Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
ПРОЗА
/
Әдебиетіміздегі әкелер образы...

15.06.2025 907

Әдебиетіміздегі әкелер образы 12+

Әдебиетіміздегі әкелер образы - adebiportal.kz

«Мен  туғанда, әкем  елуді  еңсеріп қалған кісі  екен.  Әжем жарықтық  әкемді балаларымның ішіндегі еті тірісі осы болды деп отырар еді. Әкем өз бетінше талпынып жүріп ескіше сауатын ашып алыпты. Содан өле-өлгенше өз бетінше оқып-тоқыған адам. Ол есеп-қисапты тәуір білетін. Тіпті орыс алфавитін де ежіктеп шығара беруші еді. Жас күнінде ағаш ұста болыпты, етікші де атаныпты, тәуіпшілдігі де бар екен. Әсіресе, зергерлікті жақсы көрген. Біздің елде одан өткен зергер  ұста болмаған.  Жігіт  күнінде қыз-келіншектің  көңілін  аулау амалымен үйренген зергерлік өнерін әкем қартайғанда тастамаған. Мұнда ол соққан сақина-білезікті салып жүрген көзі тірі кемпірлер бар. Ал, ол кемпірлер бір кезде уылжыған жас еді ғой.

Әкем өз жанынан өлең шығарып, жиын-тойда айтысқа да түсіп жүріпті. Ескі ақын-жыраулардың термелерін, қиссаларын жақсы көріп тыңдайтын. Бірақ жатқа айта алмаушы еді. Момыш әкем ат жалын тартып мініп, бозбала халге жеткенде, Имаш бабам шаруа билігін соның қолына беріпті. Ауылдағы келін-кепшікті бір шыбықпен айдайтын адуынды Қызтумас әжемнің өзі де:

 - Момыштан сұраңдар, Момыш біледі, - деп отырады екен. 

Ағайын-туған арасындағы алыс-беріс, көші-қон мәселесі, ас-той, дау-дамай -бәрі-бәрі Момыштың араласуынсыз шешілмеген. Әлдеқалай ол жол жүріп кетсе, сапардан қайтып келгенше тірлікті соған қаратып, жолын күтіп отыратын болған. Имаш бабамның көзінің тірісінің өзінде біздің шағын ауылды - Момыш ауылы дейді екен. Шаруамыз шап-шағын еді. Біздің үйдің іші қартайған Имаш бабамнан бастап, есін енді-енді біліп келе жатқан баласына дейін жеген нанын табан ақы, маңдай терімен тапқан. Ешкімді жалдамаған, ешкімге жалданбаған».

Бұл Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұя» романындағы жазушы сомдаған әке образы еді.Балалығы, өткен өмірі туралы қалам тартқан Б.Момышұлы сол бір балалық шағын аса сағынышпен, жылы естеліктерімен еске ала жазады. Өмір баяндық естеліктер негізінде жазылған бұл кітап батырдың Имаш атасы, Қызтумас әжесі мен әкесі Момыш туралы деректерді жасырып-жаппай романда құнттап отырып жазады.

Батырдың бұл туындысын оқып отырып болашақта батыр болмауға хақысы жоқ дейтін байламға келесің. Себебі, ата-әжесі тәрбиесінен жалғасып келе жатқан тәртіпке үйренген Момыш әкесі Бауыржанды да адал, турашыл, бір беткей етіп өсіргені көрініп тұрады. Жоғарыда келтірген үзіндіден тыс, роман желісінде әке образын барынша ашатын жазушының қаншама мысалдары мен мәтіндері кездеседі. Анасынан үш жасынан жетім қалған Бауыржан әжесі мен әкесінің тәрбиесінде өседі. Сондықтан ба екен батыр жазушы әкесі туралы ерекше тебіреніспен, перзенттік мақтаныш сезіммен қалам тербейді. Осылайша әке мен бала, үлкен мен кіші арасындағы ғаламат сақталған гармония Бауыржанды Бауыржан еткеніне көзіңіз жете түседі.

Осы іспеттес көзі тірі классик жазушымыз Төлен Әбдіктің де «Әке» атты шығармасында да әке бала қатынасы, өзара сыйластығы, әкенің балаға үміті, баланың әкеге деген перзенттік құрметі менмұндалап тұрады.

«Шай ішіп болғаннан кейін, жазатын қағаздарым бар еді деп жиен ағам да кеңсесіне кетті. Апам үй шаруасымен жүр. Мен әкемнің қасында отырмын. Анда-санда түкіргішін сұрағанда болмаса, көзін ашпайды. Ұйықтаған адамдай бір қалыпты дем алып, ұзақ жатты. Көңіліме әр түрлі ойлар келді. Біздің өз семьямызға ғана қымбат пенделік ұсақ-түйек шаруаларымыз болатын. Әкем қаладағы, біздің жаңа пәтерімізді көрмеген еді. Соны әдейі келіп көріп, ішіне құт тілеп, қайырлы болсын айтып, от басы бәле-жаладан аулақ болу үшін, әкесінен қалған бір тұмарды босағаға әкеліп қақпақ ойы болатын. Мықты дәрігерлер болса, көрінгеннің бөтендігі болмас дейтін. Базардан ширатпа насыбай алдырып, түсте келіннің қолынан шай ішіп, екі немересін аймалап, қаланың саңғырлаған үш бөлмелі үйінде бір шалқайып жатсам деген жоспарлары болушы еді. «Баламның әкелгені», «балам беріп жіберіпті», «балаға алдырттым» деген сөздер ол кісінің аузынан ерекше бір мақтаныш сезіммен шығатын. Өмірінде бір шалқып қуанып көрмеген әкемді көкірегіндегі бүкіл шер-шеменінен құлан-таза айықтырып жіберетіндей бір қуантсам деген арман менің көңілімнен кетпейтін. «Алдағы жазда», «алдағы күзде», «алдағы жылмен» мінеки енді өмірдің санаулы сәтінің үстінде отырмыз. Өміріңде не ата-анаға, не дос-жаранға көңілдегі жақсылығыңды жасай алмай, бүкіл уақытыңды өткізіп алу қандай өкінішті», - деп жазады автор.

Төлен Әбдіктің шығармасындағы әке образы өмірдің ыстық-суығын көп көрген, өзі қожанасырлау мінезді болса да, бас кейіпкеріміз Сайлаудың әкесіне қанша ашуланса да ренжіген сәтін көрмейсіз. Әкесінің әкесі туралы трагедия мен әкесі туралы ескерткіш қойғандай жазылған бұл шығармадағы әке қандай аңғал болса, сондай таза. Атадан бесеу болып туылып, жалғыз қалған, кіндігінен тараған екі ұлдың бірі соғыстан қайтпай қалған, әулеттің ұрпақ жалғар үміті жалғыз ұлы ғана қалу сынды тағдырдың тәлкегін қанша көрсе де бір жасымаған, адамдығынан жаңылмаған қайсар әкені көреміз. Соңында қаншама нәубетті, қиын заманды көрген әкесіне заман түзелсе де, көзі тірісінде, дені сауында қолынан келетін жақсылығын жасай алмаған пенделігіне ызаланған перзентті көреміз.

Әдебиетіміздегі әңгіме жазудың шебері Сайын Мұратбековтің «Кәментоғай» атты қысқа ғана әңгімесі бар. С.Мұратбековтің сомдаған әке образы мүлде басқаша. Аты айтып тұрғандай әңгіме Кәмен атты кейіпкердің көрші ауылдан көшіп келгені туралы баяндалады. Кәмен көшіп келгенше ауыл етегіндегі терең сайда түйе түссе шыға алмайтын бығып жатқан тартпа қорық батпақ бар еді делінеді әңгімеде. Сол батпақты қорықты Кәмен күзгі тоң түскен кезінде қалың қоғасы мен балқұрақты шауып тастап орынына шыбық, тал еккені айтылады. Кәменнің сол еккен шыбық-талдары қаулап өсіп, қалай сол сайды тоғайға айналдырса, көшіп келген шағын шаңырағында да жыл сайын дәл солай үрпірлеп-шүпірлеп балалар дүниеге келіп жататын еді дейді. Әйелі «Батыр ана» орденін алғаннан кейін де, екі рет егіздер өмірге келсе, араға екі жыл салып үш ұл қатарынан туғанын жазады. Бір қызығы осыншама баласы бола тұрса да, үйінің іші қанша у мен шуға толы болса да, соған қабақ шытып жатқан Кәмен мен әйелі жоқ дейді.

Алып денесіне қарамай өте мейірімді болған Кәмен балалары дегенде дүниедегі қандай шаруа болса да қайырып тастауға бар әке екенін. Балажан болғаны сонша тіпті бой жетіп отырған қызын да ұзатуға қимайтын, бар баласы көз алдында топырлап жүргенін қалайтын «қызғаншақ» әке болады. Тіпті соншама баласы бола отыра қашып кеткен қызының тұңғышын бауырына басып алғаны, ата қырандай балапанын бауырына басып жатып алатын балажан әкені оқыған оқырман есінен кетпестей әке деген осындай ақ болу керек шығар деген ой түйгізеді.

Мен атынан баяндалатын Кәментоғай әңгімесіндегі Кәменнің неге сонша бала десе емешегі үзіліп тұратынын, кейіпкердің өз ауызынан айтқызады. Бір атадан  он бес ағайынды болып туған Кәменнің он төрті түгел қуғын-сүргін, соғыстың кесірінен ешқайсысынан тұяқ қалмағанын, тек өзінің соңынан ерген балары ғана тұқым жалғап қалғанын жеткізеді. Осы жерде Кәменнің не үшін бала десе, бас десе әсіре сезімтал, қызғаншақ екенін түсінесің. Баланың әуресі, көптігінен амандығы, өскенін тілейтін осындай әкелерден қалай айналып кетпейсің.

Көз алдыңызға Бауыржанның Қызтумас әжесі айтатын «қайыстай» қатқан қара әкесі қайыстай болса да, ауыл үйдің шаруасын дөңгелетіп отырған елгезек, көпшіл, қамқор нағыз әке мен Төлен Әбдік сомдаған елдің сөзі мен көзінен жалғыз ұлын қызғыштай қорыған, жалғыз ұлының тілеуін тілеген, қалаға тұрмақ түгіл барғысы да жоқ нағыз дала қазағының, дарқан пейілді қазақ әкеге куә болсаңыз. С.Мұратбековтің басқа зәру болған, ұрпағының амандығын, өскенін қалтқысыз тілейтін ақ пейіл әкені көресіз. Үш шығармадан да әкелік иіс бұрқыраған аураны сезесің. Көкейіңе «Әке» деген тұлғаның салмақты образын қашап тұрып орнатады.

«Әрине, жазу да, киноға түсіру де — бәрі де жақсы ғой, бірақ осынша толып жатқан баланы тәрбиелеп, өсіру тауқыметін есіңе алғанда төбе шашың тік тұратын. Кәменнің үйінде бірер сағат отырып шыққан адамның өзі екі құлағы тұнып, басы айналып, есеңгіреп қалатын. Үлкені бар, кішісі бар, өңшең қара сирақ балалар: бірі секіріп, бірі төбелесіп, бірі тырқылдап күліп, бірі бақырып жылап қашан да азан-қазан болып шуылдасып жатады. Ал Кәмен мен әйелі болса өздерінің бұл тұрмыстарына дән риза. Бір қабақ шытып кейіген жандар емес. Әйелі ертеден қара кешке дейін күйбең-күйбең: балаларының кірін жуып, киім-кешегін жамап-жасқап, тамағын пісірумен-ақ болады, ал Кәмен жұмыстан қайтса-ақ, әуелі үй төңірегіндегі шаруаларын тындырып жайғастырады да, онан соң демалудың орнына, қалың шудың ортасына кеп кіріп балаларының талапайына түседі. Бірі басына шығып, бірі мойнына мініп, асыр салып домалаңдаған балаларының астында алып денелі Кәмен — үлкен тай тулақ құсап жататын. Бұндай сәттерде балалары еркеліктің шыңына шығатын, оны құлағынан, мұрнынан жұлқылап, бүйіріне тепкілеп, істемейтіндері қалмайтын; біресе ат болады; сөйтіп балалары онымен әбден сілелері қатып шаршағанға дейін ойнайтын да, ақырында әкелерінің төңірегінде ұмар-жұмар боп бұйыққан қозылардай бірінің басы, бірінің аяғы айқасып, бірі бүк түсе тоңқайып, бірі шалқасынан түсіп, қарны жалтырап ұйқыға кететін.» С.Мұратбеков «Кәментоғай»

Бала әке алдында мәңгі бала. Төлен ағамыз қазір өзі де ата болған жасқа келсе де, «Әке» шығармасындағы бала бейнесі секілді әке алдында қашанда бала. Сол секілді қаһарлы Бауыржан, классик Төлен, жазушы Сайын болсаң да көз алдыңда өшпейтін, ескірмейтін, алыстамайтын әкелердің бейнесі мәңгіге перзент санаңда күшті, алып болып қала  берері анық. 

Сонымен хал қадірімізше әдебиетіміздегі әкелер образына аз ғана аял жасаған болдық. Себебі, биылғы жыл елімізде қатарынан үшінші рет маусым айының үшінші жексенбісі «Әкелер күні» деп аталып өтіп жатыр. Жоғарыда келтірілген шағын ғана үзінділерден санамыздағы әке образы сәл де болса жаңғыртып, бір сәтке әкелер орынының, салмағының қаншалықты маңызды екенін сезіну еді. Перзент ретінде әр отбасның тірегі болған әкелерімізді көзі тірісінде қадіріне жетіп, құрметтеп өткеннен артық бұл дүниеде қандай бақыт бар демекшіміз.


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар