Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Сәкеннің туған күнінде...

15.10.2020 1065

Сәкеннің туған күнінде...

15-қазан қазақ даласын әнмен тербетіп, жырға бөлеген Сәкен Сейфуллиннің туған күні. Нұр-Сұлтан қаласы, Сәкен Сейфуллин музейі ардақты тұлғаның туған күніне орай салтанатты шара ұйымдастырды. Аталмыш шараға тарихшы, ғалымдар мен ақын-жазушылар, қоғам қайраткерлері және ақынның туыстары қатысты.

Дүйім жұртқа ортақ мерейлі күн ардақты ақынның ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, рухына тағзым етуден басталды. Данагөй қарттар мен ақынның туыстары ұлы тұлға туралы естен кетпес естеліктерімен бөлісті. Салтанатты шараны Сәкен Сейфуллин музейінің директоры, ақын Несіпбек Айтұлы басқарды.

Ең алдымен Сәкен Сейфуллин музейі жыл сайын шығарып келе жатқан «Сырсандық» сериясының кезекті алтыншы кітабы «Сәкен – қашанда Сәкен» және ақынның туыстарының қолдауымен жарыққа шыққан София Сейфуллина құрастырған «Мәжит Сейфуллин» атты қос бірдей кітаптың тұсаукесері жасалды.

«Сәкен – қашанда Сәкен» атты жинаққа өткен жылы Сәкен Сейфуллиннің 125 жылдық мерейтойы аясында еліміздің Нұр-Сұлтан, Алматы, Қарағанды, Көкшетау қалаларында және Ресейдің Орынбор қаласында өткен конференциялардағы баяндамалар мен ғылыми мақалалардан құрастырылған. «Мәжит Сейфуллин» атты кітапта Сәкеннің інісі Мәжит туралы Тарихшылар мен ғалымдардың, замандастары және туыстарының құнды пікірлері берілген.

Мемлекет және қоғам қайраткері Оралбай Әбдікәрімов Сәкен есімі қашанда Қазақ елімен бірге жасай беретіндігін жеткізіп, Сәкен рухын жаңғыртып отырған Сәкен Сейфуллин музейінің директоры ақын Несіпбек Айтұлының биылғы 70 жас мерейтойымен құттықтап, ақын иығына шапан жапты. Филология ғылымдарының докторы, профессор Серік Негимов аталған қос кітаптың жарық көргеніне шексіз алғысын білдіріп, Сәкеннің жары Гүлбаһрам Батырбекқызы және інісі Мәжит Сейфуллин туралы естеліктерімен бөлісті.

Сәкеннің немере қарындасы София Сейфуллина «Мәжит Сейфуллин» атты кітаптың жазылу барысын, Сәкен мен Мәжит туралы бала кезінен бері естіп келе жатқан құнды деректерді әңгімеледі. Сәкен Сейфуллин музейінің тұңғыш директоры Роза Асылбекова 35 жылдан бері музей аясында өткен барлық іс-шараға қатысып келе жатқандығын, ұлы тұлғаның рухын жаңғыртқан келелі істердің атқарылғандығын, алдағы уақытта да игі шарулардың жалғасын табатындығын жеткізді. Тарих ғылымдарының докторы, филология ғылымдарының кандидаты, профессор Марат Әбсеметов Сәкен Сейфуллин туралы архивте әлі де құнды деректердің табылып жатқандығын, Сәкенді зерттеу әлі де жалғасатындығын тілге тиек етті. Қазақтай қалың орман елі барда, Сарыарқадай жері барда Сәкен Сейфуллин рухы мәңгіге жасай бермек.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Көп оқылғандар