Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Кешегі эпос һәм бүгінгі ұрпақ

08.07.2022 1716

Кешегі эпос һәм бүгінгі ұрпақ

«Жарандар, сал құлағың тыңдап бізге»,- деп басталатын «Дотан батыр» жыры ары қарай: «Кешегі Орманбат хан заманында, Өтіпті Құбақанбай жапан түзде. Өзінің құдай берген дәулеті көп, Қырық ұл, қырық қызы бар көңілі тоқ...»- деп байдың дәулетін, шалқыған көңілін суреттейді. Дотан батыр жаңағы қырық ұл, қырық қызыдың кенжесі болады. Жыр басталып негізгі оқиғаға арқау болар алғашқы сюжет басталар сәтте яғни қалыңдық іздеуге аттанар тұста қырық ұл, қырық қызыға жол көрсететін шал, басқасынан бұрын кенжесі Дотанға: «Кенжесі ер Дотагнға сөз айтады, Айтпайды жөнді жауап өңгесіне. ... Сырымды сенен аяр бар ма хәлім?! Қулықтан қара көк тай туған еді, Соны ұстап жылқыдағы мінгін, жаным»- деп ерекшелей ақыл-нәсихатын айталды. Жыр тақырыбымен қоса бірден Дотан бейнесін айқындай түсіуге кіріседі. Бұл туралы Сейіт Қасқабасов былай дейді: «Әлгі ақылды шалдың тағы да бір кеңесі бойынша болашақ батыр Дотан жылқыдан өзіне лайық ат таңдап мінеді. Ол ат – Қаракөк тай болады. Үлкен өмір жолына қадам қойғанда ерлерге керек алғышарттың бірі – мінетін ат таңдау екені түркі-монғол халықтары эпосында кең таралған құбылыс. Бұл көрініс эпикалық жырлардың барлық түрінде де кездеседі. Батырдың ат таңдау рәсімі жылқы түлігінің қолда үйретіле бастаған кезеңінен бері желі тартып келе жатқан сарын, әлденеше мың жылдық тарихы бар ұзақ процесс».- дейді ғалым.

Шалдың айтақанын істеп бала Дотан тайды мініп, мылтығын алып аға, әпкелерімен жолға шығады. Тоғайлы жерге келгенде, ұйықтап жатқан балалардың бәрін жалмауыз кемпір жұтқанда жалғыз Дотанды жұта алмай оның жай бала емес екенін сезеді. Қара көк тайда жалмауызды теуіп, Дотанды оятады. Келесіде жалмауыз Дотанмен келісімге келуіне тура келеді. Жалмауыз Дотанды өзінің баласы ғашық болған қыз Күнікейді алып келуге жұмсайды. Бұл жерде жалмауыз Дотанға жау болсада оның жолын ашып тұрған секіліді. Бұл жыр нағыз қаһарман кенженің ерлік жыры. Дотан ағалары үшін қауіп-қатерге басын тігіп жүрсе, жолға шығарда ағалары онымен бірге сапарға шығуға жарамай, бастарын ала қашады. Осылай батырлдарлың белгісіз сапарға шығу, алғшқы ерлік қадамдары басталады. Ертегілік түс алатын жырдың басында кенже бала туыс-туғандар болмаса әкесі себебінен емес, тікелей жалмауыздың қысымымен, үйінен жырақтап, алыс сапарға шығуға мәжбүр болады.

Енді жыр ары қарай классикалық түрде, Ер Төстік ертегісіндей қасына жан жолдасын жинап, алда кездесетін қиындықтар мен қатерге, күшті жауды жеңуге әзірлік жасай бастайды. Бір жылда бір батырға кездесіп отырады. Бұл туралы академик Сейіт Асқарұлы былай деп пікір білдіреді: «Алыс сапар үстінде Дотанға көмекші, тілектес дос күштер кездеседі. Олар: саққұлақ, мерген, желаяқ, көзбайлаушы. Бұлардың әркайсысының теңдессіз күштері мен өнері жас батырға таудай тірек болады, мақсатына жеткіздіреді. Халық қиялы өзінің сүйікті қаһарманын ешбір жаудан жеңілмейтін ету үшін, осындай ғажайып көмекшілерді кездестіреді». Осы жерде тағы бір қызық жерін келтіре кетсек. Дотан батыр достарын бір-біден кездестіріп, оларды қасына ертіп келе жатқында үш үлкен тау дегені, үш дию болып шығып, сонда үлкен дию айтады: «Мына екеуі менің балам еді. Екеуі еншіге таласты, сонан соң екеуін таластырмай, күшін салмақтап, күш артығына енші берейін деп тұр едім, байқасам кіші ұлымның күші артық екен, соған артық берейін деп еншілерін бердім»,- дейді. Осы жерде дюудың кенжесі артық туған кенже балаға көмектесуге аттанады. Ақыры жеті жыл жүріп Дотан батыр Күнікейдің еліне келеді. Келсе Күнікей сұлуды алмақ болып, қалмақ ханы зорлық қылып жатыр екен. Осы жерден бастап, жыр ертегілік сипатынан нағыз батырлар жырына ауысады. Басында ертегілік сарынман басталған жыр осылайша өз арнсын тауып, әуелгі жалмауыз кемпір қорқынышы кейінге қалып, енді қалмақ ханы мен Дотан батыр және оның достары арасындағы күрес басталады. Қарсыласқан екі батыр арасындағы жекпе-жек қалыптасқан батырлар жырындағыдай болып, екеуі өзара күш сынасады. Біздің кенжеге осы жерде қызыр Ілияста көмектесіп қалмақ ханының атқан жебесінен қорғайды. Тумысынан ерекшеленіп туылған кенжеге қосымша күштердің көмегі, онсызда жұлыдзы жарық кенжені тіптен аруақтандырып, енді ешқандай жау төтеп бере алмастай дәрежеде күш алады. Жырда дәл осы қалмақпен соғысқа кенже батыр Дотан жалғыз аттанды. Мистикалық көмекшілерден ада болған ол бұл жорыққа жалғыз аттанатын кәдімгі батырлардай («Ер Тарғын», «Алпамыс») өз қалыбын табады. Барлық жауды жайпап жеңген Дотан ер Күнікейді алуға лайық болса да, уәдесінен айныған Шынтемір ханның сынағына түсуге тура келеді. Осы кезде жыр қайтадан ертегілік сарынға алмасып, ертегілік детальдарды ары қарай үзбей жалғастырады. Осы детальдар туралы Сейіт Қасқабасов былай дейді: «Шынтемір ауылындағы жамбы ату, жаяу жарыс, палуан күрестің бәрі үлкен той, жиындарда болатын дәстүрлі тамашаның көрінісі. Бірақ бұл тұсқа да көне түсініктер араласады. Шынтемірдің Дотанға қыз бермеу әрекетіне әзәзіл болып, мұнда да мыстан кемпір жүреді. Бұлай болуы табиғи, мұның өзі адамдар санасында сиқыр күштер құдіретіне сенушілік ұзақ сақталатынын көрсетеді».

Осылайша ханның арам пиғылын Дотан батыр тас-талқан етіп, өзі қалаған Күнікейіне жолдастарының арқасында қол жеткізеді. Жоғары да айттық осы тұсты таза ертегілік сюжт деп, осы оқиғалардан кейін Дотан батырға серіктерімен қайтуға тура келеді. Бірақ, қайтар болса қызды уәде бойынша жалмауыз кемпірге беру керек, ал Күнікей оны білмейді. Бәрі қанша батыр, қанша алып болса да, жалмауыздан сескенеді. Ақыры Желаяқты Күнікейдің орнына қыз қылып киіндіріп, жалмауызға алып барады да Дотан батыр кетіп қалады. Ретін тауып қашып шыққан Желаяқты жалмауыз тұра қуады. Дию өлтіре алмаған жалмауызды Мерген атып өлтіреді. Осымен жырдың ертегілік сюжеттері аяқтап, Дотан еліне келгесін, ағаларына жар іздеп жүрген жерінен қайтадан өзінің сүрлеуін тауып бытырлар жырына ауысады. Әрине, батырлар жырына алмасқан соң ерлік жасамауы мүмкін емес. Отыз тоғыз ағасына әйел іздеп жүріп, жоңғар ханы Қалденнің қырық мың қолының тоз-тозын шығарып қуып жібереді. Осылай ерлік көрсеткен Дотан отыз тоғыз ағасына әйел де алып береді, хандық да құрады. Осылайша, батыр Дотан өзінің кенже балалық мотивтік міндетінің үддесінен шыға алды. Жырдың дізгінін басталғаннан қолына алған кенже ұл, отыз тоғыз ағасынан жырдың сюжеттері қоюланған сайын алыстап, өзінің талейлі-талейсіз тағдырымен ортаға шығады. Ол жырға бағынбайды, жыр оған бағынады. Жыр кенже батырдың хал-харекетін суреттеумен, кенжені көтермелеумен қамшының таспасындай өріліп отырады. Қан жұтып, қайғы шексе де, қуанып бақыт тапса да, жыр бастан-аяқ батыр рухының жанын жеткізумен, күрескер жолып әспеттеумен болады.

«Дотан батыр» жырлы тым ескі заманның жыры емес. Иә болмаса, ұзақ уақыт бойына тарихи, саяси, әлеуметтік себептерге байланысты, күрделі өзгерістерге ұшырап, бізге жеткен нұсқасы болуы керек. Сосын да жыр да ертегілік сюжеттермен қатар батырлық жыр үлгілері қатар жүріп отырады. Сондықтан да бізге жолай қосылған, өзгеріске ұшыраған сюжеттер оғаш көрінеді. Жырды жеткізушілер алғашында Дотан батырға қиял-ғажайптық сипат бергісі келіп, оның фантазиялық бейнесі арқылы батырлық болмысын қоюлатқысы келгенге ұқсайды. Әрине, ертегідегі ғажайып туылыу, ғажайып кейіпкерлерге ұшырау, ғажайып мақұлықтарды жеңу бәрі-бәрі батырдың да олардын қалыспайтын ғажайып болмысын аша түсетіні секілді, батырлық жырда дәл осындай шынайы өмірде жоқ елементтердің жүруі, жырдың әсерін өзгеше бедерлей түсетіні анық. Осылайша, батыр екі түрлі кеңестікке шыққанда, екі түрлі қарым-қатынасқа аяқ басады. Яғни жыр ертегіден шығып, батырлық жырға ауысқанында кенже батыр достарын «ұмытып» кетеді, ал, ертегілік кеңістікке шыққанда батырлығыннан «көз жазыңқырап» қалады. Мүмкін, «Дотан батыр» бастапқыда жыр да, ертегі де емес, бәлкім аңыз, болмаса ел аузындағы ескі әңгіменің ұшқыны болған болуы мүмкін. Олай дейтініміз, ертегілік сарындағы оқиғаларда ешқандай жаңа сюжеттің болмауы, бәрі де баяғыдан келе жатқан ертегілік мазмұнмен өріс алуы. Мысалы, жолдастарымен кездесіп танысу басқышы, олардың батырлық қызыметі, Шынтемір ханның зұлымдыққа барып, Дотан батырды сынауы дегендер «Ер Төстіктен» таза көшіріп алына салынған сюжеттер ағыны. Тіпті, Шынтемір ханның аты «Ер төстіктегі» Темір ханның есімінің төңкере салған аты болса, ал, Күнікейдің есімі туралы айтпай-ақ қойсақта болады. Өзгеше сюжеттер десек, жалмауыздың ұйықтап жатқан балаларды жұтып қоюы; жалмауыздың Дотанды жұмсауы; жалмауызды достарының өлтіруі осы үшеуі, ары қарай жалмауыздың баласы не болады ол айтылмайды. Тағы бір қиыспайтын жері Дотанның сонша алыс апарға шығуына, ешқандай кепілдіксіз жалмауыздың айтқанына көнуі еді. Жалмауыз да «ақ көңіл», не ағаларын ұстап қалған жоқ, не әпкелерін барымталаған жоқ. Ертегілер де жалмауыз бен батыр ешқашан келіспейтін сияқты еді. Бұл жырда батырдың жолға шығуы жалмауыздан қорқуы ғана. Әйтпесе қолындағы мылтығынан бажылдап қорыққан жалмауыз бен бала қалай бір байламға келе қалды, осы жағы түсініксіз.

«Дотан батыр» жырындағы кенже батырдың батырлық әрекеттері халқымыздың классикалық жырлырында көптеп кездеседі. Әшейін оқығанға ермек болсын, айтылатын сөз болсын дегендей, мақсатты түрде жазылған жырға көбірек келіңкірейді. Себебі, жыр аяқтай бере Жүсіпбек Қожа былай дейді: «Басында ертегі еді мұның өзі, осындай қып біреудің айтқан сөзі. Қисса қып, шығаруға лайық көріп, Жүсіпбектің бұ да бір салған ізі». Осы жолдардан-ақ білетініміз бұл жырды Жүсіпбек Қожа назиралық үлгіде жазды ма деген ой келеді. Негізі Жүсіпбек Қожа Шайқысламның өзі жазғанға келіңеікірейді. Себебі, Жүсіпбектің жазып-сызары бар десек, бұндай туындыны жарату оған тым ауырлық етпегені анық. Осылайша, біз өзіміздің жырға байланысты пайымымызды айтып болған секілдіміз. Кейбір кемшін тұстарын көріп тұрғасын жоқ деп айта алмадық. Жалпы жыр автор айтқандай, ертегіден батырлар жырына ауысса да, біз іздеген кенже бала бейнесіне лайықты жауап бере алды дейміз. Кенже батырдың туылу, өсіу жолдары ерекше болмаса да, ұзақ сапар барысында өзіне лайықты достарын тауып алуы, оның толық қанды батыр болуына алғы шарт болып табылады. Бұны біз жыр ертегі дейміз бе, ертегі жыр дейміз бе қалай десек те кенже бейнесін еркін көтерген, оны бәрінен артық етіп қоя білгесін, біз бұл жырды кенже бала бейнесі туралы типтік жыр үлгілерінің бірі деп ұялмай айта аламыз.

Келесі тарихи жырға көшсек. Атақты Кенесары ханның інісі Наурызбай батыр туралы жырға шолу жасап көрсек. «Наурызбай – Ханшайым» атты бұл жыр басталар кезде Наурызбай батырдың арғы тегеі туралы толғап бастайды да, негізгі кейіпкер Наурызбайға келген де, оны Қасым ханның төрт ұлының кенжесі еді деп жекелеп айта кетеді. Бізге де керегі осы кенжесі. Жыр өз дағдысынан айнымай батыр Наурызбайдың бейнесін тіктеуге көшеді. Жас болсада қас батырлық сипаттағы жас Науан қайраты бойына симай, өзінен қайраты асқан кім бар деп, бір отырыста шалқып отырып қырық жігітінен сұрайды. Қырық жігітінің біреуі Тілеуқабақ деген байдың Әли, Мұса деген екі ұлы бар екенін, байлығы мен қайраты тең тасыған, олардай бағы асқан ер көрмедім дейді. Көзінен от шашып, жалақтап жау іздеген жас Науанға бұл сөздер қамшы болып тиеді. Қандай жыр, эпос болсын батырдың сапарға шығуына, ерлік жасауына себепкер бір оқиға болу керек қой. Ертегідегі секілді белгісіз сапарға Наурызбай әуелден-ақ дайын еді. Алдыңғы жыр сияқты қиял-ғажайыптық түс алмайтын бұл жыр барынша шынайы өрбуге бейімделіп, Дотан сияқты дәулерді жинамай, жас Науан қырық жігітімен сапарға аттануға қамданады. Бірінші қадам, хан Кененің алдынан өту керек. Наурызбайды бәрінен артық көретін, оны өз қамқорлығына алған Кенесары ханға Науанның сапар шегемін дегені қатты батады. Көңілімізге қаһарлы хан болып орныққан Хан Кене осы жерде батырға ақ жол тілейтін (ертегі, эпостардағы) батагой ақсақал ретінде көрінеді. Наурызбай айтқанынан қайтпасын білгесін амалсыз ақ батасын беріп, болашақ батырдың жолына сәттілік тілейді.

Дәл осы жырдың, осы тұсын С.А.Қасқабасов былай деп түйіндейді: «Жырдың осы эпизоды екі міндет атқарып тұр. Бірі – жас батырдың үйден шығуы, яғни өз мықтылығын көрсету үшін жортуылға шығуы. Екіншісі – осы жорықта батыр өзінің қаһармандығын көрсетуі. Осының екеуі де ескі эпоста бар. Бұрынғы батыр да өзінің күшін сынау үшін немесе өзіне әйел іздеу мақсатында жолға шығады. Мұны ғылымда «үйден аттану» («отлучка из дома») дейді. Осыған сәйкес Наурызбай да үйден аттанады. Оның аттану себебі – намыстануы. Алайда, ол бірден аттанбайды, алдымен ағасынан бата алуға тиіс, әйтпесе жолы болмайды. Кенесары ағасы ә дегеннен келіспейді, әлі жассың дейді. Сөйтіп, фольклор заңына сәйкес «тыйым» салынады, ал, тыйымды бұзған кісі пәлеге ұшырайды. Осыны ескерген жыршы бұл жағдайды басқаша шешеді. Наурызбай ағасына ауыр сөз айтады. («Қатыныңша қаңтарып тізгіндейсіз, Абұйырды қимайсыз, сірә, маған»). Осыдан кейін Кенесары рұқсат береді де, Ағыбайды басшы етіп, қырық жігітті қосып, Наурызбайды жылап тұрып аттандырады. (Кенесары жырда екі-үш жерде осылай жұмсарып, көзіне жас алады, тіпті, мінәжат қылып, зарланып, еңірейді. Бұл жырдың лирикалық қырын күшейту үшін қолданылған тәрізді). Сонымен, Наурызбай үйден аттанып кетті.

Ары қарай батырды қиын сапар, ауыр жол күтіп тұр. Алғашқы қиындық Кенесары хан айытқан Үшбурыл өзенінің алапат ағыны еді. Жырда («Қырық жігіт суды көріп есі кетті, Топ-топ боп сбырласып күңкіл етті. Әркімнің бас аманы өзіне олжа, Қырылмай осы жерден қашсақ деді»). Бірақ қайраты асқан Наурызбай бұл судан өтпегеннен өлген артық деп көк бестісін ойнақтатып, суға қойып кетеді. Арқыраған ағыны қатты Үшбурылды бағындырған Науан алғашқы ерлігін осылай бастайды. Бұрынғы ертегілірмен кейбір қиял-ғажайып жырларда батыр қаскөй күштермен күресіп, ерлік сынасса, тарихи жырда ол өзгеше түс алып, асау өзен болмаса асау ат, күшті батыр сынды баламалар тапқан. Енді олар алған мақсатына бір табан жақындайды, бірінші қиын сынақ өткел бермес өзен артта қалды. Келесі қадам, ебін тауып әлгі жігіт мақтаған байдың жылқысын қуып, екі ұлының қайратын көру ғана қалады. Бірақ, осы жерден қараңғыда ән салған қыз жырға араласып, жырдың негізгі тақырыбы болған Наурызбай мен Ханшайым арасындағы өзара диалогпен бірге екеуін жіпсіз байлайтын жыр негізгі мақсаты ортаға шығады.

Ары қарай жыр өз арнасымен жылқы қууға көшеді. Қыздың айтуы бойынша байдың қалың жылқысын дүркіретіп, өзеннен өтер жер тоғыз аралға қарай қуа жөнеледі. Артынан қуғыншы болып шыққан, бағанғы жігіт мақтаған Әли мен Мұсаны қолының үшын да көтермей, балтасының қырымен әшейін қағып бастарын жарып, атынан аударып алады. Осы жерден Ханшайым оқиғаға қайта араласып, Науан айдап бара жатқан әулетінің бар жылқысын айырып алмақ мақсатында, батырды сөзбен тұқыртып, хан тұқымы болсаң қатынға ұқсап түнде қашпай, мықты болсаң күніз ашық айқаста жеңіп алып қайт дегенді айтады. Науанда қара көк тұқымы ғой, жылқысын айырып алар ер болса айқасуға келсін деп Ханшайыммен келісіп, үш күн күтпек болып қала береді.

Жыр барысында Наурызбайдың ерлігімен қатар мәрттігі де жүреді. Ол қанша алып батыр болса да, сөзге тоқтап, әйел заты болса да сөз жүйесін тапқан Ханшаймның бір емес бірнеше рет сөзіне жығылады. Ханзадалығын малға сатпастан тектілік танытып, өз биігін сақтап қалады. Кейін осы ісін Кенесарыға мәлім еткенде дұрыс істегенін айтып алқайды. Ал Науанның тектілігі әлденеше жерде көрініп жатады. Мысалға: «Ақ сұйек ханзаданың тұқымы ғой, Бір ауыз Ханшайымға үндемеді»,-дейді. Тілеуқабақ байдың жылқысын айдап кеткелі жатқанда Ханшайымға жылқы ішіндегі торы атыңды өзің ұстап ал деп ертіп келе жатқандағы Наурызбайдың мінезі еді бұл. Яғни Ханшайымдай сұлудың жанында келе жатып орынсыз қылжақтан аулақ болып, ұстамдылық еткендегісі еді.

Ханшайымның алғашық тоқтам сөзінен кейін, жылқыларды арашалауға іздеп келер жан болмасын сезіп енді аттанып бара жатқанда, қасына ерткен Жолдасы бар Ханшайымды көреді. Науанның қайратына қарсы тұрар ешкім болмай, жылқыны батырдан айырып қалуға сауға сұрап қызыдың өзі келген кезі де: «Жылқыңды берер болсаң, бүтін бергін, Үміт қып, хан ұлы деп іздеп келдім. Есептеп әділдікпен бергеніңше, Мені де қосып алып жүре бергін»- деп Науанды екінші мәрте сөзден ұтып жылқысын қайырып алады. Бірақ, әуел баста уәделескен уәделері енді шынайы қыз-жігіт арасындағы уәде ауысып, Наурызбай қайта айналып келіп алмақ болып, Ханшайым күтуге ниет білдіріп айырылсады. Аталмыш жыр осылай дами келе Алшын, Жаппас Науанды күйеу бала ретінде қабылдап аттандырады. Бейне Төлеген сияқты Шектіні шабамын деп барып күйеу бала болып қайытқандай әсер қалдырады. Біздің кенже батыр Науанда сондай жағдайда хан ордасына қайтады.

Жырдың негізгі тұлғасына айналған Науанның ерліктерін азғандай бөлектерін ғана суреттесе де, суреттеп берсе де, Наурызбайдың батырлық бейнесін ертегі мен эпостағыдай көп қиындыққа салып, не бір алып мақұлықтармен күрестірмес де, жырда Науан әрі батыр әрі әділ төреші ретінде көрінеді. Батырлық бейнесін сомдауда жесірін жоқтап келген қалың таманы алып бітісімен сескендіреді. Тіпті, Әли мен Мұсаны ұрып жыққаннан кейін былайғы алышн, жаппас жұрты батырдың айбаты мен қайратынан ыққанынан жылқы үшін бастарын бәйгеге тігетін азамат шықпай, масқара болғанда Ханшайым әкесінен бата алып өзі аттанады. Осы сюжеттер арқылы, батыр бейнесінің батырға лайық екендігін, оның жан баласынан қорықпайтын жау жүректілігін толық ашып береді. Әрі батыр, әрі ақылды, өзі мәрт, кезі келсе әділ төрелік айта білетін шешімімен жұртты риза ететін ғаділеттілігі де болды. Жалпы, жырда Наурызбайды мінсіз тұлға, хан сүйекті бітімін зорлап таңбайды. Сөйлесуге келген адам болса сөйлесіп, белдесуге келген адам болса белдесіп, өзіне теңдесетін жан жоқ екенін бір емес, бір неше жерде дәлелдейді. Жас Науан хан Кененің құзырындағы адам болса да, бұрын біреуге барып, бір жерде билік айтып көрмесе де, Кенесары жоқ жерде нағыз ханзадалық қалпынан бір айнымайды. Ол ерекшелігі әсіресе той үстінде көп көрінеді. Жоғарыда айттық тамалар мен алшын, жаппастарды Ханшайымға төлеген қалың малына бола туындайын деп тұрған керістің алдын алып, керемет жомартығы мен мәрттігі арқасында екі жақты да риза-хош етеді. Және сақау ақын қыз Толбаланың қорлығына шыдамаған қырық жолдасының тілегін орындап, халықты жиып Қасым мен Толбаланың некесін өздерінің некесімен бірге қиып береді. Кенже баланы осылай әспеттеу ежелден қалыптасқан фольклорлық сарын десек, Науан батыр бейнесін көтермелеу бір жағы үйреншікті ертегілік сипат беру болса, бір жағы көпшілік тыңдарман мен оқырманның назарын Науанға аудару тәсілі болып табылды. Бұның бәрі жырдың тарихи ерекшеліктеріне барып тірелетіні ақиқат.

Осылай жыр жалғасын тауып, еліне қайтып келген Науан барлық жайды ағасы Кенесарыға айтып береді. Оның бұл шешімін құп көрген Хан Кене ұлан-асыр той жасап, бауыры үшін шын қуанады. Жырда Хан Кене жасаған той мен Наурызбайдың қайын жұртына барып жасаған тойда өткізілген ырым-салттар, қайын жұртқа барғанда күйеу бала өтейтін кәделері, сый-сияпаттар, қай-қайсысын айтыңыз, бәрі тұнып тұрған ғұрыптық фольклордың түп нұсқа түрі. Осы жерін автор кең қамытып, асықпай әспеттеп қазақ тойында болатын жамбы ату, палуандар күресі, ат бәйгесі, ақындар айтысы бәрін керемет суреттеп кеткен. Ал, той үстіндегі Науанның болмыс-бітімі қалай десеңіздерші, оның нағыз ханзадай өзін ұстауы, ел ұстаған еркелер мен серкелерге жасаған қарым-қатынасы, ханның ұлы ретінде көрсеткен бекзадалығы бәрі өзіне жарасып, хан баласы атына сай тектілік таныта білгендігі еді. Тыңдаушыға Науан ер екі иығын жұлып жеген тентек батыр емес, әр нәрсені пайымдап, тереңіне көз жібере алатын сұңғыла ретінде көрініс табады.

Жалыпы жырдың өн-бойын Науанның мысы басып тұрады. Жыр бастала бере жасы он жетіге енді келген, қайраты асып-тасқан жас Наурызбайдың өзіне тең келер жан таппай алас ұрған бейнесінен, батырлық өктемдігі білінеді. Қорқыуды, қаймығуды білмейді. Алдында от тұрса отқа, су тұрса суға түсуге дайын. Келесі де батыр өзінің батырлығын дәлелдеу керек. Енді алатын жау жоқ болса да, қуатын жылқы бар. Жылқы алғалы бара жатқан кезде Наурызбайдың алғаш өктемдігі қырық жігітін судан өткізген тұста көрінеді. Қашуды ойлаған жігіттерге өзеннің ағысы емес, Науанның қаһры қатты тиеді. Өзеннің ағы жағында тұрып айғайлаған батырдың сесіне шыдамай жігіттерде суға қойып кетеді. Келесі де Әли мен Мұсаның басын жарып, жылқысын тартып алып, алшын мен жаппасқа үш күн мұрсат бергенін де, екі рулы елден жас батырға қарсы келер ешкім шықпай, әркім қара басының қамымен болатын кезі еді. Үшіншісін де Науан Ханшайымды алғалы келе жатып, ағасы хан Кене берген алтын шатырын Үшбурыл көлдің жағасына тігіп, өзінің салтанатын құрып жатқан кезінде, қайын жұртынан келген хабаршылар Науанның қаршыға құстырғанын көріп, келгендеріне өкінген жерінде де батырдың әуелгі десінің басып тұрғандығы еді. Төртіншісін де, сүйген жары Ханшайымға байланысты барша тамаға сәлем айтып, келіссе келіп бітімін алсын, келіспесе тұрысатын жерін айтсын деп, елдесуден де, жауласудан да кет ары емес екенін ескертіп, Ханшайымға араша түседі. Ал, жырда тамалардың Науанды көрген жерін былай келтіреді: «Науанның бой сипатын көргеннен соң, Қысылып тама халқы жаман састы»- дейді. Жыр осындай ұсақ-ұсақ детальдарды молайту арқылы Наурызбайдың жырдыағы салмағын асыра түскен. Наурызбай әрі хан інісі сұлтан, әрі батыр. Ол қараша халыққа қалай болғанда да әмірін жүргізе білді. Кейде батырлығымен қорқытса, кейде ханзадалығымен қаймықтырды. Осылай өзінің ұпайын оңай жинап, қаһармандық мәртебесін мақтанышпен атқарып шықты. Академик Сейіт Қасқабасовтың пайымдауынша «Наурызбай-Ханшайым» жыры – сөз өнеріне жататын көркем шығарма. Оның образдар жүйесі, тіл кестесі, көркемдеуіш құралдары мен бейнелеуіш амал-тәсілдері жалпы фольклор поэтикасының аясында қалыптасқан. Сол себепті тарихи адамдардың бейнесі, олардың мінезі, іс-қимылдары фольклорлық қалыпта бейнеленеді, халықтың этикалық, эстетикалық ұғымына, түсінігіне және талап-тілегіне сай суреттеледі. Соған байланысты кейіпкерлер дәріптеледі, мінсіз адамдар болып көрсетіледі. Осындай кейіпте, әсіресе, Кенесары, Наурызбай және ойдан қосылған Қаншайым, Әли, Мұса, Күлнарайым, Толбала, т.б. бейнеленеді.

Осылайша жырда Науан батырлығымен Ханшайымның екі ағасын састырып, ақыл-парасатымен қалың таманы ықтырып, сүйгеніне қол жеткізіп, хан ағасы Кенесарыға берген уәдесі бойыншы ордаға келеді. Орда да ұлан асыр той болып, игі тілектің жаршысы Кенесары хан келіні Ханшайымның дидарын көріп, ризалықтан ақ батасын берген сәтте көзі тиіп, жас келін ауыра бастайды. Не керек, жырда Кенесарының назары қатты еді деп қасиет беріліп, енді ғана босаға аттаған хас сұлу Ханшайымға сұғы тиіп, мезгілсіз қайтыс болады. Жырдың негізі бөлегі осы жерден тамамдалады. Жыр соңын трагедиямен аяқтату да, өзіндік бір көркем шешім болып табылады. Арманға жеттік-ау деген үміттерді пышақпен кескендей үзетін бұл сюжет, оқырманның да ішіне, әттең деп өкініш отын ұялатып кетеді. Енді, батырда қайғылы, оқырманда бәсең. Бұл эпикалық шығармалардың сарынына мүлде қайшы шешім болып, елін-жерін қорғаған батыр жарымен қауышып, жыр соңын дерліктей бақытқа жеткізіп, тамамдап отыратын классикалық үлгіден басқаша «Қыз Жібек», «Қозы-Көрпеш – Баян сұлу» сыныды лиро-эпостың ізімен өз шешімін қабылдайды. Яғни, екі ғашықтың бірі мерт болды. Жалпы жыр соңының шешімі бізге ондай таңсық емес, тек ертегі сынды елестейтін ежелгі ғашықтар жырынан өзгешелігі, кейіпкері күні кеше ғана өмір сүрген хан Кененің інісі Наурызбайдың басындағы тағдыр тауқыметі, махаббат трагедиясы, шындыққа жақын іспетті қабылданады да, былайғы оқырман қауымға да ауыр тиіп жатады. Сейіт Асқарұлының айтқанындай «Наурызбай-Ханшайым» жыры – фольклорлық қалыптан ауытқып, сөз өнеріне жататын көркем шығармаға айналып шыға келеді.

Осы жырдың да жазылу-сызылуына Жүсіпбек Қожа Шайқысламның тікелей араласқаны, жырдың мақамынан, стильдік ерекшелігінен айқын көрінеді. Алдыңғы «Дотан батыр» жырына да екі түрлі ертегілік пен батырлыр жырының араласып келуі менмұндалап тұса, осы жырды батырлық сюжет пен ғашықтық жырдың араласып келуі ерекшелендіріп тұрады. Ханшайым бейнесі – әрине батырға лайық жар болып, әуел бастан Нарызбайға кездескен жерден өзінің алғырлығын, ақылдылығын көрсете біледі. Науанды хан баласы екенін білген соң, бірден ханзадаға лайықсыз түн қатып жүргенің қалай деген сауалдарды тасатай келе, Науанның бекзадалығына мін тағып, бетіне басады. Бір бұл емес Ханшайым әлде неше рет Науанға жүйелі сөз айтып, еркектер істей алмаған ерлікті бір өзі көтереді. Бір емес екі рет әулетінің намысын қорғап, батырға лайық жар екенін дәлелдейді. Осындай мінсіз арудың орынды сөзі мен іс-әрекеті жас Науанның жүрегін жаулайды. Ендігі жерде оған жылқы емес, Ханшайым арман болады. Осылай батырдың жолына тұрған ақылды қыз Науанды өзінің теңі санап, әуелден іздеген жарына кездескенін алғаш анықтап сезінеді. Сол себепті де Науаннан қаймықпай сауға сұрап, келесіде бүкіл жылқысын алып, жас батырмен серттесіп ел-жұртына келеді. Бұл жерде келісуіміз керек, қыз өзі ұнатпаса Науанға жылқының жөнін айтпас еді. Науан екеу ара қағытпа кездің өзінде батырдың асыл текті хан тұқымына лайық мінезі мен сөз саптасынан оның әдеттегі жан емес екенін аңғарады. Осы жерден қыздың батырға кет ары емес екенін көреміз. Мысалға қызыдың: «Сенбісің даңқы шыққан Науан батыр» деген ілтипатты сөздерінен-ақ «жұрт жақтаған жігітті, қыз жақтаған» болып шыға келеді. Бұл жырды ойдан құраған десек те, шығарушы өмірдің шындығын бұзып ештеме айтпаған, тіпті: «Алла яр, тақсыр, мені сөкпе, төрем, Берсекте сегіз жүз қыз, көп пе, төрем?! Арман жоқ Кіші жүзде бір қызбенен, Жеткен соң қолы сіздей бекке, төрем»?- дейтін таманың сөзі, сол замандағы төре тұқымы, хан ұлына деген ерекше ықыластың бейнесі. Ел ағасының өз осындай иілген жанға қыз қалай иілмесін. Шығарманың шындығын айтар болсақ, қыз өзі Науанды бірінші болып уәдеге шақырады. Қызға берген уәдесіне тайқып шығу Науанның ең бірінші еркектік намысына тиеді. Сосын хан тұқымы сынды бет-беделіне тіреледі. Осылай батырды қайта-қайта жануы ақыры Науанның қызды тануына жеткізеді. Бұл жерде жыр шығарушы әрине мақсатты түрде қыздың артықшлығын жеткізуге тырысады, өйткені қыз батырдың болашақ жары статусына еге болуы үшін де жыр барысында бірдеме істеу керек қой. Бұл тұрғыдан Ханшайым баяғы батырлардың жары Құртқа, Ақжүніс, Кенжекей сынды арулардан бір мысқал да кем емес болып шығады. Осылайша қас батырға лайық жар дайын болады.

Бірақ, осы идеял қалыңдық басқа эпостағы арулардай соңына дейінжете алмай, мәреге жақындаған да кенет қаза табады. Оны неге олай трагедияға ұшыратқаны бізге мәлімсіз. Бізге мәлім болғаны жырдың соңын қысқартқысы келді ме әлде Сейіт Асқарұлы айтқандай өзіндік көркем шешім тапқаны ма денген қортындлы жасай аламыз. Осы жерден эпостық жыр соңы трагедиямен аяқтайтын жоғарыда айтып кеткен лирикалық-ғашықтық жырға ауысады. Ертедегі кісіні желпіндіріп соңын зор бақыт пен аяқтайтын жырдың кейіпкерлері қалай алаңсыз болса, тыңдармандарын да алаңсыз, жүзі жайнап тыңдары сөзсіз. Ал трагедия қашан да ауыр болып келетінін ескертсек, соңында кейіпкерлер қалай қан жұтып қалса, оқыған, тыңдаған жандар да бей-жай қала алмайды. Наурызбай біз іздеген, кейігі әдебиетте кездесетін нағыз идеял бола алатын кенже батырлардың бірі. Наурызбайдың шынайы өмірде онсыз да бағасы жоғары. Онысы хан тұқымы болғандығынан емес, халқының есінен кетпес ерліктерімен бағалы. Кенесарының патша үкіметіне қарсы шыққан ұлт-аззаттық көтерілісінің атақты сарбазы болғанымен бағалы. Сол батырдың көркем дүниеге айналған жастық шағының өзінде Науанның бағы үстем, әр қимылынан, әр сөзіне тектілік пен бекзаттық аңқып, әдебиетімізде де «Наурызбай-Ханшайым» деп атын қалдырып отыр.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Көп оқылғандар