Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Биліктің табиғаты: Біз билікке не үшін қызығамыз?...

24.10.2024 2229

Биліктің табиғаты: Біз билікке не үшін қызығамыз? 14+

Биліктің табиғаты: Біз билікке не үшін қызығамыз? - adebiportal.kz

Ертең Республика күні. Ел марапат алып бірін-бірі құттықтап жатыр. Әрине, еткен еңбек пен төгілген тердің еленгені жақсы. Бәрі де құтты, бәрі де баянды болсын! Ал біз үшін ең үлкен марапат – еліміздің дербес мемлекет болғаны. Сол үшін қуанамыз. Сол үшін кеудемізді мақтаныш сезімі билейді. Бұл мақала біреуді кемсіту я біреудің жеткен жетістігіне іштарлық жасау емес. Аталған жазба, бар болғаны, саяси билік және оның табиғаты жайлы… Егер қажет деп танысаңыз, ой қосып, оқи отырыңыз, мәртебелі оқырман қауым!

Эволюция заңы бойынша адам болмысындағы эмпатия мен эмоция сезімдері де уақыт ырғағымен бірге үнемі есейіп отырады. Осыған сай, жақсылықпен бірге жамандық та пар жетіліп, тек өнердің ғана емес, қиянаттың да неше алуан  формасы мен стилі  пайда болады. Мұны не үшін айтып отыр дейсіз ғой?! Мәселен, Ницше өз дәуірінде биліктің табиғатын «секске» балады.  

Иә, одан бері де екі ғасырдың бедері өтті. 

Бүгінде биліктің  қарашаны  басқару  айласы  тіпті де жетіліп, ол тіпті «секстен» гөрі «садистік ләззат» симптомына ауысып үлгерді ме деймін. Әрине, ауысқанда  бейсаналы түрде «садистік ләззат» қалауына ұласып, оның психологиялық тұрғыдан тататын тоятының дозасы өзгерді. 

Биліктің адамды атақпен бопсалауы, осылайша «екі елі ауызға төрт елі қақпақ қою» арқылы адамның ішкі  еркіндігін паралауы, бұл да бір өз алдына жеке тақырыпқа жүк. Айталық, Сартр мен Толстой, Пастернак пен Елинек не үшін Нобель сыйлығынан бас тартты?

Сартр: «...Менің бұлай бас тартуым атүсті жасалған шешім емес. Мен үкімет берген атақ-мәртебенің бәрінен бас тартамын. ...Жалпы жазушы әкімшілік сипат алған құрылымның бәрінен бас тартуы қажет», – десе, Пастернак: «Мен тәуелді қоғамның осы сыйлықтың мақсаты туралы түсінігі салдарынан марапаттан бас тартамын», – дейді. 

Негізгі әңгіме Нобель сыйлығын алғандар туралы емес, одан бас тартуға мәжбүр еткен  ұлы ұстанымдар жайлы  болуы керек қой.  Әрине, алғандар қадари-халінше дәріптеліп жатыр. Ол енді түсінікті.  Ал алмағандардың биік ұстанымы, айнымас серті, сондай-ақ атақ пен адам еркіндігінің арақатынасы жайлы да философиялық  тұрғыдан зерделенуі  керек қой деген пікірдемін. Сәті келгенде мұны да жіпселеп жазып, өз ретімен айта жатармыз енді...

Рас, билік  бұйрық  беруші, әкімшілік оны жаппай орындаушы механизміне айналғанда, тұлға бостандығы да  біртүрлі құнсызданып оның (адамның) он екі мүшесі де  жай бір жыбырлаған  қауқарсыз халге ұшырайды екен. Сірә, адам өміріндегі ең ұлы мағынасыздық  деп осыны айтуға болатын шығар. Билік, шынымен-ақ, күшті. Қаласа, қалаған адамын зорлауға пейіл. Фуконың «қан мен сексті» қатар қолданып отыруының мәні де осы болса керек. Иә, бүгінде биліктің  қарашаны  басқару  айласы  тіпті де жетіліп, ол тіпті «секстен» гөрі «садистік ләззат» симптомына ауысып үлгерді...

Сонымен билік  қарапайым ғана бейбіт адам өміріне қол сұғып, өзіне томпақ келіп, ұнамаған тұлғаның не үшін жанын алады (Мишель Фукоша айтсақ, «Өлім мен өмірге билік ету құқығын» оларға кім берді өзі)?

Енді ойымызды барынша сығымдап, кезекті сөзді философтың өзіне берейік.

«Бұл жерде «өмір мен өлім билігі» деп отырғанымыз, шындығында, өлімге мәжбүрлеу мен өмір сүруге рұқсат ету  құқығы. Түптеп келгенде, оның «қылыштың жүзімен» шешілуі тіпті де бекер емес. Бәлкім, бұл –заңдық  биліктің өз құзырына бағынған халық  байлығының бір бөлшегін өзіне меншіктеуі... Бұл жерде билік – ең алдымен, затты, уақытты, денені, ақыр аяғында өмірді тартып алды. Оның шарықтау шегі – басып-жаншу арқылы өмірге иелік ету», – дейді.

Жалпы, адам баласы бір түрлі есі кетіп жоғары қызметке не үшін қызығады?  Қандай күш оның түн ұйқысын төрт бөліп, жүрек ырғағын бұзады? Жалпы, Фуконың айтып отырғаны ақиқат па?

Ендеше, осындай ниеттер мен қалаулар құрсауындағы адам болмысында тарыдай болсын «садистік ләззат» симптомы жоқ деп кесім айтуға кімнің жүрегі дауалар екен.

Ал, әгәрәки, жоғарыдағы сұрақтарға билікке құмартушылар тарапынан міндетті түрде жауап берілер болса, ол жауаптың: «Бәрі де халық үшін, ең бастысы, елімнің ертеңі үшін жан-тәніммен беріле қызмет етемін» деп ант-су ішілері анық қой. 

Беттің арын белбеуге түйген мұндай желбуаз сөздерді кезінде кімдер айтпады?.. Кімдер сол халықты бетперде тұтып, ең ақыр соңында ажалға жықпады?.. 

Негізінде, инагурация мен салтанатты шақтарда билікке қызығушылардың мінберге көтеріліп, халыққа АНТ беруі,  ондағы сөз болған серт пен уәде, шындап келгенде, қараша халыққа емес, олардың қара басы мен ішкі комплексінің психологиялық жарақатына берілген «ант» болуы мүмкін...

Есіңізге салайын, бірінші және екінші дүниежүзілік соғыста адамзат баласы, негізінде, Отан үшін емес, опасыз жандардың (гегемониялық) меймана ішіндегі «садистік  ләззатының» қалауы үшін қырқысты. Қайталап айтайын, мыңдаған сарбаздар қанпезер тирандардың «садистік ләззатының» құмары үшін опат болды. Айталық, 1941 жылы  Ресей ұлы Отан образын ту етіп, Сталин үшін шыбын жанын оққа байласа, бүгін де олар Путиннің аусар мейманасы үшін қынадай қырылып жатыр. 

Жарайды, бұл енді өткен тарихтың өз еншісіндегі дүние дерсіз.

 Сонымен сіз билікке не үшін қызығасыз? 

Не үшін өзіңізден қызметі төмендердің алдыңызда құрақ ұшып «ләппай, тақсыр» лепесінен ләззат аласыз? 

Хош, сонымен сіз өмір бойы  құмартқан билікке қол жеткізіп, қызыл кілем үстімен жүріп, зор қошаметке бөлендіңіз дейік. 

Сөйте тұра қоғамда жазықсыз қиылған жан, әділетсіз әрекеттің неше алуан түрін күнде көріп жүрсеңіз де жұмған аузыңызды ашпайсыз. НЕГЕ? 

Әлде «қызыл кілем» қиянат пен қанды белшеден кешем дегеннің бинарлы белгісі ме? Жоқ әлде сізге былайша сұрақ қою  мүлде ақылға қисынсыз ба?


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар