Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Нұрбек Мырзабекұлы. Көлеңкелі өмір

19.07.2022 1572

Нұрбек Мырзабекұлы. Көлеңкелі өмір

(әңгіме)

- Шынымен солай ма?

Соншалық секемшіл адаммын ба білмеймін, адамдарға күмәнмен қараймын. Діншіл жан шынымен сондай тақуа ма? Өзін ақымақ көрсететін адам ше? Миымды осы сұрақ шарлағалы шарқ ұрып жауап іздеймін. Тіміскіленіп, ізкесушіге ұқсап кететінім бар. Қазбалап, зерттегім келіп кетеді. Кей адам жындыбастау, ақымақтау, қиялилау көрінгенмен жақсылап жан дүниесіне үңілсең тақуа, жаны таза боп шығады. Ал тақуа деп жүрген жанның кей қылығы күмән тудырады, кейбірі тіпті шімірікпей күнәға баратынын да байқап қаласың. Осы жағдай мені қатты ойландырды әрі қызықтырды.

Фейсбук желісін қарап отырғанмын. "Өзің туралы ақпарат ал. Атыңның қойылу құпиясын біл" деген психологиялық тест шыға келді. Басында қызық көрінген. Бірде батырсың деді, бірде нағыз бизнесмен болатын адамсың деп мақтады. Ішіңе жасырылған сырды ашып берейін бе?- деді бір кезде. Көрсетілген түймені бассам: Олжас сияқты жігітті кездестіру - бақ. Сен оны ешқашан ұмытпайсың. Ол жаумен жалғыз алысқандай қарсы келген қиыншылықтарын жалғыз шешеді. Жақындарының көмегіне жүгінбейді. Жарамсақтанған, мүләйімсіген біреу болғанды қаламайтындықтан ол қаталдық пен адалдықты қатар ұстайды. Ешкімге жалынбайды, жалтақтамайды. Оның жүрегіндей кең жүректі таппайсың. Жақсы аралассаң, бағың жанғаны. Ал ашуына тап болсаң жағдайың қиын - дейді. Шынымен солай ма? Әй, дәл осындай емеспін. Мақтау естігенде, неге қопаңдаймыз? Әшейін бір ойынның алдағанына мәз болып.

Ньютон басына алма құлап, тартылыс заңын ашқанда дәл осылай болды ма, білмеймін, бірақ қазір миыма сақ ете түскен осы идеяның сорым не бағым боларын сол сәтте біліппін бе? Идея дегенің шақырылмаған қонақ тәрізді аңдаусызда анталап жетіп келетіні бар. Ньютонға да солай келгеніне сенімдімін. Бірнеше адамның арасын ашып, бетпердесін шешкен жағдайлар осы идеядан туындаған өнім болатын. Қаншама адам зарлады? Қанша адамның көзі шындыққа жетті? Кеудені ашытқан зарға, жүректерді тілгілеген мұңға, көз жасына ерік берген ашу-ызаға, соңы қоқан-лоққыға ұласқан нәрседен ақыры құтылып тынған.

Жан дүниесін тілімдеп, жүрегіне тыртық тастаған сол көктемнен соң-ақ, бұл идея санасын жағалап, ауық-ауық келіп жүрген. Фейсбуктағы жаңағы ойыннан кейін, сол идеясын іске асыруға түбегейлі кірісті. Адамның белгілі бір іс-әрекетке баруы, жарыстардан жүлдемен оралуы, жаңалық ашуы, жетістік баспалдақтарын бағындыруы, тіпті, қылмыс жасауы да соған итермелеген сезімдер әсерінен болады. Көбінесе, бұл жанына батқан мұң, маза бермеген ашудың әсері.

* * *

Сол көктем бұған "сыйлық" жасаған. Бәрі әп-әдемі ертегі секілді басталған жоқ па еді?

Саябақ. Көктем кеші ерекше жылы еді. Қар ертерек жер қойнына асығып, абыр сабыр ери жөнелген. Әр жерден қылтиып жасыл шөптің басы көрініп, ағаштар бүр жара бастаған. Жайма шуақ көктем кешінде Анар екеуі саябақтағы орындықта құшақтарын айқастырды. Қиылған жанарын төңкеріп, еркелей үн қатады:

- Жақсы көрем.

- Мен де.

Сол сәт жеті миллиард адам ішінде бұдан бақытты жан жоқтай көрінді. Күніне бірнеше сағат тіл қатыспаса, апта сайын жолығып отырмаса, бірдеңе жетіспейтіндей мазасыз күй кешеді. Кейде сөйлеспей қойғанына, кездесуге келмей қоятынына мән бере бермейтін. Жүрегіне егілген махаббат дәні көктеммен көктеп жайқалады. "Үйленем" деп сөз салып, келісімін алған мұның төбесі жеті қат аспанға екі елі жетпей қалды. Анардың одан кейінгі іс-әрекеттерін өзінше түсінді. "Уайымдап жүр-ау" дейтін. Аяйтын. Бәрі жақсы болатынына сендіруге тырысатын. Көңілін аулайтын. Анар хабарласса бар жұмысын жиып қойып, соның мәселесін шешетін, көмек қолын созуға 24/7 дайын еді.

Сол келгенінде қабағы салыңқы екен. Соңғы кездесу екенін екеуі де білмеген шығар. Әрнәрсені сөз қылып әңгімеге тартқанымен сөздері жараса қоймады. Түсіне алмай әлек. Сосын үнсіз ойға шомып кетті. Әжептәуір үнсіздікті Анардың даусы бұзған.

- Не істесем екен, а? Не істеймін енді?

- Нені?

- Мен оны сүйеді екенмін. Алмасты айтамын

Не айтарын білмеді? Көз алды бұлдырап, құлағы шыңылдап қоя берді. Адалдық қайда? Жауапкершілік қайда? Сүйетін адамы болса мұны "Жақсы көрем" деп алдаудың қаншалық қажеті бар еді? Жүректі, сезімді аяққа таптап ойыншыққа айналдыруға бола ма? Тұрып жүре берді. Нөмірін, желілердегі хаттарын бәрін өшіріп бұғаттап тастады. Қайтып хабарласпады. Мына әлемде адалдық, адамдық бар ма өзі?

Содан бері санасында "Шынымен солай ма?" деген сұрақ тұрып алды. Бір бірін жақсы көретіндей көрініп, көшеде қол ұстасып кетіп бара жатқан жастарды көрсе, бір бірін шын жақсы көре ме екен деп ойлайды? Шынымен, араларында махаббат бар ма? Шынымен солай ма? Бақытты боп көрінетін жанұяларды көрсе де, солай ойлайды. Бұл сұрақты бәріне қоя бастады. Бай болып көрінетін болса, ақымақ немесе ақылды, тақуа немесе күнәһар боп көрінсе ойлана бастайды "Шынымен солай ма?"

Қатты сеніп қалып еді. Әне міне бақытты болатындай, үміттенген еді. Анарды бәрінен артық көрді. Оған қатысты айтылғанның бәрін жоққа шығарып шаң жуытпайтын. Сондай бағалап, жақсы көргендегі алған "сыйлығы" осы болды. Махаббат көктемінің сыйлығы. "Мен Алмасты сүйемін". Шімірікпеді. Беті де бүлк етпеді. Олжас мұны сатқындық ретінде қабылдады. Сатқындарды әсте кешіруге болмайды.

Сол кезде ойына келген идея - кез келген адамның жасырып жүрген құпиясын ашатын құрылғы жасау. Америкадағы президент сайлауы кезінде әлеуметтік желілер арқылы жарнама жасап, сол арқылы Президенттікке сайланғанын естіген. Басында мән бермеді. Зерттеп қараса, адам жасырдым деген құпиясының көбін қолында ұстаған телефоннан жасыра алмайды екен. Ол әркез жаныңда. Сен туралы бар құпияны біледі. Солай әр адамның жанды жерін тауып, телефон арқылы не істеп не қойғанын зерттеп барып жарнама жасаған деседі. Бинго! Ендеше сол интернет жинаған база арқылы яғни спутник арқылы, әлеуметтік желі мен іздеу жүйелері арқылы адам туралы ақпарат жиналып тұрған базаны қолданса - адамдар ішіне жасырған құпияларды біліп аласың. Соның арқасында талай адам алданудың алдын алады. Талай қылмыстар, күнәлар ашылады, әшкере болады. Жасанды интеллект, машиналық оқытудың, computer vision-ның элементтерін қосып, күрделі алгоритмдерді қолданса идеясы жүзеге асатынына сенді. Сосын психологияның білімі мен өтірікті анықтау құрылғысының бағдарламаларын қосса. Керемет емес пе?

Идея келгенде адам бойында энергия тасып, жапырып тастайтындай ұмтылады. Сол қарқынмен бұл барлық тапсырыстардан бас тарты. Портал жасауға тапсырыс берген үлкен компания сотқа шағымданамыз деп шуласа да, мобилді қосымшаны уақытша тоқтатып тастап "адамдар жасырған құпиясын ашып көрсететін" сайт жасауға отырды.

* * *

Сайттың атауын қоюға біраз басы қатты. Ақыры kolenke.com дегенге тоқтады. Біз көлеңкелі жақтарымызды жасырамыз. Көрсеткіміз келмейді ғой. Әлде "айна" деп атасам ба деп те ойлаған. Жан дүниеңнің айнасы. Айнаға қарағанда дидарымызды ғана көреміз, ал бұл сайтқа үңілсең жан дүниеңді көресің. "Бетперде" деп қойсам ба деп бір ойлады. Бетперделерін шешейін,***** деп мырс етіп қойды. Бірақ бұл ойлар аса ұнамады да "көлеңке" деген атауға тоқтаған. Әр қайсымыздың өз көлеңкелі ғұмырымыз бар. Ешкімге айтпайтын, бөліспейтін, көрсетпейтін. Кей қулар толық сол көлеңкелі ғұмырымен өмір сүреді. Шынайы өмір сүретіндердің көлеңкелі ғұмыры аз не жоқ болатын секілді. Бірақ кімдікі шынайы, кімдікі шынайы емес айыра алмайсың.

Ұзақ арпалыстан кейін қатты шаршағанын сезді. Нәтиже шығатынына сенімі кейде азайып кетеді, кейде қолын бір сілтей салуға шақ қалады. Кейде тосыннан келген шешім, идея қанаттандырып қояды. Бірақ жақындап қалғанын сезді. Бірнеше қайтара жасады. Соңғы түйін шешілген соң, енді тексеріп көру ғана қалды. Сәтті шыққан сияқты. Телефон нөмірін, ЖСН енгізіп көргенде таңданысында шек болмады. Бүкіл өмірі көз алдында жүріп өткендей. Жоқ бүкіл өмірі емес, жұрттан жасырған қырлары. Ешкімге айтпай, көрсетпей жүрген бар былығын ашып берді. Өзі білетін жайттарға таңданған жоқ, тек сайттың жұмысының сәтті шыққанына таңданды әрі қуанды.

Олжас Омардың көлеңкелі жақтарының талдауы:

"Анасына деген құрметі төмен. Әлеуметтік желілерде "Анашым мен сені жақсы көремін", "Рахмет, анашым" деген секілді посттар болғанмен шын мәнінде іс-әрекеттері мен ішкі дүниесінде сыйластық, шын рахмет айтқан сәті аз. Іштей үнемі ренжіп жүреді. Сырттай келіскен сыңай танытқанмен еш сөзіне келіскен емес. Иә, жақсы, орындаймын деп алдағанмен өз айтқанынан қайтпайтын."

Рас, ата анасымен қарым қатынасы онша емес. Жоқ сырт көзге бәрі жақсы. Бірақ бұның ойынша ол кісілер Олжасты түсінген емес. Түсіне алмайды да. Ел-жұрттан ұят болмасын дей ме, көңілдеріне келмесін дей ме сыйластық танытқан бола салады.

"Білім деңгейі төмен. Ешкімге сөз бермейді. Білмейтінін көрсетпейді. Оқымаған нәрсесін оқыдым деп, білмейтінін білем деп дәлелдеп жатады."

"Тәкаппар. Ешкімді менсінбейді. Сырт көзге аса сыпайы, мәдениетті көрінгенмен адамды іштей менсінбей тұрады"

Ал керек болса?

"Сырттай көрінетін қасиеттері: -мейірімді

- сабырлы

- ақкөңіл

- кішіпейіл

- жомарт

- батыл

- арманшыл

- мақсатына жетпей қоймайды

Көлеңкелі жақтары:

- өзін тым жоғары бағалайды

- сабырсыз

- қорқақтау

- мақсаттарының көбінен бас тартады

Пайыздық сәйкестік: 80%

Ешкім білмейтін іс-әрекеттері:

- ұрлық жасаған кездері 12

- өтірік айтқан сәттері 96

- адамдарды алдаған кездері 27

- адамдарға зорлық көрсеткен кездері 2

- алдағы жоспардағы зиянды ойлары 5"

Талдау жасауды бұл үш бөлікке бөлген: жалпылама талдау, сырттай көрінетін қасиеттері мен көлеңкелі жақтары және оның пайыздық арақатынасы, ешкім білмейтін іс-әрекеттері. Ешкім білмейтін іс-әрекеттері дегенге бес түрлі бөлім қосқан. Әр бөлімде жалпы саны және тізім берілген. Бала кездегі ұрлықтары да жазылыпты мына тізімде. Есіне түсіп, қызық көріп жымиып қойды. Студент кезіндегі ұрлық жасағаны да есінде. Ақшадан қатты қысылған соң ауылдағы шіріген бай рулас ағасының үйінен темір ұрлап, сатып жібергені бар. Өтірік айтқан, алдаған кездері де есінде. Ар-ұяты кеп мазалай бастап еді. Басып тастады. Жетіскеннен істеді дейсің бе? Қойшы, а?

Басқаларды да тексеріп көрсем деген оймен жан досы Қайрошты тексерді. Өткенде бір жеке куәлігін жіберген. Не үшін екені есінде жоқ. Сайтқа енгізгенде өзі жақын танитын досының күтпеген қылықтарын көрді. Үйленген, бір баласы бар досының әйеліне деген сезімі жоқ. Көңілдесі бар деген ақпарат шықты. Рас па екен? Кешке досымен сөйлескен. "Айтпақшы көріп қойдым" деп қас қабағын аңдаған. Түсінбеген түр танытқанмен көзінде қап дегендей өкінішке ұқсас бір сәуле жарқ етті. Кейіннен мойындады. Артынан өмірге деген өкпесін айтып, сырын шертті. Айтқан әңгімесінің жартысы өтірік еді… Досына деген көңілі де суи бастады.

Бір аптаның ішінде жүзден аса адам сайтқа тіркеліпті. Екінші аптада олардың саны мыңға жетті. Электрондық поштаға келген хаттар да жетерлік. Соларды оқыған сайын Олжас біресе қуанып, біресе ашынды. Біреулер риза болғанын айтып хат жазса, біреу сайт жұмысын кінәлапты. Жабулы қазан жабулы күйінде қалуы керек қой дегендей, тіпті сол үшін қатты күйінгендерін жеткізіпті. Сатқындыққа деген ашумен жасалған сайт жұмысы біраз адамды ашуға булықтырыпты. Бұл жасап шыққаны дұрыс па? Сатқындар, өтірікшілер қиналуы керек, шынайылыққа не жетсін?

Adam1234 деген сайт қолданушысы былай жазып жіберіпті: "kolenke.com ұжымына мың алғыс! Үйленемін деп жүрген қызыма күмәнданып, тексеріп көріп едім. Тағы бір жігітпен сөйлесіп жүргенін біліп қойдым. Басында сенгенім жоқ. Өтірік деп ойладым. Бірақ ақыры шын болып шықты. Дер кезінде біліп қалғаныма қуанамын. Құрып кетсін сонымен бірге. Қыздарға да сенбейтін болдық қой қазір. Сендерге рахмет"

Eva4321 атты қолданушы былай депті: "Біліп едім жігіттерге мүлдем сенуге болмайтынын. Енді мүлдем сенбейтін болдым. Оңбаған екенсің, Бека. Барлық жігіттер сондайсыңдар. Құрып кетіңдерш." Қиын жағдай. Еңкілдеп жылап жатқан шығар, байғұс?

Біреу боқтыққа толтырып, жазғырып, ата бабасынан сыбап шығыпты. "Өзің ғой кінәлі, ****" деп бұл да бір сыбап алды. Түсінгені әйелі бұның жүріс жүретінін біліп қойыпты. Ажырасам деп жатқан болса керек. 3 баланы жетім қалдырдың деп мені жазғырған несі?

"Өтірік бұл. Мен ондай емеспін" депті Tulen666 деген қолданушы. Қалған хаттар "Рас па бұл?", "Шын сияқты мынау", "Мынауың рас болса масқара ғой" дегендей күмәнданған, екіойлы хаттар да жетіп артылады. Одан кейін келген бір хатта: "Сайт жасаушыларға рахмет. Бір досыма күмәнданып жүргенім бекер екен. Нағыз зымиян екінші досым екен. Бәлені бастайтын да, шағыстырып от салатын да сол екен. Көзім енді ашылды" Бірақ соңғы келген хат аса қатты ойландырып қойған еді. Сауатты, білімді азамат екені білініп тұр. Жөн нәрсе айтып тұрған секілді. Сайтты жауып тастасам ба екен?

Сол күні бұл сайтқа кірген барлық адамға бірдей хат жолдаған. Хатта сайт туралы пікір білдіріп, зерттеп шыққан адамдарымен қазіргі қарым қатынасы қандай деңгейде екенін бөлісуді сұраған. Ертеңінде біраз адамнан жауап келген. 90% адам жақын біліп алған соң араласқысы келмей қалғанын жеткізіпті. Бұл жағдайлардан соң жауып тастаған жөн екенін ұқты да серверден ағытып, өшіріп тастады. Досына хабарласпағалы да біраз болыпты. Екі-үш рет хабарласып, хат жазған. Бірақ бұл жауап беруге ынтасыз болды.

Мақсатының орындалғанынан ба, ауыр ойдың қысымынан ба шаршағанын сезді. Заттарын жинап, Бурабайға барып қайтуға бел байлады. Пәтерін құлыптап, сатымен түсіп келе жатқанда екі полиция қызметкері жанынан өтіп бара жатты. Тыңдап көргісі келді. Кімге келді екен? Полиция дәл бұл тұратын этаждан бір пәтерді қаға бастады. Қағылған есік дыбысымен мұның да жүрек қағысы жиілеп, қаттырақ соға түсті. Демін ішіне тартып,тыңдап тұрды. Бір кезде олар екінші пәтерді қақты.

- Сәлеметсіз бе? Полиция капитаны Еркебұлан Самғатұлы.

- Сәлеметсіз бе, - деген көршісі қартаң апайдың даусын таныды.

- Көршіңіз қайда екенін білмейсіз бе? Олжас Омар деген осы үйде тұра ма?

Ары қарай тыңдамай, тездетіп төменге түсіп кетті. Жүрегі дүрсілдеп, қатты жүріп келе жатқанын аңдады.

Соңғы келген хат мазмұны мынадай еді:

"Құрметті kolenke.com сайт ұжымы! Жасап шыққан дүниелерің керемет. Тіпті әлемдік деңгейдегі жаңалық дер едім. Бірақ екі нәрсені ескермепсіңдер. Біріншіден бұл жеке адамның өміріне қол сұғу. Қылмыскерді анықтау, кей адамдарды зерттеп көру үшін бұл сайт пайдалы болуы да мүмкін. Бірақ жеке шекара тұрғысынан алғанда дұрыс емес.

Екіншіден қазақта "жақсылығын асырып, жамандығын жасыр" деген бар. Әр адамда кемшілік бар. Және біз оның көлеңкелі жақтарын көрген сайын араласу қиындай түседі. Адамдардың өне бойы кемшіліктен тұнып тұрса да, басқаның кемшілігін қабылдауға дайын емес. Адамды бар кемшілігімен жақсы көру оңай емес. Бірақ соған қарамастан Құдай бізді жақсы көреді, қабылдайды. Біреудің кемшін тұсын білсекте жасырып, жамап жүрген жөн. Бірінші өзімізді жөндейік, соны білейік. Сайт бағытын солай құрсаңыздар әлдеқайда жақсырақ болар еді.

Әрине кей жағдайда басқа адамның жаман пиғылын, ниетін білген жақсы шығар. Бірақ ең дұрыс жол кей факторларды ескермегенде. Білсек те жасырып жүрген дұрыс деп есептеймін. Сайт әрі қарай жұмыс істесе, адамдар бір-бірімен араласуын қойып кетеді. Қазірдің өзінде солай боп жатқан шығар. Бәріміздің көлеңкелі жақтарымыз бар. Сонымен күресейік, соны жөндейік"


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Көп оқылғандар