Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПРОЗА
ӘБІШ КЕКІЛБАЕВ ЖӘНЕ ҚАЗАҚ ЭКОЛОГИЯСЫ...

20.10.2024 1609

ӘБІШ КЕКІЛБАЕВ ЖӘНЕ ҚАЗАҚ ЭКОЛОГИЯСЫ 14+

ӘБІШ КЕКІЛБАЕВ ЖӘНЕ ҚАЗАҚ ЭКОЛОГИЯСЫ - adebiportal.kz

 (Конференцияда сөйленбеген сөз)

«Сырымды айтып қалайын, өмірге екі келмеспін» демекші, Әбекең (Әбіш Кекілбаев) деген кезде ойыма сонау 1990-жылдардың орта тұсында өз басымнан өткен бір жағдай орала береді. Бұл бір руханиятты күйбең тірліктің дүрбелең шулары ығыстырып шығарып, күресінге тастамақшы болып жатқан қиракезік, қиын уақыт еді ғой. Бір күні еліміздің қиыр батысынан таныс аудан басшысы хабарласты. Облыс әкімі өзіне азар беріп жүргенін айтып, көмек сұрады. Жымыраң қағып, келісе кеттім – әкім ғой. Күн аралатып ұшып келді. Жанына  орыстың бір жас жігіті еріп жүр. Түр-әлпетіне қарасаң, сидамы ашаң, а бірақ соған денесі үйлеспей жатыр – кепердей, әрең алып жүреді. Сәбет кезінде «мясокомбинатта» ауысымнан шыққандар денелеріне білем-білем сүбе ет орап, күзеттің жанынан былқ-сылқ етіп өтуші еді ғой, бұл да сол. Бірақ денесін айналдыра ет-маймен емес, шытырлақ қағазға салынған ақша кесектерімен орап тастаған. 

Хош, сонымен іске кірістім. Әлденеге «берік қалқан» ретінде Парламентте отырған Әбекеңді ойға алыппын. Сірә, «Жәңгірдің санатты он екі биінің» біреуі болғасын, сонан соң батыстың адамы батыстың адамының сөзін жерге тастамас дейтін формальды логика. Ойлап-ойлап, араға Мәжіліс төрағасымен аралас-құраластығы күшті ағаларымды салдым.  Араға көп уақыт түсіп кетті ғой, дәл айта алмаймын, әйтеу Мәжіліс үйіне екі рет кіріп-шыққаным есімде. Бірінде үкіметте баспасөз жағын қарап отырған Әміржан Қосанов екеуміз, екінші жолы бір өзім. Әбекең алғашқы кездесуімізде Әміржанға көбірек назар жығумен болды. Екеуі менің келген шаруама түк қатысы жоқ, «жоғары эшелондағы» кадр мәселесін талқылап кетті. Мен аквариумдағы лепрозорий болып қалдым. Екінші рет, жаңғыз кіргенімде де онша жақамай, шаруамды үнсіз тыңдады, арасында сөзіне салмақ беріп сөйлейтін әдетімен: «Бізге сұғанақтанбаңдар деп жатыр ғой» деп қалды. Тағы не айтқаны есімде жоқ. Естуімше, кейінірек әлгі облыс әкіміне телефон соғып, араша сұраған екен, Қабекең оған илікпепті. Ақыры облыстағы «жарты құдайдың» дәсі басым түсіп, менің танысымды орнынан алып тастады. 

Соң білдім, өзім қорғау сұрап жүрген боздағым түйені түгімен, биені жүгімен жұтқан жемқор болып шықты. Марқұм Зекең (Зейнолла Қабдолов) ғажап психолог кісі еді ғой, алғаш көргенде-ақ «Бульдог!» деп еді, білгендей-ақ айтыпты. Кейін жаңағы «рвач» танысымның бет-әлпетіне анықтаңқырап қарасам, шынында да, Булгаков романының желісімен түсірілген белгілі «Собачье сердце» фильмінде Шариков болып ойнаған Толоконниковтен аумайды екен. Нағыз типаж!

Содан қайтып Әбіш ағамызды көрмедім. Дұрысы, бір рет алыстан көрдім. Қашағанның 300 жылдығында. Шынымды айтсам, ендігәрі жанына жақындауға жүрегімнің басындағы бір күлкіл жібермеді. Адам да, ит те аяғына ас құйғанның пендесі, бұл – өмір, сонда да «Қасқалдаққа бір ағары май бітсе, ғарқылдасып, қонар көлін танымас» деп қарақалпақтар айтатындай, елтең-селтеңсіз, шамам келетін жалғыз іс – жазуыммен жүре бермей, «сары сайтанның» азғырындысына іліккеніме, онсыз да арыстанның азуына ат байлап отырған, есіре сөйлейтіндер мен езіп айтатындардан шаршап жүрген үлкен кісінің алдына сұрамсақ, сұраншақ болып барып абыройымды кетіргеніме налыдым. Еңбекші халықтан жасырарым жоқ, Әбекең, – жер барып хабар айтпасын, – сол бір оқиғаға дейін де мені елеп-ескерді, ықыласты зейілін салды десем, өтірік болар еді. Ойлап отырсам, ілгерідегі оқиғаға дейін де, тесік астауыма қайтып оралғаннан кейін де Фариза апай секілді ақсамалдай аңқылдамапты ешқашан. Кеудесіне даналық жинаған ағаға өңге, шығармашылық мәселесімен барып, әкеммен сырласқандай болып қайтуға табиғи ұялшақтығым жібермеген де болар, сөйтсе де жиеніне жарты ауыз лепесін қимау мен үшін түсініксіз еді.  Жазып келе жатып көлденең кездейсоқ соқпаққа түсіп кетуің оп-оңай жасырақ уағымда маған ағаның қолдауы, талантты да тәжірибелі қаламгердің ақыл-кеңесі, сонырқалап, өз соқпағымды салуда моральдық жәрдемі қай кездегіден де көбірек керек еді ғой. Бастап қалам жасақтағаннан-ақ Әбекеңнен көп тән алдым, әсіресе бай да құнарлы тілімен, орамды тіркестерімен көкірек көзімді көзегенмін. Тәжірибелі қаламгердің қырағы көзі өзінің жас авторға тигізген бұл шапағатты әсерін байқамауы әсте мүмкін емес, ендеше, мені неге жанына жақындатып, маңдайымнан сипап, бет нұсқамайды деп ойладым. Қан-сөліңді қақтап тұрып жазғаныңды елемесе, ағайыннан не пайда?! 

Бірақ біз ол кісі үшін бейне мына дүниеде жоқ адамдай болып қала бердік. Есесіне өзі шыққан аймақтың, өзі өкілі болып саналатын рудың (Аманқос Мектепше айтқанда, ұрығының) жауқазын жас буынынан бастап жалын сүзген жасамысына дейін қалдырмай пейілді, зейілді жылы сөздерін аямады ол.  Бірде қызық болды. 

«Нөлінші» жылдардың басында Зекең Имекеңнің шақыруымен Атырау барды. Ұзамай мені сондағы жергілікті университетке проректорлыққа шақырды. Сол кездегі ректордың кабинетінде Зекең бөлме иесіне мені таныстырып бола бере ректор бетіме тура қарап маған алғашқы сұрағын қойды. «Қай туғансыз?» деп келетін нарратив қой. «Шеркешпіз» дедім. Ректор түнеріңкіреді. Қандай жағдайда да саспайтын Зекең абдыраңқырап, бетіме көздері үкіленіп қарады. Жүзінде «Апмай, мен сені ысық деп жүр едім ғой…» деген сөз тұрды. Ректорға мені солай деп таныстырып қойса керек. Сонда деймін-ау, жанына пәленбай жыл еріп жүргенімде жарықтық бірде-бір рет «паспортым» бойынша кім екенімді сұрап (сұрастырып) көрмеген екен да. Өзі «Мен ысықтың Қабдоловы емеспін ғой, бүткіл қазақтың Қабдоловымын ғой» дейтін, сонысы ақиқи таза рас. Ал енді сондай биікке көл-көсір білім, тасжарған талантымен Әбекең көтеріле алмағаны ма, қазақтың Кекілбаевы бола алмағаны ма деп айран-асыр болдым.  Осы сұрақ мені тығырыққа тіреді. Тіреді де тағы бір жайды ойға оралтты.

II

Өткен ғасырдың сексенінші жылдарының орта тұсы. Журналистикадағы, эссеистикадағы тәу ұстазым Сауытбек Абдрахмановтың қарамағында қызмет істеп жүрген кезім. Жұмыс аяғына таман ара-тұра кабинетінде әдебиет, өнер жайында аз-кем сөйлесіп қаламыз.

 Бірде Сәукең әдебиеттегі сол кездегі тенденцияларды шолып келіп, бір уақытта, сөз орайында үстелінің үстінде жатқан Шыңғыс Айтматовтың «Боранды бекетін» қолына алды да, «Не дегенмен, Шықаң Әбекеңді (Әбіш Кекілбаевты) басып кетті» деді. Әлгі сөз миыма қадалды да қалды. Содан бастап, көп білетін, көп оқитын Сәукең неге олай деп айтты екен, Айтматов біздің Әбекеңнен қалайша, қай жағынан келіп озып кетуі мүмкін деген сауалдың төңірегінде үнемі ойланумен жүрдім. Сондағы ақыл зерекпен жеткен нәрсем – мұндағы гәп аталған жазушылардың әдеби стратегиясында екен. Әлемдік әдебиеттің тарихында бір елден бір мезгілде, ежеттес, жеделдес шыққан бір шоғыр таланттардың арасынан, таланттары шамалас, деңгейлес бола тұра біреуінің ғана ғаламдық биікке көтерілген, өңгелерінің қалып қойған мысалы аз кездеспейді. 

Мәселен, Еуропа үшін Батыс әлемі алғаш ашқан ұлы орыс жазушысы Тургенев болып саналады. Пушкин емес, Гоголь емес, Лермонтов та емес, Кәрі құрылықты армансыз адақтаған, шығармаларын содан тән алып жазған, тіпті солардың салтынша көңілдес әйеліне күйеуін қосақтап, үшеулеп тұрған масон Тургенев – бірінші. Осындай биікке шығармаларын ана тілінде емес, орыс тілінде жазатын космополиттік «әлем адамы» Олжас Сүлейменов те қол жеткізді. 

Мәскеуде қатар оқыған Сулимадан бастап сол тұс Одақтың бойын ширатып, қанын жүргізіп тұрған белгілі қауымның көмегімен. Шыңғыс Айтматов та алғашқы туындыларын ана тілінде жазғанымен, соларды («Жәмиланы») әуелі орыс тіліне аудартып, кейін орысша жазуға көшіп, Еуропа тілдеріне тәржімалап шығартқанының арқасында әлемдік деңгейде танылды. Бұл келтірілген мысалдардың барлығы да қожа текті болуы себепті қолынан жетектеп, үлкен әдебиетке әкелген Әуезовтен бастап семит қанды Ромен Роллан, Луи Арагондарға дейінгі белгілі бір топтың көмегімен әрқандай талантты қаламгер толыса, кемелдене келе алдарына белгілі бір мақсат қоятынына, сол мақсатқа жету үшін әдеби стратегия сыйлайтынына ыспат. Осы өреде Тургенев, Олжас, Айтматов таңдаған әдеби стратегия – әлемдік мейнстрим. Ұлттық аядан, шектеулі шеңберден шығып кетіп, әлем халықтарына ортақ, өзекті, ғаламдық мәселелерді көтеру. Үздік қабілеттерінің арқасында бұлар сол үдеден шыға білді, тақырыбы өз ұлтымен шектелген, ана тілінде ғана жазған, яғни ұлттық мейнстримдегі жазушыларды артқа тастап, ілгеріледі. Сәукең «Шықаң Әбекеңді басып кетті» дегенде, сірә, осы жағдайды меңзесе керек. Яғни, Айтматовтың стратегиясы – әлемдік мейнстрим. Кекілбаев стратегиясы қандай болуы мүмкін? э

Осы жерде жалпы, «Әбіш ағамызда әдеби стратегия болды ма өзі?!» деген сұрақ көлденеңдейді. Сөз жоқ, болды. Стратегиясыз жазушы болмайды. Ақ қағазды қаралаған әрқандай талант барар жерін барлап, белгілеп алмай, қалам қозғаушы ма еді, тегінде!? Еншалла, қолға алып кіріскен шығармасын аяқтайды, одан әрі ол шығармасы қандай жаңғырық туғызады деген мәселені байырқалайды және жазып отырғанында-ақ бажайлайды. Ойымша, жастай шоқтай жайнап көзге түскен Әбіш Кекілбаев осы жолдағы жазушылық стратегиясын тіпті ерте, студент жатақханасында белкүллі қызыл жейдесі терге малшынып, қызылмай боп кітап жеміріп жатқанында-ақ яки шалбарын сүйретіп философия соғып жүргенінде-ақ нақпа-нақ белгілеп алған. 

Бәлкім, бейсаналы түрде, мүмкін сана астындағы сүрсанамен, әйтеуір жүрер соқпағын, барар нысанасын қайтып аумастай көздеп қойғаны зайыр ақиқат. Сол бір кітап оқып жатқан яки алыстан тербеп, тереңнен толғап әңгіме-дүкен құрған кәтекі сәттерінде қой көзінің жанарында жоғарыдан, әуеден ап-анық көріп тұрғандай Үстірт геоглифтері аунап, Үстірттің ұшы-қиырсыз боздығы, сарылығы, шұбарлығынан, қырлығы мен тепсеңінен, арса-арса жыра-жырақасы мен сай-саласынан тұратын еліміздегі жаңғыз әпсін атырап – сұрқы бөлек Маңғыстауы елестеп отырған болар-ау.

 Қысқасы, Маң шоңғалды, «ұйқыдан оянған аруды» – туғалы табаны аумай ата-бабасы тұрған, өзінің шілде суы төгілген өңірді жазу, сол арқылы бүткіл қазағына тән дала тынысын беру, оқырманын тек қана соның тынысымен тыныстату – міне, Әбіш Кекілбаев жазуды енді бастағанында-ақ стихиялы түрде ағатсыз түйсінген жазушылық панорама, суреткерлік проекция шамамен осындай болса керек-ті. 

Шынында да, бұрынды-соңғы қазақ жазушыларының арасында нағыз дала эстетикасы кімде бар десе, ең алдымен ауызға Кекілбаев туындылары, соның ішінде оның «шағын эпосы» – повесть-баяндары оралады. «Шыңырау», «Күй», «Күйші», «Бір шөкім бұлт», «Есболай», «Бір шоқ жиде», «Шандоз», «Бәсеке», «Ортеке» секілді Маңғыстау тарихынан тамыр тартатын «дала балладаларында» Леонард Кошут жазғандай, «көне аңыздарды бүгінгі заман ойларымен толықтырып, әрі өзіндік концепцияда түрлендіріп, солардың негізінде әлемдік болмыстың зор ауқымдағы жинақталған бейнесін келісті кескіндесе», «Тасбақаның шөбі», «Құсқанаты», «Шеткері үй», «Бәйгеторы», «Ең бақытты күн», «Галстук сатушы қыз», «Керек адам», тағы басқа әңгіме-повестерінде қазақтың бұрынғы және соңғы өмірін дала эстетикасына орап береді. Далаға, сақыра өміріне келгенде жазушының көңілі ерекше күй тартады. Тілі соны жарыққа шығарып, сөйлеп береді. Тіпті десе, қазақ өмірінен тыс тақырыптардан алынған «Аңыздың ақыры» мен «Ханшадария хикаясынан» да алдымен қазақтың сайын даласының, соның ішінде Маңғыстау алабының иісі келеді мұрынға. 

«Әбіш Кекілбаев Орта Азияда тумай, басқа бір жерде, әлемдік тілдердің біреуі кең жайылған елде, мәселен, Латын Америкасында туса, әлемдік оқырманға әлдеқашан кеңінен мәлім болған болар еді ғой деп ойлаймын» деп өкініпті Катона Ержебет.

 Ал өз басым Маркестің колумбиялық фантасмагориясы Маңғыстаудың сұрқы бөлек әпсіндік-мистикалық тылсымының орнын баса алады, Габоның Макондасы Әбішке өзі тас ұядан сұңқардай шалықтаған Мырзаайыр бола алады деп ойламаймын. Ондай жағдайда Әбіштің Әбіш болуы неғайбыл еді.  Себебі, жазушы өзі туған өлкеге ешнәрсені, еш жерді теңгермеген. «Нотаға түсірілмейтін күйлерді тек қана осы өңір тартады, дүние жүзінде ұқсастығы жоқ күмбездер мен сағанатамдарды тек қана осы өлке салады, адам баласының санасы қабылдауы қиын терең шыңырауларды тек қана осы өлке қазады, даусы түстік жерге жететін әншілер тек қана осы өлкеде туады» деп білген. Әрине, абсолюттендіру. Дүние тіршілігінде жоғарыда айтылғандар бір өлкеде, жаңғыз аймақта ғана жасалмаған, жасалмайды да, бұлар – әмбеге ортақ, соның ішінде қазақ даласының өңге де өңірлерінде бар, соларға да тән құндылықтар. Алайда заманалар бойы үлкен өркениеттік әлемнен бір бүйір тыс қалған, сол себепті де өз қазанында өзі қайнап, 360 әулиені пір тұтқан қадирия тариқатының алқауында жүрген (әлі де болып отырған) біздің қайран да қайран «ақкөз» нағашы жұрт, оның 363-ші пайғамбары (361-шісі ғайыпта, 362-шісі запаста тұр делінеді), бұлай демесе, адай адай болмас еді де, Әбекең айдынды жазушы, салуалы қайраткер атанбас еді. Айналып келгенде, қазақ ұлт ретінде бұдан ұтпаса ұтылған жоқ. Кекілбаевтың үшбу «адайлық» әдеби стратегиясының арқасында руханиятымыз қазақ рухының жиынтық бейнесіне айналған зияткер дара тұлғаға ие болды. «Колумбияның дамығаны – әлемнің дамығаны емес пе?!» деп Маркес айтпақшы, осы жерде «адай руының асқақтағаны – қазақтың асқақтауы, қазақтың асқақтауы – әлемнің асқақтауы» деуге ықтиярлымыз. «Әбіш Кекілбаев – әлемдік өркениеттің ортақ қазынасына олжа салған суреткер» (Нұрсұлтан Назарбаев) деген тезисті осы мағынада түсіну жөн. 

Иә, Әбекең заманында Алмания зияткерлері тарапынан «ХХ ғасырдың даңқты жазушыларының» қатарына енді. «Мен Әбіш Кекілбаевтың шығармашылық ізденістерінен Томас Маннмен көп ұқсастықты, үндестік пен жақындықты көремін» деген Ральф Шрейдер асыл тегінде көне сақ жұрты қоныстанған Төменгі Саксонияның, не Тюрингия мен Баварияның бір жерінің тумасы болар-ау, сірә!? Өңге тұста Әбіш Кекілбаев, шынында да, Айтматовтар шыққан биіктен табылмады. Сақ нәсілді дойч мойындағандай дәрежеде өзге дүние елең ете де қоймады оған. Әдеби стратегиядағы айырмашылықтан. Шыңғысқа «мәңгүртшілік» идеясын өзіне тән жан жомарттығымен сыйлай тұра, Әбіш одан бөлек қиырдан – таза ұлттық қиырдан табылғандықтан, соны ғана місе тұтқандығынан. Туғалы тұрып келе жатқан атакүлдігінен, Отан жеріндегі жаңғыз омартасынан, сол арқылы объективті түрде туған ұлтынан айырылмауынан, одан бөлек, саяқ кетпеуінен. Шыңғыс Айтматов кезінде шығармаларында өмір шындығы детальдарынан бірқатар дәлсіздік жіберген. Мысалы, атақты «Теңіз жағалай жүгірген тарғыл төбетінде» автор балықшы кейіпкерлеріне әлгі мұхитты мекендемейтін балықты жегізіп қойғанын кезінде Олжас Сүлейменов жазса, соңыра Әнес Сарай ығып кеткен балықшылар теңіз суының бетіне химиялық айқасулар нәтижесінде қатып тұщитын қабыршақтарды ерітіп ішіп, аман қалатынын көрсетті. Әбіш Кекілбаев болса, білуімше, мұндай бірде-бір қатеге жол берген жоқ. Себебі, ол өзі суреттеп отырған оқиға мен уақиғаны, ортаны бес саусағындай білетін. 

Ол дүниеге келген өңірде ескі заманның топырағы әлі суымаған еді. Әбекең осы сірге жияр соңғы кезеңімізді көріп өскен еді және Маңғыстаудың сірге жияры өзгеге ұқсамайтын алабөтен еді. Адай елі, сол арқылы қазақ жері оның стихиясы еді. Әдеби стратегиясы еді. Шыққан биігі еді. Шыңғыс тәрізді өзге қиырды игеріп, әлемге танылуға қауметі еркін жете тұра, саналы түрде өз халқының ауқымында қалу, соның ғана жырын жырлау, соның ғана мұңын мұңдау, соның ғана күйін күйттеу – міне, Әбіш Кекілбаевтың қаламгерлік кредосы мен азаматтық ажары осы еді. 

Бағалады ма соны өз қазағы? Соның ішінде, «Мені, жазуымды артықша ескермеді» деп, самайға қырау, сақалға қылау тұрған шағында ашықтап айтып арылам деп ентелей қолтығым сөгіліп отырған менің өзім де бағаладым ба кезінде? Айта алмаймын олай деп…

Кешегі күндері, Әбекеңнің туғанына 85 жыл толуына орай «Әбіш Кекілбайұлы оқулары – 2024» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясынан бастап, жерлестері дүркіретіп тұрып өткізген іс-шараларға қалмай қатыса жүріп, Бекет атаға апаратын шарт – Шопан ата тұрағында жайылған дәм үстінде мұхтарам Құлбек Ергөбек көсіле сөйлеп отырып, сөзінің бір иінінде «Қазағы қанша төмпештеп жатса да, сол қазағына сонша жақсылық жасаудан танбаған Әбіш...» деп қалды. 

Осы сөздің ішіне көп нәрсе сыйып тұр: тыныштыққа, жазу үстеліне қайнаған өмірдің ішінде жүріп талпынғаны, «Адамнан мемлекетке айналып» (Бекен Ыбырайымов), мемлекетшілдік жолында жазуынан құрбан бергені, ұлтының ділін, төлқұжатын қара сөзбен сомдап кеткені... Десе де, өз басым сол жерде отырып, осы соңғы жағдайдың тұңғиығын көбірек ойладым. Нодар Думбадзе, ғұмырынша грузин өмірін, гүржінің жан дүниесін ғана жазбай, кейіпкерлерін неше түрлі ұлттан таңдай отырып, шартарапқа аты жайылғанын, барлық жердің, барлық мекеннің адамы, қаламгері атанғанын ойладым. Ал біздің Әбекең, жаңғыз қазағының мысалында әлемдік ойсанаға бағалы олжа салған ол неге адамзаттың Кекілбайы атанбады? 

Жауапты профессор Ергөбектің аузымен айтылған шындықтан табамыз: өз жұрты, өз қазағы Әбіш Кекілбаевты Думбадзе көтерілген биікке апарып шығармады. Ауруханада соңғы демін алып жатқан талантты оғыланына грузиндер алып берген үлкен атақты (Ленин сыйлығын) алып беруге жарамады. 

Оны айтасыз, өзіне ғана біткен құмбылдығымен, әмбеге дархан ақжүректілігімен «мүбарак қолға» байланысты жасай қалған жаңғыз әнтек қылығын жасынға шығарып, төбесінен төмен қарай нас балшықты құйды да отырды. «Ит маржанды не қылсын», қуыскеуде әнші, блогер, дүмше молда, топас шенеунікті көп әспеттеп, Ницше айтқан «мырыңбай тобыр» зияткер бағлан азаматтарды өзекке теуіп, білімсіз шикі надандар білімді таланттардың төбесінде әңгіртаяқ ойнатты және ойнатып та келеді. Ақыры Светқали айтатын «талант өлтіру ойыны» мақсатына жетіп тынды. 

Ілгеріде айттым ғой, соңғы рет Қашағанның тойында көрдім деп. Далада, кигіз үйде жайылған дастарқан басында, өзінен сұрамаса да, ағыл-тегіл сөйлеп, біраз жайдың басын қайырды. «Маған енді еш өтініш айтып, қолқа салмай-ақ қойыңдаршы, іс-шаруаға араласпадың деп сөге жамандамаңдаршы» болды ағайынға қарата айтқан сөзінің түйіні. Мен сонда шаршаған, іштей сынған, жетер жеріне жетіп қалған, қайғыны бітеудей жұтып, ыза болған адамды көрдім. Атақ-даңқ, ізет-үрмет иесінен ақы талап етеді дейді ғой, ол ақының аты – әлгі тұлғаның бойындағы қуатты, қан-сөлді сығымдай, барынша сығып алу болса керек. Әбіш Кекілбаевтың тұлғалық драмасы – өзі қалтқысыз қызмет етумен өткен туған халқының оған келгенде шексіз, шамадан тыс, максимум талапшылдығы еді. Бұдан да Шыңғыс пен Олжас сияқты баяғыда өзге өреге, өңге қиырға шығып кеткенде ғой дейсің бір мезет... Ел басқарған көсемдей, таңдайы жарылған шешендей, оның әр сөзі бағулы, әр басқан қадамы аңдулы болды, ал ол бар болғаны гуманист-жазушы еді. Тарихшы Лев Гумилев арғы негізінде ақын жанды болғаны сияқты, прозашы Кекілбаев нәзік жанды ақын еді... 

ІІІ

Солай дейміз ғой. Солай дей тұра Әбекең діттеген биікте – өз биігінде, ұлттық биігіңде қалуды бір айқын мультипликативтік нәтижесін, пайдалы жағын көрмеу әділетсіздік болар еді. Айтушылар айтады, әйгілі 1986 жылдың Желтоқсан оқиғасы тұсында Жазушылар одағының фойесінде үрпиісіп отырған бір топ жазушының жанына Әбекең келіп отырыпты. Өңгелері оны шындық айтылар, шешім шығарылар соң нүкте санап, «Енді не істейміз, боламыз ба, әлде бордай тозамыз ба?!» дейді ғой баяғы. Сонда дейді айтушылар, Әбекең әдеттегі көнтерілі қалпынан жазбай, отырып-отырып: «Мейлі, Шымкентім аман болсын...» деген екен.  Осыны естігенімде Сауытбек Абдрахманов көз алдыма елестеді.  

Негізінде, мен Сәукеңнің шинелінен шықтым. Ал Сәукең Әбекеңнің шинелінен шыққан – «Абыз Әбіш» атты ғажап инфороманның авторы университетте оқып жүргенде оны «Қазақфильмнің» бас редакторы Әбіш Кекілбаев қызметке шақырып, жанына алып тәрбиелеген. Өз кезегінде, университетті бітіріп, жұмыс таба алмай жүрген мені жиырма төрт жасымда, газетке шыққан балаң мақалаларымның бірдеңе-бірдеңесін көріп, ол кезде қырыққа келіп тоқтасқандар ғана жұмыс істейтін «Социалистік Қазақстан» газетіне қызметке алды. Редколлегия мүшесі, әрі редакция партия ұйымының хатшысы ретінде беделімен басып отырып, бір жылда пәтер бергізген де сол. Бір ойым айтады, Сәукеңнің мұнысы, бір есептен Әбекең ұстазына мен арқылы білдірген ілтипат-алғысы емес пе екен деп. Әйтпесе, баласы арық қазып ойнайтын оңтүстік үшін түкпірдің түбегіндегі Мақаттың сортаңынан келген мен әшейін қаймана қазақ емеспін бе?! 

Қазір біздің қоғамда жүз, ру мәселесі жиі қозғалады. Тіпті бұл мәселе ол қажет еткеннен де артық әуез етіліп жататыны бар. Біреулері «Қазақ руға бөлінбейді, рудан құралады» десе, екінші біреулер «Құралған нәрсе жігінен бөлініп кетеді емес пе?!» деп, әлгі тезисті дереу іске алғысыз қып тастайды. Сепаратистік көңіл-ауанындағы бағзы адамдар ертең заман, күнкөріс асқына қиындаған кезде, саяси реформалар кешеуілдей бергесін билікке қолды бір сілтеп, өз беттерінше жер басып, күн көрмекке жүзаралық қарым-қатынасты конституцияның орнына жүргізіп жібере ме деп қауіп илейтіндер де кездеседі. Ал Ақаң (Ақселеу Сейдімбек) сияқты дәстүршілдерге айтқызсаңыз, қазақтың жүзге, руға бөлінуі, ғылым бабымен жібергенде, тайпааралық қатынастардың дуалдық жүйесі – Құдайдың қазаққа еншілеген несібесі. Қазақ ұлтының біртұтастығының тарихи қажеттіліктен туған ғаламат картасы, қазақты ішінен іріткісі келетін ішкі жауларға қарсы ұстайтын темір қалқаны. Құдайшылығын айтайын, өзімді неоконсерваторлыққа жуық самарқау ұлтшыл деп есептейтін мен бұрынырақта жоғарыдағы дәстүршілдікке аса мән бере қоймайтынмын, тіпті басы артық нәрсе деп есептеуші едім. Соңғы жылдарда дүние аспанын дүрліктірген алмағайып өзгерістерді, солар бізді киліктіріп отырған апаталды жағдайын, ұлттық мүддеден бұрын халықаралық рейтингтер көбірек қызықтыратын біздің мемлекеттік аппараттағыларды көргеннен кейін ол ойымнан қайбарып, қайтып қалдым. Шынында да, жүздік-рулық құрылым, Ақаңдар айтып-жазып кеткендей, халқымызды нелер өтелек-төтелектен аман алып келе жатқан, өңірімізге таққан бойтұмарымыз екен ғой. Бұл бойтұмар ондаған жылдарға созылған кеңестік мәңгүрттендіру жағдайының өзінде де тарихымызды ұмыттырмапты, ес-жадымызды сақтап қалыпты. Осы жүйе, үшбу құрылым қазіргі жінтікті капитализм, өпірем имперализм және ұлт пен ұлысты өң мен түстен айырып, тұлдырлап тастайтын жаһандану заманында қазақты қорғап қалатын жаңғыз қалқан, берік қорған боп шығуы әбден мүмкін. Тоқсан пәле көрсе де, жарқын өмірден күдер үзбейтін халықпыз, сонда да Әбіш Кекілбаев бүкіл азаматтық-қаламгерлік ғұмырында хасыл етіп өткен «ру – бір атадан тарайды, ұлт  – рулардан түзеледі, ру арқылы, ұлттың дамуы арқылы әлемдік дамуға үлес қосылады» деген уазифа, ашығын айтқанда «ұлтсыздық» кеселіне қарсы күрес, Кекілбаев мұрат еткен осы елішілік мәдени-этник саналуандық – қазақ халқының өзіндік, төлтума өркениеттік бастамасы, дәлірек айтқанда, «кекілбаевтық Қазақ экологиясы» дәл қазір бізге қай кездегіден де қажет.  

Адайым аман жүрсін! Шымкентім есен болсын!  «Бар табылар, жоқ кетер. Есен қолға мал бітер»...


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар