Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Астанада мәдениет қызметкерлерінің форумы өтіп жат...

21.05.2025 621

Астанада мәдениет қызметкерлерінің форумы өтіп жатыр

Астанада мәдениет қызметкерлерінің форумы өтіп жатыр - adebiportal.kz

21 мамыр – еліміздегі мәдениет және өнер саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесі. Осыған орай ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің ұйымдастыруымен Астана қаласында Мәдениет қызметкерлерінің республикалық форумы өтіп жатыр. 19-21 мамыр аралығына жоспарланған ауқымды шараға еліміздің түкпір-түкпірінен келген музей, театр, кітапхана, архив және мәдени-демалыс ұйымдарының басшылары мен мамандары, сондай-ақ шығармашылық зиялы қауым мен креативті индустрия өкілдері шақырылып отыр.

Форум аясында ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында кітапхана саласы мамандарына арналған арнайы семинарлар өтті. ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының басшысы Күміс Сейітова, ҚР Ұлттық кітапханасының директоры Ғазиза Нұрғалиева және Зағип және көру қабілеті төмен азаматтарға арналған кітапхананың директоры Асхат Байұзақов заманауи цифрлық трансформация стратегиялары бойынша тәжірибе бөлісіп, оқыту семинарын өткізді.

Күннің екінші жартысында қатысушылар «Озық тәжірибелер аймағы: Қазақстанның көпшілік кітапханаларын таныстыру» атты дөңгелек үстелге қатысты. Шараны жүргізген Архив, құжаттама және кітап ісі басқармасының басшысы Алмаз Мырзахмет қазіргі таңда кітапхана ісін жаңғырту мен дамыту мәселелерінің мемлекеттік деңгейде маңызды орын алып отырғанын атап өтті.

20 мамырда өткен тағы бір маңызды шара – «Кітапханалық-ақпараттық салада ЖИ-технологияларын енгізу» тақырыбындағы семинар болды. Семинарды ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы директорының орынбасары Нұржан Жолдыбалинов жүргізіп, жасанды интеллектіні (ЖИ) кітапхана саласына енгізу бойынша тың тақырыптар қозғады.

Семинар аясында Ресей Ғылым академиясы Сібір бөлімшесінің Иркутск институты орталық ғылыми кітапханасының меңгерушісі Иван Трофимов «Жасанды интеллект дәуіріндегі кітапханалардың атқаратын қызметі» тақырыбында баяндама жасады. Ол қолжазбалар мен сирек кітаптарды қалпына келтіру, суреттер мен дауыстарды жандандыруда ЖИ-дің мүмкіндіктерін көрсетіп, арнайы платформалармен таныстырды.

С.Мұқанов атындағы Солтүстік Қазақстан облыстық кітапханасының директоры Бейбітгүл Әбілмәжинова «СҚО кітапханаларындағы ЖИ қолданысы» жайында сөз сөйлеп, «AI Zhan» атты нейро-көмекшінің мүмкіндіктерін таныстырды. Ал Өскемен қаласы Орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің өкілдері – директор орынбасары Айгүл Ахметжанова мен кітапханашы-бағдарламашы Шыңғыс Қайсарұлы «Bokey Mobile» қосымшасы мен [https://bokeylibrary.kz/](https://bokeylibrary.kz/) сайты арқылы оқырмандармен интерактив байланыс орнатудың тың тәсілдерімен бөлісті.

Форум барысында «MetaКітапханалар – цифрлық кеңістікке қадам» тақырыбында сөз алған Нұржан Жолдыбалинов жасанды интеллект арқылы кітапхана қызметтерін оңтайландырудың жолдарын нақты мысалдармен көрсетті. Семинарға қатысқан 150-ге жуық кітапханашы кәсіби біліктіліктерін арттырып қана қоймай, саладағы үздік тәжірибелермен де танысты.

Форум аясында руханият пен кәсіби дамуға бағытталған қосымша шаралар да ұйымдастырылды. Жазушы, әдебиеттанушы Амангелді Кеңшілікұлы «20 ғасырдағы әлем әдебиеті» тақырыбында дәріс оқып, ұлттық әдебиеттер арасындағы мәдени алмасу мен көркемдік үдерістер жайында кеңінен әңгімеледі.

Сондай-ақ, IT-сарапшы, Syntax Media компаниясының өкілі Зарина Алимова «Кітапханаға арналған цифрлық экожүйе» тақырыбында баяндама жасаса, PR-маман, тренер Салтанат Әскербек «Стресске төзімділік: өзіңмен жұмыс» тақырыбында кітапханашыларға арналған мотивациялық тренинг өткізді.

Форуммен қатар ұйымдастырылған «Рухани қазына – 2025» республикалық фестивалі аясында кітапхана саласындағы үздіктер анықталды. Конкурсқа еліміздің әр өңірінен келген 87 кітапхана қатысып, 9 номинация бойынша өз жұмыстарын қорғады. Қазылар алқасы қатысушылардың кәсіби дайындығына, инновациялық әдістерге, оқырмандармен жұмыстың жаңа форматына ерекше назар аударды.

Мәдениет және өнер қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне арналған бұл форум – сала мамандары үшін тың тәжірибе алмасу, заманауи бағыттарды игеру, кітапхана ісінің келешегін бағамдаудың рухани алаңы болды. 


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар