Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
УАҚЫТ ПЕН КЕҢІСТІК
Екі Кенен тумайды, Алатауға ексең де......

19.06.2024 839

Екі Кенен тумайды, Алатауға ексең де... 12+

Екі Кенен тумайды, Алатауға ексең де... - adebiportal.kz

Халық ақыны, танымал сазгер, асқақ дауысты әнші, Арқа мен Жетісу сал-серілер мектебінің соңғы жалғасы Кенен Әзірбаевтың туғанына 140 жыл толды. Кенен Әзірбаев 1884 жылы 19 маусымда бұрынғы Жетісу облысы, Пішпек уезінің Мәтібұлақ аулында (қазіргі Жамбыл облысы, Қордай ауданы, Кенен аулында) дүниеге келді.

Академик Ахмет Жұбанов өзінің «Кенен» атты талдау мақаласында ақынның өмір баспалдағы жайында былай деп жазады. «Кенен Жамбыл облысы, Қордай ауданы, осы күнгі Киров атындағы колхоз тұрған жерде 1884-жылы туды. (Бұдан ширек ғасыр бұрынғы деректе туған жылы 1888 болатын да, жерінің аттары Қоңырадыр, Мәтібұлақ еді). Жыл жағынан болмаса, жер шамасының бәрі біріне бірі жақын сияқты. Әкесі Әзірбай айтарлықтай өнері болмаса да, ол да ауыл арасында ән салып, домбыра тартып жүрген. Бірақ аты шығып не ақын, не әнші болып жайылған емес. Ал, шешесі, Ұлдар үлкен әнші, ақын адам болады. Ұлдардың ол өреде атағы кең жайылады. Кішкене күнінде Кенен шешесінің өлеңін, әнін есітеді. Бірақ мейірбанды ана, өліп-талып көрген (Ұлдар ұл көрмей көп зарығып жүреді) Кененді баулып, тәрбиелеп, мәпелеп өсіруге тағдыр құрығы оған ерте түсіп, Кененнің жасы жетіге келе бергенде Ұлдар қайтыс болады. 

Ұлдардың өлімі Кененге де, ол кезде жетпісті алқымдап қалған Әзірбайға да оңай тимейді. Үй ішінде үлкен қайғы-қасірет жас бала мен кәрі әкенің басына төнеді. Оның үстіне Әзірбайдың мал дегенде екі-үш ешкіден басқа малы болмайды. Кенен қабырғасы қатпай жатып байдың қойын бағады.»

Осылайша ана сүтімен келген дарынымен кішкентайынан-ақ ән мен жырға үйір болып өскен бала Кенен он жасында қолына домбыра алып ән салып, айналасына таныла бастайды. Он бір жасында «Ри, қойым» атты тұңғыш әнін шығарады. 

Туып өскен жерім бар – Мəтібұлақ,

Қозы жайған жерлерім күнде жылап.

Таңертеңмен дірдектеп мен жүргенде,

Бай баласы балбырап жатыр сұлап.

Қас қылғандай шулайсың, ри қойым,

Қораға кеп топалаң қырыл қойым, - 

деп қойшылық, жалшылық өмірдің шынайы шындық қалпын өлең мен әуенге өріп ұсынады. Бұл – жас баланың таланты тасқындар алдындағы тырнақалды қадамы болады. Осылайша қой бағып жүрген Кенен жас он үш жасында әйгілі «Бозторғай» әнін шығарды. 

Бозторғай, шырылдайсың жерге түспей,

Мен жүрмін кешке дейін тамақ ішпей.

Ат қылып ақ таяқты қолыма ұстап,

Сандалып қой соңында азар кешке…

Бұл – бала Кененнің бастан өткерген шынайы өмір жолы еді. Өнерпаз бала жастайынан бай туысқандарының қойын бағып жүргенде көкірегін жарып шыққан бұл ән халыққа кеңінен таралып, қазақ пен қырғызға Кененнің әнші ретіндегі даңқын шығарды.

«Бозторғай» әні туралы қазақтың әйгілі жазушысы, өнертанушы ғалым Ақселеу Сейдімбек мынадай пікір білдірген екен: «…Осында Кенен тағдыры ғана емес, Кенен сияқты қой соңында зарлаған мыңдардың тағдыры бар. Демек, Кенен творчествосын өзі өмір сүрген уақыттың көркем шежіресі десе əбден орынды. Ал, арқалы асыл өнерінен замана дəуір шындығы шалқи есіп, бір өзі мыңдардың болмысын білдіріп отыру тек қана дарыны тасқындардың ғана маңдайына жазылған қасиет. Кенен өнерінен сол алғашқы əнінде-ақ адам бақыты үшін күрестің жырын жырлап, сол алғашқы əнінде-ақ əлеуметтік үнінің айқын естілгенін көреміз.» Ахаңның бұл пікірі кешегі кеңестік дәуірде, таптық көзқарас тұрғысынан айтылған дегенімізбен, әлеуметтік теңсіздік мәселесі қай кезеңде де өзекті болып қала беретініне, шын таланттылар ғана өзінің өнері, қабілеті арқылы жарып шығып жарқырайтынына бүгінгі заманда көзіміз анық жетіп отыр.

«Бозторғай» әні осылайша бірден-ақ халықты елең еткізіп, Кенен есімі кең тарай бастайды. Бала Кененнің есімі қазақ-қырғызға бірдей мәлім болып, «Боздаланың бозторғайы» атанады. Бұл лепеге қанаттанған бозбала өзінің өнерін шыңдай түсіп, әндерін бірінен кейін бірін туындатады, өлеңші, әншілігімен бірге, айтыскер ақындығымен, күйшілігімен де елге танымал болады.

Кенен ақынның алғашқы әндерінің бірі – «Көкшолақ». «Көкшолақ» әні де – бозбала Кененнің әзіл-қалжыңмен өрілген, дүйім қазаққа кең таралған, қазіргі күнге дейін орындалып келе жатқан туындыларының бірі. 

Мен өзім – Алатаудың ителгісі,

Қойшының қызға жақсы икемдісі.

Кедейсің деп кемітпе байдың қызы,

Келіп отыр құрбыңның сүйкенгісі.

Кедеймін деп жасымаған, адал еңбегімен отбасын асыраған бозбала адамзат ғұмырының үлкен байлығы жастықтың буымен, тең құрбыларына жігіттік базынасын білдіреді. 

Классик жазушы Сәбит Мұқанов өзінің «Балуан Шолақ» хикаятында Кененнің жастық шағы мен ән мен жырға талпынысы жайында былай деп келтіреді: «Дулат ішіндегі Жаныс көрінеді ғой ол. Жаныстың ішінде Қасқарау. Оның ішінде Сати-Боти. Мекендері Мәтібұлақ көрінеді. Әзірбай деген кедей шал болатын Сатида. Соның қартайған кезінде туыпты ғой бұл бала. Жасынан жетім қап, бай ағайындарының қой-қозысын баққан екен. Ержете аузына жел бітіп, қазір бүкіл Дулаттың атақты ақыны болғанға ұқсайды. Өзі сымбатты да, көрікті жігіт боп өскен. Даусы да керемет өзінің, аққудай сұңқылдайды. Ән де шығарады өзі, өлең де шығарады. Өлеңі онша қырғын емес. Ал енді әні бар ғой, - бұлбұлдың сайрауына бергісіз. Үлгіні кімнен алды екен бұл?»

Қай заманда болмасын, әрбір өнер адамы өз тағдыр жолын өзі жасайды. Өнерімен танылады, бағалатады. Айналасындағы ел ағаларының, дәулетті адамдардың талантымен танылып келе жатқан жастарға қолдау білдіріп, қамқорлыққа алуы, демеушілік жасауы өмірде жиі болатын жағдай. Кененнің өмірінде осындай бетбұрыс жасаған – Еркебай Базарұлы екен. Жасында жетім, кедей болған Еркебай Ақмешіттен орысша оқу оқып келіп, кейіннен елге тұтқа боларлық азаматқа айналады.

Еркебай бай болдың сен мал жимаған,

Тәкәппар төремін деп шалжимаған.

Үлкенге, кішіге де сынық мінез,

Мақтанып асып-тасып дандимаған.

Еркебай туып өскен жерің Қордай,

Атағың шыға келді туған айдай.

Әдейі көрейін деп келдім аңсап,

Баласы Қошқарбайдың мен Шашубай, - 

деп Шашекең жырлағанындай, Еркебайдың болып тұрған шағында Балуан Шолақ, Қажымұқан, Майкөт, т.б. қазақтың белгілі азаматтары сый-құрметін көрген екен. Кененнің жарлы күй кешіп, бірөңкей зарлы әндер шығарып шырқаулы қалпына өзгеріс енгізген – осы Еркебай болады.  

1910 жылдарда Еркебай дейтін болыс Кененнің дабылын есітіп, оны ат жібертіп шақыртып алады. Байдың қойы жайына қалып, Көкшолақты әкесіне мінгізіп, Кенен Еркебай ауылына кетеді. Енді қырық тебінгенде бір елең етпейтін Көкшолақтан басқа атқа да тақымы тиеді (әкесі Әзірбай осы шамада дүниеден қайтып, Кененнің қайда барса да қарайлай қоятын ешнәрсесі болмайды)... ...Еркебайдың қасына ергеннен Кененнің адамшылық қасиетіне де, ақындығына да, әншілігіне де, таптық сезіміне де ешбір нұқсан келмейді. Қайта Еркебайдың шақырту себебімен Кенен мойнындағы қойшылықтың лағнет қамытынан босайды», - деп жазады, Ахмет Жұбанов. 

Сенің ауылың Қордайдың қырқасында,

Менің ауылым жартастың жырасында, Мөртай-ай!

Тал бойыңда тарыдай бір мінің жоқ,

Тоты құстай бұралып тұрасың ба, Мөртай-ай? – 

дегізген, сүйдім-күйдім жалынды жастық шақтың, жігіттіктің базарлы дәуренін бастан кешкен Кенен ақын өмірінің бұл кезеңінен біршама әндер туды. Ғашық болған Мөртай сұлуына қолы жетіп үйлене алмайды. 

Ақын өз ғұмырында екі рет үйленген екен. Алғашқы жары Үлпілдектің үстіне кіші жары Насиха анаға үйленуі турасында ақынның қызы Төрткен Кененқызы «Ақмешіт апталығы» басылымына берген сұхбатында былай деп тарқатқан екен: «Үлпілдек апам үшінші қызы дүниеге келген соң сал ауруына шалдықты. Ұзақ жылдар төсек тартып жатты. Ал, атам бұл кезде 1916 жылы Әли Нұрғожаұлы бастаған Жетісу қазақтарының патшаға қарсы ұлт-азаттық көтерілісіне белсене қатысып жүріпті. Бір жағынан Әли батырдың үгітші ақыны болған. Сөйтіп, өзі түзде, үйдегі шиіттей бала-шағаға қарайтын адам жоқ. Менің анам – Нәсиханы 15-16 жасында әйелдікке алып келіпті. Сол кездері өрімдей қызды әйелдікке алды деп үстінен құлаш-құлаш арыз жазғандар да болыпты. Ал, Үлпілдек апам мен Нәсиха анамның бір-біріне деген үлкен сыйластығы – көп отбасы үшін үлкен өнеге. Анам оған бәйбіше деп қабақ шытпай, енесі ретінде құрметтей білген. Ал, 13 жасар қызы қайынсіңлісі, ең кішкентайын өзінің перзенті секілді аялап өсірген. Сөйтіп, бәйбішемен бір шаңырақ астында үш жылдай тату-тәтті ғұмыр кешіп, ол кісіні ақтық сапарға арулап шығарып салған. Ал, әкем менің анаммен елу жылдан астам жұбайлық өмірдің ащысы мен тұщысын бірге өткерді.»

Кенен – өз дәуірінің барша ұлылы-кішілі оқиғаларының бел ортасында жүрген адам. Бұған оның өмір жолы куә болады. Жетісу жерінде 1916 жылғы «Июнь жарлығының» дүмпуі аса зор болғаны белгілі. Кенен де Ырғайты болысындағы Әли Нұрғожаұлы бастаған көтерілісшілер қатарына келіп қосылады. Шілде айының 17-19-ы күндері Көлқамыс бекеті айналасында болған соғыста Кенен ақын көтерілісшілердің ұраншысы болып, патша билігіне қарсы жырларын төгіп, елді ауызбіршілікке, қайрат-жігер көрсетуге шақырады. Жазалаушы әскердің қысымына шыдамаған көтерілісшілер жеңіліс тауып, жаза жүктеп, жазалаудан қашқандар өзге өңірлерге, Қытайға, т.б. қашқанда Кенен ақын Алатаудың күңгейіндегі Қырғыз еліне барып паналайды. Мұнда өзінің ақын, манасшы әріптестерімен бірге біраз уақытты өткізіп елге оралады. Қырғыз елінде жүргенде ол өзі қатысқан көтерілістің басшысына арналған «Әли батыр» поэмасын шығарады.

Ей бұлбұл, сен де бұлбұл мен де бұлбұл,

Қаңғыртқан екеумізді патша құрғыр.

Айрылып ел мен жерден жүрген шақта,

Жұбатып ертелі-кеш сайра да тұр.

Ер жігіт шетте жүрген ел сағынар,

Елден соң туып-ескен жер сағынар,

Туған жер, өскен халқым орның бөлек,

Сыйласар қырғыздан да ер табылар, - 

деген жырлар туған жерден еріксіз бас сауғалап жырақтап жүрген кезде шыққан екен. Елде төңкеріс жүріліп, ақ патша билігінен тайғанда жырақ кеткен халық қайтадан от орнына оралады. 

Елдегі жаңа мизамның ісіне араласып өмір сүріп жатқан Кенен ақынның өмірінде үлкен қайғылы жағдай болады. Ел аралап, ән шырқап өлең айтып жүріп оралғанда тетелес өскен Базар мен Назар атты ұлдары шешек ауруынан қайтыс болады. Ақынға бұл қаза аса ауыр тиеді. Хайуан да болса лағынан айырылып маңырап жүрген ақ ешкінің зар күйі жүрегіндегі ащы күйікті запыранды қозғаған ақын қос ұлына арнаған әйгілі жоқтау әнін шығарады:

Зарланасың ақ ешкі лағыңа, 

Емшегіңнен емізген шырағыңа.

Кел екеуміз қосылып бір жылайық,

Жетер ме екен тəңірдің құлағына.

Жалған дүние-ай, салдың күйге,

Омырауымнан үзіліп түсті, екі түйме, ой дүние-ай!

Базарым-ай, Назарым-ай, 

Отбасында күлшашарым, қарағым-ай, ой дүние-ай!

Базарым-ай, Назарым-ай, 

Қу шешектен болды сенің, ажалың-ай, ой дүние-ай!

Кенен өзінің ақындық дарынының арқасында Қазақстанның түпкір-түкпірін аралаумен қатар, кеңестік республикаларда болады. «Кененнің ақындық, әншілік даңқы қазақ-қырғыз аумағынан асып, кешегі одақтық ауқымға жетіп жатты. «Сол 1936 жылы Жамбыл, Кенен, мен, шешем Айманкүлмен төртеуміз Москваға біздің үйден аттандық. «Шалға айран алу керек, шалға сүт алу керек» деп поезд тоқтаған сайын шуласамыз. Сонда Жәкеңнің қамымен жүгіріп жүретін «жасымыздың» бірі Кенекең болатын. Бүл күнде Кенекең сол Москваға декадаға барған сапарымызды ертектей, армандай әңгімелейді», - деп көрнекті ақын Әбділда Тәжібаев «Қандай еді ағалар» атты естелік жазбасында. Құрамында Жамбыл мен Кенен ақындар бар үлкен делегация осы жылдың 17-27 мамыры аралығында Мәскеу қаласында өтетін қазақ әдебиеті мен өнерінің бірінші онкүндігіне атанған сапары еді.

Кенен ақын 1938 жылы ұстазы Жамбылмен бірге Грузияға аттанады. Грузиннің әйгілі ақыны Шота Руставелидің «Жолбарыс терісін жамылған батыр» поэмасының 750 жылдығына арналған мерекеге қатысып, «Шота тойына» атты термесін арнайды. Ақын өзінің жырында елдің жырын жырлап, мұңын мұңдаған ақынның ешқашан тарих бетінен өшпейтінін, халқымен бірге жасай беретінін айтады:

Күн ұядан батар ма,

Күміс жерде жатар ма,

Көп үшін айтқан өлеңі,

Ел сүймесе айтар ма?

Ай қиядан батар ма?

Алтын жерде жатар ма?

Айтқан сөзі жақпаса,

Әлем сүйіп айтар ма?

Шолпан көкте батар ма,

Жыр көкейге қонбаса,

Жыршы шырқап айтар ма?

Бұдан өзге, 1949 жылы совет әдебиетінің Мәскеудегі онкүндігіне, 1958 жылы Мәскеуде болған қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігіне, 1960 жылы Мәскеуде өткен дүниежүзілік шығыс зерттеу конгресіне қатысады.

Қазақтың ірі эпостарын жырлаушы, өзі де эпик ақын, әнші, сазгер Кенен Әзірбаевтың шығармашылық мұрасы жайында әйгілі композитор, КСРО Халық артисі Еркеғали Рахмадиев «Тас бұлақтай өнер» атты мақаласында былай деп көрсетеді: «Сал-серілерге тән өмір сүйгіштік, көпшіл қасиет Кенекеңнің өнерінен де тебіндеп тұратын. Ол – алғашқы әні «Бозторғайдан» бастап, кейінгі әндерінің бірі «Тыңға сапарға» шейін ұласып жатыр.

«Қазір Кенекеңнің бізге 120 әні, 11 күйі белгілі. Әрине бұл ән-күйлердің ішінде өз уақытында өз жүгін көтеріп, қазір өнер сұранымы үшін тек деректемелік мәнге көшкендері де бар шығар. Мейлі, соншама дүниенің ішінара қайсыбірі кезеңдік ғана шығармалар болған күнде де, ол туындыларды бір ғана сипатының өзімен-ақ бүгінгі творчестволық жастарымызға үлгі-өнеге етуге болады. Өйткені, тағы да қайталап айтамын, ол ән-күйлер уақыт талабын кезінде қара нардай қайыспай көтере алған айтулы туындылар еді.»

Әр түрлі тақырыптағы өлеңдерге қоса, «Құдалар», «Қырғызбай», «Әли батыр», «Ер Төстік», «Кенебай мен Кербез сұлу», «Еркебайдың ауылы» тәрізді тамаша дастандар шығарған ақынның рухани мұрасы аса бай. Кенен өлеңдерінде бұрынғы-соңды халықтық дәстүрдегі ақындарға тән дидактикалық сарын басым. Қазақтың «қайын жұртың міншіл, өз жұртың күншіл, нағашы жұртың сыншыл» дейтін тұжырымын Кенен ақын өз толғау жырында былайша нақтылай түседі:

Өз елің өлсең жылар, күндеп өтер,

Қайын-жұртың қалжыңдап мінеп өтер.

Нағашың сыйлайды да, сынайды да,

Жақсы болсаң түп жұртың іздеп жетер.

Мұндай дамыта, түрлендіре жырлау – Кенен ақынның шығармашылығына тән.

Өзінің ұстазы, Жамбыл жырау сияқты, Кенекең де сексеннің сеңгірінен асып, тоқсанның тепсеңіне шықса да кәрілікке бойын балап, өлең-сөзден қалып көрмеген қалпы өткен екен. Сексен жасқа шыққанда қарт ақын:

Толдым биыл сексенге,

Тай үйретем тепсеңге.

Екі Кенен тумайды,

Алатауға ексең де, - 

деп өнермен, өлеңмен өрілген өмірінде қарттықа еш бой алдырмайтын дегдар қалпын, елге қадірлі қайталанбас талантын танытады.

Қазақстанның халық ақыны, сазгер, ҚР еңбек сіңірген өнер қайраткері, КСРО Жазушылар одағы мен Композиторлар одағының мүшесі Кенен Әзірбаев 1976 жылы 12 сәуірде 92 жасында туған өлкесі Сұлутөрдің етегінде, Қордайдың баурайында өмірден өтеді. Ақынның Төрткен, Көркемжан, Бақытжан, Ақтамақ, Ақбілек атты ұл-қыздарынан тараған ұрпақтар өсіп-өніп, терең тамырлы мәуелі бәйтерекке айналған. Қос ұлынан айырылып қайғыдан қан жұтқандағы өксікті зары «Базар-Назардан» бастап, егде тартқанда көрген ұлы Көркемжан ержетіп, келін түсіргенде, жол сұрап алып өзі беташар ретінде шығарған «Келінжанға» дейінгі әрбір әні – бір адамның тағдырындағы ғажайып тұнған аңыз болған, сол үшін де барша қазақ жанына жақын тартып, әндерін әр кез шырқаумен келе жатқан ерек шығармашыл абыздың есімі туған халқымен бірге мәңгі жасай берері сөзсіз.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар