Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Блогтар
«Жамырау» партиясы

БЛОГТАР

11 қыркүйек 2021
875
0

«Жамырау» партиясы

Күн демалыс болса да шеше әдттегідей ерте оянып, тауға серуенге барамақшы балаларын оятып, шай-пайын беріп, күн ысымай далаға шыққан. Қоңыржай ауа неткен тынысты еді. Көкке ұмсынсаң, бой бусап, алпыс екі тамыр жібіп қоя береді. Ғажап! Табиғат - тіршілікті түйсіндіруші жұмақ.

 

Айнала әрі-бері қыдырғандар. Айкүміс екпінді жүрістен соң, біраз керіліп, жекелеу орында дем алып, уақытты аңғарып, бақтан шыға беріп еді, жанұшырып зырлаған қыз екпінімен ұшыра жаздап:

 

- Тәте, құтқар! - деп сауғалады.

 

Әйел жандәрменде не екенін ұқпаса да, шырылдаған торғайға пана іздеткен, соңынан өкшелеген екенін пайымдап, керіліп тұра қалған. Ентіккен жер бетті төбеқұйқа қыршып алардай. Жетер-жетпестен:

 

- Ей, қатын, кет былай! - деді.

 

- Тоқта! Не болды сонша? Қуып жүріп соғасың ба, бас ашуды.

 

- Сенің жұмысың не?! Босат жолды!

 

- Өйтпесем ше?!.

 

- Ол жұдырыққа алатын сенікі емес. - Желкедегі ес жиғандай.

 

Тістенген безерген.

 

- Кім кімдікі екенінде не тұр. Қатынның аты – қатын. Жоғал!

 

- Жоқ!

 

- Онда! - Жұдырық маңдайға сарт етіп, көз қарауытқан, шыңғырған дауыстан құлағы тұнған бейбақ жұлындай түсіп, ес жиғанда бас сүйеген қыз:

 

- Тәубә, тәубе! Амансыз ба?.. - деді қуаныштан апалақтап.

 

Сұлаған жымиған.

 

- Солай-ау деймін. Озбыр қайда?

 

- Қашып кеткен.

 

- Оңбаған!

 

- Шеттегі орындыққа барайық, өзіңізге келіңізші. Шынтағыңыз тасқа соғылып, қанап қалыпты.

 

- А, жараланған екен. Жүр. Қалтадағы бетормалмен таңып алайын.

 

Сүйемелмен жайғасқан соң, келіншек:

 

- Тәте, пәлеге тап қылғаныма... - деп іркілді.

 

- Неге күмілжідің, Ештеме етпес. Адамның басы не көрмеген. Айып болмаса, болған жайды айтшы.

 

- Есімім - Әсемай. Ың-шыңы жоқ отбасында өсіп, жоғары оқу орнын бітірген соң, Сардармен танысып тұрмысқа шыққанмын. Отасқалы он жыл. Әуелде бәрі ойдағыдай-тын, қиямет аяқ ауырлаудан басталды. Қыз бен жігіт кезіңде ойды да, бойды да сезім билеп, жақсы мен жаманды екшеу қиын.

 

- Ал үй болған соң «ыдыс-аяқ сылдырамай тұрмайды» десе де, сылдыр әдетке айналса арты ашынуға әкеп, тіл ұзарып, жұдырыққа ұласады екен. Байдан көресін көрсем де, ұл, қызды жетімек дегізгім келмей көндіккенмін. Таяуда оларды ауылға жіберіп едім, енді не болса содан өретүрегеліп, жын құсатын қосақтан зәре жоқ. Зорлықтан елде жылына бәленбай етекті көз жұмады дейді. Мен де солардың санын арттыратын шығармын.

 

Кемсеңдеген жүзді мөлдір жас жуды. Айкүміс денесін ауырысынып бұйығып қалған, еңсе көтеріп:

 

- Жыламашы, айналайын! Еркек атам заманғы құл иеленушілігін ұмыта алмай, енді өктемдікке төменшек қолайлы болған соң зәрін соған төгеді. Менің қожайыным да он жылдан соң жас иіс іздеп, екі баламен тастап кеткен, сырттан естуімше содан бері тоғызды алмастырып, сұлуларды түгесе алмай жүрген көрінеді. Естігенде езу тартасың. Алдынан жарылқасын, әйтеуір бір күні өзінің, не өзгенің түбіне жетер.

 

- А. Солай ма?!. Тек ауа жайылу жайында ғана естиміз. Тәте, «Ел мен жер», «Ана тілі – Арың», «Жер сатылмасын!», Экспансияға жол жоқ!», «Жемқорлық жойылсын!», «Бейбіт шеру тосқауылсыз!», «Белсенділер қудаланбасын!», «Зейнеткерлік жас ұзартылмасын!», «Отбасындағы зорлық-зомбылық тоқтатылсын!», «Жұмыссыздық жойылсын!», «Жас отауға тегін баспана», «Көп балалы аналарға, мүгедек жандарға жәрдемақы өссін!», «Республикадағы дем алатын орындар бағасы арзандатылсын», «Демократия жасасын!», «Лгбт-ға еркіндік!», «Лгбт, жезөкшелік тұрпайылыққа балта шабылсын!», «Көп қатын алу рақат!», «Көп қатын алу ой..., жол жоқ!», «Есірткі жойылсын!», «Әйел мен ерлер айлықақысы теңестірілсін!», «Жоғары оқу орынына тегін білім!», «Жұмысшылар айлықақысы өсірілсін!», «Ауыл шаруашылығын қолға алып, өркендететін кез жетті!» - деген жарнамаларды қараңыз. Недеген көпшілік, не деген көп мәселе, зорға түгендедім. Біз де соларға ілессек қайтеді. Бүның маған да тікелей қатыстысы бар. Жүріңіз, қалыс қалмайық.

 

Айкүміс нөпір легке аңтарылып:

 

- Сөйтеміз бе?.. - десе де, орнынан қозғалғысы келмейтін сыңай танытты. - Алаңға барған соң тәртіп сақшыларына ұнамай, сүйретпеге түссек ше?..

 

- Талапшылар сескенбей-ақ бара жатыр.

 

- Жарайды онда.

 

Шұбырғандар бас алаңға жеткен соң, беткеұстарлар мінбеге көтеріліп, ұранды дауыс дауылдай зорайған, көш соңында оқшауланған екеуге таяған тәртіпшілер:

 

- Не тұрыс? - деді.

 

Сестен жүйкесі сетінеген, зәбірден зәрезап Әсемай сұсты жігіттерден шошып:

 

- Біз бе, біз... - деді қыпылықтап, күн көзі жасқағандай беті бір уыс. - Өтіп бара...

 

- Қане, тез кетіңдер!

 

- Иә, иә! Үйге барып шай ішейік. - Қайда барсаң да қоқаңдайтын біреу бар. Өз тағдырына ерте мойынсұнған Айкүмістің ештемеге әуестігі жоқ-тын, алғашқыда-ақ ілескісі келмегені содан. Зілді үн жаңа ғана қараптан-қарап таяқ жегенін еске сап, ақ білекке шап еткен, кілт бұрылды.

 

Екеуі үнсіз. Әркім өз ойын өріп келе жатқандай. Әсемай:

 

- Мен бір-екі күн қасыңызда болсам қайтеді. Сонсоң енді не істеуді ойластырсам деймін. Үнемі қыл үстінде күн кешіп, қалай өмір сүрем, - деді көз сығып.

 

- Болды. Мәселені көз сулау емес, әрекет шешеді. Әкені пір тұтамыз. Бірақ әкеден алар өнеге болмаса, жарың жаныңа демеу болмаса не тұрыс. Сүметілу құрдымға апарады. Ойланып, шешімін табарсың. Жүре ғой.

 

- Жаңа топ жұртты көрдік. Қоғамда ойына келгенін істеп, бетімен лағып жамырайтындар да аз емес. Қалай ойлайсың? Солардың басын қосып, «Жамырау» деген партия құрсақ, біздің де елге бір пайдамыз тиер.

 

Сықылық әзер басылды.

 

- Әй, тәте-ай! Ондай ой миға қайдан келді? Еркектер «Байтал шауып, бәйге алмас», мыналар қайдан шықты. Құртыңдар бетпақтарды демей ме?..

 

- Дәп солай, - қостаушы да күлді. - Иә, олардың «Қатын басқарған кеме суға кетеді», - деп, топан-суда қалғандай кеңірдектейтіні анық. Жарайды, зәре-құт алмай-ақ қоялық. Үрей жаман, жұқаның ажалына жетіп, обалына қалармыз. Одан да шай қайнатып, кір жуған, «сен тимесең, мен тимен...» қолайлы шығар. Сонда арбаның сынғаны да, өгіздің өлгені де байқалмайды. Өгізаяң ұнайтатындарға жақсаң, бақуатты, ұзақ өмір сүресің.

 

- Қайтеміз енді?.. Үйреншікті әләу-ляй-ау, әләу-ләй... Етке жуық көйлекті тастау қиын, халәу-ляй.

 

Екі әйел әбден мәз. Есік ашып, табалдырық аттады.


Бөлісу:
     
Пікір қалдыру:
Captcha