Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Мырзатхан Тәнжира. Құс жолы. Кілкіген сүт тамып

09.10.2021 829

Мырзатхан Тәнжира. Құс жолы. Кілкіген сүт тамып

Ат жалында атқан таң

Алтайды келді таң сызып:

сұлбасы да бөлек қой,

бояуы қанық ерек қой –

Тәңірден түскен кенептей.

Көгенкөз күз мөлтілдер,

Саумалға толы көнектей.

Аңқайып аузың қалады

сансырап бастан желөкпе ой.

Бас суретшісі Тәңірдің –

таңым екен. Кәмілмін!

Бас суреткер Абай да

таңдай шебер болуға

«екі тууы» керек ғой!

Шашасы шыққа жуынып,

сауырда көбік кілкиді.

«Есенқоңырым» ілбиді,

«темірқазық жастанған»

кербез басын шұлғиды.

Шылдырлаған ауыздық,

Түрлентіп салар мың күйді.

Қыраудан салған арқан күз...

Шолпылы сұлу Шолпан қыз

Жамылып жарық мүлгиді.

Емексиді жүрегім,

күн астынан шығардай,

Күнекей қыз – Күнбибі!

Көк аспан тұтас тәжісі,

Тауы мен тасы тақ болған,

Тағының бірі ем бапталған,

күміс Аймен күптелген,

алтын Таңмен апталған.

Айкезбе ғұмыр – жігіттік,

қойнынан ару аттанғам!

Шәлкездеу шадыр өмірге,

Шәлісін таққан мақпалдан,

Ағытқан көңіл ілгегін,

Япырай, неткен нұрлы едің,

Ат жалында атқан таң!

Тірінің тозағы

Мұнда...

момыннан қуырдақ қуырар,

Дауысын «Құдайға» жеткізіп.

Батырдың жүрегін суырар,

«жүрсің, - деп, - шеп бұзып!».

Бауырмал бауырдан басыртқы...

қанына ішетін тос, тегі

Миынан дайындар ашыртқы,

Жүйке-жүйеден кеспені...

«Көреген» көздерді көрмедей,

әйнектен қызықтар айыздап.

Есіріп жатады көнтері ой,

Естіні еденге бауыздап.

Біреуі егессе бірін жеп,

Жекіріп-зекіріп күрілдеп.

«Мейірім» дейтұғын сөзі жоқ,

Сөзі жоқ болғасын, ұғым жоқ.

Шайтаны болады жол қалсын,

Көшеде қаңғырып амал ғып.

Махаббат тек мазақ болғансын,

Жоқ пәктік, жоқ сезім, адалдық.

Періште ыңырсып шат күлер,

Қойнында удай мас перінің.

Шаталар – шалқайған шәпкілер,

Арақпен басады жерігін.

Жамаулы жүректер жанған мың,

Кездікпен достары қашаған...

«Жаратқансымағы» жалғанның

Адамнан хайуанат жасаған...

Мәңгүртке айналмақ мәңгіріп,

Отырмысың зеңіп бас мас әлі.

Біз жасаған заманның сан былық...

Ілгері ғасырда жасары...

Санадан тысқары әлем

Құс жолы. Кілкіген сүт тамып

жұлдыздар «уызға жарыған!»

Көл жүзі...

буаз Ай ырғалған,

Қалжасы қам көңіл бағылан.

Құмыққан қара жер. Үн шығар...

Жаңғырып рухтар Әлемі...

Маубастар естиді байғыздың,

тұмсығына қан қатқан әлегін.

Шаңырақта АРУАҚтар шоғыры,

ШАЙТАНдар үркітпек бабамды...

Көремін ап-айқын бажайлап,

Неліктен жалғыз мен оларды!?

Ақынмын!

Бәлкім, жындымын!

Мағдырым талмайды МашАлла-ай!

Ғанибет не сонда мендегі,

Ғайыптар есігін ашардай?

Шайтанның сұғынан қорғаған,

Оранып шапанның шалғайын,

Бабамның!

Қиялға елітем жорғадан

Ай сүйген тақымдап маңдайын...

Шолпан қыз жинады кестесін,

Жазғы таң осынша қысқа ма!?!

Таң атты. Бұл өмір манағы

қақтап сауылған құс ғана!...

Оғаш оқшаулық

Ділмәрсудан көп шындық тасаланған:

күйзелгеннен немесе бас аманнан,

Пенделер «көп құдай» жасап алған,

әйтпесе, Құдай – шексіздік!

(Еңсере алмас шекті ақыл!

Ертегіге момынды иландырып,

араб жымың қағады, Иван күліп.

Санасын көзірлеген милау қылып...

Тәңір пенденің сөзінде емес,

Таңды қара!...(керемет пе?!)

Өзі ие асқанға, сасқанға да,

тұрмайтын қиялдан, тастанда да,

«Жұлдызды түн» зерделеп аспан қара,

Жаратқан құдіретін тану үшін!!!

.....

– Ж ұлдыз құлап кетпесін төбеңізге!!!

Сыйхана (түн эротикасы)

Самарқау түн. Үнсіздік.

Ай туғалы...

Айтылмады түйір сөз. Айтылмады!

Айтылмасын, тіліңмен бұзба шырқын!

Жанарыңнан ұғындым – айқын бәрі.

Тентек жел демін тартып үп етпеді,

Ақшаңылтыр қар шашып түтетпеді.

Табиғат ауызына маржан салып,

Ақынынан «селт етер» күтед(і), тегі!

Тыныштыққа батпаған – тісі өтпеген,

Қасқыр бірге жусайды ісекпенен.

Жайбырақат жайғасқан жұлдыз-сетер,

Тоғайған құс жолы құс етпенен...

Оқтау жұтып алғандай байғыз-дағы,

әдеттегі тыныштық жай бұзбады.

Біздің құшақ...

кетердей әлем балқып,

Шарпыған дем әйнекті айғыздады.

Кеңдірмен тірсектен айды аспанға,

тұсағандай ілбиді, май басқан ба?!

Тәңір мен Табиғат мынау түнге,

Бір ғаламат біз үшін ойласқан ба?...

Оңтайыма келгенге дала мынау,

Тәңірді тіптен сүйіп барамын-ау.

Мөлдіреген тыныштық тұнық сырлы,

Жанарыңнан аумайды қарағым-ау.

Бір ұшығы Тәңіри жүлгесінің,

Адамзатта болғасын «нұрлы есімің».

Сүйіскен жүрегіміз бөлеп сезім,

Әлдилеп тербеткендей түн бесігін.

Қисық халық

Кемпір шашты төбелердің,

алба-жұлба жүйкелердің

ортасына жайлап кіріп:

Өлеңіммен жай лақтырып,

сіңірімді суырып үйте бердім...

Байсалдыққа қазымыр жат –

шарт кеткен со бір шыдам:

Жүрегімдей қақталған,

қақтала тұрып шат болған,

сіңірдің иісінен қоңырсыған.

Шайтанның шабына шоқ,

түскенге ұлаң-қада.

Дертімен сүйісіп, налып...

Жүретін қисық халық,

Ақын сол мінезі бұраң дала!!!

Сау басыма сақина

Өмірге айтылмады көп өлеңім,

Мен әлі гүлденемін, көгеремін!

Топырақтың тірілтіп жәннат иісін,

Себелегім келеді, себелегім...

Көгінде үнім қалып керегенің,

Жүзінде жаным ойнар селебенің.

Еңілігі егілсе ерен таудың,

Көңілімнің қайтермін көбелегін?!

Тағдыр оқып тамшының жанарынан,

Қайғысымен бөліскен қара тұман.

Көрұғлыдай жан едім түсініксіз,

Жын мен пері жабысқан балағынан.

Болуды қаламаған Аттилаң дүр.

Сардары жоқ дәуірде Бату хан құр!

Өлеңменен дерттімін, айықпаспын,

«Сау басыма тілеген сақинам бұл!»

Жусаннан жұпарлы өлең аңқығанда,

мен тояттап отырам жарты нанға.

Ақынға өлім тілеме, өлем бір күн:

Өзімнің биігімнен мертігем де...

Өзімнің тереңіме малтығам да!!!

Тәкаппар қыз

(өзінше)

Дәргейімде тұрғандайын бар әлем,

«Қондыр, - дейсің, - алақанға көкті ақыр!

Айды саған алып бере салар ем:

Айсыз түнде адасады-ау көп пақыр.

Күнді-дағы сыйлар едім гүлтелі:

"Күн көрмедік!... ", - деп Құдайға арызын

күні үшін жүрген жандар түртеді.

(Онсыздағы «сол құлақта» бар ызың!)

Жұлдыз зерлеп жазар едім атыңды:

Қара халық есіміне базданар...

Ұсынсам мен жүрегімді, затымды

өнге қыздар буынуға аз қалар.

Сезімімді адалынан арнасам,

қастерлеуге жетпесі анық дәрменің!

Суға кетіп ақыры тал қармасаң-

басын шалған мінезіңнен әрненің.

Тым пәрменді ақ періште болса да

сұлулықтың даңғойынан жалығар.

Барлығын да жасайтұғын сен үшін,

«Басқа Құдай» тауып ал!

Бір жапырақ

Жапырақ жүрегімді қақ айырып

Отқа салдың...

Содан бері өмірім отқа оранған.

Қанға бөгіп «адалдық» қақпасы алдын...

Өлген сезім.

Арман да ноқталанған!

Шынар сезім шыңнан

Шыңырауға

шайқалғанда,

Бір жапырақ үміт бар-ды. Үзілмеген.

Құдықта құрбақа-мұң қайғандау да,

Қара құрт ақыры мүжіп жеген!

Бір жапырақ параққа

талқылы тағдыр көшіп.

Қобда өзенде барады жылай ағып.

Тәкаппар жүректегі қарқын семіп

Домбыққан көз келерсің, Құдай анық!

Бір жапырақ сүлдеріңді сүйретіп,

Отыма кетпе өртеніп!

Қансырау

Еншімізге тигендейін ен дала,

Тым бақытты пішінде

«Алтыбақан» – ай сәуледе тербелдік...

Жүрегіме дөп қадаған сен ғана,

Сыртымнан оқ атқандардың ішінде,

Неткен «аяр мергендік»!

Үрей бүркіп «үлбіреген» ұсқының,

Сақылдаған «сырлы үнің!»

Сиқырыңа түлен түртіп қамалдым.

Ақ үмітпен « қансыраудан» тыс-бұрын,

Саған арнап теріп жүрген қыр гүлім,

Ауызында қан жылады жарамның...

Ақындарым-ай

Ақын жаны сұлулықтың ғашығы,

Сыршыл жыры сезімдердің қас үні.

Көні кепкен қақпалайды кеудеден,

Артта қалып қойғандар, - деп,- ғасыры.

Есі ділгір дүмшелерге мән бәрме,

Соқсын-соқсын толағай жыр, нән кеуде!

Жүрек сыздап, жасын бұлап отырған,

Мына біздер сөзін жазған әндерге.

Қаққанымен қоқиланып қотыраң,

салғанымен жүректерге от ылаң,

Сүйгенінің жүрегіне жетуге,

Сенің көркем өлеңіңді оқыған.

Келемеждеп кекеткенге не істермін,

Дарыныммен дара ғұмыр кешкенмін!?

Ақын жыры құр шимайға айналар,

Бұл әлемнен сезім сәуле өшкен күн.

Ақыретке ақырғы адам көшкен күн!

Жаратылыс қаламына байланған,

Бұл ақындық- дәулеті асқан байға арман.

Жүрегіңнен үзіліп түскен мөлдір мұң,

Сан мұңлықтың мұңдасына айналған...

Өлең соққан...

Ұстап мініп көңілдің қашағанын,

Не дүлеймен жарыстым асау арын.

Жұмбақ Құдай ашсам да құпияң көп,

Рауғаш ніліне өлең тасаладың.

Қоңыр жел өлең шомдап арқасына,

Қом шешкен балбал тастың қаңқасына.

Қоңылтақсып отырам қоңыр кеште,

қонбаса өлең қарағай жаңқасына.

Теріңнен өлең аңқып заула дөнен,

Кезесем оқпанында жауға берен.

Күннің күміс кірпігінен мұң үзіліп,

Жесір айдың үрпінен саулады өлең.

Қажеті жоқ баттасқан бояманың,

Жақтырмас жампозым-ай ой арамын!

Ер жастап ен далада мызғып кетсем,

Өлең соғып өрекпіп оянамын!

Жан жарылысы

Жауқазын жанары кілкілдеп:

– Ұқсайсыз

Ашылмас қоймаға,

Неліктен тұйықсыз ойлы аға? -

деп қарындас назданды.

Зәтте-сезім! Ой-нала!

Қызықпа да бойлама,

Ұшырма көңіл қаздарды.

Тозақтың өзі де ерітпес,

Түбінде жүрек сызы бар,

Ғұмыры жоқ қызығар...

Қысаңнан аз текшесі,

Шабақтаған жүректе:

Бізбикенің бізі бар,

Жолбикенің өкшесі...

Туылған жоқпын әйтпесе,

Томырық болып мен іштен,

Күлкімен келгем келіскен.

Құрдастар балаң шақтағы

Құлын- тайдай тебіскен,

Құбылып желі терістен

Айналған алакөздерге

Тыртығым көп тайтабан.

Жақынның жаласы батып,

Жаншыған зілмауыр,

Өкшеден ілді ауыл,

Шарықтап кетер «күшік» деп

Өзімнен бір тақыр,

Алқымдап кіл пақыр,

Дарынымды далада үсітпек.

Тілімді тісіме бастырып

Жүрсем де тіс баспан,

Қағидам ұстасқан!

Үндемең, сұрама қарағым,

Көңілді ыс басқан,

Жанымды күс басқан!

Өзімде жарылып барамын....

Түйіртпек ойлар

Қан-сөлімді қасапшы-қанбазар алған,

еңсемді басқан елестен,

дарақы даңғазалардан

шаршағанда келеді "ішкім менің!

Ай саусағы малынып кесеме дүр,

(мысқыл демім!)

Тамылжыған тамызда жанарда қылау...

Сыймай бір өз теріме-Ғаламға мынау.

Бәйкүнә жүрегімді құшаққа алып,

егілгім де келеді ұзақ барып...

Қуат қалмай қалжырап Құдіреттен кең,

қағажуда нұрлы күн құны кеткеннен

түкіргенде «бітеубас» ғазалыма,

жыртық жүрекпен атамның

жөнеп берем мазарына.

Тентек бұлақтай түбі өз арнасын сүйер,

мазар да маған тым ыстық «жамбасым тиер!»

Жыр оқимын сүренің өтеуіне кіл,

(нұр жүгіріп өтердей кетеуіне бір.)

Булығады тынысым өксігім өршіп,

Өлілердің үнсіз-ақ көп сырын шешіп...

Өмірдің мойыл көзін жәудіретіп,

Мәңгі кеткім келеді, мәңгі кетіп...

Өмір мені жоқтар ма «ақыным-ай»,-деп,

Ескермеген ғұмырының ғапылын-ай деп...

Берген соң ақынның назын маған

Қимаймын өлеңімді айтылмаған.

Жазылмаған!


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Көп оқылғандар