Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
РИЯСЫЗ ӘҢГІМЕ
/
«Ақан да Жалмұқан да бір-бірімен сыйлас адамдар б...

20.06.2025 814

«Ақан да Жалмұқан да бір-бірімен сыйлас адамдар болған...» 14+

«Ақан да  Жалмұқан да бір-бірімен сыйлас адамдар болған...» - adebiportal.kz

Ақан сері Қорамсаұлының өнері қандай құрметке болсын ие. Оның өмірі мен шығармашылығы Ілияс Жансүгіровтың «Құлагер» поэмасы мен Ғабит Мүсіреповтің «Ақан сері – Ақтоқты» драмасына, сондай-ақ Сәкен сері Жүнісовтің «Ақан сері» роман-дилогиясындағы көркем образдардың сомдалуына себепкер болды. Осыған орай Ақан серінің көркем әдебиеттегі бейнесіне қатысты Қазақстан Педагогикалық Ғылымдар Академиясының корреспондент мүшесі, филология ғылымдарының кандидаты Аян Қажыбайдың  сұхбатын назарларыңызға ұсынып отырмыз. 

-Айеке, музыка тарихында бір басына ақындық-әншілік, сазгерлік-орындаушылық, жыршылық секілді синкретті өнерді  тоғыстырған сал-серілер есімі көп қой. Алғашқы сұрағымызды міне, осыдан бастасақ деймін?

-Сөз жоқ, бұл ретте халықтың өз ортасынан қайнап шыққан, осындай біртуар киелі өнердің көрнекті өкілдері Біржан сал, Ақан сері, Мұхит, Балуан Шолақ, Жаяу Мұса, Иманжүсіп, Мәди, Үкілі Ыбырай, Арыстанбай, Қанапия, Әсет, Құлтума, Доскей, Шашубай, Майасар, Тайжан, Болман, Кенішбай, Қалқа, Иса, Сары, Майра, Естай, Нартай, Кенен, Ғазиз өзге өнерпаздар жөнінде түйдек-түйдек ойлар өрбіткен Ахмет Жұбанов пен Есмағамбет Ысмайыловтың сүбелі зерттеулері тарихи-әдеби деректерімен, мағыналы толғамдармен құнды. Әлбетте, бір ұлттың заманалар мен дәуірлер сырын шерткен көркем шежірешілерінің өнегелі өмірі мен өрісті өнерін тұтастай сөйлетіп баяндау, талдап таразылау, жүйелеп зерттеу мүмкін емес. Кезінде мұндай дарындардың ел есінен көмескі тартып, есімдерінің ұмытылғаны да анық.  Мысалға жүгінсек, ақпа-төкпе ақын, әйгілі әнші, айтулы композитор Айтпай Демікпеұлы жайлы мағлұматтар жоқтың қасы. А. Затаевич Айтпайдың Ғаббас, Қадыс, Усайын дейтін өнерлі ұлдарынан бірнеше әндерді нотаға түсіріп, «Қазақтың 500 ән-күйі» еңбегінде жариялаған. Мұның ішінде аты «қазаққа мәлім болған», сөзі «үш жүзге тәлім болған» Айтпайдың «Раушан», «Перизат» әндерінің нотасы берілген.

Өмірбаяны мен өнерпаздық жолы беймәлім, «ән мен өлең өмірінің сәні болған» Айтпай сынды аяулы да ардақты әнші ақындар қаншама. Әрине, бұл қазақ халқының тағдырын тәлкек еткен сұм заманның суық лебі, әміршілдік-әкімшілдік жүйенің сайқал, сұрқия саясаты шығар...

- Ендігі әңгімені Ақан серінің өмірі мен өнерпаздық тағдырынан сыр шертетін әдеби  шығармалар жайына бұрсақ?

-Арқаның ардагері атанған – Ақан сері Қорамсаұлының көркем әдебиеттегі образының сомдалудағы тарихи шындық пен көркемдік шешім мәселесін, ізденістерін, өмірі мен өнерпаздығына қатысты үңілген әдеби деректер өте көп. «Тау-тасты шабыт қылған ақиық» ел еркесі, сахараны ән мен күйге бөлеген өнер керуенінің ай мүйізді ақ серкесінің мінсіз тұлғасы, өнерпаздық келбет-болмысы турасында қазақ фольклоры мен ауыз әдебиетінің жауһар нұсқаларының қажырлы жинаушысы Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы: «Ақан сері – заманының сұңқары, қызыл тілдің ділмары, жігіттің құлпы жібегі, сөздің ағытылған тиегі» – деп шыншылдықпен сипаттаған. Ақан сері – ойын-сауықтың, той-думанның гүлі. Әрі шешен, әрі тапқыр, әрі кесіп айтатын турашыл болған. Халықтың жуан ортасында қаздай қалқып, қасына жыршы ақындарын, әншілерін, күйшілерін, ойыншыларын, домбырашыларын, палуандарын ертіп, топ құрып тізіліп жүрген. Сөйтіп оның дауысын байтақ дала тыңдаған десек қателесе қоймаспыз. Кесте тіккен қырдағы қызғалдақ қыздар сүйсінген. Құрт қайнатқан, бие сауған, сырмақ тоқыған, тезек терген әйелдер де, жидек терген жеткіншектер де, мал баққан, аңға шыққан, аран салған, шөп шапқан ерлер де сүйегі балқып, жүрегі толқып, қиялы шалқып құлай берілген. Иә, халық мәдениетінің көрнекті қайраткері Ақан сері, Біржан сал, Орынбай, Арыстанбай, Шөже секілді сұңқарлардың сөзін ұйып тыңдап өссе, Құлтума, Басығара баласы Қанапия, Жарылғапберді, Жаяу Мұса, Доскей, Естай, Иманжүсіп, Мәшһүр Жүсіп, Балуан Шолақ тәрізді өнер тарландарымен бірге жүріп, туған елдің аспанында қаршығаша қалықтаған. Асылы, бұлар сегіз қырлы, бір сырлы яки ақын, әнші, жыршы, ойыншы, күлдіргіш, сазгер, шешен, батыр, саятшы, зергер, би, спортқа бейімі алабөтен үздік жаратылған синкретті өнерпаздар. 

Ән падишасы Ақан сері өмірі мен тағдыры жайында, Ақан сері мен Ақтоқтының өмірінен Ілияс Жансүгіров «Құлагер» поэмасын, Мағжан Жұмабаев «Ақан сері» очергін, Ғабит Мүсірепов «Ақан сері – Ақтоқты» драмасын, Сыдық Мұхамеджанов осы аттас операсын, Сәкен сері Жүнісов «Ақан сері» роман-дилогиясын жазды. Бұлар тек Ақанның өмірі ғана емес, кешегі көшпелі қазақ сахарасының салт дәстүрін, әдет-ғұрпын кейінгі ұрпаққа насихаттаудың таптырмас құралы болып табылатын кесек туындылар.

-Ақан дегенде оның өз дәуірлесі, бір топырақтың түлегі, әйгілі әнші, композитор Біржан салдан аттап кете алмаймыз ғой?

- Ақан алашқа даңқы тараған өнер иесі Біржанды өзі іздеп келген дейді қария дерек. Сері Біржанға жолығады, сөйтіп небір әңгімесіне қанығады. Әуелеген ән тыңдау үшін келген Ақанның арнайы ниетін аңғарған Біржан былайша асқақтата жөнеледі:

«Алып келген базардай темір қақпан,

Қақпан деген он шекті біздің жақтан.

Сыдырып қойған таспадай сыртың сұлу,

Айналайын анаңнан сені тапқан».

Сал Біржан «Ләйлім», «Айтпай» және «Топай көк» секілді бірінен бірі өткен самғауық әндерін айтады. Ақын Біржан әнінің әуезіне елітіп, мұхиттай шет-шексіз аумағына сүйсініп, жан-дүиесіне дүниесіне жойқын әсер ететіндігіне таң-тамаша қалады. Біржан өнеріне көңілі толған Ақан: 

«Замандас, Біржан құрбым, ірі екенсің,

Жалғанда жаннатының гүлі екенсің.

Кісідей дәріс оқыған ақылың кәмал,

Ғылымның шалқарының бірі екенсің», – деп ел еркесіне баға береді. 

Жігіттің бағланы Біржан сал қолқа салған соң, Ақан оның «Жалғыз арша» әнін әуелете шырқайды. Қазақ халқының әндік, әншілік өнеріне өріс ашқан алыптар шоғырының ең биігінде тұрған екі тұлға бар. Олар  сөз жоқ Біржан сал мен осы Ақан сері. Екеуі де бір дәуірдің, бір топырақтың түлегі болғанымен екеуі екі бөлек табиғат пен болмыс, әншілік мінез,  әндегі ішкі иірім табиғаты, сыртқа тепсіне шығар әуез ажарының бөлектігі  тыңдаған жанға бір байқалмай қалмайды.

Біржан әндеріне көбіне әуен сазы «әу» дегеннен шығандап шырқау биікке көтеріліп алады да одан сорғалап төмен құлдилай құлап түскенше сан құбылып, алуан түрлі ажармен құлпырып отырады. Біржан әнінің табиғатын қаламгер Асқар Сүлейменов өзінің “Адасқақ” атты кітабымен де сипаттап өткен болатын. Иә, Біржан әні сезімнің ақ беренді асау мінезі ерекше бір екпінді, еңселі қалпынан асып төгіліп, шашыла ақтарылып жатады. Ал Ақан сері әндерінде басқа ажар, оқшау сипатты биязы мінез бар. Ақан әндегі философ. «Әу» деп топшы қаққан сазды әуен салған жерден қанат сабалап биікке шапшымайды, мамырлай қозғалыстан жаңылмаған қалыппен сабыры терең иіріммен толқи тербеледі, санаңды солқылдата шабақтар сезімді қылыққа бай әуен астарында айтып жеткізгісіз мұң, төгілген сыр, сарғайтқан сағыныштың көңіл күйі, асыл армандар қабаттаса, қатарласа қауышып, қойындасып жатады. Сырлы әуеннің қайыра оралып соғар қайтарма, қайырмалы тұстарында ғана бір өкініш, бір арман, бір сағыныш, бір күйік сезімі селкеулеу шығып, шығандап кетеді, жай кетпейді, әуен сазы күрсіне, күйзеле, күңірене жетеді құлаққа. Ақанның әні тым терең,  тым қамырықты.

Осы тұста Мағжанның «Ақанның әні өзгеше. Даланы күңірентіп Ақан ән шырқаса, би билігін, кемпір өрмегін, сұлу кестесін қойып, аңырып тыңдай қалады. Қалың қарауылдың қалың көздері: «Ақанның әні-ай! деп күрсінеді» деген пікірлері еске түседі. Расында да ел ішінде шын асылдың өзіндей-ақ өзек өртеп, сезім тербеп жүрген Ақан әндерінің ең басты қасиеті оның тереңге тартар мұңлы, сырлы қасиеттерімен анықталса керек. 

-Азамат пен арғымақтың есімі қашанда пар айтылады ғой. Ақан өмірінің бір бөлшегі оның хас жүйрігі Құлагер емес пе?

-Ақан сері ұлтымыздың өміріндегі, тұрмыс-тіршілігіндегі ең мәнді, ең мағыналы, ең көркем салдық пен серіліктің салтанаты мен сауығын, аңшылық-саяткерлік, құсбегілік өнердің ғажайып құпиясын, таратып, өрбітіп айтқанда, Құлагердей сәйгүліктің еренін, Қараторғайдай қыран құстың тегеурінді беренін, Базаралыдай құмай тазының ұшқырын алақанына аялап, құрметтеп ұстаған. Содан болар, «Жылқы жарықтық – менің пырақ-қанатым, қыран құс – саят-санатым, жеті қазынаның бірі ит – қорған, көңіл-күйімнің қошын табатын серіліктегі серігім», – дейді екен Ақан сері.

Неше ықылым замандар мен дәуірлер өтсе де, тау мүжіліп, төбе болса да, дария құрғап, шөлге айналса да ел аузында, әдебиет, мәдениет әлемінде Ақан сері есімімен егіз, қатар Құлагердей пырақтың тағдыры аңыздай айтылады. «Тұсында сері болсын, пері болсын, Ұнайды өмірімен Ақан маған», – деп ағынан жарылған ірі ақын І.Жансүгіровтың «Құлагер» поэмасындағы Ақан бейнесінің, өмірінің өксікті тұсы, өкініші зор, бейопа тірліктің тәлкегі мол, қатал, қасіретті кезеңі Құлагер өлімімен байланысып жатыр. Сүйіктісінен оқыста айырылған, қанаты қайырылған, қабырғасы қайысқан сұңқар үнді Ақан сері:

«Құлагер, айналайын шабысыңнан,

Атағың елге шыққан дабысыңнан.

Біліп ем өлеріңді, Құлагерім

Шыңғырған түсімдегі дауысыңнан, – деп толғанған ақын жыры алғашында көлемді жоқтау өлең болып туған да соңынан атышулы «Құлагер» әніне ұласқан тәрізді. 

Бұл күнде мәрт жүйріктіктің арайлы белгі-нысанынан айналып кеткен Құлагер қазасы Ақан жанын қанжылатып, әсершіл көңілін зарға ұрындырған ауыр қасірет болып жабысқан еді. Ақан өміріне де күр өзгеріс жасаған осы Құлагер өлімі десек асылық айтпаған болар едік. Ақын дастанындағы зорлықшыл күштің қызғаныш күншілдігінің құрбандығы болған желқанатты тұлпар өлімі серінің былай да сергелденді жанына жазылмас жара салып, ғазиз басына, ет жүректі егілтер әуенінде жылқықұмар қазақтың ғана қасірет-мұңы жатқан жоқ. Онда қанды шеңгел өктемдікке қарғыс айтқан ел үні, қызғаныштан туған күншілдік пен опасыздыққа лағнет жаудырған Ақанның кекті айғайы – жан ашуы, жанайқайы жатыр. Құлагер тек жылқының ғана емес, талантты жанның татар кермегі мен  көрер көрешегі десек те келетін тәрізді. Бұл ең бастысы шын жүйріктің тағдыры туралы толғау.

-Ақан өмірін ақ қағазға түсірген қарымды қаламгердің бірі Ғ.Мүсірепов ғой. Жазушының «Ақан сері – Ақтоқты» пьесасына да аз кем аялдай кетсек? 

-Шын әдебиеттің қашанда қоғам өміріндегі, ұлттық руханиятымыздағы орны ерекше ғой. Қай заманға да, қай ұрпаққа да болмасын әдебиетсіз, тарихсыз кезең болған емес.  Мұны айтып отырғаным, бүгінде тарихи тұлғалар мен өнер тарландарының және олардың көркем әдебиеттегі эпикалық, лирикалық һәм драмалық образдарына әлі күнге дейін дұрыс баға берілмей жатыр. Осы орайда бүгінгі күн тұрғысынан қал қадерімізше, шама парқымыз келгенше осынау тұлғалардың шынайы өмір, тағдырларымен көркем бейнелеріне объективті дұрыс баға беруге барынша ынталана еңбектеніп, тырысуымыз қажет деп ойлаймын. Осындай шығармалар санатына Ғ.Мүсіреповтің  әйгілі «Ақан сері – Ақтоқты» пьесасы да жатады. 

Ғ.Мүсірепов – қазан төңкерісінен кейін қазақ даласында жаңа туған театрдың көрнекті драматургтерінің бірегейі. Ол қазақ драма жанры жаңа туып, дамып келе жатқан отызыншы жылдардың басынан осы жанрмен белсене айналысқан. Ғ.Мүсіреповтің қаламынан туған «Қыз Жібек» (1934) музыкалық драмасы, «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» (1939), «Ақан сері – Ақтоқты» (1941) пьесалары театр сахналарына койылып, күні бүгінге дейін театр репертуарынан тұрақты орын алып келеді. Ғ.Мүсіреповтің драма жанрындағы аса көрнекті туындысы, 1941 жылы жазылған осы «Ақан сері – Ақтоқты» пьесасы. Пьеса қазақ әдебиетінің дараматургия саласындағы шоқтығы биік туындылардың біріне айналды. Драматург – ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басындағы күреске толы кезеңде ғұмыр кешкен сал серінің өмір шыңдығын негіздей отыра жазып шыққанымен, басқада көркем образдардың бейнелерін дұрыс аша алмаған. Бұл жағынан келгенде Ғ.Мүсіреповті кінәлау орынсыз. Өйткені жазушы драмасы партиялық идеологияның қылышынан қан тамып тұрған уақытта дүниеге келген туынды. Ол кезде мұндай шығарманы жазбақ тұрмақ, қазақ халқының ертеректе өмір сүрген, артында мол мұра қалдырған, елім деп еңіреген Ақан сері жөнінде әңгіме қозғаудың өзі әрі қиын, әрі қауіпті еді. Қытымыр саясаттың қырағы бақылауында тұрған сері Ақанның тарихи тұлғасын сұңғыла сана, тұңғиық ойдың икемімен елдің есіне түсіріп, коммунистік көзқарас, партиялық саясат құрсауы қамаулап тұрған заманның өзінде халыққа алғаш танытқандардың бірі де осы Ғ.Мүсірепов болды. Жазушы ән өлеңдерінің, серілер өмірін, шығармашылығын тереңнен ашып, туындыдағы ұлттық психология халық жанның пәктігін, өнерге деген құрметін, сал серілік, әншілік өнердің асқақтығын шебер жеткізе білді. Дегенмен, пьесадағы Ақтоқты, Мәрзия бейнелері, өмір жолы тарихи деректен алшақ кеткен. Кешегі Ақанның кім екенін өскелең ұрпақ танып білсе де, Науан хазірет, Жалмұқан, Ақтоқты сынды тарихи тұлғалардың бейнелері кешегі солақай саясаттың құрбаны болып кете барды. Бұл ретте көрнекті жазушы Қ.Жұмаділов: «...Ақан сері - Ақтоқтыда» заман ағымына байланысты бір-ақ әттеген-ай бар. Ол уақытта дінді, хазіреттерді жамандау сәнге айналғандықтан, Ақанның ұстазы болған Науан хазіретті жағымсыз бейнелеген Ғабең де сол араға кішкене «ілініп» қалған. Шындығында, Науан хазірет – үлкен қайраткер болған адам. Кейін Ақан сері жайлы роман жазған Сәкен Жүнісов те Науан хазіретті ұнамсыз кейіпкер ретінде бейнеледі. Болашақ ұрпақ осы қателікті түзететін шығар» – дейді. 

-Осы жерде Сәкен Жүнісовтың есімі айтылып қалды ғой?  Ендігі сөзді Сәкеннің «Ақан сері» роман-дилогиясына қарай бұрсақ қайтеді?

-Қазақстанның халық жазушысы, күнi кеше арамыздан кеткен марқұм Сәкен серi Жүнiсовтің: «Ақан сері» романында «Бұхардан оқып келгелі Науанның мазасын алған үлкен мақсаты бар. Ол – қараңғы елдің көзін ашу: «Хадымша ғана шала оқыған дүмше моллалардың бар уағызы құранның жаттанды сүрелері, өздері шала білетін алланың расулы Мұхамбет пайғамбардың хадистері. Есләм діні қазаққа тарағалы не заман, содан бері Бұхарға, Хиуаға барып оқып келмесе, ел ішіндегі оқу бір қырдан асуға жарамайтын деңгейі төмен, арнасыз білім» – дей келе Науан хазіреттің сол қоғамдағы шала-жансар білім алған молаларға күйінішпен қарайды да, сондай молалардан сауат ашқан «Ақан сияқты зерек адамдардың пайдасы аз сабақтан ығыр болып, зерігіп, тастап кететіні де содан» – деп тұжырымдайды. Драмада оқиға шиеленісіп, Науан хазірет Жалмұқанға: «Төре тұқымы ұсақтап барасың, Қарабайырмен сүйек жаңғырт... Қоңқайға күйеу боласың, Ақ патшаның баласына лайық қызы бар...», – деп тіптен Ақанға қызғаныш өртін тұтандырады. 

Ал, шынтуайтында Ақтоқты Жалмұқанның інісіне атастырылған. Ол ата дәстүрін бұзып, шариғат жолына нұқсан келтіріп, некелі ант су ішкен Ақтоқты Ақанмен махаббатын өртін тұтатуы орынсыз. Ал бұл тұста Науанның іздегені әділдік, шариғаттан аттамау. Ондайларды бірден шариғат жолымен кінәға тартқан. Мәрзия образы тіптен ойдан алынған бейне. Науан хазіреттің ондай әйелі болмаған. Ақан екеуі Тінәлі қажының қыздарына үйленіп, сері екеуі бір -біріне бажа болған. 

Сонда Науанның көркем шығарма желісі бойынша айтар болсақ, Мәрзиядай сауықшыл, жеңілтек тоқалдың мына әрекеті Науандай хазіретке үлкен сын емес пе? Мұндай жағымсыз әрекеттер етек алса күндердің күні шариғат заңынан аттар адам қарасы молайып, қараңғы қазақ қауымы діннен безініп, салт дәстүрді сыйламай, қалың қауым дінсіз болушы еді. Көркем туындыдағы негізгі тартыстың кейіпкер әйелдері Ақтоқты да, Мәрзия да Науанға қарсы қойылған кейіпкерлер. Ол кезде әдебиет тек ақ пен қара ғана түс болды. Өзге түс еш есепке алынбайтын. Оқиға желісінде Ақанға тіпті Жалмұқан да қарсы қойылған. Жалмұқан Науанның қолдаушысы, бай төре тұқымынан. Ал тарихқа жүгінсек, Ақан да, Жалмұқан да бір бірімен дәмдес, сыйлас адамдар болған. 

Ұлан-ғайыр мол мұраның дені кезінде Сәкен сері Жүнісовтің да қаламына лікпей қағыс қалуы өте өкінішті болды. Ел ішінде еленіп те, ескеріліп те кәдеге аспай қалған серінің мұралары еске түскенде «әттеген-ай» дейсің. Дейсің де Сәкеннің «Ақан сері» романына ұлы серінің бұл сөздері еніп, орныққанда айтулы еңбек бүгінгісінен де биік, әсерлі, мазмұнды да қызғылықты шығар еді дегің келеді. Әрине, мұны біз «біткен іске сыншы көптің» бодауына жұмсау үшін айтудан аулақпыз. Тек ұлы тұлғаның мұраларын әлі де тірнектеп жинап жүрсек деген тілек қана.

-Солай десек те  Сәкен Жүнісовтың  осы «Ақан сері» роман-дилогиясы Ақан туралы көркем шығарманың бір биігі емес пе?

-Оған сөз жоқ. Қазақ халқының серілік дәуірінің нышаны болған Ақан сері өмірі мен шығармашылығын өзі өмір сүрген қоғаммен астастыра бейнелеген «Ақан сері» роман-дилогиясы – өзіндік стильдік ерекшеліктерімен дараланып, тарихи-әлеуметтік романға қойылатын талап-деңгейлердің ең биігінен көрінген кесек шығарма. Романға өзек болған Ақан өмірі арқылы өнер адамының қалтарыс-бұлтарысқа толы тағдырын терең суреттейді. Автор Ақан образын эпикалық жоспарда, сол өзі өмір сүрген ХІХ ғасырдың ІІ жартысындағы тарихи оқиғалардың аясында алып көрсетуді мақсат еткендігін көреміз. Яғни тек Ақанның өмірімен шектелмей, ол туып-өскен ортаның, өмір сүрген заманның тарихи-әлеуметтік шындықтарын қамтыған. Бұл романда отаршылдық қамытын киген қазақ қауымының тағдыры айқын көрініс тапқан.

С. Жүнісовті үлкен жазушы ретінде танытқан «Ақан сері» дилогиясы – барынша күрделі де кесек туынды. Оған ешқандай дау болмауға тиіс. Ондағы образдар әлеміне барлау жасасақ, басты кейіпкер – құдіретті әнші, алғыр ақын, сері Ақан – өз ортасынан бойы анағұрлым биік тұрған парасат иесі. Романның өн бойында оның өнер тұлғасы ретіндегі болмысы мен өнер туындылары қатар келіп отырады. Автор басым көпшілігінде Ақанның ақын ретіндегі ішкі әлеміне үңілген. Серінің шығармашылығындағы психологиясына дендеп үңіледі.  Сондықтан да «Сырымбет», «Үш тоты», «Құлагер» сынды әндері тарихи романның үш бөліміндегі оқиғалардың, болмыстардың философиялық астарын ашуға көмектеседі. Сәкен сері өз кейіпкерін әр оқиға сайын өсіріп, әр қырынан көрсете білуге ұмтылып, оның патша мұрагері атаман Николай Алексеевич алдында бүкіл қазақ халқы атынан халық мұңын, ел тілегін айтуы – жазушының ғана тамаша шеберлігі емес, роман қаһарманы Ақан тартысының ең шырқау биігі, ең шырқау шыңы. Ылғи шен-шекпен киген ел жуандары мен патша ұлықтары қоршаған мұрагер. Өріп жүрген әкімдер... Осындай тұста патша ұлына қарсы сөз сөйлеу үшін қандай жүрек, қандай батылдық керек десеңізші! Тек жүректілік қана емес, елім деп, халқым деп соғар ұлы жүрек керек қой. Ақан осынау қатерлі іске неліктен барды? Автор өз қаһарманын үнемі даму үстінде көрсетіп, ақыры, осынау үлкен күреске қосып тұр, және нақты дәлелдеме, психологиялық мотивировка арқылы халқының көзіндегі жасты, көкірегіндегі мұңды сезімтал ақынның жан жүрегімен көрсете білді. 

-Аталған романда қаламгер Ақанның әр әнінің шығу жайына да барлау жасай кетеді емес пе?

-Ақан – ең біріншіден ақын ғана емес қайраткер тұлға. Ол қолында билік, алдында малы бар болыс, байды мадақтап, солардың шашбауын көтеретін сарай ақынындай жалған өнерден аулақ. Мұндай болғанда осындай ғажайып әм тағдырлы туындылар өмірге келмес еді. Ақан сері шығарған «Сырымбет», «Балқадиша», «Құлагер» әндерінің туу тарихы романда сұлу өріліп, оқиғалармен астаса суреттеліп, Ақан өмірін, сол жасаған ортаның ажарлы көрінуіне көп септігін тигізеді. Әрине серінің әр әнінің дүниеге келуі үлкен бір тақырып. Әр әнінде адам жүрегін толқытатын оқиғалар шиеленісі жатыр. Ән сөз жоқ қуаныштан гөрі қайғыдан туады. Ақан әнінің қамырыққа толы болуының сыры да осыны көрсетеді. Тағыда қайталап айтайын ән қайғымен туыс. Ел танымы түрлі ақуалға ие.  Ол кезде де үлкен өнерге өресі жетпеген жандар болды ғой енді. «Ақан жинаған топтың қыз ойнақтары жын ойнаққа айналды, жастар бүлінді. Желік ізін салушы – Ақан. Бәрін бұзушы – Ақан. Ән – әңгіліктің ісі, домбыра – сайтанның жынысы» деп ел молласының аттан салып, ақын ашқан жаңа дүние есігінен түскен жарыққа көз жұмып, үркіп-шошуды да роман желісінде бар шындығымен шебер шешімін тапқан. Роман жүйесіндегі Арқаның атақты шонжары Сағынай асы әсерлі суреттелген. Сағынай асына Ақан шақырусыз келеді. Оны ел билеушілер Нұрмағамбет, Батыраш жақтырмайды. Паң Нұрмағамбет Ақанның уытты тілін, еркіндігін, сал-серілігін жақтырмаса, Батыраш дүлдүл Құлагердің жүйріктігін, ел ішіне жайылып кеткен атақ-даңқын қызғанады. Ақан образы көбіне Құлагеріне қатысты тұста ерекше дараланады. Құлагер – Ақанның тағдыры, серігі. Ақанның адам, өмір жайлы терең ой толғаныстары Құлагер ажалына қатысты тұста бой көрсеткен. Ақан Құлагерінің өліміне қатты қайғырады. Құлагер өлімі – Ақын рухының өшуі емес, халқымыздың басында кездесетін тоғышарлықтың өршуі, Батыраштар үстемдік еткен қоғамның сиқы. Соның құрбанына айналған Құлагердің өлімі Ақандай асылдың жанын жараламауы мүмкін емес еді. Романда Құлагер – қарапайым жануар образынан биік тұрған құбылыс. Автор Құлагер арқылы Ақан жанының түкпіріне, ішкі иірімдеріне бір бойлатса, Батыраштардың ішінде қордаланып қалған тоғышарлық пен көре алмаушылық, іштарлықтың бет әлпетін де ашады. Автор романда Ақанның сұлулық, өнер туралы таным-өлшемін, адам, адамгершілік туралы кредосын жете ескерген. Ең бастысы Ақанның зор тұлғасын халықпен, оның рухани өмірімен тамырластыра сомдаған. Романнан талантты ақын мен шебер жазушының іштей рухани тоғысуы байқалады. Ақанның көркем әдебиеттегі тұлғасын жасаған автордың қаламының даралығы оны талантты жазушылардың қатарына қосқаны ақиқат. Ақан серінің көркем әдебиеттегі эпикалық, лирикалық һәм драмалық образдары туралы әңгіме әлі де алда. Бір нәрсенің басы ашық. Ақанның ән мұраларының ғұмыры ұзақ. Енді ешқашан Ақан әніне өлім жоқ. Өйткені онда туған халқымен бірге жасай берер қайталанбас сырлы да мұңлы, ішкі иірім, сыртқы сымбаты ғажап үйлесім тапқан әуезді әуендер тек қана Ақанға тән әуендер молынан ұшырасып отырады. Ақан әні адам жүрегінің айнасы. Ақанның әндік мектебінің мәртебелі болары да осынау ұлы құбылысында ғой.


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар