Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Көркем образды танудағы асқақтық категориясының орны

27.07.2022 1051

Көркем образды танудағы асқақтық категориясының орны

Әсемдік категориясы ғасырлар бойы ең басты және ең жалғыз эстетикалық категория ретінде танылып келсе, алайда ХҮІІІ ғасырдың ортасына қарай философтар мен өнертанушылар эстетикалық ұғымның аясы бір ғана әсемдік ұғымымен шектелмейтіндігін, оның ұғымдық аясы одан да кеңірек, одан да ауқымдырақ екеніне түсініп, көздері жете бастады. Соңында олар әсемдіктен де ауқымдырақ, кеңірек ұғымдар бар деген ойға, түсінікке тоқтай бастайды.

Асқақтық антикалық дәуір мен орта ғасырларда эстетикалық категория емес, стиль ұғымы ретінде басымдық танытты.

Әу баста асқақтық риторикадағы стилистикалық фигура ретінде көрніс тапты. Сицилияның Калакта қаласында туған, әйгілі грек риторы Аполлодардың шәкірті Цецилий дәуіріміздің І ғасырында өзінің «Асқақтық туралы» деген трактатын дүниеге әкелді. Трактатта стилистикалық фигуралар мен троптар жүйеленіп, риторика техникасының сұрақтары, шешендік сөздегі асқақтық стилінің арнаулы ережелері қарастырылып, талданады. Риториканың үлкен ықпалында болған көркем әдебиетке де Цецилий қарастырған риториканың осы стилистикалық фигураларын жеңіл-ақ қолданып, басшылыққа алатын. Өкінішке орай, Цецилий трактаты біздің дәуірімізге жетпей отыр. Оның есімі мен шығармасы автор туралы кейбір мәліметтер сақталынған фрагменттер мен кейбір авторлар трактаттарындағы полемикалық ескертулер арқылы жетіп отыр. Осы Цецилийдің трактатына жауап ретінде жазлыған, басқа бір «Асқақтық туралы» трактат біздің заманымызға жетіп отыр. Алайда оның авторы көрсетілмеген. Бұл трактатта б.д.д. І ғ. жазылса керек деген болжам бар. Бұл трактаттың авторы ретінде ұзақ уақыт бойы әлдебір Лонгин деген біреу аталып келді. Қазіргі кезде жан-жақты дәлелдер бойынша ол трактаттың оған тиесілі еместігі айқындалып оты. Біз бұл белгісіз авторды қазіргі уақытта дәстүр бойынша Псевдо-Лонгин деген атпен шартты түрде атап отырмыз.

Асқақтық туралы Цецилий қорытындысын бұл автор жоққа шығармай, стилистикалық ұғымдар ретінде қалдырады, сонымен бірге Псевдо-Лонгин бұл ұғымдарды, оның мазмұнын эстетикалық категориялардың шеңберіне дейін көтеріп, ұғым ауқымының мәнін кеңейтіп, ұлғайтады. Әдебиеттегі барша асыл нәрсені асқақтық аясына жатқызу Псевдо-Лонгин үшін басты принцип болған.

Сонымен асқақтық категориясы ХҮІІІ ғасырдың екінші жартысында әсемдік категориясымен бірдей дәрежеде қарастырылып, эстетикалық категориялардың мәртебесіне дейін көтеріледі. Э.Беркк пен И.Кант асқақтық категориясын құдіреттілік пен ұлылықтың көріністерінің сипатындағы: күш, ауқымдылық, өлшеусіздік ұғымдары деңгейінде пайымдайды. Асқақтықта әсемдіктен айырмасы тыныш толғаныс сипаттары кездеспейді. Асқақтықтың басты сипаты – хаос, стихия, тәртіпсіздік. Адамның жан-дүниесін аласапыранға толтырып, ақынға сыйымсыз күштерді оятуға түрткі болады асқақтық сезімінде. Канттың пайымдауынша, «асқақтық біздің ішкі күштерімізді оятады, қоздырады», «өзіне еліктіреді, тартады, қорқыныш сезімін туғызып, үрейді үстейді». Философ-ғалым асқақтықты адам өмірінің шындығы мен, мәні емес, табиғаттың дүлей күші ретінде, жаратылыс стихиясы ретінде алады. Кант: «Найзағайлы нөсер, вулкандар, дауылдар, аласапыран мұхит, алып сарқырамалар, үрей туғызатын шың-құздар, құрсанған бұлт, осылардың бәрін асқақтық аясында қарастырамыз, – деп жаза келіп, «олар біздің ішкі жан-дүниемізді асқақтады, кәдуілгі жағдайдан ерекше бір биікке көтереді, кез келген қарсылыққа төтеп берер қуат дарытып, күш-қайрат үстейді, ерекше қабілет туғызып, ерік бермес болып көрінетін табиғаттың алапат, асау күшіне қарсы тұра алар бойымызда ерлік, батылдық сезімін туғызуға қабілетті (Кант И. Критика способности суждения. С.131). Асқақтық, Канттың пайымындағы асқақтық барлық елдер мен әртүрлі дәуір кезеңіндегі әдебиет пен өнерде барынша өрнектеледі.

Біз бұл жерде әлемдік классикадағы асқақтықты сөз етсек бұл сезімдердің классик қаламгерлерде асқан құштарлықпен суреттелгенін көреміз. Шекспирдің атақты «Король Лир» пьесасындағы шекспирлік алапат борандарды, Толстойдың «Казактар» әңгімесіндегі (Олениннің Кавказдың сұсты да сәулетті, алып таулары таң қалдыратын, ал шексіз, ну ормандағы жабайы, тағы боп өсіп кеткен бай өсімдіктер әлемін көргенде жағасын ұстап, шегін тартатын кезі) Лермонтовтың «Мцыри» поэмасындағы Қап тауының арда пейзажын көз алдымызға келтірсек жетіп жатыр.

Қазақ әдебиеті туындыларында да табиғаттағы долы боран, алапат дауыл, тулаған толқындар мен аласапыран теңіз суреттерінің көріністері жетіп артылатынын байқаймыз.

«Абай жолы» романындағы Абайлардың қыс кезіндегі адасып кеткен кездегі долы боран суреті, Ғ.Мүсіреповтің «Тулаған толқын» повесіндегі Біржан мен Шәйда сияқты ғашық жастардың мейірімсіз асау толқынмен арпалысқан сәті, Ә.Нұрпейісовтың «Соңғы парыз» романындағы Жәдігердің ашық теңізде адасып кетуі, Т.Ахтановтың «Боран» романындағы дүлей боранмен арпалысқан қойшы Қоспанның қиналысындағы тағдыр-талайы, Т.Жармағамбетовтың «Отамалы» повесіндегі аласапыран долы боранның естен кетпес көрністері жадымыздан шыға қоймас.

Бұл шығармалардағы осындай алапат көріністер бір мезгіл оқырмандарын сескендіріп, үрейлендіріп, түршіктіріп қана қоймайды, сонымен бірге осы алапат күштерді жеңуге деген ұмтылыс, құштарлық, серпіліс туғызып, алға ұмтылдырып отырады. Осы айтылғандардан табиғаттағы дүлей, долы күштерді, стихияны ауыздықтауға әдебиет көркемдік тұрғыда игеруге талпыныс, ұмтылыс жасалғанын көруге болады. Оқырмандарында соған ұмтылдырып, көркемдік тұрғыда игеруге шақырады. Бұл мәселелерден қазақ поэзиясы да шет қалмағанын көреміз:

Әлемді түгел көрсе де,

Аспанда жұлдыз аралап

Ай нұрын ұстап мінсе де

Қызыққа тоймас адамзат! (Бұқар жырау)

ХҮІІІ ғасырда өмір сүрген дала жырауы Бұқарда осы алапат сезім, тіпті ғарыштық (космос) санаға дейін көтерілген. Енді Абай хакімге құлақ түрсек:

Асау терек долданып, буырқанып,

Тауды бұзып жол салған, тасты жарып.

Арыстанның жалындай бұйра толқын,

Айдаһардай бүктеліп, жүз толғанып (Абай-Лермонтов)

Ұлы Абай табиғаттың арда күшін, алапат көрінісін осындай асқақ сезіммен көрсетсе, Қасым Аманжолов сияқты қазақтың арқалы ақны биік құз бен шыңның алапат, кісі сескендірер сұсты келбетін:

Қабағын түйіп құз тас тұр

Төңірегіне парық сап;

Шыңында шулап құстар жүр,

Айнала ұшып шарықтап

Кеудесі жалын қара бұлт

Келеді төніп аспаннан

Алып құз тас сұп-сұрғылт

Жамылып шапан боз тұман

Шық моншақтап шып-шып тер

Сорғалар жасы жүзінде... деп, сізді самарқау, бейжай қалдырмай, ерекше бір көңіл-күйге түсіріп кетеді. Оқырмандарына ауқымдылықтың шама-шарқын, парқын, асқақтықтың, іріліктің не екенін ұқтыра түскендей болады. Рецепиент (қабылдаушы) санасында тек әсемдік жайлы әсері ғана емес, сонымен жалғасып жатқан асқақтық ұғымының да бой көрсететінін ұқтырады.

Псевдо-Лонгиннің пайымынша асқақтық рухы адам жадына мәңгі өшпес таңба, ізін қалдыра отырып, оны шын мәнінде құдайлық сипат, биікке дейін көтеріп, әкетеді. Біздер адамдарға қанша пайдалы, таза, мөлдір бола тұрса да, кішкентай жылға, су арықтарды көргенде асқақтық сезіміне бөлене алмаймыз. Енді Ніл, Дунай, Рейн сияқты тақты, ұлы өзендерді, алабөтен шалқар да шексіз мұхитты көргенде есіміз шығып, шегімізді тартамыз. Қанша қауыпты құбылыстар болса да, тайфун, торнадо, сел, от жалын шашып жатқан жанартаулар сияқты алапат көріністерге қызығып, елігіп, жандүниеміз орасан сілкіністе болатынын жасыра алмаймыз.

Әлем поэзиясының алыбы Гомердің «Иллиадасында» Олимп тауларының биік шыңында отырып от, әлем кеңістігін көз жанарымен баққан құдайлар бір кеңістіктен екінші бір кеңістікке қанатты аттарын жегіп алып, оп-оңай бір-ақ секіріп өтетін көрністерді байқаймыз. Әйгілі эпос жыршысындағы осы бір асқақтық сипатын Псевдо-Лонгин былайша ашып көрсетеді. Осындай ауқымды, алып өлшемдер бізді ұлылығымен таң қалдырады: егер осы аттар тағы бір рет секіріс жасаса не болмақшы?! Онда оларға тіпті бұл әлемнен орын табылмас еді ғой!

Кант тұжырымдарын толықтыра келіп, Ф.Шиллер арнаулы зерттеуінде асқақтықты таза адамдар әлемі аясында қарастырып, бұл сезімді жүрек жұтқан батылдық, қаһармандықпен салыстыра былай дейтіні бар: «Кімде-кім қорқынышты, үрейді жеңсе, сол ұлы; сол биік; ал кім өз жеңілісін біле тұра, тайсалмаса, қорқынышын жеңе білсе, сол адам асқақ та, өр, рухы биік жан» (Шиллер Ф.О возвышенном к дальнейшему развитию некоторых идей Канта//Шиллер Ф.Собр.: В 7 т., Москва. Т.6. С.186).

Эстетикада кейбір жағдайларда асқақтық категориясына дионистік жақын келеді деген көзқарас бар. «Музыка рухынан трагедияның тууы( (1872) атты трактаттың авторы Ф.Ницщенің арқасында дионистік ұғымы ХХ ғасырда маңызды эстетикалық категориялардың қатарынан орын алды.

Ф.Ницще әсемдік категориясын дәстүрлі таным аясындағы апполондық бастау негізінде сипаттай келіп, оның әсіресе антикалық мүсін өнері мен эпос өзін нақты көрсеткенін баса айтады. Түбінде әсемдік негізі жатқанапполондық бастауда тұрлаулы тыныштық, ұлы тыным мен байырқаулылық құмарлықтан ала қанағат сезімі, азат көңіл-күй үстемдік етеді. Осылай бола тұрса да Ницщенің пайымынша адам табиғатында бұл бастаудан басқаша бір маңызды бастау тұр. Философ оны адам болмысының тереңіндегі дионистік бастау (апполондық бастау философтың ойынша стихияның жамылғысы, еріксіз ой-қиял толғанысының өрісі, нәтижесі – иллюзия мен алдану)дейді.

Бұл дионистік бастауда дионистік (Дионис-Вакх-шарап құдайы) – мейрамдық көңіл көтеру, масаң күйге, адамды сиқырлайтын, қоздырып, еліктіретін түс көру мен қиялдарға, ұстамсыз құштарлыққа, жан мен тәннің ләзәтті сәттеріне, тіпті ақылсыздық салтанат құрады. Философ бұл бастауды «Жан жабыққан, салыққан жанның алдағы уақыттағы қанат қағысы» ретінде Моцарттың емес, Вагнер рухындағы экстатикалық дыбыстардың жиынтығы ретінде бәрінен де толық және айқын түрде классикалық музыкада көрініс табады", - деп топшылайды (Ницще Ф.Рождение трагедии из духа музыки//Ницще Ф. Соч.: В 2 т. Москва, 1990. Т.1. С.16, 25). Дионистік эстетика Ницщенің кейінгі зерттеулерінде билікке ұмтылған «айрықша адамдардың игілігі тұрғысында тұжырымдалатын болады.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Көп оқылғандар