Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Ақ өлең мен қара өлең

30.10.2020 2104

Ақ өлең мен қара өлең

Қазіргі біздің қоғамдағы, мемлекеттегі жүйесіздіктер әрбір тыныс-тіршілігімізден, соның ішінде өнер саласынан, әдебиеттің, поэзияның айналасынан да үнемі бой көрсетіп қалады. Бүгінгі поэзияның бауыры суық, көңілі пәс, жанары төмен. Тіршілік ыстық тартқан, дүниенің қызылы мен жасылы көзді арбаған сайын, өлең де, өнер де әркімнің бір бел асар байлаулы аты сияқты, жүндеуге тым әуестік бар. Сөздің кепиеті емес, сөздің өлшемі, мөлшері, үнемі деген ұғымдар кәперден тыс. Бұл өзіңе-өзің (анада-санда) ес жиғанда үңілуден, айналаңа аз-кем барлау жасағандағы ойдың жасығы ғана. Бұрынғылардың «Тау да өлең, тас та өлең, ағаш та өлең» дейтінінде жарасымдылық, табиғатпен гармония сынды бірдеңенің байыбына барғандықтың байламы бар еді. Қазірде сол «Той да өлең, қой да өлең, қойшы да өлең». Бірақ, қазіргінің күйбеңіне қарап «Тойшылар әдебиеті», «Қойшылар әдебиеті», «Одашылар әдебиеті» т.б. деген әдебиеттің жаңаша жіктелген тармақтарын (мүмкін жеке жанрын) енгізгің келеді. Мәртебелі поэзияның қадірін кетіре бастаған да осы топ. Бүгінгі әңгіме бұлар туралы емес әрине, дегенмен сөз шығындап отырғанымыздың өзіндік тиянағы бар. Оның ең басты түйткілі, біздегі жанрлардың қатқан қазықтай тұрақтылығы мен заманаға сай жіліктеніп, салаланбайтыны. Біздің заманауи әдебиеттанушыларымыз осы бір «Шөп те өлең, шөңге де өлең» дейтін топты, «Өнер өнер үшін» дейтін қауымнан ажыратып бағалаудың теориялық үлгісін жасағаны жөн. Өйткені, ғылыми дәлдіктің жоқтығынан немесе ғылымның өмірден, өнерден тым алыс жатқандығынан, бүгінгі оқырманға бұның бәрі поэзия болып көрінуі мүмкін. Және солай болып та тұр. «Қазіргі әдебеитте халтура қаптап кетті» деп күңіренуіміздің бір парасы осы жүйесіздікте. Жақсы мен жаманның мидай араласып, оқырманды адастыра бастауын да. Әдебиеттанудың бір міндеті – қаламгерді өз жолына, өз биігіне, өз бағытына қарай бағамдап, сарадан өткізіп «жөнеге салып» отыру болса керек-ті.

Сонымен әңгіме неден шықты. Өткен 8-ші қазан күні таң бозында америкалық ақын, эссеист Луиза Глюк Нобель сйылығының лаураеты болып оянғанда, дәл сол күні, шығыс пен батыстың тоғысуындағы осы заман көшпенділерінің еркін өлеңдік үлгісінде жазатын біздің елдегі бір жас талант, өз парақшасына бір шоқ өлеңін жүктеген-тұғын. Аз ғана сәтте, өлеңнің астына жүздеген коминтарилер келіп түскен. Сексен пайызыға жуығы қаралау. Мінеу. Сынау емес даттау. «Осылар қазақ өлеңін бүлдіріп болды, бұндай дәм-татусыз өлең жазған ақынды соттау керек» дегенге дейін баратын ашу мен ыза. Әркім бір барып сыбап жатты. Мен ақынның осы «жетістігі» үшін қуансам да, әдеби тобырлық таным үшін ұялдым. Шартты түрде айтсақ, әдебиеттегі «ескі мен жаңаның», «дәстүр мен жаңашылдықтың» арасында осыншама қарабайыр қарсылық барын бұрын аңдамаппын.

Еркін, ерікті өлең мен дәстүрлі классикалық қара өлең туралы сөз болғанда форма мен мазмұн мәселесі де қылаң бере қалады. Бүгінгі айтылар әңгімеге барынша бейтарап болуға тырыстық. Тақырыпты да «Ақ өлең мен қара өлең» деп шартты түрде атап отырмыз. Пікір білдіруші замандастарымызға арнайы сұрақ жолдамай, ойымыздың емеурінін ғана жеткізіп, ары қарайғы ой жүлгесін сабақтауды өздеріне қалдырдық. Дұрысы өз санасындағы, өз танымындағы өлең туралы дәйегін, өлеңтану өресін жеткізсе деген ниет қана болды.

Мирас АСАН

ақын:

Жалпы поэзия – шеті-шегі, мұхит десек, ақ өлең сол түпсіз дарияның ең бір терең қабаттарын елестетеді. Оны я теңіздің астындағы ағыс дейік, я болмаса теңіздің түбіндегі жарық дейік, қайткенде көзге бірден көрінбейтін, адам түйсігі ә дегенде қабылдай қоймайтын соны құбылыс. Айталық сізге қанның түсі жасыл десек сене қоюыңыз қиын. Тіпті оған дау айтып қарсы уәжіңізді қарша боратуыңыз да ғажап емес. Ал шындығында қанның түсі тура сондай, жасыл.

Күн сәулесі жер бетіндегі тіршілік иесіне түгел түсіп тұр дегенімізбен, мұхиттың терең қабаттарына жарықтың толық жетуі екіталай. Негізінен су күннің жарығын нашар өткізеді. Сондықтан су бетінен 5 метр төменде сары, қызыл түстің негізгі реңктері жоғалады. Ал енді 50 метр тереңдікте су асты пейзажы толығымен мүлде басқа түске ауысады. Тіпті ашық қызыл түсті қанның өзі мұнда жасыл болып көрінеді.

Ақ өлең қазаққа мүлде жат жазу емес. Оның түп тамырын сонау Күлтегін жазуларынан жолықтыруға болады. Одан беріде хандық дәуір әдебиетінің ірі өкілдерінің поэзиясы көбіне осы ақ өлең ауылынан ту желкілдетеді. Ақ өлең түптеп келсек біздің жадымыздағы жазу.

Алайда бұл бағытқа қалам алғандар қатары көп дей алмаймыз. Жазушы Мұхтар Әуезов: «Менің тілімде Абай тілінің мәдениеті бар» депті. Оны естіп бізге жеткізіп отырған Мұхтар Мағауин: «Менің тілімде Абай тілінің және Мұхтар Әуезов тілінің мәдениеті бар», дейді. Сол сияқты қазақ өлеңінің шоқтығын биіктеткен шоғыр – Алаш арыстарынан бастап бүкіл ақын-жазушыларымыз Абай қалыптаған өлең үлгісін ұстанды.

Ақ өлеңнің тереңіне бойлап, тылсымына үңіле беретіндер болашақта да көп болмайды. Оның әуелгі себебін айттық, екіншіден біздегі қара өлең үлгісі қазақ халқының бүкіл ән мәтіндерінде жатыр. Ауыздан-ауызға жатталып кетуі оңай, ырғақты, ұйқасты өлең формасын қазақ зердесі тез тоқиды. Бабалар сөзінің 100 томдығында да қара өлең үлгісі қанатын кең жаяды. Бүкіл айтыстар, термелер, тарихи дастандарымыз т.б. бәрі осы қара өлеңмен қатталған. Сондай-ақ қара өлең біздің бүкіл салт-санамызда, таным-түсінігімізбен әбден біте қайнасып кеткен форма. Бесік жырынан жоқтауға дейін – қара өлең.

Түгелдей алып қарасақ поэзия дегеніміз жалғыз өлең ғана ма? Кейбір ойларды қара өлең түгілі, ақ өлеңнің өзі ашып бере алмайды. Сонда қайтпек керек? Мысалы ХIХ ғасырдың аяғына таман «ақ адамдар» Калифорниядағы қасапханалардың бірінің маңынан әлдебір аш үндіске кезігеді. Кім екенін сұрағанда, үндіс «киши» (адам) деп жауап (біздің «кісі» деген сөзбен салыстырыңыз) беріпті. Мені өлтірме, қоқыс ақтарып жатқан аң екен деп атып тастама, мен адаммын деп тұр ғой. Мұны қалай поэзия демейсіз? Қасірет емес пе? Вознесенский айтқандай, поэзия деген – есіктің жақтауына қысылып қалған сәуленің шыңғырғанын есту.

Бірде Пабло Пикассоның шым-шытырық суреттеріне қарап тұрып бір досы:

– Сен кешір, ештеңе түсінбедім. Мұндай дүние жоқ қой, – депті. Пабло оған:

– Сен қытайша білесің бе, түсінесің бе? – депті. Досы: – Жоқ, – дейді.

– Міне, көрдің бе! Сен білмегенмен ондай тіл бар ғой, – депті Пикассо.

Жалпы ақ өлең қазаққа керек пе, жоқ па деуге мүлде болмайды. Себебі қарсылық бар жерде ғана даму бар. Бұл диалектиканың айнымас заңы. Қараның қара екенін ақ ажыратады.

Тілек ЫРЫСБЕК

ақын:

Ертеде еуропада дәстүрлі мәнерді сақтап қалуға тырысқан бір топ суретшілер өзіндік орта құрып өнерге ереже орнатқысы келеді. Аяғында әлгі топқа қосылған дәстүршіл өнерпаздардың бәрі атаусыз қалған екен. Эрнст Гомбрихтың «Өнер тарихы» атты кітабында осыны мысал етеді. Оқыған адам Дарвиннің «эволюциясын» түсінер еді. Шығармашылық еркіндік туралы, талғам мен таным туралы Караваджоның, Клод Моненің, Баския мен Джойстың, Джон Кейдждің, архитектура мен мүсін өнерінің тарихынан хабарсыз адам оны мүлдем түсіне алмайды. Мен үшін кім қай формада жазса да өзін еркін сезіне алуы маңызды. Ал біреуге ұнау үшін өмір сүру ол ақымақтық.

Алтынбек МЕРСАДЫҚ

ақын:

Жалпы, өлең туралы әркімнің әуелден қалыптасқан жеке пікірі бар. Бірақ, кез келген пікір замананың шындығы емес. Бүгінгі шындық ертеңгі ақиқат бола ма, болмай ма? Ол жағы да белгісіз. Әдебиеттің өткен шағына да, қазіргі шағына да көз жүгіртсеңіз, небір ғажап жауһарларды кезіктіруге болады. Дегенмен, өзіміздің өткен әдебиетімізге бүгінгі күннің талабымен қарай алмайтынымыз анық. Сол секілді, қазіргі уақыттағы әдеби процесстерге де ескі көзқараспен қарамаған жөн. Қанша жерден «уақытты» елемесек те, «өміршең поэзия уақыт таңдамайды» дегенімізбен де, өлеңдегі сол кездің қасіреті де, бояуы да уақыт арқылы өріліп отырады. Көп жағдайда адам санасындағы өзгерісті уақыт тудырады. Бұны айтып отырған себебім, өлең туралы көзқараста «дәстүрлі» және «дәстүрлі емес» деген түсініктердің пайда болуы – уақыттың төрелігімен жүріп жатқан іс. Бірақ, қай дәстүрлі түсінік болмасын көнереді, ескіреді немесе тым құрығанда жаңаша түрге енеді. Бізде көбіне ұйқассыз жазылған өлең болса, бәрін ақ өлең немесе еркін өлең (верлибр) деп айтып жатады. Ал, шындығында екеуі – екі түрлі өлең үлгісі. Ортақ нәрсе – ұйқассыздығында. Ақ өлең – ұйқассыз болғанымен, ішкі ұйқасы өлеңнің тармағында сақталған, бұйығы форма. Еркін өлең (верлибр) болса, ырғаққа да, ұйқасқа да бағына бермейді. Бірақ, оқылған кезде екпіннің өлең тармағындағы белгілі бір сөздерге түсірілуі арқылы ерекшеленіп тұрса керек. Оған өзіміздің жыраулар поэзиясындағы өлеңдер дәлел бола алады. Әрине, бұдан өзге де айырмашылықтары бар. Оны әдебиет зерттеушілері жақсы білсе керек. Ал, осы тұрғыдан қазақ өлеңі ескірді ме немесе жаңаша сипат алды ма деген заңды сауал туындауы мүмкін. Меніңше, бүгінгі әдебиетте (поэзияда) формалық жағынан бірнеше ізденістер жасалғанымен, көбінде сәтсіздікке ұрынып жатыр. Бұл, әсіресе «ұйқассыздыққа» қатысты. Оның бір себебі, кейбір ақындардың ұрынуы тиіс «қателікке ұрынбауында» немесе еліктеп-солықтаудан кейінгі кезеңге өте алмауында секілді. Мәселен, қазір ұйқасатын, дәлірек айтқанда, қара өлең үлгісінде мүлдем жазбаған, бірден тек ақ өлең немесе верлибр күйінде жазатын ақындар да бар. Меніңше, ол үлкен кемшілік болуы да мүмкін. Себебі, ұйқассыз жазуға көшкен ақын ұйқаспен жазудың кейбір тұста ойды шектейтін кемшін тұстарын байқаған соң еркін формаға барғысы келеді. Содан соң ұйқассыздыққа ұрынады не өзге бір жаңаша сүрлеу тапқысы келеді. Ал, бірден ұйқассыздыққа ұрыну көп жағдайда еліктеушілік пе деп ойлаймын. Маған ең қызықтысы, ұйқассыз жазылған өлеңде кемшілік болмайтындығы. Өйткені, түсініксіз болса, кемшілік те жоқ. Ал, «жоқтан бар» жасау — кез келген фанатизмге тән құбылыс. Әрине, бұл «ұйқассыздықты» терістеу емес. Бізде ұйқассыз, еркін жазатын орта буыннан да, жастардан да мықты ақындар бар. Бірақ, олар бұрын да қара өлең үлгісімен жазған, бәлкім, әлі де жазады. Мәселен, ұйқассыз өлеңдер жайлы сөз болса, менің көз алдыма бірінші Омарғазы Айтанұлының өлеңдері келеді.

"Бұлт боялып, тау өтер, жер қызарып,

Жер бетіне қойылған біз бір әріп"

немесе

"Бір күн өлең жазбасам

Суырылып бір тісім,

Тістей алмай жатқандай

Ақ қағаздың қыртысын" -

дейтін ақынның «қара өлеңнің» шекпенінен шыққаны, қос бірдей ұғымды (дәстүрлі және дәстүрлі емес өлең үлгісі) шығармасына сыйдыра білгені анық байқалады. Сол себепті, кез келген ұйқассыздықтың «түсініксіздігін» ерекше бағалап немесе ұйқаспен жазылған өлеңді поэтикалық қуаты әлсіз, ойы жұтаң бола тұра «көкке көтеруді» оқырман ретінде құптамаймын. Әрі-беріден соң кез келген өнердің өзегі Арға барып тірелер болса, жанның қалауындағы кез келген форманы таңдап көрген жөн. Бәлкім, ең шынайы өлең үлгісі табылып қалар...

Асылан ҚУАНЫШҰЛЫ

ақын:

«Кино деген не? – Мен бұл сұрақты өз-өзіме жиі қоямын. Әр фильміме кірісерде, оны түсіріп болған соң да осы сұрақтың жауабын іздеумен боламын. Шешімін әлі таппадым. Таптым дегеннің өзінде, ол жауаптың сол күні-ақ көнеретінін білемін. Иә, кез-келген шығармашылық иесі өзі таңдаған сала бойынша өз-өзіне осындай сұрақ қоюы керек деп ойлаймын...». Бұл естіген сәттен-ақ санада қатталып қалған кәріс режиссер Ким Ки Дуктың шеберлік сабағында айтқан сөзі-тұғын. Жоғарыдағы «кино» сөзін «поэзиямен» алмастырсаңыз ештеңе өзгере қоймас...

Осы орайда айта кету керек, біздің (көпке топырақ шашпаймын) ақ өлең мен қара өлеңді «жарыстырып» қойып, «қай жеңгенің менікі» деп қарап отыруымыз күлкілі һәм аянышты. Сіз қаласаңыз да, қаламасаңыз да ақ өлең бар еді. Қара өлең де бар еді. Бірақ бұрын «мынау дәстүрлі өлең», «мынау дәстүрлі өлеңнің қабырғасын қаусатамын деп келген індет» дейтін сөз жоқ-тын. Дұрысы, әлдебір мәдени құбылысқа тиісінше баға беріп, өзімізге сіңіріп, болмаса бейімдеп алатынбыз. Сын да соған сай етін. Ал қазір осы тақырыпқа аз-кем сөз шығарып, пікір білдіруіміз – «жаңа» өлеңге «жаңа сынның» жоғынан деп білемін. Әйтпесе, кей аға-апаларымыздың ақ өлеңді немесе верлибрді қара өлеңнің өлшеміне салып қарап, қолайына келмеген соң үстінен жалғыз сызықпен сыза салуы нені білдіреді? Жә, мүжи берген сүйектің дәмі кетеді.

Тағы бір «ләміме» назар аударсаңыз. Қара өлең болсын, верлибр делік, я ақ өлең – осылардың бәрі мол білімді, зор талғамды, асқан кірпияздықты талап етеді. Олай болмады ма, қара өлеңдегі ұйқас қуамын деп қара терге түскеніңіз, ақ өлеңдегі, верлибрдегі ой қуамын деп қызыл сөз шұбыртқаныңыз алақанға салғандай көрініп қалмақ. Күрделі жазу бар да, күрделі ойлау бар. Мұндағы басты мәселе, меніңше, кей ақындардың (сыншылардың да) өзіне дейінгі ақындарды оқып, түрлі-түрлі мектептерден өтіп, оларды өз дәрежесінде меңгермегеннен туса керек.

Рас, сіз мұның бәрін менен жақсы біліп, түсініп отырсыз. Тіпті, «парасат биігінен аяғын төмен салбыратып қойып, не ділмәрсіп отыр» деп күліп те тұрған шығарсыз. Бұ-дағы бір іште жатқан сөз етін. Әйтпесе, қызылды-жасылды тәтті сөзді көпіртіп, алаулатып-жалаулатып сөйлеу қай қазақтың қолынан келмес дейсіз!? Хош, бәлду-бәлду бәрі өтірік... Мәртебелі поэзия жасасын!

Арман Әділбек,

ақын:

Әдетте оқырман бір өлеңді оқығанда, өлеңнің бойынан алдымен не іздейді деп ойлайсыз? Меніңше, өзгешелікке алдымен жоқтау жасайды. Өзгешелік дегенде ілгерлеушілік жайында ғана ойлайық. Қалған өзгешеліктің қайсысы болса да, дәл осы өзгешеліктің алдында ештеңеге тұрмайды. Мейлі, жазарманның өзгеше болу ниетінен туған жасанды харекеті болсын, жаңағы ілгерлеушілік нысайы көзге шалынбаса, онда ол Элиотша айтсақ «Өнер туындысы емес». Мейлі, адам тектес маймылдан бері болсын, мейлі, Адам мен Хауадан бері болсын. Бір нәрсе анық. Адам әулеті тынымсыз эволюцияға түсумен келеді. Мәдениет те қарапаймнан күрделіге алмасумен болашаққа қозғалған сайын жүгі ауырлап барады. Өлең де бұл прогрестен сырт қалмайды. Сырт қалған жерде әлдебір мәселенің бар екенін көрсетпек. Өйткені, өнер – жасампаздық екеуі белгілі деңгейде синоним. Элиоттың қатты айтып отырған себебі де сол. Бірақ, бұл арада ақ өлең, қара өлең тақырыбымен шектелу сыңаржақтылық. Экспериментті ұйқасты сақтап отырып та жасауға болады. Ұйқассыздықпен де эксперименттердің сағымында сандалу әдепкі құбылыс. Ал, дәстүр, немесе, дәстүрлі өлең деген шындығында, көңілсіз тақырып. Өйткені, біздің әдеби ортада традиционалистік пиғылдың шуы басым да, өзі жоқ сияқты. Концерваторизмнің шапаны желпілдеп тұрады да, тағы өзі жоқтай сезіледі. Бізде көптеген адам дәстүр мәселесіне, дәстүрлі өнер мәселесіне ғылыми ықыласпен келмейді. Ғалым Боқаш айтқан бір сөз бар еді: «Постсоветтік гуманитарлық ғылым саласында барлығы болмаса да көпшілік ғалымдар обьектілерді зерттеп білуге емес, алдын ала қалыптастырып алған идеясын, я образын қорғап алуға ұмтылады». Дәл осылай айтпаған болса керек, бірақ, дәл осы мағына шығатын кеп еді. Сол секілді, Дәстүр, дәстүрлі өнер жөнінде де өз қиялымыздағы көпіршігі көк тіреген идеялармен қаруланып жүргеніміз өтірік емес. Қайсы бір данішпанның сөзі бар: «Ақиқаттан надандықтан көрі сыңар езулік әлде қайда алыс тұрады» дейтін. Сондықтан, ең алдымен өзіміз ұдайы ауыздан тастамайтын дәстүр деген сөздің философиялық мәнін зерделеп алғанымыз орындырақ болар еді. Ойлап қарасаңыз, қара өлең ескі қазақта тек поэзия емес еді. Бүкіл әдебиеттің жүгін бір өзі көтерген. Шежіре, Естелік-эссе (деректі жырлар), публистика, хат-қабар… Бүгін де ол тек – поэзия. Егер сондай бір «дәстүржанды» болсаңыз сынап көріңіз. Квант теориясын ғылми мәтінді бұзбастан қара өлең ұйқасына түсіріп «Қазақ әдебиеті» газетіне жіберіңіз. Редакциядағылар есім-сойыңызды интернетке теріп туған жылыңызды іздеп әуреге түссін. Абай қалай рефома жасады? Мағжан ше? Мұқағали ше? Қара өлең де тынымсыз даму процесін өткеріп келеді. Егер баяғы қалпында тұрса, біз қазір де президенттің жолдауын өлеңдетіп оқып отырар ек. Жұмекеннің «Біз өзі Абайды оқып тұрамыз ба?» дейтін күңіреністі лепесі осындайда ойға оралады.

Бұл ХХІ ғасыр. ХХ ғасырда-ақ өзге әлемді «Сынған айнаның сынықтарынана» (Фуконің тілімен айтсақ) үңілдірген жаңа шындық, жаңа таным-түсініктерді пайымдау бізге енді жеткен секілді. Бұл біздің уақыттан қалып қойғанымызды ғана көрсетеді. Қазақылық деген ешқашанда антимодернизациялық ұғым болмаса керек. Оны модернизацияға қарсы қоюға кейде Ерих Фромның (Erich Fromm) «Адамның бостандықтан қашуы» турасындағы пайымдаулары арқылы көз жіберуге тура келеді. Бостандық, даму дегендер қашанда ауыр қысым. Оған төзе алмағандар қашанда өзін алдауға шебер келеді. Және, онысын бүкіл қоғамға ең қадірлі шешім ретінде далелдеуге тырысады. Платон айтқан дейтін бір сөз бар ғой: «Ересек адам үшін ең үлкен трагедия оның жарықтан үрейленуі» дейтін.

Тағы бір маңызды мәселені айта кеткен оң. Тіл! Тілдің мәні жөнінде жаңаша ойлану керек. Тіл әншейін бір қарым-қатынас құралы емес. Ол Хайдакгердің сөзімен айтқанда «Болмыстың ұясы» екенін сезіну ләзім. Яғни, Тіл – жаратушы, агностицизмнің жөнімен айтсақ, құдайды да жаратқан тіл. Тілден тыс ештеңе жоқ. Осы арада, әрине, лингвофилософияның бізді көбірек жарылқайтынын айтқым келеді.

Тілге деген түсінік жаңарған соң, жаңа поэтикалық бағыттарға да, айтылмыш ақ өлеңге де үрке қарау түбегейлі нүктесін тапса қажет. Ол ешқашан да қара өлеңмен дұспан емес. Бар болғаны аға мен іні, алғы буын мен кейінгі буын секілді қатынастағы дүние. Әр қайсысы өз жөнімен миссияларын орындамақ халас. Әр екеуінің өз эстетикалық айдыны, стильдік ерекшеліктері боларында гәп жоқ. Бұл жағында аналогиялық қатыстары болуы да ғажап емес. Ал, қарымының ұзындығы мен еркіндігі жағынан ақ өлең құшағына қалайда көбірек дүние сияды. Бұған дау жоқ. Мәселен, қара өлең анықтық, айшықтылық, тас-түйін жинақылыққа таразы бастырады. Айтуға ұмтылады. Жеткізбекке тырысады. Ақ өлең сабырлы астар, кеңдікке, еркіндікке негізделеді. Айтпайды. Бұл арадағы айту мен айтпаудың мәні қалай? Мен сөзімді осыған аздап тоқталып барып аяқтасам деп отырмын. Стиль, ағым дегендер көбінесе заман ағысымен пайда болмақ. Кешегі әлем көп нәрсенің жауабы бар әлем еді. Бүгін ештеңеге жауап жоқ, немесе, жауаптың көптігінен еріксіз есеңгірейсіз. Батыста ақ өлеңнің бізден ертерек өркендеуі, батыстың осы бұлдыр әсерге ертерек тұмсық сұққанынан. (Олардың ешбір ақыны ұлттық менталитетім осыны қалап тұр деп ойламаса керек.) Осынау бұлдыр, шырма-шату әлем бізді мәжбүрлі түрде поэзиядағы штамптармен диалогқа түсуге итермелейді. Біз кей дүниелерді қара өлеңмен жеткізуде сәтсіздікке ұшыраймыз. Бірдеңе жетпей тұрғандай сезіледі. Жетпей тұрған өлең формасы жәйлі ой. Өткеннен мұра болған форма маңызды ма, әлде, ой мен сезімнің сөзбен мүмкіндігінше еркін, мейлінше дәл жолығуы маңызды ма? Жалпы, бұндай сұраққа неліктен жолықтық? Сұрақ жосыққа сия ма? Бұл сұрақтарға жауап табылады. Сөз иесіне әрине, екіталай. Өйткені, постмодернизм дәуірінің кейпкері үшін идеял жауап жоқ. Жауаптар бірін бірі құлатып жатады. Адам соншама күрделі болмыс. Ендеше, сол күрделі адамның күрделі жан дүниесінен күрделі әлемге күңіреніп естілер поэзияның кейде күрделі болып сезілуі тым қалыпты құбылыс. Сосын, әдебиет қашаннан бері көркем әдебиеттің интеллектуалды бағыты, халықтық әдебиет бағыты деп жіктеліп жүргенін ескерсек бұ жәйіт тіпті де түсінікті бола түспек. Көркем әдебиеттің ғасырлар бойында қол жеткізген практикаларының ықпалында жазылған мәтіннің екінің біріне тізгін ұстата беруі ойға сыймайтын іс.

Айта кетерлік бір сөз, поэзия философияны қамтуына болады екен, философияны жамылмаса керек. Дидактикалық өлеңге менің ойымша, әлдеқашан жаназа оқылған. Бізде Мағжан оқыды. «Тәңірімін» деді, «Пайғамбармын» деді. Мағжан осы арада дидактикалық өлеңнің елесіне ештеңе айтқан жоқ. Айтуы қажет те емес еді. Және, бұл сөздерді дидактикаға жаназа оқу керек еді деген идеямен де айтқан жоқ. Үдерісті бастады. Ал, біз сөз етіп отырған ақ өлеңде қара өлең әлі арыла алмай келе жатқан, мүмкін, ешқашан арылмайтын осынау дидактикалық елестер жоқ. Айта алмайтын бір себебі де осы.

Ұлт ұстазы Ахаң: «Сөз шығару өнерді қорек қылады, Өнер ғылымды қорек қылады» деген екен. Қазақ сөзінің жаңа қырларын ашу, һәм ашылмаған тігістерін сөгу жалпы поэзияға жаңа көзқарас қалыптастырудан басталса керек. Ал, адам баласы ешқашанда өзінен құтыла алмайды. Өскен ортасы, туған елі, есейген кеңістігі оның ішкі әлемін қашаннан бұрын қалыптастырып қояды. Осы жағынан қарағанда, ақын өлеңді қандай стильде жазсын, бәрібір, ол шын жазса болғаны, жүрегіне сіңген, бейсанасында тұнған сол әлеммен, өзінің ұлттық, тарихи, қоғамдық-әлеуметтік, сол кеңістікпен өздігінен жалғасым табады. Әдеби стиль бар болғаны өзінің және тақырыптың қолайына жаққанды таңдау ғана. Ұлт тағдырына шешуші рөл ойнамайды.

P.S:

Орыс формалистері «форма – мәнді бүркеп тұрған жамылғы». Яғни, форманы өрбітіп тұрған мағына емес, оның тәуелсіз жеке қағидасы мен тарихы деген ойды тиянақ етеді. ХХ ғасыр ортасында Америкадағы жаңа критицизм өкілдері әдеби форма мазмұнмен немесе мәтіннің мәтінмен бұлжымас үйлесім табуы деп қараған. Бұл әдебиеттің басты проблемасы болмаса керек. Әдебиеттің жаны – рухында. Поэзияның рухы – "сияның қанға айналуы" (Т.Элиот) делік.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Көп оқылғандар