Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
РИЯСЫЗ ӘҢГІМЕ
Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар......

16.08.2024 2663

Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар... 12+

Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар... - adebiportal.kz

Той – кешегі қазақтың қазынасы болды ма, жоқ па, ол жағы беймәлім. Шындығы – бүгінгі қазақтың қазынасы емес. Бұл – күнделікті өмірден алынған қорытынды. Бұған келісуге де, келіспеуге де сан түрлі дәйектер табылатын шығар. 

Қазіргі күні тойшылдық мәселесі қоғамда қызу талқыланып жүр. Осыған қатысты жұртшылықтың да пікірі екіге бөлінгенін көреміз.

Тойға қарсы еместердің басты уәжі: «Той – елдегі берекелі тірліктің, бейбіт өмірдегі қуаныштың көрінісі емес пе? Мынау бес күндік жалғанда көңіл жетер ағайын-туысты, көрші-көлемді, ұжымдас-сыйластарды жинап, жиған-тергеніңді қуанышқа жұмсап тойлатудың не әбестігі бар? Қазақтың тойы бітпесін!» Дұрыс әрине.

Тойға сын көзбен қарайтындардың уәжі: «Той болмасын демейміз, той болсын. Бірақ осы заманда жалған намысқа тырысып орынсыз тыраштанып, қарызға батып той істеудің не қажеті бар? Қазақтан өзге ашылып-шашылып той істеп жатқан қай халық бар? Мұны ойлану, ретке келтіру қажет!»

Бұған қоса, қазақ қоғамындағы тойға қатысты үлкендер мен жастар арасындағы көзқарас та біршама алшақ. Үлкендердің көбінесе «отқа қарап отырған жоқпыз, ұят болады» немесе «оның тойына, шай қарыз едім» дейтін уәждеріне жастар шамасы келсе көнбеуге пейіл. Шынымен де оларды да түсінуге болады. Шағын, орта дәулеттінің үйлену тойына шығындалған қаржысы екі жастың баспаналы болуына, оқуына т.б. жұмсалса қандай игілікті болар еді деген ой ғой. «Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар». Ең жаманы – қазақтың тойы мақтангершілікке жақын тұратындығында ғой.

Дәстүр демекші, қазақтың өзгеше мінезі туралы жиырма төртінші қара сөзінде хакім Абайдың айтатыны бар ғой: «Біздің қазақтың достығы, дұшпандығы, мақтаны, мықтылығы, мал іздеуі, өнер іздеуі, жұрт тануы ешбір халыққа ұқсамайды...» Осы сөйлемдегі жеті түрлі бағыттың әрқайсысы туралы қаншама дүние айтуға болады. Мүмкін кейбіреуіне қазіргі көптеген жағдай тұрғысында мысал келтіріп, уәж айтуға да болатын шығар. Дегенмен Абай осы сөзді айтқанға дейін де, одан бергі кезеңде де ешбір өзгеріссіз келе жатқан мінез – сірә да мақтангершілік болар.

Аграрлы-индустриалдық Патшалық Ресейдің мешеу түкпірінде жатқан Абай заманындағы қазақ қоғамы мен қазіргі Қазақстанның арасында жер мен көктей болмаса да, тау мен төбедей айырмашылық бары анық. Дегенмен өзгермеген – мақтангер тойшылдық екен. 

Біздіңше, тойдың әр дәуірдегі мақсаты әртүрлі болған. Сонау ерте замандарда ас пен той – ұшы-қиырсыз кең далада тірлік кешкен көшпелі халықтың бір-бірімен жиі араласып, табысып-танысып тұруының берік механизмі болған. Бұған аты мен дәті жеткен ғана баратын болған. Сондықтан да атам қазақ – «той тондыныкі, ас – аттыныкі» деген. Мұндай той-жиындарда рулардың және оларды билеушілердің қоғамдағы орны, бедел-билігі айқындалып отырған.

Қазақ халқы орыс пен шүршіттің боданына айналған, яғни Абайдың арғы-бергі заманында тойшылдықтың деңгейі арта түспесе, кемімеген. Тойдың бұрынғы ел мен жерді тұтастандыру, бірлікті бекемдеу сипаты бұл кезде «Өзіңде бармен көзге ұрып, Артылам деме өзгеден», - деп Абай айтқандай, бәс таластыққа айналғанын көреміз. Бұған отаршыл билік те құмбыл болған. Себебі көшпелі жұрттың қолындағы тойға жұмсалатын орасан қаржы метрополиялық буржуазияның саудасын қыздырып, қалтасын қалыңдатары сөзсіз ақиқат. «Тәж Махалды» салуға кеткен шығыннан артық қаржы жұмсалды деген есеп шығарылған, шындығында Ақан серінің дүлділі Құлагер өлімі мен дүлдүл ақын Ілияс Жансүгіровтің әйгілі поэмасы арқасында дүйім елдің санасында сақталған Сағынай асынан да асып түсетін талай ас та төк астар мен тойлар қазақ мекендеген жерлерде аз болмапты. Солардан не қалды?

Әкесі Құнанбайдың жылдығына орай Абайдың ұлы жіңгір ас бергізбеуі де ас пен тойдың мән-мағынасыздығын ойлаған қарсылық үлгісі еді. Бұл әрине, кейінгі заманда біраз адамға ой салғаны анық еді.

Жетісудағы атақты Маман бай ұрпақтарының ас пен тойдағы орынсыз ысырапшылдыққа қарсы үлгілі де есті әрекеті – ұлы әңгімеге бәйге жариялауы еді. Осының арқасында қазақ әдебиетінде роман жанры туып қалыптасыпты. Тамаша емес пе?!

Қазіргі кезде тойдың түрі көп. Той тойлау жақсы болғанымен, , «той-томалақ – уақытқа обал-ақ» деп әйгілі Қадыр Мырза Әлі ақынымыз айтпақшы, той-жиын сіз бен біздің уақытымызға қоса денсаулығымызды да ұрлап жатқанын білесіз бе? Ауыл мен қаланың той-томалақ өткізетін үлкенді-кішілі залдарындағы дыбыс ұлғайтқыш аппаратуралары туралы шағым айтқан, шағым түсірген жағдайды естімеппіз. Бұған ҚР Әділет министрлігі бекіткен арнайы санитариялық ережеде: «Артық шу, діріл, ультракүлгін, инфрақызыл, электромагниттік сәулелену көзі болып табылатын жабдықтарды пайдалануға жол берілмейді», - деп жазылса да, тойға келген біздің халық «құдай салды, біз көндік» деп, әр бұрышқа орнатылған абажадай қара колонкалардан шыққан тарс-тұрыс, дүңк-дүңк, ызы-шу дыбыстың орасан күшінен сағаттар бойы еріксіз есеңгіреп, той соңында сең соққан балықтай сенделіп шығып бара жататыны – әдепкі жағдай. Мұндай орасан шуылдың адам ағзасына аса зиян екендігі туралы ақпараттар да көл-көсір. Артық дыбыс адам денсаулығына қатерлі екенін өз ағзамызбен сезініп жүрсек те, сол «ұят боладымен» жауырды жаба тоқи саламыз. 

Қысқасы, той – бүгінгі қазақтың қазынасы емес, қалтасын тесер жұты екенін мойындауымыз керек. Той болмасын демейміз, болсын, бірақ жаңа мазмұн, формаға енгізу – бүгінгі күннің талабы.

Себебі бүгінгі қазақ – кешегі дарқан даласындай кең көсілген аңқыл қазақ емес. Болғысы келсе де, мына заман болдырмайды. Етек-жеңімізді жиятын, шегенделгені рас болса, шекарамыздың іші-сыртын, тәуелсіздігімізді көздің қарашығындай қорғайтын шақ бұл. Қуанышымыз көп болсын! Сол қуанышты артық ысырапсыз сипатта, отбасымызбен, әулет, ел-жұртымызбен лайықты атап өтіп үйренсек дейміз…


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар