Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СЫН
«Дат, тіршілік, патша-ғұмыр алдияр...»...

10.05.2025 2601

«Дат, тіршілік, патша-ғұмыр алдияр...» 14+

«Дат, тіршілік, патша-ғұмыр алдияр...» - adebiportal.kz

 

«Еркексіз үйде есік болмас

Әйелсіз үйде бесік болмас».

(Халық даналығы)

 

Осы отыз жыл уақытта мәдениетке қатысты жоғалтып алған дүниеміздің бірі талғам мәселесі еді. Сол ұғымның қызғыштай қорғаушысының бірі – кәсіби әдебиет. Біз қайта-қайта айта беретін жоғары талғам, жетілген жазу жайына келгенде Жұмекен Нәжімеденов поэзиясы қашанда алдымыздан шығады. Басқаны қайдам, дәл осы кәсіби әдебиет үшін  көп дәріптелуге тиіс қаламгер Жұмекен Нәжімеденов болуы керек деп есептеймін.

Соғыс немесе көмескі сөздердің мәні мен мағынасы туралы...

 

Соғыс тақырыбын сөз еткенде Жұмекен Нәжімеденовтің «Келін» поэмасын аттап өту арға сын болар еді. Ілгеріде оқыған осы бір шығарманы кейінгі күндері тағы бір ыждаһатпен оқып шығып, қайран қалдым.  Шынымен-ақ, щедевр поэма. Біз бұл ғажайып туынды хақында төменде арнайы тоқталатын боламыз. Қош... Сонымен, соғыс мәселесін сөз еткенде майдан қасіретіне қатысты мына бір мәселелерді де оқырман қаперіне сала кетсек пе дейміз. Осы жерде өрмекші сілекейіндей көзге көрінер-көрінбес өте бір нәзік мәселелелер  бар. Айталық, соғыстың басталуынан  небары үш жыл бұрын (1938 жылы) өзінің ұлт қайраткерлерінің көбінен айырылған халықтың  қан жүрегі шер мен налаға толы-тұғын. Солай десек те Алаш идеясы әр қазақ жүрегіне жол тартып, жайылып үлгерді десек асылық айтпас едік. Мысалы, Орталық Қазақстанда (Қарағандыда)  1941 жылы мектепті енді ғана бітірген өрімдей жастар арасында ЕСЕП (Елін сүйген ерлер партиясы) деген ұйым құрылды. Жап-жас жігіттердің бұл бастамалары, шынымен-ақ, адам таңданарлық. Ұйымның төрағасы Бүркіт Ысқақов болса, орынбасары Махмұт Теміров деген бозбала болды.  Мен осы Махмұт ақсақалды 2009 жылы Астанада «Жаңа Сарыарқа» журналының редакциясында кездестірдім. Кейін түскен үйіне  арнайы іздеп барып  біршама әңгімелерін үнтаспаға жазып та алдым. Сол кездесуде ақсақал былай деп әңгімесін бастады. 

«1940-1941 оқу жылында Қарағанды облысы Нұра ауданындағы Казгородок (қазіргі Кертінді) ауылындағы орта мектепті бітірген бір топ оқушы Қарағандыдағы екі жылдық оқытушылар институтына келіп оқуға түстік. Институтта біздерге қазақ әдебиетінен Айтбай Нарешев деген ғажайып білімді жан дәріс оқыды.  Бірде ұстазымыз сырқаттанып қалып институтқа келмеген соң, Бүркіт екеуіміз үйіне арнайы іздеп бардық. Төсек тартып жатып қалыпты. Амандық-саулық сұрасқаннан кейін інісі Рамазанға кітап сөрелерінен 1-2 кітап алғызып берді. Үйіндегі қаз-қатар кітаптардың молдығын көріп Бүркіт екеуіміздің есіміз шықты. Бір қызығы, ашық тұрған кітап сөрелерінің қасында ауызына құлып салынған көне бір сандық тұрды. Оны ашып қарауға еш рұқсат бермеді. Кейін де ағаның үйіне жиі барып жүрдік. Бірде ұстазымыздың  үйде жоқ екенін пайдаланып, інісі Рамазанға жалынып-жалпайып жүріп әлгі сандықты аштырып көрсек, іші толған «халық жауларының» еңбегі екен. Ахмет Байтұрсыновтың «Қырық мысалы» мен Міржақып Дулатовтың «Оян, қазақ!» сияқты кітаптарын біз осы жерден ұшыраттық.  Осылайша алаш ақындары мен олардың идеясы жайында ептеп мағлұмат ала бастадық. Бұл жағдай бізді өте тез есейтіп жіберді десек те болады. Енді дәл осы «Алаш» партиясы сияқты халықты сүйетін, халық үшін қызмет қылатын жаңа партия құрсақ деп армандай бастадық. Әуелі атын «Жас алаш» немесе «Жас қазақ» деп атамақ та болдық. Ақыры екеуара ақылдаса отырып партиямыздың атауын «Елін сүйген ерлер партиясы», қысқартып айтқанда «ЕСЕП» деп атағанды бірауыздан мақұл көрдік. Бұл 1941 жылдың ақпан айының түгесілер  мезеті-тұғын...». 

Әрине, мұндай қатерлі бастамаға бей-жай қарап отыратын қызылдар ма? Алаштан қуат алған бұл бұлқыныс та өз мәресіне жетпей жол ортада мертігіп тынды. Ең өкініштісі, «ЕСЕП»-тің ұйымында болған осы бір көкөрім жастардың  алды төрт, арты он жылға сотталды.  Ал ұйымның негізгі төрағасы Бүркіт Ысқақов пен оның орынбасары Махмұт Теміровты 1951 жылдың 14-15 маусымында Жоғары сот РСФСР қылмыстық істер кодексі 58-бабының 10-11- тармақтары бойынша 25 жылға соттап, қосымша 5 жыл бойы азаматтық құқығынан айыру туралы қатал үкім шығарады. 1953 жылы Сталин өліп, кейін Коммунистік партияның XX съезі «Жеке басқа табынушылық және оның зардаптары» жайлы мәселенің қозғалу негізінде әлгі қос азамат 1956 жылы түрмеден  аман-сау босап шығады. Дәл осы «ЕСЕП» партиясының кейіннен тас-талқан болған тағдыры жайлы оқығанда төбе шашың тікірейіп кетеді. Қандай қатыгез шешімдер шіркін… Мұны енді бір деп қойыңыз. 

Енді алаш идеясынан тамыр тартқан тағы бір ұйым жайында айтайын. Дәл осы 1941 жылы Батыс Қазақстанның Жалпақтал ауылында жастар арасында «Қазақ халқын қорғау одағы» деген жасырын ұйым құрылады. Олар 1939-40 жылдары Кеңес үкіметіне қарсы ел арасына жасырын үндеу парақтар таратып, халықты азаттық үшін күреске шақырған. Тарихи деректерге жүгінсек, ұйымының 14 мүшесі болған. 

Негізгі жетекшісі Ғұбайдолла (Ғұбаш)  Көшеков. Небары жиырма жасында қыршынынан қиылған осы бір алғадай  азаматтың артында «Қарап жатпа» деген поэма қалған деседі... Ақын онда қатарластарын ел жолында ерлікке шақырып былай дейді.

...Көз алдымда жоқ болып таныстарым

Кетті қанша атылып арыстарым?

Бірігейік, жігіттер, бір ұйымға

Жалғыз өзім жөн болмас алысқаным.

Осылайша 1941 жылы  НКВД-ның құрығына түскен өрімдей бір топ жас  Орал түрмесінде қатты азап шегеді. 1943 жылы  КСРО Ішкі істер халық комиссариатының жергілікті айырықша «үштігінің» жедел шешімімен ұйым жетекшісі Ғұбайдолла (Ғұбаш) Көшеков  бірден ату жазасына кесіледі.  Қалған 13 мүшесі 20 жылға сотталып, соның ішінде тек Сәтқали Молдағалиев ғана түрмеден тірі оралған екен. Ұйым жетекшісі Ғұбайдолла Көшеков араға аттай елу жыл салып тек 1993 жылы ҚР Бас прократурасының қаулысымен толыққанды ақталған. 

Бұл қос қамырық мысалды жіпке тізіп отыруымыздың мәнісі үлкен. Енді сол сырдың түйінін шама-шарқымыз жеткенше тарқатып көрсек дейміз. Мысалы, біз жоғарыда сөз еткен «ЕСЕП» партиясының негізін қалаған Бүркіт Ысқақов та өз еркімен майданға барған. Неге? 

Кеңес Одағын өлердей жақсы көріп, жаны ашығаннан аттанды дейсіз бе? Осы жерде аңдаған адамға амалсыздық пен шарасыздықтың да себебі жатқанға ұқсайды. Алаштың «таты» жұғып артына қоңырау ілінген бұл жандардың аты-жөні де қара тізімнің басында тұрды. Бұған бір басың ғана емес, мұқым әулетіңнің тағдырын ту талақай еткен кешегі  «халық жауының» тұқымы деген тағы бір аяр атауды қосыңыз. Күні-түні кеудеңді қарыған бұл атаудан  құтылудың жолы еш оңай емес еді. Қос бүйірден шаншудай қадалған осы қасіреттен қалайша енді құлантаза құтылуға болады? 

Сол кезде ел арасында  «халық жауының» баласы қан майданға аттанса айыбы кешіріледі екен» деген сөздер де болған деседі.  Байқап қарасақ,  бұл қарыз басқа емес, тек қанмен мен ғана қайтарылатын тәрізді. Жапон пәлсапасына салсақ, кәдімгі камикадзилік таңдау... 

Міне, 19 жасар өрімдей Мәншүк Мәметованың әкесі Ахметті «халық жауы» жаласынан ақтап алу үшін қан майданға қайта-қайта сұранып жүруінің мәнісі де осы-тұғын.  Әрине, бұл жалпы жамиғат білетін көп шындықтың  бергі беті ғана ғой. Біз бұл тізімге сталиндік қуғын-сүргінге ұшыраған, кешегі  «халық жауының» балалары Бейімбет ұлы Әукенді, Біләл Сүлеевтің ұлы Жәнібекті,  Барлыбек Сырттанұлының бел баласы Дәрібекті, Мұха­медхан Сейітқұлұлының перзенті Мәулетханды,  Қошқарбайдың ұлы әйгілі Рахымжан Қошқарбаевты да жатқызар едік. Ал енді  әлгі алаштың азаттық идеясын «жұқтырып»  артына қатерлі қоңырау ілінгендер сапына  Бүркіт Ысқақов пен Абдолла Жұмағалиевті, сол секілді соғыста саналы түрде қолға (пленге) түсіп бір ғұмырын жат жерде өткізген Мәулекеш Қайбалдин секілді боздақтарды да қосар едік. Кейде басыңа мынадай бір ой келеді.

Осы Рейхстаг төбесіне ту тігіп ерен ерлік көрсеткен Рахымжан Қошқарбаевқа батыр атағы басқа емес, дәл осы «халық жауының» баласы болғаны үшін берілмеді ме екен деген.  «Бір кем дүние» деген. Бәрі де мүмкін ғой енді…

 

***

Тарихта тәбәрікке жүретін бір  ғана өлшем бар. Ол – сөз. Біз сөз арқылы сол халықтың бұдан бұрын қалай өмір сүргенін, немен тыныстағанын ептеп түсіне аламыз. Сөзге қаза жоқ. Керек десеңіз, таудың да таусылып кеткен мезеттері болған. Сонымен өзгермейтін бір ғана нәрсе болса, ол сөз дер едік. Мұны не үшін айтып отыр дейсіз ғой?

Мәселен, тым ілкідегі мүйізтұмсық жануары қазіргі біздің мекенде еш кездеспейді. Бірақ бұл жануар біздің топырақта болмады дегенді білдірмейді. Қазақ «Піл ауыр ма, зіл ауыр ма» дейді. Бұл жерде бұрнағы бабаларымыздың  «зіл» деп бүгінгі мүйізтұмсықты айтып отырғаны анық. Әрине, бұл тым ілкідегі сөз. Көне соқпаққа түссек, мұндай көп мысалдарға жолығарымыз анық. Біздегі мақсат  көне соқпаққа түсіп көмескі сөздерді аршу емес, бұдан бір ғасыр бедерінде пайда болған мына  сөздердің мән-мағнасына аз-кем аялдай кетсек дейміз. 

Айталық, «Аштан өлген адамның моласы жоқ» дейді. Әр оқиғадан екшеліп ел жадысында жәдігер сөз қалатынын ескерек, дәл осы бір сөз XX ғасырдың еншісіне тиесілі. Рас, кешегі аштықтан қынадай қырылған ата-бабаларымыздың  мүрделері шашылып сай-сайлада қалса, олардың моласы, шынымен-ақ, қайдан болсын. «Арпа бидай ас екен, алтын күміс тас екен» дейді тағы бір сөз. Бұл да аштықтың азабы тудырған алапат сөз. Қазақты ақсөңке сүйекпен бояған, кешегі мешін жылдың кей естеліктеріне назар қойсақ, көмусіз қалған сол көп өліктердің жанқалтасында тайтұяқ алтын мен күміс жанбылардың болғандығы айтылады. Аштықтан өзегі талған жанға араша болып, еш пайдасы тимеген әлгі алтын мен күмісті «тас» демегенде қайтетін едік.

Енді тарих парағына екінші дүниежүзілік соғыс деп енген 1941 жылдың  лаңына қарай келейік. Бұдан да бір түйір лепес жеткен. «Шандыр да болса шайнайық, шал да болса ойнайық». Біздің мақала басында эпиграфқа алған «Еркексіз үйде есік болмас, Әйелсіз үйде бесік болмас» сөзі де осы бір трагедияның  ащы тәпсірі сынды. Қандай шегі мен шеті жоқ қамырық тағдыр еді...

Мұны көрнекті жазушы Оралхан Бөкей де өзінің  «Қар қызы» повесінде жеріне жеткізе отырып жазған болатын. Шығарма кейіпкері Аманжанның ауызымен айтылатын «Ұрлықтан тапқан ұрпақтармыз» дегені көп дүниенің көбесін сөгеді. Ал төмендегі мына диалог сол «ұрлықтың» төбесінен түскен нағыз шындықтың өзі емес пе?

« – Айтыңдаршы, әкеміз соғысқа қай жылы кетті?

Екеуі бірдей жарыса: – 1942 жылдың күзінде – деді.

Нұржан: – Өте жақсы. Ал қара қағаз қашан келді?

Екеуі бірдей жарыса: – 1943 жылдың қысында... Сталинград түбінде ерлікпен қаза тауыпты.

Нұржан: – Өте жақсы. Ал енді біздер дүниеге қашан келдік?

Аманжан нарын сықырлата қозғап, маңдайын уқалады. Бақытжан өп-өтірік жөтелді. Бәлкім, ұялғандығы болар. Неменеге ұялады екен?».

Рас, неменеге ұялады екен. Ұялса, пәлен миллион халықты жазықсыз жер жастандырып, қанға бөктерген Сталин мен Гитлер ұялсын. Бұл аз десеңіз, өмірдің өзі  ұялсын. Бұл үшін қорғансыз әйелдің қандай жазығы бар?

Мінекей, біз індетпек дүние де енді осы жайында болмақ.

 

«Түн ішінде түндей қара шал қақты...»

 

Сонау жылдар еді бұл...

...Жар күзетті күйеуінің есімін.

Түн ішінде түндей қара шал қақты

Кей жесірдің іштен ілген есігін.

Соғыстың трагедиясын осы бір шумақ өлеңнен артық  беру тіпті де мүмкін емес. Біз Жұмекен Нәжімеденовтің бұл туындысын ең биік шығарма сапына қосып отырғанымыз да сол. Рас, поэзия публицистика емес. Ол барлық жайдың бәрін егжей-тегжей түсіндіріп жатпайды, тек ескен желдей ғана емексітіп өтеді. Ал арғы жағын есті оқырманның өз қиялына қалдырады. Бұл поэмада адам арпалысы мен ішкі писихологиясы бәрі-бәрі самаладай жарқырап тұрады. Сол арқылы адам сырының тереңіне бойлайды. Ары қарай өлең жүлгесі былайша сипат алып, баяу дамып отырады...

...Кейде еріксіз ұйып тыңдап қалған-ды

Бұлтаңы көп әзілдерін шалдардың.

Әзіл әсері сол сағатта-ақ кетсе өліп –

Уы ойда қалар еді от болып.

Неге екенін ұқпаса да, жүрді бұл

Сұлтекеңнен өзге шалды жек көріп.

Осы бір сәт тұнып кетіп құлағы,

Жылағысы келді кенет... жылады...

Дәл осы жерде  адам әзілі неге  у орынында қабылданып отыр? 

Себебі бұл тең құрбының өзара жарасымды әзілі емес. Соғыс мамыражай өмірді, сол мамыражай өмірдің мағынасын кіргізген әдемі әзілді,  ең бастысы, тіршіліктің ұлы үйлесімін бұзды. Сол үшін де көкіректегі шер көзге жас болып құйылады. Поэмадағы Сұлтекең деп отырған есім – келіннің қайын атасы. Майданның қасіреті бұл қара шаңырақты да еш айналып өтпеді. «Қара қағаз» қара жерді тепкілеп, Сұлтекеңнің үйіне де жетті кеп» дейді. 

Құдай-ау, кеше ғана кебенек киіп, көз алдыңда аттанған сап-сау  адамды өлді деуге кім қияды? Оны өз көзің көрмей көңілдің сенуі мүмкін бе өзі?

«Қара қағаз» күнде кешке

 қайта-қайта оқылады.

Шал бекініп үндемеске,

Кемпір жылап отырады.

«Ерлікпенен өлді» – дейді?

Мұны өлген соң кім айтпады.

Көздің жасы мөлдірейді,

Көздің жасы тыңайтпады.

Көз жасына малшынды аспан,

Жасқа бөкті сортаң далам.

Мен – жазықсыз тамшы жастан,

Һәм бомбыдан қорқам жаман!.

Рас, мына дөңгелек дүниеде соғыс деген сөзден сұсты ұғымның  болуы мүмкін бе өзі. Жұмекен өзге бір өлеңінде «Жойылсын жалғыз сөз соғыс деген, оқ дауысы мәңгілік жойылсын» деп үкім де шығаратын еді ғой.

...Өзіне-өзі дей ме екен бұл: «бір...шыда!»

Бір сезімнің толқынына тұншыға,

Түні бойы жесір болып ойлап ол,

Келін болып оянатын күн шыға. 

Негізі, дін де, мораль да адам тағдырынан еш биік емес қой. Адам ары тапталған жерде ақыл да, оған айтылатын жұбату сөз де дәрменсіз. Қайыра айтайық, соғыс бүкіл экожүйені,  оның ішінде адам ағзасының әділетін бұзды. Әрине, мұндай жерде құрғақ моральға еш орын жоқ. «Жалғыздық қашанда  құдайға ғана жарасқан». Рас, жалқы жан, жесір әйел  үшін ендігі ғұмыр  «күн» мен «түн» деп екіге бөлінеді. Жұмекеннің  түнді «жесір», күнді «келін» деп ашалап айтып отырғаны да сол. Түн – нала көңіл мен көп құпияның куәгері. Шындықты адамның өз тағдыры тудырады десек, ендігі таңдау да оның өз еркіне айналады. «Басқа түссе баспақшыл» дейді. Мұны біз, сірәда, түсінбейміз. Бір білетінім, қиямет пен ақырзаман да сол ғаріп жанның басында. Бұл жерде біреудің көзқарасы мен мораль еш жоралғыға жүрмейді. Сонымен Жұмекен біз ойлағандай әнұранның ғана емес, әйел шындығының да авторы.

Енді төмендегі өлең шумағына зер салсақ, соғыстан жан иесі тұрмақ, топырақ та шаршаған екен. «Қара қағаздың» күйігі өртеген мұншама жанның  наласын көтеріп тұруға қара жер қалай шыдады деші. Бұл жерде табиғатта та қаралы  ана есебінде. Оны ақын былайша баяндайды. 

Кештіғұрым, қырға шығып ең биік,

Әлдеқайда қарайтын ол ербиіп.

Сол бір сәтте... табанында ананың

Дөңбекшіген шығар, бәлкім, Жер күйіп?..

Сонымен поэманың соңына да келген секілдіміз. Не нәрсені болсын түпкі нәтжесімен ғана шын бағалауға болады. Жесір жылап, жер дөңбекшіген мұндай алапат қасіретті «біз жеңдік» деп зор пафоспен айту бүгінде қалай болар екен? Тоғызыншы мамыр жеңіс күні ма сонда? Бәрі де керісінше...біздің ше соғыста ешқандай жеңімпаз жоқ.

«Дат, тіршілік, патша-ғұмыр алдияр» дейді ақын поэманың ақырласар сәтіне жақын. Ал осымен бәрі де бітті, тәмам дейік.

Сонымен соғыстан шығатын қағида мен қисын қайсы?  Ең бастысы, соғыс жап-жас өрендердің жүрегін беріштендіріп, көңілін қарайтты. Адамға адам өлтіруді үйретті. Енді айтыңызшы, беріштенген сол «қара көңілден» мына ғұмырға қандай жарық нұр тарауы мүмкін. Соғыс кісі өлтіруді батырлық, отансүйгіштік қағидаларымен тәпсірледі. Ол, ол ма, аяусыз адам қанын төккендерді дәріптеп жоғары даңққа бөледі. Олардың есімдері ең үлкен даңғылдар мен көшелерге берілді.  Бұл – кешегі кеңестік логика.

Кешірерсіз, мен осы логиканы әлі де түсінбеймін. Мұны барып тұрған манипуляция, айналып келгенде, бұл адам өлтіруді ақтап алу, соған риясыз қол шапалақтауымыз деп түсінемін. Біз кешегі судай аққан жазықсыз қаннан қандай да бір қорытынды шығара алмадық. Содан шығар, ар мен ұжданның соты  мылтық пен майданға келгенде әлі де дәрменсіз, ал адамгершілік пен гуманизм әлгі қағынған «шалдар» күндіз ғана  атын тергейтін Жұмекеннің «Келіні» тәрізді. 

Дат – тілегің тапталып, жаның ауырғанда сұралатын сауға сөз болса керек.

 Ақ қағазды пайдаланып біз де ар алдында арзу сөз айтсақ дедік...

«Дат, тіршілік, патша-ғұмыр алдияр...». 

 


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар