Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Жолдыбай Базар. Ақ таяқ

14.02.2021 1442

Жолдыбай Базар. Ақ таяқ

(новелла)

Қарттықтың тоқпағы еңсесін тұқыртқан ақ сары өңді қария бүгін қатты қапаланды. Мұншалықты мазасыздануының себебі, өзге үшін түкке тұрмайтын нәрсе болып көрінгенімен, өзі үшін өте маңызды еді.

Ол түстік астан соң, сәл-пәл мызғып алып, тысқа шықпақ болған. Дәл сол кезде қолынан тастамай, таяныш етіп келе жатқан ақ таяғы табылмай қалды. Дәлізде ыдыс-аяқ жуып жүрген келінін шақырып, сұрап еді ол білмейтін болып шықты. Дәу де болса, немерелердің біреуі ойнап алып кеткен болар деп, қолымен жер тіреп амалдай тұрып, есік алдына шыққанда мұның ақ таяғын қақ бөліп, бір жартысының ұшын балтамен үшкірлеп отырған ең кенже тентегін көрді. Өзінің көк есегін шұқитын нәрсе жасап отырғанын сезді. Өзі де талай жасаған ғой оны. Сонысы бірден есіне түсіп, тамағына ащы өксік тіреліп, тұрып қалды. Ләм-мим демеді. Атасының пұшайман болып тұрған халін аңғарған келіні: «Ата, соған бола несіне ренжисіз, балаңыз келсін, сізге одан да зор таяқ жасатып бергіземіз. Тіпті тобылғының өзінен», – деп қосып қойды. Ақсақалға келінінің сөзі әсер еткен жоқ.

Шын мәнінде, әлгі таяқ мұның қымбат дүниесі болатын. Оны туған ағасы Таңжарық сонау Қаратаудың қойнауындағы ұшқаттың оқтай түзу бұтағынан кесіп әкеліп: «Ертеңгі күні беліңнен күш кеткенде тірек етерсің», – деп берген еді. Оған да отыз шақты жыл болып қалыпты-ау. Көптен бері сол таяқты жанына серік етіп, қолынан тастаған емес. Енді міне, осы қымбат мүлкі немересінің қолында кетті. Ойын баласы ғой, не түсінеді, тәйірі...

– Япырай, кешегінің мүлкі еді. Соңы жақсылық болғай, – деп күбірледі қария.

Ол қалт-құлт етіп, үйге қайта кіре берген... Сол сәтте ауладан әлде бір жақтан келген үлкен ұлының құмығыңқы дауысы шықты. Ол әйеліне бәсең дауыспен: «Таңжарық атам бұ дүниеден жүзін бұрыпты, қазір көкеме үлкендер жағы қазаны естіртуге келеді», – деп жатыр екен. Қария қаралы хабарды естіген бойда сылқ ете отыра кетті. «Бәсе, – деді қария, – Өткеннің бәрі неге есіме түсті десем... Мықты таяқтар осылай сынады ғой».


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Көп оқылғандар