Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
15 мамыр – Асқар Сүлейменовтің «кергек болған» күн...

15.05.2025 723

15 мамыр – Асқар Сүлейменовтің «кергек болған» күні...

15 мамыр – Асқар Сүлейменовтің «кергек болған» күні... - adebiportal.kz

Қазақтың көрнекті қаламгері Асқар Сүлейменовтің “Бесатар” атты кітабы түрік тілінде жарық көрді. 

 

1938 жылдың 29 желтоқсанында Түркістан облысы, Шорнақ ауылында дүниеге келген Асқар Сүлейменов классикалық қазақ және әлем әдебиетінің шығармаларын жіліктеп, кітап пен әдебиетке құмар болып өсті. Ол өзінің өмірін жаңашылдыққа, қоғам мен ұлтқа қызмет етуге, идеологиядан ада жаңа әдебиет жасауға және өз идеалдары үшін күресуге арнады. Оның «Өнердің өмірден айырмашылығы – өнер өмірден үйренбейді» деген ұстанымы қазақ әдебиетінде жанартаудың атқылауына тең өзгерістер әкелген.

Асқар Сүлейменовтің әдеби шыңын айқындаған туындысы – «Бесатар» повесі. Шығарма 1968 жылы жазылып, қазіргі «Жас Алаш» газетінде жарияланған. 1970 жылы «Бесін» деп аталған жазушының алғашқы кітабында ресми түрде басылып шықты. 

Қазақ әдебиетінде «феномен» ретінде бағаланған бұл шығармада 1916 жылғы Созақ көтерілісі суреттеледі. Шығармада бұл оқиға ұлттық апат ретінде қабылданып, жеке адамның трагедиясы арқылы баяндалады. Егер өмір – долы теңіз болса, ұлт – кеменің қаңқасы. Шығармада әр адамның азаматтық борышы – осы тылсым іргелі құндылықтарды сақтап қалу және сана, ақыл мен өмір сүру шеберлігі арқылы адамдық дәрежесін жоғалтпау екені айтылады.

Асқар Сүлейменовтің «Бесатар» шығармасы – психологиялық және философиялық стильде жазылған туынды. Онда оқиғаларды терең эмоционалдық сезіммен бейнелеу әдісі қолданылған. Шығарма жалпы прозалық тілмен емес, кейіпкерлердің монологы арқылы дамып отырады. Бір жерде отырғанымен, әр кейіпкер рухани кеңістік пен уақыт мөлшерінде жеке әлемде, жеке рухани болмыстың ішінде өмір сүретіні көрсетілген.

«Besatar – Beşli Tüfek» (Бесатар – бесті мылтық) деген атаумен түрік тіліне аударылған бұл шығарма 2021 жылы дайындалған «Асқар Сүлейменовтің «Бесатар» атты шығармасына тілдік талдау» атты магистрлік диссертациямыздан алынып, қосымша түсіндірмелермен толықтырылды.

Асқар Сүлейменов 1992 жылы 15 мамыр күні кергек болды. Яғни бітіктастар тілінде, көктүрікше “кергек” болды - дүниеден өтті деген сөз. 

Әр адам өзі оқыған, сүйген кітаптарымен дос, сырлас, жолдас болады. Бізге салса, адамның жалғыз жолдасы – кітаптар дер едік. Жаңашыл ойларымыз бен таным-түйсігімізді кеңейту жолында шырақшы болған, жанымыздың жолдасына, сырласына айналған қаламгерді өмірден өткеніне 33 жыл толғанына байланысты құрметпен еске ала отырып, түрік тіліне аударылған «Besatar – Beşli Tüfek» (Бесатар – бесті мылтық) кітабының жарыққа шыққанын, шамамен 85 милиондық оқырманы бар түрік жұртына жол тартқанын хабарлаймыз. 

«Бесатар» – жай ғана қару емес, адамның тағдырмен жасаған бес бағыттағы мәмілесі. Бұл адамның ішіндегі тоқтаусыз еркіндіктің және бұлтартпас тағдырдың символы. Ең ұлы шайқас кейде боз даланың өктем желінде, кейде адамның жан-дүниесінің терең тұңғиықтарында орын алады. Бірақ екі жағдайда да өткеннің шаңы желмен ұшып кетпейді, керісінше, бір адамның, бір халықтың жүрегінде солғын көлеңке ретінде өмір сүруін жалғастыра бермек. Олай болса, жаңа шыққан кітаптың оқырманы көп, жолы ашық болсын деп тілейміз!    Әр адамның рухын құдды қанттың суды құшырлана жұтқандығы секілді кеміреріне сенеміз...


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар