Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Тәуелсіздік хроникасы. 1992 жыл

08.10.2021 414

Тәуелсіздік хроникасы. 1992 жыл

Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Әдебиет порталы» «Тәуелсіздіктің рухани хроникасы» атты цикльді жобасын бастап отыр. 15 желтоқсанға дейін жалғасатын жоба аясында Қазақстан тәуелсіздігінің әрбір жылындағы руханиятқа қатысты және саяси-тарихи аса маңызды оқиғаларды еске түсіріп ұсынатын боламыз.

1992 жылдың рухани хроникасы

Тәуелсіздік жарияланғаннан екі аптаға жуық уақытта келіп кірген 1992 жыл Қазақстан Республикасы үшін жемісті болды. Елде тыныштық салтанат құрды. Аталған жыл мынадай елеулі оқиғаларымен есте қалды.

2 наурыз. Біріккен Ұлттар Ұйымының 46-сессиясы шешімімен Қазақстан Республикасы Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше болды. БҰҰ-на мүшелік – кез келген мемлекеттің тәуелсіздігін дүниежүзі мойындауының кепілі. Қазіргі күні Қазақстанда БҰҰ-ның ЮНЕСКО, ЮНИСЕФ қатарлы 18 ұйымы жұмыс істейді.

22 наурыз. 1992 жылы Қазақстанда Наурыз мерекесі тұңғыш рет ресми түрде демалыс күні ретінде атап өтілді. 1926 жылы Кеңес Одағы билігі тарапынан тыйым салғаннан кейін 1988 жылы қайта жаңғыртылған Наурыз мерекесі осылайша ресми мәртебеге ие болды.

7 мамыр. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қорғаныс комитеті Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері болып қайта құрылды. Генерал-полковник С.Қ. Нұрмағамбетов ҚР Қорғаныс министрі болып тағайындалды.

4 маусым. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің он екінші шақырылымы ҮІІІ сессиясының пленарлық отырысында Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері – Мемлекеттік Ту мен Мемлекеттік елтаңба қаралып, бекітілді. ҚР Мемлекеттік туының авторы – Шәкен Ниязбеков. ҚР Мемлекеттік елтаңбасының авторлары – Жандарбек Мәлібеков пен Шот-Аман Уәлиханов.

15 мамыр. ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың жарлығымен ғалым, жазушы Нығмет Ғабдуллинге «Қазақстан Республикасы халықтық білім беру саласының еңбек сіңірген қызметкері», ҚР Ғылым академиясының М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бөлім меңгерушісі Шәмшиябану Сәтбаеваға, ҚР Ғылым академиясының А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының кеңесшісі Ғұбайдолла Айдаровқа «Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері» құрметті атағы берілді.

2-шілде. «Қазақстан Республикасының Конституциялық сотын сайлау туралы» ҚР Жоғары Кеңесінің қаулысы шықты. Сөйтіп Қазақстанда үш тармақты билік пен басқару жүйесінің негізі қаланды.

8-шілде. Қазақстан Республикасы ЕҚЫҰ-ына (Еуропадағы Қауіпсіздік және Ынтымақтастық Ұйымы) мүше болып, ЕҚЫҰ қорытынды актісіне қол қойды

10 шілде. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қауіпсіздік Комитеті Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті етіп қайта құрылды.

30 қыркүйек. Алматы қаласында Дүниежүзі қазақтарының 1 құрылтайы өтті. Әлемнің әр түкпірінен және Қазақстанның өз ішінен жиналған делегаттар қатысты.

24 қараша. Қазақ әдебиетінің классигі Ғабит Мүсіреповтің 90 жылдығына арналған салтанатты жиын өтті. Мерекелік салтанатқа ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев қатысты.

15 желтоқсан. Академик Мехлис Сүлейменов, Қазақстанның халық жазушысы Дмитрий Снегин, жазушы Герольд Бельгерлерге Президенттің Бейбітшілік пен рухани татулық сыйлығы тапсырылды.

11 желтоқсан. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Әнұранның мәтіні бекітілді. Ақын Мұзафар Әлімбаев, Қадыр Мырза Әлі, Тұманбай Молдағалиев, Жадыра Дәрібаевалар жазған мәтін конкурс жеңімпазы болып танылды. Әнінің алғашқы авторлары Мұқан Төлебаев, Евгений Брусиловский, Латиф Хамиди өзгеріссіз қалдырылды.

16 желтоқсан. Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 1 жылдық мерекесі сән-салтанатпен атап өтілді.

1992 жылы төрт қаламгер Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығына ие болды. Ширек ғасыр бойы дәстүрлі беріліп келген мәртебелі сыйлыққа тәуелсіздік дәуірде алғаш ие болған қаламгерлер: жазушы Дулат Исабеков («Ай-Петри ақиқаты» повестер мен әңгімелер жинағы үшін); жазушы Қалихан Ысқақ «Ақсу – жер жаннаты» романы үшін); фольклортанушы ғалым, жазушы Сейіт Қасқабасов «Ертегіден тыс қазақ прозасы» монографиясы үшін; жазушы Әнес Сарай («Еділ-Жайық» романы үшін).

Мемлекет басшысы жаңа 1993 жылды қарсы алар сәтте өткен жылды былай деп қорытындылаған екен: «1992 жыл біздің зердемізде, біздің тарихымызда жас мемлекетіміздің шынайы егемендік, тәуелсіздік алған жылы ретінде жаңғырып қалады. Мұны біздің мақтан тұтуға толық хақымыз бар. Қазақстан Респукбликасын дүниежүзінің жүзден астам елі ресми таныды. Аса беделді халықаралық ұйымдарға толық хұқылы мүше болып кірдік. Біздің бейбітшілік, ядролық қауіп-қатерді жою жолында жүргізген күрестегі күш-жігерімізді әлем жұртшылығы танып отыр.

Өткен жылы мемлекетіміздің нышандары – Елтаңбасы, Туы мен Әнұраны дүниеге келді. Тарихымыз бен мәдениетімізді жаңғырту біз үшін мүлде жаңа қоғамның заңдылық негіздерін дамыту бағытында маңызды қадамдар жасалды».

Бір жылдың ішінде ұлы өзгерістерді бастан кешіп, сындарлы жолдарды жүріп өткен жас тәуелсіз мемлекет татулық пен бірлік-келісімді ту ете отырып 1993 жылға қадам басты.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Көп оқылғандар