Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Камал Әлпейісова. Алтын көрген періште

18.10.2020 995

Камал Әлпейісова. Алтын көрген періште

(әңгіме)

Адамның ойына бір нәрсе келсе немесе әлденеге іштей бел буса, сол сәттен бастап ол күні-түні естен шықпай алаңдата береді екен-ау. Әлима осыған аң-таң. Ешкімге айтпаған бір ойы, ешкіммен бөліспеген бір жоспары... ызыңдаған шыбындай мазасын алып, ойынан шықпай қойғанына бірталай уақыт болды.

Шынын айтқанда, ол біреумен бөлісе қоятындай жақсы жоспар да емес еді... Алғашында, есіне түсіп кеткен кезде денесі дір-р ете қалып, аза бойы қаза болып, шошынатын. Жылмаңдаған арам ойдан тезірек құтылғысы келіп, көңілін басқа нәрселерге аударып, көшенің шуылына, адамдардың абыр-дабырына құлақ түріп, далбасалайтын. Бірақ, не сиқыры барын кім білген, қанша құтылмақшы болып әуре-сарсаңға түссе де ұры ой жылмаңдап, соңынан бір қалмай-ақ қойғаны...

Ақыры жеңіп тынды. Берілмеймін, ақыл-есімді билетпеймін деп қанша тірескенімен, о, ғажап, орынсыз ойына Әлиманың бірте-бірте бойы үйрене бастаған сияқты. Тіпті, осы бір ойының, пиғылының жаман екенін біле тұра, бұрынғысынша одан құтылудың амалын ойлап, қажып, шаршамайтын күйге де жетті. Рас, әлі де болса санасының сона-ау түкпірінде жылт ете түсетін ұры ойынан қуыстанып, көп ішінде тұрса, «ешкім сезіп қоймады ма екен?» дегендей, жан-жағына қарағыштап, бұған мән беріп жатқан еш пенденің жоқтығына көзі жеткенде барып «уһ!» деп дем алады.

Осылайша, бұрын-соңды біреудің ала жібін аттамаған, тіршіліктің қат-қабат қатпарының тек жақсы жақтарын ғана көріп, өзі де өмірге тұп-тұнық жанармен қарайтын жасөспірім қыз Әлима санасына әйтеуір бір саңылау тауып кіріп, әлсіз, қорғансыз болмысын жайлап алған жымысқы ойдың тегеурінді екпініне төтеп бере алмай, тұтқындалды да қалды. Құтылмақшы болып қаншама тырысқанымен, бәрібір санасынан сыпырып алып тастай алмайтынына көзі жетті. Алып тастау қайда, тіпті... сол ойының жетегіне еріп... біраз жерге «барып қайтатынды» шығарды. Оңаша қалса болды, сол бір жосықсыз жоспары деміл-деміл есіне түсіп, кейде оны ойша өрбітіп отырғанын өзі де байқамай қалатын. Жоспарын жүзеге асырса, өмірі өзгеріп шыға келетіндей қиялдайтынын қайтерсің...

Бірақ, бірақ... ол жоспарын іске асырсын... жолы болса бір сәрі... Ал болмаса ше? Сонда оның ақыры не болмақ? Әкесінің басындағы күн бұған да тумай ма? Сұмдықтың көкесі сол емес пе? Ойын арбап, бойын билеп алған жоспарын орындауға бел буып, бірден кірісіп кетуден Әлиманы әзірше тоқтатып тұрған да – осы ой.

... Маскүнемдікке салынған әкесі бұл дүниенің бар қызығын бір ұрттам араққа сатып жіберетіндей бейшара халге жеткеніне балауса қыз Әлима намыстанып, қарадай жерге кіре жаздайтын. Бірнеше рет әкесін қолынан тартып, қолтығынан сүйеп жүріп, үйіне дейін сүйрелеп жеткізген. Бірақ соның бәрінде де көкейін бір-ақ нәрсе тескен әкесі іздегені үйден табылмайтынын біліп, далаға қашатын.

Содан соң жолдастарымен бірге келе жатқанда көшеде бұлғаңдап жүрген әкесін көре қалса, көрмегендей түр танытып өте шығудан басқа Әлиманың амалы қалмаған. Анасының жалынғанын да, туыстарының бірде ақылмен, бірде ашумен айтқан сөздерін де мәңгіріп отырып тыңдайтын әкесінен көңілі әбден қалып, іштей күдер үзген бала көңіл әлдебір жамандықты сезгендей алаңдап жүрген. Сезімі алдамапты. Бір күні ауыл шу ете түсті – арақ сатып алатын ақша іздеп, әкесі іргелес көршісінің үйіне ұрлыққа түсіпті.

Әкесінің айдың, күннің аманында, тамақтан тарығып емес, араққа салынып құдайы көршісінің үйіне ұрлыққа түскені туыс-туған, бала-шағасы үшін ауыр соққы болды. Әлима намыстанып, бірнеше күн сабағына бармай қойған сонда. Тіпті мектепті, үйін, бәрін-бәрін тастап, беті ауған жаққа кетіп қалғысы келген. Бірақ қайда барады? Інісі де балалардан «әкең – ұры» деген сөз естіп, бірнеше рет көшеден жылап келді. Бірақ, бәрінен де анасына қиын болғанын, оның бүкіл арманы күйреп, барлық үміті өшкенін Әлима көп кейін түсінді.

Анасы сот залында көзімен жер шұқып, басын көтере алмай отырған. Содан соң аула сыртына шыға қалса, ту сыртынан айтылатын сыбыр-сыбыр әңгімеден қорғалақтап, көшеге аттап баспай қойды. Дүкеннен ұсақ-түйек зат алу керек болса, «менің қолым тимей жатыр» деп, қолына тиын-тебенін ұстатып, Әлиманы жібереді. Сонда қолы тимейтіндей ештеңе істеп те жатқан жоқ. Шындығында істемейді емес, бірдеңені бастайды да, әлдебір ойдың жетегіне еріп, бастаған шаруасын ұмытып кетеді. Әлима қасына келіп: «Апа, не істеп отырсыз?» дегенде, «а-аһ?» деп селт ете түседі.

Осылайша күн өткен сайын бұйығылана түсіп, түсініксіз күй кешкен анасы көп ұзамай белгісіз бір дертке ұшырап, төсек тартып жатып қалды. Көңілін сұрап келген көрші-қолаңның алдында төменшіктеп, бәрінің алдында айыпты сияқты ауылдастарының беттеріне қарауға дәті шыдамаған арлы әйелдің жан күйзелісінен көз жұмғанын ауылдастары сезсе де бір-біріне ләм-мим дескен жоқ. Бәлкім, көбінің осы қаза арқылы «арым – жанымның садағасы» деген сөздің мағынасын түсінгендіктерінен болар...

Ағайынның қолкөмегі мен сөзкөмегі ұзаққа созылған жоқ – марқұмның қырқы өте салысымен келушілер бірте-бірте азайып, ақыры сап тыйылған соң өз күндерін өздері көруі керектігін ұққан балалардың үлкені Әлима жұмыс іздеуге шықты. Міне, содан бері жаутаңдап қалған іні-сіңлілерін асырап-бағу – өзінің де қабырғасы қатпаған Әлиманың мойнында.

Өзі қатарлы қыздар қылтиып бой түзеп, бозбалалар туралы сыбырласып сыр айта бастаған шақта тағдыр қамытын мойнына салған балауса қыз көше сыпырды, ветеринарлық емхананы күзетті, жұмысшылар асханасында ыдыс-аяқ жуды, пошташыға хат тасуға көмектесті... Суыққа тоңып, ыстыққа күйіп жүріп істеген жұмыстарында тұрақтай алмауында елгезек, тиянақты Әлиманың еш кінәсі жоқ-ты, ол – қоғамды құрсауына алған дағдарыс жұмыссыз қалдырған көптің бірі ғана еді.

Қазіргі жұмысына кездейсоқ келді. Пошташыға хат тасуға көмектесіп жүргенінде бір үйге келген шұғыл жеделхатты апаратын адам табылмай қалып, бастық Әлиманы жұмсады. Тілдей қағаздың бір үйге жайсыз хабар әкелгенін біліп, алға басқан аяғы кері кетіп, амалсыз келген Әлима есік қоңырауын жүрексіне басты. Ар жақтан «қазір, қазір» деген жарқын дауыс шығып, іле біреудің асыға басып келе жатқаны естілгенде, өзінің қандай тапсырмамен келіп тұрғанын, енді не болатынын ойлап, жүрегі дүрсілдеп кетті.

Сол кезде іш жақтан сырт-сырт еткен дыбыстар естіліп, іле есік ашылды да кішкентай баласын көтерген әдемі келіншек Әлимаға таңырқай қарап: «Саған не керек, сіңлім?» деп сұрады. Жеделхатты үнсіз ұсына беріп, әлі қайғысынан арылмаған, жүрегіндегі жарасы әлі жазылмаған Әлима өксіп жылап жіберді. Шошынып, түрі бұзылып кеткен келіншек қағаздағы жазуға көзі түскенде ышқына дауыстап, еңіреп жылап қоя берді. Көтеріп тұрған баласы да шешесіне қарап, шыр ете түсті.

Әлима не істерін білмей, баласын бауырына басып ағыл-тегіл жылаған келіншектің қасында состиып тұра берді.

Келіншек солығын басып, орнынан көтерілгенде жеделхат әкелген қыздың да көзін сүрткіштеп, әлі қасында тұрғанын көріп, жап-жас болса да жөн біліп, жылаған кезінде жалғыз қалдырып кетпегеніне іші жылып қалды. «Енді қайттым? Билет алуым керек қой... Баланы кімге қалдырамын?» деп ойы сан-саққа жүгіріп, жаны қысылғанда тап қазір өзіне аяй қарап, мұрнын пыш-пыш тартып тұрған қыздан артық көмектесер адамды таппасын түсінді.

- Қалқам, сіңлім, мен үйде жалғыз едім. Күйеуім іссапардан бүгін кешке оралады... Мен билетке барып келгенше үйде баламның қасында отыра тұрасың ба?

Әлима басын изеді.

Сол оқиғадан кейін ол Перизат пен Жалғастың үйінде қалып қойды. Алғашында әкесінің мезгілсіз қазасынан кейін өз-өзіне келе алмай қойған келіншегіне үй шаруасына көмектессін деп үлкен қызмет істейтін Жалғас пошта бастығымен келісіп, Әлиманы бірнеше күнге сұрап алған. Келісімді уақыт өткен кезде үй шаруасына зыр жүгіріп көмектесіп, кішкентай Жандосты ойнату, далаға шығарып қыдыртуды өз міндетіне алған Әлимадан Перизаттың айрылғысы келмей қалды. Қаршадайынан тағдыр тауқыметі басына түскен жас қыздың өз үйінде жүрген күндерде өңіне қан жүгіріп, көзіндегі мұң тарай бастағанын байқаған Жалғас та оны қара суықта дірдектетіп пошта тасуға жіберуге аяп жүрген. Келіншегімен ақылдасып, «бір амалын табармыз, әзірше үйде жүре берсін» деп шешті де, жұмысынан мүлде шығартып алды.

Әлима үй қызметшісі деген аты болғанымен, осы үйдің өз адамындай болып кетті. Күніұзаққа Перизатқа үй шаруасына көмектесіп, кешкісін нан мен сүт, сары май мен шұжық, кейде сыр мен жұмыртқа немесе кәмпит-печенье салынған дорбасын мықшия көтеріп, үйіне қайтады. Ал екі-үш аптада бір рет ет, картоп, макарон сияқты азық-түліктерді Әлиманың үйіне жеткізіп тұруды Жалғас ағасы жүргізушісіне тапсырып қойған. Содан бері Әлиманың іні-сіңлілері де мәз, үй ішінің ұсақ-түйек жұмысынан қолы босаған Перизат та риза. Құрбыларымен бір сәт бой жазуға жарап қалған ол анда-санда театрға, концертке, тіпті, саунаға баратын болды. Кейде құрбыларын үйге шақырып, қонақасы беретін.

Сондай қонақасылардың бірінде Перизат Жалғастың өзіне таяуда алып берген әшекей бұйымдарын құрбыларына мақтана көрсеткен. Келіншектер аһ ұрып, таңдайларын қағып, біресе алқасын, біресе білезігін, біресе сырғасы мен жүзіктерін тағып көріп, біраз шуылдасты. Және де, әшекейді қай әйел тақса да, әлдебір сиқыр әсер еткендей бірден өзгеріп, сұлуланып, асқақтап шыға келетінін байқады Әлима.

Қыз емес пе, әдемі әшекейлерге дастарханды жинастырып жүрген Әлиманың да көзі түскен. Бірақ оның назарын аударған жұрттың бәрі тамашалап жатқан бұйымдар емес, көгілдір тастары жарыққа шағылысып, мың құбылып жатқан жүзік еді. Жанарын арбаған жүзікті қолына бір ұстап көргісі келіп, отырғандарға тақап келгенін байқамай да қалды. Аузы ашылып, көзі көгілдір тасты жүзікті тесіп бара жатқан Әлимаға күлімсірей қарап, Перизат еркелете тіл қатты:

- Қалай, Әлимаш, ұнай ма саған?

Әлима басын изеді.

- Саған қайсысы ұнайды? Қане, қолыңа тағып көрші...

Әлима көз жауын алған жүзікке қолын созды: «Міне, мынау...»

Әйелдер шу ете қалды: «У-у-у, қарашы өзін!», «Губа - не дура!», «Қазіргі жастар біз сияқты емес, олардың талғамы басқа...»

Саусағына салған жүзік орнатылған тастардың салмағы басып, төмен қарай айналып кетті. Әйелдер ду күлді. Перизат мұны өзіне тарта құшақтап: «Ештеңе етпейді, кейін өскеніңде сенің де саусағыңа жүзіктер дәл келетін болады, - деді күлімдеп. – Ерте-е-ең сені ұзатқанда саусағыңа шап-шақ жүзік сатып әперемін. Мынадан он есе әдемісін өзің таңдап тағатын боласың әлі. Ал бүгін үйіңе ертерек қайта бер, біз әлі біраз отыратын шығармыз. Ыдыс-аяқты қалдыра сал, өзім жинаймын.»

Жол бойы Әлиманың көз алдынан күн сәулесіне шағылысып, мың құбылған жүзік кетпей қойды.

Сол күні түсінде көгілдір тасты жүзікті саусағына салып жүр екен... Үстіне киген көйлегі де жүзік түстес көгілдір сияқты... жеп-жеңіл етегі көлбең қағып сыныптас балалардың алдында билеп жүр екен дейді... Балалардың барлығы бір ғажайып көргендей аңтарылып, ауыздарын ашып қалғанын байқап, бұл одан сайын үйіріліп, шыркөбелек айналып жүр... айналып жүр...

Оянғанда соның бәрі түс болғанына іші удай ашыды.

Келесі күні Перизат бір шаруаларымен сыртқа шығып кеткенде алтын бұйымдар салынған қобдишаны ашып, көгілдір тасты жүзікті қолына тағы да тағып көрді. Бұл жолы ол соншалықты үлкен де емес сияқты көрінді, саусағы сәл толысса, дұп-дұрыс болайын деп тұр екен. Әп-әдемі болып, саусағына жараса кеткені сонша, Әлима жүзікті әзер шешті. Қобдишаны орнына қойған соң да, бірдеңесін жоғалтып алғандай сол бөлмеге қайта-қайта кіргісі келіп, күнұзаққа өзімен өзі арпалысумен болды.

Содан бері көз арбаған көгілдір жүзік күндіз Әлиманың есінен, түнде түсінен кетпей қойды. Бұл бойжеткенше, тұрмысқа шыққанша қашан? Ал жүзікті дәл қазір тағар ма еді, шіркін! Кеше өз көзімен көргендей, жүзік таққан кезде бұл да Перизат тәтесінің құрбыларындай сұлуланып кететін шығар-ақ! Сонда мұның онсыз да жүдеу түріне жараспайтын қонымсыз киіміне менсінбей қарайтын құрбыларына бұл да немқұрайлы көз тастап, бойын асқақ ұстап жүрер еді-ау!

Әлиманың қиялын бір дауыс бұзды. Алғашында анасы екен деп қалған, сөйтсе өзінің ішкі даусы екен.

«Бірақ оны қалай аласың? Ұрлап па? Сосын Перизат тәтенің бетіне қалай қарайсың? Жо-жоқ, болмайды. Болмайды ұрлауға!»

Ішкі даусы зілді еді. Қарсы сөзді қабылдамайтынын білдіріп үзілді-кесілді айтып, Әлиманы тоқтатып тастады. Бірақ сәлден кейін, екінші бір дауыс, бағанағы тәтті елестердің әсерінен әлі арылмаған алып-ұшпа көңілдің даусы, қорғаншақ үнмен, толып жатқан дәлелдер келтіріп, жаңағы зілді дауысқа бәсең қарсылық танытты:

«Неге ұрлап аласың? Жай ғана аласың ғой. Уақытша. Ол тіпті сенің алғаныңды білмей де қалуы мүмкін. Алып, бірнеше күн тағасың да, қайтадан орнына қоясың. Бұл ұрлық емес қой. Бар болғаны бір-екі күнге ала тұрасың. Сосын білдірмей ғана орнына қоясың.»

«Рұқсатсыз алғаның – ұрлағаның. Ұрлық жасауға болмайды!»

«Мүлде алатын болса ғана ұрлық дейді. Ал сен қайтадан орнына қоясың ғой. Оның несі ұрлық? Есесіне барлық мақтаншақ қыздардың іштері жарылып кететін шығар. Өздерінше сені менсінбеуші еді, енді келіп саған жалынып «ой, Әлима, жүзігіңді бере тұршы, тағып көрейінші» деп сұрайтын шығар...»

«Шындығында, сені көздеріне ілмейтіндердің іштері бір күйер еді. Шіркін, жалынып, мәймөңкелеп сөйлегендерін ұлдар да көрсе ғой...» деп тосыннан тағы бір дауыс қосылды.

«Көрмей ше? Көреді. Тіпті, «Саусағыңа қалай жарасып тұр! Қолың қандай әдемі!» деп сұқтанатын шығар...» деп қолпаштап қойды тосын дауыс.

Сосын мұның бір шешімге келе алмай отырғанын сезгендей «Марат та көрсе, «жүзігің қандай әдемі, бүгін өзің де ерекше құлпырып кетіпсің ғой, жүр, үйге бірге қайтайық» десе...» деді сыбырлай...

Маратты ойлағанда Әлиманың балапан жүрегі шым ете қалды. Марат – сыныптағы ең әдемі бала болатын. Тіпті мектептегі... әлемдегі... ең әдемі бала сол сияқты көрінетін Әлимаға. Толқынданған шашын қайыра тарап жүретін, мұғалімдердің мақтанышы, өзі құралпы қыздардың жүрегін лүп-лүп соқтырған сүйкімді Марат өзіне жәудіреп көп қарайтын бұған көз қиығын да салмастан, қасынан маңғаздана өте шығатын еді. Енді, міне, жүзіктің адамды сұлуландырып жіберетін ғажайып күші оған да әсер етіп, әшейінде көзіне ілмейтін қызға өзі иіліп тұрғанын қарашы...

Әлима тағы да қиялының жетегіне еріп, түсетін аялдамасынан өтіп кетіпті. Дорбасының ауырлығын енді ғана сезінді. Зілдей дорбасын әзер көтеріп келе жатып, о, ғажап, «не сала берген сонша?» деп Перизатқа жыны келді. Әшейінде ол дорбасына тәтті-дәмдіні сала бастағанда іші елжіреп, құшақтап сүйгісі кеп кететін. Қазір жүрегі ол сезімнен жұрдай. «Неменеге тықпалай береді біз аштан өлейін деп жатқандай?» деп ойлады қақпадан кіре беріп. Есік алдында ойнап жүрген інісі мен сіңлісі дорбасына бас салғанда да ашулы ойынан қайтқан жоқ. Сол ашуымен тәуекелге бел буды. Ұйқыға да «Қалайда алу керек жүзікті» деген оймен жатты...

...Міне, ойын жүзеге асырудың сәті де түскен сияқты... Әлима сол үйде қонатын сыңайлы. Жалғас ағасы жоқ, сірә, іссапарға кеткен-ау... Өзіне салынған жұп-жұмсақ төсектің неліктен соншалықты жайсыз екендігіне түсінбей-ақ қойды. Ұйқысы келер емес. Төсегінде әрі-бері аунақшып, ақыры көптен құрған жоспарын жүзеге асыру үшін аяғының ұшымен басып, дәлізге шықты. Перизат залда, телевизордың алдында ұйықтап қалыпты. Мұнысы жақсы болды, өйткені қобдиша олардың жатын бөлмесінде ғой. Сәл тұрды да, демін ішіне тартып, дәлізге шықты.

Мына қызықты қараңыз: Әлиманың өзі күн сайын жүз рет жүгіріп өтетін дәліздің шетіне жете алмай-ақ қойғаны. Әлі келеді, әлі келеді... дәліздің жатын бөлмеге бұрылар жері бұл аттаған сайын қашықтап бара жатқан сияқты. Әлдене дүрс-дүрс етеді, жоғарыда тұратындардың біреуі еденді соққылап жатқандай ма? Әлде көшеде біреу су толтырылған бөшкені ұрғылап жатыр ма? Оны неге ұрғылап жатыр екен? Гүмп-гүмп етіп тыйылатын түрі жоқ қой. Әлима тоқтап тыңдап көріп еді, гүмпілдеп, дағарадай дәлізді жаңғырықтырып тұрған өз жүрегінің дүрсілі екен...

Перизатты оятып алмау үшін демін шығармай, дыбысын білдірмей жүріп келеді. Бұл үйдің қалтарыс, бұрылыстарының бәрін жатқа білетіні мұндай жақсы болар ма? Міне, сол қол жақта есік қалып барады, бұл – жуынатын бөлме, яғни, оң жақта жатын бөлменің есігі бар деген сөз.

Әлима табалдырықтан аттай бергенде төсегінде жатқан Жандос қыңқылдады. Әшейінде болса ұшып қасына барар еді, дәл қазір оған көңіл бөлетін шамасы жоқ. Жүзікті қобдишадан тез алып, бөлмеден шығуы керек. Әйтпесе баланың жылағанынан шешесі оянып кетуі мүмкін. Онда бәрі де құриды... Тез қимылдауы керек. Әлимаға жүрегі «тез, тез, тез» деп соғып тұрғандай көрінді. Тұла бойы күрт ысып, денесін тер жуып кеткендей болды. Сонда да аяғын санап басып, шкаф тұрған жерге қарай жақындап келеді.

Киім шкафының есігін ашып, жоғары сөреде тұратын қобдишаға қол созды. Өткенде осылайша қолын созып, тез-ақ ала қойған. Қараңғыда есікті шатастырды ма, қобдишаны сөредегі орнынан таба алмады. Өкшесін көтеріп, қолын соза түсті – қолына ештеңе ілікпеді. Тұла-бойы бір ысып, бір суып, денесі қалтырап кетті – қобдиша жоқ! Дүрс-дүрс еткен жүрегі аузынан шығып кетердей, екі құлағы бітіп қалған сияқты, самай тұсы шаншып, жүрегі айнып кетті...

Бір сәтте аяқ-қолынан әл кетіп, құлап бара жатқандай болған соң, жан деген тәтті ғой, әлденеден шап беріп ұстай алды. Сөйтсе, бағанадан әуре болып іздеп жүрген қобдишаның құлақшасы екен! Сірә, Перизат әшекейлерін киіп көрген соң үйреншікті орнына емес, төменгі сөреге қоя салған сияқты. Құлағы шыңылдап, басы айналып, құлап бара жатқан Әлима қобдишаны өзіне қарай тарта құлады. Қақпағы бекітулі емес екен, айқарыла ашылған қобдиша гүрс етіп жерге соғылып, ішіндегі бұйымдар салдыр-гүлдір етіп шашылып қалды...

- Мұның не, жүгірмек? – деді төргі үйден жүгіріп келген Перизат сіңлісінің даусындай шіңкілдек үнмен. – Жина жаныңның барында!

Cосын қаһарлы даусын күрт жұмсартып, жыламсырай сөйлеп, мұны жұлқылай бастады – «Тұр, тұршы, ояншы Әлима!»

Басын көтерген Әлима түкке түсінбей, жыламсырап тұрған сіңлісіне аңтарыла қарады.

Інісі бөлменің ортасында шөкелеп отырып, кеселер мен тәрелкелердің қираған сынықтарын жанталаса жинастырып жатыр екен. Жоғарыда тұратын кәмпит-печенье салынған вазаны аламын деп, орындықтан аяғы тайып кетіп, ыдыс-аяқ жиналған сөрені ала құлаған тәрізді. Ыдыстарды шағып тастағанына қорқып, әрі ұрлығы әшкереленіп қалғанына ұялып, қыстыға жылап тұрған інісін көргенде барып, Әлима есін жиғандай болды. Әшейінде бұлардың бәріне еркелеп, айтқанын істетіп, айдағанына жүргізетін інісі кәмпит ұрлаймын деп пұшайман күйге түсіпті де қалыпты.

Кенет, тап сол сәтте, Әлиманың есіне әкесі сотталған күні анасының бір сөзді күбірлеп қайталап айта бергені түсті. «Ұрлық түбі – қорлық» деп еді-ау сонда. Соны қалайша ұмытып кеткен? Ұмытқаны сондай, бауырына тартып, қамқорлық жасап жүрген жанның затын ұрламақшы болды-ау! Сұмдық-ай! Арам пиғылына арбалғаны сонша, ұрлық істемек жоспары күндіз ойына он оралып, түнде түсіне кіретін болды... Сұмдық-ай!

Сонда бұл неге ұрлағысы келеді? Әлде бұл тұқым қуалайтын ауру ма? Әйтпесе, ұрлық түбі – қорлық екенін санасына сіңіріп-ақ кетіп еді ғой анасы.

Қайран анасы! Қараңғы қабірде жатса да баласының қамын жеген анасы! Қорлықтан бір-ақ қадам жерде тоқтатқан түсті көрсеткен де анасының рухы болғаны ғой...

Әлима інісін аяп тұрса да сыр бермей, түсін суыта қарады да, тез киініп үйден шығып кетті. Жүріп бара жатқан автобусқа жармасып мініп, қаланың орталық бөлігінде тұратын Жалғас ағасының үйіне жеткенде түннің бір уағы болып қалған еді. Есікті таңдана ашқан Перизат тәтесін құшақтай алып, оның жүзігін сондай ұнатқанын, таққысы келген соң уақытша алмақ болғанын, бірақ орнына қойғанмен де рұқсатсыз алудың ұрлық екенін түсінгенін айтып, ал кеп жыласын.

Түкке түсінбеген Перизат бастапқыда таңырқап қалса да, сәлден кейін бір ой келгендей Әлиманы қолынан жетектей жөнелді. Әлі де өксігін баса алмай тұрған қызды өз бөлмесіне ертіп апарып, қобдишаны ашып, алдына қойды.

- Қай жүзікті айтып отырсың?

Әлима көгілдір тасы мың құбылып тұрған жүзікке қарай саусағын шошайтты.

Перизат жүзікті алып, Әлиманың қолына ұстатты.

- Ала ғой. Бұл – бижутерия, «Svarovski» деген атақты фирма бар, солар шығарған. Аса шебер жасалғандықтан кейбіреулер оларды табиғи тастармен шатастырып та жатады. Көз жауын алып жылтырағанымен бағасы мынау асыл тасты алтын-күміс бұйымдардан әлденеше есе арзан.

Солай деді де, сонау өзіне жеделхат әкелген күндегідей состиып тұрған Әлиманы бауырына тартып: «Жылтырағанның бәрі бірдей асыл болмайды, соны ұмытпа» деді жай ғана.

Әлиманың беті ду ете түсті.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Көп оқылғандар