Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Жамбыл Жабаевтың 175 жылдық мерейтойы басталды

26.02.2021 1291

Жамбыл Жабаевтың 175 жылдық мерейтойы басталды

Биыл ел болып тойлайтын жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың 175 жылдық мерейтойы елордадан басталды. Ең әуелі Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы, мерейтой бойынша құрылған мемлекеттік комиссиясының төрағасы Қырымбек Көшербаев әуелі Жамбыл ескерткішіне гүл шоғын қойды. Артынша ресми тұлғалармен, мәдениет және ғылым қайраткерлерімен, Алматы және Жамбыл облыстарынан келген делегацияларының өкілдерімен бірге Қ. Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрындағы салтанатты жиынға қатысты. Мерекелік кеш қонақтары жаңа театр фойесінде ұйымдастырылған Жамбыл Жабаев мұражайының экспозициясымен танысты.

«Бүгін елорда төрінде Жамбыл атамызға үлкен құрмет көрсетіліп отыр. Осы жиынға біз де құр алақан келмей, Жамбыл атамыздың өз ауылындағы музейінен жәдігерлер әкелдік. Бұл музей атамыз тұрған үйде ашылған. 92 жасында Үкімет атамызға 12 бөлмелі үй салып берген екен. Атамыз ол үйде 8 жыл тұрып, 1945 жылы 22 маусымда қайтыс болды. 1946 жылы атаның жүз жылдығы тойланғанда, Үкіметтің шешімімен үлкен үй музей атанды», – дейді жыраудың тікелей ұрпағы, Жамбыл Жабаев атындағы музейдің меңгерушісі Салтанат Жамбылова.

Музей экспозициялары алаңынан сахыналық салтанатқа ұласқан жиында Қазақстан Республикасының мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова баяндама жасады. Ол Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығын жоғары дәрежеде ұйымдастыру жұмыстары мазмұндық деңгейін қамтамасыз етілгенін, ұлтымызға болашақ ұрпақ үшін өзімізде бар рухани қазынаны сақтау, ізгіліктің сан ғасырлық идеяларын әлемге паш ету жауапкершілігі жүктелгенін атап өтті.

Ақтоты Райымқұлова, ҚР Мәдениет және спорт министрі:

«Елдің елдігі – асылын ардақтай білуінде. Бұл тұрғыда қазақ елінің тарихында тағылымды тұстар баршылық. Дәстүрімізді дәріптей отырып, жақсымызды жарқыратып ұстау, ұлыларды ұлықтауды – тәуелсіздік туын тіккелі бері мемлекеттік саясатымыздың бір арнасына айналдыра алдық. Міне, тағы бір ұлы тойдың кезегі келіп тұр. Биыл ұлтымыздың ұлы жырауы Жамбылдың 175 жылдығын атап өткелі отырмыз. Қазақтың рухани қос алыбы Абай мен Жамбылдың әрбір мерейтойы мемлекетіміздің мәртебелі межесінің белесіндей».

Салтанатты іс-шара Жамбылдың 175 жылдығына арналған мерекелік концертке жалғасқан. Қ. Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры көрерменге «Жыр алыбы Жамбыл» атты театрландырылған қойылым ұсынды. Сондай-ақ, жұрт басқа да үлкенді-кішілі шығармашылық ұжымдардың мерекелік қойылымдарын тамашалады.

Айта кетейік, Жамбыл Жабаевтың 175 жылдық мерейтойы аясында республикамыздың барлық өңірінде 500-ден аса әлеуметтік-мәдени, ағартушылық, ғылыми және білім беру жобалары іске асырылмақ. Және той мезереті шет елдерде де жасалмақ.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Көп оқылғандар