Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
УАҚЫТ ПЕН КЕҢІСТІК
Асқар СҮЛЕЙМЕНОВ. ӨМІРГЕ БЕРГІСІЗ ҚАЙРАН СӨЗ......

15.05.2025 3493

Асқар СҮЛЕЙМЕНОВ. ӨМІРГЕ БЕРГІСІЗ ҚАЙРАН СӨЗ... 12+

Асқар СҮЛЕЙМЕНОВ. ӨМІРГЕ БЕРГІСІЗ ҚАЙРАН СӨЗ... - adebiportal.kz

Жарық көрмеген жазбаларынан

Редакциядан: Осыдан 33 жыл бұрын яғни 1992 жылы 15 мамырда жазушы, сыншы, драматург Асқар Сүлейменов дүниеден озған екен.  «Асқар – жанрдың өзі. Ол – «законодатель моды». Өнердің сәнін келтіретін, нәшін қалыптастыратын жазушы. Кемел білім иесі, кемеңгер тұлға Асқар Сүлейменовтің мазасыз жаны жазғытұрым мезгіл тау бөктері гүлге оранғанда, Алатаудың биік шыңдарынан мәңгілік сая тапты», – деп жазған екен жазушы інісі Дидар Амантай  екі жыл бұрын «Егеменде» шыққан мақаласында.  Бүгін бірегей тұлғаны еске ала отырып, 1998 жылы 14 наурызда «Жас Алаш» газетінің  «Рух» қосымшасының арнайы ұсынысы бойынша  сыншы, жазушының жары  Әлия Бөпежанова дайындаған   дүниені қайта жариялап отырмыз.

«Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы». Айтарың болса, әрқашан да таласқа жол ашық. Ол үшін, ең алдымен, бір-ақ нәрсе керек. Оның аты - дарын, талант, сүйекке сүтпен сіңген, жоқ болса кандидаттық, докторлық дипломдар тауып бере алмайтын табиғи қасиет. Өлеңге, өнерге деген таласты, осы біз, бейкүнә ақ қағазды тауысып шимайлауға саямыз ба деп қалам. Айналып кеп төпей берсең қағаз байғұс қайтсін енді, тырсиып толады да ол дағы; екі ай емес, үш ай емес, бір айдың өзінде қарны шермиген бір роман оқыранып шыға келмек. Одан, бірақ, оқушы көкірегіне шабыттың шырыны тама ма екен, одан, бірақ, ол оқушы өмірді тағы да танып, сол оқушының өнерге деген құштарлығы асып, өсіп тұщына ма екен.

*   *   *

Жаттығусыз жазушы жоқ. Бірақ, жаттығудың бауыр жазатын кеңістігі оқушының қолына тиетін ресми шығарма емес. Оған дейінгі сүрлеу мен соқпақтар, қылшатас шатқалдар, сыңсып ататын сарала таңдар.
Беттерінен ойдың емес, тердің исі шығатын кей роман-поэмаларды, зерттеу-монографияларды оқығанда, менің есіме, Карамзиннің бір сөзі түседі. Ол: «осы сіз жүзік көзінен өтіп жұтынған повестерді қайдан ала бересіз?» дегенде «Каминнен» деп жауап беріпті.
                                                                                  *   *   *
Қоғамның адамы өмірді тану үшін өздігінен өмірге барады, өзін тану үшін өмірден өзіне келеді. Бұл байырғы жол, бірақ тапталып, тақыры шыққан жол емес, себебі, өмірдің жолы, өмірлік жол - тозу дегенді танып та, біліп те көрмеген. Ал суреткердің жүрер жолы басқа ма? Жоқ. Оның да жүрер жолы осы, тек оның міндеті басқа. Суреткердің жауапкершілігі аталатын сан-салалы салмақты ұғым осы міндетті анық, айқын түсінуден басталмақ. Ол қай міндет? Ол — қоғам адамының көргенін, көнгенін, сезген-түйгенін, Хемингуэйге жүгінгенде, «өз басынан өткергендей», қан-сөлін қашырмай өнер деңгейіне бүйірін соғып тыныс алып тұрған шығарма, тірі шығарма деңгейіне көтеру міндеті. Адамның суреткерлігіне, суреткердің азаматтығына сын туар сәт те осы. Суреткер нені көрді? Бұл бір. Суреткер неге көрді? Бұл екі... Қазақ әдебиеті қашаннан қайбір қысталаң дәуірлер-кезеңдерде де қан қызыл азаматтық ойды ту етіп ұстаған әдебиет болатын. Бұл тұста ел деп еңіреген арғы-бергі ардагерлерді көзінен тізбей-ақ ХІХ-дай атжалман ғасырдың темір балқытар кернеуінен тотығып қана шыққан Махамбеттің наркеспе азаматкерлігі мен сонау бейтаныс түпсізден, көрлахат караңғыдан тағы да бір сытылып шығып, қалың елі қазағымен осы бүгін-ертең тағы да көріскелі, құшақтасқалы, қауышқалы отырған телегей Абайдың теңіз ойындағы азаматкерлікті айтса да жеткілікті.
Суреткер өзінің өмірұғуында, өміртануында, өмір өзгертуге жең сыбанып, бел байлап атсалысуында әлгі нені көрдім, нені неге көрдім деген сауалдарға ат тұмсығын алдымен тірер болса, Махамбет пен Абай салған әлеуметтік аңғардан ауа ақпауымыз керек. Ел сүйеді екенсің, жер сүйеді екенсің, өзіңді отан мен қоғамның, өткен мен кеткеннің, бүгін мен ертеңнің бел баласы сезінеді екенсің - болмыстағы көргеніңді болмашы себеп айтып ақтама. Зады, адамды қартайтудың көп жолдарының бірі, бірі болғанда төтесінің бірі, жәдиді - арзанға араша түсу.
Суреткер жауапкершілігі деген мәселені таратып айтқанда ендігі бір кезігетін ұрымтал сәт: нені көргенін, неге көргенін қалай айтыпты. Бұл үш. Бұл және де жазушылықтың шығандап шығатын, шырқап көрінетін тұсы. Атышулы шеберлік деген қыранның қанат-құйрығының сусылдайтын тұсы. Тақырыбымен, сюжетімен, геройымен «тағыны жетіп қайырып» жүрген жазушының сол тағының не қызығына батып, не азабы мен мазағына қалатын тұсы, бұл біздің сынның таңы айрылып жүрген тұсы.
                                                                                    *   *   *
Талғамсыз оқушыны алдаусыратарлық қана қауқары бар жазушы есіл тақырыпты (әңгіме тарихи тақырып туралы - Ә. Б.) көшкен жұрттың орнындай таптап кетеді. Жазушының өрем деген ойы, ұсынған тенденция-концепциясы дұрыс-ақ болғанмен шығарманың өнерлік иі қанбаған соң, белгілі бір тарихи адам, белгілі бір тарихи кезең құлақшекеден қамшы жеген жылқыдай қалтақбас боп қалады. Осыдан барып ол адам, ол кезең туралы оқушы ойына буынқұрт түседі. Даусыз тарихи деректерге, ел құлағына сіңіп қалған аңыз-әңгімелерге құрылған философиялық емес жай ойының өзі жұтаң, тілі кебір сентиментализм мен натурализмнің үлгілеріне кейде еліктей отырып, кейде табына отырып жазылған ондай кітап, жолы болып басқа тілге аударыла калса, сөзді алдымен жазушы емес, ел естиді, әдебиет естиді.
                                                                                 *   *   *
Жастар сыналсын. Сыналсын, бірақ, сойыл жемесін. Оларға түйенің боздағаны, иттің қыңсылағаны сияқты бүгінгі қат-қабат өмірдің бөлекше әрекет-харекетімен қабыса бермейтін абстракты ойларды қызықтама деген сөзді дауысты көтере айтқанның өзінде жер тепсінбей, нұқымай, нығартпай сөйлеу керек.
                                                                                 *   *   *
Критика - самокритиканың ішкі мәні мен сын және өзара сын емес. Сыны дұрыс, ал самокритикасы басқадан сын есту ғана емес, өзіңді өзің сынайтындай жауапкершіліктің, суреткерлік тазалықтың деңгейінде болу ма деп топшылаймын. Ал жазушының өзіне, өз қаламынан бой түзеген өз ішінен шыққан шұбар жыланға қаталдық көрсетуі, қашаннан келе жатқан үрдіс... Соңғы кезде газет-журнал беттерінен, мақала жинақтарынан кем көрініп жүрген талап, талғам деген меже-деңгейлердің, критерийлердің қайта жандануы, қайта тірілуі де осы самокритика деген түсінікті тұмшалай бермеуге қатысты.
                                                                                     *   *   *
Баспа практикасында, журнал-газеттердегі талап пен талғамның озған заманмен қапталдаса шабуы шарт. Қырқыншы, елуінші, тіпті отызыншы жылдардағы талап-талғамның ана жер, мына жерден атой беріп жүргенін көрмей жүргеміз жоқ. Кезінде заңды еді: бестіге айтылар сынды тайға алып кеп телуге болмас. Ал тай тоқпақ жалды торы айғыр болған соң, белі бекіп бәйгеден кеп жүргенде оған баяғыдай, баяғыша өбек қағу қаншалық орынды? Мұнан алдымен ұтылатын бестінің өзі. Өзі өскен екен, оған деген талап өссін. Өмір озған, заман озған сайын құрығанда құйысқан тістесе шапсын. Бұл тұста, және де, талап пен талғам сияқты егіз ұғым бөлінбесін. Олар бірін-бірі жоқтасын. Қамшының өріміндей қойындас, қолтықтас жатсын.
                                                                                *   *   *
Адам үшін жанымды беремін, бағымды беремін - дәрігерлердің гиппократтық анты. Ал адам үшін суреткердің берер жауабы аз ба?.. Осы ретте серт, ант дегенді қолына қалам ұстаған кісіге, кісілерге желдіртіп айтып шығу, түсіндіріп бағу аз, бұл ұғым суреткердің жанына, ойына, күнделікті мінез-тірлігіне сіңуге, даруға керек.
                                                                                *   *   *
Жүректің соғысы - физиология, ал жүректің не қуаныштан, не үрейден барып бас алатын лүпілі - эстетика, өнер, өмірге бергісіз қайран сөз. 
1970-1972 жылдар.
«РУХ» қосымшасының арнайы ұсынысы бойынша газетке дайындаған Әлия БӨПЕЖАНОВА
"Жас Алаш" газеті, 
1998 жыл, 14 наурыз.


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар