Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Әлия Бөпежанова: «Арамызда жаңа заманның қаһарманд...

19.05.2025 1390

Әлия Бөпежанова: «Арамызда жаңа заманның қаһармандары жүр»

Әлия Бөпежанова: «Арамызда жаңа заманның қаһармандары жүр» - adebiportal.kz

Атырауда 14-мамыр күні  Қазақстан Жазушылар одағының «Жұмысшы мамандығы және Қазақстан жазушылары» атты көшпелі екінші пленумы өтіп, оған қаламгерлердің үлкен тобы қатысты. 15-мамыр – дауылпаз ақын Махамбеттің туған күніне орай Махамбет атындағы академиялық драма театрында салтанатты шара өтіп, Махамбет атындағы Халықаралық әдеби сыйлық алғаш рет  көрнекті ақын, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Иран-Ғайыпқа және белгілі әдебиет және театр сыншысы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Әлия Бөпежановаға табысталды. 

Біз пленум жұмысына қатысқан және мәртебелі сыйлыққа ие болған Әлия Бөпежанова ханымды сыйлығымен құттықтай отырып, осы сапар туралы аз-кем әңгіме өрбіткен едік. 

Әлия Қаһарманқызы, ең алдымен сыйлығыңызбен құттықтаймыз! Бұл сыйлықты әдебиеттегі қандай да бір еңбегіңіз үшін берген шығар дейміз. 

– Құттықтауларыңызға рахмет. Халықтың асқақ рухы, намысы, айбары, биік арман-мақсат жолында тура жолдан таймай, халқы үшін жанпида болған  Махамбет атындағы сыйлықты алу және Иран-Ғайыптай  Махамбет рухтас көрнекті ақынмен қатар алу – мен үшін үлкен мәртебе. Бұл сыйлық маған Махамбет атындағы Атырау академиялық драма театрының 80 жылдық тарихын зерттеп жазған үлкен кітап, іргелі еңбегім үшін берілді. Кітапта театрдың даму жолы қазақ драматургиясымен тығыз байланыста қарастырылады.

 Театр туралы зерттеу еңбек деп отырсыз, екі жыл уақыт жұмсадым дегеніңіз осы дүние шығар,  бұл кітапты жазуға не түрткі болды?

 Махамбет театры алғашқы құрылған күнінен бастап, Батыс аймағындағы қалың жұртшылыққа өнерімен нұр шашқан, кеуделеріне сәуле құйған үлкен өнер ордасы; еліміз тәуелсіздік алғанға дейін сол аймақтағы жалғыз театр болғандықтан көтерер жүгі көп болған және соны небір қиындықтарға қарамай, адал атқарған, Батыс аймағы сахна өнерінің  қара шаңырағына айналып, бүгінде де үлкен қарқынмен дамып келе жатқан  өнер ордасы. Бұл кітапты жазуға ұсыныс жасаған осы театрдың директоры болған, белгілі жазушы-драматург, режиссер Асылбек Ихсан еді. Театр шежіресін түзуге көмек берген театрдың алғашқы буын актерлерінің бірі, театрдың көнекөз шежірешісі болған, бүгінде марқұм, қадірлі Қайыржан аға Махмұтов, фототарихты жасауға атсалысқан театрдың бас суретшісі, бүгінде Көркемдік жетекшісі, талантты да интеллектуал азамат Темірбек Мәжитов екенін айтуым керек. Ал, кітаптың сапалы да көркем болып жарық көргені үшін театрдың Көркемдік жетекшісі болған, көрнекті жазушы-драматург, марқұм  Рақымжан Отарбаевтың рухына және сол кезде Атырау облысының әкімі, өнерсүйгіш азамат Баққожа Ізмұхамбетовке тағы да үлкен ырзашылығымды білдірсем орынды болар. 

  • Әлия апай, сізге шығармашылық табыстар тілей отырып, енді өзіңізден Атырау сапары туралы әңгіме естісек деп едік. Жалпы қалай ұйымдастырылыпты, нені қамтыпты, қай жағы ескерілмепті деген әңгіме ғой...

Махамбет атындағы халықаралық әдеби сыйлық 15-мамырда Махамбет ақынның туған күнінде берілді. Ұйымдастырушылар келешекте бұл сыйлықтың аясын кеңейтеміз, екі жылда бір рет беріп тұрамыз  дейді, Мысалы, Махамбет күйші болған, күйшілерге де береді. Енді мен сапар туралы сөзді Атырауға сапардың осы үшінші күнінен бастайын. Сол күні Жазушылар одағы Басқарма төрағасы Мереке Құлкенов бастаған арнайы делегация бір топ ақын-жазушы рухы асқақ, біртуар, дауылпаз ақын Махамбет бабаның Индер ауданындағы зиратына  барып, зиярат жасады. Гүл шоқтарын қойып, құран бағышталды. 

Мамырдың тамылжыған күні еді, аспан шайдай ашық. Асқақтаған аппақ кесене, апарар жолдың екі жағы көкпеңбек ағаш, жолы да, айналасы да тап-таза, ерекше күтімде екені байқалады. Бір асқақ рухты сезінгендейсіз. Баба кесенесінің алдында ақын Алмас Ахметбекұлы мен прозашы, «Простор» журналының бас редакторы Фархад Тамендаров Жұмекен мен Олжас ақындардың Махамбетке арнаған жырларын, ақын Аманғазы Кәріпжан өз жырын оқыды.  Ақын кесенесінен әудем жерде қылмысты да қасіретті әрекет жасалып, ақынның басы шабылған жерге тас-белгі қойылыпты. Шыны керек, онда баруға адамның жүрегі дауаламайтындай... Белгілі қаламгер, марқұм Қойшығұл Жылқышиевтің де зираты осы маңда екен, қаламдастар онда да барып, зиярат жасады. 

Зияраттан кейін Индер ауданының орталығында кездесу болды. Индер ауданы әкімінің орынбасары Артур Мурзин, аудандық мәслихат төрағасы Абзал Рамазанов, тағы да басқа азаматтар қатысқан кездесуде Индердің мектеп оқушылары бірінен соң бірі Махамбеттің дауылпаз жырларын жатқа оқыды. Бұл күннің қорытындысы кешке Махамбет атындағы Атырау академиялық драма театрында өткен салтанат. Салтанатты кешке облыс басшылары, қала жұртшылығы қатысты. Салтанат рәсімін ашып, сөз сөйлеген Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Мереке Құлкенов қазақтың үш ұлы тұлғасы Махамбет, Абай, Жамбылдың туған күндері жыл сайын ерекше құрметпен аталып отыруы қажеттігін, Жамбыл бабамыздың туған күні 28-қаңтарда аталып өткенін, 15-мамыр Махамбет  ақынның дүниеге келген күнін де ерекше атап өту – елдігімізге жарасатынын, жас ұрпаққа үлкен тағылым екенін атап өтті. 

Махамбет атындағы халықаралық әдеби сыйлықты көрнекті ақын Иран-Ғайыпқа Басқарма төрағасы М.Құлкенов, ал, маған белгілі ақын, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Өтеген Оралбай тапсырды. 

Салтанат рәсімінен соң Махамбет атындағы театрдың көрнекті жазушы Т.Әлімқұловтың «Қараой» әңгімесі бойынша қойылған, Махамбеттей тұлғаның болмысын, арман-мақсат, өкінішін соншалықты кінәз берген интеллектуалды да заманауи спектакль-реквием «Қош бол, Қараой!..» көрсетілді. Халықаралық небір фестивальдарда көрсетуге лайық бұл қойылым инсценировкасын жасаған және режиссері белгілі сахнагер Мұқанғали Томанов, қоюшы-суретшісі заманауи, интеллектуал азамат Темірбек Мұхтаров, Махамбет ролінде – талантты актер Мырзабек Макулов.

Махамбеттей тұлғаның туған күніне байланысты жақсы ақпарат бердіңіз. Енді Жазушылар одағының көшпелі пленумы жұмысына тоқталсаңыз. Бұл жолғы бір ерекшелік өндіріс адамдарымен кездесіпсіздер, әсер қандай?

Атыраудағы көшпелі пленум жұмысына ақын-жазушылардың үлкен тобы барды. Жалпы облыстарда көшпелі пленумдар Қазақстан Жазушылар одағының перспективалық жұмыс жоспары бойынша өткізіле бастады. 

Солардың алғашқысы 2024 жылдың желтоқсан айында «Әділетті Қазақстан: Ғасырлар ғұламалары мен Қазақстан қаламгерлері» тақырыбында Түркістанда ұйымдастырылып, сәтті өткен-ді. Ал, алдын-ала үлкен дайындықпен Атырауда «Жұмысшы мамандығы және Қазақстан жазушылары» тақырыбында өткізілгені екінші пленум. Атырауға келген үлкен делегация пленум жұмысына қатысумен бірге 13-16 мамыр аралығында Атырау қаласында  шығармашылық, өндірістік  кездесулер өткізді.  

13-мамырда делегацияның құрамында  Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма төрағасының орынбасары, ақын Қасымхан Бегманов, Мемлекеттік органдармен байланыс және кадр қызметінің бас маманы Өмірзақ Зинуллин, Атырау облыстық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұрат Өтешов, қаламгерлер Қуаныш Жиенбай, Фархат Тамендаров, Авут Масимов, Бауыржан Ғұбайдуллин, Наталья Горячева, Әбілсапар Тұрғынбаев, Бауыржан Құрманқұлов,  Құдайберген Сұлтанбек, тағы басқалар бар топ Атырау қаласынан отыз екі шақырымдағы «KPI» химия заводы өндірістік жұмысымен танысты. Бұл кешен 2022 жылы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен ашылған болатын. Кешен жылына 500 мың тонна полипропилен өндіреді. Бұл әлемдік өндірістің шамамен 1 пайызына тең. Еңбек адамының қоғамдағы орны мен маңызы туралы сөз қозғалған кездесу соңында  ҚЖО төраға орынбасары Қ.Бегманов қаламгерлер атынан өндіріс басшылығына ырзашылығын білдірді. Зауыт мейлінше заманауи технологиялармен жабдықталған, Жұмысшы мамандығының өзі бүгінде үлкен білімді қажет етеді. Зауытта бүгінгі технологияларды игерген, өз істерінің нағыз мамандары заманауи білімді игерген жастар. Бұл кездесу қаламгерлерге ой салғаны анық.

Әдетте мұндай жиындар  есте қалса,  келелі ой, түйірі бар, түйіні бар әңгімесімен есте қалады ғой. Жақсы баяндамалар да болған шығар…

Әрине. Қаламгерлердің келесі тобы Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде болды. Құрамында белгілі ақын-жазушылар, Кәдірбек Сегізбаев, Молдахмет Қаназ,  Мәди Айымбетов, Иранбек Оразбаев, Өтеген Оралбаев,  Тұрсынхан Зәкенұлы, Шахизада Әбдікәрімов, Алмас Ахметбекұлы, Аманғазы Кәріпжан, әдебиеттанушы ғалым Қансейіт Әбдезұлы, сыншы Әлия Бөпежанова және дәулескер күйші Шәміл Әбілтаев бар  бұл топ университет ұстаздары және студенттерімен кездесу өткізді. Университет ректоры Саламат Ыдырысов кіріспе сөзбен ашқан соң, филология ғылымдарының докторы, ҚЖО Басқарма хатшысы Қ.Әбдезұлы «Қазақ әдебиетіндегі еңбек адамының бейнесі» тақырыбында қызғылықты шағын баяндама жасады. Жарыссөзге шыққандар еңбек адамы – жаңа заман кейіпкері, тағы да басқа көкейкесті ойларын ортаға салды. Осы күні түстен кейін қаламгерлер қауымы есімі бүкіл елімізге белгілі, жұмысын қарапайым инженерліктен бастап, небір сатылардан өткен, кейін үлкен қызметтерде болып, еліміздің мұнай, құрылыс салаларында аса табысты еңбек еткен, үлкен ұстаз, абыройлы меценат Төкен Танаұлы Жұмағұловтың жеке мұражайында болды. Мұражайдың бай экспонаттары мен кітапханасы бүгінде 88 жастағы қадірлі қарияның ұлағатты жолының, елі үшін жасаған аса игілікті істерінің куәсіндей екен.

  Делегация ендігі кезекте «Атырау агро өнімдері» ЖШС директоры, әлеуметтік-гуманитарлық даму және өндірістік қызметіндегі аса үздік жетістіктері үшін 2022 жылы Қазақстанның Еңбек Ері атағы берілген Владимир Розметов компаниясының өнімдері көрмесімен танысты. Қаламгерлер қауымына «Атырау агро өнімдерін» бүгінде 1000-ға жуық адамды жұмыспен қамтып отырған кәсіпкердің өзі таныстырып, сан салалы кәсібі туралы әңгімеледі.  Еділбай қойын, Атырау қаракөл қойын, сербтік асыл тұқымды ешкі өсіріп, Атырау жұртшылығын экологиялық таза өнімдермен, жергілікті лимон және алма жемісімен қамтамасыз етіп отырған, иманжүзді, қарапайым  кәсіпкер Владимир азаматтың қызы Тамила Төрегелді Шармановтың шәкірті, мықты технолог екен.  Кәсіпкердің жоспарында жергілікті халықты экологиялық таза өнімдермен қамтамасыз етуге байланысты жаңа жобаларды іске қосу бар көрінеді. Біз Владимир азаматтың игілікті істеріне табыс тіледік. Жайыққа катермен түсіп,  «Атырау-балық» шаруашылығы басшысы отбасымен  кездестік.

 Атырауда қаламгерлерге арналған ескерткіштер әдемі. Көрген шығарсыздар? 

  Бұл күні жазушылар қауымы Атыраудағы Исатай-Махамбет кешенді ескерткішіне, қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдері Әбу Сәрсенбаев, Хамит Ерғали, Жұмекен Нәжімеденов, Фариза Оңғарсынованың ескерткіштеріне гүл шоқтарын қойып, рухтарына бас иді. 

Бұл ескерткіштер қаланың рухын асқақтатып, рухани-мәдени құнарын арттырып-ақ тұр. Ескерткіштер айналасы әдемі гүлзар. Еңкейген кәрі мен өрімдей жастың да келіп, рухани қуат алатын жері екен. 

Сапардың екінші күні, 14-мамырда Салтанат сарайында «Жұмысшы мамандығы және Қазақстан жазушылары» атты пленум өтті. Шара алдында делегация көрнекті ақын, қазақ поэзиясының тереңі мен биігі Жұмекен Нәжімеденовтің ескерткішіне арнайы гүл шоқтарын қойды. Пленум жұмысын ашып, кіріспе сөз айтқан ҚЖО Басқарма төрағасы М.Құлкенов Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» етіп жариялағанын, бұл мемлекеттің ел дамуының басты тірегі – еңбек майданының нағыз қаһармандарына, еңбек адамына деген құрметін көрсететінін, жазушылар қауымы қоғам талабынан туындап отырған орынды ұсынысқа өз тарапынан үлес қосуы міндет екенін айтты. Алғашқы болып сөз алған Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов ҚР Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қариннің Құттықтау хатын оқыды. Құттықтау хатта, «... Адал еңбегімен маңдай терін төккен жұмысшылардың бейнесін көркем шығармалар арқылы жаңғырту – бүгінгі әдебиет пен өнердің ұлы міндеті екені айтылып,... сол себепті бұл пленум – тарих пен бүгіннің алтын көпіріне айналатын тағылымды жиын» боларына сенім білдірілген. Облыс активі қатысқан пленумда арнайы тақырып жан-жақты талқыланып, қаламгерлер өз ой-пікірлері мен идеяларын ортаға салды. Пленум жұмысына соңына дейін қатысқан облыс әкімі Серік Шәпкенов сөйлеген қаламгерлердің пікірлеріне байланысты өз ойын білдіріп, мәселеге байланысты келелі ұсыныстарын білдірді.  Пленум жұмысының қорытындысы бойынша арнайы қарар қабылданды, ол алдағы жұмыстардың бағыт-бағдары болмақшы.

– Пленумда «Сөз-сыбаға» әдеби аукционы болғаны жайлы естідік, бұл өзі не нәрсе, осы туралы айтсаңыз...

– Қаламгерлермен қатар,  батыс өңірінің белгілі ақын-жазушылары, аймақ зиялылары, қарапайым еңбек адамынан қабырғалы үлкен тұлғаға айналған атыраулық меценаттар қатысқан бұл пленумның ерекшелігі тұңғыш рет «Сөз-сыбаға» әдеби аукционының өту болды. Осы жерде азаматтардың атын атап кетейік, аукционда белгілі  меценаттар: Жұмағұлов Төкен Танаұлы – «Құрмет», «Парасат», ІІ және ІІІ дәрежелі «Барыс» ордендерінің иегері, Атырау, Маңғыстау облыстарының және бірнеше аудандардың «Құрметті азаматы», «Теңізмұнайқұрылыс»АҚ президенті; 

Розметов Владимир Федорович-Қазақстанның Еңбек Ері, «Атырау агроөнімдері» ЖШС-нің президенті, облыстың ауыл шаруашылығы саласын дамытуға орасан үлес қосып келе жатқан азамат; 

Сарманов Мұрат – Қызылқоға ауданының Құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері,ауыл шаруашылығы саласының шебері, «Нұр дала» агрофирмасының жетекшісі;  

Әбілхарес Жеңісбек – еңбек жолын мұнай саласына арнаған белгілі мұнайшы, облыстық мәслихаттың бірнеше шақырылымының депутаты, тұрмысы төмен жандардың жанашыры; 

Қаршыгенов Оразғали – облыстың энергетика саласының дамуына зор үлес қосқан маман, 3-дәрежелі «Барыс» орденінің иегері, Атырау облысының «Құрметті азаматы», облыстық мәслихаттың бірнеше шақырылымдарының депутаты; 

Балжігітовтер отбасы  – елге еңбектерімен танылған әулет  (бүгінгі күні ағайынды Балжігітовтар Жылыой ауданының экономикасы  мен әлеуметтік саласының дамуына еселі үлестерін қосуда); 

 Әмірғалиев Мұрат  – «Амангелді» балық кооперативінің ұйымдастырушысы (Атырау өңірі балық аулау,өндіру,өңдеу жұмыстарын жаңа технологиялық жүйеге қойған белгілі кәсіпорын); 

Сұлтанов Сабыржан – облысқа белгілі малбегі, асыл тұқымды қаракөл қойын және ірі мал өсірумен айналысатын шаруа  қожалығының басшысы;

 Міне, осы меценаттар Еңбек адамы туралы кітап жазуға белгілі ақын-жазушы, көсемсөзші қаламгерлер: Қадыр Жүсіп, Гүлзада Ниетқалиева, Төлеген Жаңабайұлы,  Әлия Дәулетбаева, Бақытгүл Бабаш, Сәулеш Шәтенова, Ғұмаров Қанат, Үміт Жәлекеқызы, Назарбек Нұрмағанбетов, Еркеназ Еркінқызы, Асланбек Шығыровтармен шығармашылық әріптестік құрды. Бұл ауқымды шара нәтижесінде еңбек адамы туралы жақсы шығармалар, көркем образдар жасалады деген сенім бар. Және бұл – өзге өңірлерге үлгі болатын шара-ау деген ойға қалдым өз басым. 

–  Қоғамға еңбек адамы жайлы шығарма керек деген пікірдесіз ғой, демек? Ол өткен уақыттың тақырыбы емес пе?

«Еңбек адамы» тақырыбы – кезінде Саттар Ерубаев, Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин, Зейін Шашкин, Шерхан Мұртаза жазған тақырып. Біреулер тапсырыспен жазылмайды дейді, кеше біз көрген зауыттарда қандай жас жігіттер жүр, білімді, заманауи. Олардың ішінде жаңа заманның қаһармандары жүр ғой. 

 Сонымен бұл сапар көңіліңізден шыққан сияқты... 

– Ия, Атырау сапары жазушылардың ел-жер өмірімен, еңбеккерлермен танысуда жақсы сапар болды. Осы сапар, жақсы рәуішті кездесулер, Махамбет баба рухына тағзым қаламгерлерге шабыт беріп, жаңа шығармалар дүниеге келері анық. Қаламгерлер қауымы Атыраудан мұнай астанасындағы жақсы рухани шараларға, осы көшпелі пленумды  ұйымдастырған Қазақстан Жазушылар одағының басшылығына және одақтың мәдениеті мен мобильділігі, іскерлігі  жарасқан қызметкерлеріне ырзашылық көңілмен аттанды.

Әңгімеңізге рахмет.                                                                                


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар