жіберді, – ал сен кім боласың? Аурухана директоры ма?
Бұрышта әкем жертөлеге апарып тастаймын деп отырған үлкен қорап тұрды. Оның ішінде әртүрлі сымдар, ескі пернетақта және сол сияқты компьютерден қалған қажет емес заттар болды. Мен қорапты көтердім де, еденге төктім. Басыма қорапты киіп алу үшін Дианканың қайшысын алып, қораптың түбінен тесік кестім.
– Көмектес! – деп бұйырдым қарындасыма, – бұл біздің мәшинеміз!
Жанына біз үлкен әріптермен: «ЖЕДЕЛ ЖӘРДЕМ» – деп жазып алдық, әдемі әрі анық шықты.
– Ең жылдам жедел жәрдем көмекке ұшып келе жатыр! – мен қорапты басыма киіп алдым да, қарындасыма тура тарттым. – Уау-уау-уау!
Емделмейтін боламын!
– Не болды?! Не болып қалды?! – деп бөлмеге қолында бутерброды бар әкеміз жүгіріп келді.
Мен оған қарай бұрылдым да, одан әрі қаттырақ айғайладым. Маған Дианка да қосылды:
– Би-бип! Би-бип! «Жедел жәрдемге» жол береміз! Бас дәрігердің бас дәрігері келе жатыр!
Әкеміз жол беріп, келесі бетке секіріп кетті. Бірақ біз есіктен кірген анамызға соғылып қалдық. Мен еденге жығылдым және Дианканы да жол бойы итеріп құлатып алдым.
– Көлік апаты, көлік апаты! – деп әкеміз бізге қарай ұмтылды. – Жол полициясы көмекке келе жатыр!
Анамыз қабырғаға сүйеніп:
– Ой, жылдамырақ жүргізсеңдерші, жаяу жүргіншілер де өту керек.
Сол кезде ол жейденің екі жеңінің қиылғанын көрді. Бізді еденнен тұрғызды да, бадырайған көздерімен қарады.
– Бұл не, – әкеміз бутербродын аласа шкаф үстіне қойды. – Менің жейдем бе?!
– Білмеймін... – мен біздің бірдемені дұрыс істемегенімізді түсіндім. Дианка ақталуға тырысты:
– Әкешім, бұл жейде енді саған онсыз да керек емес қой. Сен... үлкейіп кеттің, ал бұл жейде кішкентай ғой...
Мен қарындасыма қарап: «Міне, саған! Бұл әкеміздің жейдесі ме еді?»
– Есесіне мынадай халат жасап алдым, – Дианка саусақтарымен «халаттың» етегін көтеріп алып, орнында айналды. – Қарашы, мен қандай әдемі дәрігермін!
– Жейдем де әдемі еді, – деді әкеміз көңілі түсіп.
– Әкешім, уайымдама, – деп Дианка әкемді құшақтап, – біз сенің арықтауың үшін Даник екеуіміз сені емдейміз. Біз «жедел жәрдем» емеспіз бе?!
– Менің емделгім келмейді, – деп әкеміз маңғазданып иегін көтерді.
Осы сәтте анамыз өзінде бір ой барын айтты. Содан кейін әкеміздің құлағына бірдеме сыбырлады. Ол күлді де, анамыздың қолынан ұстап, бөлмеден шығып кетті. Бөлмеге айналып келді де, ол қатал дауыспен:
– Сендер осында қалыңдар! Салмақты әңгіме әлі алда.
– Ох, қазір бізді өлтіреді... – дедім мен күрсініп, – сен неге бұл жейдені қиып тастадың?
Ақырында ғарышқа сапар!
Мен ата-анамыздың бөлмесінің есігін жауып алдым да, дереу Айнаға қарай жүгірдім. Тек бір ғана жол қалды, ол – алысырақ бір жерге ұшып кету.
Бірер секундтан кейін көне Айнаны қолыма алдым. Оның жақтауындағы оюланған ғажайып гүл мен жапырақ өрнегінен көз алмай қарап отырдым. Сосын басымды шайқап, сыбырладым:
– Айна, көмектес, құтқар! Бізге алысырақ бір жерге кету керек, – сол сәтте маған бір ой келді, – соңында менің арманым болған ғарышқа барайықшы!
– Хе-хе, – деді Айнаның дауысы қырылдап, – солай-ақ болсын, кеттік!
Біз өзімізге таныс Жүзукемесіндегі қорғаныс белдігі бар креслоларымызға тап болдық. Кеме ұшты, бір жағы жасыл алқапты дала, екінші жағы қар жамылған таулар қоршап жатқан біздің қала қараңғы даққа айнала бастады.
– Креслоларды көлденең жағына қарай әкелемін, – деген Айнаның дауысын естідік, – сендердің шамадан тыс жүктен тез өтіп кетулерің үшін.
Мен әлемнің барлық таулары маған бірден құлағандай сезіндім. Терім ауыр болып кетті. Тап бір басымнан, қол-аяғымнан төменге қарай ағып бара жатқандай. Жанымдағы Диананың ыңырсып жатқанын естідім, бірақ тіпті менде оған бұрылып қарауға шама болмады.
Кенеттен біз жеп-жеңіл бола бастадық. Егер белдік болмағанда, төбенің астында ұшып жүрер едік. Мен иллюминаторға қарадым да, сілейіп қалдым. Жер асыл тасқа ұқсап кетті. Мұхиттар мен теңіздер аппақ бұлт жамылып кеткен. Менің бұл ғажайып көгілдір шарды қолыма ұстағым келді, алақандарымда оның салқынын сезінгім келді.
– Даник, қандай әдемі, – деді Дианка демін ішіне тартып. Ол Жерге қарап отырды, бетінен жас сорғалап ағып тұрды.
– Иә, – дедім онымен келісіп, – командир Айна, бізге жұлдыздарды көрсетші!
Кеме баяу бұрылды да, біздің көз алдымызда ғарыш пайда болды.
«Не жоғары емес, не төмен де емес, шексіз кеңістікте тек ғана жұлдыздар», – мен өзімді ыңғайсыз сезіне бастадым.
– Даник, менің басым айналып барады, – деп Ди шағымын айтып жатыр.
– Айна, Жерді тағы бір рет көруге бола ма? – деп өтіндім. Сөйтіп, біз сүйікті ғаламшарымызға қарап, тағы да таңдай қақтық.
– Ал өзге ғаламшарлықтар қашан пайда болады? – деді Дианка креслосында қипалақтап отырып.
– Басқа ғаламшарларда өмір бар екендігі әлі дәлелденген жоқ, – деп дауыс сәл кідірді де, сөзін қайта жалғастырды: – Кеттік, үйге қайтайық.
– Ал кемеде салмақсыз күйде қалай қалқып жүруге болады? Барлық ғарышкерлер қалқып жүреді ғой, біз де соны қалаймыз!
– Сендер онсыз да салмақсыз күйде тұрсыңдар ғой, – деп хабарлады командир Айна, – бірақ сендерді белдік ұстап тұр, дайындықсыз мерт болып қалуларың мүмкін, ал мен сендерді аман-есен үйге жеткізуім керек.
Жүзукемесі Жерге қарай төменге ұшты. Бізді тағы да қорғасындай ауырлық итерді.
«Мына көгілдір әлемді және бұлт жамылғыларын мәңгілікке есте сақтап қаламын», – деп ойладым Жерге жақындағанда, – ғарыш әдемі, бірақ ол жерде қызықсыз. Зерігішті. Интернеттен ХҒС станциясы арқылы Жерді көре аламын. Ех, тек тағы бір саяхаттау мүмкіндігін босқа құрттым».
Біз қарындасым екеуіміз ұйықтайтын бөлмеге оралғанымыз сол еді, есік ашылды да, анамыз шақырды:
– Ал енді мұнда келіңдер.
Бәрі билейді!
Төргі бөлмеде компьютер жанында әкеміз тұрды. Ол кең жиекті сабаннан жасалған шляпа киіп алған. Бұл бас киімін Бразилиядан алып келген. Ол бізді көре сала қабағын түйді:
– Ех, біз барлығымыз үйде отырудан жалықтық. Анаң екеуімізге қиын, ал сендер, балалар, зеріккеннен бұзықтық жасай бастадыңдар. – Біз Дианка екеуіміз орнымызда қатып қалдық: мінекей, қазір бізді өлтіреді деп күтіп тұрмыз. Бірақ әкеміз саусағын шертіп жіберді де: – Жаза болмайды! Оның орнына – бір, екі, үш – самба! Барлығымыз билейміз! – деді экранның тінтуірін басып. Төгілді, не төгілді десеңізші, нағыз билейтін ырғақты әуен.
Әкеміз дәл бразилиялықтай биледі. Өкшесімен еденді ұрып, айғайлап:
– Бізге ешқандай вирус жолай алмайды! – Сол сәтте анамыз пайда болды. Көйлегін киіп алған! Аяғында биік өкшелі аяқ киім! Ақсары шашын жіберіп тастаған. Дәл патшайымдай әдемі! Біз оны көріп, сондай бауырмалдылықпен шуласып қалдық, ал әкеміз оның қолынан ұстады да айналдырды. Анамыз тіпті қыз сияқты шыңғырып жіберді. – Ал жейденің жаңасын сатып алатын боламыз!
Мен бөлмені айналып секіре бердім. Ал Дианка анамыздың қимылын қайталауға тырысып жатыр. Ол маған «құтылып кеттім!», «құтылып кеттім!» – деп жымыңдап қараумен болды. Бәрі ойдағыдай болғаны қандай жақсы болды. Тек біз мұнда көңіл көтеріп жүргенде, Айнаның сандықшада жатқаны жаман. Әрі соңғы саяхатымыз қалды... Сол сәтте мен былай деп шештім: енді саяхатқа бармаймын! Сандықшаны алып келдім де, Айнаны шығардым. Оны терезенің алдына білінбейтіндей етіп қойдым. Бізбен бірге қуансын:
– Оян, өтінемін. Бізбен бірге соңғы рет бол.
Ол ақырын ғана:
– Рахмет!
Музыка ойнап тұрды. Жылдамы бар, баяуы бар әуендер бір-бірін алмастырып отырды.
– Егер күніне бір сағат билеп тұрсақ, арықтаймыз, – деді әкеміз ентігіп, бірақ сонда да берілмей. Анамыз оны қолдады:
– Біз қайтадан сымбатты, әдемі боламыз!
Ата-анамыз ұзақ айырылысудан кейін бір-бірін енді көріп тұрғандай, ерекше ынтамен билеп жатты. Мен Дианканы Айнаға қарай тарттым. Біз үлкен креслоның артына жасырынып отырдық.
– Қайда барғыларың келеді?
– Ешқайда да барғымыз келмейді, – деп қарындасым екеуіміз бір-бірімізге қарадық, – өтінеміз, енді барлығына не болғанын көрсетші.
– Жақсы, – сөйтіп, Айнаның бетінде суреттер көріне бастады.
Алдымен біз үнді полицейлерін көрдік: олар белгілі бір ырғақпен алақандарын ұрып, хормен ән айтып жүр.
Сосын Ертегілер қаласының басты алаңы пайда болды. Ортасындағы тұғырда біз тұрғындарға антиіндет құйып әкелген мыс қазан тұрды.
– Бұл ескерткіш қой, – деп айғайлап жіберді Дианка.
– Иә, дәл өзі, Денсаулық ескерткіші!
Тұғырды айналып Көщей және Марья-искусница вальс билеп жүр, ал Ертегі қала тұрғындары қол ұстасып билеп әндетуде.
Біздің көз алдымызда келесі көрінгені ортағасырлық Париж болды. Біз тас үйдің терезесінен ішке қарадық. Кішкентай бөлме ішінде үстел үстінде біздің досымыз Филипп отырды және жанында оның сансыз туыстары. Бәрі аман-есен.
Тіпті Айна бізге Әсетті де көрсетті. Ол тор сызықты дәптер парағына жылдамдатып жазып жатыр. Оның риза болған жүзінен барлығы дұрыс болғанын байқауға болады.
Ата-анамыз кресло артына бізге қарады. «Зың» деген ақырын дауыс естілді. Мен Айнадан анамды, әкемді, Дианканы және өзімді көрдім.
– Қош бол, Айна, – деп сыбырлады Дианка,
– Қош болыңдар, карантиндік кішкентайлар, – деп Айна да сыбырлай тіл қатты.
Кеудем күтпеген жерден ыстық болып кетті. Мен қуаныштан шыдай алмай секіріп кеттім де, айғайлап жібердім:
– Барлығы! Жақсы! Бола-ады!
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.