Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СӨЗ ДАУЫСЫ
Дулат өлеңдерінің ерекшелігі...

04.02.2014 5503

Дулат өлеңдерінің ерекшелігі 12+

Дулат өлеңдерінің ерекшелігі - adebiportal.kz

Дулат - жыраулық мектептен шығып, ақындық мектепті күшейткен суреткер. Бұл - жыраулықтың төмендігінен, әлсіздігінен емес, заман талабынан туған бетбұрыс. 19 ғасырдағы қазақ поэзиясы үшін енді өлең арқылы ақыл-насихат дидактикалық сипат пен заман, қоғам, адам туралы жалпы философиялық толғаныстар аздық етеді. Еңдігі жердегі поэзиядан нақтылыққа көшіп, заманға ілесіп отыру, жалпы насихаттан гөрі сынау, күйіну, сүйіну сияқты нақты суреттерге бару талап етіледі. Дулатты кейде, тіпті, жырау деп атағанымен және сырт қарағанда өлең-жырлары 7-8 буынды жыр өлшемімен келгенімен, ол жырау емес, ақын. Өйткені, құрылымдық және тақырыптық бітімі жағынан Дулаттың өлеңдері бұрынғы жырауларды былай қойғанда, тіпті кешегі Бұхар толғауларынан, одан қалды езімен тұстас ақындардың туындыларынан мүлде өзгеше құрылған дүниелер. Жазба поэзияның өлең әдісі ауызша дамыған өлең-жырлардан ерекшеленетін болса, сол өзгешеліктің бірі - шығарманың белгілі мақсатпен ажыратылатын ірі бөліктерге, ғылым тілімен айтқанда, шоғыр (тирада) дегендерге бөлінуі. Әр бөлік бір шағын идеяны (тақырыпты) білдіруі шарт, сонымен қатар әр бөлікті шоғыр етіп тұратын құрылымдық белгілері болуы қажет. Шоғырлардың тармақ сандары біркелкі болмайды және әр шоғырдың соңғы жолындағы ұйқас өзге шоғырлардың ең соңғы жолындағы ұйқаспен бірдей түсіп, сол елеңді тұтас дүние етіп құрастырып тұруы керек. Демек, өлеңдегі шумақ пен шоғырды шатастыруға болмайды: шумақ - қазақ поэзиясы құрылымында бұрыннан бар тәсіл, оның тармақ сандары біркелкі болады. Өлеңді шоғырларға бөліп құрастыру тәсілі қазақтың ауызша дамыған өлең-жырларыңда жоқ. Ол - жазба әдебиетке тән өлең құрылымы. Бұл құрылым қазақ поэзиясында Дулаттан басталады. Ақынның «Тегімді менің сұрасаң» деп басталатын өлеңі 6 шоғырдан тұрады. 1- шоғыр:

«Тегімді менің сұрасаң,
Қалың найман нуынан.
Жырымды менің сұрасаң,
Сары алтынның буынан.
Сырымды менің сұрасаң,
Тұманың тұнық суынан.
Кеудеме қайғы толған соң,
Тұнық жырмен жуынам.
Сорғалаған нөсердей Жырын тыңда ДУЛАТТЫҢ...»

Мұндағы тақырып - ақынды таныстыру, алдыңғы 8 тармақ екі-екіден бөлініп, өзара ұйқасқан (нуынан, буынан, суынан), ең соңғы 10 тармақ жоғарғы ұйқастан тыс Дулаттың деген сөзбен аяқталады. Келесі 6 жол бір шоғыр, мұндағы тақырып - жырын тыңдауға шақырған ақынның қандай екендігін таныстыру, бұл шоғырдың өз ішінде «ағызып, тамызып, тойында, ойында» деген ұйқастары бар, ең соңғы жолы «Дулаттың» деген сөзбен аяқталады да, алдыңғы шоғырдың соңғы тармағымен ұйқасады. Алты жолдық 3-шоғыр да ақындық қуатты танытуға арналған. 4-шоғыр осы ақындық қуатты неге, кімге жұмсайтынын білдіреді, соңғы тармағы «улаттым» деген сөзді ұйқасқа шығарады. 5, 6-шоғырлар да осылайша әрқайсысы бір-бір шағын идеяны сез етіп, ең соңғы тармақтары арқылы өзара ұйқасады. Сөйтіп, алты шоғыр бір ұйқасқа құрылып, елең тұтастығын құрайды. Бұл - нағыз жазба поэзия үдесінен шыққан композиция. Дулаттың едәуір шығармасы осындай құрылыммен ұсынылған. Бұл тәсілдің алғашқы көрінісі Дулаттан басталса, оны жүйеге айналдырып, әрі қарай бекіткен Абай екенін білеміз. Жоғары дамыған поэзияның басты белгілерінің бірі - поэтик. образдар жүйесінің әр сипатты, алуан түрлі болып келетіндігі. Поэтик., образдар жасаудың тілдік механизмі, яғни образдың тіл арқылы берілуі де Дулатта дағдыдан тыс, жаңа түрлерімен көрінеді. Мысалы, мағыналары жағынан бір-бірімен тіркеспейтін сөздер болады. Айталық, дерексіз (абстракт) ұғым атауы мен деректі (нақты) заттардың немесе адам мен жан-жануарларға тән сын-сипат пен іс-қимыл атаулары бір-біріне жуыспауы керек. Ал көркем әдебиетте, оның ішінде поэзия тілінде образ жасау үстінде мұндай мағыналық кереғар сездерді тіркестіру - ұтымды көркемдеуші амалдардың бірі болып саналады. Мысалы, Абай «жүрегім менің қырық жамау қиянатшыл дүниеден» дегенінде ауылдары алшақ сөздерден «қырық жамау жүрек», «қиянатшыл дүние» деген соны тіркестер жасаған. Бұл тіркестерді құрап тұрған сөздер тіркесімдік қасиеттері бір-біріне жуыспайтын элементтер: қырық жамау не киім, не төсек-орын болса керек, ал бүл жердегі жүрек сөзі «көңіл, сана-сезім» мағынасында түр, демек, дерексіз ұғым атауы. Соған қарамастан бұлар тіркесіп, «кеп қапа шеккен, зар илеген көңілім, ішкі дүнием» дегеннің соны образын жасауға жұмсалған. «Қиянатшыл дүние» де осы іспеттес. Қиянатшыл адам болса керек еді, бірақ, Абайдың дүниесі қиянатшыл сипатқа ие болып түр. Міне, осы тәсілді кепке дейін Абайға орыс әдеби тілінің әсерінен пайда болған тың амал деп келдік, өйткені бүл 19 ғасырдағы орыс поэзиясында кеңінен өріс алған ұтымды тәсілдердің бірі болғаны аян. А. С. Пушкин, М. Ю. Лермонтовтарды оқып, игеріп, оларды аударуға барған Абайдың назарына, әрине, орыс тілінің көркемдеу амалдары ілігуі мүмкін. Бірақ дәл осы тұста Абайға орыс көркем сөзі емес, қазақтың төл поэзиясының тілі үлгі болған. Ілгерірек уақыттардағы ақын-жыраулар тілінде бүл амал ара-тұра кездесетін болса, 19 ғасыр ақындарында едеуір жандана бастайды. Әсіресе Дулат өлеңдерінен әділетке шелдеу, жырмен жуыну («Кеудеме қайғы толған соң, Тұнық жырмен жуынам»), арманды төгу («Күндіз күлкі бермеген. Түнде ұйқы бермеген. Көзінен төкті арманды»), «жетімдіктің белі», «көңілдің құтысы» сияқты тіркестердің сонылығы осылар қатысқан өлең жолдарының экспрессиясын (әсерін) күшейтіп, бұрын айтылмаған тың образдар жасап түр. Мысалы, «Әкеңнің айтқан аз сөзін «Құтысына көңіліңнің Төгіп алма, дәлдеп қүй» деген жолдарында ақын «көңілдің құтысы, ақылды құтыға құю» деген тіркестерді «қиыннан қиыстырады», өйткені бұлардағы сөздер «түтіні бөлек» дүниелер: құты - нақты зат, сауыт, ал көңіл қолмен ұстап, көзбен керіп, құтыға салуға болатын нақты зат емес, соңдай-ақ оны суша, сүт ше құюға да болмайды. Бірақ поэтика, яғни өлең тілі бұлайша «норма бұзуға» бара алады. Көркемдеу тәсілдерін іздеу, оларды құбылтып отыру - асқан зор талант иесінің, қас шебердің, үлкен ақынның арқалайтын жүктерінің бірі. Жалпы өлең сөздің, оның ішіңде жазба поэзияның да көркемдік сипатын танытатын тәсілдердің және біреуі - белгілі бір затты, құбылысты, іс-әрекетті бейнелей суреттеп, өзгеше атау болса (оны ғылымда перифраздар деп атайды), мұнда да ақынның тапқырлық, әр нәрсенің қыр-сырын танушылық қабілеті күшті болмаққа керек. Бұл орайда да Дулат ақынның сөз құдіретін танушылық қасиетіне тәнтіміз. Мысалы, өткен ғасырдың орта тұсындағы қазақ қауымының мәдени-әлеум. күй-жағдайын бейнелейді:

«Толқынды теңіз заманнан, Сенімді кеме болмаса, Жел қайықпен өтер ме?»

- деп, қалтылдаған қайыққа теңейді. Теңеу, салыстыру дегендер де - қазақ поэзиясы үшін кәнігі, кене көркемдеу амалдары. Дулат пен Абай сияқты ақындардағы қазақ құлағы үшін тосын теңеулер мен метафоралар да ақындық таланттың күшін танытады.[2] Мысалы, Дулаттың:

«Күнәм жойқын, тәубем аз, Тіршіліктен не таптым! Дүние - жемтік, мен - төбет, Соны бақпай, не бақтым? Ырылдасып, әркіммен Не қапқыздым, не қаптым...» -

деген өлең жолдарындағы теңеулер мүлде тың. Бұрын жалған дүние, алдамшы дүние, қайран дүние деп сипаттап келгенмен, дүниені жемтікке балау - қазақтың наным-сеніміне жат түсінік, ал ақынды сол жемтікті аңдыған төбетке теңеу тіпті шендестіруді «бастан асырып жіберу» болып көрінеді. Ойшыл ақын, парасат иесі - төбет бірде өзгелерге өзін қапқызады, бірде өзгелерді өзі қабады. Бұл - өмір шындығы, бірақ сол шындықты суреттеу сипаты соны. Ол ең алдымен өзіне дейін сан ғасыр бойы қазақ қауымының көркемдік-эстетик. қажетін өтеп келген ақын-жыраулар поэзиясының, бай ауыз әдебиетінің барша байлығын шебер, еркін пайдаланған ақын. Мысалы, оның өлеңдеріндегі «тұғырдан түсу», «олжаны ортаға салу», «жағасы сөгілу» сияқты етістікті тіркестер де, «айбарлы ақ орда», «шаншулы найза», «алтын қарғылы арлан», «кең қоныс», «еркін өріс» сияқты эпитетті тіркестер де кәнігі, баршаға ортақ дүниелер. Ақын құдіреті - осыларды орнымен, шебер жарата білгендігінде. Дулат - Абайдың алдында өткен қазақ сез зергерлерінің ішіңдегі ең мықтысы. Дулатты ауызша тарап келген ақын-жыраулар тілі мен Абай бастаған жазба әдеби тілді жалғастырған көпір деп тану қажет.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар