Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Дей алмас көрген адам мұны өтірік...

17.02.2021 562

Дей алмас көрген адам мұны өтірік...

Көкшетау таулы қыратының Атбасарға қарай ұмсына түскен оңтүстік батыс бөлігінде тұп-тұнық шарайнадай жалтырап Зеренді көлі жатыр. Таулы-қыратты, орман-тоғайлы, өзен-көлді, шалғынды-жайылымды, табиғаты ерекше көркем осы өңір де, өңірдің үлкен әкімшілік бірлігі – аудан да Зеренді көлінің атымен аталады. Жаңа ғасыр қарсаңындағы әкімшіліктік оңтайландыру кезінде қойнауы қазыналы Көкшетау ауданы қосылып, көлемі ұлғайғаннан кейін Ақмола облысының орталығы Көкшетау қаласының аумағын толық қымтай көсіліп жатқан Зеренді ауданы – дүйім қазаққа танылған талай-талай әйгілі адамдар туып шыққан киелі топырақ.

Кеңес Одағының батыры, академик-ғалым, жазушы Мәлік Ғабдуллин, Социалистік Еңбек Ері, ғасыр жасаған абыз қария Баян Жанғалов, белгілі математик ғалым Мыңбай Ысқақов, танымал өнер жұлдыздары Қапаш Құлышева, Қымбат Тілеуова, айтыскер қаламгер Құдайберлі Мырзабек, ақын Алмас Темірбай, журналист-жазушылар Жанайдар Мусин, Сүлеймен Ақтаев, Сарбас Ақтаев, Мағира Қожахметова... Еске түсіре берсек біршамаға созылар танымал зеренділіктер қатарында қаламы қарымды қаламгер Қорғанбек Аманжолдың есімі міндетті түрде аталады. Асқаралы алпыстың асуларынан алқынбай асып, желмая жырдың жезбұйдасын жетпістің аулына қарай жетелеп келе жатқан ақын, жазушы, журналист, аудармашы Қорғанбек Аманжолдың өмірімен өрілген шығармашылығына аз-кем тоқталып өтпекпіз.

Көктерек, Қызылегіс, Қарашілік,

Ортағаш – ойды бөлген таң асырып.

Төрт ауыл, төрт бауырым – көңілімнің,

Көгіне көтерілген дара шығып, -

деп өзі жырлағанындай, Қорғанбек Ғалымтайұлы Аманжол 1953 жылы 8 қарашада 1953 жылдың 8 қарашасында бұрынғы Көкшетау, қазіргі Ақмола облысы Зеренді ауданының Көктерек ауылында, колхозшы отбасында дүниеге келеді. «Ленин жолы» колхозында еңбек еткен әкесі Ғалымтай ақынның сегіз жасында өмірден өтіп, ендігі арқа сүйері анасы Ұлтуар болады. Ақын өлеңіндегі:

Жас жанымды тағдырға ол тырнатпады,

Мейіріне құлпырды гүлдеп бағым.

Алтын ана, жан ана жүдетпеді,

Аясында ер жетіп, қырға аттадым, -

деген жолдар өзінің тағдыр жолынан хабар береді. Колхозда сауыншы болып жұмыс істеген анасы ұрпағына әкенің жоқтығын білдірмей, бағып-қағып өсіріп, ұлы өмір жолына қанат қақтырады. Туған ауылы Көктеректе бастауыш сыныпты, Қарашілік аулындағы сегізжылдық мектепті бітірген соң Көкшетау қаласындағы қазіргі Мәлік Ғабдуллин атындағы №3 қазақ орта мектебінде оқып тәмамдайды. Мектеп қабырғасында жүргенде өлең жазып, жергілікті басылым беттерінде жариялата бастайды.

Байқап тұрсам, өзім білмей жүр екем,

Адам жаны таусылмайтын жыр екен.

Ұлылығы, сұлулығы адамның

Таусылмайтын күн көзіндей нұр екен, -

деп жазған «Адам жаны» атты тырнақалды өлеңі Зеренді аудандық «Коммунизм таңы» газетінде басылады. Бұдан кейін облыстық «Көкшетау правдасынан» бастап республикалық ббасылымдарда өлеңдері жарық көріп, қаламы төселе бастайды. Әдеби шығармашылық әлеміне аттаған сол бір алғашқы баспалдақ іспетті шақтағы көңіл-күй сезімін ақын кейіннен былайша өлең қылып түсірген екен:

Алғашқы менің өлеңім

Аудандық газет бетінде.

Жарқ еткен күні есімде...

...Пошташы қарттың үйінен,

Алып шыққан бетімде.

Ызғыр желдің өтінде,

Оппы қарда жүрелеп.

Отыра қалып, бір ерек,

Сезімнен сонда тербеліп...

...Жырымды бастым кеудеме,

Қолымда қымбат газетті

Жұлады шіркін жел неге?

Иә, бұл – тек өлең өлкесіне ат ізін сала бастаған жас бала Қорғанбектің ғана емес, туындысы алғаш басылым бетінде жарық көрген барша шығармашыл жандардың сезінген қуанышты күйі шығар. Жазған көлемді-шағын дүниелерін қажет деп тапса пернетақтадағы саусақтың жылуы суымай жатып ғаламтордағы қалың оқырманға жолдап жіберуге мүмкіндігі бар қазіргі дәуірмен салыстырғанда, ол заманда жылт еткен дүниесі мерзімді басылымда жарық көруі – шынымен де көңіл тоғайтып, қуанатын жағдай еді.

Міне, осылайша зерлі Зеренді өңірінің қалың қазақ оқырманы өз ортасынан тағы бір жас таланттың қанатқақты жырымен танылып келе жатқанын таниды. «Қалың қазақ оқырманы» деп отыруымыздың да мәні бар.

Тауларың – Қара бие, Құла бие,

Қымызды ауылдарға бұ да кие.

Қаймағы бұзылмаған қазақылық –

Құтың сол бола білсек бұған ие, -

деп Қорғанбек ақын жырлаған қанаттас, тағдырлас тірлік кешкен қарапайым төрт ауыл – расымен де қашаннан қазақылықтың қаймағы бұзылмаған киелі қоныстар. Қорғанбек ақын үлкен перзенттік махаббатпен, бөле-жармай жырлайтын бұл төрт ауыл – солтүстік өңірдің байырғы жұртының тілі мен діліне салмақ сала келген тың игеру науқаны қызып тұрған заманның өзінде қазақы тірліктің қаймағын жұқартпастан сақтай отырып, оны тәуелсіздікпен ұластырған жұрт. Бір қарағанда, мұның өзі де зор мақтауға татитын қасиет. Себебі, суы сабат, нуы саялы, қыры қырмызы, топырағы құнарлы Зеренді өңіріне сонау 1824-жылы казактары келіп мекендеуге қоныс сала бастаған тұстан бері Ішкі Ресейден ағылған қарашекпендер бастап, хрущевтік тың игеру науқаны кезінде ұрандата-жалаулата жеткендерге дейін қаншама өзге ұлт көптеп өкілдері қоныс тепкен екен. Бұрынғы-соңды шұбырған мол санды келімсектермен уақыт жүзінде көрші-тамырласа отырып, олардың жақссынан үйреніп, жаманынан жирене отырып, өзінің тілін, салт-дәстүрін сақтап қазақы қалпына шаң жуытпаған ауылдар осы Зеренді өңірінде баршылық екенін де атап өткен жөн. Қазақ әдебиеті мен өнеріне үлес қосқан ұл-қыздар да дәл осы ауылдардан шыққан және қазір де молынан шығуда.

Өлкесін сүйген өреннің

Қуанышының қайнары.

Бір жолы болшы өлеңнің,

Зеренді қарағайлары, -

деп өзі әрдайым жырына арқау болдырған, көккке бойлаған зәулім қарағайлы Зерендінің талантты түлегі Қорғанбек мектеп бітірерде қазақ әдебиетінен шығарманы тұтастай өлеңмен жазып шығып, ұстаздарына таңдай қақтырады. Осындай жақсы лепемен астана Алматыға арман арқалап жеткен зеренділік жас түлектің айы оңынан туып, С.М. Киров (қазіргі әл-Фараби) атындағы ҚазМҰУ-дің журналистика факультетіне түсіп студент атанады. Зеренділік жас мұндағы әр қиырдан жиналған кілең жүйріктердің ортасында шаңға көміліп, барқындап қалған жоқ. Бұрқырата жазып, Сырбай Мәуленовтей көрнекті ақындардың назарына ілініп батасын алып, республикалық беделді газет-журналдарда өлеңдері жарияланып жатады. Журналистік еңбек жолын туған өлкесі Зеренді ауданында, кезінде өзінің өлеңдерін алғаш жазып жариялаған «Коммунизм таңы» газетінде тілшіліктен бастайды.

Ақан да мұнда ән салған –

Балқадишаның жайлары.

Біржан да саған тамсанған,

Зеренді қарағайлары.

деп жырлаған Зерендісіндегі қайнаған қызу еңбектің жаршысы болып қызмет атқара жүріп шығармашылықпен айналысады. «Тың тыныс» атты жинаққа өлеңдері жарияланады. 1977 жылдан бастап 1989 жылға дейін Көкшетау облысының бас газеті «Көкшетау правдасы» газетінде меншікті тілші, әдебиет және өнер, ауылшаруашылық бөлімі бойынша меңгеруші, жауапты хатшы болып қызмет атқарып, үлкен тәжірибелік мектептен өтті. Қаламы жүйрік журналист ретінде шыңдалды.

1989 жылы «Жұлдыз» журналының бас редакторы Мұхтар Мағауиннің қалап шақыруымен Алматыға аттанып, республикалық беделді журналдың бөлім меңгерушісі болып қызметке кіріседі. Кейіннен осы журналдың жауапты хатшысы болады. «Жұлдыз» журналының тиражы жүз дәуірлеп тұрған шағы осы жылдар еді. Жанат Елшібектің 2020 жылы 2 қазанда «Егемен Қазақстан» газетінде жарық көрген «Бойтұмарға айналған жәдігер» атты естелік мақаласында сол бір кезеңдегі «Жұлдыз» журналы туралы тамаша жазылған екен. Автор мақаласында сол кездегі өндірдей жас жазушы, қазіргі ҚР мемлекеттік сыйлығының иегері Роза Мұқанованың айтқан естелігін береді: «1989 жылдың – №5 санын тұтасымен жастар шығармашылығына арнады. Тырнақалды туындыларымен жарқ етіп көрінген қыз-жігіттердің бір шоғырын журнал редакциясына алдын ала шақырып, әдемі әңгіме өткізгені жадымда. Өйткені бұған дейін «Жұлдыз» журналына кілең классиктер мен белгілі ақын-жазушылар ғана жарияланатын. Жаңадан жазып жүрген жастарды бұл басылымға мүлдем жолатпайтын. О заманда «Жұлдыздың» айбары да сесті, аты да күшті».

Естелік мақаласында Жанат Елшібек аға бертінгі жылдары «Жұлдыз» журналының жастарға арналған сол санын іздету барысында, бас қаладағы ұлттық академиялық кітапханада да, қалалық өзге кітапханаларда да болмай шығады. Әр қалаға сұрау салғанымен, еш нәтиже жоқ. «Алматы, Павлодар, Көкшетау, Жамбыл, Шымкентке ... хабарластым. Жоқ! Көңілім бұзылғанымен, жүрегім секемсіз. Індете-індете келіп «Жұлдыз» журналы Бас редакторының орынбасары Тұрысбек Сәукетайға хабарластым. Кезінде әдебиет журналында бірге қызмет істеген оның сілтеуімен, өзіміздің Қорғанбек Аманжолға телефон шалдым. «Бір табылса Қорғанбектің жеке архивінен табылар. Жаңылмасам осы нөмірде оның да әңгімесі шыққан секілді...» Неше күн аласұрып іздеген «Жұлдыз» (№5-1989 ж.) айналдырған екі сағаттың ішінде қолыма тиіп, қатты қуандым. Расымен журналда Қор­ғанбектің «Ерте оянған бұлақтар» дейтін әп-әдемі лирикалық новелласы жарияланыпты.» (жоғарыдағы сілтеме бойынша).

Бұл арада айтпағымыз: «Жұлдыз» журналының сол жылдары 140 мың тираждан асып, айдарынан жел есіп, атағы дүркіреп тұрған шағы екендігі және сол кезең қаламгер журналист Қорғанбек Аманжол үшін де жемісті жылдар болғандығы, әрі отыз екі жыл бұрынғы жарияланымды сақтап жүрген мұқияттылығы.

Ақын, жазушы, журналист, аудармашы Қорғанбек Аманжол есімі бүгіндері дүйім қазақ жұртына кеңінен таныс. Әр жылдары республикалық «Дала дидары» («Ауыл») газетінде, Алматы облысының Талғар аудандық әкімдігінде, «Хабар» агенттігінде, «Егемен Қазақстан» газетінде абыройлы қызмет атқарған қаламгердің поэзиялық, әдеби-публицистикалық, аударма кітаптары әр жылдары жарық көрді. «Біржан бұрмалары», «Бірәлі-дастан» «Зеренді қарағайлары», «Зұлмат пен Ғибрат», «Алапа» т.б. оқырман қауым жылы қабылдаған кітаптардың авторы болумен қатар, АҚШ классигі Герман Меллвилдің «Моби Дик немесе Ақ кит» романын, жерлес жазушы, аудармашы Орынбай Жанайдаровтың «Ежелгі Қазақстан мифтері», «Ежелгі Қазақстан аңыздары», «Ежелгі Қазақстан әфсаналары» қатарлы тарихи-танымдық кітаптарын қазақ тілінде сөйлетті.

Жоғарыда атап өткеніміздей Қорғанбек Аманжол шығармашылығының басты арқауы – туған өлкесі Көкшетау-Зеренді аймағының сұлу табиғаты, онда өткен кешелі-бүгінгі тарихи дүбірлі оқиғалар мен ел жадындағы елеулі тұлғалар, тәуелсіз елдің болашаққа жасап жатқан қадамдары мен сан алуан адамдары...

Іс қылған адамының денесі ірік,

Жігерлі, ер көңілді, еті тірік.

Ақын да, палуан да, әнші де көп,

Дей алмас көрген адам мұны өтірік, -

деп сері Сәкен жырлағанындай, ұлт тарихында ойып тұрып орын алған талай-талай ірі тұлғалардың есімі осы қарт Көкшетаумен байланысты. Қорғанбек Аманжол шығармашылығының тақырыбы мен мазмұнына көз салып, бас қоя оқитын болсаңыз, ақынның туған өлкесінде жасаған хандар мен сұлтандар, билер мен батырлар, ақындар мен әншілер, өнерпаз-палуандар туралы талай сырға қаныққан болар едіңіз. Солардың ішінде «Қанай-Абылай» атты дастанының орны ерекше. Қорғанбек Аманжолдың «Қанай-Абылай» дастаны – тарихи-танымдық дастаны ерекше эпикалық леппен жазылған туынды. Мағжанның әйгілі «Батыр Баян» поэмасындағы «Ту баста Абылайды хан көтерген, Қамқоры қарауылдың – шешен Қанай», - деп аталатын Құттымбетұлы Қанай би, Мұсақұл палуан, Әз, Бөгенбай батырлар, атақты «Алабас» бүркітімен даңқын асырған Дүйсен құсбегілер – Көкшетаудың ірі тұлғалары, Зеренді топырағының киелері.

Би Қанай, батыр Қанай, шешен Қанай,

Атығай, Қарауылға көсем Қанай.

Қорықпан қылдан тайып кетемін деп,

«Қамқоры бар қазақтың», - десем, Қанай, -

деп Қорғанбек ақынның сеніммен көсіле жырлауында тарихи түбірлі мән бар. Сонау Қаршы менен Құзардан, Түркістаннан аталығын алға салып салт басты, сабау қамшылы жеткен Сабалақ ұлдың тектілігін тап басып танып, ел билігіне алғаш көтерген – Қарауыл Қанай би еді ғой. Сол Сабалақ һәм Әбілмансұр атпен жүрген жалғыз жігітке бір күнде алты қатын алып беріп, кейіннен алаштың айбарлы ханы дәргейіне көтеріскен, бүгіндері өзінің ұрпақ-жұрағаты да рулы ел – алты ауыл болып сыңсып отырған Қанай бидің өнегелі ісі қалай көсіле жырлауға да сыйып тұр емес пе?

Игілік, Қарабұлақ, Ескенжалы,

Өмірлік аламанда өскен жаны.

Ұялы, Жамантұз бен Қойсалғаны –

Қосылған көппен бірге көшке ордалы.

Қанайдан тараған ұрпақтар мекендейтін осы алты ауыл мен Қорғанбек ақынның өзі жиі қоса жырлайтын төрт ауылы – қатарлас, тағдырлас жұрт. «Қанай-Абылай» дастаны – төрт ғасыр бойына ауыздан ауызға таралып немесе тарихи құжаттар арқылы хатталып жеткен деректерге құрылып жырланған туынды деп білеміз.

Қолбасы, топтың басы суырылған,

Сірә да тайсалмаған ұлы дудан.

Қазақтың қара тілі, сөздің пірі,

Алты алаш айтқырлығын үлгі қылған.

Кеңес тарихында «Ұлы Отан соғысы» аталған сұрапыл соғыста қазақ баласынан алғаш батыр атағына ие болған, Желтаудың баурындағы Қойсалғаннан шыққан әйгілі тұлға Мәлік Ғабдуллиннің арғы бабасы Қанай бидің қолбасы көсем, топ шаршы шешен болғаны, Ташкент қазаққа қарап тұрған сол бір заманда қаланың бір қақпасына ие бек болғаны, өмірден өткенде Түркістанға жерленгені белгілі. Осы және басқа да тарихи мәліметтер ақын поэмасында шебер тілмен баяндалады, көркем кестемен сурет саллып, образ сомдайды.

Қалың қол жер қайысып дабылдаған,

Жақын-ау дүбірлеткен сарын маған.

Мәңгілік бесікте де Қанай-Абылай,

Дариға, қатар жатып дамылдаған.

Поэмадағы Абылай хан мен Қанай бидің ерлік жолдары, бағы баянды мемлекет құрудағы өнегелі істері – бүгінгі ұрпақ үшін шынайы патриотизмнің үлгісі болуға тиіс. Бұл тұрғыдан алғанда, аталған туындының өлкетану тарихындағы маңызы зор болса керек-ті. Ақын, жазушы, публицист Қорғанбек Аманжол туындылары тек Көкшетау айналасы мен ондағы адамдардың елеулі еңбегіне арналған деген ойға еш келмейтініміз анық. Бұған ақын шығармалары тақырыбының географиялық ауқымы, мазмұнының сан алуандығы куә. Арғы, кешегі ғасырлардағы оқиғалар мен адамдар ғана емес, бүгінгі заманның баһадүрлері де Қорғанбек ақын қаламының нысаны. Сондай туындылардың қатарында Қима өңірінің көрнекті тумасы Бірәлі Нұртазин туралы көлемді «Бірәлі-дастан» поэмасы мен «Олжас» дастаны. «Олжас» дастанын оқығанда қазақтың белгілі ақыны Олжас Сүлейменовтің азаматтық-адами бейнесі, қайраткерлік тұлғасы танылады. Ғарышқа алған адамзат баласы ұшқанда «Адамға табын, жер енді» деп жар сала жырлап даңқы шыққан ақынның кейінгі кезеңдердегі ерлік рухқа толы іс-әрекеттері дастанда тартымды суреттелген.

Ақ жолға түскен тілегі,

Ақпанның соңғы күні еді.

Атомдай сонда жарылған

Ақынның азат жүрегі.

Айтқаны қонды көкейге,

Арзуы жетті дөкейге.

Оқсатқан оқтай Олжасты

Ұқсаттым Прометейге.

Қазақ даласының Абай мен Шәкәрім, Мұхтарлар туған қасиетті пұшпағын аяусыз талқандап, қырық жыл бойы алапат зардап әкеліп, атом уын сепкен «Семей» полигонын жабуға қатысты іс-әрекет жолындағы Олжас Сүлейменовтің ауыр-ауыр есіктер, биік-биік мінберлер алдындағы батырлығы мен батылдығы, ілкімділігі туралы ақын шабыттана жырлайды. Ақыры, Семейдің айналасындағы елдің қырық жыл бойы жапа шегіп келген халықтың көз жасын Жасаған иіп, полигон жабылатын болды. Бұл өзге де көптеген азаматтармен қатар өршіл ақын Олжас Сүлейменовтің де қосқан үлесі зор еді. Бұл турлы ақын былай деп жырлайды:

Атомды жеңді ақыным,

Ақыннан шыққан батыл үн.

Ажалдың шауып ордасын

ажалды құртқан батырым.

Болады пақыр ол қалай?

Бабасы батыр Олжабай.

Мәрттігін Жаяу Мұсаның

Ұрпағы қалмас жалғамай.

«Тектіден текті туады» демекші, ақын Олжас Сүлейменовтің осыншама ерлік көрсетуінің мәні оның тегінде жатыр дегенді айтады, ақын. Иә Олжабай Толыбайұлы, Жаяу Мұса Байжанұлы – Олжас Сүлейменовтің арғы аталары ғой.

Қорғанбек Аманжол шығармашылығының тақырыбы мен мазмұны, идеясы мен көремдік келісімі туралы талай айтылып, жазылғаны анық. Алда да айтылып, жазыла береді. Оған күмән жоқ. Біз мақаламызда қаламгердің өмір жолына шолу жасай отырып, көлемді поэзиялық туындыларына азырақ тоқталып өтуді жөн көрген едік. Ақын болсын, мейлі жазушы болсын, оның жазған туындысы – өмір жолынан, мінез-құлқынан, оқыған-білген, ойға түйіп қорыта білген тереңдік-таяздығынан оқырманды анық хабардар етіп отыратыны ақиқат. Осы тұрғыдан алғанда Қорғанбек Аманжол шығармаларынан авторға тән сыпайы зияттық, ақжарма аңқылдаған адалдық есіп тұратынын аңғарасыз. Кейбір кешелі-бүгінгі қаламгерлерге тән қазып-міней жазу немесе қара аспанды төндіре күйректікке салынып зар шегу – Қорғанбек ақын табиғатына жат сияқты сезіледі. Ақын өз өлеңдеріндегі өмірлік ұстанымның өзі де осы-ау:

Арлымын!

Мен ылғи арлымын!

Айтам тек жүрек пен жан жырын.

Осылай өтеді өмірім:

Әр минут, әр сағат, әр күнім

Кейде емес... мен ылғи арлымын,

Мен ылғи арлымын.

Иә, кей жағдайларда өлеңі өрімдей көп ақындардың кітаптағы сөзі мен өмірдегі іс-әркеті, қоғам сахнасындағы қолапайсыз рөлі мүлде кереғар шығып жататынын да көріп біліп жүреміз емес пе? Әдебиет әлемінің іс-әрекеті ежелден былайғы қауымның назарында емес пе? Бұл тұрғыдан алғанда да Қорғанбек Аманжолдың, өзінен кейінгі буынның «Қорағасының» мүлт атып, шалт кеткен тұсын естімеппіз.

Азамат ерге ал енді

Ақындық мұрат – сол уайым.

Өлеңде берген уәдемді

Өмірде бұзып қоймайын.

Өлеңде салған суретім

Көрініп тұрғай көзімнен.

Білінсін мұңды келбетім

Балқытып құйған сезімнен.

Әр сөзім болсын шынайы:

Әр үтір, сұрақ, леп белгім.

Шындық қой жырдың Құдайы,

Сырғуды неге еп көрдім?

Қазақ әдебиетінде, оның ішінде поэзиясында, қазақ журналистикасында өзіндік орны бар, бүгіндері аға буын қаламгерлердің сапына енген Қорғанбек Аманжол шығармашылығының басты ерекшелігі неде десек – осы шынайылық, мөлдірлік деген болар едік. Иә, әдебиетке, оның ішінде әсіресе, поэзияға өтірік ешқашан жүрмек емес. Мұндай өтірік кесенің жиегінде іркілген шағырмақ қымыздың суындай болып айқындалып тұрады. Сезімтал оқырман мұндай жасанды қоспаны қайдан тұщынып қабылдасын. Шығармашыл жандардың біразына тән және бір ғадет – реті келсін-келмесін, жұлқына ұмтылып, көзге жиі көрініп, таныла түссем дейтін пәруайсыздық. Мұның қажеті де бар шығар, мүмкін. Бірақ мұны да оқырман сезіп, білмейді емес, анық бағамдап отырады. «Әсіреқызыл – тез оңар» деген халықпыз ғой. Ақырын жүріп анық басқан шығармашылық иесі Қорғанбек Аманжолдың ғұмырнамасымен өрілген сан түрлі жанрдағы туындыларындағы шынайы мөлдірлікке қарап жоғарыда аталғандардың бәрінен ада екендігіне көз жеткізеріңіз анық.
Зерлі Зерендісі, көгілжім Көкшетауды баурында туып-өскен перзенті ретінде талмай жырлап келе жатқан ақынның бірі болса, осы Қорағаңдай-ақ болар.

Қатпарлы жаным қалың мұң,

Қараймын досқа күліп мен.

Үркінді күймен сабылдым,
Үйірлі жылқым үріккен, -
деп кейінгі жазған бір өлеңінде өзі жырлағанындай, ашанда мазаң күй кешу де ақындарға тән тағдыр күйі ғой. Өмірін өлеңімен өрнектеген ақындық өрім, туған өлкенің, байтақ қазақ әлемінің алуан сырлы бояуын құрыш қаламымен бәдіздеген журналистік ғұмырдың жазары ұзағынан болғай.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Көп оқылғандар