Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Блогтар
Күзгі кеш

БЛОГТАР

07 қазан 2020
321
0

Күзгі кеш

Ескермес қырықтан асып қалған, бойы ортадан жоғары, киген киімі денесіне қонымды болса болды, тұрмыста қымбатты іздеп көп сәндене бермейтін  адам. Содан да оның не мінетін жаңа көлігі, жақсы үйі, сырт көз қызығатындай заты болып көрген емес. Бір ғана қызығатын нәрсе оның домбырашылық өнері. Күйді Ескермес талғап шертеді. Оңаша отырып тартады. Концертке де сирек шығады.

 

Сырттан бір қараған адамға оның жүзінен салқындық білінеді. Ішкі сырын білмейтін адам бұны ашулы, ешкімді ұната қоймайтын қытымыр деп ойлар еді. Бірақ Ескермес өзінше көпшіл, өзім деген адамнан көп сырын жасыра бермейтін сенгіш кісі. Сол сенгіштігі басына таяқ боп тие берген соң кейде жұрттың аңысын аңдап отырып алатын үндемес мінез де шығарып алған. Өзімен-өзі бір адам. Қонаққа да, шақырған жерге де көп бара бермейді. Біреулер мақтап, көптің көзінше  өнерін айтып жатса «көңіл үшін айтқаны шығар» деп қоя салады. Мені білмеген соң айтып тұр деп ойлайды. Мектепте оқытқан тәрізді оның да өмірде өзінше түйгені бар. Ол «Әркімге сене беруге болмайды» деген тұжырым. Өзі де көп ешкімге ішін бере қоймайтын еді бала күннен. Қолп етіп бір көрген адамына түсе де қоймайды. Бірақ өзінің білгені бар, аздаған өзімшілдігі басым екенін іші сезеді.

 

Күн демалыс болған соң Ескермес биік үйдің болконына шығып тұрған. Бұл жақ ауладан тысқары, ағашы көп, бір-біріне жақын, аласа үйлер орналасқан жер. Бұл көшеге көлік те көп кіре қоймайды. Үзынша, шағын жолмен жаяу адамдар әрі-бері өтіп жатады. Сол көрініске қарап үнсіз отыру өзінің дағдысы болатын. Көңіліне әлдебір күйдің ырғағы келеді. Жүрегінде біртүрлі мұңды жалғыздық билейді. Кеше ағасы Шөмекей звондаған еді «келемін, үйде бол»–деп. Ескермес оны сол бұрынғыша ақша сұрайтын шығар деп ойлады. Ағасын қалай қарсы алуды ойлады. Әйеліне айтып тамақ асқызып қойды. Ас үйден шыққан жылқы етінің иісі үшіне таралып, көп ұзамай алда тәтті астың күтіп тұрғанын білдіреді.

 

Ағасы бұдан бес жас үлкен, денесі өз ортасынан еңселі болып көрінетін, көздері отты, қимылы ширақ, пысық адам. Үнемі әлдебір шаруамен жүреді. Мұнда сирек келсе де ең ұзаса берер қонып шығып, «жұмысым бар» деп кетіп қалар еді. Бірақ өзі ақшаға құмар, дәулетті, айдарынан жел ескен іскер жігіттерді ертіп жүруге құштар. Бірақ өзіне онша дәулет бітпеді. Қолына қонған талай қаржыны аққкөңіл байғұс қалай жұмсарын білмей, кім көрінгенге сеніп жүріп, ақыры айрылып тынатын сол табыстан. Ескермес бұған бір жағы қатты ыза болса, бір жағы еңбегі жанбай үнемі басқаларға жем болып жүрген ағасын аяйтын.

 

Өстіп кейде екеуара бас қосқан жерде шекісіп те қалатын. Сондағы  ағасына айтатыны сенгіш болмай байқап жүр, қолыңа ақша түссе мақтанға салынып, кім болса соған берме,–деген сияқты сөздер болатын. Мұндай сөздер әдетте қызумен, тамақ үстінде, не кафеде отырғанда айтылатын да оған жата ашуланған ағасы «сен мендей болып ал»,–деп мұның өзіне соқтығатын. 

 

– Маған ақыл айтқанша ақша тауып ана жыртық диваныңды ауыстыр,–деген бұған бірде. Өстіп жүріп Ескермес ағасы Шөмекейден небір ауыр сөздер естіді. Жазығы ағасының кісі баласына жем болмасын деген жанашырлығы болатын. Сондағы ағасының айтар жауабы мұндай болар деп ойламаған. Ағасы тіпті де қарап қалмай ақаңның әсерімен мұның ешкімге жолмайтын жұғымсыздығын, жетім адамдай жалғыз жүретін олақтығын бетіне басты. Артынан мұның бәрі елге тарап, туыстар арасында Ескермес туралы ол сондай деген біртүрлі көзқарас пайда болды. Інісіне ондай ат тағып алғандағысы өзіне шабуыл жасай қалса қарсы қолданатын айла тапқаны деп ойлады. Мені түзегенше өзінің жайын ойлайтын адам болсан деген сыңайы болса керек. Бұдан соң Ескермес ағасына ештеңе айтпайтын болды. Араға неше жыл салып көргенде сол өткен кездесулерден ешқандай жақсы нәрселер еске сақталмай тек көңілге дық боп тиген көңілсіз жайттар еске түсетін.

                                             

 

***

 

 

Шөмекей түс кезінде қол телефоннан хабарласты. Өзінің жаңғалақ әдетімен бұлар тұратын көшені де ұмытып қалыпты. Інісінің айтқан адресін бірнеше рет қайталап, жаттап алып, әп сәтте таксимен жетіп келді. Бұ жолы үсті жүдеу екен. Шашы өсіп кетіпті. Басына киген қысқы малақайы әлдеқашан жаз өтіп күз келсе де әлі со шешілмеген күйі төбесінде жүр.

 

Інісін көрген бойда құшақтай алды, арқасынан еркелете қағып бірталай тұрды. Екеуі аулада бірталай әңгімелесіп отырды. Ағасы қалаға әлдебір шаруамен жол үстінде жүріп келсе керек.

 

– Үстім де кірлеп кетті, үйге бармағалы екі ай,–деп техника жөндеуде болғанын айтты. Күн жылы тұрса биылғы егіннен күзге мол өнім алуды ойлап жүр екен. Істеп жүргені сенімді адамдардың жұмысы тәрізді. Осылай отырып әңгімеге әбден қанған соң екеуі жақын жердегі моншаға барып келді. Тамақ ішкен соң жолдан шаршаған Шөмекей диванда отырып қалғи бастады. Ескермес ағасына жастық әкеп берді де бөлмеде оңаша қалдырып, балаларға,– шуламаңдар ата ұйықтап жатыр,–деп өзі аулаға шықты.

 

Шығыс өңірінің қоңыр күзі. Ағаштар жапырағынан айырылып, көше бойы қоңырқай тартып, көңілсіз күйге түскен. Ескермес базарға келе жатып, ағасының алатын дұрыс киімдер жайын ойлап, алған киімдердің оған кішкене болып қалмауы керектігін қадағалау керек деп шешті.

                                         

 

***

 

 

Бұл жақ облыстық қаланың шет көшелерінің бірі болатын. Бірақ мектеп те, магазин де, дәріхана да табылатын ескі жобамен салынғын бұрынғы ауданның бірі еді. «Қарлығыш» кафесі де осы аудандағы көз тартатын демалыс орны. Мұнда келгенде Ескерместі таныс күтушілер, күзеттегі жас жігіттер амандасып қарсы алады. Осы жерге кешкілік келіп кейде өнер көрсететіні де бар. Бірақ айтулы бір той болмаса жастардың даңғаза кештеріне бұны шақыра бермейді. Күздің кеші ақырын түсіп келе жатқан уақытта ағасын ертіп мұнда қонақ болып келем деп Ескермес ойламаған.

 

– Ағам шаршап жүр екен. Дем алсын, «Қарлығашқа» апарайын деп әйеліне айтқан еді. Мұндайға онша құмар емес үй шаруасын көбірек ойлайтын әйелі– өзің білесің ғой, –дей салған.

 

Бұлар келгенде кафе іші тыныш екен. Әлі ешкім келе қоймапты. Бұларды оңаша бір бөлмеге кіргізіп, алдарына сұраған тағамдарын тез жеткізіп берді. Өз адамы сияқты болған соң жатырқамай ағалап жүрген қызметшілердің көңіл-күйі ағасының да көңілін көтергендей болды. Бұлар әңгіме айтып, тағы да дәмді тағамдар алдырып, асықпай уақыт созып отырғанда кафе іші кешкі жұмыстан шыққан адамдарға тола бастады. Бір кезде аспаптар көтеріп музыканттар келді. Ең шетте отырған бір топ қыз-келіншектер мен жастарға арнап ән салып, арасында топырлап, шулай айғайлап, би билей бастады. Кафе іші жанданып, жарқ-жұрқ еткен сан түрлі сәулемен нұрланып тұр. Музыка ырғағы құтыра, жұлқына, ырғаққа сала небір әуендерді шарықтата ойнап жатыр.

 

Кафе қожайыны Құралай деген жасы елу шамасындағы әйел. Мұндай кездері келе бермейтін, бүгін әлдебір шаруамен келе қалған екен көптен көрмеген Ескермеспен шүйіркелесе кетті. Шөмекеймен танысты. Шөкең де оған ұнай кетті. Сендерге сыйлығым деп шампан алдырды. Ұзаққа созылған эстрадалық әннен соң Құралай шығып Шөмекейге арнап сөз сөйледі. Бейтаныс адамның осынша ақкөңіл болғанын алғаш көруі. Ескермес ағасының жайына қылпылдап отыр. Ол да қоймайды. Қызып алған. «Мен бай адаммын, осынша жерім бар, мұнша малым бар, бәріңді қонаққа шақырам»,–деп әншіден кейін микрафон алып сөйлеп жатты. Күні бойғы әрнені ойлаған тірліктен шаршап, сол себепті шаршағаным басылсын деп Ескермес ағасына шетел арағын алдырған еді. Одан кейін тағы келушілер көбейді. Біреулер Ескерместі мақтап-мақтап, қызулығын пайдаланып домбыра шерткізді. Бұл қабағын түйіп алып, орындықта теңселіп отырып, шертпе күйді сыңсыта, мұңға батыра, саусағын ойната бұлғап шертіп отыр. Ағасына қараса орындықта маңдайын сүйеп, көзінен жасы ағып, тыңдап отыр. Зал іші тынып қалған. Күйдің күмбірі бүкіл жұртты өзінің ырқына көндіріп алған. Ескермес күйді аяқтаған кезде отырған жұрт ду көтеріліп, шулап қоя берді.

 

– Жасасын Ескермес күйші. Жасай бер. Бәрекелді.

 

– Ой, шеберім-ай. Алтын саусақ, ғажап күй!–деп айқайлап жатты.

 

Сағат түңгі үште екі ағайынды ешкім жоқ алакөлеңке ғана жарығы бар көшемен үйге қарай ыңылдай теңселіп үйге қарай келе жатты.

 

– Бауырым рақмет! Қалай деп алдық-а. Саған мың да бір рақмет. Шаршап жүр едім. Қандай жақсы болды.

 

– Аға, Сіз үшін бәрі. Сізге ұнаса болды. Басқасы керек емес.

 

Күзгі қаланың аспаны қара қошқыл аласапыран тартыпты. Көше бойын қуалай соққан ызғырық жел азынай түсіп, ертеңгі болар сілбіреген ұзақ жаңбыр мен артын ала жауған алғашқы қардың белгісін білдіріп тұрғандай еді.

                                                                                           

02.10.2020


Бөлісу:
     
Пікір қалдыру:
Captcha